Ахмет Байтұрсынов
Кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды.
Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.
Ахметтің “Өмірбаянында” көрсетуінше: мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы Торғай уезі. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.
Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралыдағы екі сыныптық училищінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында “Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.
Алаш қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі (1920-1926 жылдар), Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады, сөйтіп жаңа заман үшін күреске кіреді.
Арман ақталмайды. Кеңес өкіметі патшаның отаршылық саясатын жалғастырады. Алаш зиялылары қуғынға түседі.
Осылайша большевизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалып, лагерь тепкісіне түсіп, ұзақ азап көріп, 1936 жылы қайтып келгенмен, 1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылды. Ұлы жүректің ауыр тағдыры осындай, ал толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи материалдарға сүйену қажет. Қазіргі қолда бар дүниелердің ішінде оның өзі орысша жазған “Жизнеописание” (1929, 8 наурыз), “Биография” (1929, 21 тамыз) деген материалдар айрықша бағалы. Бұлар Алматы университеті архивінде сақталған.
Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары проф. А.Смайлович, Е.Поливанов бағалы пікірлер айтқан болатын.
Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткерінің өмірі, шығармашылығы, әлеуметтік қызметіне байланысты маңызды еңбектер, негізінен, оның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды. “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы еңбектерінде” (Орынбор, 1922) орыс тілінде екі мақала басылды. М.Дулатовтың “Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк)” мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ақиқатқа жүгінгенде, бұдан кейінгі уақыттарда А.Байтұрсынов өмірбаяны туралы жазған авторлардың бәрі де осы еңбектің материалдарын пайдаланғанын көреміз. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А.Байтұрсыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған.
Мәскеуде 1929 жылы “Коммунистік академия” баспасынан шыққан “Әдебиет энциклопедиясының” 1-томында А.Байтұрсынов: “Аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі... Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деп бағаланып, негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі айтылады.
Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде жас Мұхтар Әуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25-26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: “Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, “Қырық мысал”, “Маса” еңбегі, “Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. (“Ақжол”, 1923, 4 ақпан), – деп жазады ол.
Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол “Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) “Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: “А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. “Қырық мысал”, “Маса” кітаптарын, “Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: “Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін”.
Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті “Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: “Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, — деп жазылған.
Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қан қырғын – репрессиялар басталған кезде, көп нәрсе мүлде бұрмаланды, “байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды.
Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі – қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: “Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шәкірттерінің біріне: “Мынау Ақаң жазған “Әдебиет танытқыш”, әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой” деген екен. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық – табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. Жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме, білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шәкіртіне ұстазы айтқан сөз: “Ескерттім ғой, - болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”.
Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А.Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен және алғысөзімен Мәскеуден 1974 жылы шыққан “Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол “араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды” деп тарихи тұрғыдан әділ көрсетілді. Кейбір қазақтың “қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз әшкерелейміз” деген пікір айтты.
Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, әдеби мұрасы жайлы тілшілер — Ә.Қайдаров, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Кеңесбаев, әдебиетшілер – Қ.Мұқамедқанов, Р.Нұрғалиев, тарихшылар – К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, С.Өзбеков, жас ғалымдар – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, Б.Байғалиев т.б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді “Ақ жол” (құрастырған Р.Нұрғали), “Тіл тағылымы” (құрастырған Р.Сыздықова) кітаптары басылды.
Енді Ахмет Байтұрсынов мұрасының негізгі арналарына тоқталайық. Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.
Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.
Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады.
Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін.
Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына:
Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңның бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да, —
деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:
Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман
Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арқадағы дау-шарына
Кәтерден кәпері жоқ,
келер сырттан, —
деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.
Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді.
Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар.
Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып жегеніме оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі қарам, —
деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып –
деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.
Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.
Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті.
Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ, —
деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады.
“Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған бозбала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, —
деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, —
деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.
Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді.
Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр.
Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған.
Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған. Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.
Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.
Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.
Ахмет Байтұрсыновтың қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (грамматика) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. “Ахметтің октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды”, — деп жазды Сәбит Мұқанов. Ғаббас Тоқжанов пікірі де осымен сабақтас. “Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді”.
Өз қолымен жазған “Өмірбаянында” (1929, 8 наурыз) Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен; екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жады тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған “Қазақ” газеті арқылы іске асты”.
Бұл жолдарда ғалымның өмір бойы жасаған істері тиянақты, жүйелі түрде айтылған.
“Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз жазу заманы – жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман...”, – деп жазды ол.
Бұдан кейін жазуға үйрету, хат таныту мәселелері сөз болады. Қазақ мектептеріндегі оқыту жайлы, олардың қиындықтарын таратып айта келіп, автор өзінің оқыту әдістерін ұсынады. Жалпы ғылыми мәні бар пікірлерді де айтып отырады. Мына тұжырымға көңіл бөліп, ой жүгіртіп көріңіз:
“Дүниедегі жұрттардың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршек тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршек тіл түпкі қалыбынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен: қытай, жапон тілдері. Жалғамалы тіл сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен: түрік, финн тілдері. Қопармалы тіл сөз түбірімен қопарылып, өзгертілетін тіл, мәселен: орыс тілі, араб тілі” Дәл бүгін айтылғандай әсер қалдыратын бұл пікіріне таңданбасқа шара жоқ.
Әдебиетші ақын Ахмет Байтұрсыновтың өнерпаздар мұрасының маңызды саласы ол жинап, реттеп, өңдеп бастырған – фольклор материалдары. Мұның бірі – 1923 жылы Мәскеудегі Күншығыс баспасынан шыққан “Ер Сайын” жыры. Кітап Шоқанның досы, әйгілі орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанинге тарту ретінде шығарылған.
Ахмет Байтұрсынов жинап, реттеп, сұрыптап бастырған екінші фольклорлық мұра – 1926 жылы Москвада жарияланған – 23 жоқтау. Әдеби тілдің қалай жасалатынын айта келіп; “Әдеби тіліне негіз етіп аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек, енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда мұны естен шығармау керек... Тіл тақырыпты Ленин сияқты көсемдердің айтқан сөздерін, үгіттерін оқыған не естіген кісі жолымыздың тура екендігін байқаса керек”, — дейді. Жинақ Шәңгерейдің “Сыршы” деген өлеңінің:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қараңды үзіп барасың,
Бізден қайран дүние...
Дәурен өтіп, жас жетіп,
Замандас құрбы адамдар
Азайып келіп о бітті.
Көрген түстей бәрі де
Көзімнен болды зым-зия, —
деген жолдарымен басталады. Қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын 23 жоқтау, трагедиялық жырлар берілген. Бұлардың ішінде Бапай батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, бірнеше тарихи тұлғалар бар, түсініктемелерде дәлді деректер бар.
Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.
“Әдебиет танытқыштағы” қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты — әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсемсөз (публицистика). Ауыз әдебиеті түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.
Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкетуге де қайран қаласыз.
Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.
Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”.
Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.
Бірден айту керек, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.
Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе, жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.
Өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама беруінен, сөз жоқ, неміс ғалымы Лессингтің әйгілі “Лаокон” трактатымен таныстықты байқауға болар еді. Сол сияқты әдебиет тектерін таратқанда, ішкі ғалам (субъективті әлем), тиіс ғалам, түйіс ғалам (объективті әлем) ұғымдарын пайдалану ескідегі Аристотель, кейінгі Гегель, бергідегі Белинский, Веселовский концепцияларын еске түсіреді. Ал ауыз әдебиетін жалпылай топтау тәсілдерінен орыстың дәстүрлі фольклоршыларының сабағы аңғарылады. Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп, басқаның пікіріне жығыла салатын әдеттен мүлде аулақ. Дәлірек айтқанда, “Әдебиет танытқышта” пәленшекең айтты деген бірде-бір пікір, тұжырымға сілтеме жоқ.
Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп, сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалға алынған.
“Әдебиет танытқыштың” бірінші бөлімі “Сөз өнерінің ғылымы” деп аталып, бірнеше шағын бөлімшелерге, баптарға бөлініп, олардың әрқайсысында нақты мәселе қаралады.
Ең алдымен тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға, ғылыми дәлді, ықшам, толық анықтама беріледі. Автор сөз өнері ғылымын: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.
Автор сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісі әншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру, орналастыру шарттары алға қойылады. Тіл тазалығына анықтама беріп, ол үшін орыстың жақсы жазушылары қойған талаптарды үлгі етіп алған. Олар:
— Ескірген сөздерге жоламау;
— Жаңадан шыққан сөздерден қашу;
— Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;
— Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.
Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, - деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.
“Әдебиет танытқышта” қойылған күрделі мәселенің бірі – қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің, ғылым мен әдебиеттің айырмасы. А.Байтұрсынов қазақта бұрын бола қоймаған терминдердің баламасын тауып, не өз жанынан жаңадан сөз жасай отырып, өте күрделі ғылыми, философиялық, эстетикалық көзқарастарды айтады, қиын проблемаларды ұғынықты түсіндіріп береді.
Ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді. Адамзаттың балалық шағындағы табиғат құбылыстарын кереметке жору, жоққа илану, дәу, пері, жезтырнақ, жалмауыз секілділерден қорқып, пері-періштеге, аруаққа сену салдарынан туған шығармаларға баға береді. Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр” сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі”
Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қарақыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.
Толғау, терме – қазіргі әдебиеттануда бар терминдер, ал үгіт өлең, үміт өлең – Ахмет Байтұрсынов әдебиет материалы негізінде дәл де айқын тұжырымдаған ұғымдар.
Сарындама сөздерді салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі деп үшке жіктеп, әрі қарай тағы да таратады.
Салт сөзі: мысал, ділмар сөзі (афоризм), тақпақ, мақал-мәтел, ғұрып сөзі: тойбастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жоқтау, жарапазан, бата; қалып сөзі: жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры болып бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы және нақты мысалы бар.
Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиеттің пайда болуы туралы пікірлерін дамыта келіп, әдеби байланыс, әдеби ықпал орайында дәлді, нақты тұжырымдар жасайды. Мұсылман дінінің күшімен енген араб, парсы әдебиеттері әсерінен туған мазмұн, уақиға ауысуы, шығарманың жаңа түрлерінің пайда болуы, бұрынғы үлгілердің соны тақырыпқа қызмет етуі тұжырымды дәлелденеді.
Ал қазақ жерінің отарлануынан кейінгі орыс әсері, Еуропа ықпалы өмірдің барлық саласынан көрінгенін, әсіресе көркем әдебиеттегі өзгерістердің туғанын А.Байтұрсынов жаңа бағыттар, жаңа жанрлық үлгілерді талдау арқылы айқындап береді.
“Әдебиет танытқыштың” үлкен бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған. Ахмет Байтұрсынов негізінен “жазу әдебиет” деген терминді қолданады, кейде “жазба әдебиет” деп айтады. Жазудың қазаққа дін арқылы келгенін кеңінен ұқтыра отырып, осы істегі қожалардың, ноғай молдалардың дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы тарату әрекеттерін көрсетеді, олардың ақын болмағандықтан, әңгіменің қисынымен қызықтырып, тамұқ азабымен қорқытып, жұмақ рахатымен үміттендіргенін ескертеді. Қожа, молдалар ішінен Шортанбай, Ақмолда секілді ірі ақындарды көрсетеді.
“Зарқұм”, “Сал-сал”, “Сейфұл-Мәлік” секілді қиссалар аталып, Жүсіпбек Шайхы Ісламұлының “Мұса мен Қарынбай” қиссасы, Шортанбай, Әбубәкір, Молда-Мұса шығармалары талданады.
Жазба әдебиеттің бір кезеңін діндар дәуір, екінші кезеңін әуелде, ділмар дәуір, артынан сындар дәуір деп алған, Ахмет Байтұрсынов жаңа әдеби дамуға қатысты келелі эстетикалық-теориялық ой-тұжырымдар, пікір-байламдар түйеді. Сындар дәуір ұғымына автор бір жағынан сын арқылы шыққан, екінші жағынан мағынасы терең, мінсіз, толғаулы, классикалық әдебиет деген сипаттарды сыйдырады. Асыл сөз жасаудағы білімнің, үлгінің қызметін ашады да мынадай қорытынды жасайды: “Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Еуропа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып көзге түскен. Сонан кейін ғана Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған”.
Қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Абайдың сөзге талғау кіргізгені, әдебиеттің басты-басты сипаттарын анықтағаны “Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы” өлеңін мысалға келтіру арқылы көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиет тудыруда талғамның, өнегенің, үлгінің, ықпалдың, әсердің рөлін айта келіп: “Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал”, — деген көрегендік тұжырым жасайды.
Жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерін автор үш топқа бөліп қарайды, олар: 1. Әуезе. 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс. Бұлар қазіргі әдебиеттану тұрғысынан айтқанда – эпос, лирика, драма. Әуезенің түрлері былай бөлінеді: 1) Ертегі жыр; 2) Тарихи жыр; 3) Әуезе жыр; 4) Ұлы әңгіме (роман); 5) Ұзақ сөз; 6) Ұзақ әңгіме; 7) Көңілді сөз; 8) Мысал; 9) Ұсақ әңгімелер.
Бұлардың ішінен зерттеуші “Ұлы әңгіме, яғни роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз” деген анықтама жасайды да, жанрдың негізгі белгілерін тұтас түгелдеп береді.
Роман тақырыбы, уақиға және уақыт, ұлы істер мен кіші істер, шиеленістер, тартыстар, амал-әрекеттер, мінездің іштен туатындығы, оның өзгеруіндегі үй-іші, мектеп, төңіректің ықпалы деген мәселелерді айта келіп, ақырында автор негізгі ойын кейіп (тип), кейіпкер (герой) проблемасына орайластырып, ақырында: “Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-ұсақ істері болғандықтан, ол істері біріне-бірі ұласып, біріне-бірі оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес”, — деген роман жанрының табиғатын ашатын терең ой қорытады. Қазақта әлі ұлы әңгіме жоқ деп келіп, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жатқызады. Ұсақ әңгіме ретінде Мұхтардың “Оқыған азамат”, Ысмағұлдың “Қалайша кооперация ашылды”, “Автономия”, Міржақыптың “Қызыл қашар”, Бейімбеттің “Айт күні” шығармалары мысалға келтіріледі. Әуезе жыр үлгілері қатарында Мұхаметжанның “Топжарған”, Шәкәрімнің “Жолсыз жаза”, “Қалқаман - Мамыр”, Мағжанның “Батыр Баян” (кітапта “Батыр Баян” деп жаңсақ берілген), ал аңыз ретінде Мағжанның “Қорқыт”, “Орман патшасы”, Пушкиннің “Данышпан Аликтің ажалы”, Абайдың “Ескендір” туындылары берілген.
Ахмет Байтұрсынов лириканы – толғау деп алып, осы әдеби тектің қыр-сырын ерекше тиянақты талдап, орасан терең пікірлер тұжырымдап, сұлулық, көркемдік, әсемдік, шеберлік табиғатына қатысты ойларын бажайлай жеткізеді. Ықшамдап, жинақтап айтқанда Ахмет Байтұрсынов лирикаға (толғауға) мынадай шарттар қояды:
1. ІШКІ ШАРТЫ: а) Толғау жалпы сырлы болуы керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін айтады. Бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгеге әсер ете алмайды;
ә) толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған күйден шығу керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан;
б) толғау таза болуы тиіс – нас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді;
в) толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан сөздердің әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды;
2. ТЫСҚЫ ШАРТЫ: а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болуы тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі;
ә) толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды;
б) толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін – күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін - әуезді сөз, әуезді күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс.
Кейінгі қазақ әдебиетшілері орыс тіліндегі еңбектердің ізімен саяси лирика, махаббат лирикасы деп қана шектеліп келсе, Ахмет Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, лириканың сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді, мысалға “Интернационал”, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, Сәкеннің “Жолдастар” өлеңдері, “Маса”, “Оян, қазақ” кітаптарындағы кейбір өлеңдер алынған.
Ахмет Байтұрсынов драманы қазақша “Айтыс-тартыс” деп алып, оған мынадай жанрлық анықтама береді: “Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді”.
Байтұрсынов саралауы бойынша драма былай бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия); 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма); 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Екінші жерде ықшамдап: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс деп те бөледі. Осы түрлердің әрқайсысындағы тартыс табиғаты, кейіпкерлердің сипаты жеке-жеке, дәлді де нақты әліптеледі.
Зерттеу барысында ғалым басқа елдер әдебиетін де ескереді: “Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу қиын екендігін көрсетеді”, — дейді “Сөз өнері” тарауында. Бұдан басқа Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов есімдері айтылады, жапон, француз, поляк әдебиеттеріндегі өлең құрылысы сөз болады. Абылай, Шоқан, Ақан сері, Торайғыров, Ядринцев, Потанин есімдері кездеседі.
“Әдебиет танытқыш” алғаш 1926 жылы шықты, 1989 жылы “Жазушы” баспасы, 1991 жылы “Жалын” баспасы шығарды. Соңғы басылымда бұрынғы жариялануда кеткен бірталай селкеуліктер жөнделді, олар – кейбір шатасқан сөздердің, баспа кінәсінен кеткен қателіктердің бұрмаланған текстердің түзетілуі. “Әдебиет танытқыштың” қазір Алматыда сақталған кітаптарының соңғы беттері жыртылғандықтан, еңбектің тексті түгел берілмей отыр. Зейін салған кісі аңғарса керек, А.Байтұрсынов былай дейді: “Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс”. Осылардың біріншісі - әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан сақталған кітап бойынша болашақта “Әдебиет танытқыштың” толық текстін табу міндеті тұр. Тағы бір мәселе әр түрлі жанрлық формаларды талдап болғаннан кейін А.Байтұрсынов әр жерде бұларды нұсқалықтың пәленше номерлерінен қара деп ескертеді. Ендеше, “Әдебиет танытқыш” оқулық, оның хрестоматиясы - нұсқалығы да болған ғой. Қазіргі дерек бойынша, ол жарияланбаған секілді. Әлде қолжазба күйінде архивтің бірінде жатыр ма? “Мәдениет тарихы” деген еңбек бітіргені белгілі – ол да жоқ. Қайда? Қысқасы, Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі “Әдебиет танытқыш” төңірегінде әлі де көп зерттеу жүргізу керек.
“Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан, әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине, қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынов жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр.
1913 жылы “Қазақтың” тұңғыш саны шыққанда газет редакторы Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған:
“... Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті”.
Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Авторы: Рымғали НҰРҒАЛИ, академик.
Достарыңызбен бөлісу: |