Вирусқа қарсы ем
Қазіргі таңда ЖБАРТтың комбинацияланған варианты ("коктейл") қолданылады: оның құрамына кем дегенде антиретровирусты агенттің екі типіне не санатына жататын, екі не одан да көп препарат болады.[155] Бастапқы кезеңде кері транскриптазаның нуклеозид емес ингибиторы (КТНЕИ) және кері транскриптазаның нуклеозид тәрізді ингибиторының (КТНИ) екі препараты тағайындалады. Қазақстанда қолданылатын КТНИ: абакавир (ABC), зидовудин (ZDV не AZT), ламивудин (3TC) немесе тенофовир (TDF).[156] 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге арналған бірінші қатарлы препараттар тізіміне долутегравир / ламивудин / тенофовир, ал балама ретінде тенофовир / ламивудин / эфавиренц комбинациясын қосты.[157] Жоғарыда айтылған тәсім тиімсіз болған кезде, емге протеаза ингибиторлары (ПИ) қосылады.[155]
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасында аурудың ағымы мен клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан (жүктілерге де) антиретровирусты терапия диагноз қойылған сәттен бастап жүргізіледі.[9][124][158] Бір басталған ем үзіліссіз және ешбір "демалыссыз" жүруі ұсынылады.[26] Көптеген адамдарға емдеу басталғаннан кейін ғана диагноз қойылады.[26] Емнен күтілетін нәтиже – ұзақ уақыт бойы АИВ РНҚсының санын 1 мл қанда 50 көшірмеден төмен көрсеткіште ұстап тұру.[26] Әдетте, ем тиімділігін терапия басталғаннан кейін төрт аптадан кейін аталған көрсеткішті анықтау арқылы бағалайды, егер 50 көшірме/мл деңгейіне жетсе, 3-6 ай сайын тексеріліп отырады. Бұл көрсеткіш 400 көшірме/мл болса, емнің тиімсіз екенін дәлелдейді[26] Зерттеулерге сүйенсек, осыған дейін ем қабылдағандардың 95% аталған критерийлер орындалған.[26]
Ем артықшылығы — ЖИТС дамуы мен өлім қаупінің төмендеуі.[159] Дамушы елдерде ем физикалық және психикалық денсаулықты жақсартады.[160] Ем жүргізетіндерде туберкулезге шалдығу қаупі 70% төмендейді.[155] Сондай-ақ емнің тағы бір артықшылығы — инфекцияның серкітесіне және анадан балаға берілуінің алдын алады[155][161] Емнің тиімді болуы тікелей қабылдаудың тұрақтылығы мен дұрыс болуына байланысты.[26] Ем режимін сақтамау себептеріне медициналық көмек көрсету төмендігі,[162] әлеуметтік көмектің жоғы, психика бұзылыстар мен нашақорлық жатады.[163] Ем тәсімінің күрделі (таблетка саны мен қабылдау жиілігі) әрі жанама әсердің болуынан адамдар ем жүргізуден бас тартып жатады.[164]
Таңдалған препаратқа қатысты арнайы жанама әсер болуы мүмкін.[165] Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: липодистрофия синдромы, дислипедемия, қант диабеті (әсіресе протеаза ингибиторларын қолданғанда).[22] Бұдан бөлек диарея[165][166] және жүрек-тамыр жүйесінің ауруларының жиілеуін жатқызуға болады.[167] Жаңадаң ұсынылған препараттардың жанама әсері аз боп келеді[26] Кей дәрілердің тератогенді әсері болуы мүмкін, сол себепті бала жоспарлайтын әйелдер үшін ұсынылмайды.[26]
Балаларға арналған ем ұсыныстары ересектерге қарағанда біршама ерекшеленеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5 жасқа дейінгі барлық балаларды емдеуді ұсынады; 5 жастан асқан балаларға ересектер сияқты қарайды.[168] Қазақстанда АИВ жұқтырған балалардың бәрін клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан емдеу ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |