5-ТАРАУ. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ӘДІСНАМАСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ
5.1. Әдіснамалық зерттеу
Педагогикадағы ғылыми зерттеудің белгілері мен түрлері. Әдіснамалық арнайы талдау нәтижелерінде негізделіп педагогика саласындағы үдерістер мен нәтижелерді ғылым саласына жатқызатын белгілері бөлініп қарастырылады. Ондай белгілер төртеу. Олардың біріншісі – біз қоятын мақсаттар сипаты. Мақсат практикалық немесе танымдық болуы мүмкін. Мұғалім балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін практикалық мақсатпен сабақтар жүргізеді. Егер ол осы сыныпта қандай тәсілдер пайдалануға, осы жағдайларда өте жақсы нәтижеге жетуге болатыны туралы білім алса, бұл әзірге ғылым емес. Мұндай білім – эмпирикалық. Ал егер ғылыми танымдық деңгейде мақсат қойылса, яғни ғылыми негізделген оқыту әдісінің тәрбиелік қызметі түрлерінің тиімділігін анықтау сияқты мақсат қойылса, бұл танымдық мақсат болады да, алынған білім педагогика ғылымының қорына енеді.
Ғылымның екінші белгісі – зерттеудің арнайы объектісін бөліп қарастыру. Педагогика ғылымының объектісі – білім беру, яғни педагогикалық әрекеттің өзі нақты анықталған. Жеке педагогикалық зерттеу объектісі сол салаға жатады. Әр сәтте сол әрекеттің қайсыбір бөлігі зерттеледі. Үшінші белгі – танымның арнайы құралдарын қолдану. Мұғалім педагогикалық жұмыста оқыту мен тәрбиелеудің әдістерін, тәсілдерін, ұйымдастыру түрлерін, компьютерлерді, кестелерді, кинофильмдерді және тағы басқаларды қолданады. Зерттеуші ғылымның эксперимент, модельдеу, болжам жасау және т. б. әдістерін қолданады.
Тағы бір, соңғы белгі – терминологияның бір мәнділігі. Бұл ғылыми қағидаға қойылатын міндетті талап. Әрине, бүкіл ғылымды зорлықпен, зомбылықпен бір мәнділікке әкелу мүмкін емес. Оның дамуы барысында түсініктер үнемі байып отырады, бағыттарға бөлінеді. Бұл заңды үдеріс. Бір ғылыми еңбектің – дипломдық жұмыс, диссертация, монография, мақала сияқты еңбектерінде – автор басты ұғымдарды дұрыс анықтауға және зерттеудің аяқталғанына дейін соны басшылыққа алуға тиіс. Арнайы ескертпейінше, терминді әр түрлі тұрғыда қолдануға оның құқығы жоқ.
Сонымен, қайсыбір шығарманың немесе жазылымның ғылымға жататындығы, мақсаттың сипаты, зерттеудің арнайы объектісінің бөлініп қаралынуы, адамның арнайы құралдарының пайдаланылуы, терминологиялық бір мәнділік сияқты белгілері бойынша анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |