Қ азақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы ҚеАҚ университеті.
Гуманитарлық-экономика факультеті.
Өнер және музыка кафедрасы
Тақырыбы: Қазақтың дәстүрлі ән мектептері
Орындаған: Увалиева А.С
Топ: ДМО-201с
Тексерген: Мынбаева А.М
2023 жыл
Қазақтың дәстүрлі ән мектептері
Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде “бесік жырымен” әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған керек.
Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық тұжырым болса композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
“Ел іші – өнер кеніші” дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді. Осы орайда ән жанрларын мынадай топтарға бөле қараудың ыңғайы бар сияқты:
Романс тектес әндер–«Ақбақай», «Жиырма бес», «Япурай», «Ғайни» т.б.
2. Сатиралық-юморлық әндер–«Он алты қыз», «Ағашаяқ», «Құлбай бай» т.б.
Қара өлеңге құрылған әндер–«Сәулем-ай», «Еркем-ай», «Қамажай», «Жеті арал жерім-ай» т.б.
4. Қыз-келіншектер әндері–«Майра», «Дудар-ай», «Әупілдек» т.б.
Желдірме әндер–термелер, арнау, насихат әндер т.б.
6.Эпостық мазмұндағы әндер–жырлардың кейіпкерлерінің атынан айтылатын әндер –«Жігіттің падишасы — Әмір Темір», «Қос мүйізді Ескендір» т.б.
Авторлық-арнау әндер. Молдабайдың әні, Ғазиздің әні, «Бүркітбай», «Шашубай», «Теміртас» т.б.
Әндерді бұлай бөлу арқылы олардың формасын анықтауға болады, романс тектес әндердің диопозоны кең, вокалдық қайырымы мол болады. Ал, сатиралық-юморлық әндерде керісінше, мұндағы ән ырғағы шапшаңырақ, мәтіні мен мелодиясы үнемі қайталанып отырады, вокалдық дамуы шектеулі.
Қара өлеңдерді көбінесе халық әндері деп атайды, бұлардың да қалыптасқан қайырымы бар, көбінесе он бір буындық өлеңге құрылады. Мелодиясы пентатоникалық сарынға бейім, сондықтан әннің өте көне түрі деп айтуға негіз бар. Қыз-келіншектер әндерінде вокал иірімдері мол кездеседі, мұны бөле атаудағы себеп –диопазоны мен ән мәтіні әйел дауысының табиғатына лайықталған. Желдірме әндердің ырғағы ширақ, аты айтып тұрғандай салтанатты әрі жүрдек шырқалады.
Эпостық мазмұндағы әндер кәдімгі қара өлеңге ұқсас, бірақ әннің аты немесе мазмұны эпостық кейіпкердің атына құрылады.Авторлық-арнау әндердің сарыны айтыс мақамдарын еске түсіреді, мұнда әуелі «Ал», «Ахау», «Оу» деген сияқты қаратпа айқай айтылады, қайырмасы қара өлеңге құралады, кейде өзге әндердегі мәтіндер қолданыла береді, ал, шумақта міндетті түрде автордың өзін немесе ата-бабасын мадақтаған өлеңі болады.
Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен негізгі сарыны жалпы қазақы әнге ортақ сазға құрылады, сондықтан бір өлкенің әнін басқа өлкенің әншісі қиналмай айта береді, яғни қазақ әнінің біртұтастығы аймақтық әншілік мектептеріне қанша жіктегенмен бұзылмайды. Ғарифолланың Арқа әндерін тамылжыта шырқағаны, Жүсіпбектің Мұхит әндерін тебірене айтқаны соған дәлел бола алады.
Халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай аймақтық мектептерге бөле оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Жалпылай айтқанда, шартты түрде Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан (Мұхит Мералиев) мектебі, Алтай-Тарбағатай әншілік мектебі, Сыр өңірінің әншілік мектебі деп бөлінеді. Арқа мектебі –қазақы әншіліктің мейлінше дамыған саласы болып табылады. Арқа мектебінің өкілдері деп –Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Шашубай, Тайжан т.б. саңлақтарды атауға болады. Арқа әндері біркелкі еркін ырғақпен айтылады, диапозоны мейлінше кең болады. Арқаның ән мектебіне тән ерекшеліктің бірі – дәстүрдегі жанрлық-стильдік дыбыс идеалы. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Оның қатарында вокалдық және аспаптық өнердің арақатынасы, әнші дауысының ерекшелігі, әншінің дыбыс бояуы түрі және нақты әншілік динамикалық- артикуляциялық әдістер. Қазір біз Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшелігін қалыптастыратын бірнеше талаптарға тоқталамыз.
Алдымен, халықтық кәсіби әншілік өнердің басты талабы - адамның табиғи таза дауысы. Арқаның ән дәстүрі тәжірибесінде төмен дауыстар сирек кездеседі. Мысалы, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Құрманбек Жандарбеков Қ.Байбосынов сынды баритон дауысты әншілер. Әншілік жоғарғы дауыстың болуын техникалық өлшемдермен байланыстыруға болады. Себебі, тек жоғарғы дауыстар ғана алысқа ұшады. А.Затаевич жазбаларында бұл жайлы: «Қазақтар қуатты, алысқа жететін, кеңістікті кернейтін дауыстарды аса жоғары бағалайды, шырқаған дауысы қас қарайғанда 7-8 шақырымға жететін әншіге жететін адам жоқ» [2,с.39] , - деген. Арқа ән дәстүрінде салған әні сахараға жайылған сондай әншілер Ыбырай Сандыбаев пен Әміре Қашаубаев. Әншінің дауыс сапасы, қуаты, тұрақтылығы мен тембрлік көркемдігі, икемділігі дәстүрлі ән терминологиясының дамуына игі ықпалын тигізеді. Мысалы, «Көмейінен бал тамған», «күміс көмей әнші», «жезтаңдай әнші», «дауысын алты қырдан асырған әнші» деген секілді терминдік анықтамалар әнші дауысының тембірлік, акустикалық мінездемесінен көрініс береді.
Арқа әндерінің кәсіби мектебін жасағандар – Ж.Елебекеов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтар, бұлардан өзге, ән өнерінде ерекше із қалдырған Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Бабақов, Қ.Лекеров, Б.Жылқыбаев, М.Ержанов, Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р. Қойшыбаева, М.Көшкінбаев, И.Әлібаев, Ж.Қартабаева, Л.Сүйіндікова, М.Ешекеевтердің атын атай аламыз.
Жетісу мектебі– қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналады, орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне өте ұқсас, сондықтан бұл мектептің өкілдерінің репертуарында Арқа сазгерлерінің әндері де кең орын алады. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын қалаған –Ж.Кәрменов, оның ізін жалғастырушы шәкірті – Е.Қосбармақов. Жетісу ән өнерін дамытушылардың көбін әнші-ақындар тобына жатқызуға болады. Алайда, олардың сал-сері болмағаны белгілі. Әнші-ақындарға тән қасиет – ақындық пен әншілігі, өнерпаздығы қатар келуінде. Олар ән мәтіні мен әуенін өздері шығарып қана қоймай, оны асқан шеберлікпен орындай білген. Әнші-ақындар өзі өмір сүрген заманына қарай халықтың әр түрлі тарихи-әлеуметтік мәселелеріне, тұрмыс-тіршілігіне қарай лирикалық әндер тудырған.
Солардың бір легі тақырып аясы жағынан халықтың тарихи қасіреттеріне, автордың өз тағдырына байланысты айтыла келіп, замананың сыры, елдің мұңы ретінде өнер туындысы болып шырқалады. Бұған Шалтабайдың «Менің атым Шалтабай», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Бозторғай», «Бұлбұл», Қапездің «Дүние-ай», «Айхой», «Меркі», Таңжарықтың «Амандасу» сияқты әндерін жатқызуға болады. Бұл әндер өзінің ішкі психологиялық иірімімен, филисофиялық ой өзегімен, өлең мәтіндерінің ән әуенімен қабысып, бірлік тауып, халық көңіліне жол табады
Батыс Қазақстандық әншілік мектеп– еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей Ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.
Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр, Ғарифолла Құрманғалиевпен үзеңгілес өнерпаз ретінде Әли Құрмановтын есімін құрметпен атай аламыз. Ғ.Құрманғалиев осы мектептің жеке арнаға айналып үлкен өнер саласы болуына көп тер төкті. Ғарифолла мектебінен шыққан оның шәкірттері – Қ.Бекбосынов,Қ.Орашева, Қ.Рахимова, А.Дәрібаева, Ж.Сәрсенғалиев. Қ Ақтаев. М.Төрешов, Қ.Бердіғалиев, Ә.Еңкебаев, Қ.Құлышева, С.Таутаева, С.Рахметжанов, С.Әбдірахманов, С.Жанпейісова, С.Мырзабаева, А.Қосанова, Қ.Кәкімовтар. Батыс өлкенің кәсіби ән мектебі эпикалық дәстүр негізінде дамыған. А.Жұбановтың: “Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде, әннің дамуында жыршылар да үлкен рөл ойнады” деген пікірі ән мен жыр егіз ұғым саналатын осы өлкеге де қатысты. Батыс өңірдегі жыраулық-жыршылық өнердің жергілікті әншілік мектептің қалыптасуы мен өркендеуіне зор әсері болғаны анық. Ғұрыптық фольклор, қара өлеңдерден бастау алып дамыған мәтөк әндер, күлдіргі әндер, сағыныш әндер, қоңыр әндер деп аталатын лирикалық туындылар батыс өлке дәстүріндегі ән жанрының кең тақырыптық ауқымын көрсетеді.
Батыс Қазақстан аймағының ән дәстүрі күні бүгінге дейін жете зерттелмей келгендіктен, осы өңірдегі небір тамаша әнші-композиторлар шығармашылығы елеусіз қалып келді. Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Аухат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар, т.б. көптеген әнші-композиторлардың шығармалары дер кезінде жиналмауы себепті, көптеген әндер жоғалып, ұмыт болған.
Алтай-Тарбағатай ән мектебі – қазақтың классикалық ұлттық өнерінің ішіндегі ең көне мектеп. Алтай-Тарбағатай әндерінің негізгі ерекшелігі: ғылыми тілде пентатоникалық дыбыс деп атайды. Бес ноталық дыбыстың айналасында құбылтып шырқалады. Пентатоникалық жүйеге құрылған Алтайдың әніне тән тағы бір ерекшелік бар. Ол болса – жай құлаққа шалына бермейтін, орындаушының өзі ғана сезетін иірімі. Бұны екінің бірі емес, нағыз халық аузында айтылатын «жер астындағыны еститін» адам ғана таба біледі деп айтуға болады. Осы иірімдерді толық таба білген орындаушы ғана халықтың жүрегіне жол табады. Алтай-Тарбағатай әншілік мектебі ҚХР-ның Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының жинаққа енген кәсіби әндері – атажұртқа бейтаныс халық әндерінен, сондай-ақ, Таңжарық, Аппақ, Сұлубай, Бүркітбай, Төлеухан, Жұмахан, Құмарбек Көпенұлы Шәушекей Керімқызы деген әнші-композиторлардың шығармаларынан тұрады.
«Сыр елі, жыр елі» деп келетін ерекшеленетін Сыр мектебінің еліміздің оңтүстік-батыс өңірі Қызылорда облысы Қазалы, Арал аудандарымен қатар, Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудан өңірлерін қамтитын жыраулық-жыршылық дәстүр, тарихы тереңнен қалыптасқан.Әр мектептердің өзіндік әуендік ерекшеліктерімен қалыптасқан, жыраулық-жыршылық дәстүрдің өзіне тән әуендік мақамдарымен ерекшеленеді. Сыр өңірінің әншілік мектептердің қалыптасып, сонау кездегі Қазтуған, Досмамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардан бастау алған, бертін келе Андағұл Балқы Дайрабай, Нартай, Ешнияз сал, Күмісай, Тоғжан, Рүстембек жырау, Әбілда Жүргенбаевтардың жалғасқан дәстүрін, бүгінде Мұхамеджан Рүстемов, Құрманбек Бекпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергенова, Берік Жүсіпов сынды өнер иелерімен жалғасын табуда.
Достарыңызбен бөлісу: |