Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қолжетімді әрі тиімді инновациялар қажет – ғалым



Дата13.06.2016
өлшемі68.21 Kb.
#133308


Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қолжетімді әрі тиімді инновациялар қажет – ғалым

АСТАНА. 5 ақпан 2014, 15:07. BNews.kz 

 Ел экономикасының маңызды саласының бiрi саналатын ауыл шаруашылығы – өзiндiк ерекшелiгi бар күрделi сала. Соңғы отыз жылда елiмiздiң агроөнеркәсiп кешенi өркендеудi де, құлдырау кезеңiн де басынан өткердi. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын оқу ордасының ректоры, профессор Ақылбек Күрiшбаев елiмiздегi ауыл шаруашылығының ахуалы туралы ой бөліскен еді.



Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Жалпы, ғалым ретінде бұл саланың дамуы жайлы не айтасыз?
– «Қазақстан 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Мемлекет басшысы отандық агроөнеркәсіп кешенін инновациялық даму жолына өткізу туралы ойын нақтылап айтты. Агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан экономикасының негізгі әрі келешегі зор саласы. Ауыл шаруашылығының даму әлеуеті жағынан еліміз кейбір өзге мемлекеттермен салыстырғанда біртабан жоғары орында тұр. Қазірдің өзінде-ақ келешекте, дүние жүзі халықтары санының ұлғаюына байланысты азық-түлік өнімдерін сыртқа тасымалдау мүмкіндігі бар елдер бірте-бірте әлемдік нарықта жоғары беделге ие болатыны белгілі. 
Елімізде ауыл шаруашылық мәселелеріне мемлекет назары жыл сайын артып келеді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғаюда, жаңа бағдарламалар жасалып, мемлекеттік қолдаудың жаңа институттары құрылуда. Статистикаға зер салып қарайтын болсақ та, ауыл шаруашылық саласының өсу қарқынын байқау қиын емес: ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы өндірісі өсіп келеді, инвестициялар көлемі де көбею үстінде, жаңа ауыл шаруашылық объектілері іске қосылған. Сонымен бірге, қоғамда «Олай болса, неліктен ауылшаруашылық өнімдерін сырттан әкелу көлемі көбеюде?», «Ауыл шаруашылық тауаралары бағаларының өсу және ауылшаруашылық экспорт құрылымының сол күйінде өзгеріссіз қалу себептерінің мәні неде?» деген сауалдар жиі ұшырасады.
–Расында, мұндай сұрақтардың туындау себебі неде? Қалыптасқан жағдайға байланысты көзқарасыңыз қандай?
–Гәп – отандық ауыл шаруашылық өнімдерінің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетсіздігінде. Ол, әрине, ауыл шаруашылық өндірісіндегі қолданылып отырған технологияларға тікелей байланысты. Демек, мәселені тек ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың көлемін арттыру арқылы шешу жеткіліксіз, сонымен қатар саланы ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуді қайта қалпына келтіру керек.  Сондықтан, бүгін технологиялық модернизация мәселесінде сапалы алға жылжушылық қажет – агроөнеркәсіп кешені үшін қолжетімді әрі тиімді инновациялар: оңтайлы агротехнологиялар, жоғары астықты дәнді-дақылдар сұрыптары мен будандары (гибридтер), жоғары өнімді төрт түлік малы, өндірісі жоғары құрал-жабдықтар мен машиналар керек. Ал, бұл үшін еліміздің жеке, жоғары дамыған аграрлық зерттеу жүйесінің болуы шарт. Елбасының биылғы Жолдауында аграрлық ғылымның дамуы мен агроөнеркәсіп кешенді агроинновациялық кластер негізінде дамыту қажеттілігіне ерекше тоқталып өткендігі, міне, сондықтан. 
–Елімізде инновация деген ұғым жаппай қолданысқа еніп кетті. Ауыл шаруашылығындағы инновациялар дегеніміз не және олардың ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызы қандай?
–Сөзім түсінікті болу үшін, ауыл шаруашылығының әлемдік тәжірибесінен бірнеше мысал келтіре кетейін. Табиғаты Қазақстанмен салыстырғанда қатаң Австралия мемлекетінің бидай астығының өнімділігі екі есе жоғары. Неге деп сұрасаңыз, Австралияда дүние жүзіндегі ең озық деген ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жүйелерінің бірі қалыптасқан еді. Бұл азық-түліктің әлемдік нарықтық бәсекесіндегі Автралияның басты артықшылығы болып отыр. Австралия ғалымдары биотехнология саласын үздіксіз жетілдіріп, дәнді-дақылдардың жоғары сұрыпты өнімділігін арттырып тұрады. Геномика саласындағы ғылыми жетістіктер ауылшаруашылық өнімдер сұрыптау жұмыстарын жеделдетіп, шығынын азайтады. Мысалы, жуырда Австралияның Квинсленд университетінің ғалымдары екі жарым жыл қызмет етуінің арқасында гендерінің жиынтығы талапқа сай келетін жаңа сұрыпты бидай түрін ойлап тапты. Ескі дәстүрлі әдістер арқылы мұндай жетістікке кем дегенде 15 жыл уақыт кететін еді. Осының нәтижесінде, Австарлия фермерлері заманауи агротехнология өнімдері мен сұрыптау жетістіктерін кең пайдаланады. Енді мал шаруашылығына қатысты мысал келтіре кетейін. АҚШ, Франция және Канада сияқты ірі елдерде ірі қараның саны мен сапасын шетелден асыл тұқымды малды тасымалдау арқылы емес, гендік сұрыптау технологиясын пайдаланып, малдың тұқымдық құрамын бірте-бірте асылдандыру жолымен жүзеге асырылады.  Гендік сараптама селекционер үшін мол мүмкіндіктер көзі болып табылады. Генотиптің ерекшеліктерін зерттеу арқылы, арнайы әдістемені қолдану негізінде белгілі бір малдың жас кезінен-ақ шаруашылық құндылығын болжап, әлеуетін қай салада пайдалану тиімділігін анықтап алуға болады. Сондықтан белгілі бір шаруа қожалығына керекті малдарды өсіру үшін будандастырудың тиімді әдістерін таңдап алуға мүмкіндік бар. Мал басының тұқымдық құндылығын қарқынды өсімі үшін сондай-ақ жаңа өсімпаздық (репродуктивті) технологиялар да кең қолданылады.
–Аталған технологияларды пайдаланудың нәтижесі қандай?
–Францияда тек қана генді сұрыптауды пайдаланудың арқасында 20 жылдың ішінде бір ғана сиырдың сүт өнімділігі жылына 4 мыңнан 6 мың литрге дейін артты. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,5 есеге дейін көп. Бұған қоса сүттің сапасы да тұрақталып, қайта өңдеудің әр түрлі бағыттарының талаптарына сай болды. Бұл, әрине, күрделі технология. Бірақ асыл тұқымды мал шаруашылығының тұрақты да баянды дамуын қамтамасыз ету үшін басқа амал жоқ. Себебі, импортқа әкелінген мал басы біраз уақыттан соң тозатыны белгілі факт. Тағы да бір мысал. Нидерланд – ауыл шаруашылығы инновациялы дамыған мемлекет. Жер көлемі Алматы облысының 1/5 бөлігіндей ғана Батыс мемлекеті бүгінде сыртқа жылына 50 млрд. АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдап, АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленеді. Нидерландының аграрлық саладағы экономикалық және технологиялық саясатын елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші зерттеу университеті – Вагенинген университеті жүзеге асырады. Нидерландының жеке ауыл шаруашылық министрлігі де жоқ. Барлық маңызды шешімдер нақты өндірістен хабары жоқ шенеуніктер тарапынан емес, сараптамалық білімдер мен нақты тәжірибелік жетістіктерге сүйенген ғалымдар тарапынан шығарылады. 
Вагенинген университеті болса, автономиялы ұйым, қандай да болмасын министрлікке тәуелсіз. Қаражат көздерін жеке-дара, өзінің қалауымен жұмсайды, академиялық, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет салаларын реттейді. Айта кетелік, автономиялы басқарудың осындай үлгісі әлемдік жетекші зерттеу университеттерінің барлығында қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, Вагенинген университеті ұлттық агроинновациялық кластердің жемісті ұйымының моделі болып табылады. Оны АҚШ-тағы атышулы Силиконды жазығына ұқсатып Нидерландының «Азық-түлік жазығы» (FoodValley) деп атайды. Құрамына білім орталығы, ғылыми-зерттеу институттары мен технопарк кіретін кешен Голландия агроөнеркәсіптік ғажайыбының негізі болып табылады. 
–Басқа қандай артықшылығын бағалайсыз?
–Тап осы жағдайда баға емес, капитал сыйымдылығы әлдеқайда маңызды. Өйткені ғылымды мемлекеттік қаржыландыру – бұл қайырымы болатын инвестиция. Көптеген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аграрлы ғылымды инвестицияландыру тиімділігі тікелей ауыл шаруашылығын қаржыландырудан қарағанда жоғары. 1992 жылдың өзінде Канада ғалымдары ауыл шаруашылық зерттеулерге жұмсалған әрбір доллар шығыны кейін ауыл шаруашылығының өнімділігін 40 долларға дейін өсіретінін анықтаған болатын. Егер де әлем көшбасшыларының жалпы агроөнеркәсіптің өнімі мен олардың ауыл шаруашылық зерттеулерге бөлген қаржы көлемін салыстырып қарайтын болсақ, сөзіміздің шындығын ашып алуға болады. Олардың барлығы аграрлы ғылымға жалпы ішкі өнімнің 1,5-3 %-ын жұмсайды. Келешекте, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде біз агроөнеркәсіптік кешенді «сары себетпен» байланысты мемлекеттік қаржыландырудың мөлшерін азайтуға мәжбүр боламыз. Ал ғылымды мемлекеттік қаржыландыруға болса, мұнда шек қою мүмкін емес. Осыны да естен шығармағанымыз абзал.
–Ендеше отандық ауыл шаруашылығын зерттеу жүйесінің тиімділігін қалайша арттыруға болады? 
–Еліміздегі жағдайды талдай келе, бүгінгі ауыл шаруашылық ғылымына деген қатынасты әйгілі тұтқасы жоқ қолсандыққа теңеуге болады – оны лақтырып та, сүйрей де алмайсың. Бұл бюджет үшін аса күмәнді пайда. Қазіргі кезде орныққан аграрлық зерттеу жүйесінде ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыруды ұлғайтқанмен, күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Аграрлы ғылымды ұйымдастырудың өзін өзгерту керек.
Ауыл шаруашылығын зерттеу саласы бойынша біз жетекші әлемдік алпауыттардан айтарлықтай артта қалып қойдық, көптеген құнды мамандардан айырылып, тұтас ғылыми бағыттарды жоғалттық. Республикада қазір заманауи ғылыми мектептерді қайтадан қалыптастыруымыз керек. Мұндай маңызды істі өз күшімізбен ғана тындыра алмаймыз. Ол үшін біз жетекші әлемдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатып, Назарбаев Университетінің үлгісімен дарынды жастарымызбен жұмыс жасау үшін атақты шетелдік ғалымдарды жұмысқа қабылдауымыз керек. 
Себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қазіргі заман талаптары аясында зерттеу университеттері аграрлы ғылым мен жоғары білімді қатар дамытудың ең оңтайлы түрі болып табылады. Зерттеу университеттері алдыңғы қатарлы инновацияларды тәжірибе жүзінде пайдалана алатын мамандарды даярлау мүмкіндігін береді. Мысалы, Австралия мен Нидерландыда аграрлық ғылым зерттеу университеттерінің әлеуетіне сүйенеді. АҚШ, Канада және Ұлыбританияда сонымен қатар ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үдерісінде зерттеу университеттерінің рөлі артып келеді. Демек, біздің ойымызша, аграрлық зерттеу университеті Қазақстанның жаңа агроинновациялық кластерінің өзегі бола алады.
– Өзіңіз басқарып отырған С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті республиканың бұрыннан келе жатқан оқу ордаларының бірі. Білуімше, университет сонау тың игеру жылдарында, жаңадан қалыптасып келе жатқан агроөнеркәсіптік кешен үшін мамандарды даярлау мақсатымен құрылған болатын. Бүгін, еліміздің алдында маңызды міндет қойылып тұрған шақта, ҚазАТУ жаңа агроинновациялық кластердің орталығы бола ала ма?
–Міндетті түрде. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы мамыр айында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің Пленарлық мәжілісінде берген тапсырмасына орай біз С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін Назарбаев Университетінің үлгісімен аграрлық зерттеу университеті етіп қайта құру жұмыстарын бастап та кеткен едік. Шындап келгенде, университетті қайта құру жолында алдымыздан көптеген бөгеттер пайда болды. Елбасының агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық тұрғыдан дамыту мен агроинновациялық кластерді қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары жоспарымыздың дұрыстығы мен нақты жүзеге асатыны туралы сенімімізді бекемдей түсті.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет