Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС) — адамның иммунтапшылық вирусы (АИВ) қоздырған инфекцияның организмге әсерінен дамитын дертті жағдай.[1][2][3] Инфекция жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы мүмкін.[4] Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады.[5] Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін.[4] Инфекцияның аталған кеш белгілерінің жиынтығын жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) деп атайды.[5] Әдетте, бұл саты адамның өте қатты жүдеуімен қатар жүреді. [5]
АИВ бірінші кезекте қорғаусыз секс (анал және орал сексі кезінде де қан, былазық, шәует, қынап шырышы арқылы), жұқтырылған қан құю, теріасты инъекцияға арналған ине арқылы, сондай-ақ жүктілік, босану не емізу кезінде анадан балаға беріле алады.[6] Вирус сілекей, тер, жас секілді дене сұйықтығы арқылы адамнан адамға берілмейді. [7]
Алдын алу шаралары: қорғаулы секс, ине алмасу бастамасы (қолданылған инені жаңасына тегін алмастыру), жұқтырғандарды емдеу, жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактика және ерлерді сүндеттеу. [4] Аурудан толық айықтыратын дәрі не вакцина жоқ; десе де, антиретровирусты терапия ауру ағымын баяулатып, өмір сүрудің әдеттегі ұзақтығына әкелуі мүмкін. [5][8] Диагноз қойылған сәттен бастап, емдеуді бастау ұсынылады.[9] Ауру жұқтырған адам емделмесе, шамамен 11 жыл өмір сүреді.[10] Анасына да, балаға да антиретровирусты терапия жүргізу арқылы нәрестеде аурудың дамуын алдын алуға болады. [4]
2018 жылы әлемде шамамен 37,9 миллион адамның статусы — АИВ – оң болып, оның 770 000 қайтыс болған. [11] Жұқтырғандардың 20,6 миллионға жуығы Африканың шығысы мен оңтүстігінде тұрады.[12] ЖИТС анықталғаннан бастап (XX ғасырдың 80 жылдары), 2018 жылға дейін бұл аурудан 32 миллион адам көз жұмды.[11] 2019 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 24 мыңнан астам адам АИВ жұқтырған.[13] АИВ/ЖИТС — пандемия, яғни өте ауқымды аймаққа белсенді түрде таралуда.[14] АИВ алғаш рет XIX ғасыр соңында не XX ғасыр басында, Орталық-батыс Африкада пайда болған деген болжам бар.[15] ЖИТСті алғашқы болып, 1981 жылы АҚШ Ауруды бақылау және болдырмау орталықтары (ағылш. Centers for Disease Control and Prevention, CDC) анықтаған, ал оның себебі — АИВ жұқпасы екені онжылдықтың басында мәлім болған. [16]
АИВ/ЖИТС қоғамға дерт ретінде де, дискриминация түрі ретінде де үлкен ықпалын тигізді. [17] Сондай-ақ аурудың экономикаға да ықпалы аз емес. [17] АИВ/ЖИТС жайлы "ауру күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста берілуі мүмкін" деген секілді жаңсақ түсініктер де өте көп. [18] Католик шіркеуі үрпекқапты аурудан сақтану үшін пайдалануды қолдамайтыны белгілі, сондықтан бұл ауру осы секілді көптеген дінге қатысты дау-дамайға да арқау болып отыр. [19] 1980 жылдары анықталғаннан бері АИВ/ЖИТС әлем медицинасы мен саясатының назарын өзіне аударып, үлкен қаржыландыруды талап етуде.[20]
Достарыңызбен бөлісу: |