Қадірлі қонақтар! Құрметті Өзгент ауылының тұрғындары!



Дата27.02.2016
өлшемі30.95 Kb.
#28659
Аудан әкімі С.Тәуіпбаевтың «Өзгент» шаруашылығының құрылғанына 40 жыл толуына орай сөйлейтін сөзінің мәтіні

Қадірлі қонақтар!

Құрметті Өзгент ауылының тұрғындары!
Бүгінгі күні біз Қазақстанның, қоғам дамуының барлық саласында, ірі қалар мен қазақтың алтын бесігі аталған ауылдарда қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтамыз.

Ел экономикасының тұрақты дамуының арқасында, әлеуметтік, стратегиялық маңызы бар ғимараттар бой көтеріп, күрделі жөндеулерден өтіп, жеке секторлардағы тұрғын үйлер заман талабына сай салынып инфрақұрылымдары жетілдіруде. Өткен жылы, осы ауылға аудандық бюджеттен 35 млн теңге қаржы бөлініп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі серіктестігі негізінде жаңа балабақша пайдалануға берілсе, биылғы жылы облыстық бюджеттен 10 млн теңгеге екі жаңа шағын жасанды спорт алаңқайы мен ауылда балалардың ойын және демалыс алаңы іске қосылды. Сондай - ақ 14,7 мың теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 51,6 мың теңгеге ауылішілік 5 км жол асфальттанды. Бүгін міне, Өзгент ауылына жасалған осындай игі істермен қатар, «Өзгент» шаруашылығының құрылғанына 40 жыл толуының куәсі болып отырмыз.



Қәдірлі әлеумет!

«Өзгент» ауылдық округі, ежелгі оғыздар мекендеген «Оғыз» мемлекетінің ордасы, ескішаһар орны «Оғызкент» бүгінге дейін «Қыр-Өзгент, Сыр-Өзгент» деп аталып келген аумақта орналасқан. Ауылдың атауы осы «Оғызкент» атауынан шыққан делінген деректер мен жазбаларда. Осы өңірдің киелі топырағынан нәр алып, ел халқының жадында сақталған елге сыйлы, ислам діні мен мәдениетін дәріптеп, насихаттаушы, дін ғұламалары, би-болыстар, ишандар мен мағзұмдар өткен болса, солардың бірегейі Кеңес Үкіметі орнағанға дейін осы ауылдың көл басындағы мешітте діни дәріс беріп, елді имандылыққа шақырған Реметишанұлы Шәмшімағзым, Сырқожаұлы Жамур ишандар халық жауы атанып атылып кетсе, Елбасы мен ел тәуелсіздігінің арқасында есімдері қайта ақталып, бүгінге дейін қазақ халқы арасында ұлықталып, насихатталуда. Сол мешітті 1978-1978 жылдары ауданда алғашқылардың бірі болып қайта қалпына келтіріп, мазаратты қоршап күтімге алуда, игі бастаманы қолға алып іске асырған, өмірден озған ағаларымыз Қожакенттік Берден ақсақал, ауылдық кеңестің председателі болған Сейілов Серік ағамыз, Политотдель қазіргі Машбек ауылының ел ағалары Байсын, Бексаба, Машбек бастаған қариялардың жасаған еңбегін атап өткенміз жөн деп есептеймін. Сонымен қатар, бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлері де осы қасиетті топырақта дүниеге келген. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының төрағасы қызметіне дейін көтерілген, ел құрметіне бөленіп, Еңбек Ері атанған, кешегі күндері 90 жылдығын салтанатты түрде ауданда аталып өткен Исатай Әбдікәрімов, Қызылорда облысын басқарған, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сейілбек Шаухаманов, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарған, қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтар осы өлкеде дүниеге келген. Сонымен қатар, Сенат депутаты Оңалбек Сапиев, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев, ауданның құрметті азаматтары Дәумен қажы Шоманов, Зұлпыхар Мұсаханов, Ғафур Мухамеджанов, ғалым – жазушы Б.Сарбасов, еңбек ардагері- Машбек Нәлібаев, режиссер – драматург Әмір Мажитов сыңлы азаматтарымыздың туып өскен жері. Сол кезеңдегі «Өзгент» ауылдық кеңесінің құрамындағы «Октябрь» колхозынан 1973 жылы Исатай Әбдікәрімовтың бастамасымен дербес «Өзгент» күріш совхозы болып құрылып, бөлініп шыққан. 1975 жылы «Өзгент» ауылдық кеңесі атауы тарихи орыны бүгінгі «Өзгент» ауылына беріліп, қазіргі «Қожакент» ауылдық округі сол кезеңде «Миялы» ауылдық кеңесі болып аталған.

Совхозды алғашқы ұйымдастырушылар вагондар мен кепелерде тұрып жұмыс атқарды. Олардың қатарында бас инженер Есалы Тұрсынбаев, бас агроном Зәтбек Искаков, бас гидротехник Әлімбай Шерубаев, Өтеш Садуов, бас экономист Құрбанәлі Сұлтанов, прораб Алшынбай Тұртанов, кадр бөлімінің меңгерушісі Ә.Жөкеев, кәсіподақ ұйымының төрағасы Қалкөз Әбдікәрімовтар болды. Кеңшарды Мұсахан Жапаров, Тұрғанбек Әуелбеков, Амангелді Абдуллаев, Серхожа Ыдырысов, Сейітхан Бидауылов, Алмасбек Нәлібаев басқарды. Жылдар өткен сайын Өзгент совхозы үлкен жетістіктерге жетіп, экономикалық әлеуеті артып, халық саны арта түсті.

Қәдірлі жерлестер!

Әрқашанда бірлескен ұйымшылдық болып, халқымыздың ырысының артуы және гүлденіп өсуі жолында қызмет етіп, салт-дәстүрімізді бағалап жүрсек, алда көптеген жаңа мақсаттар мен табыстарға жететіндігімізге сенімдімін.



Сіздерді бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, әрқашан бейбітшілік заман болсын!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет