Ахметжанова Жанар Балтабекқызы Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер



бет1/3
Дата17.07.2016
өлшемі188 Kb.
#204974
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ  398. (574) + 821.512.122 -                     Қолжазба құқығында

Ахметжанова Жанар Балтабекқызы

Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер
10.01.09 – Фольклортану
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші:              филология ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Рахымов
Ресми оппоненттер:           филология ғылымдарының докторы,       профессор М.Жармұхамедұлы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.М.Медеубек
Жетекші ұйым:                 Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы

Диссертация 2007 жылы «___» _________ сағат _____ де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Афтореферат 2007 жылы  «_____»  __________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым-хатшысы, филология

ғылымдарының кандидаты,

доцент                                                                     С.С.Қорабай

Жұмыстың негізгі мазмұны

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тарихи өлеңдері жекелей алынып, арнайы зерттеу нысанасына айналмауының объективті және субъективті себептері бар екендігі мәлім.

Тарихи өлеңдер өз бастауын тым ертедегі түркі тектес халықтар бірлестігі, Алтын Орда, Ноғайлы кезеңі, Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасуы жайындағы халық басына түскен аласапыран оқиғалардан алады. Сол тарихтың сыр-сипатын, шынайы болмыс-бітімін ашу тарихшы, әдебиетші қауымға оңай тимегені рас. Ал, XX ғасырдағы Кеңес үкіметінің идеологиясы, партияның пәрменшіл саясаты рухани құндылықтарды терең тануға түрлі қаулы-қарарлар тасқынымен тосқауылдар жасап, таптық тұрғыдан қатаң қараудың нәтижесінде тұралатып келді. Шағын өлеңдер түгіл, кең көлемді эпикалық жырлардың өзі көзден таса, халық назарынан бүркемеленіп мұрағаттарда, кейбір үлгілері аңыз болып ел аузында ғана сақталып қалды. Қазақ халқының басынан кешкен «Ақтабан шұбырынды...» заманы мен «азаттық жолындағы күрес» оқиғалары туралы ауыз әдебиеті шығармаларын ұрпақ санасынан өшіру мақсаты көзделіп, ұлт мұрасына кереғар саясат жүргізілді. Ақиқаттың дәлелі мен деректері көптің аузындағы аңыз-әңгіме, өлең-жырларда екендігі айтылса да, өктем саясат өз дегенімен қажеттісін қалқып, керек емесін көзден тасалай білді.

Ғалымдар тарапынан тарихи өлеңдердің тек-тамыры көне түркі ескерткіштерінен табылатыны, оның кенже үлгілері Ұлы Отан соғысы кезеңінде де туындағандығы жөнінде ескертулер айтылып келді. Бүгінгі уақыт талабы тарихи өлеңдердің жанрлық мәселелерін, поэтикалық әлемін, ауыз әдебиетінің жанрлармен байланыс-бірлігі, тақырыптық топтасулары мен атқарған қызметін тексеру қажеттігіне ықпал етті.

Түйіндей айтсақ, тарихи өлеңдерді тәуелсіздік рухына және Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сай, қазіргі ұлттық жаңғыру үрдісімен үндес саралап, жан-жақты тексеру ісі тақырыптың өзектілігін танытады.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халық поэзиясының бір саласы ретінде тарихи өлеңдер XX ғасырдың 20 жылдарынан кейін сөз болып, оған қатысты пайымдаулар жасала бастаған. Оның басты дәлелі А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегінде, М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектерінде ауыз әдебиетінің тектері мен түрлеріне қатысты, тарихи кезеңдер шындығын берудегі халық поэзиясының рухани күш-қуаты тұрғысында бағаланады. Осы еңбектердің көпшілігінде қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасына шек қойылмай бірлікте алынып, ой-пікірлер айтылды.

Бұдан кейін XX ғасырдың 40-50 жылдары және онан кейінгі кезеңдерде тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер назарға ілікті. Мәселен Ә.Х.Марғұланның эпосқа қатысты еңбегі (1946), Н.С.Смирнованың XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық және тарихилық мәселелеріне (1948; 1949; 1951) байланысты зерттеулері мен қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдықтың алғашқы томында (1948) сөз бола бастады. Бұл еңбектерде де тарихи өлеңдер мен тарихи жырлар арасы толық анықталмай, зерттеушілер «тарихи жырлардың ең кішігірім үлгілері» деген атау қалыптастырды. Бұл аталып отырған еңбектердегі талданғандар шын мәнінде тарихи өлеңдер болатын. Тарихи өлеңдердің бертіндегі туғандарына байланысты Б.Кенжебаевтың еңбегі 1916 жылғы көтеріліс жырларына арналды (1956). Осы тақырыпта Х.Ищановтың «1916 жыл және халық поэзиясы» (1958) еңбегі жарық көрді. Сөйтіп, тарихи өлеңдер туралы тарихи жырлармен қоса ғылыми тексерулер ісі басталды. Тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде туғандары туралы бұл кезеңдерде жинақтау ісі болса да, ғылыми тұрғыдан талдаулар шолу түрінде айтылған ой-пікірлермен шектеледі. 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1-томы ауыз әдебиетіне арналып, мұнда XVIII ғасырдан бастап, тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың өткендегі тарихи оқиғаларды шын мәнінде жеткізе алатындығы айтылды. Кітапта XIX ғасырдағы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған өлеңдер жөнінде түсініктер беріліп, біршама ғылыми салмақты пікірлер айтылды.

Тарихи өлеңдерге қатысты ғылыми зерттеудің жаңаша бағыт-бағдар алуы өткен ғасырдың 60-80 жылдар аралығы деуге болады. Атап айтсақ, 1962 жылы М.Жармұхамедовтің «1916 жылғы көтеріліске қатысты қазақ халық поэзиясы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалса, 1968 жылы орыс тілінде «Қазақ әдебиет тарихының» көп томдығының бірінші томы жарық көріп, онда қазақ фольклорының XVIII-XIX ғғ. тарихи шығармаларға арналған бөлімді С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов, XX ғасырға арналған бөлімді Е.Ысмайылов жазады. Қазақтың тарихи жырлары мен аталған ғасырларға қатысты мұнда да бағалы пікірлер айтылған еді. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) атты монографиясының жарық көруі, диссертациялық еңбегінің қорғалуы да көне мұраны жаңғыртып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етті деуге болады. Себебі бұл еңбектерде тарихи өлеңдер туған дәуірлерге байланысты байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама қалыптасқаны аян.

Белгілі ғалым Б.Уахатов «Қазақ халық өлеңдері» (1974) атты монографиялық еңбегінің бір тарауын тарихи өлеңдерге арнады. Бұдан бұрынғы тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді бірге қарап, арасына шек қойылмай келген мәселелерге автордың бұлайша концепция ұсынуы тарихи өлеңдерге байланысты жаңаша бір бағыт әкелді деуге болады.

Арада бес жыл өткеннен кейін, қазақтың тарихи жырларына арналған «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (1979) атты Қазақ ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымдық монографиялық еңбегі жарық көреді. Тарихи жырлар мен тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктерін, поэтикалық табиғатын, тарихи негіздерін ашуда бұл еңбек өз кезінде лайықты бағасын алған еді. Еңбекке басшылық жасаған ғалым Р.Бердібай мақаласында да тарихи жырлар мен тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер айтылып, ғылыми зерттеу мәселесіндегі кешеуілдеудің себеп-салдарына тоқталады. Осы іргелі еңбектегі С.А.Қасқабасовтың «Тарихи жырлардың зерттелуі мен жанрлық сипаты» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасуына тарихи өлеңдердің циклденуі ықпал еткені аталып, екі жанрдың айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты түсіндірсе, Е.Тұрсыновтың «Тарихи жыр, өлеңдердің тегі мен дамуы» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасу эволюциясы сөз болып, автор екі жанрды бірлікте қарайды. 1982 жылы жарық көрген Р.Бердібаевтың «Қазақ эпосы» атты еңбегінде тарихи жырларға арнайы тарау беріліп, осы тарауда «тарихи өлеңдердің іздеушісі керектігі» түбегейлі зерттелуі туралы мәселе қозғалған еді. Бұл пікірлер дамытылып, әсіресе, «ақтабан шұбырынды» дәуіріне қатысты «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңі туралы пікір талас туындап, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы мәселе турасында көптеген мақалалар дүниеге келді. 1993 жылы «Қазақтың XVIII ғасырындағы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар» жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған Б.С.Рахымов еңбегінде тарихи жырлардың өз бастауы тарихи өлеңдерден тамыр тартатыны, тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасулары туралы мәселелер көтерілді.

Зерттеудің мақсаты – ең алдымен, қазақ халық поэзиясының осы уақыт аясындағы зерттеулер арқылы жанрлық жіктелісіне назар аударып, оның ішінде тақырыпқа қатысты тарихи өлеңдердің алатын орнын анықтау. Сөйтіп, тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуі, жанрлық ерекшеліктері және поэтикалық мәселелеріне тиянақты жауап беру.

Зерттеудің міндеттері:

ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорларындағы сақталған, фольклорлық экспедициялар кезінде табылған тарихи өлеңдерді екшеп, кейінгі кезеңде жарыққа шыққан үлгілерін зерттеу ісіне пайдалану;

туыстас халықтар поэзиясына назар аударып, қазақ тарихи өлеңдерін психологиялық жағынан түрік, қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек т.б. халықтар мұраларымен салыстыра тексеріп, жаңаша пайымдаулар жасау;

тарихи өлеңдердің бастауы, қалыптасуы мен дамуы, жанрлық сыр-сипаты жайындағы бізден бұрынғы зерттеу еңбектерді негізге алып, бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан халқымыздың көнеден келе жатқан рухани мұрасы ретінде жаңаша пайымдау;

бүгінгі күнге дейін толық тексерілмегендігін ескеріп, тарихи өлеңдердің поэтикасына қатысты салыстырулар жүргізіп, өзіндік түйіндеулер мен тұжырымдар ұсыну;

тарихи өлеңдердің ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен байланысын жан-жақты зерттеу.



Зерттеудің дерек көздері ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларындағы қолжазбалар пайдаланылды. Көне басылымдардан Т.А.Сейдалин мен С.А.Жантөрин құрастырған «Қырғыз (қазақ) поэзиясының үлгілері» (1872), И.Березиннің «Түрік хрестоматиясы» (1890), С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары» 1 жинақ (1931), «Он алтыншы жыл» (1940) жинақтары мен одан кейінгі әдеби мәліметтер, мұрағаттар деректері және Орталық Қазақстан облысы бойынша 1986-1997 жылдар аралығындағы фольклорлық практикалар мен 2002 жылғы фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдары, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысынан жинақталған рухани мұралар, оқулықтар мен ғылыми басылымдар қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдердің шығу тегі мен дамуын жан-жақты саралап, өзге халықтардың тарихи өлеңдерімен салыстыра қарап, жанрлық сипатын анықтау және поэтикалық ерекшеліктерінің алғаш рет арнайы ғылыми-зерттеу нысанына алынуы – тақырыптың сонылығын сипаттайды. Зерттеудің осы реттегі басты ғылыми жаңалықтары:

тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасуы және тұтастануына байланысты тың тұжырымдар ұсынылады;

ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен тарихи өлеңдердің өзара байланысы және осы уақытқа дейінгі тарихи өлең мен тарихи жырлардың арасындағы айырмашылықтарға қатысты түрлі көзқарастарға жауап беріліп, тарихи өлеңнің тарихи жырларға әсер-ықпалы жөнінде жаңа ғылыми концепция жасалды;

суырыпсалмалық ақындар шығармашылығымен тарихи өлеңдердің қарым-қатынасы айқындалып, тарихи өлеңдердің фольклорлық негізіне баса ден қойылды;

тарихи өлеңдердің тұтастай поэтикалық тұрғыдан зерделенуі –диссертациялық жұмыстың басты жаңалығы болып табылады.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазақ фольклортану ғылымындағы жетістіктер мен ғылыми ізденістер басшылыққа алынды. Ерекшелеп айтқанда, қазақ халық ауыз әдебиетінің жанрларына қатысты ғылыми таным мен түсініктер, фольклордың тарихы мен теориясына, сондай-ақ, суырыпсалмалық өнер өкілдерінің шығармашылығындағы дәстүр мәселесін қозғаған елеулі еңбектер мен эпостану саласындағы, халық поэзиясына қатысты зерделі зерттеу еңбектер жұмысымыздың әдістемелік әрі ғылыми бағдары болып табылды. Бұл мәселеде қазақ фольклортану ғылымына үлес қосқан Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Х.Марғұлан, Н.С.Смирнова, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Н.Төреқұлов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Б.Уахатов, О.Нұрмағамбетова, М.Жармұхамедұлы, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, М.Мағауин, С.Садырбаев, З.Сейітжанов, Б.Әзібаева, Б.С.Рахымов және т.б. ғалымдар еңбектері, ғылыми зерттеулері басшылыққа алынып, еңбектену барысында қажетіне қарай қолданыс тауып отырды.

Сонымен бірге тақырыбымызға қатысты орыс ғалымдарының теориялық пікірлеріне назар аударылып, жұмыс барысында В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, И.Березин, Б.Н.Путилов, И.В.Стеблева, В.Я.Пропп, А.М.Астахова және т.б. ғылыми ұстанымдары тиісті дәрежеде кәдеге асырылды. Сондай-ақ, қырғыз фольклорынан Ж.Суванбеков, С.Закиров, ұйғырдың көне ескерткіштеріне қатысты Л.Ю.Тугушева, қарақалпақ фольклорынан Қ.Айымбетов, өзбек әдебиетінен Ғ.Каримов, қарашай халық жырларына қатысты Р.Ортабайланың, бурят фольклорынан Н.А.Шаракшинова, якут фольклорынан Г.У.Эргис, славян халықтарының эпикалық дәстүрін зерттеген Ю.И.Смирнов еңбектері мен «Моңғолдың құпия шежіресіне» қатысты зерттеулер басшылыққа алынып отырды. Тарихи құжаттар мен тарихшы ғалымдар еңбектері кеңінен пайдаланылды.



Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Тарихи өлеңдерге байланысты зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары қазақ әдебиеті тарихының ауыз әдебиетіне қатысты көп томдық еңбектердің халық поэзиясына арналған бөлімдерін толықтыруға, түрлі деңгейдегі орта және жоғары мектептер үшін оқулықтар әзірлеуге, сонымен қатар, гуманитарлық бағыттағы жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде халық ауыз әдебиеті, қазақ фольклоры пәндерінен дәріс оқуға және мамандандыру курстарына пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

тарихи өлеңдер жеке ел болып, дербес мемлекет ретінде қалыптасқан дәуірлердегі ел басына күн туып, түрлі қиыншылықтарға тап болғандағы оқиғаларды бейнелейді;

тарихи өлеңдегі дәстүрлі естірту, жоқтау, қоштасу өлеңдерінің мотивтері болғанымен, онда жалпыхалықтық мәселе көтеріледі. Ел мен жер тағдыры басты тақырыпқа айналады. Оқиғаның болып жатқан сол сәтінде шыққандығы және жеке адамды бейнелеуге қатысты еместігін ескере келе, тарихи өлеңдерді отбасылық әдет-ғұрып фольклорымен шатастыруға болмайды;

тарихи өлеңдер белгілі бір дәуір тұсындағы ел күйзелісін, ашу-ызасын, мұң-шерін т.б. толық ашып бере алады;

тарихи өлеңдердің ерте дәуірден бізге жеткені ел-жұртпен қоштасу, атамекенді жоқтау, халықтың көсемдері мен батырларын мадақтау түрінде кездеседі;

қазақ халқына байланысты туған тарихи өлеңдер Қазақ хандығының кезеңінен басталады. Тәуелсіздік жолындағы күрес ісі шын мәнінде тарихи өлеңдерден бастау алады;

тарихи өлеңдердің негізгі арқауы ел мен жердің азаттығы, халықтың арманы мен мұраты болып отырады. Тарихи жыр мен тарихи өлеңнің басты айырмашылығы осыдан көрінеді. Тарихи жырда ерлік мәселесі кең көлемде алынып, азаттық жолындағы арпалысқан қаһарман бейнесі сомдалса, тарихи өлеңде жалпы халықтың мұң-зары, қайнаған кегі заман тудырған аласапыран оқиға негізінде бейнеленеді;

тарихи өлеңді айтушылар сол оқиғаны көзбен көріп, көңілмен сезген сөз сүлейлері екендігі анық. Табиғаты жағынан қоштасу, жоқтау т.б. дәстүрлі ерекшеліктер тарихи өлеңдердің лирикалық өлеңдермен байланысы барын көрсетеді. Бірақ тарихи өлеңдер таза лирикалық өлеңге жатпайды. Себебі өзінің жедел тууы, тарихи оқиғаны дәлме-дәл беруі жағынан тарихи өлең эпикалық түрге жатады. Оның өлшемі ішкі эпикалық кеңдікпен ерекшеленеді.



Жұмыстың сарапталуы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыс негізінен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінде және институттың Ғылыми кеңесінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.

Диссертациялық жұмыстың басты мәселелері мен негізгі түйіндері бойынша халықаралық, республикалық, аймақтық  ғылыми-теориялық, практикалық конференцияларда баяндама ретінде тыңдалып, жинақтарда жарық көрді. Барлығы – 9 мақала жарияланды және тақырыпқа байланысты жинақталған хрестоматия жарық көрді.



Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, әр бөлімге байланысты барлығы 8 тарау мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.

Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеті, зерттелу деңгейі, ғылыми жаңалығы, жұмыстың дерек көздері, теориялық негізі, зерттеу нысаны, ғылыми-практикалық мәні, зерттеу әдістері, қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар және жұмыстың жарияланымы мен талқылануы сөз болады.

Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Тарихи өлеңдердің зерттелуі» деп аталады. Бөлім үш тараудан тұрады.



Бірінші бөлімнің  «Тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуі» атты бірінші тарауында тарихи өлеңдердің айтары – қазақ ұлтының бастан кешкен түрлі деректі оқиғалары, тарихи ірілі-ұсақты ел басына қиын-қыстау күн туғандағы қайғы-қасіреті, мұң мен шері, қуанышы мен келешек өмірге деген үміті екендігі нақтыланды. Өкінішке қарай көбіне ауызша айтылып, суырыпсалмалық дәстүр үлгісінде тарағандықтан, көне дәуірлерге қатысты өлең-жырлар ұмытылып үлгерген. Бұған берітіндегі жазу-сызу өнері орныққан кезеңдегі түрлі идеологиялардың қырсығын тигізіп, тарих теңізіне тереңдеуге де мүмкіндік бермегенін айтпасқа тағы болмайды. Пікіріміздің дәлелсіз еместігін қазақ өлеңдеріне қатысты құнды зерттеу жүргізген ғалым Б.Уахатов былайша нақтылайды: «...қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғалар көп. Бірақ, соның барлығы бірдей бір ауыз әдебиетінде сақталып қалмаған. Тек кейінгі бір-екі ғасырда туған тарихи аңыз-әңгімелер мен өлеңдер болмаса, арғы көне дәуірлердің нақтылы деректеріне құрылған жыр үлгілері жоқтың қасы. Соның ішінде тарихи ұсақ жырлар, яғни бір кездегі Қорқыт, Еділ-Жайық туралы, Шыңғыс ханның қаһарлы жорығы, Ақсақ құлан, Жошы хан туралы өлеңдер өте аз сақталған» [1, 64-65 бб.], - дейді. Халық поэзиясының дер кезінде хатқа түспеуінен көп қазыналар ұмытылып, кей үлгілерінің түрлі өңдеулерден өтіп отырғаны баршаға мәлім. Ендеше, тарихи өлеңдер халық поэзиясының бір саласы болғандықтан мұндай әрекетті айналып өтуі мүмкін емес еді. Академик М.О.Әуезов: «Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер», - дей отырып, «Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады» [2, 140], - деуінің қисынды айтылғанын көреміз. Демек, тарихи өдеңдердің пайда болу мәселелері тым ерте дәуірлерге байланысты екен. Қазақтың тарихи жырларының қалыптасуына тарихи өлеңдердің әсер-ықпалы бар екенін айтып, арнайы көңіл бөлген академик С.А.Қасқабасовтың төмендегі пікірі де соның дәлелі болып табылады. «Тарихи өлеңдер қоғам дамуының әр кезеңінде туып отырады, яғни бұл – оперативтік жанр. Сондықтан тарихи өлең өте ескі жанрлардың бірі. Мәселен, бүкіл түркі халықтарының тарихи кезеңдерінің ең көне үлгісі Білге Қаған, Күлтегін, Тоньюкук т.б. туралы Орхон-Енисей маңынан табылған шығармалар деуге болады» [1, 28 б.]. Ал бізде тарихи өлеңдер XVIII ғасырдан басталады деген пікір қалыптасқан. Кейінгі көне түркі дәуірлеріне байланысты еңбектерден шын мәнінде тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде қалыптасқанын аңғаруға болады. Бұл істе белгілі ғалым, академик Р.Бердібайдың: «Әзірше зерттеушілеріміз тарихи өлеңді арнайы жүйелеп, толық қамтып тексеруге жеткілікті көңіл бөле қойған жоқ. Түбінде тарихи өлеңнің өз іздеушісі туса, оның хронологиялық кезеңін де, аумағы да анағұрлым айқындала түсетіндігі кәміл. Кейбір фольклортанушылардың тарихи өлеңді белгілі оқиғалар негізінде құрылған көлемді жырлармен бір топта қарап келгендігі де, бұлардың жанрлық жігіне жете мән беріле қоймағандықтан» [3, 185], - деуінің дәлелді айтылғаны талассыз. Мәселен, Көне түркі жазба ескерткіштері туралы терең ізденіп, лингвистикалық жағынан үздіксіз зерттеп келе жатқан ғалым Ә.Құрышжанұлының еңбегінде «Таңғұттармен соғысу», «Мыңлақ елімен соғысу», «Ябақулармен соғысу», «Жорық жырлары», «Алып ер Тонаны жоқтау», «Белгісіз батырды жоқтау», сынды дүниелерді көне түркі тілінен аударып, оларды «Халық өлеңдерінен үзінділер» деген атаумен берген [4, 297]. Анықтай қарар болсақ, осы өлеңдердің болмыс-бітімі тарихи өлең табиғатына толық сәйкес келеді.

Түркі-моңғол халықтарының тарихы туралы қыруар еңбек жазған В.Бартольд еңбегінде де тарихи өлең қалыс қалмаған [5]. Оның қисынсыз еместігі «Моңғолдың құпия шежіресімен» салыстырғанда  байқалды [6].

Академик Ә.Марғұлан қазақтардың ертедегі Жеті-Асар, Жанкент, Жент, Баршынкент, Сығанақ, Отырар қалаларының жоғалып кеткеніне күйініп, «жоқтау жырын» шығарған дей отырып, сондай өлеңді күн шығысты зерттеген ғалым Алиф деген кісінің тапқанын айтады. Өлеңді ғалым орыс тіліне аударып, бертінде «Туркестанские ведомости» газетіне бастырғаны туралы мәлімет береді [7, 42-43].

Қазақ хандығынан бұрынғы Ноғайлы дәуіріне қатысты көптеген айтушылары ұмытылып, халық өлеңдеріне айналып кеткен өлеңдер де баршылық. Оны біз Құрбанғали Халитовтың «Тауарих Хамса» атты еңбегінен табамыз. Мұнда «Қазақ пен ноғай айырылуы», «Ноғайлының бүлінуі», «Еділ менен Жайықты» т.б. өлеңдерден қазақ халқының ел болуы бір күннің ісі еместігі, басынан сандаған қиын күндердің өткенін көрсетеді.

Тек жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары ғана С.Қасқабасов, Р.Бердібаев, Б.Абылқасымовтың тексерулерінің нәтижесінде екі жанрдың ара жігі ажыратылған. «Ал, шындығына келсек, қазақ фольклорында «тарихи жыр» да «тарихи өлең» де өзінше өмір сүре алатын, дербес жанрлар. Бұл – қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік дара сипаттарының бірі» [8, 28]. Бұл дәуірдегі тарихи өлең ретіндегі анық бағаланған «Елім-ай» өлеңі болатын. «Ақтабан шұбырынды» дәуірінің өзегі делінген «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңін алғаш хатқа түсіріп, орыс тіліне аударған Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин және П.Н.Распоповтар екен. Қазақ поэзиясын зерттеудегі өзіндік үлесі бар Н.С.Смирнова «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңінің 14 нұсқасы бар екенін атайды. Өлең нұсқаларын әр кез, әр уақытта ел арасынан жинақтап, белгілі еңбектерде кімнен алынғаны В.В.Бартольд, С.Сейфуллин [9], Қ.Жұмалиев [10], Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.Мағауин мен Ә.Кекілбаев, Ж.Досқараев, Ы.Дүйсенбаевтар жинақтаулары мен еңбектерінде баяндалады. Өлеңді айтушылар Айтбай Белгібаев, Мұстафа Оразайұлы, Әбдірайым Байтұрсынұлы екендігі аталады. Олардың өлеңді кім айтқанына қатысты жауаптарында, Тобықты Топыш, Көтеш ақын есімдері аталған. Келесі бір дерек, ауыз әдебиетін жинақтаушы Қаратай Биғожиннің айтуынша «Елім-ай» әнінің сөзін Қожаберген жырау, әнін Қожаберген жыраудың әйелі Айша шығарған деген болжам айтылған. Біздіңше, өлең ел арасына кең тарап, ауыздан-ауызға көшу барысында фольклорға тән дәстүрдің көрсеткішіне айналған. Жалпы тарихи өлеңдер туралы тексеру барысында «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты өлеңдер көбірек алынып, зерттеушілер тарапынан жеткілікті пікірлер айтылғанын аңғардық. Бұл тұрғыда «Қаратаумен қоштасу», «Еділмен қоштасу», «Аманат», «Сарыарқамен қоштасу» өлеңдері кезең шындығынан шалғай кетпеген. Заман дерегі Ш.Уәлиханов [11] еңбектерінде айтылып, кейінгі ғалымдар зерттеулерімен толысқан. Небір жан түршігерлік оқиғалар Жоңғар қалмақтарынан болып отырғаны тарихи өлеңдерден көрініс тапқан. Ондай өлеңдердің көпшілігі Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин  құрастырған жинақта [12], С.Сейфуллин  оқулығында, ғылыми қолжазба қорларында сақталған [13, 14, 15, 16,]. Тарихи өлеңдердің кейінгі кезеңде табылған үлгілері Б.Рахымов еңбегінде талданған [17].

Тарихи өлеңдердің ендігі бір шоғыры ХІХ ғасырдағы тарихи жағдайларға қатысты туған. Бұл ғасырдағы ел басына түскен азаптың басы Қоқан мен Хиуа хандықтары болса, екіншісі, Ресей патшалығының империялық саясаты, үшінші, сол ғасырдағы жұт жылдары деуге болады. Бұл кезеңдегі өлеңдерді жинастыру ісіне Ы.Алтынсарин, И.Бартольд, И.Березин, Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин, М.В.Готовицкий, Қ.Бекниязов, Қ.Есжановтардың үлес қосқанын білдік. Кеңес дәуірінде Абай атындағы ҚазПИ студенттерінің 1948-1949 жылғы ел арасындағы арнайы экспедициялық жұмыстарында көптеген тарихи өлеңдер жинақталған [18]. Қазақ жерінде түрлі зұлмат пен қатар аштық нәубетінің келгендігі де тарихи өлеңдерден орын алған. Бұндай апат – 1879, 1880 жылдары болған. Ауызша қазақ арасында сақталған «Қазақ қайғысы», «Аштық», «Аштықтан халық қамалды»  атты өлеңдердің айтары сол екендігі мәлім.

Қазақ поэзиясында өзге дәуірлерге қарағанда ертерек қолға алынып, мұқият жинақтау мен зерделі зерттеулерден өткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты халық өлеңдері деуге болады. Бұл көтеріліс туралы тарихи тұрғыдан 1947 жылдан бастап тарихи жинақ құрастырылып, Б.Кенжебаев [19], Ф.Н.Киреев, Ш.Я.Шафиро [20], Е.Ысмайловтар түрлі еңбектер жазса, 1916 жыл туралы Д.Ысқақов, Е.Ысмайлов, Ә.Сәрсенбаевтар арнайы жинақ шығарған [21], 1916 жылғы көтеріліс тақырыбында М.Жармұхамедов ғылыми еңбек жазса [22], ел тарихына қатысты жазылған көп томдықтарда 1916 жылғы халық поэзиясы мен тарихи түрлі оқиғалар қалыс қалмай тексерілген.

Қазақ тарихи өлеңдеріне қатысты мәселелер тарихи жырларды зерттеуші М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайлов, Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов еңбектерінде қалыс қалмайды. Бұл заңдылықты қазақ тарихи жырларын бертінде, ел егемендігін алғаннан кейінгі зерттеушілер З.Сейітжанов [23], Б.Рахымов [24], С.Сакенов [25], Г.Қ.Рахымбаевалардың [26] еңбектерінде де лайықты орын алған.

Сонымен алғашқы бөлімде негізінен тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуіне қатысты сөз болады. Тарихи өлеңдерді дәуірлік жағынан ендігі уақытта былайша тақырыптарға бөліп қарстырған жөн:

1. Тарахи өлеңдердің көне дәуірдегі хатқа түскен үлгілері.

2. Қазақ хандығы кезеңіне байланысты тарихи өлеңдер.

3. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты туған тарихи өлеңдер.

4. ХІХ ғасырдағы туған тарихи өлеңдер

5. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері.

Тарихи өлеңдердің жинақталуы мен зерттелуі осындай жүйені жасауға жетеледі.

«Қазақ халық өлеңдерінің жанрлық түрлерге жіктелуі» деген бірінші бөлімнің екінші тарауында халық поэзиясын тек пен түрге бөлу Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, А.Құнанбаев т.б. басталғаны фольклортану ғылымында орынды аталып келгендігі жайында және фольклортану ғылымындағы халық өлеңдерін жан-жақты талдап, олардың жанрлық жағынан жүйелеуде А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және т.б. ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелері ғылымда орынды аталып келгендігі сөз болады. Жалпы халық өлеңдері турасында ертелі-кеш айтылған пікірлерді екшеп, күрделі монографиялық тұрғыдан Е.Ысмайылов пен Б.Уахатовтың жазған еңбектері ғылымда айырықшы бағаланып, болашақ зерттеушілерге қозғау салғаны мәлім. Бұдан кейін С.Қасқабасов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, Г.Болатова, К.Матыжановтардың тұрмыс-салтқа қатысты өлеңдерді жанрлық жағынан жіктеулері жарық көрді. Қазақ халық поэзиясына байланысты зерттеушілердің ой-пікірлерінде, тек пен түрге бөлулерінде тарихи өлеңдерге қатысты бағалаулар болды ма, бар болса қалайша нақтыланды деген мақсатта осы тарауда арнайы орын берілді.

1916 жыл поэзиясына қатысты Б.Кенжебаев, Х.Ищанов, М.Жармұхамедов еңбектерінің жарық көрулері, тарихи өлең мен тарихи жырлардың шығу тегі мен пайда болу заңдылығын ашуға ықпал еткен. Тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді қалыптасқан термин атаумен атаса да, өзінің тексерулерінде профессор Н.С.Смирнова: «Тек, нағыз тарихи шығармаларға тән негізгі сипаттар тарихи өлеңдердің ең кішігірім түрлерінде ғана сақталған» [1, 518 б.], - деп эпикалық жыр мен шағын өлеңдердің айырмашылығының барын аңғартқан.

Ал, тарихи өлеңдердің тарихи жырлардан айырмашылығы барлығын дәйектеп, халық поэзиясының өз алдына жеке жанр бола алатындығын С.Қасқабасов [1, 28 б.] ғылыми тұрғыдан дәлелдей көрсетті. Ғалымның ой-пікірлері мен тұжырымдары тарихи жырларды зерттеуші З.Сейтжанұлы, Б.С.Рахымов, С.Сәкенов және т.б. еңбектерінде бағаланып отырған.

Сөйтіп, тарихи өлеңдердің халық поэзиясының бір саласы екендігі нақтыланып, тарихи өлеңнің болмыс-бітімінен фольклорға тән белгілер толық аңғарылатындығы баяндалды.

Бірінші бөлімнің үшінші тарауын «Тарихи өлеңдердің типологиялық мәселелері» деп алып, онда қазақ тарихи өлеңдерінің халық өлеңдері қатарынан орын алатындығын айқындай келе, келесі кезекте тарихи өлеңнің басқа халықтар мұрасында кездесетінін, сабақтастығы, ұқсастығы, сәйкестенуіне қатысты салыстырмалы түрде тексерілді. Типологиялық зерттеулердің өзінде де тарихилық басты орынға шығатыны мәлім. Тарихи өлеңдерге қатысты алдыңғы тараудағы ой-пікір білдірген ғалымдардың еңбектерін типологиялық зерттеудің барлық шарттарына жауап бермесе де, негізгі нысанасы тарихилық болатын. Бұл істе біз ең алдымен тарихи өлеңдердің типтік негіздерін «Көне түркі дәуірі», «Түркі-моңғол кезеңдері», «Ноғайлы дәуірі», «Қазақ хандығы кезеңдері» т.б. түрлі тарихи кезеңдегі оқиғалармен сабақтастыра түсіп, жалпы түркі тектес халықтар поэзиясымен салыстыра тексерулер жүргізілді. Сүйеніш тірек ретінде Ф.Е.Корш, А.Н.Бернштам, П.М.Мелиоранский, И.В.Стеблева және т.б. зерттеулері қаперде ұсталды. Тарихи өлеңнің өте жедел тууы жағынан, халық поэзиясындағы жоқтау, бата, сәлем, естірту, қоштасу өлеңдерімен сәйкестенеді. Бірақ тарихи өлеңде тұтастай жалпы халықтың бастан кешкен тағдыр-талайы айтылады.

Осы ретте типологиялық жағынан ұқсастық қарақалпақ, қырғыз, түрік, қытай, қарашай т.б. халықтардың тарихи өлеңдерімен ұқсастықтардың барлығы айқындалды. Ал түр жағынан алғанда саха фольклорын зерттеген Г.Эргис, славян халықтарының эпикалық дәстүріне қатысты Ю.И.Смирнов, бурят фольклорына байланысты Н.О.Шаракшинова, орыс фольклоры тұрғысынан В.Я.Пропп, қарашай халқының жырлары жөніндегі Р.Ортабайланың еңбектерінде ең алдымен тарихи өлеңдер пайда болып, содан айтылу барысында эпикалық сипат алатындығы типологиялық жағынан қарастырылған. Әрине, барлық халықтардың мұрасы бір қалыптан шыққандай емес. Әйтсе де, тарихи өлеңдердің жанрлық сипаты мен эпикалық жыр туғызу мүмкіндігіне қатысты пікірлердің сәйкес келетіндігін көреміз. Демек, тарихи жырларды зерттеуші ғалымдардың тарихи өлеңдерді сабақтастыра қарап, эпикалық көлемді жырға өзек болатын қызметіне назар аударулары дәлелді. Мәселен, қазақ тарихи жырларының поэтикасына қатысты Б.С.Рахымовтың еңбегінде тарихи өлеңдердің кей үлгілері дайын клише ретінде жырға еніп, эпикалық шығарманың реалистік сипатына арттыра түсетіндігі түсіндірілген еді [17, 110-112 бб.]. Тарихқа жүгінсек қазақ халқының жеке ел болуы, дербес хандық құрған кезеңінің өзінен-ақ ел басына қауіп төнген тосын шабуыл, сұрапыл шапқыншылық түрлі қақтығыстар саны 300-ден асып кетеді екен. Оның бәрі айтуға оңай болғанмен, өткен өмірдің өкініші-күйініші екендігі шындық. Дәл сол дәуірлермен кезеңдердің елесі мен дерегін, жалпы халықтың психологиясын болмысына сіңірген тарихи өлеңдер болатын. Қай халықтың болмасын бастан өткерген түрлі тар жол, тайғақ кешу кезеңдері бар. Тарихи өлеңдердің типологиялық мәселелеріне қатысты мынадай мәселелер маңызды болмақ.

Тарихи өлеңдер барлық халықтардың фольклорында кездесетіндігі күмәнсіз. Алайда тарихи тұрғыдан өлең өрнегінде түрлі ерекшеліктер байқалмай тұрмайды. Айталық батыс фольклорында тарихи өлеңдер көбіне шабуыл-шайқас, соғыс қасіреті мен зардаптарына қатысты сипатталса, шығыс халықтарында аласапыран сұрапыл басқыншылық, зұлмат пен нәубеттің салдарынан босып пана іздеген, елі мен жерінен айрылған халықтардың тағдыр-талайы өлеңге арқау болған.

Қазақ халқының басынан бақ тайып, түрлі қатерге тап келгенде, елі мен жұртының назасы ең алдымен суырыпсалма өнер өкілдерінің шығармасынан көрініс тапты. Жалпы халықтың мұңлы әніне айналды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет