Абдирасилова зауре садуакасовна қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі492.12 Kb.
#19311
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ 94:338.22 (574) «1861/1917» Қолжазба құқығында

АБДИРАСИЛОВА ЗАУРЕ САДУАКАСОВНА
Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы

(1861-1917 жж.)

(Қазақстанның оңтүстік аймағы материалдары бойынша)

07 00 02 - Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2008
Жұмыс Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасында орындалған
Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы, профессор Садықов Т.С.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Алтаев А.Ш.

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Әубәкірова Х.Ә.

Жетекші ұйым: Қ.А. Яасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті


Диссертация 2008 жылы «__» ________ сағат ___ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28 бас ғимарат) жанындағы БД 14.50.12 біріккен диссертациялық кеңесте қорғалады.

Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кіпапханасында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы «___» __________ таратылды

Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Т.Ә. Әлімбаев

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде өзгерістер болып жатқанда, оның өткен тарихи кезеңдерін түсіну мен зерттеудің маңыздылығының артатындығы белгілі. Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бергі жылдарда қоғамда көптеген өзгерістер, жаңарулар болды. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан бері ел экономикасын қазіргі заман талаптарына сәйкес дамыту шаралары жүргізілуде. Осыған орай, нарықтық шаруашылықтың ұлттық жобасын құрудың белсенді ізденістері басталды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекеттік қолдау көрсету, оның аясын кеңейту мәселелері жолға қойылып отыр. 2007 ж. Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауының он үшінші бағыты − шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі дәйекті іс-қимылға арналды [1, 11 б.]. Бұл міндетті жүзеге асыруда әлемнің дамыған елдерінің тәжірбиесіне сүйенумен қатар, отандық кәсіпкерліктің даму тарихына да назар аударудың мәні зор. Қазақстанға ресейлік отарлау процесімен қатар енген капиталистік қатынастардың ерекшеліктерін анықтау, бүгінгі нарықтық қатынастардың заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы, оның аймақтық ерекшелігін тиянақты түрде зерттеу - заман талабынан туындап отырған қажеттілік.

Қазақстанның оңтүстігі ерте дәуірлерден бері геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, этно-демографиялық және мәдени жағынан маңызды аймақ болып табылады. Бұл өлкенің осындай артықшылықтарын қазіргі уақытта тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін, оның экономикалық тарихына, әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған жергілікті кәсіпкерлікті дамыту нәтижелеріне объективті баға беру қажет.

Кейінгі жылдары отандық тарихнамада кәсіпкерлік мәселесі бойынша зерттеулер жүргізу жандана бастады. Тарих ғылымыдағы бұл өзгеріс, Қазақстандағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихына қатысты жаңаша тұжырымдамалар мен деректер қорын қалыптастыруымен құнды. Дегенмен, зерттеушілер тарапынан Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы кешенді түрде қарастырылмады. Белгілі бір саланың дамуының шынайы көрінісін жасау, оның барлық жақтары қамтылып, олар өзара салыстырылған жағдайда ғана іске асатындығы белгілі. Сондықтан, зерттеуде елдің оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылық және халыққа қызмет көрсету салаларында қалыптасып, дамуына басты назар аударылады. Сонымен бірге, кәсіпкерліктің дамуына әлеуметтік және этникалық тұрғыдан алғанда әр текті кәсіпкерлердің іскерлік мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдаудың ықпалына талдау жасау да өзекті болып табылады.

Осыған байланысты, бұл мәселенің зерттелуі өзекті болып табылады. Ол ең алдымен, 1861-1917 жылдардағы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерлік тарихындағы жетістіктер мен кемшіліктердің объективті бағалануына, сонымен қатар, жалпы Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудағы әр аймақтың өзіндік орнын, ерекшелігі мен маңыздылығын айқындауға мүмкіндік береді.



Диссертациялық зерттеудің негізгі нысаны 1861-1917 жж. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы болып табылады.

Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі кәсіпкерліктің қалыптасуының алғышарттары мен оның дамуына тікелей ықпал еткен ішкі және сыртқы факторлар, кәсіпкерліктің түрлері мен оңтүстік өлкеге тән ерекшеліктері, кәсіпкерлердің әлеуметтік және этникалық құрылымы зерттеу пәні болып табылады.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кәсіпкерлік теориясына арналған тарихнаманы негізгі үш топқа бөліп қарастыруға болады: шетелдік, ТМД елдері мен отандық зерттеушілердің еңбектері.

Шетелдік ғалымдардың ішінде «кәсіпкерлік» терминінің мәні мен мазмұнын кешенді зерттеуге А.Маршалл, И.Шумпетер, және т.б. батыстық ғалымдар өз еңбектерін арнады. Олар экономикалық теориядағы әр түрлі ғылыми көзқарастарға баға бере отырып, кәсіпкерлік пен оның қызметі туралы тұжырымдамалар жасады. Кәсіпкерліктің теориялық мәселелерінің одан кейінгі зерттелуін П.Друкер еңбегінен көруге болады. Ол «кәсіпкер» тұжырымдамасына толықтырулар енгізіп, кәсіпкерлік қызметке терең талдау жасап, кәсіпкерлік саласындағы басқарушылық қызмет аспектісін дамытты.

«Кәсіпкер» және «кәсіпкерлік» терминдерінің экономикалық мазмұнының тарихи қалыптасуын зерттеуге ТМД елдерінің В.Автономов, В.М.Воробьев, Л.Колесникова, С.К.Никитина және т.б. еңбектері үлес қосты. Аталған ғалымдардың зерттеулерінде ресейлік кәсіпкерліктің даму тәжірибесінің негізіндегі тұжырымдары ұсынылған.



Қазақстан зерттеушілері кәсіпкерліктің экономикалық ой тұрғысынан отандық нұсқасын жасауға ұмтылыс білдірді. Олардың ішінде О.Ж.Әлиев, Р.Т.Дуламбаева, Б.А.Жакупова және т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады. «Кәсіпкер» термині туралы ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі теориялар мен тұжырымдамалардың генезисіне О.Ж.Әлиев зерттеу жүргізіп, кәсіпкерліктің адамзат тарихында орын алған жеті кезеңін бөліп көрсетті.

Жалпы, кәсіпкерлік мәселесі бойынша экономикалық ойларды талқылай отырып, мынадай қорытынды шығаруға болады: экономикалық теорияда өндіріс және кәсіпкерлік процесінің басты ресурсы және факторы болып табылатын, кәсіпкерлік қызмет субъектісінің болмысын көрсететін, нақты «кәсіпкер» терминінің экономикалық категория ретінде жалпы қабылданған анықтамасы жоқ; экономика ғылымында кәсіпкерлік теориясын құрастыруға және кәсіпкерліктің экономикалық болмысын анықтауға мүмкіндік беретін фундаменттік негіз қаланған. Бірақ, оны жетілдіру үшін, кәсіпкерлік тәжірбиесі туралы жаңа заманғы және жергілікті тәжірбиелерді де ескеру керек.

Кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуын тарихи процесс ретінде зерттеу үшін, кәсіпкерлік тарихының тарихнамасын үш топқа, яғни революцияға дейінгі, кеңестік және қазіргі кезеңдерге жіктеуге болады.

Революцияға дейінгі дейінгі еңбектерде Қазақстанның экономикалық даму ерекшелігі әр түрлі аспектілер бойынша қарастырылды. ХІХ ғасырда қалыптасқан тарихнаманы, жалпылама экономикалық мәліметтер беретін А.И.Левшин, А.Н.Тетеревников, Е.Смирновтың еңбектері құрайды. А.И. Левшин қазақ қоғамындағы экономикалық қатынастарға, ал А.Н.Тетеревников қазақ даласындағы сауданың дамуына сипаттама жасады. Сырдария облысының саяси, экономикалық дамуы Е. Смирновтың еңбегінде қамтылды. Оның зерттеуі жалпы шолу сипатында қарастырылды.

Оңтүстік өлкенің отар аймаққа айналуы, патша әкімшілігінің отарлау саясаты жөніндегі еңбектер ХХ ғасырдың басында жарыққа шықты. Оның ішінде стратегиялық маңызды аймақтар мәселесі, оларды игеру жолдары И.В.Анчиков, И.И. Гейер еңбектерінде зерттелінді. И.В.Анчиков өз зерттеуін Түркістан өлкесін отарлау тақырыбына арнады. Аталған автордың еңбегі сол кезеңдегі қазақ қоғамына капиталистік қатынастардың енуі, кәсіпкерліктің тарихына қатысты фактілік деректер береді. Отар аймақтағы тұрпайы экономикалық қанауды тоқтатып, еркін капиталистік дамуды ұсынған авторлар да кездесті. Солардың бірі - И.И.Гейер. Ол Түркістан өлкесінің экономикалық даму деңгейінің төмендігі, өнеркәсіп орындарының ұсақ сипатта дамуы және капиталдың енуінің нашарлығын атап өтті. Аталған мәселелердің шешімін табу, несие жүйесін дамыту мәселесін көтеріп, ұсыныстар жасады.

ХХ ғасырдың екінші онжылдығында кәсіпкерліктің дамуы туралы жан-жақты мәліметтер беретін еңбектер жарық көре бастады. А.И.Добросмысловтың зерттеуінде Сырдария облысындағы қалалардың экономикалық дамуы, алғашқы кәсіпкерлер және олардың ұлттық құрамы, кәсіпкерлердің табысы, ақша айналымы туралы кең түрде жазылған.

Түркістан өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты шолу В.И.Масальский, В.А.Васильев еңбектерінде жасалды. Оңтүстік Қазақстан экономикасының капиталистік белгілеріне В.И.Масальскийдің еңбегінде назар аударылды. Онда мал шаруашылығы, өнеркәсіп және сауданың дамуы қарастырылып, капиталдың өнеркәсіпке қарағанда саудаға көп жұмсалғандығы, несиенің өсімқорлық сипатта болғандығы жайлы пікір білдіріледі. В.А.Васильев Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының пайда болуы, өнеркәсіп орындарының техникалық жабдықталуы, ондағы жұмысшылардың жағдайы туралы зерттеулер жүргізді.

Сауда-өнеркәсіп орындарының дамуы В.В.Заорская мен К.А.Александердің зерттеуінде талданды. Олар Түркістан өлкесіндегі өнеркәсіп орындары, олардың капитал айналымы, жұмысшылардың саны мен жағдайы, өнеркәсіптік салықтан түсетін мемлекеттік кіріс мәселелеріне көп көңіл бөлді.

Балық кәсіпшілігінің дамуы, осы саладағы кәсіпкерліктің қалыптасу тарихы Л.С.Берг және В.И.Майснер және т.б еңбектерінде зерттелді. Л.С.Берг өзінің еңбектерінде Сырдария және Арал теңізіндегі балық аулау кәсіпшілігі жөнінде көлемді зерттеулер жүргізді. В.И.Майснер Жетісудағы балық кәсіпшілігінің даму мүмкіндіктерінің жоғары екендігі жайлы пікір білдірді.

Қарастырып отырған аймақтағы мақта өсіру саласындағы кәсіпкерліктің тарихы А.Ф.Губаревич-Радобыльский, С.Г.Гулишамбаров зерттеулерінде қарастырылды. А.Ф.Губаревич-Радобыльский Түркістанның Ресеймен және басқа да Азия елдерімен сауда байланысы, ондағы тауар айналымы және елдегі мақта өсірудің қолға алынуын зерттесе, С.Г.Гулишамбаров Түркістан өлкесіндегі мақта кәсібі мен кеден және баж салығы тарихына назар аударды.

Қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстанның экономикалық жағдайы ХХ ғасырдың басындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің еңбектерінде талданды. Олардың ішінде Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев және С.Асфендияровтардың еңбектерінің маңызы зор. С.Асфендияров ресейлік капитализмнің қазақ даласына ену жолдары мен түрлерін айқындау қажеттілігін атап көрсетті және сауда капиталы туралы мәселеге көңіл бөлді.



Кеңестік дәуірдің зерттеушілері патша өкіметінің саясатындағы оңтүстік аймақтың орны мен патшалық отарлау ерекшелігі, жүргізілген әкімшілік реформалар нәтижесі, қазақ қоғамының саяси-экономикалық дамуы, қоныстандыру нәтижелері жөнінде құнды еңбектер жазды.

Түркістан өлкесінің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайының өзгеруін, өнеркәсіп дамуының отарлық сипатын алғашқылардың бірі болып П.Г.Галузо зерттеді. Ол шаруашылық түрлерінің дамуына, өлкедегі мақта шаруашылығының өркендеуі, ондағы кәсіпкерлердің еңбегіне талдау жасады.

Осы кезеңдегі Қазақстанның этникалық, саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеуге Э.Герасимов және Т.К. Литвиновтар үлес қосты. Революцияға дейінгі Қазақстандағы сауда мәселесінің түрі және сипаты мәселесін Т.К.Литвинов зерттеді. Ол бай қазақтардың шаруашылығы бірте-бірте өзінің натуралдық сипатынан айырылып, сауда айналымына тартыла бастағанын дәлелдеді.

Осы уақытта деректер мен материалдардың жинақтары жарық көрді. Соның маңыздысы - Түркістан аймағындағы әкімшілік бөліну, жаңа жерлер үшін қабылданған мемлекеттік салық жүйесі жайлы мәліметтер қамтылған жинақ. Онда М.Г.Масаевичтің құрастыруымен Түркістан өлкесінде 1867 ж., 1886 ж., 1891 жылдары жүргізілген реформалардың материалдары берілді.

ХІХ ғ. 70-80-ші жж. кеңестік тарихнамада кәсіпкерлік тарихына жеке зерттеу арналған жоқ. Дегенмен, капиталистік қатынастарды зерттеу барысында мәселенің жекелеген салалары қарастырылды. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына капиталистік қатынастардың ену мәселесін С.А.Сүндетов зерттеді.

Байлардың жаңа әлеуметтік түр алуы, яғни буржуазиялануы туралы мәселе терең зерттеуді қажет еткен мәселелердің бірі болды. С.Е.Толыбеков байлардың жаңа әлеуметтік топ емес, олар монғол шапқыншылығына дейін де өмір сүргендігі жайлы пікір білдірілді. Оның еңбегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық құрылымын зерттеуге арналған маңызды еңбек болып саналады.

Ц.Л.Фридман революцияға дейінгі кезеңдегі банк, несие жүйелерінің пайда болуы мен даму процестеріне талдау жасап, Қазақстан экономикасындағы шетел капиталының үлесін зерттеді.

ХІХ ғ. соңында – ХХ ғ. басындағы Қазақстанның аграрлық мәселесін Б.Сүлейменов зерттеді. Оның зерттеуінде қазақ ауылдарында кулактардың пайда болғаны, олардың көпшілігінің тауарлы егіншілік пен малшылықты саудамен байланыстырғаны және жәрмеңкелер ұйымдастырғаны қарастырылды. Ж.К.Қасымбаевтың зерттеуі Қазақстанның Орталық Азия және Қытаймен сауда қарым-қатынастары мәселелеріне арналды. Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына патша үкіметінің салық жүйесінің әсеріне байланысты мәселеге К.Р.Несіпбаеваның кандидаттық диссертациясында талдау жасалды.



Қазіргі кезеңдегі отандық зерттеушілердің еңбектері кәсіпкерлік тарихын зерттеуде маңызды орын алады. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі жаңа даму кезеңіне аяқ басуы, кәсіпкерліктің тарихына деген қызығушылықты арттыра түсті. С.Қ.Игібаевтың зерттеуінде алтын өнеркәсібіндегі жұмысшы табының қалыптасуы мәселесі қарастырылды. Ол, Ресей капитализмінің дамуы, өнеркәсіп төңкерісінің аяқталуының Қазақстанның алтын кеніштерінің техникалық деңгейінің жоғарлауына ықпал еткенін, бірақ оның баяу жүргендігін дәлелдеді. Т.Садықұлының монографиясында өндірістік өнеркәсіптегі кәсіпкерлерлердің қызметі мен мемлекеттің өнеркәсіпті дамыту бағытындағы саясаты бойынша мәліметтер берілген. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қолөнер кәсіпшілігінің халыққа қызметі туралы талдаулар С. Мадуановтың еңбегінде жасалады. Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі өнеркәсіп мен сауданың дамуы С.Н.Наумов және Ө.Қ.Қожақовтың кандидаттық диссертацияларында қарастырылды. Қазақстан тарихының тарихнамасында қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын сараптау мақсатында тарихнамалық зерттеулер жүргізілді. Олардың ішінде Д.И.Дулатова және Т.Төлебаевтің еңбектері маңызды болып табылады.

М.Ф.Пузиков және С.Е.Мамытова өздерінің ғылыми мақаласында қазақ даласындағы ХІХ-ХХ ғғ. тоғысындағы ауыл шаруашылығының қандай салаларында кәсіпкерліктің қалыптасу процесі жүргендігін қарастырды. Отандық тарихнамада кәсіпкерлік тақырыбына арналған арнайы кешенді зерттеулер енді қолға алынып келеді. Олардың қатарында Д.Жақыпбекова, Ф.М.Сұлтанова, Қ.Ж.Әбілов сияқты ғалымдардың ғылыми жұмыстары бар. Д.Жақыпбекованың диссертациялық жұмысында Қазақстанның Торғай және Орал облыстарындағы сауда және өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму мәселесі зерттеледі. Ф.М.Сұлтанованың ғылыми жұмысы 1867-1914 жж. Жетісу облысындағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихына арналады. Аталған зерттеу жұмысында Жетісу облысындағы сауда, өнеркәсіп салаларындағы кәсіпкерлік түрлері сарапталынды. Қ.Ж.Әбіловтің докторлық диссертациясы кәсіпкерлік тарихын зерттеуде маңызды орын алады. Бұл еңбекте Қазақстандағы кәсіпкерліктің даму тарихы тұтас қарастырылған.

Сонымен, қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы осы уақытқа дейін арнайы түрде талдауға түспеген мәселе болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты – 1861-1917 жылдар аралығындағы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихын жан-жақты зерттеу.

Алға қойылған мақсатқа жетуде мынандай нақты міндеттерді шешу көзделді:



  • Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерліктің қалыптасуының саяси және экономикалық алғышарттарын көрсету;

  • кәсіпкерліктің қалыптасып, дамуына жергілікті өнеркәсіптің тигізген әсерін қарастыру;

  • сауда саласындағы кәсіпкерліктің даму деңгейіне талдау жасау;

  • оңтүстік аймақтағы ауыл шаруашылық кәсіпкерлігінің дамуын анықтау;

  • жергілікті халыққа қызмет көрсету (көліктік, қолөнер-шеберханалық және тұрмыстық қызмет) саласындағы кәсіпкерліктің даму ерекшеліктерін талдау;

  • оңтүстік аймақтағы кәсіпкерлердің әлеуметтік және этникалық құрылымын саралай отырып, қазақ кәсіпкерлерінің іскерлік мүмкіндіктерін бағалау.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың дерек көзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

Деректік көздердің алғашқы тобын құқықтық сипаттағы деректер құрайды. «Полное собрание законов Российской империи» жинағының 4, 8, 14, 28, 29-томдарындағы енгізілген салық мөлшері, жеке меншік кәсіпорындардың Жарғысы және оған енгізілген толықтырулар, Мемлекеттік банк Жарғысы, несиелік Жарғылар сияқты заңдық материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар, үкіметтің өнеркәсіптерге жеке меншік кәсіпкерлікті жіберу, бақылау, шетелдіктердің шекаралық аудандарда саудамен айналысуына шектеу қою және басқа да әр түрлі сипаттағы қаулылары мен жарлықтарында кәсіпкерлік тарихына қатысты мәлімет жинақталған. Бұл құжаттар жинағы, патша әкімшілігінің Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерлікке қатысты саясатының негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Үкіметтің нұсқаулары және бұйрықтарымен, Сенат шешімдерінің түсініктемелерімен, Қаржы министрлігінің циркулярларымен толықтырылып, 1902 ж. құрастырылған кәсіптік салық жөніндегі Ереже, қарастырылып отырған тақырып бойынша деректердің маңыздысы болып саналады. Ондағы материалдардың негізінде салық жүйесіндегі өзгерістерді байқауға болады.



1910 ж. сауда мен кәсіп туралы империядағы заңнамалар мен ережелер жинағы сауда кәсіпкерлігін жүргізу ережелері жайлы мәліметтер береді.

Екінші топтағы іс-қағаз деректері үлкен қызығушылық тудырады. Кәсіпкерлік тарихын зерттеуде төмендегі іс-қағаз сипатындағы құжаттардың маңызы зор. Оларда оңтүстік аймақтағы кәсіпкерліктің даму барысы жайлы құнды ақпараттар сақталған: Ф.Гирстің 1888 ж. есебінде, көрсетілген жылдағы Түркістан өлкесінің экономикалық дамуының жетістіктері мен кемшіліктері туралы мәлімденеді; Жер және мемлекеттік мүлік министрілігінің Ғылыми комитетінің мүшесі А.А.Кауфманның 1903 ж. іссапар нәтижесінің есебінде өлкедегі орыс отарлау шараларының барысы және Ресей империясы үшін Түркістанның отар ретіндегі маңызды аймақ екендігі жан-жақты талқыланған; 1908-1909 жж. сенатор, граф К.К. Паленнің Түркістан өлкесін тексеру нәтижелерінің есебінде аймақтағы сауда, өнеркәсіп орталықтарының дамуы, олардың ресейлік сұранысты қамтамассыз ету мүмкіншілігі қарастырылып, жергілікті экономиканың дамуының сандық көрсеткіштерін береді.

Деректердің үшінші тобы статистикалық және анықтамалық басылымдардан тұрады. ХІХ ғ. 80-жж бастап облыстық статистикалық комитеттер жыл сайын өз облысының шаруашылық өмірінен мәлімет беретін анықтамалар шығарды. Зерттеу жұмысында «Обзор Семиреченской области», «Обзор Сыр-Даринской области» анықтамалары қолданылды. Облыстық шолулар Жетісу облысы бойынша 1882-1913 жж., Сырдария облысы бойынша 1885-1887 жж., 1889-1895 жж., 1904-1906 жж., 1908-1913 жылдар аралығында жарық көрді. Сонымен қатар, “Экономический обзор” анықтамалық шолуында, Түркістан өлкесіндегі мақта шаруашылығының дамуы жөнінде деректер бар. ХІХ ғ. соңы −ХХ ғ. басындағы өлке тарихына байланысты деректің бірі - «Памятные книжки» жинағы. Онда Жетісу облысының 1897, 1898 (т. 1-2), 1900, 1901, 1905 жж. экономикалық дамуына байланысты материалдары бойынша жергілікті кәсіпкерлік жайлы да ақпараттар алуға болады. 1895 ж. жарық көрген “Указатель фабрик и заводов окраин России: царство Польского, Кавказа, Сибири и Средне Азиатских владений” жинағына Қазақстанның оңтүстігіндегі фабрика-зауыттар туралы мәліметтер енгізілген. 1897 ж. Ресей империясының Бірінші халық санағының материалдарында ХІХ ғ. соңындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өмірі жайлы мәліметтердің мол қоры бар. Оның Сырдария және Жетісу облыстары бойынша құрастырылған томдарындағы халықтың саны, мамандық бойынша жіктелуі және т.б. мәліметтер, кәсіпкерлердің әлеуметтік және этникалық құрылымына байланысты қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. “Указатель дейстовавших в империи акционерных предприятии и торговых домов” деген атаумен 1905 ж. жарық көрген жинақта, аймақтағы кәсіпкерліктің дамуының белгілерінің бірі - сауда үйлерінің сандық көрсеткіштері жарияланған.

Деректердің соңғы тобын мерзімдік баспасөз материалдары құрайды. Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің даму деңгейін ашып көрсетуде, қарастырылып отырған жылдардың басылымдарында жарияланған мақалалардың орны бөлек. Атап айтқанда, «Айқап», «Қазақ» және «Туркестанские ведомости» сияқты газет-журналдарда қазақ қоғамына еніп келе жатқан капиталистік қатынастар, шаруашылықтың жаңа түрлерін меңгеру, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты, сол уақытта өмір сүрген адамдардың келтірген жекелеген мәліметтері, сипаттамалары құнды болып табылады.

Диссертацияда ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының төмендегідей қорлары пайдаланылды: «Семей-Жетісу округтік инженері» (10-қор), «Далалық Солтүстік тау-кен округінің округтік инженері» (14-қор) қорларында өлкедегі өнеркәсіптік кәсіпкерлік жөнінде мәліметтер сақталған және осы сала бойынша қазба жұмыстарын жүргізуге берілген рұқсат құжаттары тіркеуге алынған. «Сырдария облысының Шымкент уезінің мемлекеттік мүліктерінің меңгерушісі» (34-қор), «Ішкі істер министрлігінің Түркістан уездік басқармасы» (119-қор), «Жетісу облысының 1-участкесінің округтік бақылаушысы» (156-қор), «Түркістан облысының Сырдария линиясының Перовск фортының қазақтарын басқару» (383-қор), «Әулиеата уездік басқармасы» (146-қор), «Верный уездік басқармасы» (41-қор) қорларында қарастырып отырған оңтүстік өлкенің жекелеген уездеріндегі кәсіпкерліктің даму барысын, оның ерекшеліктерін қамтитын материалдар жеткілікті. «Жетісу облыстық басқармасы» (44-қор), «Дала генерал-губернаторының кеңсесі» (64-қор), «Жетісу облыстық статистикалық комитеті» (828-қор) қорларында кәсіпкерлердің жеке шаруашылық ашу жөніндегі өтініштері мен оларға берілген кәсіпкерлік куәліктер, зауыт, фабрика және жәрмеңкелердің жұмысы жөнінде құнды мәліметтер жинақталған.

Диссертацияда Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының төмендегідей қорлары пайдаланылды: «Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі» (И-1 қоры), «Сырдария облыстық басқармасының материалдары» (И-17 қоры), «Сырдария облысының статистикалық комитетінің материалдары» (И-269 қор) деп аталатын қорлар өлкенің экономикалық өмірі туралы жан-жақты мәліметтер береді. Оларда Түркістан, Қазалы, Шымкент, Перовск уездеріндегі кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы бойынша құнды материалдар сақталған.

Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі. Экономикалық теориядағы кәсіпкерліктің методологиясы мен теориясы мәселелеріне байланысты айтылған тұжырымдар О.Ж.Әлиев, М.Ф.Пузиков және С.Е.Мамытовалардың зерттеулері кәсіпкерліктің экономикалық ой тұрғысынан отандық нұсқасын жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тарихи дамудың өтпелі экономикалық кезеңдеріндегі кәсіпкерліктің даму ерекшеліктері мен тарихына арнап ғылыми зерттеулер жазған ғалымдардың В.А.Васильев, В.В.Заорская және К.А.Александер, П.Г.Галузолардың пікірлері пайдаланылды. Жоғарыда аталған тарихшылардың, экономисттердің тұжырымдамалары мен идеялары, ізденістері кәсіпкерлік тарихын зерттеуде тиісті әдістерді таңдауға, қолдануға жәрдемдесті.

1861-1917 жылдардағы Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихын қарастыруда, ұлттық интеллигенция өкілдерінің Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев және С.Асфендияровтардың сол кезеңдегі Қазақстанның экономикалық дамуына байланысты көзқарастары пайдаланылды. Сонымен бірге, Қазақстандағы кәсіпкерліктің даму тарихына жаңаша баға беруге ұмтылыс жасаған отандық ғалымдардың Т.Ә. Төлебаев, Қ.Ж. Әбілов, Д.Жақыпбекова, Ф.Сұлтановалардың еңбектерінде айтылған ой-пікірлері мен ұсыныстары ескерілді.

Диссертациялық зерттеуде тарихилық және объективтілік принциптері пайдаланылды. Объективтілік принципінің басты талабы – тарихи құбылыстар мен процестерді барлық қайшылықтары, күрделіліктерімен жан-жақты қарастыру. Сонымен қатар, барлық деректерге кең түрде шолу жасай отырып, өзара байланысы бар деректерді кешенді түрде талдау. Объективтілік принципінің негізінде, Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуындағы әлеуметтік-саяси құбылыстарды да ескеру қажеттілігі туындайды. Аталған принциптің талаптары, тарихи зерттеулердегі тұжырымдамалар мен әр түрлі деректердегі ақпараттардың шындыққа сәйкестілігін анықтауға мүмкіндік береді. Тарихилық принципі, белгілі бір құбылыстар мен процестердің дамуын, өзгеруін, сонымен бірге олардың өзара байланысы мен әсерін жан-жақты зерттеу міндетін алға қояды. Ол да, нақты тарихи мәселелерді шешуде, деректерге мүмкіндігінше толық талдау жасауды талап етеді. Сондықтан, зерттеуде Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуының әр түрлі аспектілерін бейнелейтін деректер қоры жүйелілік тұрғысынан пайдаланылды.

Тақырыпты зерттеу барысында логикалық, құрылымдық, жүйелілік, хронологиялық, сандық, салыстырмалы-тарихи әдістер қолданылды.



Зерттеу жұмысының мерзімдік шегі 1861-1917 жылдар, яғни Ресейдегі реформалардың Қазақстанда, оның ішінде оңтүстік аймақтағы кәсіпкерліктің қалыптасуына тигізген ықпалынан бастап, Қазақ төңкерісіне дейінгі аралықты қамтиды.

Аумақтық шегі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағын қамтиды, яғни, революцияға дейінгі кезеңде елдің саяси және экономикалық орталығы ретінде үлкен маңызға ие болған Сырдария және Жетісу облыстары қарастырылады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстанның оңтүстік аймағындағы табиғи, экономикалық, этникалық және басқа да ерекшеліктер ескеріле отырып, жергілікті кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихына кешенді түрде талдау жүргізілді. Зерттеу жұмысының нәтижесінде Қазақстандағы кәсіпкерліктің қалыптасу мен дамуының оңтүстік аймаққа тән сипаты анықталды. Сонымен бірге:

  • бұрын жарияланбаған көптеген маңызды деректер ғылыми айналымға енгізілді;

  • Қазақстанның Сырдария және Жетісу өңірлеріндегі кәсіпкерліктің қалыптасуы және олардың жергілікті экономиканың әр түрлі салаларындағы даму арақатынасы алғаш рет салыстырмалы түрде қарастырылды;

  • отандық тарих ғылымында зерттеу нысанына алынбаған 1861-1917 жылдардағы оңтүстік аймақтағы халыққа қызмет көрсету саласына, оның ішінде көлік, қолөнер-шеберханалық және тұрмыстық қызметке байланысты кәсіпкерліктің тарихы зерттелінді;

  • оңтүстік аймақ кәсіпкерлері мен үкімет арасындағы қарым-қатынастардың ерекшеліктері анықталды;

  • жергілікті кәсіпкерлікті дамытудағы өлкенің әлеуметтік және этникалық құрылымының ықпалына талдау жасалынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығы. Диссертациялық жұмыстың материалдары мен тұжырымдары Қазақстанның экономикалық тарихы бойынша оқу және оқу құралдарын жазуда, жоғары және орта арнайы оқу орындарында дәрістер оқуда және семинар сабақтарын, экономика тарихы бойынша арнайы курс немесе арнайы семинарлар жүргізу барысында пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, аймақтық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын дайындауда зерттеу жұмысының жекелеген қорытындылары кеңінен қолданылуы мүмкін.

Жұмыстың сыннан өтуі. Зерттеу жұмысы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасының ғылыми семинарында және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің ғылыми семинарында талқыланды. Зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелері ғылыми журналдарда жарияланды, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда сыннан өтті.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

  • Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерлік, Ресейдің капиталистік қатынастарының енуі негізінде, отарлық сипатта қалыптасты;

  • жергілікті өнеркәсіп кәсіпкерлігі кең түрде дами алмады. Оған пайдалы қазбалардың игерудің мардымсыздығы, өндіріс капиталы мен біліктіліктің жетіспеуі себеп болды.

  • оңтүстік өлкеде басқа кәсіпкерлік түрлеріне қарағанда, неғұрлым жоғары пайданы қамтамасыз ететін - сауда кәсіпкерлігі белсенді дамыды. Өлкенің қолайлы табиғаты, аймақ территориясының географиялық жағынан қолайлы орналасуы, халықтың тығыздығы сауданың дамуына жағдай туғызды. Дегенмен, Ресей мен Орта Азияның сауда капиталы жоғары маңызға ие болып, ал ішкі нарық көбінесе ауыл шаруашылық өнімдерімен ғана шектелді;

  • оңтүстік өлкенің табиғи ерекшелігі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызды. Аталған саладағы кәсіпкерліктің дамуына, ең алдымен патша әкімшілігі мүдделі болып, оны нығайтуға қолдау білдірді. Дегенмен, бұл кәсіпкерлік тәуекелділікті қажет етті. Табиғи қолайсыздық туындаған жағдайда, кәсіпкер осы іске салған барлық қаржысынан айырылып қалуға мәжбүр болды. Сондықтан, аймақтың кәсіпкерлері сауда сияқты неғұрлым жеңіл салаларға көп көңіл бөлді;

  • қарастырылып отырған кезеңде елдің оңтүстігінде халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік көліктік, қолөнер-шеберханалық және тұрмыстық қызмет тұрғысынан сипатталды. Бұл саладағы кәсіпкерліктің дамуына қоныс аударушылар ықпалы етті. Ал, қазақтар оған кеш бейімделді, себебі дәстүрлі қазақ қоғамы үшін ақылы қызмет көрсету түсінігі бөтен болды;

  • оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлердің этникалық және әлеуметтік құрылымы әр түрлілігімен ерекшеленді. Уақыт талабына сәйкес үкімет, халықтардың шығу тегі мен әлеуметтік дәрежесіне қарамастан кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етті. Дегенмен, қоныс аударушы орыс кәсіпкерлерінің жергілікті кәсіпкерлерге қарағанда мүмкіндіктері басым тұрды. Қазақтардың кәсіпкерлікке бейімделуі баяу жүрді. Оған орыс және ортаазиялық кәсіпкерлердің бәсекелестігі, қазақтар арасындағы қалыптасқан көшпелі өмір салты әсер етті.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация терминдік сөздердің түсініктемесінен, қысқартулардан, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет