1.Синтаксис ғылымы және оның салалары:
Синтаксис пәні – жоғары оқу орындарында филология мамандықтарына оқытылып жүрген негізгі пән. «Қазіргі қазақ тілінің» сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі» пәні - сөзтұлғалардың бір-бірімен байланысу амалдарын, сөз тіркесі мен сөйлемді, олардың құрамы мен түрлерін, сөйлемдердің ірі бірліктерге бірігу тәсілдерін, ондағы жеке сөйлемдердің бір-бірімен қарым-қатынасын, оның тарихы мен нақты теориясын оқытады. Жалпы синтаксистік ұғымдар жайлы әр қилы көзқарастар мен оған беріліп жүрген анықтамалар жөнінде білім береді.
Пәннің негізгі мақсаты – синтаксистің негізгі салалары жөнінде түсінік беру. Студенттердің теориялық түсінігін жетілдіріп, ғылыми талдамдар жасай алуына мүмкіндік жасайды. Студенттерге қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан – сөздердің байланысу амалдары мен формаларын, сөз тіркесі және сөйлем құрылысының негіздерін түсіндіреді. Осыған байланысты сөйлемнің қалай түзіліп, олардың арасындағы қатысымдық қызмет атқарып отырған тәсілдерді түсіндіру, оны талдауға дағдыландыру. Синтаксистік тұлға-бірлік ретінде түсінілетін ұғымдардың ғылыми тұжырымдамаларын айқындау. Синтаксис ғылымы сөйлемнің, сөз тіркесінің, мәтіннің құрылысын зерттейтін ғылым. Ол гректің sintaxis деген сөзінің негізінде пайда болған «құрау», «құрастыру»
деген мағынадағы лингвистикалық термин. Басқа ғылым салаларында қолданылмайды. Синтаксис термині екі мағынада жұмсалады: біреуі сөйлеудің (высказывание) құрылысы, жүйесі мағынасында, екіншісі-тіл ғылымының (грамматиканың) бір саласы атауы мағынасында.
Синтаксис ғылымы бірнеше салаға бөлінеді:
1.Сөзжасам синтаксисі.
2.Сөз тіркесі синтаксисі.
3. Сөйлем синтаксисі.
4. Мәтін синтаксисі.
2.Қазақ тілі синтаксисі саласының зерттелу тарихы мен ерекшелігі. Қазақ тілі синтаксисінің 19-20 ғасырларда зерттелу жайы.
Қазақ тіл білімінің ұлттық тілде лингвистермен зерттеле бастауы Қазан революциясына дейін қозғалып, әсіресе одан кейін түбегейлі қолға алынды. Біз көп уақытқа дейін қазақ тіл білімінің зерттелуін Қазақ революциясынан кейінгі уақытпен есептеп келдік. 1990 жылдарға дейінгі тұжырымдар осындай бағытта өрбігендігі рас. Мұның өзі қазақ ғалымдарының 1932-1937 жылдар аясындағы тарихи қыспағының көрінісі деп білу керек. А.Байтұрсыновтың бір ғана «Тіл – құрал» еңбегі қазақ тіл білімі зерттелуінің (фонетика, лексика, морфология, синтаксис) Қазан революциясынан бұрын екендігін көрсетті. Осы кез өкілдері Н.С.Жетпісбаев, М.Бегімов, М.Н.Бектеміров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, Т.Ахметов, Ж.Барықұлы, Н.Төреқұлов, К.Төлебаев, Д.Арыстанұлы, Н.Залиұлы, К.Әлімұлы, Қ.Кемеңгеров сынды ғалымдардың ақталуы олардың еңбектерінің жарық көруіне себеп болды. Бұл зерттеушілер еңбектерінің қазақ тіл білімі үшін белгісіз жылдар мерзімін нақты толықтыратын және қазіргі зерттеушілерімізге басшылық болғаны айқын.
1930 жылдар шамасында қазақ тіл білімінің әрбір саласының дербес зерттелуіне Ж.Досқараев, Г.Б.Бегалиев, Х.Басымов, Ә.Ермеков, Ш.Сарыбаев, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, И.Маманов сынды ғалымдар үлкен еңбек етті. Аталған ғалымдар есімі қазақ тілінің әр саласынан оқулықтардың жазылуына мүмкіншіліктер туғызды. Осы негізде жоғары оқу орындарының ғылыми-шығармашылық деңгейі өсті. Осы ғалымдардың бағыты арқасында тілімізге жаңа буын өкілдері келді: Ә.Қайдари, Р.Сыздық, В.А.Исенғалиева, К.Аханов, Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдірахманов, Ә.Құрышжанов, А.Қалыбаева, Ж.Аралбаев, Ә.Нұрмаханова, Р.Әмір, Қ.Есенов, К.Мұсаев, Н.Оралбаева, А.Жанұзақов, М.Томанов, Ә.Болғанбаев, Ә.Хасенов, А.Төлеуов, О.Төлегенов, А.Әбілқаев. Онан кейінгі уақытта Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Н.Демесінова, Ә.Ибатов, Б.Хасанов, Ә.Әбілақов, М.Оразов, Б.Сағындықов, Ә.Нұрмағанбетов, С.Омарбеков, Б.Қалиев, Е.Жанпейісов, Т.Қоңыров, Ш.Бектұров, Б.Әбілқасымов, Т.Сайрамбаев, С.Исаев, А.Аманжолов, Х.Арғынов, О.Бүркіт, Ғ.Айдаров т.б. ғалымдарымыз өз үлестерін қосты.
Қазақ тіл білімі өкілдері қатарында Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдари, Р.Сыздық, Ө.Айтбаев, Ш.Сарыбаев, М.Серғалиев сияқты академиктер, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов сияқты мүше-корреспонденттер бар. Қазақ тіл білімінің синтаксис ғылымы және оның объектілері туралы әр түрлі пікірлер орын алып келді. 1940 жылға дейінгі еңбектерде синтаксистің объектісі ретінде тек сөйлем ғана алынса, 1950 жылдар шамасында сөз тіркесі синтаксисі, ал 1980 жылдардан кейін күрделенген сөйлемдер мен күрделі синтаксистік тұтастық, тіпті функционалдылық мәселесі енгізілді. Т.Қордабаев, Қ.Есеновтің құрмалас сөйлем мәселесіне, Х.Арғынов, Р.Әмір, Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, О.Төлегенов, М.Томанов, Ә.Әбілақов, Н.Демесінова, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, М.Серғалиев сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисіне кеңінен назар аударды. Бұл еңбектер қазақ тілінің 1970-80 жылдар ішінде жан-жақты зерделеніп, жанрлық түрленуі мен қоғамдық қызметінің өскенін көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |