АймақТЫҚ Қауіпсіздік қҰрылымдарын қалыптастырудағы орталық азия мемлекеттері ынтымақтастығының негізгі бағыттары



Дата15.06.2016
өлшемі125.14 Kb.
#136532
Мырзабеков М.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің

Халықаралық қатынастар және әлемдік

экономика кафедрасының доценті, т.ғ.к.

Махмеджанова Л.Н.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің

Халықаралық қатынастар және әлемдік

экономика кафедрасының доценті, э.ғ.к.


АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРЫЛЫМДАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің кооперацияға бірігудегі негізгі себептерінің бірі – ортақ қауіпсіздіктің негізгі қауіптеріне бірлесіп қарсы тұру. Осыған орай аймақ ішінде бірқатар қауіпсіздік құрылымдарының қалыптасуын байқауға болады. Қазіргі уақытта осындай құрылымдар ретінде ҰҚКҰ (Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімінің Ұйымы), ТМД лаңкестікке қарсы Орталығы және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын атап өтуге болады [1].

Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов осыған байланысты «тұрақтылық пен геосаяси тепе-теңдікті сақтаған жағдайда ғана аймақ тұрақты дамиды және халықаралық қауымдастықтың беделді серіктесі бола алады»,- деп атап көрсетті [2].

Қалыптасып келе жатқан аймақтық қауіпсіздік жүйесін зерттеу саласында қазіргі кездегі ғылыми жұмыстарды бағалай отырып, әр түрлі көзқарастарды көрсету қажет.

Мысалы, Н. Омаров өз зерттеулерінде аймақтық қауіпсіздік құрылымдарының қалыптасуында аймақ іші және сыртындағы ойыншылардың қатысуын да ескеріп, кешенді зерттеуін жүргізген. Зерттеушінің мәліметтеріне сәйкес, аймақтық қауіпсіздік жүйесінің құрылуында үш негізгі кезеңді көрсетуге болады:

Біріншісі, 1992-1999 жж кезеңін қамтиды. Яғни, Орталық Азия елдерінің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИКҰ,НАТО институттары арқылы жалпы әлемдік қауіпсіздік кеңістігіне кіруі болып табылады, сонымен қатар посткеңестік кеңістікте қаупісіздік жүйесінің құрылуы (ТМД).

Орталық Азия елдерiнiң қауiпсiздiк саясатының iске асырылуының екiншi кезеңі ретiнде 1999 жылдың ақпанын көрсетуге болады. 1999 жылдың 16 ақпанындағы Ташкенттегi лаңкестік әрекеттің ізiнше 1999 жылдың жаз-күз айларындағы Баткен оқиғалары орын алды. Бұл өз кезеңінде халықаралық лаңкестіктің қауіпіне шешуші шаралардың іске асырылуын қажет екендігін көрсетіп берді. Екінші кезең 2005-жылға дейін созылды, яғни Астанадағы ШЫҰ мемлекет-басшыларының саммитінен кейін қауіпсіздік құрылымдарының қайта ұйымдастырылуымен анықталды.

2005 жылдан қазіргі кезге дейін созылып келе жатқан үшінші кезеңнің негізгі мазмұны құқықтық және әлеуметтік негіздердің толық жүзеге асуы болып табылды.

Орталық Азия - халықаралық контексте маңызды аймақтар болып табылатын Каспий теңізі, Ресей, Қытай, Пәкістан, Ауғаныстан және Иран территориялары арасынан орын алған стратегиялық аймақ. КСРО-ның ыдырауымен осы аймақта бес мемлекет тәуелсіздіктерін жариялап, олар жалпы түркі әлемі халықтарының 80 пайызын құрайды. Жер асты және түрлі пайдалы қазбаларымен аймақтық және халықаралық державалардың қызығушылығына айналған мекен, сонымен қатар Ресей, Қытай сияқты алпауыт, Орта Шығыс сияқты әлі де шешімін таппаған аймақпен көрші бола отырып, аталмыш күштердің «Үлкен ойын» атымен танымал саяси ойдың объектісі болып табылуда. Әрине саяси тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қашан да алпауыт мемлекеттер көздеген аймақтарының әлсіз тұстарына қарай ұмтылып отырған. Міне, сөзге тиек болып отырған Орта Азия аймағының әлсіз жері болса, ол – КСРО-ның аймақта 70 жыл бойы қалыптастырған этникалық саясаты.

Барлығы түркі тілдес және орналасқан аймағына қарай өзбек, қазақ, қырғыз, түркімен, татар сияқты топтар бір мемлекеттің ішінде жанжалдардың орын алуына әсерлерін тигізуде. Қазіргі таңда авторитарлық көшбасшылар тарапынан басқарылатын және сөз бостандығына көбіне еркіндік берілмейтін аймақтың кейбір мемлекеттері бірте – бірте демократиялық қозғалыстармен бірге сыртқы күштердің ықпалымен этникалық топтардың белсенді әрекет ету қаупі жоғары болып көрінуіне себеп болуда. Бұған негіз ретінде кезінде қақтығыс алаңына ие болған Югославия мен қазіргі бейберекетсіздікке бой алған Иракты мысалға келтіруге болады. Әрине мұндай мысалдың объектісі болмау үшін немесе болашақта қаупі бар этникалық қақтығысқа жол ашпау үшін, кез келген мүдделі субъект халықаралық аренада тепе-теңдікті сақтайтын саясат жүргізуі және аймақтық ынтымақтастықты күшейтуі қажет.

Орта Азия аймағы – Орталық Азия, Ішкі Азия сияқты атаулармен де кейбір әдебиеттерде қолданылып келеді. Ағылшындар аталмыш аймақ үшін туыстас халықтар қоғамы мағынасын білдіретін «Туркик /Turcic /», орыстар болса «Түркі тілдес халықтар» атауларын зерттеулерде жиі қолдануда. Алайда аймаққа қатысты «Түркі әлемі», «Батыс Түркістан», «Түркі республикалары» сияқты атауларды да кезіктіруге болады [3]. Орталық Азия аймағы – Ислам, христиан, буддизм, индуизм секілді әлемдік діндердің бірлескен нүктесінде орын алуымен қоса, түркі, қытай, парсы, славиян, үнді өркениеттерінің қиылысатын және оларды бірлестірген тампон аймақ ретінде де санауға болады. Ескі өркениеттердің қиылысқан мекенінде қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикалары территорияларында өндірілетін мұнай, газ, алтын және т.б. пайдалы қазбалар, мақта, күріш және т.б шаруашылық өнімдерін экспорттайтын маңызды аймаққа айналуда. Әсіресе соңғы жүзжылдықтан бері қойнауы үлкен ресурстарға бай екені анықталған Каспий теңізі де дәл осы мемлекеттердің қолға алуымен әлемнің экономикалық күшіне айнала бастады. Тіпті АҚШ-тың, Еуропалық Одақтың аймаққа қатысты стратегияларының жариялануына септігін тигізді.

Сонымен қатар, аймақты маңызды еткен басты себептердің бірі – Қытай мен Үндістанның аймақпен көрші болуы. Бұл себептің астары халық саны жағынан ең үлкен мемлекеттердің аймақтың нарығына арзан еңбек күші ретінде әсер ету ниеті еді. Халықаралық саясатта күн тәртібінен әлі де түспеген және уақыт өте келе маңыздылығын әрмен қарай арттыруда АҚШ-қа қарсы жасалған «2001 жылғы қыркүйек» оқиғасының Орталық Азия аймағы үшін қауіп келтіргені рас. Өйткені халықаралық терроризм түсінігінің дін, Исламдық экстремизм тақырыптарына әсер еткенін ескерсек, бұл аймақта болған кейбір қақтығыстардың әлеуметтік себептерін анықтауға мүмкіндік аламыз. Осыған қоса, Орталық Азияның көршісі Кавказдағы жанжалдар, Әзербайжан-Армения мәселесі, Үндістан-Пәкістан арасындағы Кашмир мәселесі, Ауғаныстанның жылдар бойғы мәселелері, Қытайдың Шығыс-Түркістанға қарсы күш қолдануы, Ресейдің тәуелсіздік үшін күрескен автономиялық республикалары тарапынан пайда болған қақтығыстар Орта Азия аймағының бейбіт түрде дамуына кері әсерін тигізетіні айдан анық.

Орталық Азияда орын алу ықтималы жоғары этникалық мәселелерді қарастыру барысында Маккиндердің «Хартланд теориясы» бойынша, жердің жүрегіне жету үшін, ең алдымен ішкі жарты айға қол жеткізу қажет деген пікірін еске алғанымыз жөн [4]. Әлемнің қандай да бір жерін қолға өткізу үшін күшті мемлекеттер көздеген жерде орналасқан мемлекеттерді бір-біріне айдап салып, ішкі қақтығыстар ұйымдастыра отырып, әлсірету, уақыттарын жоғалту, ресурстарын азайту, қару сату, мұнай бағасын қалаулары бойынша белгілеу т.б. құралдарды пайдаланып өз пайдаларына сәйкес саясат жүргізуге тура келеді. Автордың айтқан тұжырымы Орта Шығыс жобасында жүзеге асты және сипаты бойынша ұқсастықтарға ие Орталық Азия саясатында да орын алуы ғажап емес.

Маңызды мұнай және табиғи газ резервтеріне ие Орталық Азияның кейбір мемлекеттері бірте-бірте дүние жүзілік нарыққа араласа бастады. Бұл көрсеткіш Черчиллдің «Бір тамшы мұнай – бір тамшы қаннан да құнды» сөзінен кері әсер алуы да мүмкін. Себебі аймақта орын алу қаупі бар қақтығыстардың арасында этникалық айырмашылықтар, шекара мәселелері, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, халықаралық тероризмге көмектің берілуі және аймақтық су мәселесі бар. Аймаққа үстемдік орнатудың ең оңай жолы да дәл осы мемлекеттердегі этникалық құрылымның әр түрлілігін пайдалану.

Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, аймақтағы 5 Түркі тілдес мемлекет және бір мұсылман мемлекеті 70 000 000-ға жуық халыққа ие екен. Олардың 10 миллионнан астамы орыс, әсіресе Қазақстан (6,207,200 36) және Қырғызстан (963,845). Орыс халқының басымдылығы Мәскеумен қатынастың жақсы болуына жол ашуда және маңызды рөл ойнауда. Осы бағытта Астана үкіметі қауіпті сезіне отыра стратегиялық жоспар қолдануға мәжбүр болды. Тек қана аймақта өмір сүріп жатқан орыс, украин және белорус басымдылығы емес, сонымен қатар Орта Азия республикаларының ішінде өзара этникалық мәселелер туындатуы әбден мүмкін. Мәселен, Өзбекстан Республикасында көп мөлшерде тәжіктер (931,547) өмір сүруде. Ресми санақтың нәтижесі Өзбекстанда тәжіктердің шамамен 5 пайыз екенін айғақтайды. Олардың 70 пайызы Самарқанд аймағында және 90 пайызы Бұқарада орналасқан [5]. Бұл мәселе КСРО-ның тек қана саяси мақсатта шекараны бөліп қоймай, сол сияқты түрік қоғамын бөлшектеу үшін шетелдендіру саясатын да жүргізуінде еді. Екінші дүние жүзілік соғыс, Тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты барысында жер ауып келген бірнеше ұлт өкілдері және славиян халықтары дәл осы аймаққа жайғастырылып, қазіргі таңда өздерінің басымдылығын көрсетуде. Мұнымен қоса, бір ұлттың көрші мемлекетке орнығуы да орын алды. Мәселен, өзбектер Өзбекстан халқының 72 пайызын құрай отыра Тәжікстан халқының 24 пайызын, Қырғызстанның 14 пайызын және Түрікменстанның 9 пайызын құрауда.

Түрікменстан басқа мемлекеттерге қарағанда ең аз халық санына ие мемлекет. Түрікменстанда түркімендермен қоса ең көп өзбектер мен орыстар шоғырланған. Сол сияқты ең үлкен назарды аймақта өз халқының аз шоғырланған Қазақстан алады. 2000 жылға дейінгі статистикалық мәліметтер бойынша халықтың 46 пайызын құраған қазақтар, 35 пайызын орыстар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің табысты демографиялық саясаты нәтижесінде 2009 жылғы ақпан санағы бойынша қазақтардың үлесі – 67 пайыз, ал орыстар 27 пайыз болды [6]. Әлі де өзге ұлт диаспораларының басым болуымен Қазақстан этникалық тәуекелділік астынан орын алады. Қазірдің өзінде орыстар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда екінші, Түрікменстан, Тәжікстан және Әзірбайжанда үшінші үлкен халық санын құрауда.

Этникалық құрылымды зерттеудің маңыздылығы – егер оның белгілі бір географияда араласа шоғырланып, әлеуметтік-экономикалық себептерге тәуелді болу жағдайында аймақта бір бомбаға айналуында. Егер бомба жақсылап ұйымдастырылса, қалаған уақытында жарыла алады. Бұл жағдай кезінде Маршал Тито өлімінен соң Юголславияда орын алған еді (Сербиялықтар, хорваттар, босниялықтар арасындағы қақтығыс). Орталық Азиядағы жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің қалыптасу кезеңі жалпылай аяқталды. Бірақ оларға әлі де болашақта жаңа жаһандық қауіптердің пайда болуы мен жаһандану жағдайында ұлттық даму мен қауіпсіздіктің бірқатар маңызды мәселелерін шешу міндеті кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Осы орайда, дамудың объективті заңы жаһандану процесінің пайда болуына әкеледі деп пайымдау жасауға болады. Сонымен қатар, маңызды әлемдік әлеуметтік кеңістікті құрастырушы ретіндегі трансконтиненталды құрылым көбінесе белсенді және ерекше рөлді иемдене бастады.

Орталық-Азиялық мемлекеттер Одағын құру бастамасы Қазақстанның Орталық Азия аймағында жүргізетін саясатының мәнін анықтайды. Біздің мемлекеттеріміздің егемендікті иеленуі аймақтың дамуына жаңа серпін береді. Қазір Орталық Азия қайтадан әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналып отыр. Мұнда 56 миллион адам өмір сүреді, тұтас алғанда, ІЖӨ жылына 60 миллиард долларды құрайды. Қазіргі сәтте Орталық Азияның одан әрі дамуында екі жол бар. Бірінші жол өзінің әлемдік экономикадағы шикізат көзі ретіндегі рөлін бекіту. Оның үстіне әлемдік геосаяси және геоэкономикалық бәсекелестіктегі қолжаулық рөлі. Екінші жол – интеграция. Халықаралық нарық процестеріне тең деңгейде қатыса алатын аймақтық мықты бірлестік құру жолы. Бұл тұрақтылық, экономикалық өрлеу, әскери және саяси қауіпсіздік жолы. Орталық Азиялық елдердің тәуелсіздік жылдары, бұл елдердің мүдделерімен ешқашанда сәйкес келмейтін, тек қарама-қарсы болатын, Батыс және Шығыс мемлекеттер қатарының назарының орталығында болды.Сонымен қатар, сыртқы күштер арасында Орталық Азиядағы геосаяси және геоэкономикалық ықпал сферасы және оның табиғи ресурстары үшін күрес айналысы пайда бола бастады. Жақында аймақ арқылы аймақтағы шарасыз экономикалық процесімен қоса саяси процесті қарқындатын, Оңтүстік-Солтүстік және Шығыс-Батыс транспорттық коридоры өтуі керек. Орталық Азия аймағына тек мемлекеттер мен шетелдік компаниялар ғана көңіл аударған жоқ. Орталық Азия елдері және халықтары, тағы да ауқымды қарама-қайшы жоспарының жүзеге асыруы мақсатында, осы жерде өзінің стратегиялық плацдармдарын құруға үміттенген, түрлі экстремистік исламдық ұйымдардың шабуылына ұшыраған еді.

Айқын болатыны, ол Орталық Азияның салыстырмалы оқшауланудан үзілді-кесілді және тез арада шығады және бұдан барлық жағымды және жағымсыз нәтижемен шығатын әлемдік саясатқа тікелей қосылады.

Аймақ елдері әлемдік интеграциялық процеске, аймақішілік өзара қарым-қатынас сипатындағы, сонымен қатар , өзінің жақын көршілестерімен басқа да мемлекеттермен қатысты мәселелерді шешуінде тығыз қатысуында мүдделі болып табылады. Жаңа шыңайылықтар жас мемлекеттердің саяси басшыларынан өзінің танылуын, ұлттың қауіпсіздік және даму стратегиясының барабарлық формуласын іздеуін және танылуын талап етті. Сонымен қатар, егерде бұрын КСРО құрылымында ортаазиялық кеңестік республикалардың ұлттық даму мен қауіпсіздік мәселесі күшті жоғарғы державалық одақтас мемлекеттері шеңберінде шешілсе, онда тәуелсіздік алғаннан кейін және қажетті ресурстардың жоқ болуында көрсетілген мәселелер ерекше өзектілігіне ие болады және өз бетінше сонымен қатар, жаһанданудың өзгешелік күштерінде жаңа қауіптің пайда болуына әкеледі. Орталық азиялық мемлекеттердің әлеуметтанушылары мен саясаттануышулары, аймақ мемлекеттерінің қазіргі сыртқы саясатын қалыптастырылуы әлемдік пен аймақтық ауқымды күштер орталығы арасында балансталған және дамудың сыртқы шаралары өте қиын жағдайда өтіп жатыр деп белгілеген. Өз кезегінде, бұл аймақтық ынтымақтастыққа себепші болады. Аналитиктер ең алдымен, қауіпсіздік үшін құрылымдық ынтымақтастыққа мемлекеттердің дайындығы мен қажетілігіне шартталған, аймақішілік диологтың дамуында бірқатар позитивті қозғалыстарды белгілейді. Қауіпсіздік идеясы Орталық Азияның жас мемлекеттерінің интеграциясына түрткі болған дәлел бола бастады.

КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің жаһандану процесіне белсенді кірісе бастауы салдарынан, сонымен қатар, Орталық Азия аймағындағы өзінің экономикалық және геосаяси жағынан қатысуының кеңеюіндегі Шығыс пен Батыстың түрлі елдерінің мүддесінің пайда болуының байқалуында. Сонымен бірге, қазіргі таңда Орталық Азия елдеріне қатысты идеологиялық ықпалдастық белсенді түрде өтіп жатыр. Түрлі мақсатты көздейтін, түрлі саяси күштер - Орталық Азия халықтарының мүддесімен санаспай, тек өзінің мүдделеріне сәйкес жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қалыптасу процесіне өзінің ықпалын көрсетуге үміттенеді. Бұл күштердің арасында экстремистік мағынадағы күштер бар, сонымен қатар әскерленген террористік ұйымдар түріндегі күштер де бар.

Әскери-саяси одақтар мен ұлы державалардың дөрекі қол сұғушылығы мен бәсекелестіктің нәтижесінде әлемдік саясаттың күн тәртібінде әлі де тұрған, аймақтық шиеленістер қатарының пайда болуына және күшеюіне әсер еткен, көршілес жатқан Таяу Шығыс пен Ауғанстанның жолын қайталамауы маңызды болып табылады.

Аймақтағы қазіргі жағдайға сүйене отырып, аймақтық қауіпсіздік саласындағы болашақ сценарийлерді болжауға болады:

Біріншіден, қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы аймақтық субъектілерінің қолайлы қарым-қатынасына негізделген қазіргі өтпелі жағдайдың сақталуы. Бұған негіз ретінде бірін-бірі толықтыратын факторлар бола алады: аймақтың халықаралық қатынастардың біртұтас «саяси-экономикалық» субъектісі ретінде қалыптасу процессі, халықаралық жағдайдың айқындалмағандығы, аймақтың сыртқы саяси серіктестері арасындағы қалыптасқан күштер тепе-теңдігінің сақталуы, қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұрудың құралдарының қабілеттілік деңгейі.

Екіншіден, аймақтың ішкі және сыртқы субъектілерінің ортақ мүддеге негізделген қауіпсіздіктің біріктірілген кеңістігінің құрылуы. Негізі ретінде ішкі аймақтық интеграцияның дамуына бағытталған аймақ елдерінің біртұтас ұстанымы және келісушілік саясат пен отрақ сыртқы саясатқа көшу арқылы қауіпсіздік саласындағы бірыңғай міндеттерді шешу бола алады. Жағдайдың дәл осылай дамуы аймақ елдерін қызықтырғанымен қазіргі таңда онша іске асарлық емес. Бұған негізгі кедергі ретінде аймақ ішілік кооперация мен интеграция мәселесіне аймақ елдерінің өзгеше ұстанымдары. Осыған қатар, бұл сценарийдің орындалуына аймақ елдерінің өз күштерімен қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ете алатын ішкі ресурстардың жоқ болуы кедергі тигізеді.

Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы ішкі қарама-қарсылыққа әкелетін қалыптасып келе жатқан аймақтық қауіпсіздік жүйесінің дезинтеграциясы. Орталық Азияның көмірсутегілеріне әлем державаларының қызығушылығын есепке алатын болсақ, жалпы бұл сценарий екіталай.

Төртіншіден, аймақтық қауіпсіздік жүйесінің қалыптасуының тұрақты дамуын аймақтан тыс күш орталығының кепілдігі арқылы қамтамасыз ету [7]. Бұндай күштер ретінде қазір Ресей мен Қытайды қарастыруға болады.

Сонымен қатар, әлемнің жетекші елдері тарапынан Орта Азияның этникалық мәселелерін пайдалану үшін халықаралық қатынастарда түрлі жобалар жасалынуда. Мысалы, АҚШ-тың баламасыз күш болуын қаламаған Қытай-Ресей ынтымақтастығы, Қытайға қарсы АҚШ-тың Ресей және Жапониямен қатынастарын арттыруы, Қытай-Үндістан-Ресей үштігі, Еуро Одақтың 2007-2013 жылдарға арналған Орта Азиялық Стратегиясы аталмыш жобалардың бірегейлері. Осындай жобалар қарсаңында актерлері мен орны белгілі болған Орта Азиядағы болымсыз келісімдер – аймақтағы мемлекеттер тарапынан алғышарттардың орын алынуына негіз болуы шарт. Ол үшін аймақта жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар бірыңғай сипат алуы тиіс, тек Ресеймен ғана емес, аймақтық және халықаралық күштермен экономикалық қатынастарды арттыру, Балкан Пакті, Садабат Пакті сияқты аймақтағы елдер арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Түркі тілдес мемлекеттер Пактісі немесе Орта Азия Одағы Пактісін» жасақтау, аймақ елдері арасында мәдени, әскери және экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет. Сонымен қатар баршаға ортақ туыстас Түркия Республикасының халықаралық қатынастардағы тәжірибелерін көбірек пайдалана отырып, халықаралық мәселелердің орын алуына жол ашатын терроризм және наркотрафик саудасын алдын алу жұмыстарын жасау керек. Осы бағытта этникалық топтардың сыртқы күштер тарапынан көмек алмауын қадағалау және оған қарсы алғы шарттар жүргізуде де үлкен пайда бар.



Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер:


  1. Концепции и подходы к региональной безопасности: опыт, проблемы и перспективы взаимодействия в Центральной Азии. Материалы IV Ежегодной Алматинской конференции. - Алматы: Казахстанский
    институт стратегических исследований при Президенте Республики Казахстан, 2006;. Региональная
    безопасность: геополитические и геоэкономические аспекты (теория и практика) // Под ред. А.В.
    Возженникова. - М.: РАГС, 2006. - С. 124.

  2. Каримов И. Узбекистан на пороге XXI века. Угрозы безопасности, условия и гарантии прогресса. -
    Ташкент: Өзбекстан, 1997. - C. 9.

  3. Carter Vaughn Findley - Turks in World History. Oxford University Press, 2005. P. 47.

  4. Маккиндер X. Дж. Географическая ось истории // Полис. 1995. № 4. С. 162—169.

  5. The Lost Heart Of Asia /by Colin Thubron. London, 2010. P. 52.

  6. Ibid. P.94.

  7. Омаров Н.М. Основные этапы становления системы безопасности и антитеррористической
    деятельности государств Центральной Азии.... -
    С. 45-47.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет