Ә.Байділдин (жалғасы): «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімқан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақ тәсілімен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек – деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым – деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек – деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек – деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.
Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдонғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.
Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Кеңесу Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов , Нұрмақов, Жандосов, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».
Оның 1929 жылы шiлденiң 25 күнгi берген, тасқа басылғанда 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетіндісі – ең басты айыптаушы айғақтың бірі болды. Сондықтан да оның бәрін қамту мүмкін емес. Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік.
«Байдильдиннің жауабы. 25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚССР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады».
Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғылықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады:
«1920 - жылы І Қазақ сьезі өтті. Оның негізі сонда анықтала түсті. Әртүрлі көзқарастардың өзара үйлеспеуі жікшілдікке негіз қалады» – деген пікірді сабақтап келеді де оны рушылдыққа әкеп телиді.
Біздің ойымызша, ол көзқарастардың астарында ұлттық мүдде жатты. Тек қазақ қайраткерлерінің арасындағы саяси күрестің тәжірибесі жетпегендіктен де, олардың өзара пікір таласы жеке бастарының ымырасыздығына жол ашты. Өкініштісі сол, мұның барлығын хаттап, қағазға түсіріп отырған большевиктер де, кейіннен «қужақшыл» голщекиншіл тергеушілері де өте шеберлікпен пайдалана білді. Бұдан әрі:
“... Ол сьезде, ұмытпасам, Әділев Байсеиіт пен Мыңбаев (Ақмолалық) және басқалар сөйледі. Әрбір жақ өзінше сьездің шешіміне әсер етуге, әсіресе, үкіметтің құрамына ықпал жасауға тырысты. Әрбір топ өзінің көсемін жетекшілікке ұсынды, яғни, КЦИК-тің төрағалығына Байтұрсынов пен Жангелдинді ұсынды.”- дейді Ә.Байділдин.
Ә.Байділдиннің көрсетінділерінің ұзына мазмұнынынан мағлұмдар ету үшін оның берген бір жауабының ара-арасынан үзінді келтіреміз. Өйткені бұл жауаптар «Алашорданың» қайраткерлерін (жиыны 30 адам) түрмеге қамауға себепкерлік еткен.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жиналдық. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер кеш аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса, Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс–әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп. жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi, керiсiнше, Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi есеп өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды. Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушыларының өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады».
Егерде, 1920-жылы Смағұл Сәдуақасовтың жиырма жаста ғана екенін ескерсек, оның өз құрбыларынан қаншалықты ілгерілеп кеткенін және өресінің олардан анағұрлым жоғары екенін аңғару қиын емес. Ол елінің мүддесі ерте есейткен азаматтың бірі болды. Ә.Байділдин бұдан әрі Смағұл мен өзінің арасындағы қарым-қатынас пен қайшылықтарды айта келіп, өзінің 1920-1929 жылдар арлығындағы өмірін жалықпай саяси астар бере хатқа түсірген. Бұдан аңғарылатыны: тергеуші де және жауап беруші де нысанаға Смағұл Сәдуақасовты алған. Ішінара Мұхтар Әуезовті де шаншып, екеуін қосақабаттап “ұлтшыл” етіп шығаруды көздеген. Біз Смағұл мен Мұхтарға қатысты тұсын ғана іріктеп алдық.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Оның сөзiн: бірінші жақтан: «Жойылсын ұлтшылдар!», екiншi жақтан: «Сөйлесін!», «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!» - деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап, қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да у-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.
Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақ та, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».
Бұдан әрі Әбдірахман Байділдин былай жалғастырады:
Ә.Байділдин (жалғасы): «Мәжiлiс жабылардың алдында М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М.Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұғындары арасындағы жағдайдың хал – ахуалы туралы өзара пікір алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», – дедi.
Мәжiлiсте: жергiлiктi жерлердегi жағдайлар туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр уәкілдіктер өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiндегi қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы – отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр» – деп тұжырым жасады».
Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы – өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан.Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді.
Әбдірахман Байділдин бұдан кейін мәжілістің мәнісін былай түсіндіреді:
Ә.Байділдин (жалғасы): Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың барлығы Әуезов баяндаған жағдаймен астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақта жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын – дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысын да атап өтудi ұсынды. Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды.
Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қортты».
Қазақ халқының мүддесін қорғауға тиісті шешуші сәтте Өлкелік партия ұйымының хатшысы Меңдеңшев ымырашылдық танытты. Бұдан кейінгі Орал, Торғай облысының қазақтары аштан қырылып жатқандығы туралы мәжілісте де шара қолданудың орнына «Алашорданы» әшкерелеп, оған Смағұл Сәдуақасовты теліп, Байтұрсыновты биліктен шеттетуді талап етумен шектелген. Екі жиналыста да Меңдешев қазақ халқының тәуелсіздік күресін «коммунист-колонизаторлармен» ымыраластыруға тырысқан. Соңғы жолы, ашаршылыққа қарсы комиссия құруға қарсы болған. Байтұрсынов табандап тұрып алған соң оның қазақ халқына арнап жазған Үндеуін шығартпай, комиссияға өзі төрағалық етуге мәжбүр болған. Ел-елді аралаға адамдардың соңына тыңшыны қосып жіберген.
Ә.Байділдин (жалғасы):«Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе – С.Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге салғаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс те қолдау керек деп шешiм шығарды (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы – С. Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды, және жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн білмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай, онда ұзақ отыратын».
31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:
М.Әуезов: «Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ. Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ комунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды. Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): Бірде ол (Сәдуақасов-Т.Ж.) менің бөлмеме келді. Бұл құрылтай өткеннен кейінгі 11-12 тәуліктің бірі болатын. Ол әңгімені сондай салмақты зілмен бастады. Ол: отаршылдар мені қудалауын тоқтатқан жоқ, керісінше, мені партиядан шығарып тастатуы да мүмкін – деді. Сондықтанда – деді ол, - бір батыл қадам жасағым келеді, бірақ не істерімді өзім де білмеймін. Әуезов маған Ташкентке ауыс, содан әрі басмашыларға қосыласың – деп ұсыныс жасапты. Әуезовтің бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместігін, бірақта ол туралы менің пікірімді білгісі келетінін айтты (209-бет.)
Мен Смағұлға не айтарымды білмедім. Оның жағдайының сондай қиын екенін және көңілінің қобалжып жүргенін білетінмін. Алайда менің оның дәл осындай ойда жүргенін және баcмашыларға қосылып кетуге келісім бергенінен мүлде хабарсыз едім әрі ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған дәл осындай келеңсіз кеңес берген – обком партияның мүшесі және КЦИК-тің саяси секретары Әуезовтің пікірі түсініксіз, оғаш көрінді. Мен біздің мақсатымызды (ұлт мәселесі жөнінде жүргізіп отырған партияның бағдарламасын) басмашылардың мүддесімен сәйкестендіре алмадым. Мен өзімше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебір шірік мақсатты көздеді ме деп ойладым. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақусовты құртып, біздің арамыздағы көсем өзі болғысы келді ме екен деп топшылаймын. Себебі: ол кезде біздің мақсатымыз ортақ болса да, әрқайсымыздың жершілдік, рулық тұрғыдан алғанда да жекелеген ішкі мүддеміз бар ед: Әуезов – семейлік еді, ал біз – Сәдуақасов екеуміз – ақмолалық едік. Соңғы мәселе – Әуезовтың көкейін тескен шешуші мәселе сияқты боп көрінді маған.
Бұл ойымның барлығын Сәдуақасовқа ашық айттым және Әуезовтің ұсынысын қабылдауға түбегейлі қарсы болдым. Мен оған демалыс алып (ІІІ том. 174-бет) Мәскеуге бар, одан ауылға барып тынық, жақсылап тұрып демалған соң жұмысыңа қайтіп ораларсың- деп кеңес бердім. Содан кейін тағы да: мүмкін сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтіп бұрынғы жұмысыңды істей бересің-дегенді айттым. Бұған қоса мен: соңғы кезде сенің беделің өте қатты өсіп келеді, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзіңнің жаңа жақтастарыңды таптың, сондықтанда өз болашағың үшін мазасызданудың қажеті жоқ – деп оны жұбаттым…Келесі күні ол демалыс алды да Мәскеуге жүріп кетті.
Иә, жалындап тұрған жас жігіттің кеудесіндегі өртін “отаршыл-коммунистер де” (С.Сәдуақасовтың өз сөзі – Т.Ж.) өшіре алмаған. «Коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл-қайтратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институтын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға ешкімнің де дәрменi жетпедi. Бұл үш адам туралы деректердiң Мұхтар Әуезовтiң iсiне тiркелуiнде және оған ерекше мән берiлуiнде үлкен кiлтипан бар едi.
Ежов жиырмасыншы жылдары Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары болды. Онда Семей – Қазақстанға бағынбайтын, Батыс Сiбiр өлкелiк комитетiнiң құрамында едi. Сондықтан да губкомның жанындағы қазақ бөлiмшесi ғана ұлттық мүддемен шұғылданды. Сол бөлімшенің жауапты қызметкерлері Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов губерниялық партия комитеті жүргізіп отырған Ежов бастатқан большевиктердiң – Семейдің Батыс Сібірдің құрамында қалуы үшін жанталасып, Қазақстан автономиясын мойындамай, республикалық атқару комитетінен жолданған барлық шешімдерді қасақана орындамай, ұйымдық жұмыстарды тоқтатқан «коммунистiк отарлау» саясатын сынап, Семейдiң Қазақстанға тездетіп қосылуы үшін күрес ашқан едi. 1921жылы Орынбордан қазақ үкiметiнiң атынан Семейге арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов облыс белсенділерінің шұғыл мәжілісін ашып, Батыс Сiбiр губерниялық комитетiнiң Семейдегi құрамын таратып, оның орнына тікелей Қазақстанға қарайтын губ ревком құрып, екі ай көлемінде өзі төрағаның міндетін атқарды. Іле М.Әуезов төрағалыққа сайланды. Тамыз айында М.Әуезов Қазаткомның саяси хатшылығына тағайындалды. Қазақ бөлімін Ж.Аймауытов пен Х.Ғаббасовбасқарып қалды. Ұлт мүддесі үшiн тәуекелге барған iс өзiн-өзi ақтап, Семей облысы Қазақстанның құрамына бүтіндей қосылды.
Кiшкентай адам – ең үлкен кекшiл адам екендiгi ғылымда дәлелдеген шындық. Сол тұста «Бүрге», кейде «Кене» деп аталған бойы бiр қарыс Ежов та Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты қызметкері боп Орынборға келді. Әрине, мұндай батыл қимылы үшiн С.Сәдуақасовқа жақсылап тұрып «сыбағасын» тартты. Ежов ұйымдастырған Батыс Сібір ревкомына қарасты енді бұрынғы Семей губкомының шағымы 1921 жылы 9 тамыз күні «РКП (б) Қазақ өлкелік обкомының Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың теріс әрекеттері жөніндегі» арнайы отырысында қаралды.
«Хаттама.
Қатысқандар: Обком мүшелері жж. Костылевская, Струппе, Мырзағалиев, Петров, саяси ағарту бас басқармасының төрағасы ж. Кенжин, Қазақ орталық атткомының хатшысы ж.Досов, үгіт бөлімінің меңгерушісі ж. Шлейфер, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі ж. Сперанский, РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Фофанов.
Тыңдалды: РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Фофановтың Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың төмендегідей теріс әрекеттері: 1.Ешқандай себепсіз губаткомды және уездік аткомды таратқаны; 2.Губком мен губаткомның арасындағы байланыстың жоқтығына байланысты бөлімдердің арасындағы бытыраңқылыққа алып келген Кеңес жұмысы мен партия қызметін әлсіретіп алғаны; 3. С.Сәдуақасовтың Қазақ тұрғындарын орыс коммунистеріне қарсы қойып, оларды қазақ тұрғындарының ауыр жағдайына кінәлі деп айып таққаны; 4.Қазақтардың барлық әрекетін қолдап, кеңес өкіметінде істейтін орыс қызметкерлерін айыптағаны; 5. Губаткомның губревком болып өзгергенін жүзеге асқан шара ретінде Орталық Қазаткомның атына жалған ақпарат жолдап, Қазаткомға жалған ақпарат бергені – туралы баяндама жасады.
Достарыңызбен бөлісу: |