482-бап. Энергиямен жабдықтау шарты



Дата11.06.2016
өлшемі58.47 Kb.
#127824
Қазақстан Республикасының азаматтық кодексi

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шiлдедегi N 409 Кодексi


Егемен Қазақстан газетi, 1999 жыл, 17 шiлде N 150-157

Параграф 5. Энергиямен жабдықтау

      482-бап. Энергиямен жабдықтау шарты

      1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке (тұтынушыға) жалғанған желi арқылы энергия беруге мiндеттенедi, ал абонент алынған энергия үшiн ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзiнiң қарауындағы энергетика желiлерiн пайдалану қауiпсiздiгiн және энергияны тұтынуға байланысты пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтардың ақаусыздығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      2. Энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы). P05009S
      3. Тараптар үшiн мiндеттi болып табылатын энергиямен жабдықтау шартының талаптары осы Кодекске және басқа да заң актiлерiне сәйкес белгiленедi.

      483-бап. Энергиямен жабдықтау шартын жасасу және ұзарту

      1. Энергиямен жабдықтау шарты абонентпен онда энергиямен жабдықтаушы ұйымның желiлерiне жалғанған қажеттi жабдық болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жасалады.
      2. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда белгiленген тәртiппен абоненттi жалғанған желiге алғаш рет iс жүзiнде қосылған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.
      Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, мұндай шарт белгiсiз мерзiмге жасалған болып есептеледi және осы Кодекстiң 490-бабында көзделген негiздер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
      3. Мерзiм аяқталғаннан кейiн энергиямен жабдықтау шартын тоқтату немесе өзгерту туралы тараптардың бiреуiнiң өтiнiшi болмаған жағдайда ол шартта көзделген дәл сондай мерзiмге және нақ сондай талаптар бойынша ұзартылған болып есептеледi. Шартты жаңа мерзiмге ұзартқан кезде тараптардың келiсiмi бойынша оның талаптары өзгертiлуi мүмкiн.
      4. Егер шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн тараптардың бiрiнен жаңа шарт жасасу туралы ұсыныс енгiзiлсе, тараптардың қатынастары жаңа шарт жасалғанға дейiн бұрынғы жасалған шартпен реттеледi.
      Ескерту. 483-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.01.08 N 376 Заңымен.

      484-бап. Энергия мөлшерi

      1. Энергиямен жабдықтаушы ұйым шартта көзделген мөлшерде және тараптар келiскен энергия беру режимiн сақтай отырып, абонентке жалғанған желi арқылы энергия беруге мiндеттi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент қабылдаған энергияның мөлшерi оның нақты тұтынылуы туралы есеп деректерiне сәйкес анықталады.
      2. Энергия берудi шартта келiсiлмеген мөлшерде қамтамасыз етуге байланысты энергиямен жабдықтаушы ұйым шеккен шығындарды өтеген жағдайда шартта абоненттiң өзi алатын энергияның шартта белгiленген мөлшерiн өзгертуге құқығы көзделуi мүмкiн.
      3. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда ол энергияны өзiне қажеттi мөлшерде пайдалануға құқылы. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент алған энергия мөлшерi есептеу аспаптарының көрсеткiштерiмен, ал олар болмаған кезде - есеп айырысу жолымен анықталады.

      485-бап. Энергия мөлшерi туралы шарт талаптарын бұзудың


                зардабы

      Егер энергиямен жабдықтаушы ұйым жалғанған желi арқылы абонентке энергияны шартта көзделгенiнен аз мөлшерде берсе, заң актiлерiнде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 419-бабында көзделген ережелер қолданылады.

      486-бап. Энергияның сапасы

      1. Энергиямен жабдықтаушы ұйым беретiн энергияның сапасы мемлекеттiк стандарттарда және стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарда белгiленген немесе шартта көзделген талаптарға сәйкес болуға тиiс.


      2. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергияның сапасына қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, егер заң актiлерiнде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 491-бабында көзделген ережелер қолданылады.

      487-бап. Абоненттiң желiлердi, аспаптар мен жабдықтарды


                күтiп ұстау және пайдалану жөнiндегi мiндеттерi

      1. Абонент өз пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың тиiстi техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, энергияны тұтынудың белгiленген режимiн сақтауға, сондай-ақ авариялар, өрт, энергия есептеу аспаптарының ақаулы болуы және энергияны пайдалану кезiнде туындайтын өзге де кемшiлiктер туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға дереу хабарлауға мiндеттi.


      2. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi.
      3. Энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйiне және оларды пайдалануға қойылатын талаптар заңдармен белгiленедi.
      4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерiн абонент пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн бақылау үшiн аспаптарға жiберуге мiндеттi. Олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртiбi заңдармен белгiленедi.

      488-бап. Энергияға ақы төлеу

      1. Егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, энергияны есептеу деректерiне сәйкес белгiленетiн, абонент iс жүзiнде алған энергия мөлшерi үшiн энергия ақысы төленедi.
      2. Энергия үшiн есеп айырысу тәртiбi заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленедi. P05009S

      489-бап. Абоненттiң энергияны басқа тұлғаға беруi

      1. Абонент жалғанған желi арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымнан өзi алған энергияны басқа тұлғаға (қосалқы абонентке) энергиямен жабдықтайтын ұйымның келiсуiмен ғана бере алады.
      2. Абоненттiң қосалқы абонентке энергия беру жөнiндегi шартына, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтағы ережелер қолданылады.
      3. Қосалқы абонентке энергия беру кезiнде, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның алдында абонент жауапты болады.

      490-бап. Шартты өзгерту және бұзу

      1. Абоненттiң энергетикалық қондырғыларының мемлекеттiк энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi авария қаупiн туғызатын немесе азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге тараптардың келiсiмi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны үзiлiспен беру, тоқтату немесе шектеп беру туралы алдын ала ескертуге тиiс.
      2. Энергиямен жабдықтау ұйымы жүйесiнде аварияның алдын алу немесе оны жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану қажет болған жағдайда абоненттiң келiсуiнсiз және оған ескертпей, бiрақ оған дереу хабарлай отырып энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге жол берiледi.
      3. Заңдарда үздiксiз циклды өндiрiс үшiн энергия берудегi үзiлiске оның берiлуiн тоқтатуға немесе шектеуге жол берiлмейдi және заңдармен реттеледi.
      4. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда, бұл туралы ол энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлап, пайдаланған энергия ақысын толық төлеген кезде шарттан бiржақты тәртiппен бас тартуға құқылы.
      5. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтынуға пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым шартты орындауды тоқтатқанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей абонентке ескерткен жағдайда өзi пайдаланған энергияға абоненттiң ақы төлемеуiне байланысты шарттың орындалуын бiр жақты тоқтатуға құқылы.

      491-бап. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша жауаптылық

      1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент осыдан келтiрiлген нақты залалды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы).
      2. Егер заңдар негiзiнде жүзеге асырылған энергия тұтыну режимiн реттеу нәтижесiнде абонентке энергия беруде үзiлiс жасалған болса, энергиямен жабдықтаушы ұйым өзi кiнәлi болған жағдайда шарт мiндеттемелерiнiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапты болады.

      492-бап. Энергиямен жабдықтау шартының ережелерiн


                жалғанған желi арқылы жабдықтау жөнiндегi
                өзге де қатынастарға қолдану

      1. Жалғанған желi арқылы жылу энергиясымен жабдықтау жөнiндегi қатынастарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы параграфтың ережелерi қолданылады.


      2. Жалғанған желi арқылы газбен, мұнаймен және мұнай өнiмдерiмен, сумен, басқа да тауарлармен жабдықтау жөнiндегi қатынастарға, егер заңдарда, шартта өзгеше белгiленбесе немесе ол мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, осы параграфтың ережелерi қолданылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет