Абай және шығыс әдебиеті



бет1/2
Дата07.02.2024
өлшемі19.39 Kb.
#491229
  1   2
Абай және Шығыс әдебиеті


АБАЙ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘДЕБИЕТІ

Абай Құнанбаев – қазақ халқының ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтеріп, өз заманының ең басты мәселерін дәл айтып, дұрыс жолға, білім мен ғылым әлеміне бағыттай білген шоқтығы биік ұлы тұлға.


Абайдың шығыс әдебиетіне ден қоюы алғаш білім алу жолында жатыр. Бұл жайында «Абайтану» атты оқу құралында ғалым А.М.Картаева былай дейді: «Абай жас кезінің өзінде-ақ Шығыс әдебиетіне зор көңіл қойып оқиды. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген кезде ол араб, парсы, шағатай тілдерін жақсы меңгеріп шығады. Үш-ақ жыл медреседе оқып, шығыс тілдерін меңгеріп шыққан Абай шығыс әдебиетінің мол жауһарларымен оқып танысады. Ол шығыстың даналығынан сусындап, ғылымын игереді» [1, 38]. «Уақытында аз да болса ислам діні, ғылымы кіріп келе жатқан жаңа заманның ретімен Абай ғарапша, парсыша, түрікше кітаптарды көп оқып, олардың ішіндегі ғылымынан үлкен хабардар болды. Сол талаппенен қырда ғарапша, парсышаға Абайдан артық білетін ешкім болмады», - деген Абайдың тұңғыш биографы Кәкітай Ысқақұлы сөзі ақынның араб, парсы тілдерін жетік білгенін айғақтайды [2, 132]. Ал ғалым С.Қасқабасовтың айтқан пікірінде: «Сонымен ауылда еркін өсіп, халық поэзиясынан мол сусындаған Абай он екі жасында қала медресесіне түсіп, мұсылман дінінің қағидаларымен қатар жырақ елдердің көркем дүниесіне енеді, философияға толы ғақлия, дидактика әлемін шарлайды», - деуі ақынның мұсылман дінінің қағидаларымен қоса, шығыс әлеміне де еніп, шарлауын көрсетеді [3, 8].
Медресенің ауыр тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің шын сүйетін жандары – Науаи, Сағди, Қожа-Хафиз, Фзули сияқты ақындар болған. Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін тастамаған. Әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған. Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанында қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.
Бұл айтылған ойлар толығымен Абайдың шығыс поэзиясы классиктерімен алғаш танысуы медіреседе басталғанын дәлелдейді. Ғалым М.Мырзахметұлы да өз еңбегінде мұны тілге тиек етеді: «Шәкірт ақын ұлы классиктерге еліктеп, алғашқы өлеңдерін жазу үстінде Фзули, Шамси, Сейхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хафи аттарын тілге алып, жеті ақын классиктен медет тілейді. Соңыра балаң еліктеу, өнер салыстыру кезеңіне өткен соң да, шығыс поэзиясының жеті алыбын тереңдей окып, сынмен қарап шығармашылық тұрғыдан меңгеру үстінде толыға берген. М. Әуезов Абай шығармаларындағы шығыстық белгілерді іздегенде осы классиктерге мол аялдап, Абай және шығыс классиктері деген салада кұнарлы пікірлер айтып отырады.
М. Әуезов шығыс классиктерімен қатар Абай заманында, мектеп-медіреселерде қолданылған оқулықтар мен суфизм поэзиясының іpі өкілдері Қожа Ахмет Иасcауи, Сопы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани сияқты сопы ақындарды да Абайдың ақындық кітапханасының көлемі жайлы мәселеге ендіріп, ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» эпопеясында қатар сөз етіп, пікір қозғап отырады» [4, 250].
Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысы зор. Ол жайында ғалым А.М.Картаева «Абайдың ерекше ықыласпен оқып, аса құрметпен көңіл бөліп қараған келесі үлкен де маңызды арнасы – Шығыстың классикалық әдебиеті еді. Абайдың ақындық кітапханасынан да белгілі дәрежеде орын алғандығын зерлей зерттеген М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясында: «Араб, парсы тілінен, бұрынғы білген тілдерін қайта құрастырып алды... Ғабитхан кітаптарының ішінен көп асыл бұйымдар тапты.. Мұнда Фирдоуси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сэидбаттал гази», «Мың бір түн», Табари жазған тарих, «Жүсіп-Злиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғлы» сияқты хикая, дастандар бар», - деп 25 жасқа дейінгі Абай танымының шығыстық- түп-төркіндерін көрсетеді» деп ерекше атап өтеді [1, 38].
Абай Шығыстың классиктері Фирдоуси, Сағди, Нayаи, Низами, Физули, Хафиз, Жәми, Сәйхалидің т.б. шығармаларымен танысады. Шығыс классикасының ақынға әсер еткені соншалық, оларға еліктеп, өлең де жазады. Олар Абайдың алғашқы өлендерінің бірі болып саналады. Абай иран, түрік халықтарының әнгіме-жырларын да зор ықыласпен оқиды. Ақынның «Мың бір түн» ертегіcін, «Шаһнама», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көроғлы» дастандарын оқып, кейіннен шығыстық сюжет желісінде поэмалар жазғаны да белгілі.
М.Әуезов Абай шығармаларындағы шығыстық белгілердің ақынның бала кезінен өмірінің соңына дейін желідей созылып аркау болғанын айтады. Абайдың Шығысқа қатынасын М.Әуезов шығармашылығының екі кезеңде болғанын айтып, ажыратып береді. Абайдың «..жас кезінде (1860-1865) жай еліктеуден бастаса, еcейіп ержеткен шағында (1886-1904) Науаи мен Низамиға сырттай еліктемей, олардың дәстүрлерін творчестволық жолмен, сын көзбен қабылдады. Ақынның ең алғашқы «Иузи-раушан» өлеңі, таза еліктеуден туған туынды болса, «Фзули, Шамси» өлеңі Шығыстық мәдени мұраға жас ақынның талғаммен қарай бастағандығының белгісі.
Бұл жөнінде Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысын, Шығысқа қатысын кең көлемді арнайы зерттеген әрі бұл мәселеге тереңдеп барған ғалым М.Мырзахметұлы да баяндайды: «Осы екі кезең аралығында(1860-1862, 1886 – 1890) Абайда өнер, ғылым мен ақындық жолдағы шығыстық арна белгілердің өсу, толысу жолдары жатыр.
Бұл тұста Абай мектеп – медреселерде үстем болған Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Алаяр тәрізді суфизм сарынындағы ірі ақындармен қатар шығыс поэзиясының ұлы классиктері Низами, Науаи, Фзули, Сағди, Хафиз, Фирдауси, Шамсилерді, шығыс қисса-дастандары мен ғұлама ғалымдарды тесіле оқып, іштей түлеп, толысып келе жатқан ойшыл ақын тұлғасын көреміз. Абай өз халқының мәдени мұрасын меңгеру жолында шығыс классиктері мен суфизм поэзиясындағы ірі ақындарды оқығанда да сын көзімен екшей қарап, творчестволық тұрғыдан талғай білген. М. Әуезов Абайдың шығыс классиктеріне қарым-қатысын анықтағанда: «… Абайдың Науаи, Низами, Физулилер мен Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметі» типтес мистикалық суфизм әдебиетіне қатынасын өте қатаң түрде ажырату қажет», – деп Абайдың шығыс классиктері мен суфизм әдебиетіне қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді терең зерттеп, жете ажырату керектігін абайтанудағы елеулі міндеттердің бірі ретінде көтереді» [5, 22-23].
Сондай-ақ ғалым Абай шығармаларындағы шығыстық сарындардың ұшырасуын былайша жіктейді: «Абай шығармаларындағы шығыстық белгілерді шығыс классиктерінен іздестіре бастағанда, оларды негізінен: а) Абайдың махаббат лирикасынан; ә) дидактикалық өлеңдерінен; б) өсиет – үлгі сарындас өлеңдері мен әсіресе, қара сөздерінде жүйелі түрде өз танымын желілеп таратып отыратын толық адам жөніндегі ой-толғаныстарынан да жиі ұшыратамыз» [5, 25].
Ғалым Қ.Қ.Мәдібай да мынадай пікір айтады: «Шығыс жағасынан Абай ағынына құйған тұқым сала – араб, парсы үлгісі» [6, 162].
Абайдың Шығыс сюжетіне құрылған поэмалары жайлы сан-түрлі пікірлер бар. Олардың шығу төркіні қандай деген сұрақ төңірегінде ғалымдар өз еңбектерінде жауап іздейді.
Солардың бірі Ы.Дүйсенбаев «Ғасырлар сыры» атты кітабында осы тақырып төңірегінде ой қозғап, құнды пікірлер айтады: «Ескендір» поэмасы. Осы шағын поэманы оқығанда қандай қорытындыға келеміз? Ең алдымен, атағы бүкіл жер жүзіне жайылған Ескендірдің өміріндегі сан қилы оқиғалардың бірде-біреуiне тоқталмай, Абайдың тек өзіне қажетті осы бір шағын эпизодты таңдап алуында үлкен мән бар. Егер Абай ескі дәстүрді қуаттап, қайта жаңартқысы келсе, аңыздар мен тарихтағы Ескендір туралы мол деректерді пайдаланып, «Ескендір нама» болмағанмен соған ұксас дастан жазған болар еді» [7, 125]. Абай бүған әдейі барған жок, оған негізгі себеп: өз заманының мінін көріп, үстем тап өкілдерін улы тілімен аяусыз сынап келген реалист ақын сол ертедеrі өткен хан-патшалардың өнегелісі саналған Ескендірдің жиынтық жағымды бейнесін әшкерелеуді өзіне міндет етіп қояды. Міне осы арқылы өз тұсындағы ұсқынсыз, кертартпа, кесепатты көріністерді шенемек, даттамақ болады.
Абайдың екінші поэмасы— «Масғұт». Бұрын бұл шығарманың тақырыбы Шығыстан деген жалпылама жорамал болғанмен, оның қайдан алынғаны дәл көрсетілмей келіп еді. Мүрсейіт Бікейұлының қағазға түсірген Абай қолжазбаларының бірінде (1907 жылғы, қазір ол М. О. Әуезовтің әдеби- мемориалдық музейінде сақтаулы. - Ы. Д.) «Масғұт» поэмасының тұсына «Тургеневтен» деп жазылған ескертпе сөз көзге түсті, іздестіре келгенде бұл шығарманың тақырыбы И. С. Тургеневтің «Шығыс аңызы» деп аталатын шағын әңгімесінен алынғандығы анықталды.
Абайдың «Әзім әңгімесі» аталатын шығармасын шын мәніндегі поэма деуге келе бермейтін тәрізді. Ең алдымен бұл аңыз аяқталмаған, оқиғаның ақыры немен тынатынын және онда келесі жайлар қалай суреттелетінін, ақынның қандай идеяны yaғыздайтынын біз білмейміз, екіншіден, соңғы жылдардағы зерттеулер бойынша «Әзім әңгімесі», «Мың бір түндегі» (774-827 түндер) «Хасан зергер туралы әңгіменің» сюжет желісіне негізделіп құрылғаны анықталды. Ендеше бұл жайдың да өзіндік маңызы бар, ең болмағанда ертегінің де салқыны болуы ықтимал ғой.
М.О.Әуезов «Әзім әңгімесі» жөнінде былай дейді: «... 1927 жылы осы поэманың текстін, Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен — Ырыспайдың Ысқағы, Абай поэмасының ұмытылған, немесе ескірген қолжазбада өшіп калған кейбір жолдарын өз жанынан да «төлеу» салып, аламыштап жіберген сияқты, өйткені, поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол iшінде сөз құраулары Абайдың ақындык шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар».
«Әзім әңгімесі де» он бір буын қара өлең үлгісінде жазылған, ақын бұл шығармасында көбінесе баяндау әдісін қолданып, кейіпкерлерінің ішкі сезімдерін ашуға онша бара бермеген» [7, 131].
«Абайтану» еңбегінде де мынадай пікірді кездестіруге болады: «Абай ақындық, ойшылдық қуаты толысқан тұста шығыс сюжетіне негізделген «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әнгімесі» атты үш поэма жазады. Бұл дастандардың сюжеттері қазақ еліне бұрыннан таныс болған. Дәл осы сюжеттерді Абай орыс әдебиетінен табады. Ол сюжеттер орыс әдебиетіне Батыстан келген. Батыс Европа XIX ғасырдан бастап Шығыс әдебиеті көңіл бөліп зерттеп, ерекше шығыстың кейбір шығармаларын аудара бастаған болатын. Абайдың Батыс арқылы орыс әдебиетіне келген шығыс сюжеттерді жатсынбай, қазаққа өз тумасы ретінде жазып ұсынуы – заңды құбылыс» [1, 43-44].
Қорыта келгенде, Абайдың Шығысқа қатысты оқыған әдеби мұраларының анық санын айқындау мүмкіндігі болмағанымен, Абай оқыған Шығыстық дерек көздерін М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында жалпы жиыны 34 кітапты атаса, М.Мырзахметұлы, С.Қасқабасов, Қ.Салғарин т.б. ғалымдар Кеңес заманындағы идеологияның кесірінен М.Әуезов атамай кеткен басқа да көптеген Шығыс мұраларының аттарын абайтануға қатысты өз еңбектерінде кеңейтіп көрсеткен.
Абай және Шығыс әдебиеті бір-бірімен тығыз әрі ажырамас байланыстағы ұғымдар. Шығыс әдебиеті ұлы ақынның ақындық әлемге енуіне бастауы, ақын ретінде қалыптасуының кемел қайнар көзі іспеттес. Оған куә жоғарыда біз атап өткен ғалымдар пікірлері мен Абай өлеңдері және поэмалары. Абай ең алғаш білім алу жолынан бастап кемелденуіне дейін Шығыс әдебиетімен байланыста болды. Абай өлеңдері мен поэмаларына шығыстық белгілер арқау болды. Абайдың Шығысқа қатысы кең көлемді ойларды қамтитын, зерттеулерді қажет ететін тақырып.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет