2 Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру. XXI ғасырда ұлттық сананы қалыптастыру



Дата27.05.2024
өлшемі27.49 Kb.
#501949
15 лекция




1.15. «Мәңгілік Ел» және «Рухани жаңғыру» – жаңа Қазақстан философиясы

1 Кеңістік-уақыттық континуумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары. Қазіргі Қазақстандағы жаңғыру: әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени қырлары.


2 Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру. XXI ғасырда ұлттық сананы қалыптастыру.
3 Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы. Еуразияшылдықтың әлеуметтік-мәдени, идеологиялық, геосаяси негіздері. Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік идентификациясы.
4 «Мәңгілік ел» идеясы. «Рухани жаңғыру» жобасы – ХХІ ғ Қазақстан дамуы болашағын айқындайтын маңызды құжат.


Кілт сөздер: «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала», «Рухани Жаңғыру», патриотизм, Қазақстандық прагматизм, ұлттық сана-сезім, ұлттық код, жаһандану

1 Кеңістік-уақыттық континуумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары. Қазіргі Қазақстандағы жаңғыру: әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени қырлары.


«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын айқындап берді. Шын мәнінде, бұл ұлттық идея біздің халқымыздың сан ғасырлық арманына ғана емес, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дамуының нақты нәтижелеріне негізделетін мемлекетіміздің мемлекеттік идеологиясы.
Бүгінде біздің еліміздің осы даму кезеңінде нақты тұжырымдалған «Ұлттық идея» неге қажет болды деген сұрақтар көптеп қойылуда.
Жаһандану жағдайында полиэтникалық Қазақстанның болашақта бәсекеге қабілетті болуы, 2050 жылға қарай елдің әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіруі осы ұлттық идеяның қалыптасып, дамуына байланысты. Қазақстанда бұл процесс тәуелсіздік алған сәттен басталды. Кейінгі жылдардың стратегиялық құжаттары Қазақстанның болашақ құрылысы моделінің мүмкін нұсқаларын және мемлекеттік идеология үшін қажетті құндылықтарын қарастырады. Мәселен, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» Стратегиясында: «біз - өз тарихы мен өз болашағымыз бар Еуразиялық елміз. Сондықтан біздің модельіміз ешкімге ұқсамайды. Ол түрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіреді». Сондықтан, қоғамдық санаға бәсекеге қабілеттілік, бәсекелестік идеологемалары белсенді енгізілуде.
Жаңа саяси жағдайларда 2010 жылы қабылданған «Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасы» маңызды құжат болды. Доктринада ұсынылған ұлттық бірлік қағидалары біздің мемлекетіміздің ұлттық идеясын қалыптастыру негізіне алынды. Бұл қағидалар:
- «Бір ел - бір тағдыр»;
- «Әртүрлі шығу тегі-тең мүмкіндіктер»;
- «Ұлттық рухты дамыту» болып табылады.
Уақыт көрсеткендей, ең ақылға қонымды жол – этникалық күрделі құрылымға қарамастан, елдің барлық азаматтарының мүдделерін біріктіру. Елдің азаматтық қоғам жағдайына көшуі және Қазақстанда бірыңғай халықтың қалыптасуы – ұлттық идеяның өзегіне айналды.
«Ұлы Дала» ұғымына келер болсақ, ол ертеден бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз – қыпшақтың даласы деген сөз. «Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қолөнер де болған, бәрі болған», - деп атап өтті Елбасы. Осы орайда ҚР Президенті мұндай ұғымның көптеген елдерде бар екендігін атап өтіп, жапондар күншығыс еліміз, қытайлықтар аспан асты еліміз, кәрістер таңғы шық еліміз деп санайтындығын мысалға келтірді. «Бізде де сондай ұғыммен теңестіретін болсақ, бізге «Ұлы Дала еліміз» деп айтқан келеді. «Ұлы Дала» мен «Көк аспан» деп те айтуға болар еді. Кең дала - біздің жеріміз. Осы жерде біз тұрып жатырмыз, өсіп жатырмыз, өркендеп жатырмыз, ұрпақ асырап жатырмыз. Осы жерде мемлекетімізді құрып, оны шаңырағын биік қылып, көк тудың астына жиналып жатырмыз. Біздің байрағымыздың өзінде көк аспан, жарқырған күн бейнеленген», - деді Н.Назарбаев.
Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Ол – барлық адамға азық. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Мәселен, бәрі санадан басталады.
Өскелең ұрпақты өз өлкесін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Балабақша бағдарламалары да рухани құндылықтарды өз жоспарларына енгізіп, жұмыс істеуде.
Ауыл-аймақтарда экологияны жақсартуға және елді-мекендерді абаттандыруға баса мән беріліп, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды.
Үлкен қалаларға көшіп кетсе де, туған жеріне қамқорлық жасап жүрген, ауылын көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, музейлер мен мәдениет ошақтарына демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер туралы көріп, естіп жүрміз. Аймақтардағы өнер ошақтарын өз есебінен жөндеуді қолға алып жатқан мәрт азаматтарды баспасөз бетінде насихаттап, үлгі етудің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Рухани байлықтың кемел де қуатты болғаны – жеке азаматтарымыз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Бұл мақсат болашақта жүзеге асса, ақыл-ойы толысқан, отбасын, Отанын риясыз сүйетін, рухани бай ұрпақ – өркениет бәсекесіне қабілетті болатыны анық.
2 Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру. XXI ғасырда ұлттық сананы қалыптастыру.
«Рухани Жаңғыру» - мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін өте маңызды бағдарлама. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады.
Бүгінгі мақсатымыз – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырды.
«Ұлттық код» және «Ұлттық мәдениет»: осы екі маңызды мәселеге ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп нақтылап айтты. Ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады.
Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы. Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана. Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке орай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономи­касының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ.
3 Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы. Еуразияшылдықтың әлеуметтік-мәдени, идеологиялық, геосаяси негіздері. Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік идентификациясы.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті әлем­дік өркениет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағ­дай­ларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәде­ниеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аума­ғында қалыптасты.
Алтай, Алатау және Орал тау­лары­ның арасындағы кең даланы мекен еткен Орта­лық Азия халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен бас­талған мәдени дәс­түрлері жаһандық жалпы­адам­заттық заңды­лық­тардың динамикасы ағымын­да­ғы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан ке­шіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашы­лығының ықпалымен орнықты. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында қазақ халқы сыннан өткен теңдессіз бай рухани және мәдени мұраны артындағы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Сондықтан қазақ халқы мәдениетінің терең еуразиялық тамыр­ларын есте сақтаған жөн.
«Еуразия», «еуразиялық кеңістік» термин­дері­нің тек құрлықтың ұғымын ғана білдір­мей­тіні белгілі. «Еуразияшылдықтың» географиялық және семантикалық шеңберлерін анықтар бол­сақ, бұл түсінік ұзына бойы жеті жарым мың ша­қырым болатын Алтай тауынан бастап Карпат тауы­на дейін созылып жатқан Ұлы даланы білді­реді. Ол өзіне үш аймақты енгізеді: Жоғарғы Азия (Алтай тауы, Тува, Моңғолия), Орталық Азия және Шығыс еуропалық жазықтық. Сон­дықтан Еуразия ауқымына ену мен енбеу өзіндік тарихи қисынға сәйкес келетін мүдделерге байланысты. Сонымен қатар ол халықтардың діліндегі сұх­баттық қатынастарға бейімділікке де көп байланысты құбылыс болып табылады.
Еуразия – бұл тек географиялық ұғым емес, ол мәдени-өркениеттік бірегейлікке деген ұм­тылысты да білдіреді. Еуразиялық кеңістікті баяғыдан осы жердің табиғи ландшафтына бейім­деліп, шаруашылықтарын жүргізген халықтар – түркілер, моңғолдар, финугорлар және славяндар мекендеді.
Соған сәйкес бұл жерде өзге өрке­ниеттік бітімдерден өзгеше еур­азиялық өркениет пен еуразиялық мәдениет, еуразиялық бірегейлік пен еуразиялық фило­софия қалыптасты. Бұл мәдени-тарихи са­бақ­тастық тарих ырғағының бойында қалыптасқан құдіретті империялардың құрылуынан аңға­ры­ла­ды. Олар­дың құрған Ғұн империясы, Түркі қағана­ты, Оғыз қаға­наты, Қыпшақ қағанаты, Алтын Орда сияқты мемле­кет­тері әлемдік тарихтың дамуына орасан зор ықпал етті. Кейінірек олар­ды Ре­сей империясы мен социа­листік қағи­даттарға негіз­дел­ген Кеңес Одағы алмас­тырды.
Еуразияның тұтастығы, оның мәдени-тарихи бірлігі туралы айт­қан­да, бұл мәдени-өрке­ниеттік типтің көшпенділік тамыры тура­лы міндетті түрде сөз қозғалуы керек. Оның үстіне «Ұлы даланың көшпенділері адамзат­тың тарихы мен мәдениетінде еуропалықтар мен қытай­лар­дан, мысырлықтардан, ацтектер мен инктерден бір де кем емес рөл ойнады. Тек олардың бұл рөлі, басқа да әрбір этнос­тың немесе, суперэтностың рөлі сияқты, ерек­ше, төлтума болды және ұзақ уақыт бойы оның құпиясы танылмай келді» (Л.Н.Гумилев. «Еуразия ырғақтары»).
Көшпенділік қазақ халқының этномәде­ние­тінің де негізін құрайды және күні кешеге дейін, өткен ғасырдың отызыншы жылдарын­дағы жаппай ұжым­дастыруға дейін қазақ­тар осы өмір сүру тәртібі мен мал шаруашылығы дәс­түрін берік ұстанып келді. Бұл тұрғыдан алғанда, қа­зақтар – ұлы көшпелі өр­кениеттің заңды мұрагер­лері екені сөзсіз және еуразия­шылдық идеяның қа­зақстандық қоғамда ке­ңі­­нен сөз болуы да осы тамырға байланыс­ты.
Еуразиялық идеяны практи­ка­лық түрде іске асыру барысында Еур­азиялық экономика­лық қоғам­дас­тық, Еуразиялық даму банкі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет, Еуразия уни­вер­ситеттерінің ассоциациясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ортаазиялық одақ, Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығы, Кеден одағы сияқты жаңа құрылымдар өмірге келіп, өздерінің өміршең­дігін бар­шаға көрсетіп отыр. Болашақта еуразиялық аймақтың, еуразиялық аймақтық интеграцияның, еуразия­лық идеяның рөлі арта түспек. Әсіресе, қазіргі ұзаққа созылатын әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс­тан еліміз жүйелі түрде жа­ңарып барып, орнықты даму жо­лына түсуі үшін біздерге әлеуметтік тұрақтылық, халықтардың бірлігі ауадай қажет. Еуразия аймағындағы елдер арасындағы экономикалық интеграцияны өрістету арқылы ғана өзіміздің ұлттық тәуел­сіздігімізді одан әрі нығайтып, дағдарысты те­зірек еңсере түсеміз. Дағдарыс дамудың бір сәті. Сондықтан оны жеңе білу, алға қарай ұмтылу негізгі парызымыз.
Бүгінгі күнгі жаһандану зама­нында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан Шы­ғыс пен Батыстың жақын­дасуы Еуразия құрлығы мемлекеттерінің дүниеге деген қатынасы мен инте­гра­циясы іспетті аса тарихи қажет­тілікке айналуда. Жа­һандану зама­нында адам мен табиғат, техника мен адамгершілік, ислам мен хрис­тиандық, ұлттық пен жалпы­адам­заттық құндылықтар арасындағы теңсіздік аса зор әлемдік күй­реуге, барлық адамзаттың жойылуына апарып соқтыруы ықтимал. Еур­азияшылдықты дүниеге айрықша қатынас түріндегі мәдени-фило­со­фиялық доктрина ретінде жүзеге асыру осы теңсіздікті жоюдың бас­ты жолы, адам тіршілігінің әр түрлі тараптарын үйлестірудің бірден-бір тәсілі болар еді. ХХІ ғасырда еуразиялық идеяның кең де терең мәнге ие болуы да сондықтан. Ен­де­ше Еуразиялық идея Еуразия құрлығындағы мемлекеттер ара­сындағы күрделі қайшылықтарды шешудің бірден-бір үйлесімді фор­масы, сонымен қатар көп деңгейлі интеграциялық үдерістердің қайнар көзі, ендеше, аймақтық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірден-бір құралы болып табылады.
Аймақтық еуразиялық интегра­ция, Еур­азия кеңістігіндегі мемле­кет­тердің өзара интеграциялық қауым­дастығы олардың әрқайсы­сы­ның ұлттық егеменділігі мен тәуел­сіздігін, тұрақтылығы мен қауіп­сіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін өте қажет. Прези­дент Н.Ә.Назарбаев ұсынған еур­азиялық идея мен әлемдік дағда­рыс­тан шығудың көрсеткен қазақ­стандық жолы арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан еуразия­шыл­дық­тың, еуразиялық эконо­ми­калық интегра­ция­ның болашағы өте зор. ХХІ ғасыр – оны Еуразия кеңістігіндегі халықтардың көп­ші­лігі мойындап, болашақта еур­азиялық идея үлкен материалдық күшке айналып, Еуразияда, бүкіл дүние жүзінде өзара түсіністік пен ру­хани келісім салтанат құрған ғасыры болмақ.
4 «Мәңгілік ел» идеясы. «Рухани жаңғыру» жобасы – ХХІ ғ Қазақстан дамуы болашағын айқындайтын маңызды құжат.
Қазақстанның бірінші жаңғыруы 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын.
Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Елбасының »Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек-бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр.
Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда.
Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға болады.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық.
Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Елбасы аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді.
Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор.
Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу- тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт- дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда.
Ең бастысы – жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес ұсыныс.
Елбасымыздың »Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті.
«Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау», - деді ол.
Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Елбасының «Бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ»,- деуі шешімді пікір.
Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.
Өткенге көбірек үңілсек, бүгінгіні неғұрлым тереңірек түсінетініміз анық. Тарих өткенмен ғана емес, бүгінгі және ертеңгі өмірмен де байланысты. Біз ешқашан, ата-бабамыз бен өткен даналарымыздың не жайында пікір таластырғанына, ізденістеріне, еңбектеріне, тіпті азды-көпті қателіктерінің өзіне деген қызығушылығымызды жоғалтпаймыз. Тарихымыздағы философиялық ойлар мен еңбектер – қазынамызға құт әкелген, гумандылық пен үгіт-кеңестің асыл да биік сапасын өзінен көрсете білген еңбектер. Сондықтан, бүгінде философиямен танысуды – жоғарыда қарастырған жалпыадамзаттық құндылықтардың философия мен гумандылық контексіндегі көзқарасы мен орнын анықтап, қазақ философиясы арнасында «Рухани Жаңғыруды» болашақта жүзеге асыру ісіндегі қадамымыз ретінде қабылдауымызға болады.

Бекітуге арналған сұрақтар:


1 «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категорияларының мәні?
2 Қазіргі Қазақстандағы жаңғырудың әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени қырларының бүгінгі жағдайын сипатттаңыз?
3 «Рухани жаңғыру» ұғымының философиялық мәні неде?
4 «Ұлттық сана» үғымының мәні неде?
3 Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік жағдайы туралы айта аласыз ба?
4 «Рухани жаңғыру» жобасының нәтижелерінің бірі – «Санасы ашық» жастарды тәрбиелеу деген тұжырымды қалай түсінесіз?

Қолдануға ұсынылатын әдебиеттер


1 Назарбаев Н.А. «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания». http://www.akorda.kz.
2 «Ұлы даланың жеті қыры» Мақаласы,17 қараша 2018 жыл
3 https://www.inform.kz/kz/kazakstandy-uly-dala-eli-deu-halyktyk-atau-boluy-kerek-n-nazarbaev
4 https://e-history.kz/kz/contents/view
5 Қазақ халқының философиялық мұрасы:20 томдық. - (Мәдени мұра) Т.1 : Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. - Астана : Аударма, 2005. - 493 б.
6 Қазақ халқының философиялық мұрасы:20 томдық. Т.2 : Әл-Фараби философиясы. - Астана : Аударма, 2005. - 479 б.
7 Қазақ халқының философиялық мұрасы:20 томдық. - Т.3 : Әл-Фараби философиясы. - Астана : Аударма, 2005. - 494 б.
8 Барлыбаева Г.Г. «Эволюция этических идей в казахской философии». – Алматы, 2011.
9 Есім Ғ. Сана болмысы : Саясат пен мәдениет туралы ойлар. Бірінші кітап / 2-ші басылым. - Алматы : Ғылым, 2008. - 271 б.
10 Сейдімбек А. Қазақ әлемі. – Алматы: Санат, 1997. – 464 б.
11 Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы: Мектеп, 1976. – 159 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет