Айқын.- 2014.- №177.- 2 қазан
Дуанбай Ж.
Өкілеттілік өркендеуге жол ашады
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына ерекше көңіл бөліп, оқытудың жаңа жүйесін қалыптастыруға, озық әдістерді меңгеруді ұдайы назарда ұстап келеді. Сондай бастамалардың бірі – әлемдік тәжірибеде бар жоғары оқу орындарын автономдық жүйе арқылы басқаруды елімізде енгізу. Біз осы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ақылбек Қажығұлұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 2050 жылға қарай Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіргізуді стратегиялық мақсат етіп қойды. Сіздің ойыңызша, білім жүйесінде жаңа стратегия қаншалықты рөл атқарады?
– Менің ойымша, негізгі орталығы болады. Себебі, біз жаңа жоспарды іске асыру үшін әртүрлі бағытта алға басуымыз қажет, ең бастысы, республикамызда индустриалды бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуы қажет. Оның ішінде, ең бірінші кезекте, білім саласын дамыту, соның ішінде жас мамандардың қабілеттілігі олардың жаңа технологияны және инновацияны игерудегі кәсіби дайындығын арттыру туралы тақырып та бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондықтан, «Қазақстан – 2050» стратегиясында білім қызметі саласын жетілдіру, оның ішінде әсіресе, жоғары білікті кәсіби мамандарды дайындау – басты талаптардың бірі.
– Білім сапасын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше басымдық беріліп отыр. Осы орайда ЖОО-ның отандық жүйесі туралы айта кетсеңіз, сіздің ойыңызша жоғары білім беру жүйесі жаңа бағытқа бет бұруға дайын деп ойлайсыз ба?
– Өздеріңіз де көріп отырғандай, дәл қазіргі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформалауды қажет етеді. Қазақстан экономикасы 20 жылдан бері нарық талаптарына қызмет еткеніне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сол баяғы күйінше орталықтандырылған және әкімшілік-жоспарлы әдіспен басқарылады.
Әлемнің дамыған елдерінде университеттердің автономды моделі бұрыннан қалыптасқан, нәтижесінде, іргелі ғылыми-зерттеу мен сапалы білім үдерісі қамтамасыз етілген. Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін, біз де бұдан былай ғаламдық үрдістен тыс қала алмаймыз. Қазақстан осы тәжірибені үйреніп, жедел оған бейімделуі қажет, сөйтіп әлемдік ғылым-білім қоғамдастығының бір мүшесі болуы керек.
Университеттердің ғылым мен білім саласындағы жеткен жетістіктерінің нақты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, олардың халықаралық рейтингісіне көз тастасақ жетіп жатыр. Әлемнің үздік ондықтағы ЖОО қатарында АҚШ университеттері көш бастап тұр. АҚШ-тың оқу орындары жоғары сатыдағы жай ғана білім беру мекемесі емес, олар Құрама Штаттардың басты «ми орталығы», жаңа білімнің және тәжірибелі инновацияның қозғаушы күші. Олар мемлекеттің интелектуалды дамуына жауап береді. Ал ең бастысы, экономикасы мен технологиясы дамыған АҚШ сияқты державаның тарихы осыдан бастау алады.
– АҚШ университеттеріне жоғары білім стандартын сақтап тұруға қандай жағдай ықпал етуде?
– Бұл жетістікке АҚШ университеттері кездейсоқ жеткен жоқ, ол мемлекеттік саясаттың мақсатты жоспарлы жүргізілуінің нәтижесінде жетті. Университеттердің басым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сондықтан олар салық төлеуден босатылған. Түскен пайда ішкі қажеттіліктерді өтеуге, мәселен білім беру қызметі сапасын көтеру, ғылыми зерттеу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Бұдан бөлек, университеттерге инвестиция тартушы бизнес үшін мемлекет қолдауымен арнаулы салықтық (салықтық жеңілдіктер) құрылған, яғни бұл да қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді.
АҚШ ЖОО-ға академиялық еркіндік берілген, яғни олар бірегей, өзіндік оқу-бағдарламаларды қалыптастыру мен енгізуге, жаңа білім беру әдістерін қолдануға құқылы. Бұл өз кезегінде икемді білім беру қызметтерін көрсетуге, жаңа ғылыми бағыттардың тууына, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби және ғылыми мамандандырылуын еңбек нарығында динамикалық дамыту талаптарына да жауап береді.
Сонымен қатар АҚШ университеттері ауқымды басқару мен автономды қаржыландыруға негізделген. Бұл ретте университетке өкілеттікті табыстау төмендемейді, керісінше, қаржы саласындағы шығындарды бақылауды күшейтеді. Біріншіден, университеттерге тиімді қаржы менеджменті енгізілген: бюджетті басқару стратегиялық жоспарды дамыту негізінде қатаң жүргізіледі. Екіншіден, ішкі және сыртқы қаржылық тексеріс тәжірибесі қалыптасқан.
– Бүгінгi таңда АҚШ-тың ЖОО-на көптеген функциялар (жүйелер) басымдыққа ие. Мұндай жағдай ректордың өкілдігіне қаншалықты әсер етеді?
– Автономды университет ректорлары мүмкіндігі шексіз жетекшілер болып табылмайды, оған ешқандай қауіп жоқ. Керісінше, олар белгілі бір уақытқа таңдалып, тағайындалады. Сондай-ақ ректордың өкілеттілігінің артуы, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті де арттырады. Қабылданған шешімдердің нәтижелі болуы үшін университетте директорлар кеңесі немесе қамқоршылық кеңес ұйымдастырылады.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда ұқсас қағидаттар бойынша жоғары білім жүйесін құру қажет пе?
– Әрине, әлемдегі дамыған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіне осыған ұқсас қағидаттарды енгізуіміз керек. Озық адам капиталын дамытуда бұдан басқа жол жоқ. Тек осы шешім ғана отандық жоғары білім берудегі сапаны көтеруді түбегейлі шешуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда, осы уақытқа дейін келе жатқан мемлекеттік жоғары білімді реттеу жүйесі сақталатын болса, қаржыны қанша жерден ұлғайтса да, біз бастапқы нәтижемен қалып қоямыз.
Егер алға қарай қадам басатын болсақ, бізге жоғары білім жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес бейімдеуіміз қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибедегі жоғары білім-ғылым жүйесіндегі реформаны пайдаланып қана қоймай, жетекші ғылыми университеттермен барлық деңгейде, оның ішінде оқыту және зерттеу жүргізуде белсенді байланыс орнату қажет.
– Астана қаласының ауылшаруашылық және техникалық бағыты бойынша ең ірі ЖОО-ның ректоры ретінде агроөнеркәсіптік кешен үшін кадрларды дайындау барысы туралы айта кетсеңіз?
– Егер ауыл шаруашылығы саласы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда жаңа технология мен өндіріске қабілетті жас мамандар қажет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектеп, заманауи білім беру бағдарламасы керек. Өйткені біз басқа озық әлемнен айтарлықтай артта қалғанбыз. Біз үнемі фермерлерді ғылымға тартуды, оларға біздің зерттеуді сіңіруді айтып келеміз, бірақ осы уақытқа дейін тиімді алға жылжушылықты көрмедік. Фермерлер ғылымға өздері сүйенген кезде, тіпті ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырғанда ғана ғалымдар шын мәнінде, ауылшаруашылық өндірісін дамытуға қажетті тиімді шешімдерін ұсына алады.
– Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың маусым айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Дэвистегі Калифорния университетінің арасында оқу орнымызды Назарбаев университеті үлгісіндегі аграрлық-зерттеу университетіне айналдыру туралы әріптестік келісімшартқа қол қойылды. Осы орайда баса айтып өтерім, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып табылады, оның тәжірибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауылшаруашылық саласы мамандарын дайындаудағы негізгі темірқазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғылымдарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жеткіземіз. Дэвистегі Калифорния университетінің білім беру жүйесін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңаша даму жолы болары сөзсіз. Себебі бұл университеттің ғалымдары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негізінде Қазақстанда аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жеткізер едік.
– Әлемнің өзге елдерінде мұндай бағыт қолданылуда ма?
– Қолданылған, мысалы, бұл стратегия көптеген дамушы елдерде тиімді қолданылуда. Мысалы, Малайзия және Сингапур сияқты елдер осыған ұқсас тәжірибелерді енгізе отырып, қарқынды экономикалық дамуға жол ашқан. Олар жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес құру арқылы, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізумен, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастық орнату арқылы, білім мен ғылымның жеке құзыреттілігін өсіру нәтижесінде, тұрақты дамуға қол жеткізді.
Бүгінде Қазақстанның алдында ауқымды инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсаты тұр, ал бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, жоғары оқу орындарына реформа жасауымыз қажет. Бұл бағытта біздің университеттеріміз әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге есігін айқара ашып, халықаралық ғылым-білім қауымдастығына толыққанды мүше болуы керек.
Ол үшін біз әлемдік қолданыстағы жаңа ережелерді қабылдағанымыз абзал, яғни университеттің дербестігі қағидасынан бастап, ғылыми этиканы мүлтіксіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон процесіне мүше болу арқылы Қазақстан бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп. Бізде Назарбаев университеті сынды қол жеткізген нақты көрсеткіш те бар, ендігі таңда бұл тәжірибені елдегі басқа да оқу орындарына жеделдете енгізу қажеттілігі тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |