Айқын. – 2012. - №205. – 1 қараша
Жұмабайқызы Г.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Шетелден ретсіз мал әкелуді тоқтату керек!
Ауыл шаруашылығы өндірістік кешендерін дамытудың көкейкесті мәселелерінің бірі - жоғары дәрежелі, жан-жақты, білікті мамандар даярлау. Осыған байланысты жоғары аграрлық білім алуға деген қажеттіліктің рөлі өседі. 1957 жылы іргесі қаланған С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті - еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Осы жылдар аралығында 56 мыңнан астам маман дайындалды. Құрылғанына 55 жыл толған аталмыш оқу ордасында жағымды жаңалықтар да аз емес. Бұл кезең кемелдену, іргелі зерттеулер мен ғылыми ізденістерге толы жылдар болды. Біз аграрлық білім және ауылшаруашылығы өндірістік кешендерінің мәселелері туралы аталмыш оқу ордасының ректоры Ақылбек Күрішбаев мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Ақылбек Қажығұлұлы, сіздің қазақ агротехникалық университетінің ректоры қызметіне кіріскеніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Сіз ректорлық қызметіңізді неден бастадыңыз?
- Мен өзімнің ректорлық қызметімді әр мамандық бойынша соңғы курста оқып жүрген студенттермен сұхбаттасудан бастадым. Әңгіме барысында түлектеріміз көптеген тәжірибелік сауалдарға нақты жауап бере алмады. Бұл университет қабырғасында алып жатқан білім деңгейін көрсетсе керек. Сондықтан біз, жұмыс берушілер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ассоциация басшыларымен бірлесе отырып, барлық оқу бағдарламаларын қайтадан талдап, қосымша мамандықтарды кіргізіп, тәжірибелік оқытудың аясын кеңейттік. Яғни оқыту процесін бүгінгі күннің өндіріс талабына сай үндестірдік. Қазір біздің оқытушылармен қатар аграрлық ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, мемлекеттік органдар, холдингтер мен ірі ауылшаруашылық өндірістерінің басшылары да студенттерге дәріс оқиды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, жетілдіріп отырамыз. Алдағы уақытта студенттеріміздің кәсіби даярлығы жаңа деңгейге көтерілетініне мен сенімдімін.
- Сіз аграрлық білім берудің басты мәселесін көрсеттіңіз. Ал агроөндірістік секторды дамытудың бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін негізгі көкейкесті мәселесі не?
- Егер егін шаруашылығы туралы айтсақ, Қазақстанда бұл саланы дамытудың мүмкіншіліктері мен келешегі зор. Бірақ оның басты тежегіш факторы, меніңше, жерге минералдық тыңайтқыштарды пайдалану деңгейі мен өсімдіктерді қорғап, сақтау құрал-жабдықтарының ескіруі және сапасының төмендігінде. Бұл бағытта біз көп артта қалып қойдық. 1986 жылмен салыстырғанда минералдық тыңайтқыштар жерге 14 есе аз себіледі! Оны қолданудан біз тұтас алғанда, өткен ғасырдың 60-жылдарының деңгейінде тұрмыз, яғни 1 гектар жыртылған жерге қажетті 60 келі орнына бүгінде небәрі 2 келі атал-ған өнім қолданылады. Осының кесірінен біз гектарынан 3-5 центнер астық жоғалтамыз және жерімізді аздырып аламыз. Сөйтіп келешек ұрпаққа шешімі күрделі мәселе қалдыруымыз мүмкін.
- Мемлекет тыңайтқыш құнының 50 пайызын субсидиялайды, ал неліктен фермерлер тыңайтқыштарды қолдануға асықпайды?
- Біріншіден, бұл бағытта жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Фермерлерге тыңайтқышқа кеткен шығынның құнын алдағы жылғы алатын астықтан бірнеше есе қайтарып алатынын жан-жақты түсіндіру керек. Екіншіден, минералдық тыңайтқыштардың құны субсидияны қоса есептегеннің өзінде әлі қымбат. Сонымен қатар оның бағасын арзандатып, бұқаралық қолданысқа жаппай кіргізуді күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет. Қазақстанның көптеген минералдық тыңайтқыштар өндіретін химиялық зауыттары өндірілген өнімнің ірі көлемін шетелге, атап айтқанда Қытайға экспорттайды. Меніңше, олар, бірінші минералдық тыңайтқыштарға деген еліміздің сұранысын ақтап, отандық фермерлердің қажеттілігін өтеу мәселесін түпкілікті шешкені дұрыс. Бұрынғы кеңестік кеңістікте фосфорлық кендер негізінен екі кен орнында шығарылды: Коль жарты аралында апатиттер, ал Жамбыл облысында фосфориттер өндірілді. Фосфорлық тыңайтқыштар біздің ұлттық жетістігіміз. Сондықтан біз оны туған жеріміздің құнарлығын сақтауға пайдалануымыз керек.
Өсімдікті дұрыс сақтау туралы да көптеген шешімін таппаған сұрақтар бар. Мамандардың есебі бойынша өсімдікті дұрыс сақтау туралы қажетті іс-шараларды уақтылы, дұрыс өткізбегендіктен біз астықтың орташа түсімінің 35-40 пайызын жоғалтамыз. Егіндік алқаптарды өңдемегеннен оны жылдан-жылға арамшөптер басып құнарсыздануда. Өте қауіпті карантинді аурулар мен өсімдіктердің зиянкестері көбеюде. Егер біз егін шаруашылығымен іс жүзінде тиімді айналысамыз десек, онда отандық химия өндірісін құрып, бастапқы кезеңде өсімдіктерді сақтауды қалыпқа келтіруді жолға қоюымыз керек.
Біз шетелден пестицидтерді жыл сайын миллиард долларға сатып алуға шамамыз жетпейді. Өйткені егіндік алқаптарымыздың көлемі әлемдік деңгейде үлкен аймақты алып жатыр. Мен кезінде пестицид өндіретін шетелдік ірі химиялық компаниялардың басшыларымен кездескенде республикада пестицидтерге формуляция жасау жолға қойылғанның өзінде, олардың құнын небәрі 20 пайызға ғана төмендете алатынын есептеп шығардық. Бүгінде елімізде глифосфаттық типтегі гербицидтердің құны АҚШ, Канада, Австралия мемлекеттерімен салыстырғанда үш есе қымбат. Бұл нөлдік, минимальдық технология, химиялық парларға өтуді тежейтін басты себептер болып табылады. Егін шаруашылығын химизациялау арқылы ауылшаруашылығы өнімдерінің өнімділігін екі есеге өсіруге болады. Бұл теория емес, ол алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың көпжылдық тәжірибесінің жемісі. Егер бұл қосымшаны астық егілген жердің жалпы көлемімен есептесек, егіндік жердің аумағын көбейтпей-ақ қосымша 11-12 миллион тонна өсімдік шаруашылығы өнімін алуға болады. Міне, бұл біздің шынайы қорымыздың бүркемеленіп жатқаны. Меніңше, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешендерін реформалау ол субсидиялау мен оның механизімін жетілдіру ғана емес. Егер біз ауылшаруашылығында түбегейлі өзгеріс жасаймыз десек, егістік жерді химиялық өңдеумен шын мәнінде парасаттылықпен айналасуымыз керек. Тек сонда ғана еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, біз Елбасының «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік деңгейде экспорттайтын басты мемлекет болуы керек» деген шешімін шынайы қамтамасыз ететін боламыз.
- Етті мал шаруашылығын дамытудың көкейкесті мәселелері туралы сіздің пайымдауыңыз?
- Алдымен шетелден мал сатып әкелу мәселесіне тоқталсам дұрыс болар. Ол үшін жүйесіз мал әкелуді тоқтату керек! Мен бұл мәселені бұған дейін талай көтеріп жүрмін. Бізге жоғары өнім беретін, асылтұқымды мал әкеліп, мал тұқымын асылдандырудың жүйелі селекциялық процесін құрып, оны жетілдіруіміз қажет. Мал шаруашылығы - күрделі де қиын сала екенін ешқашан есімізден шығармағанымыз абзал. Жалғыз ұранмен ол көтерілмейді. Бұған дәйекті де жүйелі жұмыс талап етіледі. Көршілеріміздің тәжірибесіне сүйенсек, Ресей соңғы уақытта 400 мың бас асылтұқымды мал шетелден сатып алған. Ресей ғалымдарының айтуы бойынша, осы малдың едәуір бөлігі арам өлген. Себебі уақытында олардың генетикалық ерекшеліктері ескерілмей, қолайлы жағдай жасалмаған.
Енді Беларуссиядағы етті мал шаруашылығын дамыту туралы бір мысал. Онда малды импорттау барысы ғалымдардың тікелей араласуымен іске асырылып, олар тек өздеріне керекті ірі қараларды
алып, генотипті малдардың тұқымын асылдандыруды жақсартуға оны пайдаланған. Бұл жағдай жү-йелі түрде жүргізіліп, асылтұқымды мал шаруашылығын ұдайы, жан-жақты дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар оларда малды оншақтылап емес, біз сияқты жүздеп әкеледі. Барлық атқарылатын іс селекциялық жұмыстың қажеттілігінен туындайды және жеткілікті жем-шөп қорын дайындамай, шеттен мал әкелудің ешқандай пайдасы жоқ. Мен АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатында асылтұқымды малға әзірлеген жем-шөп қорын өз көзіммен көрдім. Байқағаным, азық қорында негізінен бұршақ тұқымдас дақылдар. Оның ішінде малдың күндік рационында басты азық - соя, ол малдың күнделікті салмағына қосымша екі келі қосуға жәрдемдеседі. Негізінде, соя Қазақстанның солтүстігінде суармалы жерде өседі. Басқа бұршақ тұқымдас дақылдарды да, суармалы жерлерде өсіріп, одан тұрақты да, жақсы өнім алуға болады. Демек бізге малды әкелмес бұрын, осындай суармалы жерлерді әзірлеуіміз қажет. Малды әкеліп, оны не болса сонымен азықтандыру оның генетикалық мүмкіндігін әлсіретіп, асылтұқымды малды аздыра бастайды. Басты мәселе малды шетелден әкелуге қаржыны мемлекет құяды. Қорыта айтқанда, одан қайтарым болмаса тек бизнесмендер ғана емес, мемлекетіміз де зардап шегеді.
- Ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінде шаруа және фермерлік қожалықтарды дамытудың қандай жолдары орын алу керектігіне байланысты сіздің көзқарасыңыз?
- Барлық ауылшаруашылық өндірісі дамыған елдерде, оның негізгі үлесі шағын және орта фермерлік қожалықтарға тиесілі. Олар өндірісті тұрақты жүргізіп, ауылдың барлық әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысады.
Мысалы, АҚШ-та ауылшаруашылығы өнімдерінің 85 пайызын шағын және орта фермерлік шаруашылықтар жүргізеді, оның ішінде көптеген отбасылық фермерлер бар. Әлемде дағдарыс кезеңінде көптеген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындар қысқарып, біразы бизнестің басқа саласына өтіп кеткендігін зерттеу көрсетіп отыр. Демек, ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мен жерді пайдаланудың тиімділігін көтереміз деп әлі қабырғасы қатаймаған ұсақ шаруашылықтарды «бұрышқа тыға берудің» қажеті шамалы.
Аграрлық саланың бар мұқтажын жетік білетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізде кооперация жүйесін құру туралы үкіметке тапсырма жүктеген. Бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы заң қабылданып, осыған сәйкес қажетті құқықтық қор жасалды. Қазақстанның Фермерлер одағы нақты іс-қимыл жоспарын әзірледі. Жаңадан құрылған ауыл шаруашылық тұтыну кооперацияларын мемлекеттік тұрғыдан қорғаудың механизмі қалыптасты. Облыс әкімдерімен бірлесе отырып, аймақтарда ауылшаруашылық тұтыну кооперациялары (АТК) қозғалысын жандандырудың пилоттық ауылдық тұрғын жерлері мен аудандардың орталықтары әзірленді. Осы еңбектің нәтижесінде елімізде тиімді АТК пайда бола бастады. Өкінішке қарай, кейіннен олардың қызметі тоқтатылды. Мен бізде АТК жүйесінің даму мүмкіндігі дамыған елдерден кем емесін нық сеніммен айта аламын. Бұл үшін үкімет осы жұмысты қолға алып, әкімдердің әкімшілік ресурстарын пайдаланып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылық мүмкіндіктерін қосып, «ҚазАгро» ҰБХ АҚ кеңмасштабты жұмысты бастауы керек. Бұл сөзсіз ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтереді.
- Студенттерді қабылдау және оқу орны ректораты мен студенттердің арасындағы қарым - қатынас сіз университетті басқарғаннан бері қалай өзгерді?
- Биылғы жылдың басында облыстардың әкімшіліктерімен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы мамандарына қажеттілік туралы мониторинг өткіздік. Қорытынды мәлімет бойынша Қазақстанның солтүстік, батыс, шығыс облыстарында жоғары білімді 1424 маман жетіспейді, негізінен ветеринария мамандары мен агрономдар. Біздің университет осы кадр тапшылығын шешуге әзір. Биыл мемлекеттік грант бойынша өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп студент қабылданды. Бұл, біріншіден, біздің университеттің танымалдығын көрсетеді. Студенттердің өздері айтқандай олар біздің университетке жан-жақты білім алу үшін келеді.
Университетіміз жақында өткізілген QS халықаралық рейтингінде 8 қазақстандық жоғары оқу орнымен бірге жетекші орынды иемденгенін мақтанышпен айтамын. Бұл - біздің университетіміздің қызметіне берілген жоғарғы баға.
Достарыңызбен бөлісу: |