31 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 0 49



Дата26.02.2016
өлшемі94.67 Kb.
#26892

31 қаңтар 2012, 12:09

Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет


   0 49



Сара АЛПЫСБАЕВА, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық талдау және болжам жасау орталығының директоры:
Сара Нұрбекқызы, күні кеше ғана Халықаралық валюта қоры дүние­жүзінде қалыптасқан жағдайға қа­тысты өз көзқарасын білдіріп, әлемдік экономиканың биылғы даму қарқыны 3,3 пайыздан аспайды деп мәлімдеді. Оның бәрі еуроаймақта болып жатқан қаржы тұрақсыздығына байланысты екен. Сіз Халықаралық валюта қоры­ның бұл мәлімдемесіне қалай қарай­сыз?

– Негізі, Халықаралық валюта қоры өз мәлімдемесін тым кеш жариялап отыр. Одан бұрын Дүниежүзілік банк әлемдік экономиканың даму қарқыны төмендейді деп болжап қойған. Онда да 2012-2013 жыл­дары Қазақстанның экономикалық өсу көрсеткіштері 5-6 пайыз аралығында бо­лады деп айтылған. Бірақ әлемдік дағдарыс әрбір мемлекетке әрқалай әсер етпек. Әрине, бұл рецессияның зардабы ең ал­дымен еуроаймақ мемлекеттеріне қатты тиеді. Әлемдік экономикаға төніп тұрған негізгі қауіп те сол жерден келіп тұр. Амери­ка Құрама Штаттарының экономи­касы – бұл қауіп-қатердің екінші аймағы. Ол жақта да экономикалық өсімнің тежелуі бай­қалып, мемлекеттік қарыз мәселесі өзекті болады. Меніңше, әлемдік экономика үшін «АҚШ-тың проблемасы» соншалықты маңызды емес. Себебі соңғы уақытта Аме­ри­ка экономикасында оң үрдістер байқа­лады. Әлемдік экономикадағы қауіп-қатер­лердің үшінші ошағы – ол Қытай және басқа да қарқынды дамушы мемлекеттер. Мәселен, Қытай ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында 9,2 пайыздық өсімге ие болмақ. Бірақ ол көрсеткіш 8 пайызға дейін тежеледі деген болжам бар. Осыған байланысты аспанасты елі өз саясатын қазірдің өзінде өзгертіп жатыр. Егер Қытай бұған дейін сыртқы саудаға басты басым­дық беріп келсе, ендігі жерде ол ішкі сұранысты барынша көтермек. Соның нәтижесінде елдің ішкі нарығындағы ин­вестициялардың көлемі артады. Міне, осылай, ішкі сауданы дамыту арқылы Қытай өз экономикасын нығайтуға тыры­сады. 



– Ал біздің экономиканың жағдайы қалай болмақ? 

– Халықаралық валюта қоры болжап отырғандай, дамушы елдердің эконо­микалық өсу қарқыны 5-6 пайыз болады. Қазақстан үшін бұл қауіпті жағдай емес. Көрші Ресей болса тек 3 пайыздан ғана асатын өсімге қол жеткізбек. Бұл Қазақстан экономикасының Ресейге қарағанда ана­ғұрлым тұрақты екендігін көрсетсе керек. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойын­ша, біз жалпы ішкі өнімнің 7,5 пайыз­дық өсуін қамтамасыз еттік. Бұл – айтарлықтай жетістік. Отандық тау-кен өндірісі 3,5 пайыздық өсімге қол жеткізсе, өңдеуші өнеркәсіп 6,2 пайыздық межеге дейін жетті. Байқап қарасақ, даму көрсеткіштері жағынан өңдеуші өнеркәсіп тау-кен өндірісін артқа тастап, алға шықты. Негізі, бізде ондай динамика алғаш рет болып отыр. Бұл тау-кен өндірісінің өсу қарқыны тежеліп жатыр деген сөз емес. Аталған салада өсім бар. Ол көбінесе экспорттық бағаның көтерілуімен байла­нысты. Жалпы, кейбір салаларда дамудың баяу көрсеткіштері байқалады. Ол – шындық. Себебі бірқатар тауарларға деген сұраныс төмендеп келеді. 



– Әлемдік дағдарыс жағдайында Қытай елдің ішкі нарығындағы сұра­нысты арттыруға ниетті болса, Қазақстан ол мүмкіндікті пайдаланып, экспортты барынша дамытуы тиіс пе? Жоқ, әлде ішкі нарықты барынша қорғау қажет пе? 

– Біздің экономикамыз Қытайдікі сияқ­ты үлкен емес. Сондықтан біз үшін экспорт маңызды. Дағдарыс басталған кезде сырт­қы сұраныс төмендейді. Әрине, он­дайда елдің ішкі сұранысын барынша дамыту қажет. Қытаймен салыстырғанда Қазақ­стан­ның экономикасы ондай үлкен емес екендігін ескерсек, сондай-ақ халықтың са­ны аз болғандықтан, біздің ішкі нарығы­мыз тез толып қалады. Халық­тың қаржысы таусылып, бизнестің мүмкіндіктері шектеле­ді. Сондықтан біз Қытай сияқты ішкі нарық­қа көп басымдық бере алмаймыз. Негізі, дағдарыс ел экономикасына қатты салмақ түсірген кезде мемлекеттің рөлі артады. Осы уақытта мемлекет бар қаржысын ха­лық­қа бөліп, бизнес саласын барынша қол­дауы тиіс. Сонда ғана елдің жалпы ішкі өнімі өседі. Мемлекеттің бұл жұмысы бюд­жет есебінен, я болмаса ұлттық қордың қаржысына жүргізіледі. Бәріміз жақсы біле­міз, соңғы жылдары Қазақстанның ұлттық қоры әжептәуір өсіп, 45 млрд долларға жуықтады. Демек, 2007 жылғы дағдарыстан бері еліміздің ұлттық қоры айтарлықтай өсті. Онда қажетті қаржы көздері бар. 



– Демек, дағдарыс бірінші кезекте біздің экспортқа соққы болмақ қой? 

– Иә, меніңше, бұл дағдарыс Қазақ­станға экспорт жағынан әсер етуі мүмкін. Қазақстандық тауарларға деген сұраныс төмендейді. Ол бағаның түсіп кетуіне әкеліп соқтыруы ықтимал. Ал жалпы алатын болсақ, ел экономикасының өсу қарқыны 5-6 пайыз болатыны болжануда. Біз үшін бұл жаман көрсеткіш емес.



– Бұрынғыдай Қазақстанның қаржы секторына қыруар қаражат салу қажеттігі туындауы мүмкін бе? Мемлекет банктердің қарызын жауып әлек болмай ма?

– Меніңше, жағдай оған жетпейді. Мен қаржы саласының маманы емеспін, сол себепті БТА банкі сияқты қаржы ұйымдары­ның даму болашағын болжай алмаймын. Білуімше, бүгінде олар сыртқы инвесторлар міндеттемелерін орындай алмай жатыр. Енді ол банктің болашағы сыртқы инвестор­лар мен Үкіметтің шешіміне байланысты. Бірақ ол – сыртқы мәселе. Ал ішкі нарықта бәрі тұрақты, қаржы жеткілікті. Басқа банктерді алып қарайтын болсақ, ондағы жағдай 2008-2009 жылдардағы ахуалмен салыстырғанда анағұрлым тұрақты. Себебі бүгінде олардың сыртқы міндеттемелері жоқ. Міне, осының бәрін ескеретін болсақ, осы жолы Қазақстандағы банктер бұған дейінгі дағдарыстың салдарына ұрынбайды деп ойлаймын.



Бәрімізге мәлім, бүгінде Үкімет әлемдік жағдайды ескере отырып, ел экономикасын қорғаудың «Б» жос­парын дайындап қойған. Осы жоспарды іске қосу қажет бола ма?

– Енді оның бәрі әлемдік экономикада болатын жағдайға байланысты. Бүгінде біз оны жіті бақылап келеміз. Ал жағдай ала-құла екенін бәрі жақсы біледі. Мәселен, бүгін Грекия өз мәселелерін шешіп жатыр десе, құнды қағаздар нарығындағы жағдай күрт өзгереді. Мұнай бағасы өседі. Ертеңін­де Грекияның мәселесі шешілмейтін болды деген ақпарат таралып кетсе, биржадағы бағалар күрт төмендейді. Сондықтан бүгінгі жағдай тек еуроаймаққа ғана тіреліп отыр. Ол өз мәселесін шешетін болса, бәрі дұрыс болады. Ал нақты бір шешімге келе алмай, еурокеңістік бөлініп кететін болса, бүкіл әлемнің экономикасы өзгеріске тап болады. Сіздің сауалыңызға нақты жауап беретін болсақ, егер мұнайдың бағасы ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде сақталса, онда Қазақстан ел экономикасын қорғаудың «Б» жоспарын іске қосуға мәжбүр болады. Ал мұнай бағасы 80-90 доллардан жоғары деңгейде сақталса, онда біз бюджет қара­жатымен-ақ барлық жұмысты тындыра аламыз. 



– Ал осы «Б» жоспары бізді қанша­лықты қорғай алады? Онда мемлекет экономикасын сақтап қалудың қандай да бір жаңа тетіктері қарастырылған ба? 

– Негізі, «Б» жоспары ел экономикасын сақтап қалудың жаңа бір тетіктерін енгізуді көздемейді. Онда өткен жылдардың тәжіри­бесі негізінде әзірленген сенімді іс-шаралар жоспары қарастырылған. Әрине, бюджет тапшылығы туындаса, ұлттық қор­ды ашуға тура келеді. Осыдан кейін біз бұған дейінгі тәжірибенің арқасында салын­ған сара жолмен жүретін боламыз. Ең алдымен әлеуметтік салаға қолдау көр­сетіледі. Бұдан кейінгі мәселе, ірі кәсіп­орындар өз қызметін қысқартып, жұмыс­шылардың санын азайтатын болса, ол адамдарды жұмыспен қамту мәселесі туын­дайды. Егер ол дағдарысқа байланысты қолға алынған уақытша шара ретінде басталса, онда мемлекет пен бизнес өзара бір келісімге келеді де, мемлекет жұмыссыз қалған азаматтар үшін уақытша жұмыс орындарын ашып береді. Бірақ дағдарыс өткеннен кейін кәсіпорын ол адамдарды қайтадан жұмысқа алуға міндетті болмақ. Ірі өндіріс ошақтары сан алуан экономикалық қиындықтарға тап болғанда шағын бизнес те әлсірей бастайды. Оған да көмек керек болады. Бұл мемлекеттің үшінші бағыты болады. Ал төртінші бағыт бойынша болашаққа бағдарланған экономикалық бағдарламаларға негізгі басымдық беріледі. 2008-2009 жылдары дүниеге келген Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама осы жұмыстың айқын көрінісі бола алады. Сол сияқты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы немесе Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы да қазір емес, болашақта үлкен мультипликативті пайда береді. Бұл – жалпыға бірдей тәжірибе. 



– Биылдан бастап Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттері үшін Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды. Ал Кедендік одақтың жұмыс істеп жатқанына екі жыл толды. Қазіргі кезде «бұл экономикалық құрылымдар тек Ресей үшін ғана тиімді» деген әңгіме жиі айтылуда. Осыған байла­нысты өз ойыңызды білдірсеңіз...

– Бүгінде отандық импорттағы Ресейдің үлесі 40 пайызды құрап отыр. Демек, біздің импортымызға бұл ел қатты әсер ете алады. Бұл – тарихи факт. Оның да өзіндік себебі бар. Біздің ол тауарды сатып алуға мүм­кіндігіміз жетіп тұр. Сол себепті біз оның бәрін «ет жақын» көршімізден сатып ала­мыз. Мұны оң үрдіс деуге болады. Ең бастысы, өзіміз шығара алатын өнімді сол жақтан әкелмесек болғаны. Әрине, ресей­лік мұнай мен мұнай өнімдері әлі күнге дейін бізге молынан жеткізіліп, өндіріледі. Бізде де ондай өнім бар ғой. Сондықтан қазіргі кезде бұл мәселе қаралып, өзіміздің мұнай өңдеу зауыттарын отандық мұнайға көшіру жұмысы атқарылып жатыр. 

Кедендік одаққа келер болсақ, өткен жылды біз толығымен осы мәселеге арна­дық. Кедендік одаққа дейін біздің арамызда еркін сауда аймағы болды, яғни мемле­кеттер арасында баж салығы болмады. Кедендік одақ аясында бизнес үшін осы баж салығы жағынан қандай да бір маңызды өзгерістер болған жоқ. Бір атап өтер жайт, бұған дейінгі әкімшілік тос­қауылдар жойылды. Одан басқа үш елдің сауда саласында маңызды бір өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Қазіргі кезде біздің бизнес саласының бәсекеге қабілет­тілігін барынша көтеру қажет. Оған Үкімет өз қолғабысын тигізуі шарт. Бұл жұмыс бизнес үшін жағдай жасап, несие берумен шектелмей, Кедендік одақ аясын­дағы валюта айырбастау курсын реттеу сияқты одан да қиын әрі маңызды мін­деттермен байланысты болуы тиіс. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенше осы мәселелердің бәрін шешіп алғаны жөн. 

– ДСҰ демекші, осы ұйымға мүше Қырғызстан бүгінде Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағына кіруге ниетті. Оның бұл бастамасы біздің экономикамызға кері әсер етпей ме?

– Қырғызстан бұрыннан бері ДСҰ мүшесі болып келеді. Ол жерде аса төмен кедендік салық енгізілген, ел экономикасы ашық. Бас кезінде Кедендік одақты құру кезінде біз ондайдан барынша қорғануға тырыстық. Ал Қырғызстан үшін өз шекара­мызды қайтадан ашсақ, ол елдің тауары бізге ғана емес, Ресейге де тез таралып кетеді. Бұл жағдай біздің де, Ресейдің де көңілінен шықпайтыны анық. Сондықтан мен бұл мәселенің саяси жағынан қалай шешілетіндігін әзірше білмеймін. Бірақ оның одаққа мүше елдер үшін мүлдем тиімсіз екенін ашық айта аламын. 



– Қазақстанның бірыңғай валюта енгізу бастамасы әлі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Ресейдің премьер-министрі Владимир Путин, Беларусь елінің Президенті Александр Лукашенко да Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында ортақ валюта енгізуге болады деп санайды. Бірақ ол бастама – болашақтың еншісінде. Сіз экономист-маман ретінде бірыңғай валюта енгізу мәселесіне қалай қарайсыз?

– Жоқ. Ондай валюта бізге қажет емес. Мәселен, Еуроодақ елдерін алып қарайық­шы, бүгінде оларда бірыңғай валюта бар. Алайда ол валютаны жұмсау саласында әрбір мемлекетте өзіндік бюджеттік-салықтық саясат қалыптасқан. Енді қараңыз, бір мемлекет бәрін жұмсап қойды да, қазір ол үшін барлық Еуропа жауап беруі тиіс. Оларда ақша-несиежүйесі барлығына ортақ болса, бюджет саясаты әр елде әртүрлі. Барлық қаржылық мәселе осыдан басталады. Енді Еуропа әрбір мемлекеттің бюджет саясатын бақылауға кірісті. Міне, осы тәжірибені ескерсек, бізге бірыңғай валюта қажет емес деген тоқтамға келуге болады. Біздің қазіргі интеграциямыз әрбір елдің мүддесін қорғауға мүмкіндік беріп отыр. 



– Сара Нұрбекқызы, сіз қызмет етіп жатқан Экономикалық зерттеулер институтында әлемдік экономиканың даму барысы бақыланып қана қоймай, оның өсу, я болмаса тежелу болашағын бағамдайтын жұмыстар да атқарылады деп естігенбіз...

– Иә, ол үшін біздің институтымызда ақпараттық талдау жүйесі жүргізіліп келеді. Үкіметтің тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген бұл жүйеде біз күн сайын еліміз­де және әлем экономикасында қалыптасқан жағдайды бақылап, күн­делікті, апталық және айлық болжамдарды жасап отыра­мыз. Мәселен, біздің стратегиялық тауары­мыз – мұнайды алып қарайтын болсақ, оған байланысты болжамның бірнеше сценарийі әзірленді. Себебі Қазақстан үшін мұнайдың бағасы аса маңызды. Бұл – біздің басты экономикалық басымдығымыз. Институт мамандары жасап қойған бол­жамға сәйкес, егер алдағы уақытта мұнай­дың бағасы 65 долларға дейін түсетін болса, онда ел экономикасының даму көрсеткіші 4 пайызға дейін төмендейді. Мұнай 100 доллар тұрса, отандық экономика 6 пайыздық өсім шамасында болады. Ал мұнайдың құны 120 АҚШ долларына дейін көтерілсе, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 7,3 пайыздан асуы әбден мүмкін. 



– Бүгінгі таңда нақты болжам бар ма?

– Қазіргі кезде біз әлемдік қаржы институттары мен белді сарапшылардың болжамдарын барынша бақылап отырмыз. Әзірше 2008-2009 жылдардағы сияқты мұнай бағасының күрт төмендеп кету қаупі жоқ. Негізі, бүгінде Иранға байланысты Парсы түбегінде қалыптасқан жағдай мұнайдың әлемдік бағасын жоғары дең­гейде ұстап отыр. Бұдан басқа ОПЕК елдері жасаған мәлімдеме, оның ішінде мұнайдың негізгі тасымалдаушысы – Сауд Арабия­сының мұнай бағасын 100 доллар көле­мінде ұстау ниеті де қуантады. Олар өнімнің тасымал көлемін осы бағаға сай етіп реттеуге тырысады. Олай болмаса, ол елдер үшін мұнайды өндіру тиімсіз. Сон­дық­тан оның алдындағы дағдарыс сияқты қандай да бір үлкен тұрақсыздық болады деп айту дұрыс емес. Қазақстанның экономикасына төніп тұрған нақты қауіп-қатерлер жоқ.


Алашқа айтар датым...

Біз экономика сияқты нақты ғылымдардың маманы болсақ та, ырымшыл халықтың баласы ретінде жаман ойдан аулақ болуға тырысамыз. Сондықтан дағдарысқа қатысты неше түрлі қорқынышты болжамдар айтылса, ол міндетті түрде келеді деп білеміз. Ал осы жолғы дағдарыс туралы сөз қозғаған кезде бір нәрсені есте сақтаған жөн: әлемдік экономика құлдырайды деп ешкім жар салып жатқан жоқ. Халықаралық валюта қоры дүниежүзі экономикасының даму деңгейі тек 3,5 пайыздың шамасында ғана болады деп мәлімдеп отыр. Онымен әлем экономикасы құлдырап кетпейді ғой. Бұл жерде экономикалық даму көрсеткіштерінің тежелуі жайында айтылып жатыр. Сол себепті халықты дүрліктірмей, ашығын айту қажет. Бұл дағдарыс – әлемдік экономиканың уақытша тежелуі. Осы өтпелі кезеңнен кейін бәрі өз орнына келеді де, экономика қайтадан өсе бастайды.
Автор: Арман АСҚАР

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет