А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ
А.Б. Салқынбай - Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы
ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениеті көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы - өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де - халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Қараңғылықтың қамауынан алаш жұртын аршып алуға арналып, алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан” бастап, “Әліп-би”“ мен “Тіл құрал”, “Әдебиет танытқыш” атты зерттеулері мен маса болып ызыңдап елдің ертеңін ойлауға үндеген "Қырық мысал", "Масасы", қазақтың эпостық жыры «Ер Сайынның» алғы сөзі мен түсініктемелерін жазып, 1923 ж. Москвада шығаруы, ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялауы - оның есімін алтын әріптермен қазақ мәдениетінің шежіресіне жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметінің аса құнды тұсы Орынбордағы 1913-1918 жылдары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығаруы. Газеттің қазақ журналистика тарихында ерекше маңызға ие болуы, жарияланған мақалалардың ұлттық мәселелерді жүйелі саралап және ел өміріндегі ерекше қажетті жағдаяттарға арналуымен байланысты. Ел тағдырының келешегіне саналы түрде алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, дана саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.
Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терминдерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты. Қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдылану керектігін тап басып айту да – ақын ерлігінің бірі. А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты ұлы Абайға арналып жазылған мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі ретінде бағаланады. Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты алғаш рет ғылыми тұрғыдан зерделенген-ді. Ал қазақ халқының талай заманалар бойы аңсаған арманын көкжиек төріне шығарып, сол арқылы өзі де биіктеген ақын Сұлтанмахмұт Торыайғыров “Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов ... бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым” деп ұлт азаттық жолындағы күрескер алаш азаматтарын ардақтаған. Ия, қазақтың бір туар арыстары бірін-бірі осылайша марқайта мадақтай, еңбегін бағалай білген.
Қазақ сөзінің қисынын (теориясын) қиыстырып, көркем сөйлеу тілін ғылым тіліне айналдырып, тіл-құрал етіп әдіптеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінде де көшбасшы болып, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің негізін қалады. Қазіргі таңда Байтұрсынұлы жасаған бүкіл терминдер қазақ тіл білімінің метатұғыры болып қалыптасып, тілдік тәжірибеде қабылданған, уақыт сүзгісінен өткен, қазақ тіл білімінің төл ерекшелігін танытатын құндылыққа айналған.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізгі теориялық тұғырын жасап, оның алғашқы қазықтарын қақты:
1. “Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі”,– деп Ахмет Байтұрсынұлы тілді адам санасындағы ойдың күрделі иірімдері мен әр түрлі психофизиологиялық құбылыстар арқылы қабылданатын ақпараттардың күрделі таңбалық көрінісі ретінде де тануға негіз жасады. Лингвистика теориясының аса күрделі мәселерінің бірі болып табылатын тіл мен ойлаудың арасындағы байланысты көптеген ғалымдар зерттегені белгілі. Бұл тіл білімі, философия, психология, мәдениеттану т.б. сияқты ғылымдардың тоғысуынан туындайтын күрделі ғылыми-теориялық мәселе.
2. Ежелгі көк түріктен келе жатқан бітіктің бірінде “Мөр кімнің қолында болса, сол - Сүлеймен” деген сөз бар, сол айтқандай, орыс үстемдігі тұсында қазақ әліпбиі сан ауысты. Алаштың азулы ұлдарының көзі тірісінде кириллицаны енгізуге қанша мықты болса да, үкіметтің шамасы жетпепті. Қазақ зиялылары таңдаған, қалың ел болып қолдап, қолданған Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы арқылы ұлт сауатын ашып, газет-журналдарын шығар бастағаны, 1929-40 жылдар арасында латын таңбасын енгізгені, 1938-дің қырғын-зобалаңынан соң, елдің еңсесін көтертпей, соғыс басталар алдында, заманауи апақ-сапақта кирилл таңбасын зорлап таңғаны да бүгінгіге тарих болғанымен, сол уақыттың шындығы еді.
Қазақ жазу ілімі ғылымының бастауы А. Байтұрсынұлы еңбектерінде алғаш қалыптасып, негізделді. А. Байтұрсынұлының жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуды жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергені екенін айту қажет. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А. Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Әріптің фонемадан аз болуы түркі тілдеріндегі сингармония заңының сөздің негізгі құрылымы мен мағыналық ерекшелігін аша алу қасиетімен байланысты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Қазақ тіліндегі жиырма төрт түрлі дыбысты таңбалаудың өзіндік ерекше жолы мен жүйесін ұсынған ғалым “қ” мен “ ғ” дыбыстарының ылғи жуан, “к” мен “г”, “е”-нің ылғи жіңішке айтылатынын ескерте отырып, былай деп жазады: “Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын “қ” мен “ ғ”-ны қосқанда дайым жіңішке айтылатын “к” мен “г”, “е”-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек”[1. 324].
“Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде” деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. “Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде” (328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі ғалымдардың мойындағаны, теориялық-тәжірибелік тұрғыдан анықтағаны тағы шындық.
“Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз” деуінде үлкен мән бар” [1. 322]. Демек, ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.
Ғалым дауысты дыбыстардың графемалық қасиетін – “буыншы әріп” ретінде танытады да, олардың мәнін, сөз құрамындағы мазмұндық сипатын ерекше талдайды. Сөз мағынасын анықтайтын дәйекші белгінің маңызын жіті түсіндіреді. Қазақ жазу ілімінің атасы А. Байтұрсынұлы “Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды” деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, “дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті” екенін анықтайды (359-360-беттер). “Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса”, тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады (380-бет).
Қазақ жазу үлгісін ағылшын, американ, француз, қытай жазуларымен салыстыра отырып, олардан ерекше екенін дәлел келтіре отырып анықтап, айтылу мен жазылу арасындағы сәйкестігі мол жазулардың қатарына төте жазуды да жатқызады. А. Байтұрсынұлы қазақ жазу ілімі ғылымының негізгі ғылыми-теориялық тұжырымын жасап, тәжірибелік жолын қалыптастырған, фонема мен графема арасындағы қатынастың тереңдігін дәл тауып, айтылу мен жазу арасындағы сәйкестіктің мүмкіндігінше мол, нақты болуына басты назар аударған тұңғыш ғалым.
3. Қазақ жазу үлгісіндегі тыныс белгілеріне де А. Байтұрсынұлы ерекше мән береді. “Әріптен басқа жазуда қолданылатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қойылған жоқ еді. Сүгіретке қарап, біреу олай, біреу былай деп атайтын еді” – дей келіп, негізгі тыныс белгілеріне қазақша ат қойып, бірінші рет айдар тағады: “тыныстық (.), жапсарлық (,), қосарлық (═), тастарлық (–), дәлдеулік (« »), сұраулық (?), лептеулік (!)””[1. 337]. Мұнан байқалатыны, қазақша тыныс белгілерге ат беру, олардың қойылу жолын түсіндіру автор үшін маңызды болған. Қазіргі кездегі тыныс белгі, қосу (+), сұраулық, лептік белгі, нүкте, үтір терімсөздерінің алғашқы жасаушы да А. Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз.
4. Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне, тіл жүйесін оқытуға да ерекше мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстана отырып (362-бет), “жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу, оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу” екенін нақтылайды.
5. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, ұлы зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінің басты салалары туралы ең алғаш қалам тартқан ғалым еді. Алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан“ бастап, “Әліп-би” мен “Тіл құралда” қазақ тіл білімінің басты әрі негізгі терминдерін жасады. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы оның тек тұңғыш оқу құралын жазғанымен өлшенбесе керек, ең бастысы алғашқы оқулық тілінің терең халықтығында, сапалылығы мен біліктілігінде. “Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген”,- дейді автор “Тіл құралдың” кіріспесі ретінде жазған “Сөз басында”. Яғни қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдыланған абзал. Ғалым мұны көрегендікпен айтқан. Қазіргі таңдағы тілдік жағдай бұған толық көзімізді жеткізіп отыр. Өзге де тілдік бірлік сияқты терминнің де мазмұны мен мағынасы бар, алайда өзге сөздердегіден ерекше өзіндік сипаты бар. Терминнің мағынасы мен мазмұны сәйкес келіп, бір-бірін анықтап, мағына мазмұнды ашса, термин терім сөз ретінде анықтала алады.
Ахмет Байтұрсынұлының жазған “Тіл құралының” өміршеңдігі мен қажеттілігі әр түрлі сипатта, әр алуан аспектіден бағалана алады. Оның мәнісі профессор Ө.Айтбаев зерттеуінде көрсеткендей “А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі, бір қарағанда, оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды” [2. 32]. Термин сөздер – теріліп алынған сөздер. Екінші сөзбен айтқанда, белгілі ғылым саласы бойынша қажетті ұғымды атау үшін теріліп, таңдалып алынған сөздер. Сонда термин сөзінің қазақша аудармасы да өзінен-өзі анықталады. Термин – терім сөз.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған термин сөздердің басты ерекшеліктері деп мыналарды көрсет:
-
анықталатын ұғымның дәлдігі;
-
таңбаланған атаудың қазақилығы;
-
терминнің жалқылық сипатының болуы;
-
терминнің нақтылығы.
Автор терминдерінің дәлдігі мен нақтылығын саралап, оның сапалық сипатын дәл бағалау үшін өзге жасалған терминдермен немесе басқа түркі тілдерінде, орыс тіліндегі жасалған терминдермен салыстыруға болар еді. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған кез келген термин сөзді мағыналық сипаты мен негізділігіне, уәжділігіне талдап қарауға, олардың соншалықты дәйектілігіне таңданып, таңырқауға болады. Терминдердің ең басты бір ерекшелігі таңдалып алынған сөздердің қазақша ұғымға сәйкес аталатыны. Қазақ балаларына түсінікті сөздер мен атаулар болғандықтан, оны оқыту да жеңіл. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Автордың өзі көрсеткендей, қазақ балаларын қазақша оқыту дегеннің ең тиімді жүйесі де осындай болса керек. Қазақша ойлаудан, сөзді қазақша түйсінуден туған терминдер. Оқушыларға әрбір термин туралы айтқанда, оның тілдік мағынасын ашудан бұрын, оның атаулық, сөздік мағынасын ашып алған тиімді болады. Яғни туынды сөзді немесе түбірді айтпас бұрын, осы сөздердің атаулық мағынасын ашып, анықтап көрсеткен жөн.
Туысқан түркі халықтарынан шыққан көрнекті ғалымдардың Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдердің уәжділігі мен негізділігіне таңданып, халық тіліне жақындығына барынша іш тартқанына, бізге қызыға да қызғана қарағанына қаншама рет куә болдық, баба рухы алдында тізе бүгіп, өзімізді ғалым ретінде бақытты сезінгеніміз, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ғалымның бар болғандығына шүкіршілік айтқанымыз да рас.
6. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің барлық салалары бойынша негізгі теориялық тұғыр қалыптастырушы көшбасшы. Оның фонетика мен лексикология, морфология мен сөзжасам, синтаксис мен әдеби тіл салалары бойынша жазған ғылыми деректері мен қисындары ерекше ғылыми зерттеуді қажет етеді.
7. Қазақ тіл білімінде көркем шығармадағы баяндау туралы, оның құрылымы туралы мәселені алғаш айтқан, ғылыми негізін салған Ахмет Байтұрсынұлы болған. Ахмет Байтұрсынұлы баяндау мен оның үлгілерін әдебиет теориясы тұрғысында терең қарастырған, мұның әдеби тіл теориясына да қатысы мол. “Әдеби танытқыш” деп аталатын зерттеуінде қара сөз бен дарынды сөз жүйесін ғылыми негізде талдайды. Қара сөз бен дарынды сөзге анықтама береді. “Қара сөз деп осы ұғым жүйелерінен сөйлейтін әңгімелерді айтамыз. Ұғым жүйесінің табы қара сөздің басы болады. Қара сөздің табынан түрін айыру керек. Тап жағынан бірге сөз түр жағынан бөлек кетуі ықимал. Көптен бері көп жұртта қалыптасқан түрлерін алғанда, қара сөз: 1) әуезе, 2) әліптеме, 3) пайымдама болып үш салаға бөлінеді,”– деп жазады ғалым [3. 397].
Бұдан әрі ғалым әуезеге мынадай анықтама береді “Болған уақиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағлұмат беру әуезе болады” [3. 397]. Әуезені іштей мәлімдеу, мазмұндай, қорыту деп үшке бөліп көрсетеді. Әуезенің тарауларына шежірені, заман хатты, өмірбаянды, мінездемені, тарихты және тарихи әңгімені жатқызады да, әрқайсысына анықтама беріп, өзіндік дәлелдемелер келтіреді.
Әліптеме туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: “Бір нәрсенің тұрпатын реттеп айтып, әлібін суреттеп шығару әліптеме болады. Дүниедегі түрлі нәрселердің, түрлі адамдардың, түрлі күйлердің бәрін де әліптеуге болады.” [3. 400].
Әліптеудің екі түрін көрсетеді:
-
Пәнді әліптеу;
-
Сәнді әліптеу.
Пәнді әліптеу дегеніміз, автордың көрсетуінше, “нәрсені пән мақсатымен алып, дәлдеп әліптеп, сыр-сипатын дұрыс танытып, нәрсе туралы дұрыс ұғым беру үшін істеледі” [3. 401]. “Сәнді әліптеуде қандай белгілерін алу әліптеушінің көздеген өз мақсаты бойынша болады” (Сонда).
Автор пайымдау туралы да терең ғылыми пікір айтады: “Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап, толықтырып баяндаса, баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе, ондай шығарма пайымдама деп аталады.” (Сонда). Автордың пайымдауынша, “әуезе, әліптеме түрлі сөздермен дүние әңгімесі біптейді. Әуеземен әліптеме дүниедегі жататынды, жасатынды нәрселдердің өздерімен олардың әдістерімен, жай-күйлерімен ғана таныстырады” .
“Дүниедегі нәрселердің барлығын, олардың қалай өмір шегетінін танумен білім тамам болмайды. Өйткені дүниедегі нәрселердің бәрі сабақтас, іліктес, құрмалас; ол сабақтас, іліктес, құрмаластығы белгілі себептер бойынша болып, себеп жүзіндегі белгілі бір заңға мойын ұсынып, сол заңның жолынан бұрылмайды. Ол заң – табиғат заңы; ол заң жолы – табиғат заңының жолы. Нәрселер арасында қандай сабақтастық. іліктестік, құрмаластықтың бар екенін ашу жағын, олардың бар болуы қандай себептер мен қандай заң бойынша екендігін айыру жағын пайымдап, ғалым адамдардың шығарған сөздері пән шығарма деп аталады. Пән шығарманың асылы пайымдама болады. Сондықтан пән шығарманың жалпы аты да пайымдама болады” – деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы [3. 401-402].
Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімінің көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының жазып қалдырған ұшан-теңіз мәні мен маңызы бар ғылыми мұраларын тереңдей зерттеп, ондағы танымдық, тағылымдық мәнді анықтау, зерделеу ХХ ғасырда мүмкін болмады да, бұл ғылыми борыш ХХІ ғасырға өтті... Бүгінгі ғылыми қауымның бұл тұрғыда ойлануы керек. Ойжасампаздықпен (креативтілік) үңіліп, ғылыми тағылымынан үйренеріміз көп, үйретері мол.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. - Алматы, Ана тілі, -1992, 324-бет.
-
Айтбаев Ө. Қазақ сөзі, - Алматы, 32-бет.
-
Байтұрсынұлы А. Ақжол. - Алматы, -1991, 397-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |