Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
АДАМДАРДЫҢ БЕЛГІЛІ БІР ОҚИҒАНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ БЕЛГІЛІ БІР ЖЕРДЕ ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ МЕРЗІМДІ ТҮРДЕ ЖИНАЛУЫ
Мынау – тақырыптың атында айтылатын нәрсенің орын алып жатқандығын дәлелдейтін ғаламтордан алынған кейбір үзінділер:
«Түркістанда орта ғасырдан бүгінге жеткен танымал өнер туындысы - Тайқазанның елге оралуының 20 жылдығы атап өтілді. Қалада өткен салтанатты шараларға тарихшылар, мәдениет қайраткерлері, жастар өкілдері шақырылды. 1935 жылы қазанды Санкт-Петербордағы атақты мұражай Эрмитажға, Иран шеберлерінің III-халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрған Тайқазан 1989 жылы, қыркүйектің 18-де ғана елге қайтарылды. Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр».
«Өткен жылды туғанына 260 жыл толған қасиетті Бекет Ата жылы болды деуге толық негіз бар.
Бұл жылы Бекет Атамыздың мерей-тойы еліміздің әр шалғайында болып өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында атаның үшінші ұлы Тоғайдың ұрпағы, шаңырағында күні бүгінге дейін Ата үйінің маңдайшасы сақталып отырған Көбен Аралбайұлы ұлы бабасына ас беріп, құран бағыштады.
Елбасының туған жері Үшқоңырда атаның жетінші ұрпағы, кәсіпкер Сыдық қажы Әбуұлы Дәулетов атасына ас берді. Үстіміздегі жылы 9-10 қыркүйекте пір Бекеттің туған жері, тұңғыш мешіт ашып, ұстаздық жолын бастаған жері Ақмешітте ас берілді. Сондай-ақ осы айдың ортасында Маңғыстаудағы ұлы қасиет иесіне арналған мерейтой үш күнге созылды. Сондай-ақ Пір Бекеттің мерейтойлары Астанада, Алматыда, Оралда өтті».
«Биыл – әулие, рухани ұстаз Пір Бекет Атаның 260 жылдығы. Осыған орай Маңғыстау облысында қыркүйек айының ортасында Бекет атаның 260 жылдығын кең көлемде атап өтуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. ...Бүгінде «Шопан ата», «Бекет ата» кешендерінде қайта қалпына келтіру, жөндеу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, «Қызылсай – Шопан ата – Оғыланды» қатқыл табан жолын салу, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Бабалар мұрасы» павильонын ашу, облыс бойынша қайырымдылық акцияларын, тазалық, абаттандыру шараларын өткізіледі. Бұл жұмыстардың бәрі тойға дейін аяқталады.
Сирек кездесетін тарихи жәдігерлер, кітаптар, көркем және фотосуреттер көрмесін ұйымдастыру, тарихи-танымдық жырлар жырланатын жыршылар кешін өткізу, мәдени-спорттық шаралар жүзеге асырылады».
Біліңіз, құрметті оқырман, белгілі оқиғалар орын алған белгілі күндерді немесе маусымдарды ерекшелеу және осы күндерде жиналыстар өткізу шариғатта тек осыған Құран мен Сүннетте дәлел келген болса ғана рұқсат етіледі. Өйткені белгілі күндерді мерзімді жиналыстар үшін белгілеу - тек Аллаһ Тағаланың айрықша құзыры мен құқығы.
Имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Кім шариғат атап көрсетпеген белгілі орындарды немесе уақыттарды, осы орындарда немесе уақыттарда кезінде қандай да бір атақты оқиғалар орын алғанымен дәйектеп, сол орындарда немесе уақыттарда белгілі ғибадат түрлерін орындау үшін ажыратып белгілесе, сол христиандар мен яһудилерден болған Кітап иелері сияқты болады. Солар ғана өздерінің белгілі оқиғаларының орын алған жерлері мен уақыттарын ғибадат жасаудың маусымдары мен орындарына айналдырды. Мысалы, Рождество күні, Крещение күні т.с.с.». Қз.: «Зад ул-Ма‟ад» 1/59.
Христиандардың осы кезге дейін көптеген мерекелі оқиғаларға байланысты сән-салтанатты жиындар өткізетіні ешкімге жасырын емес. Олардың арасындағы ең таралғаны бұл - Рождество Христово мерекесі. Тура сол сияқты яһудилер де өздеріне жіберілген пайғамбарларымен және патшаларымен орын алған көптеген оқиғаларға байланысты салтанаттар ұйымдастырады.
Шейх Мухаммад Ибраһим Әли Шейх былай деген: «Қандай да бір күнді ажыратып белгілеу және онда белгілі ғибадаттарды орындау арқылы оны басқа күндерден мәртебелі ету тек осыған шариғаттан дәлел келтіргеннен кейін ғана заңды болады. Сондықтан да қандай да бір күннің шариғатта ерекше ажыратылған немесе атаулы болып табылатындығын білу үшін Құран мен Сүннетке қарау қажет. Шариғатта оларға нұсқау келген күндер ерекше болып табылады. Әрі Аллаһ Тағала жыл ішіндегі күндерден Ислам мерекесі үшін Ораза айт пен Құрбан айттың екі күндерінен, сондай-ақ Құрбан айт күнінен кейін келетін үш ташриқ күндерінен басқа күндерді таңдамады. Сондай-ақ жартылай мереке болып табылатын жұма күнін де атап кету қажет. Бұл - апта сайын қайталанатын мереке. Ал жоғарыда аталған күндерден өзге күндерге келер болсақ, мұсылмандарға оларды мерекелі деп ажыратып белгілеуге тыйым салынады». Қз.: «Фәтауа Ибн Ибраһим» 3/51.
Осыдан шыға келе, қандай да бір күнді қандай да бір оқиғаны мерекелеуге және оны белгілі бір атпен (мысалы, «Еске алу күні» немесе «Исламды қабылдау күні» деп) атауға тыйым салынады. Егер осы оқиға шындығында да қуанышты болса, онда оны шариғат шеңберінде, бірақ сол оқиға орын алған кезде бір-ақ рет, жыл сайын оны қайталамай атап өтудің оқасы жоқ. Сондықтан да біздің ардақты ата-бабаларымыз Исламды белгілі бір күні қабылдаған болса, олар соған сол кезде қуанған, бірақ біз бұл оқиғаны жыл сайын тойламаймыз. Өйткені осы күндердің барлығын Аллаһ Тағала жаратқан әрі дәл осы күндердің қандай да бір ерекшіліктері бар екендігін ешбір жерде хабарламаған.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келген кезінде ол жаңадан дінді қабылдаған мұсылмандарды олардың ескі мерекелерінде қалдырмады, ол оларды Ислам мерекелерімен ауыстырды.
Ханафи имамдарының бірі – Шах Уалиуллаһ әд-Дахләуи былай деген: «Осы екі мерекелердегі негіз әрбір халықта олар жақсы киімдерін киіп өздерінің қалаларынан әшекейленіп шығатын күні болатындығында, әрі осы дәстүр кез-келген халықта бар, олар араб немесе шетелдіктер болса да. Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келген кезінде, ол жергілікті тұрғындардың ойын-сауық жасап серуендейтін екі күні бар екенін көрді де: «Ақиқатында, Аллаһ сендерге осы екі күнді осыдан жақсырақ Құрбан Айт және Ораза Айт күндерімен ауыстырды», - деді (хадис сенімді (сахих); Қз.: «Силсилә әл-Ахадис әс-Сахиха» № 2021). Олардың мерекелері «Наурыз» және «Махражан» еді деп те айтылады1.
Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға осы екі күнді ауыстыруға асықты, өйткені адамдарда қандай мереке болмасын, ол мерекенің себебі сол халықтың рәсімдері мен салт-дәстүрлерін ұлықтауды қалау, немесе олардың жергілікті билеушілеріне жағымпаздануды қалау, немесе осы сияқты нәрселер болады. Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер ол оларды және олардың дәстүрлерін осыда қалдырса, онда ең соңында адамдардың надандық дәуіріндегі рәсімдерді құрметтеуге және ата-бабаларының салттарын таратуға деген құштарлық жеңіп шығатынынан қауіптенді. Сондықтан да ол оларды бірқұдайшылық дінінің рәсімдерін ұлықтайтын және дәріптейтін екі күнмен ауыстырды әрі мұсылмандардың жиыны жай ойын-сауыққа айналмауы үшін және мұсылмандардың жиналысы Аллаһтың сөзін ұлықтаусыз өтпеуі үшін жай сәнденуге Аллаһты зікір етуді және ғибадаттардың кейбір түрлерін қосты». Қз.: «Хужжату-Ллаһи әл-балиға» 2/30-31.
Имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Қабір орындарында тұрақты әрі мерзімді түрде өтетін жиындарда көптеген ауыр қиындықтар бар және олардың қаншалықты үлкен екендігін тек жалғыз Аллаһ біледі. Олардың ауыр болғаны соншалықты – жүрегінде Аллаһты қадірлеу, бірқұдайшылық үшін қызғаныш, көпқұдайшылықты, күпірлікті және бидғаттарды жек көру сезімдері сақталған әрбір адам оларға ызаланады. Ал осының барлығын жүрегімен сезінбейтіндерге келер болсақ, мұның себебі жарақаттың өліге әсер етпейтіндігінде». Қз.: «Иғасат ул-Ләхафан» 302-бет.
Ескертпе.
1. Егер біреу: «Бірақ мұсылмандар әркез мешіттерде олардың біреуінде бала туылуына байланысты (ақиқа), немесе үйленуіне байланысты (уалима) т.с.с. себептермен жиналады емес пе? Ендеше, не үшін біз осыны тыйым салынған деп санамаймыз, бұл жерде де оқиға мен орын ажыратылып белгіленген ғой?», - деп сұрақ қойса, біз оған былай деп жауап береміз: бұл тыйым салынған болып табылмайды, өйткені бұл оқиғалар нақты тұрақты түрде мерзімді қайталанатын күн (яғни `ид (айт) ретінде белгіленбейді. Сондай-ақ жоғарыда белгілі оқиғаны ол орын алған кезде, оны мерзімді түрде қайталаусыз атап өтудің оқасы жоқ екендігі туралы айтылған болатын. Ал мешітке келер болсақ, ол осы оқиғаны атап өту үшін онда орын көп және онда барлық қажетті нәрселер бар болғандықтан. Сондықтан егер мешітте жөндеу жұмыстары жүріп жатса, перзентті болған ата-ана ақиқаны басқа жерде өткізуді қаласа, онда адамдар осы басқа жерде де келіспеушіліксіз жиналады. Ал, мысалы, Түркістанға Қожа Ахмет Яссауидің кезекті мерейтойына жиналатындарға, дәл осы күні емес және Түркістанда емес, көршілес Сайранда жиналуды ұсынсаңыз, онда бұл ұсынысыңыз олар тарапынан қайтарылады. Міне, осы олардың дәл осы атаулы күн, сондай-ақ дәл осы атаулы орын, сондай-ақ белгілі мерзім туралы қамданатындарының дәлелі. Сонымен бірге ақиқаға және уалимаға байланысты жиындар шариғат тарапынан заңдастырылған.
3. Егер біреу-міреу: «Түркістандағы, немесе Арыстан Бабтағы, немесе Бекет Атадағы, немесе т.с.с. жерлердегі жиындар діни сипатқа ие емес, олар дүниелік, зайырлы мәселелерге қатысты», - деп айтса, бұған жауап былай болмақ:
1. Бұл - жалған. Мұның өтірік екендігіне көз жеткізу үшін тараудың басында келтірілген ғаламтордан алынған үзінділерді оқудың өзі жеткілікті.
2. Тіпті егер біз осы тұжырыммен келісетін болсақ та, белгілі оқиғаларға байланысты мерзімді жиындарға тыйым салынғандығы туралы ұғым тек діни сипаттардағы жиындармен шектелмеген. Керісінше, кез-келген жиын, тіпті оның барысында діни рәсімдер жасалмайтын болса да, бірақ ол белгілі бір уақыт сайын және тура осы жерде, немесе тура осы себеппен жиналуға деген ұмтылыспен орындалатын болса, тыйым салынған болып табылады.
Қолданылған дерек көз: www.abuhanifa.kz.
Достарыңызбен бөлісу: |