2004 жылғы қаңтар-қазанында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары
Макроэкономикалық үрдістер. 2004 жылғы қаңтар-қыркүйекте жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі ағымдағы бағамен 4093.0 млрд. теңге болды. Нақты ЖІӨ 2003 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 109.1% өсті. ЖІӨ құрылымында тауар өндірісінің үлесі ЖІӨ-де – 43,1%, қызмет көрсетуде – 52,4%.
2004 жылғы қазанда тұтыну бағасының индексі 2003 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 104,9%-ды құрады. Бағалар мен тарифтер азық-түлік тауарларына – 5,1%, азық-түлік емес тауарларға – 5%, ақылы қызметтерге – 4,4% өсті. 2004 жылғы қазанда өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 2003 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 24,1% өсті.
2004 жылғы қазанда сараптық бағалау бойынша жұмыссыздар саны 648,2 мың адам болды, жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына 8,4%-ды құрады, соның ішінде жұмыспен қамту органдарында қазанның соңына жұмыссыздар ретінде тіркелген азаматтар саны – 126,8 мың адам, экономикалық белсенді халық санындағы олардың үлесі – 1,6%.
Экономиканың нақты секторы. 2004 жылғы қаңтар-қазанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 3005 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы қаңтар-қазандағыдан 10% артық. Өндіріс көлемі 2003 жылғы осы кезеңімен салыстырғанда кен өндіру өнеркәсібінде – 12,8%, өңдеу өнеркәсібінде – 8,5%, электр энергиясын, газ бен су өндіруде және бөлуде – 3,7% өсті.
2004 жылғы қаңтар-қазанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі ағымдағы бағамен 612,9 млрд. теңгені құрап, 2003 жылғы қаңтар- қазанмен салыстырғанда 2,8%-ға кеміді.
2004 жылғы қаңтар-қазанда жүк тасымалдаудың жалпы көлемі (коммерциялық тасымалдаумен шұғылданатын көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер тасымалдаған жүк көлемінің бағасын есепке алғанда) 1499,7 млн. тоннаны құрап, 2003 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға өсті.
Есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымының көлемі (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 885,7 млрд. теңгені құрап, 2003 жылғы қаңтар- қазанмен салыстырғанда 10,4% артты.
2004 жылғы қаңтар-қазанда негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 1096,2 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы қаңтар- қазандағыдан 9,9% көп.
2004 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша республикада 204961 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 153654 жұмыс істеп тұр, соның ішінде жұмыспен қамтылғандардың саны 50 адамға дейінгі кәсіпорындар - 141938. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың ішінде шағын кәсіпорындар – 113185 құрайды, олардан шағын бизнес кәсіпорындары - 101191.
Сыртқы сауда. 2004 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанның сыртқы сауда айналымы (Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау комитетінің деректері бойынша ұйымдаспаған сауданы есепке алмағанда) 23208,7 млн. АҚШ долларын құрап, 2003 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 52%-ға өсті, соның ішінде экспорт – 14093,0 млн. АҚШ доллары (49%-ға өсті), импорт – 9115,7 млн. АҚШ доллары (57%-ға өсті).
Қаржы. 2004 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жедел деректері бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бюджетіне түсімдер көлемі 925,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы 1 қазандағыдан 19,2% артық, шығыстар мен кредит беру –944,3 млрд. теңге (21,6% артық).
Есеп берген кәсіпорындар мен ұйымдардың деректері бойынша 2004 жылғы қыркүйекте салық салғанға дейінгі кәдуілгі қызметтен алынған қаржылық нәтиже табыс есебінде 146,9 млрд. теңге сомасында анықталды, бұл 2003 жылғы қыркүйектегіден 128,8% артық. Пайдалылық деңгейі – 36,6% құрады. Есеп берген кәсіпорындардың жалпы санынан залалды кәсіпорындардың үлесі 32,9% құрады.
2004 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша екінші деңгейдегі банктердің экономика салаларына салған кредиттік салымдары 1328,9 млрд. теңгені құрады. Олардың көбеюінде тұрақты серпін байқалады. Кредиттік салымдардың жалпы көлемінде ұзақ мерзімді кредиттер үлесі 65,8%, шет ел валютасындағы кредиттердің үлесі 54,7% құрады. 2004 жылғы 1 қазанда банк жүйесіндегі депозиттер көлемі 1000,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы 1 қазанға қарағанда 30,4% көп, соның ішінде халық депозиттері (салымдары) тиісінше 399,3 млрд. теңге болды, бұл 2003 жылғы 1 қазанға қарағанда 29,6% көп.
Халық табысы. 2004 жылғы қыркүйекте, бағалау бойынша, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 13040 теңгені құрап, 2003 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда – 20,5%-ға, ал нақты ақшалай табысы – 11,9%-ға өсті.
2004 жылғы қыркүйекте қызметкерлерге бөлінген орташа айлық атаулы жалақы 28435 теңгені құрап, 2003 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 20,7%-ға өсті. Нақты жалақы 12%-ға өсті.
Достарыңызбен бөлісу: |