Ақжайық ауданы М. Әуезов атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектеп



Дата15.06.2016
өлшемі102.25 Kb.
#136953
Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық ауданы
М. Әуезов атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектеп
Қазақстан тарихы, өлкетану және

этномәдениет секциясы.
Орындаған: Тұрсынова Айнара

9 а сынып оқушысы
Тақырыбы: « Қазақтың Жұбаны»

Жетекшісі: Сәрсеков Алдаберген Қайырғалиұлы–

тарих пәні мұғалімі.

Жоспар :
І. Кіріспе :

Жайықтан түлеп ұшқан Жұбан ақын.

ІІ. Негізгі бөлім :

Желтоқсан жаршысы -Жұбан ақын .

ІІІ. Қорытынды : Өршіл рух өлмейді

Кіріспе :Ақын рухына тағзым
Ақ Жайық өңірі ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақыны мен азаматының өз биігі бар. Біздің қадірлі жерлесіміз Жұбан Молдағалиев ақындық жағынан да, азаматтық жағынан да ел тарихында биіктен көрінген, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер. «Әр күннің қорытындысы кешке, ал өмірдің қорытындысы аяқталғанда шығады» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек.

Қазақ әдебиеті мен поэзиясының патриархы Әбділдә Тәжібаев ағамыз Жұбан Молдағалиевты ақырғы сапарға шығарып саларда:

«Жұбан-ау, Жұбан-ау, бұл неткенің?

Жас едің, бәрімізге құрметті едің,

Жатпауға табытқа сен міндетті едің,

Дұрыс па ел-жұртыңды еңіреткенің.

Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,

Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді.

Есінен туған елдің шығар қалай

Жырыңмен жас ұрпақты тербеткенің» -

деп ел атынан, барша зиялы қауым атынан айтқан болатын.

Өкінішке орай Жұбан аға өзі аңсаған Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын, еркіндікке қолы жеткенін көре алмай кетті.

Қазір, міне көк байрағымыз желбіреді, ән ұранымыз асқақ шырқалды. Нағыз азамат намысын да жібермейді, арын да таптатпайды дегендей, Жұбан аға 1986 жылдың ызғарлы күндерінде ақиқат сөзін тапжылмастан тура айтып, қазақ жастарының арын қорғаған еді. Ол халқының ары мен абыройы үшін басын тігіп тоталитарлық тар бұғауға қарсы шығып, өзінің азаматтық позициясынан айнымады.

«Ақынның сөзі өлмейді» деген ұғым өте орынды айтылған. Жұбан аға жырларынан әрдайым қуат алған халық ақын атын қастерлеп мақтан етуде, ел-жұрты Жұбанның «Мен Қазақпын» деген батыл сөзін егемендік жағдайымызда жете ұқты. Халқының арманын, ұлылығын бір ауыз сөзге сыйдырған ақынды барша қауым әркез қадірлеп, құрметтейді. Кіндік қанының тамған жері – Жайық өңірі Жұбан ақынның өткен мерейтойларына байланысты бірқатар шараларды атқаруда. Ақын есімі туған ауылына берілді. Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана да Жұбан ағаның атын алды. 1937-1940 жылдары Жұбан Молдағалиев Орал қаласында оқып, мамандық алған ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылды.

Батыс Қазақстан Университетінің филология факультетінің үздік үлгерімге ие болған студентеріне ақын атындағы стипендия белгіленді. Ақынның өмір жолын бейнелейтін телефильм түсіріліп, жерлестерінің естеліктері жинақ болып жарық көрді.

Ақын Жұбан Молдағалиев артына мәңгі өшпес рухани мұра қалдырды. Оның поэмалары мен өлеңдері екі том болып Оралдағы «Дастан» баспасы арқылы басылып, облыстағы барлық кітапханалар мен мектептерге таратылды.

1990 жылдан бері жоғары, арнаулы, жалпы білім беретін оқу орындарында, кітапханаларда жыл сайын ақынның туған күні –

5 қазанда Жұбан оқуларын өткізу дәстүрге айналды.

Облыс орталығы – Орал қаласының қақ төрінде ақын ескерткішінің орнатылуы – жерлестерінің оған деген сүйіспеншілігінің кепілі екендігі анық.

Жұбан аға:

«Бір бассаң да алға бас,

Миллиондардың бағы үшін!» -



деп халқына ұран тастаған болатын. Біздер, ақынның жерлестеріі еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесімізді қосып, облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықты жарқын болашаққа жетелеуді өзіміздің басты борышымыз деп есептейміз. Ақын рухы алдында тағы да бас ие отырып, Жұбандай ұлы бар елдің мәртебесі әрқашан да биік болатынына біз сенеміз.

Негізгі бөлім:

Желтоқсан жаршысы -Жұбан ақын
Шын мәнінде Жұбағаң ауылы төңірегінде көзге түсер Рақпан тауынан басқа ештеңе болмағанымен, бұл өңірдің тарихы талай оқиғаларға толы еді. Бұл өңірде шөбі шүйгін кең өріс малға қолайлы болғандықтан, қазақ шаруа құрды. В.Дальдің «Бекей мен Мәуләна» деген повестінің кейіпкері сансыз малдың иесі Есенгелді мен генерал Перовскийді таңқалдырған қазақтың өткір, көрікті қызы Мәуләна осы жерде туып өсті. Батыр Сырым осы маңда ақ патшаға сатылған Есім ханның ауылын талқандап отауын құлатты. Киелі деп есептелетін

Үкі бидің де жатқан жері осы топырақта. Алаш қозғалысының біразы қайраткерлері де осы маңайдан. Жұбағаң мен кешегі Ұлы Отан соғыс кезінде майдандас болған, Кеңес Одағының батыры Темір Масин-Азынабай-Тайпақ алқабын түгелдей алқымдаған 1947 жылғы өртте Жұбан ауылдастарын тілсіз жаудан құтқару арпалысында өмірін қиды.

Сондықтан Жұбан ақынның:

Тарих – ол әжеміз, бергі анамыз

Тарих – ол бір ғаламат алтын көпір,

Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын,

Мен нағыз ұлы тарих куәсімін,

Бірімін және соны жасаушының, -

деуінде қаншама мән жатыр десеңізші. Бұлайша тек өмір жолында қоғамдық бірлестікте өзіндік орнын тапқан адам ғана айта алады.

Жұбан Молдағалиев өз заманының перзенті. Ол Кеңес дәуірінің кезіндегі ащының да, тұщының да дәмін баршамен бірге татты. Ақиқатты тура айтқыш мінезімен бірде жоғары, бірде төмен деңгейлердің бәрінен де өтті. 60-шы жылдарда жарық көрген Жұбан Молдағалиевтың «Мен Қазақпыны» кеңестік дәуірдегі штампқа сай келмейтін эпикалық шығарма. Бұл туындының ерекшелігі сол ол өзінің ұлтын әдеби шығармашылықтық бас кейіпкері етіп көрсете білуі. Отызыншы жылдары тұтас ұлтты ғана емес, сол ұлттан шыққан біркелкі қайраткерлерді ардақтағаны үшін кейбір қазақ поэзиясы алыптарының қызыл идеологияның құрбаны болғаны белгілі.

Ал, Жұбағаң, болса, өз ұлты атынан «Мен қазақпын» - деп гимн айтты.

«Мен қазақпын, қаныммен сүйегіммен,

Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен...

Әрі қарай: Ұлы аманат етейік ер кіндікті

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

Қазақ болу – зор бақыт дер күн тіпті», -

Міне, ерлік, міне, тәуелсіздікті, егемендікті аңсау, бұлай деп Жұбан ақын 1964 жылы, яғни, бостандық туының тігілуінен 30 жылға жуық бұрын айтып аңсады, келесі ұрпаққа аманат етіп тапсырады.

Сол ұрпақ араға 20 жыл тастап, 1986 жылы бостандық туын көтерді, нәтежесінде арманына жетті, жеңіс ке жетті, ел тәуелсіздігіне ие болды

Жұбан Молдағалиев бұл ұрпақтың рухани көсемі болды. Оны қаралаушылардан қорғады, сөйтіп ғасырлар бойы бостандық аңсаған халқының алдында перзенттік парызын өтеді.

Қазақ елі тәуелсіздігінің тамыры тереңде жатыр. Ғасырдан ғасырға ұласқан халқымыз басынан кешкен сан оқиға ел тәуелсіздігінің бастауы болды. Қазақ жастарының тәуесіздік пен бостандық үшін бас көтеруінің бір нышаны, Коммунистік идеологияның халық санасын ұландырып, большевиктік империя көсемдерінің құдаймен теңеліп күркіреп тұрған шағы-осыдан 60 жыл бұрын Жұбан туып-өскен өлкеде Бөкей жерінде – шағын мекен Жалпақталда да өріс алған еді. «Қазақ халқын қорғаушылар» атты астыртын саяси-төңкерістік ұйым құрған жастар Қазақстанның дербестігі, тәуелсіздігі үшін күрестің бағдарламасын жасайды. Ұйымның белсенді 14 мүшесі өзара жұмыс бөлісіп, Батыс Қазақстан облысының елді мекендерін аралап, астыртын жұмыс жүргізеді. Алайда ұйым мүшелері 1941 жылы НКВД-ның қолына түседі де, ұйым жетекшісі 19 жастағы Ғұбайдолла Әнесов, «Үштіктің» үкімімен атылып, қалғандары 10-7 жыл мерзімге сотталып, Колымаға жөнелтілді. Ал, 1986 жылы Әнесовтің ісін жалғастырушы Қайрат Рысқұлбековтың өз өмірін қазақ жұртының бостандығы үшін тігіп, жендеттерге: «Атыңдар, бірақ халқымды мәңгілік құлдықта ұстай алмайсыңдар» деп қасқиып тұрған батылдығының өзі-ақ ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған бабалар рухының өшпейтіндігін дәлелдегендей. Араға 5 жыл тастап, 1991 жылы халқымыздың асыл арманы – Тәуелсіздікке қолымыз жетті емес пе? Қазақстанның бұл жетістігін осыдан 20 жыл бұрын болған желтоқсан оқиғасымен байланыстырмау мүмкін емес. Бұл оқиға туралы жоғарыдағылар «Жастар көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібі өкілдеріне қарсы әрекеттер жасады», - деп оқиғаның тұтану төркіні халықтан жасырын күйі қалып отырды. Ал, қозғалысқа қатынасқандардың басым көпшілігі жұмысшылар мен студенттер еді. Желтоқсан оқиғасы қаһары мен ызғары бетіне теуіп тұратын Қызыл империяның, оның тірегі-әміршілдік, өкімшілдік жүйе мен енді ғана тәй-тәй басқан демократиялық нышандардың алғашқы беттесуі болды. Алаңға шығып, наразылық білдірген қазақ ұлтының өкілдері коммунистік идеямен бүркемеленген ұлтты қанау саясатына батыл қарсы шығып, ашық наразылық жасау арқылы Кеңестік отаршылдықтың күйреуіне жол ашты. «Экспресс» (Франция) журналының арнаулы тілшісі Жан-Марк Гонен: Жергілікті халық Москва диктатурасына төзе алмайды, тіпті, Балтық жағалауы республикалары мен Грузиядағы бой көрсетулерге дейін, Қазақстан 1986 жылы желтоқсанда алғашқы болып «температураның көтерілуінің ауыртпалығын басынан өткізді» - деп жазды.

Кремль басшылары қазақ халқының желтоқсан қозғалысын жан-жақтан әдейі әскери дайындықтан өткен баскесерлерді Алматыға әкеліп төгіп, олардың күшімен басты. Сол күндері ұлтымыз үшін

«кіші 37 жылдың» қайталану қаупі төнді. Қозғалысқа қатысқандар қатаң жазаланды. Студенттер оқудан қуылды, ұлтын сүйетіндер мемлекеттік қызметтен босатылды. Мемлекеттік қоғамдық ұйымдарда, құқық қорғау мекемелерінде, жоғары оқу орындарында қазақ халқының республикадағы сан мөлшеріне қарай пайыздық үлес салмағын теңестіру жұмыстары қауырт жүргізілді. СОКП Орталық Комитеті әдейі қаулы қабылдап, «қазақ ұлтшылдығына» қарсы тоталитарлық идеологияның барлық күш қуатын қолданды. Орталық республикалық баспасөз бірімен-бірі жарысып, қазақ халқын қаралап, «сүбелі» материалдар ұсынды. «Комсомольская правда» газеті: «жастардың ұлтшылдық көзқарастарын уақытымен отамаса, қаулап өсе беретін арам шөп сияқты» десе, «Известия» газеті: «Жергілікті халық саны жалпы ұлт санының жартысына жетпегеніне қарамастан жоғары оқу орындарында қазақ жастары көп, институттардың ректорларының көбі қазақтар» - деп даурықты. Ал, желтоқсан оқиғасына дейін 700-дей қазақ мектептерінің жабылғаны, халықтың 40 пайызға жуығы өз тілінде сөйлей білмейтіндігі, туралы ауыз ашпады. Өкінішке орай, кейбір билік басындағы өз қандастарымыз отқа май құйып, жастар жазалансын, бұзақылар сотталсын, оқудан шығарылсын, қазақ студенттері көбейіп кетті, ұлттық өзімшілдікке, мардымсуға, даңғазалыққа балта шабайық деп жатты. Мұндай келеңсіздіктер бойын ашу-ыза кернеген жұрт есіне А.Байтұрсыновтың мына бір өлең жолдарын түсіргені сөзсіз:

Қинамады абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Бізге ауыр осылардың бәрінен,

өз ауылымның иттері үріп қапқаны.

Халқының басына қара бұлт төнгенде оның арын, намысы қорлап , қаралап жатқанда, қасқайып халқын, ұлтын қорғағандар да аз болған жоқ. Солардың ішінде бірегейі- Жұбан Молдағалиев. Ол Кеңес заманында жоғары лауазым, сый-сыяпаттан, марапат пен құрметті атақтан кенде болған жоқ. Әйтсе де «үндемеген үйдей бәледен құтылады»деп қол құсырып отырмады.

Желтоқсан десек ойымызға Жұбандай қыран ақынның сом тұлғасы оралатыны да сондықтан.
Қорытынды : Өршіл рух өлмейді
Біздің ұрпақ маңдайына , жасампаз да жауапты кезең жазылыпты: осыдан он алты жыл бұрын елімізде президенттік институт енгізіліп, егемендігімізге ие болғаннан бері барша дүниеге дербес мемлекет ретінде кеңінен танылып,ертеңімізді болжап, жүйелі реформаларды жүзеге асыра бастадық .

Қол жеткен жетістіктерді бекітіп ,жарқын болашаққа сенімді қадам жасау жолында біз мына бір шындықты жақсы ұғынуымыз керек: еліміздің саяси -әлеуметтік тәуелсіздігін баянды етудің тегеурінді бір кепілі – мәдени-рухани жаңғыру. Сонда ғана жасампаздық әлеуметіміз толығып, тірлігіміз түлей түспек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні кеше жарияланған Жолдауында сол ұлы мұратпен астасып жатқан қисын бар.



Мәдени-рухани бағдарымыздың көшін түзеу мақсатында біздің Ақжайық ауданында да барынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда.Ал осы ұланғайыр іске жерлесіміз, халқымыздың аяулы перзенті Жұбан Молдағалиевтің мерейтойларына арналған көпшілік шаралар айрықша серпін үстеді. Бұрын қолға алынбаған біраз қам-қарекет орындалып, ауданның рухани келбеті райлана түсті. Бұл қаламгер мерейтойы оның кіндік қаны тамған біздің ауданымызда және облысымызда биік дәрежеде өтуіне аудан ,облыс әкімдері мен Қазақстан Жазушылар одағының зор мән беруінің жемісі деп білем. Үкімет жанындағы ономастикалық комиссия біздің тілегімізді қабыл алып, Құралысай ауылдық округінің орталығы- Құралысайды бұдан былай Жұбан Молдағалиев деп атауды ұйғарғаны да мейірімізді асқақтатты. Тарих пен мәдениетке , Жұбағаң сынды тума таланттың мұраларына ақжайықтықтар сергек те зерделі қарап , оқып- үйренуде. Бұған мерейтойлық көптеген кеш , кездесулерге куә бола жүріп немесе мысалы ақындардың аудандық мүшәйрасын көріп, тамашалағанда да толқығанымыз рас.. Осындай іс-шаралар халықты ерекше серпілтті . Өмірдің мәні мен сәні сабақтастықта екеніне осындайда көзің тіпті айқын жете түседі емес пе. Жыл сайын мектебімізде өтіп жатқан бүкіл мәдени –көпшілік шаралардың маңыз-мазмұны , берген тағылымын былай деп түйіндеуге болар еді: Жұбан Молдағалиев сынды тұлғалардың бүгін де, алдағы ғасырларда да ел-жұртына ұсынар ғибрат ,өнегесі ұшан теңіз; Жұбағаң бізге сол үшін қымбат.Дауылпаз ақынның өршіл рухы уақыт өткен сайын асқақтай түседі.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. « Ана тілі» газетінің материалдары




  1. «Қазақ әдебиеті» газетінен мақала , материалдары



  1. Өлеңде де ,өмірде де Жұбан ақын (топтамалар жинағы)




  1. Қазақтың Жұбаны (Мерейтойға арналып шыққан кітап)



  1. «Жас алаш» газеті 2004.05 .07.




  1. Шырағдан жырлар.Б.Жұмағалиев.



  1. Керме иығым кербезім .Ж.Набиуллин


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет