ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы
Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға сарапшысы
А.А. Ахметова
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызы мен жалпы көрінісі
Нарық пен бәсекелестік заманында бүкіл әлем әлеуметтік-саяси, мәдени және экономикалық қақтығыстар мен өзгерістер ордасына айналып, ғаламдық жаһандану үрдісі жүруде. Әлемнің түпкір-түпкірінде түрлі себептердің негізінде туындаған наразылықтар, келіспеушіліктер мен жан түршігерлік лаңкестік әрекеттер, адамдық қасиетке жат келеңсіз жәйіттерге толы елдер қазірдің өзінде аз емес. Бұл жерде, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген халықтың аталы сөзі еріксіз еске түседі.
Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, ұстанған саясаты бейбіт, дана және қонақжай елдің қатарына жататыны жаныңа тыныштық сыйлайды.
Бұл – біздің Ұлт көшбасшымыз Н.Ә Назарбаевтың көреген саясаткерлігі, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтау мен әрі қарай дамытуға бағытталған еліміздің бірегей моделін қалыптастырудағы ерен еңбегі.
Қазақстанның демократиялық мемлекет ретіндегі негізгі ұстанымы мен саяси-мәдени нысаны – төзімділік. Төзімділік – Қазақстан халқының үлгі етуге тұрарлық еркше қасиеті.
Осыған орай, еліміз бүкіл әлем халқына бейбітшілік пен тыныштықтың нығайып, дамуына орасан зор үлес қосуға бағытталған Форум – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу ді ұсынды. Бұл игі ұсыныстың иесі де, елімізде іске асуына дем беруші де Елбасымыз – Н.Ә. Назарбаев.
Демек, діннің қоғамдағы маңызы мен атқаратын рөлін толыққанды аңғарған ҚР Президенті Н. Назарбаев елордамыз Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізуге ұсыныс жасады.
Съезд – ерекше форум, әрі әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосуға, сонымен қатар халықаралық деңгейде рухани келіссөздер мен бітімгершілік келісім-шарт жасасуға бағытталған конфессияаралық келісім тұғырнамасы.
Осындай конфессияаралық сұхбаттастықты орнатуға бағытталған іс-шаралардың бірі 1986 жылдың қазан айы мен 2002 жылдың қаңтар айында Италияның Ассизи қаласында әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесуі болды.
Сөйтіп, 2003 жылғы 23-25 қыркүйек аралығында еліміздің елордасы Астана қаласында өркениеттер, ұлттар, конфессиялар мен халықтар арасындағы бейбітшілік саясатының, жоғарғы руханиятының тұрғысынан келісімді нығайту мен келіссөздерді орнатуға бағытталған бірінші Съездің өтуі игі бастаманың бірі. Бұл ізгі идеяның қолдаушылары – бүкіл әлемге танымал К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен, М.Горбачев және т.б. айбарлы саясаткерлер.
Құрылтайдың қорытындысы бойынша, дін көшбасшылары барша адамзат үшін бейбітшілік пен келісімді дамытуға, елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға негізделе отырып, бірауыздан Декларация қабылдады. Бірінші Съездің басты жетістігі – үш жылда бір рет дінаралық форумды өткізу жөніндегі шешімі.
2006 жылғы 12-13 қыркүйек айында Астанада халықаралық деңгейде бейбіт келіссөздерді орнатуға арнайы салынған «Бейбітшілік және келісім сарайында» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаетың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІІ Съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында өтті.
Съезд барысында баяндамашылар конфессиялар мен ұлттар арасындағы қайшылықтарды жою үшін әлем дінбасыларының басын қосып, дінаралық форум ұйымдастырған Елбасымызға өз алғыстарын білдірді. Екінші Съездің қорытынды бөлімінде діни алауыздықтар мен қақтығыстарды болдырмауға негізделген Декларация мақұлданды.
Келесі Съезд де Астана қаласында 2009 жылы 1-2 шілде аралығында өтті. Оған әлемдік дін өкілдерінің алпыстан астам делегациялары қатысты. Үшінші Съездің тақырыбы толеранттылық пен ынтымақтастықты құруға ықпал ете алатын дін көшбасшыларының рөліне негізделген. Бұл Форумға отыз бес елден жетпіс жеті делегациялар қатысып, келіссөз соңында ІІІ Съезд қатысушыларының үндеуін қабылдады.
2012 жылғы 30-31 мамырда еліміздің елордасында «Бейбітшілік және келісім – адамзат таңдауы» атты тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІV Съезі де сәтті өтті. Осы Съезд аясында Форум институттарының қалыптасуы жалғасып, діни көшбасшылар кеңесі құрылды. Сонымен, дүниежүзі мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысуы кезеңінде еліміз дінаралық сұхбат негізінде құрылған төрт Съезді басынан өткерді. Бұл – біздің Ұлт көшбасшымыз Н. Ә.Назарбаевтың бейбітшілік жолындағы ізгі бастамасы мен көреген басшылығының жемісі.
Ендігі дінаралық сұхбат қағидаларына негізделген Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің V Съезі ағымдағы жылдың 10-11 маусым аралығында Астанада өтеді. Алдағы Форум «Бейбітшілік және даму жолындағы дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлердің сұхбаты» деген тақырыбымен өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |