1 концепт ұҒымы және оның зерттелуі



бет1/5
Дата17.06.2016
өлшемі437.5 Kb.
#142414
  1   2   3   4   5

МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 4

1 КОНЦЕПТ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ . . . . . . . . . . . . . . 6


1.1 Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі . . . . . . . . . . . . . 6

1.2 Концептің құрылымдық ерекшелігі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 15

2 ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫ – ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕР . . . . 26
2.1 Қуаныш және қайғы концептілерінің мотивтері . . . . . . . . . . . . . . 26

2.2 Қуаныш және қайғы концептілерінің оппозициялық қатынасы . . . . . . 30

2.3 Қуаныш және қайғы концептілерінің парадигмалық қатынасы . . . . . . 36

2.4 Қуаныш және қайғы концептілерінің лексико-семантикалық өрісі . . . 47

2.5 Қуаныш және қайғы концептілерінің сөйлеу әрекетіндегі көрінісі . . . . 48
ҚОРЫТЫНДЫ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 51

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 53

КІРІСПЕ
ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап адамзаттың танымдық іс-әрекеті мен қызметін жан-жақты зерттеу көптеген ғылымдардың өзекті мәселесіне айналып, кең өріс алды.

Белгілі бір ұғымның адам санасында қалыптасуын, оның дамуын әр ұлтта сол ұғымның қабылдану ерекшелігін анықтауды бір ғана тіл біліміне артып қою дұрыс болмайды. Тілдің танымдық, бейнелілік, ғылыми, «әлемдік тұтастық» сипатын зерттеуді жеке тілдік деректер шырмауына байланбай, жалпы адамзат дүниетанымының тұрғысынан қарау шарт. Тілдің танымдық сипаты әр түрлі ғылымға ортақ мәселе. Қазіргі лингвистикада тілдің бұл мәселесін жалпы философиялық, психологиялық пайымдаулар арқылы шешуге ұмтылуда. Тіл табиғатын тану мақсатында психология, философия, логика, антропология т.б. алуан түрлі ғылым салалары ат салысып келе жатқаны белгілі. Алайда, тіл мәселелері – алдымен лингвистиканың өзекті нысаны. Сондықтан да осы мәселенің жұмбағын тек лингвистика мен когнитивтік лингвистика шеше алады.

Адам өмірі ешқашанда бір қалыпты болмайды. Адамзат өмірі – әрдайым бірін-бірі алмастырып қайталанып отыратын, бірақ ешқашанда бірі екіншісіне толықтай тең келмейтін күйлердің үзілмес тізбегі. Сондықтан да оның өмірінде қуанышы мен қайғысы ақ пен қара сияқты бірге араласып жүреді. Абай атамыз 34- қара сөзінде былай деген: « Кімде кім ахиретте де, дүние де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса мұсылман емес».

Адам өмірінің бәрін тек қайғыға батып немесе тек асыр салып қуаныштап өткізе алмайды. Қайғысы жоқ адамның болуы да мүмкін емес. Сол себепті де халқымыз «қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол» деп өсиет айтқан. Үнемі уайым-қайғыда болу ешкімнің де пешенесіне жазылмаған. Әрқашанда ауыр қайғыда болып, үнемі күлмей, зар жылап, өмірден түңілгенге жанымыз шыдай ала ды ма? Әрине де жоқ. «Гүл тікенмен бірге өсетіні сияқты қуаныш та қайғымен бірге жүреді» (Сайф Сараи). Адам өмірінде болатын бұл заңдылық тілде де жан-жақты өз көрінісін тапқан.

Сондықтан да қазақ тіліндегі «қуаныш» және «қайғы» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әлем туралы білім жүйесінің бір бөлігі болып табылатын концептілердің құрылымы – тіл білімінің күрделі де ауқымды мәселелерінің бірі. Қайғы және қуаныш адам өміріндегі күрделі эмоциялар болып, әлем бейнесінде әмбебап, яғни барлық халықтарға тән, барлығының басынан өтетін ортақ күй болғандықтан олардың себебін, мотивін түсіндіру, тілдегі көрінісін зерттеу, мән-мазмұнын ашу өзекті мәселе болып табылады. Өйткені ең бір ғажайып та, қыры мен сыры көп те құбылыстардың бірі болып адам ішкі табиғатында, жанында болып жатқан процестер есептеледі. Сондықтан да қуаныш пен қайғы сияқты адам өмірінде міндетті түрде кездесетін құбылыстар терең зерттеуді қажет етеді.

Зерттеу объекті – әлемнің концептуалды бейнесінің бөлшегі болып табылатын адам танымында, тілдік жүйеде және көркем мәтінде орын тапқан көңіл-күйді білдіретін қуаныш және қайғы концептілері.

Зерттеу жұмысының пәні – қуаныш және қайғы концептілерін сипаттаудың лингвистикалық және экстралигвистиалық құралдары. Лингвистикалық құралдарға тілдік бірліктер (лексемалар, сөз тіркестері, фразеологизмдер) және сөйлеу бірліктері (мәтіндік парадигмалар) енген, ал экстралинвистикалық құралдарға фреймдер (белгілі бір жағдайға не оқиғаларға тән жадта сақталған ассоциациялар жиынтығы) және когнитивті модельдер енеді.

1 КОНЦЕПТ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

1.1 Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі
Когнитивтік ғылымның аясы – адамзаттың зердесінде қалыптасқан символдық процестердің табиғатын ұғынуға саяды. Тіл білімі сөздігінде когнитивті лингвистика туралы мынадай түсінік берілген: «Когнитивтік лингвистика ( лат.cognitio– білім, түсінік, көзқарас) – тіл біліміндегі бағыт. Тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру үшін білім жинау, қолдану және оны түсіну моделін құру тұрғысынан зерттеледі. Когнитивтік лингвистика бұл модельді тек бүкіл когнитивті ғылымдар шеңберінде ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін, олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу тәсілдерін зерттейді. Екінші жағынан, бүгінгі тілдерді зерттеу интенция, ес, семантикалық қорытынды, есте сақтау, түсіну, жоспарлау, дискурсты басқару сияқты когнитивтік категориялардың қатысуынсыз мүмкін емес. Оларда тілдік, сенсорлық, моторлық және басқа информациялар қамтылады. Когнитивтік лингвистика – тіл көмегімен информацияларды беру, сақтау құрылымдары мен тәсілдері туралы көзқарастарды тереңдетуге арналған» [1, 181б].

Когнитивтік лингвистика нысандарының ерекшелігі: біріншіден, олар адамның психикалық, мәдени қызметінің негізінде жатады, олар инвариантты және көлемді, жеке сөз мағынасының өрісінен әлем бейнесіне дейін түрленеді, екіншіден, тілдік сипаттаудың өзіндік құралдарын иемденбейтін ерекше бейнелілік арқылы сипатталады.

Тілдің когнитивтік қыры ретінде тек адамның танымдық қабілетінен туындайтын мағынаны қалыптастырудың тетігі ғана емес, сонымен бірге адамзаттың сол ұғым мен білімді қалай қабылдайды және оны қалай тұжырымдайды деген мәселелер алға тартылуда. Мұндай объективті әрі субъективті факторлар белгілі бір халықтың әлемдік бейнесін қалыптастыруға маңызды күш салады.

Когнитивтік ғылымның басты назар аударатын негізгі ұғымдары – «әлем бейнесі» (картина мира), «әлемнің тілдік бейнесі» (языковая картина мира), «әлемнің ұлттық (тілдік) бейнесі» (национальная картина мира) және «әлем моделі» (образ мира) немесе когнитивтік модель (кейде «әлемнің концептуалды бейнесі» деп те аталады).


«Әлем бейнесі» термині ғылымға ХІХ ғасырдың аяғында еніп, физика, философия, логика ғылымдарында (Вингенштейн Л., Герц Г.), ал ХХ ғасырда антропология, семиотикада (В.Иванова, В. Топоров, Ю. Степанов, Гуревич) , лингвистикада (Л. Вайсгербер, Ю. Караулов, Г. Колшанский, В. Постовалова т.б.) қоданылды.

Ю. Степановтың көрсетуінше «әлем» сөзіндегі екі мағына (1.ғалам шар, әлемді жарату жүйесі және 2.тыныштық, келісім, тыныш өмір) ең алғашында байланысты болған: орыс тіліндегі «мир» сөзіне көне грек тіліндегі «хаосқа» қарсы қойылған «космос» сөзі сәйкес келеді. Қазіргі «әлем» концептінде осы екі ұғым да бірге қолданылады.

Әлем – адам мен қоршаған ортаның өзара әсерлесуінде көрініс табуы, ал әлем бейнесі – « адам мен орта туралы ақпараттың өңделген нәтижесі».

Тілшілер (Б.А.Серебреников, В.И.Постовалов, А.А.Уфимцева, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия т.б.) тілдегі адамзаттың рөлін айта отырып, әлем бейнесін адамның барлық рухани шығармашылығы, оның әлеммен байланысының нәтижесінде қалыптасқан «әлемнің глобальді бейнесі» деп анықтайды.

Әлем бейнесі дегеніміз – адамзатты қоршаған объективті шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. «Әлем» концептіне кең мағына беріледі – Әлем – Вселенная, универсум (реалді әлем). Ол әрқашан да «ментальді әлеммен» өзара байланыста болады.

Ғалымдардың әлем бейнесіне берген анықтамаларына тоқталайық. В.М.Сергеев әлем бейнесінің қалыптасуындағы теория мен тәжірибенің өзара әсерлесуінің маңыздылығын атап өтеді: «Картина мира формируется в ходе познания окружающей действительности в результате сложного взаимодействия теории и практики» [2, 3б].

Э.Д.Сүлейменова оны танымдық когнитивті феномен ретінде таниды: «Картина мира – это познавательный когнитивный феномен, который не складывается из значений или суммы значений отдельных слов» [3,131б].

Тұманова: «Әлем бейнесі – жалпы адамзаттық әлем бейнесі, әлем туралы білімнің жиынтығы» [4, 20-22б] – деп ауқымды түрде түсінеді.

В.И.Постовалованың көрсетуінше, әлем образы әлем бейнесінің өзегі болып табылады: «Образ мира – это ядро картины мира, основа мировидения человека, репрезентирующего сущностные свойства мира в понимании ее носителей и являющегося результатом всей духовной активности человека» [5, 20-21б].

Әлем бейнесі – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар танымындағы, ұғымындағы оймен жасалған бейнесі.

Біздің әлем туралы білімімізді анығырақ бейнелейтін адамның дүниені тану құралы – тіл.

«Шындық немесе идеалды әлем затын бейнелейтін ұжымдық сананың кез-келген дискретті бірлігі тілде, ұлттық жадта вербальді белгіленген күйде сақталады» [6, 11б].

Н.Н. Аитова ғылыми еңбектерде «әлем бейнесі» «әлемнің тілдік бейнесінің» орнына қолданыла беретінін (мүмкін үнемдеу үшін) айтып, бұл екеуі екі түрлі ұғым болғандықтан ажыратып қолдану керектігін айтады: «Ғаламның тілдік бейнесі» термині философия мен логика аспектісінде Л.Витгенштейннің ұсынуымен қолданылған. Ал антропология, семиотикаға – лингвистикаға оны енгізген Л.Вайесгерберде ол «ғаламның тілдік құрылуы» (языковое миросозидание) – Sprach liches Weltbild деп аталады. Ғаламның тілдік құрылуы деп туған тілдегі барлық әрекет ететін бағытталған рухани энергия түсініледі, онда тілдік бірлестік арқылы ғаламның қайта құрылуы жүзеге асырылады» [7, 185б] (автор «әлем» сөзінің орнына «ғалам» сөзін қолданады).

Б.А.Серебреников: «Язык и мышление – две самостоятельные области, хотя и тесно между собою связанные» [5, 15-16б] – дей келіп, осыған орай екі түрлі, екі басқа «әлемдік бейне» танылатындығын айтады. Оның бірі – тұжырымдық бейне болса, екіншісі – тілдік бейне. Мұның біріншісі – ойлауға, ұғымға қатысты, ал екіншісі – тілге қатысты.

Әлемнің тілдік бейнесіне бейнелер емес, бейнеленгендер енеді. Ол субъективті тәжірибе жемісі. Осыған орай А.Вежбицкая әр тіл о бастан өз иелеріне белгілі бір әлем бейнесін беретіндігін айтады: «Нельзя на естественном языке описать «мир как он и есть»: язык изначально задает своим носителям определенную картину мира, причем каждый данный язык – свою...Языковое значение – это интерпретация мира человеком, и никакие операции над «сущностями реального мира» не приближают к пониманию того, как устроено это значение» [8, 5-6б].

И.А.Стернин әлем туралы білімді сол не басқа затқа қатысты білім жиынтығы деп түсінеді және әлем туралы білімді ғылыми тұрмыстық энциклопедиялық білім ретінде қарастырады. Оның ойынша, әлем туралы тілдік білім тілдік емес білімге қарсы тұрады. Тілдік білім сөз мағынасында дербес семантикалық компоненті ретінде көрінсе, тілдік емес білім сөз мағынасында қандай да бір компоненттерді жасайды. Тілдік емес білім адам санасында нақты, көрнекі, сезімдік түрде сақталады және жан-жануарлармен адамның ортақ ойлауының нәтижесі екенін айтады [9, 20-32б].

Е.М.Абақан «Тілдің мәдени философиясы» еңбегінде: «Тіл білімінде «әлемнің бейнесі», «әлемнің ұлттық бейнесі» сияқты термин ретінде қолданылып жүрген сөйлемдерде әлем бейнесінің жасалуы жеке адамға, я болмаса, бүкіл адамзатқа тән құбылыс ретінде қарастырылады. Оның когнитивтік (санаға қатысты), гносеологиялық (танымдық) сипаты адам ойында пайда болады. Бірақ «әлемнің тілдік бейнесі» қоршаған ортаның тікелей, тура бейнесі бола алмайды екен. Себебі, болмыс пен тіл арасында адамның санасы тұрады» [10, 75б],– деген пікір айтады.

Г.А.Брутян қоршаған орта туралы білімді әлемнің екі моделі ретінде сипаттайды: «Мыслительная модель» (концептуальная картина мира) – знание, зафиксированное в понятийном составе познающего субъекта; «языковая модель» – знание, выраженное языковым багажом» [11, 58б].

Сонымен, адамдар үшін дүниені танудың ең бірінші кілті – ұғымдық, сезімдік негіздерден бастау алған сана әрекеті. Сол себепті тілдік белгі – логикалық тұрғыдан екінші процесс.

Ойлау процесі – мида болатын құбылыс, сана әрекеті, ал тіл санадағы сол ойлау әрекеті «ұғым» түріндегі формаға енгізіледі. Демек, ойлау – логикалық категорияның өмірдегі көрінісі. Олардың өзара шартты түрдегі байланысынан ұғым қалыптасады. Басқаша айтқанда, ұғым айтылмақ болғанда, оған сөз таңбаланатынын туралы профессор А.Салқынбай былайша түсіндіреді: «Танылған іс зат не құбылыс адам санасында белгіленіп, ұғым болып бекіп, тілдік таңбаға айналады. Адамның табиғатқа еліктеп, табиғаттан үйренуі, оның тілінде мифосимволикалық бейнелер жүйесін қалыптастырады. Бұл таным ретінде тілде көрініс табады, сөз арқылы таңбаланады» [12, 86-87б]. Бұл айтылғандардан сана әрекетінің сөйлеу әрекетімен байланысын былай көрсетуге болады:



ОЙ ↔ҰҒЫМ↔ ТІЛ (СӨЗ)
Ұғымның пайда болуы да санадағы құбылыс. Ұғым айтылған ой арқылы ғана емес, көзбен көріп, қолмен ұстап, ұқсас қасиеттерін еске түсіріп, қиялмен елестетіп, ойша бейнелеп, формасын жасау арқылы да қалыптасады. Алғашқыда негізгі ұғымдардың пайда болуында көз қызметі ерекше орын алған. Онда ұғым пайда болуының негізінде объект – денотат тұрады. Ол – қозғаушы, сана әрекетін қоздырушы күш. Егер зат (құбылыс) болмаса оның санадағы сәулесі, яки бейне жоқ. Сондықтан да профессор А.Салқынбайдың: «Зат пен сөз мағынасы арасындағы сабақтас байланыстылық, біздіңше, ұғым арқылы жалғасады. Ұғымдық белгілер арқылы мағына жасалады. Табиғат пен әлем бейнесінің адам санасында бейнеленуі ұғымды қалыптастырады. Ұғым арқылы таңбаға мағына беріледі. Мағына ұғымның нақ өзі деуге де болмайды, оның абстракцияланған, ұқсатылған, ассоциацияға түсірілген бейнесі. Санадағы ой сөзбен тұлғаланғанда, белгілі мағынаға ие болғанда әр түрлі факторлар арқылы қалыптасады. Ондай факторлар:

  1. Халықтың дүниетанымы.

  2. Уақыт.

  3. Танымның дамуы.

Яғни, белгілі уақыт аралығында дүниетанымның жетілуі мен дамуына сәйкес қалыптасатын халықтық дәстүр мен салт-санаға байланысты болатын ұғымның тілдегі таңбалық жүйеге түскен абстрактылы, ассоциативті бейнесі мағына болады» [12 , 58б]– деп көрсеткеніне қосыламыз.

Демек, ұғым – дүниетанымның санадағы бейне суреті. Сонымен ой мен тіл арасындағы бейне не ұғым тудыратын процесс когнитивтік ғылымның негізгі нысаны, тірегі тұжырымдық құрылым болып табылады. Оның басты мақсаты ой мен тіл арқылы қалыптасатын тұжырым қалыптастыру.

Ұғымдық бейне – ойлау жемісі. Ал дыбыстық бейне – сол ұғымдық бейненің материалдық көшірмесі. Бұл бейнелердің қай-қайсысы да заттың (денотаттық) өзі емес, оның негізгі образдық бейнесінің суреттері: ұғым санадағы сәуле арқылы салынған сурет болса, сөз – дыбыс арқылы салынған сурет. Тіл – табиғат пен адамзат аралығындағы сана арқылы болатын байланысты адамдардың өзара қарым- қатынасында бейнелейтін аралық құрал.

Әлемде өмір сүре отырып адам тек тілмен белгілі бір «құрал» ретінде ғана қамтамасыз етілмеген, «бірақ адам үшін жалпы әлем не екені осы тілде негізделген және онда сипатталады» [13, 512б]. Тіл бізге әлемді тануға мүмкіндік береді, « мұнда әр жеке адамның санасынан жоғары тұратын шындық көзге көрінерліктей болады» [13, 520б]. Және де тіл рөлі – адам мен әлем арасындағы аралықтағы үзбе (звено) рөлі емес, себебі онда адамның өмір сүруі (бытие) ғана жүзеге аспайды, «тілде әлем өзін- өзі бейнелейді» [13, 524б]. Осылайша тілде әлем өзін біз үшін бейнелейді және осы тіл аясында біз әлемтануға ие боламыз.

Әлемнің тілдік бейнесінің философиялық мәнін түсінуге арналған теориялық еңбектерде (Степанов Ю., Булигина Т.В., ШмелевА.Д., Караулова Ю.Н., Кубрякова Е.С., Арутюнова Н.Д.) әлемнің тілдік бейнесінің түрлі белгілері көрсетілген. Оның фундаментальді белгісінің бірі ретінде идиоэтникалық жүйесі аталады. Сонымен бірге ғаламның тілдік бейнесінің өзгергіштігі, тұрақсыздығы айтылады.

В.Б.Касевичтің ойынша, тілдік семантиканың құралдары арқылы кодталған әлем бейнесі уақыт өтісімен осы не өзге деңгейде реликтті, көне, қалдық болып есептеледі.

Ю.Д.Апресян: «Әр табиғи тіл әлемді қабылдау мен ұйымдастырудың (концептуализациялаудың) белгілі тәсілін көрсетеді. Онда көрініс тапқан мағыналар ортақ көзқарастар жүйесін, былайша айтқанда белгілі бір міндеттілік ретінде тіл иелеріне таңылатын ұжымдық философияны құрайды. Осы тілге тән шындықты концептуализациялау бір жағынан әмбебап, бір жағынан ұлттық ерекшеліктерге ие, сондықтан әр тіл иелері әлемді өзгеше, өз тілдерінің призмасы арқылы көруі мүмкін. Әлемнің тілдік бейнесі «аңғал», яғни «ғылыми» әлемнен өзгеше» [14, 350б] – дей отырып, тілде көрініс табатын аңғал түсініктердің қарапайым еместігін, тіпті көп жағдайда ғылымидан күрделірек және қызығырақ болатынын атап өтеді.

Әлемнің тілдік бейнесі бір-бірімен байланысты, бірақ өзгешеліктері бар екі идеяны қамтиды: 1) тілдің ұсынатын әлем бейнесі «ғылымидан» өзгеше (осы жерде сонымен қоса «әлемнің аңғал бейнесі» термині қолданылады) және 2) әр тіл шындықты бейнелейтін бейнені өзге тілдерден ерекше етіп, өзінше салады.

И.В.Черемысина әлемнің тілдік бейнесін былайша жіктейді:

1. Әмбебап және идиоэтникалық әлем бейнесі.

2. Әмбебап және идиоэтникалық әлем бейнесі материалды (шындық) және рухани (ментальді) әлем, эмперикалық және рационалды: кеңістіктік- уақыттық, реалды- қиялды, жерлік- аспандық, жалпы ұлттық-әлеуметтік салада шектеулі аймақтық, кәсіби т.б. әлемнің тілдік бейнелері қарама-қарсы қойылады.

Әлемнің тілдік бейнесі – көрсетілген тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі. Әлемнің тілдік бейнесі туралы ұғым В. Фон Гумбольдт және жаңа гумбольдтшылдықтың (Вайсгербер т.б.) тілдің ішкі формасы туралы айтылған ойларына қатысты және американдық этнолингвистиканың идеяларына, негізінен Сепир-Уорфтың лингвистикалық салыстырмалылық гипотезасына қатысты.

Э.Сепир мен Б.Уорф «адамзат әлемді өз ана тілінің призмасы арқылы көреді» деген гипотезаны ұсынады. Олар тілдер өз «әлемдік тілдік бейнесі» арқылы өзгешеленетінін көрсетеді. Олардың пайымдауынша түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың ойлау типі әр түрлі және де осының бәрі жай ғана тілмен байланысты ғана емес, оған себепті болады.

Б.А.Серебринников Сепир- Уорф гипотезасын сынап, әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыруда тіл өзіндік қысымы бар күшке иелене алмайтындығын айтады. Түрлі тілдер өз иелерінде түрлі әлемнің тілдік бейнесін құрайды деп айтуға болмайды, олар тек халықтың ұлттық мәдениеті мен өмір сүру салты, қызметінің ерекшелігімен анықталатын заттар, құбылыстар, процестердің мәнділігі себеп болатын ерекше «реңкті» үстейді деп көрсетеді.

В.Фон Гумбольдттың тілдік философиясы мен лингвистикалық теориясы – ХІХ ғасырдағы беделді лингвофилософиялық концепциялардың бірі екені сөзсіз. Гумбольдт тілді «рухтың тоқтаусыз жұмысы» деп сипаттады. Мұнда ол өз заманының философиялық терминологиясына сай, рух (Giest) деп бір мистикалық болмысты емес (көптеген оның интерпретаторлары көрсеткендей), қазіргі күнгі түсінік бойынша «когнитивті қабілеттілік» деп аталатынды түсінген болар.

Тіл мен ойлаудың бірлігі туралы ұстанымнан (положение) бірте-бірте әлем моделін қалыптастырудағы нақты тілдердің актив рөлі немесе «тілдік әлемді қабылдау» (языковое мировидение) деп Гумбольдт атаған ұстаным шығады. Егер тіл о бастан-ақ ойдың қалыптасуына қатысса, онда ой осыған сай тілдік сипаттан еркін бола алмайды. Әр тіл әлемді өзінше ерекше қайталанбас түрде концептуализациялағандықтан, әр тілде қалыптасқан, жасалған ойлар толықтай тепе-тең болмауы мүмкін. Бірақ осы ұстанымнан түрлі тілдерде сөйлейтін, ойлайтын адамдар арасында түсінбестік болады немесе олардың ойлары бір тілден екінші тілге аударылмайды деген түсінік туындамауы керек.

Нақты тілдерде бекітілген түрлі әлем модельдері – бұл түрлі болмыстан гөрі, «әлемнің ойға айналуының» жүзеге асыратын түрлі тәсілдер мен жолдар деу дұрысырақ. Гумбольдтың әйгілі ойын: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык, и трудно представить себе что-либо более тождественное» – деп айтқанын да осы тұрғыдан түсіну қажет [15, 89]. Яғни белгілі бір халықтың барлық болмысы, танымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ішкі әлемі, қоршаған ортамен қарым-қатынасы тіл арқылы ғана толықтай қою түрінде таныла алады.

Гумбольдтың «тілдік әлемді қабылдау» концептісін Вайсгербер екіге ажыратып қарастырады:

1. Аралық әлем

2. Әлемнің бейнесі.

Аралық әлем Вайсгербер бойынша, адамды шындықтың қабылдануын анықтайтын тілдік әрекеттің статистік (сандық) өнімін көрсетеді. Ол әлемді танушы субъект пен шынайы объект аралығында тұрғандықтан «аралық әлем» деп аталады. Ол концептуалды табиғатқа ие.

Көрсетілген аралық әлем категориясы когнитивтік ғылым мен жасанды интеллектінің маңызды ұғымы «әлем моделі» немесе «когнитивтік модельмен» тікелей қатысты болып табылады. Әлем моделі концептуалды табиғатқа ие. Оған осы не өзге формада (ойдағы бейнелер, фреймдер, сценарийлер немесе концепт-скрупттар, инсайттар, кестелер, семантикалық жад және тезаурус т.б.) субъектінің шындық туралы түсініктері, нақты деректер, оқиғалар туралы білімі тіркелетіндігі туралы А.Н.Баранов пен Д.О.Добровольский айтады [16, 457б].

Н.Н.Аитова әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі және адам санасының ара қатынас моделін былай көрсетеді:


А – объективті шындық – ғаламы;

В – адам санасы не аралық әлем (ғалам моделі), концептуалды ғалам бейнесі;

С – ғаламның тілдік бейнесі, концептуалды ғалам бейнесін белгілеуші және түсіндіруші;

Оның көрсетуінше, толықтай АВС қатынасы мүмкін дүниенің сана арқылы мүмкін болатын тілдік бейнесі ара қатынасын бейнелейді [7, 186б].
Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі – әр ұлттың өз тілі арқылы әлемді танудағы, оны қабылдаудағы ерекшелігі болып табылады.

Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі – идеографиялық құрылымдағы лексикалық жүйелер. Алайда әлемнің ұлттық тілдік бейнесі әлем туралы білімнің жиынтығы ретінде тек лексикада ғана емес, сонымен қатар фразеология мен грамматикада да көрініс табады. В.А.Маслова әлемнің тілдік бейнесі мен мәдениеті туралы айта отырып, осыларға мына көрсетілгендерді жатқызады: сөз, сөйлем, пайымдаудың ішкі формасы, сөздің мағыналық жағының өзгерісі, оның ауыспалы мағынада қолданылуы, сөздің эмоционалды жүгі , оның индивидуалды қолданылуындағы өзгешелігі [17, 35б].

Адам әлемі (оның ішкі әлемі, яғни рухани әлемі және сыртқы әлемі) біріншіден, ұлттық ерекшеліктерге ие, осы ерекшеліктер тілдің түрлі деңгейлері мен қызмет етуінде көрініс табады. Әлемнің тілдік бейнесі әлемнің ұлттық тілдік бейнесін бейнелейді және соңғысы түрлі деңгейлердегі тілдік бірліктер арқылы анықталуы да мүмкін. Ұлттық лексиканы әлемнің ұлттық тілдік бейнесі ретінде ұсыну екі түрлі арнамен байланысты. Бірінші арнада қоршаған ортадағы нақты заттар мен құбылыстардың атаулары жинақталатын болса, екінші арнада концепт атаулары шоғырланған. Әлемнің ұлттық бейнесін зерттей келе Г.Гачев оны «космо- психо- логос» деп атаған. Оған әсер ететін жағдайлар – табиғаттың типі, ұлттық мінез және ойлау ерекшеліктері және т.б.

Тіл этностың негізгі этнодифференциациялау белгісі ретінде этностың өмір сүруі процесі мен нәтижесі кезінде танитын шындық туралы объективті білімді қалыптастырып бекітеді. Тілді кез-келген этникалық мәдениттің ерекше бөлінбес бөлігі ретінде қарастыратын болсақ, онда сол тұрғыда ұлттық мәдениеттің ерекшелігі, оның өзге этностардан өзгешелігі көріне бастайды. Тіл мен мәдениеттің айырылмас байланысы туралы Гумбольдт былай деген : «Язык - тесно переплетен с духовным развитием человечества и сопутствует ему на каждой ступени его локального прогресса или регресса, отражая в себе каждую стадию культуры» [15, 69б].



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет