Сынып сағатының тақырыбы: «Желтоқсан жаңғырығы»
Мақсаты: Желтоқсан құрбандарын еске ала отырып, оларды мәңгі есте сақтап, жас ұрпақтың бойына еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру.
Көрнекіліктер: Желтоқсан құрбандарының суреттері, нақыл сөздер, интербелсенді тақта.
Өту барысы:
Сабақтың эпиграфы:
Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер,
Ер басына күн туса, етігімен су кешер.
Мақал.
С. Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйі баяу ойнап тұрады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Халқымыз ежелден ақынға да, азаматқа да кенде емес. Әр ақыны мен азаматының өз биігі бар. Ел тарихында бір биіктен көрінер ұлы – Жұбан Молдағалиев ақын- ағамыз. «Қазақпын», - деуге ұлтшыл атануға қорқып, жалтақтап жүретін сонау 1963-64 жылдары – ақ бар даусымен:
« Мен – қазақпын,биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!» -
деп мақтана алған болатын.
Расында да, қазақ халқы мың өліп, мың тірілген халықпыз.
Біздің ұлан – байтақ жерімізді, халқымызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғау жолында қанша батырларымыз, ерлеріміз құрбан болды.
Бүгінгі күні біз сол жолда өздерін құрбан еткен 1986 жылғы боздақтарды еске алып отырмыз. Бұл күн бір жағынан қуанышты болса, бір жағынан қайғылы да. Қ. Рысқұлбеков, Л. Асанова, Ж. Сәбитова, Е. Сыпатаев, С. Мұхамеджановалар осы көтерілістің бел ортасында болды. Енді біз олар туралы оқып білейік.
Интербелсенді тақтадан суреттері шығып отырады.
1-оқушы Қ. Рысқұлбеков туралы оқиды.
Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы.
1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери қатарда бірнеше мақтау қағазымен марапатталыпды. Әскери бөлімше ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралды. Тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті.
Осы жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін, 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген жаламен Қайратты ұстап әкетеді.
Қайратқа – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері жоғарғы жаққа жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды.
Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін, 1992 жылы 21 ақпандағы шешімнен кейін толықтай ақталды. Оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
2-оқушы Л. Асанова туралы оқиды.
Ләззат Асанова 1970 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында дүниеге келген. Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. 1985 ж. Алматыда П.Чайковский атындағы музыкалық училищесіне оқуға түскен. Алматыда 1986 ж. 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының азаттық көтерілісіне белсене қатысқан.
1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған оқиғалар туралы мәліметтерге қарағанда, Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатақханасынан табылған да, ол туралы жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген деген қауесет таратылған. Ләззатты жерлеудің алдында оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда, ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Ләззат жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады.
3-оқушы С. Мұхамеджанова туралы оқиды.
Желтоқсан оқиғасының тағы бір қызғалдақ құрбаны-Сәбира Мухамеджанова. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылында туған. 1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітірісімен, Өскемен қаласында мұғалімдер даярлайтын оқу орнының қазақ бөлімінде оқиды. 16 желтоқсан күні өткен жиналысқа анасымен бірге барған Сәбира атып тұрды да,саңқ –саңқ етіп :
-Бәріне кінәлі мен. Алаңға мен үгіттеп апардым .Оларды оқу орнынан қумаңдар. Шеруді де мен ұйымдастырдым! -деді тайсалмастан. Күтпеген жерден кесіп айтқан Сәбираның сөзінен жұрт тынып қалды.
Дүрбелеңге үн қосқаны үшін, өзінің ар-намысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына, училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай, Өскемен педучилищесінің 1-курс студенті Сәбира Мухамеджанова жатақхананың 5-қабатынан құлап өледі.
Ол небәрі 16 жаста еді.Үлбіреген қызғалдақ мезгілсіз қиылды. Біз Сәбира әпкемізді желтоқсан құрбаны ретінде мәңгі есте қалдырамыз.
4-оқушы Е. Сыпатаев туралы оқиды.
Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде алаңда алған соққыдан көз жұмған жас Ербол Сыпатаев болатын. Ол туралы деректер өте аз. Бiлетiнiмiз, сол кездегi Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген. Ербол Желтоқсан көтерiлiсi уақытында Алматының энергетика институтының 2-курсында оқып жүредi.
Бір естелікте:
«Сырт киiмдерi жыртылып, иықтарына төгiлген шаштары қобыраған қос бойжеткендi ығына алып қорғаштай шегiнген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетiп келiп, оңды-солды келтегiн сермеген сауыттыны аяқтан шалып құлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйлердiң қалқасына қарай жүгiрдi. Көздерiне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кеттi. Қолына, иығына тиген күрек соққыларына қарамастан арпалысқан Ербол оларға бiразға дейiн алдырмады. Ұзынтұрасын жамбасқа салып, алып ұрды. Тұра бергенi сол едi, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзi қарауытып сала бердi.
Алдында тұрған ақ халаттыларға жалыны сөнiп бара жатқан көздерiн қадап жатып ол: «Қыздар құтылды ма екен?» деп ойлады.
4-оқушы Ж. Сәбитова туралы оқиды.
Ж. Сәбитова ол кезде Алматының 19-мектебінің физика пәні мұғалімі болған. Осы оқиғаны көріп, бей – жай қала алмаған. Желтоқсанға қатысушылардың тапсырысымен листовкалар таратып жүрген кезінде қолға түскен. 5 жылға жаза кесіліп, оның үстіне мұғалім болу құқығынан да айырған. Көрмеген азабы, зәбірі болмаған. Сол кезде қызы Маржан 4 жаста ғана екен. Қызы сіңлісінің қолында қалған. Жолдасын партия мүшелігінен шығарған.
Оқушылар өлеңдер оқиды.
1-оқушы:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
2- оқушы:
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып – жойып таптады.
Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,
Қарсы шығып ел сенімін ақтады.
3- оқушы:
Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.
4 – оқушы:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
5- оқушы:
Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншілер қайтарған бәйгелі күн.
Мұғалімнің сөзі:
Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізді. Сөйтсе де желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетер емес.
Ерлерімізге әр уақытта бас иіп, тағзым етейік. Есімдерін мәңгі өшірмей, есте сақтайық!
Президентіміз Н. Назарбаев : «Ата – бабаларымыз аңсаған азаттық мен тәуелсіздікті алдық.
Ендігі мәселе соны ертеңге жеткізу. Келесі ұрпаққа , болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау», - демекші, біз – сол ұлан – байтақ қазақ елінің ұлы мен қыздарымыз. Келешекте ата – бабамыз аманат етіп отырған жерімізді, елімізді қорғау- біздің парызымыз.
Осындай бейбіт өмірде рухымыз асқақ, туымыз биік болып жүре берейік.
Сабағымыздың соңында 6 – сынып оқушылары Қайырбекова Кәмила мен Епеш Нағиманың орындауында ән «Сәлем саған, туған ел».
Достарыңызбен бөлісу: |