35-бап. Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан;
2) іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан;
3) егер рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, соның салдарынан;
4) қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай;
5) осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауынан, сондай-ақ осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде;
6) егер жасаған іс-әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын заң қолданысқа енгізілген болса не Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы оған байланысты болатын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда;
7) егер адамға қатысты соттың нақ осы айыптау бойынша заңды күшiне енген үкiмi не соттың қылмыстық қудалаудың мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн, күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
8) егер адамға қатысты қылмыстық қудалау органының нақ осы күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
9) iс бойынша іс жүргізу өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, егер қылмыстық заң тыйым салатын іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған адамға қатысты болса;
10) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның келiсiм беруден бас тартуына байланысты;
11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеп-тексеру, сондай-ақ заңсыз жолмен табылған мүлікті, тәркіленуге жататын, келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін ақша қаражатын және өзге де құндылықтарды анықтау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты тоқтатылуға жатады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер қолданылса, олардың болуы дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
3. Іс бойынша іс жүргізу осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша және күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының зиян келтiруi құқыққа сыйымды болып табылған не күдікті, айыпталушы немесе сотталушы іс-әрекетті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оны қылмыстық құқық бұзушылық деп тануды және қылмыстық жауаптылықты жоққа шығаратын мән-жайлар кезінде жасаған жағдайларда тоқтатылады.
4. Егер арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсететін адам (қорғалуға құқығы бар куә), күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері, ал осы баптың бірінші бөлігінің 11) тармағында көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 66-бабының екінші бөлігінде санамаланған, адвокатпен қатар күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны қорғауды жүзеге асыру құқығы бар адамдар бұған қарсылық бiлдiрсе, қылмыстық істі осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатуға жол берiлмейдi. Бұл жағдайда іс бойынша iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiздер болған кезде адамды жазадан не қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығару арқылы аяқталады.
Қылмыстық iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4), 9), 10) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтату туралы шешiм қабылдау үшiн жәбiрленушiнiң немесе оның өкілінің келiсiмi талап етiлмейдi.
Қылмыстық істі тоқтату сонымен бір мезгілде қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғады.
5. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктеу мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көрсетілген негiз бойынша қабылдануға жатады. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толса да, психикалық дамуы жағынан психикасының бұзылуына байланысты емес артта қалуы салдарынан өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толық түйсіне алмаған және оларды игере алмаған, кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм де осы негiз бойынша қабылдануға жатады.
6. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы шығарады.
Прокурор істі басты сот талқылауында қарау басталғанға дейін оны соттан кері қайтарып алуға және осы бапта көзделген негіздер бойынша тоқтатуға да құқылы. Прокурор істі соттан кері қайтарып алғаннан кейін оны тоқтату үшін ол бойынша жаңадан сотқа дейінгі іс жүргізу өткізуге және оны сотқа қайтадан жіберуге жол берілмейді.
7. Мемлекеттiк айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жекеше айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қарауды жалғастыруға кедергi келтiрмейдi.
8. Сот қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда қылмыстық iстi тоқтату туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
9. Қылмыстық қудалау органдары және соттар қылмыстық іс тоқтатылған кезде, адамның әрекеттерінде әкімшілік немесе тәртіптік құқық бұзушылық белгілері болған кезде материалдарды әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін он тәулік ішінде уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) жіберуге міндетті.
Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3) кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы ұйымдарға: адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларының негізінде оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді;
Достарыңызбен бөлісу: |