Айпара ана аңызнама



бет1/3
Дата09.06.2016
өлшемі0.76 Mb.
#124141
  1   2   3
АЙПАРА АНА
Аңызнама
Көш күншығысқа беттеді...

Бір аптаға созылған кақыраған ұлы шайқастан кейін толас тапқан дала ақыл-естен айрылып есеңгіреп жатыр. Даланың ендігі сыңайы тырапай асқан — алып батырдың талықсып, мызғып кеткені секілді еді. Анталай шапқан қанезу жоңғарлардың алғашқы тегеуріні қатты, әлі де болса бас біріктіре алмай пышырап жүрген қазақтарды торғайдай тоздырып жіберу сыңайлы.

Бір аптаға созылған кесепатты майдан — жоңғарлардың мерейін шамырқатты да, өзіне алғашқылардың бірі болып найзатіреске келіп, бетін қайтарып, тосқауылға тұрған Тобықтыны қусыра жөнеген. Қалың ел, қайран жұрт етек-жеңін жиып, ел болғанша қоныс аудара тұруды ләзім көрген Тобықты жұртын қаңыратып, бір-ақ күнде көшіп кеткен еді.

Күншығысқа беттеп бара жатқан көш — қаралы, азып-тозған, қанды бір шайқастан басқан — жаралы. Аттылы-жаяулысы бар жадаған жұрттың мынау күйіне көз тоқтатып қараудың өзі аса қорқынышты, жүрек дауаламайтын тырақай. Жылап-сықтастан әбден көз-қашты болып, қажыды білем, бұзауы өлген сиырдай мөңіремей, іштей егілген жепелдемеде. Көш мұрындығы — ақ сәукелелі әйел. Ол да үнсіз. Бірақ ол шексіз де, түпсіз үйірімді ой үстінде еді.

Адыр аспанға қарайсың — қып-қызыл жоса қан.

Адырлы далаға қарайсың—қып-қызыл жоса қан.


Бірінші тарау
— Жыла, сор мандай ел!

Жыла, азып-тозуға жаралған жамиғат! Көз жастарың ендігі елдігіңе себі тиіп, қас дұшпаныңа қарсы тұрар қауқар — сел боп қаптаса, кешегі өткен дәуреніңді қайтып берер ме қолыңа. Жыла, жыла, бірақ келмеске, кеткен заманың алдымнан айым болып туар ма,— деп көксеме, сойындағы бақастығың — бүгінгі тірлігіңнің ырзығын рәсуалап отырған жоқ па?

Жыла, жыла, ей жетім! Біз көрген көркем елдің сән-салтанатын, біз шомылған боз биенің сүтін сен түсің­де де көрмессің. Ал, күндердің-күні сен душар болатын қылбұрау мойынға түспей тұрғанда өз өліммен аттанып кетсек, аты жақсы алланың жарылқағаны да.

— Жыла, жыла, ей жесір! Көзіңе ақ түссін, білдің бе. Қан түкіріп, қан сорған заманда заты еркегінен айрылып, қу тізеңді құшақтап, қуарып-солған түрінді-ай. Жауқайдалап шапқан кәдедей көп еркектің тебінгісі терге шіріп, түн қатып, түсі қашып келгенде бұраң кағып, шылбырына оралып, сусын алып шығушы ең; астыңдағы атыңды өзің ерттеп, қол тидірмес тақымыңды ыңыршақ қажап жүргені мынау. Ат артында жат-жұрттық болып, жоңғардың құзырына кеткені қаншама... Ей, қайран ер, қырық жыл болған қырғында сен қырыласың, жетімің мен жесірің қалады артыңда. Еңіреп жүрген ер Олжай, ортаншы ұлым Қайдосым, зар запыранын іштім ғой, қатынға билік бергенше, көрінсеңші көзіме — қайдасың!?

Көш күншығысқа беттеп барады.

"— Жыла, жыла, ей қақпас! Ұлың шейіт болды, сен тірі қалдың. Сенің тірі қалғаныңнан не себеп. Тілеуіңді құдай бермепті. Жалғызыңның алдында алмаған жаңды сүйрелеп, жанторсықтағы бір жұтым суға жас баламен таласып, тепең қағып келесің. Омырауда қалған сәбидің шөліркеген тандайын көз жасымен жібітіп, қара жамылған сорлы келінің анау. Ендігі тілеу — жас нәресте. Бірақ, ол өсіп, ел намысын қорғағанша сенің сақалыңнан кәдір қалмайды, мені арулап жерлейтін мәнзіл қалмайды. Терең өзен үнсіз ағушы еді-ау, мынау теперіш көрген жамиғаттың жылап-сықтаған даусы жақсы ырым емес; қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған күнде де орныңнан су шыққандай қоқшақтап, көшіп-қона беруші едің; " - осы қылықтарыңа қабырғам қайысушы еді; қалбақтай ұшқан қаңбақтың не қауқары бар; іргелі ел орнықты болушы еді; қош-қош сорлы ел, көшкен жұрттың көгергені қайсы, шығар ұшпағы қайсы; ойдағы-қырдағынды жиып-тергенше жосыла шапқан жоңғардың қолжаулығы болып қаларсың; жыла-жыла сорлы көш, бірақ мен көзіме жас алмаймын; жылаған жұрттың мұратқа жеткенін көрдім бе; ат төбеліндей аз халықтың арыз-арманын жасаған ием тындап та көрген жоқ. "Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман" - қысылғанда шыққан ыбыратсыз сөз; бақ-дәулет ұшу үшін әуелі баста қонуы керек; сенің басыңа о дүниеде де қонған жоқ еді-ау. Қонайын деп еді, қоңдырмадындар, қызғандыңдар бір-біріңнен, сонсоң сырғақсып жоламай кетті; енді кайтып оралмақ емес ол".

Көш күншығысқа беттеп барады.

"- Жыла, жыла, ей сайын дала! Сенің түн көрпесін жамылып, көсіле түсіп жатқан марайма дидарыңа телміретінмін. Бірақ, қанша үңілсем де, бейжай жалқау ұсқының зор бір өлім тыныштығына бой ұсынып жатқандықтан ба, ашық ажарың да, анық сырың да танылған емес, Ей, сайын дала, сонда сенің күндізгі қан-жоса қырқыстан әбден мезі болған тұла бойыңның талықсып, мәңгі тыныштықка қолың жетпейтінін біле тұра, жалқы сәттік беймезгіл мызғуды көксеп барып, көсіле құлайтынынды сезетінмін мен бейбақ. Мен бейбақ, дүниенің машақатынан қашқан қалжыраңқы жұмбақ бейненді көре тұрып, қайран далам-ай, өксіп-өксіп жылап жатқанынды ішім сезетіндей-ау. Сен таң атқанша жылаушы едің, сонда менің де көзіме жас іркілетін. Жо-жоқ, менің көз жасым әлдеқашан суалған. Мен оны бұдан екі жыл бұрын жылап тауысқанмын. Ей, сайын дала, сен түні бойы үн-түнсіз егіліп, сахар алдында ертеңгі күннің қамына кірісетінсің. Мен анау ес-түссіз өлі ұйқыща жатқан жетім-жесір елдің келер түнге нешеуі ілігіп, нешеуі сенің суық, әрі ыстық қойныңа кіретінін топшылайтынмын.

Жыла, жыла, ей ару-ана! Саған бәрі кешірімді. Өйткені, осынау алапат сойқан дүниенің, итше ырылдасқан үзірі жоқ таты тірлігіне сен кінәлі емессің. Көзін тырнап аша сап дүние жиятын - өзегі талып өлгенше жиятын пендеден кей ретте ит озық. Олар ырылдасқаны болмаса, қырқыспайды. Қабысқаны болмаса, шабыспайды. Ей, алла, айтақтап итті итке қосатын да алакөз адамдар. Ей, аруана, ботанды дала бөрісі жеген жоқ, жоңғардың төресі жеді. Үш күннен бері боздауды қойып, үш күн бойы ыңыранып келесің. Боздағанынды құлағыма ілмеп едім, бүтін Тобықты боздап келеді ғой, ыңыранған үнің жаныма батты, қанталаған көзінде мені кінәлау бар. Осынау шұбырындының ендігі басалқасы, қатын болсаң да, өзіңсің ғой дегенің шығар. Менен қайран жоқ. Бірақ, сенің қайғың - менің қайғым екені кәперіне кірмейді-ау, хайуан. Жыла, жыла, алды-арты бұл емес; есінде болар өз буыршының өзіңе шөкті ғой; жақсы ырым ба осы; жаман айғыр жатырына шабатынның кебін кидің; өспес елдің айтары өсек, ермегі төсек болар; ел өспесе мал өскенін көріп пе едік, бізден бұрын сен құрисың әлі.

Жыла, жыла, ей дүлдүл! Ер арыса аруақ, ат арыса тулақ, арбаны ат тартқанын көргенім жоқ, арпа тартады.

Жем иіскемегеніңе жеті күн болды, жетімсіреп тұрған тұрқынды-ай! Асылдар мінген арғымақ едің, артыңа жалт-жалт қарайсың, Олжай тірі келе ме? Екі көзі шырадай жанған пырағым, сенің киелі шоқтығыңнан Олжайдан өзге кім ұстап, кімнің тар тақымына түсіп көрдің? Толағай баста ми болмаса, екі аяққа зор түседі деген тегі рас екен. Біз бармаған жер, баспаған тау қалды ма? Оң табаным тарта береді, тірелер тұрақтың нобайы бел астында емес-ау деймін. Бірақ, айтқаным айтқан — мынау еңіреген көпшілік ит мініп, ирек қамшылап кетсе де, ей дүлдүл, тізгінінді еш аламанғақ ұстатпаспын.

Көш күншығысқа беттеп барады.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: жер өртенсе сумен сөндірер едің, егер су жанса, немен сөндірер едің, егер жер емес ел өртенсе немен сөндірер едің; қазақ өртенді, өртті салған жоңғар, бірақ мұны сөндірер су бар, ол — өртенген халықтың бірлігі; амал не, біз жоңғар шапқынына дейін-ақ іштей өртеніп жүріппіз-ау:— Осы сөзді айтып ауыр күрсінер еді. Жел айдаған қаңбақтай көшіп-қона беруге Олжай-ерім тумысынан қарсы. "Мынау бедірейген бетпақ далада атамыздың құны қалған жоқ. Құйқалы жерді таңдап алып қоныс тепкен дұрыс. Кез құйрықтай кезіп жүріп, отансыз, ошақсыз қаламыз өлі. Бүгін жоңғар шапса, ертең шүршіт шығады қылышын сайлап. Көрінген төбенің басына бір отырып, терең суды лайлағанша, терліктей жерге тер сіндіріп шаһар салған баянды. Итім қаппайды, атым теппейді,— дегеннің аузы қисайсын. Жоңғарлар бізге келген зауалдың алды болмаса, арты да емес.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: "тілге шебер, іске олақ елміз ғой. Түбі бізге сүйексіз қызыл тілден гөрі, ырзықты іс керек-ау. Қымыз ішіп қыз аңдығаннан миды шаршатар ой қуған жөн еді. Күні ертең заман өзгеріп. дүниенің тұтқасы қағаз-қаламға жүгініп жатса, көр соқыр күйде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпес пе; осымен тынса ғой, бүгінгі айрандай ірігелі тұрған елдігің бөрінің қиы, бөкеннің сирағы болып тозбас па. Қыран баласы қияға қарап өсер болар. Ал қырағы балапанның алдында қарап өсетін қиясы жоқ екен, қияңқы боз дүние жатыр екен, сонда не етпек? Әркімнің түймедей қайғысы өзі үшін түйедей ғой. Тана беріп алған да қатын, тай беріп алған да қатын... Мені мазалайтын осы — қыранның балапаны асқаралы қиян таба алмай, шарқ ұрар, шарқ ұрар... Сонсоң барып сасық сайды ме­кендейді. Жол көрмей жөнсіз қалады, теңін таба алмай тексіз қалады. Лайым соның бетін ары қылсын", Олжай-ерім ішінен мінәжатын оқып, бетін сипайтын. Олжай-ерім маған жалт қарап: ешкіден қозы тумақ емес! — деп шаңқ етіп, орнынан атып тұрып кетер еді.

— Олжай-ерім айтушы еді: "Тұқымсыз әке — қу сүйекпен тең. Құдайға шүкір, ұрпақсыз емеспін: Айдос, Қайдос, Жандосым — үш арысым бар. Менің жоғымды солар жоқтайды әлі. Ендігі тілек, осылар ырылдаспай, алакәз болмай тату ғүмыр кешсе екен. Байқадың ба Айпара, ана жолы Қайдостың келіншегі Бөкенші мен Борсаққа екі емшегін қатар беріп еді, өмірге келген қос сәби қызғанысып, бірінің бетін бірі тырнады емес пе? Тіксініп-ақ қалып едім. - Олжай-ерімнің "бұдан басқа сөздері есімде қалмапты. Ол асылы көп сөйлеп, көпірмейтін. Аз сөйлеп, саз айтатын. Кейде балаша қуанып, мәз болып отырар еді. Ол кейде құбылаға бетін беріп, әлденені ұзақ айтып күбірлейтін. Жауына ақырғы рет аттанарда құбыланы бетке алып, намаз оқып, намаз бітсе де тұрмай шөке түсіп көп отырған. Сонда менің көзіме Олжай-ерімнің еңсесі аласарып, бұрынғыдан әддеқайда шау тартып, кішірейіп кеткені елестеген; сонда мен Олжай-ерімнің сексеуілдің шоғындай жайнап тұратын көзінен жас көріп едім; мүмкін, бұл Олжай-ерімнің ең алғашқы, ең ақырғы жылағаны шығар".

Күншығысқа беттеп бара жатқан көштің алды қоғалы көлге барып тұмсық тірегенде күн екіндіге таяған. Улап-шулаған азалы көштің дабыр-дұбырынан сескенген үйрек-қаз бытырай көтеріліп, қиқулай ұшып бара жатты. Қамыстың арасынан оқта-текте сумаң етіп, шыжбалақтап жүрген сұқсыр ғана. Ұзындығы атшаптырым көлдің ені тар; қоғасы тым сүйекті емес, құрық бойынан аспайды. Ұстараның жүзіндей сарғыш тартқан жапырағы үп етіп жел тұрса болды судыр-судыр ұн шығарады. Бұл өңірге қоңыр күздің ақыры таянып қалғанын осы куарған қауқарсыз қоғаға қарап білуге болушы еді. Куарған қоға адамзаттың жасы ұлғайып қартайғанын еске түсірер еді. Жазғытұрым қар-нөсер суымен тоғайған көл қазір жағалаудан қашаң тартып, күз ырқына көнген жуас күйде. Жайпақтанып басталатын жағалауда лайсаң өмірдің хабаршысындай толқын айдап, іркіліп қалған салындылар, қоқыр-соқырлар жатыр. Осынау табиғаттың ерен күшінен туған бейқарар көңілсіз көріністерді — мынау ұлардай шулап, босып бара жатқан елдің ендігі тірлігіне ұқсатуға болушы еді. Иесіз қаңырап тағылыққа айналған өңірді ойып орналасқан көл екеш — көл ел-жұртты сағынып қалған ба, қаңғылестеп кеп қонған қаралы көштің — жаралы көштің мұң-зарын салқын күйде беті жыбырлай тындап жатты.

- Осы жерге түйені шөгеріп белін босатындар. Еру боламыз, - деген әмірлі дауысы естілісі мұң екен, тұйыққа тірелгендей боп ошарылып тұрған көш жапа-тармағай қоныс қамына кірісті. Есік пен төрдей боз биенің үстіңде қамшысымен мықынын таянып отырған әйел басындағы аппақ қарқарасын қайта бір түзеп киді де, жер шола ілгері тартты. Бұл — Олжайдың бәйбішесі Айпара-ана еді.

Кешқұрымға ойысқан әлеттің қазіргі сипаты өзгеше


жадыраңқы далиған кең даланың марқажонданған белқыраттары бұлаңытып әлдеқайда... алысқа шақырады. Сахара сарынсыз: момақан, былайғы өмірдің алыс-жұлысынан тысқары салқам сері күйде екен. Батып бара жатқан күннің
алтын алауына шомылған сарғыш тартқан бетеге мен жусан, бұта мен қараған, жаздай құлпырып келіп, күзде ұзатылар арудың ең ақырғы жасануындай, ең ақырғы қыз күлкісіндей еді. Аса қызарып батқан күн көксеңгір аспанның қақ жарымын жалқын шұғылаға орап, қарасапай - жай оғынан қалып қойған ұшқының бірте-бірте сама әлемін
өртеп бара жатқаны сықылды. Мизамның бүгінгі кеші
бөлекше сұлу. Айпара-ана бейтаныс өлкенің жүрегін дір
еткізер көркем көрінісін құштарлана қызықтаған жоқ; әйтсе де әлдеқашан көмескіленіп, кеңілден шеттеп кеткен қызығы мол дөуреннің, қызығы мол күндердің үзік-үзік елестері, әлдеқашан жоғалтып алған жастық кешеуінің ұлы жіңгір той жасап, Олжайға ұзатылар сәтінің шаттығы бұлаң
етіп, көз алдынан бұлбұлша ұша бергенін сезінген. Осы бір
таңғажайып бейуақыттың сиқырлы күші жетелеп елден
ұзаңқырап кеткен екен, боз биенің басын әнтек бұрып
кері тартты. Піскен шөп биенің тұяғына тиген сайын сырт-
сырт үзіліп, сырғаша сылдырлап қалып жатыр, қалып жатыр.

Айпара-апа қайтып оралса, Олжайдың тоқалы Дариғаның алты қанат ақ отауын тігіп үлгерген екен. Қапсағай жігіттер білекті сыбанып тастап, сойыс қамына кіріскен. Қара жаулықты бірер әйелді ортаға алып бір топ қырмызы кыз қоға арасына сіңіп барады... Әлгінде ғана ит-құстың мекені болып жатқан қол адамзаттың мәңгілік ерекшелігін, кұдыретті күшін айғақтап, ию-қию тірлікке көшкен. Әлгінде ғана үрке ұшысып кеткен үйрек-қаз қоғалы көлдің арғы жағалауына шолп-шолп қонысып жатыр. Бірақ құс атып, алаң болатын жұрт бар ма? Бәр-бәрі бүгінгі түннің жылау-сықтаусыз тынышты өтуін іштей тілеп, ас-судың қаракетінде жүр.

Айпара-ана бағанағы ат үстінде мазалаған ойдың ұшығын әлі де жоғалтпаса керек. Бір тостаған салқын саумал ішкені болмаса, әркімге бір сөйлеп мазалаған жоқ, үнсіз отыр. Бәкін-шүкін шаруамен жүрген келіндері аяғының ұшымен кіріп, ұшымен шығады. Жер ортасына келіп қалған аппақ сазандай әйелдің қарашығы мол тұнық қара көзі бұрынырақта жалт-жұлт етіп тұрушы еді, қәзір оның орнын ардақ аналықтың белгілері басқан: салиқалы, көпті көрген адамның көшелі сабырлығы аңғарылады. Ет-женді толық денесіне артық-кемсіз баяу әрі еркін қимылы аса жарасып, төбедей боп төр алдында отырғанда есіктен именбей кіруің екіталай. Еріне сөйлейтін орнықты сөзінен шашау шыққан бекерлікті таба алмайсыз. Тобықтының игі жақсысы Айпара-ананың бетіне тура қарағанды қойып, бұл отырған үйге рұқсатсыз басын сұққан емес. Айпара-ана оларға зәбірі өткендіктен бе, жо-жоқ... мысы басып кетуші еді. Айбынды ананың алдынан көлденең өтпейтін келіндері, қорқу-үркусіз-ақ шыншыл ниетпен жақсы көретін. Асқан адамгершілікке толы сұлу дидары жарқ еткенде жақсы көрмеуге шамаң да жоқ.

Айпара-ананың бүгінгі сынық жүзі көшкен елдің кәрі-жасына оңай тимеді. Алдан бір төтенше қауіп күткендей болатын. Неліктен жауар бұлттай түнеріп отырғанын біле алмай, Олжай мен Қайдостың кешігуі себебіне жорысқан.

Айпара-ана әлгінде ғана көз алдынан сылаң етіп көрініс берген баян даланың бугінгі өзгеше дидарынан тіксініп қалса керек. Дала оған біртүрлі қорқынышты болып елестеген. Ақселеу мен бозкөдеге оранып жатқан сахараның іңір алдындағы қан қызып пошымы, ақырындап соққан қоңыр желмен жағаласып, жүрегінді шымшылап, күні ертең салып ұрып келетін шерлі күйді қоздырғандай еді. Иесіз жүдеп-жадаған өңірдің үзіліп-үзіліп жетіп тұрған салқын лебі бой тоңазытып, әлдеқандай бір суық сырдан хабар жеткізіп, қызара бөртіп батып кеткен күнмен мынау елдің де бар арман-мақсаты жоғалып бара жатқан секілді; сазарып жатқан сахара қатал да суық. Соңда Айпара-ана осынау жадау көрініске қарап тұрып: "Олжай-ерім қайда жүр екен?" деп терең күрсініп еді. Таспиығын санап үнсіз отырған Айпара-ана елең етіп қалды да:

— Әй, біліндерші, үй сыртындағы не дүбір? — деді елегізіп. Есіктен атыла шыққан Жандос ізінше қайта оралып:

— Көтібақ пен Топай ғой, қайтып оралған,— деді.

— Тентектер-ай, шауып келіп үйге ат басын тіреу — жаман ырым деп, неше рет айтылды ғой,— деді кейи.

Сосын Айдостың келіншегіне қарап майда үнмен:— Құмалақты әперші,— деді. Айпара-ана құмалақ ашарда үйде жан қалмайтұғын.

Ол ұзақ-ұзақ күбірлеп мінәжат оқып, бар ділімен бетін сипады да алдында иіріліп жатқан жып-жылтыр құмалақты үшке тең бөліп тарта бастады. "Бисміллә рахман рахим, пайғамбар бал ашып, шопан ата салған, құмалақсың ғой. Қайдосым Жоңғарлардан есен-сау оралатын болса ашпас әліп болып түс". Құмалақты бірінен кейін бірін тартқан сайын ананың ақ дидары сұрланып, ұрт еті суала түсті.

Үшке бөлген құмалақтың басқы қатардағы шеттері екіден, ортасы бірден, ортаңғы қатардың сол жақ шеткісі үш, ортасы төрт, ал оң жақ шеті бір тастан айналды да ең соңғы қатардың екі жақ шеткісі бір-бірден, ортаңғы тас төрттен тартылды. Айпара-ананы шошытқан да құмалақтың осылайша ойсырай иірілуі еді. "Балам екі босағада да жоқ,— деді шалқалай күрсініп,— Құйысқаны бос. Екі бүйірі суалған. Алды ашық. Қаранөпір емес жым-жырт болып жоғалған-ау. Жүрегі күпті. Құдай-ау, бұл не деген ызым-қайым дүние. Сұмдық-ай, көптен бері мұндай құмалақ түсіп көрген жоқ еді. Кеше Олжай-еріме тартқанда екі аяғы үзеңгіде, басы жалаң бас, өз үйінің жастығыңда, алды тұйық, көңілі тоқ, қайғысы жоқ, салаң етіп көшті қуып жетердей болған соң, осы жақсы ырымды баламнан бөле қараған жоқ едім... Қайран Қайдос, асыл азамат — ортаншы ұлым, ортаң қолым едің, сен жау қолында қалған екенсің. Сен енді маған жоқ екенсің. Бақыл бол, ұлым, бақыл бол". Ай-пара-ана алақанын жайып, бетін сипады. Содан кейін дыбыстап келін-балаларын шақырды да: — Өз-өздеріңе берік болыңдар, Қайдостан айырылыппыз,—деді. Бір үйлі жан дым сызбай сазарып отыр. Дауыс шығарған ешбірі болған жоқ. Бәр-бәрі де төр алдындағы кемпірге жаутаң-жаутаң карайды. Тек қай-қайсысының көзінде де іркіліп қос тамшы жас тұрған. Сорғалайын десе анау қабат-қабат төселген көрпенің үстінде малдас құрып, түнеріп отырған ақсұр бәйбішеден жасқанғандай. Ақ кемпір:— Осы азалағандарың да жететін шығар. Шаруаларыңа бара беріндер,— деп, ишара жасаған соң есіктен жапа-тармағай атыла жөнелді. Сырттан өксіген дауыс естілді. Айпара-ана қолындағы құмалақгы қайта шашып жіберді де, Олжай-ерім таң қылаң бере оралар,— деді.

Бұдан он күн бұрын бұл елге жау бүйідей тиіп, ауа көшкенде Қайдостың әйелі екі баласы Бөкенші-Борсақпен тұтқынға түсіп қалған. Олжай мен Қайдос бір түмен қолды серікке алып, жау қолында қалғандарды кұтқарып алмақ болып, ал көштің іркілмей ілгері тарта беруін лайық деп тапқан. Айпара-ана қаралы көшті бастап күншығысты мандайға ала жосылып келе жатқан беті осы.

Таң құланиектене Айпара-ана далаға шықты. Басына бүркеген қара шапаны бар. Өңі сынық. Түні бойы көз ілмеген секілді. Аспан бүгін де ашық екен. Түні бойы сайран құрған куақы жүлдыздар бозаң тартып қор болып, құрдымға айналған. Қылаяғы Шолпан жұлдыздың құты да қашыпты, кейіпсіз. Таң алдындағы өлі ұйкы меңзеген өңір: анау қоғалы көл, сонау жусап жатқан қотан-қотан қой, шық басып солпиып жатқан бұйраттар — жүдеу кейіпте. Тек үйір-үйір жылқылар ғана пысқырынып, таң салқынымен оттауға кірісіпті: су-су шөпті қақ жарып маңқыстай өріп барады. Осынау суретті жіті болжап өткен Айпара-ана қатты күрсініп барып:—Олжай-ерім айтушы еді: қазақтың малы өсіп, жаны өспейді,— деп. Әулие екен.— Шұбатылған етегін көтеріңкіреп алды. Қоғалы көлді сырттай, қалың қорымды қыратқа беттеп барады.

Айпара-ана:

" - Қырымнан таянған қиқу жоқ, арқа-белді босқа сап есі бар ел боп ғұмыр кештік қой. Ол баяғының садағасына кетті. Апырау, сол қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамырстан заманда-ақ осы жұрттың пейілі тарылып, өмірге келген жас сәбиіне дейін жұдырығын түйіп емес, алақанын аша туды ғой. Осы жақсы ырым ба еді. Есік көзінде ойнап отырған жас баланың ермегі топырақ үю, бір-бірімен құшақтасып көрісу еді ғой. Осы жақсы ырым ба еді. Жандос, айналайын балам, күні бүгінге дейін көзі ілінсе болды ішін тартып таң атканша өксіп жатады. Осы жақсы ырым ба. Жылқы ішін тартса жауын жауар болар, бала ішін тартса қайғының нышаны. Бұл елдің қатты теперіш, қуғын-сүргін көретінін Олжай-еріме бұдан екі жыл бұрын ескерттім. "Жаман сөз ауыз садағасы" деп бетімді қайта­рып едің ғой арысым. Жо-жоқ, Айпара қателескен емес, құдай атсын! —әулиемін демеймін, бірақ жүрек шіркін сезеді. Кеше сол көзім тартты, Қайдосыма көрінді. Дүниедегі ең сұмдық нәрсе — жаманатты бұрын сезу, басқаның іш пікірін біліп қою. Ендеше мынау жалпақ жұрттан менің шегер азабым әлдеқайда ауыр, әлдеқайда ащы. Мен тартар қайғы-қасіреттің бар ауыртпалығын қара нарға жүк қылып артармысың; кара нар жүкті ғана көтере алар, қайғыны емес; қара нар боздағанымен ойлай алмайды; дүниедегі ең ауыр — қайғы-қасірет пе екен; ойдан, еткенді жылап тұрып еске алып, ертенді түңіле уайымдаудан ауыр не бар? Қайғысыз қара суға семіргендер — ойсыздар да. Қысқа түнде қырық рет оятып, сарбас масадай ызындап санамнан кетпейтін, ей, мазасыз ой, сен емеспісің; мені шымшылап тыншымды алатын не? Қара басымның қамы ма, бала-шағаның сауғасы ма? Олжай-ерімнің амандығы шығар... Ей, еңіреген ел, сенің тілеуің еді тілейтінім; ей қаңбақша кешкен көпшілік сенің тілеуің — жүдейтінім. Жоңғардың қоқайы басқа түскен зауалдан көрі, жұлқысып еткен тірліктен ендігі зәуде бірлігіңе шақырғаны да. Саржамбас боп ауырған адам азап отына өртене-өртене, ертеңгі күнінен. төте шипаны дәмете-дәмете, ақыр аяғы елімнің құрығы таяп, үміті үзілген шақта бұл пәнидің соншалықты қымбаттылығын тұңғыш рет әрі ең соңғы рет сезініп, аз-ғана күнгі бар мәзірге шалықтап мәз-мейрам өткен күндері әншейін құр далбақ екенін көкірегіне түйетіні бар; сонда әлгі тіршіліктен күдер үзген бейбақ мынау жалғанның түкке керегі жоқ алдамшы боз дүние екенін тағы да ақтық рет сезер болар. Е, өмірге келген әр сәби қабырғасы қатып, бұғанасы беки сала өзін дәйім биіктен көрсеткісі келіп және өне бойы осынау биіктікті аңсап, соған өрмелеп өтері хақ. Бірақ, ол биіктіктің ұшар басына шығар бар, шықпас бар. Ең абыройы сол биіктік — мансап емес, халық қамы болса. Менің жамиғатымның тұла бойыңда сол қан көтерер қасиет қай белгісімен нышандалып жүр? Өсер бала неге әуес?

Олжай-ерім айтып отырушы еді: "Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірер. Әй, Айпара-ай, осы намыс құрғырың кеміктеліп мүжіліп барады-ау". Олжай-ерім сөзін осылайша тұйықтайтын. Сонсоң, керегеде ілулі тұрған он екі өрім қамшысына, кісесіндегі нар кеспегіне шаншыла қарап, ұзақ ойланар еді. Маған сонда ерім қазір қанжарын жұлып алып, өңдіршегін орып жіберердей елестейтін. Бірақ мен Олжай-ерім ондай пасық өлімге әсте де бармайтынын, қыранша қия-құзда қаза табарын білемін. Жер-жаһанда армандамайтын, әлде нені көксемейтін адам бар ма? Олжай-ерім ылғида елінің есен-саулығын құдайдан тілер еді.

Айпара-ана көл жиектей қыр асқанда таң аппақ болып атып-ақ қалған еді. Бағанадағыдай емес серейіп жатқан далаға өң кіргендей. Көлден жеңіл бу көтеріліп, ептеп жайылып ауқымын барған сайын далита түсті. Күзгі сарғайыңқы тартқан шөптің басына мөп-мөлдір шық қонақтаған. Қара шапан бүркенген әйелдің сапиян мәсісі су-су болды. Шық суы көлбіреген етегін де малшыпты. Маңдайынан әнтек шығыңқырап тұрған шашы дым тартқан. Кешегі өзі жүріп өкен сілемге түсіп келген жағына беттеп барады. Оның сұңғақ келген денесі сыртынан қарағанда не бір асқаралы тәуекелге, не бір көзжұмды өлімге қасқая тартып бара жатқан ананы — алып адамды елестетер едің. Жүрегін сыздатқан қайғы (қайғының ауыр-жеңілі бар ма) — болжампаз көңіліне түскен дақ түні бойы жегідей жеді, құзғын сәріден жұлқылап тұрғызды, қолынан жетелеп Олжайды қарсы алуға мәжбүрледі. Секемшіл сезім сыбырлап қойған жаманаттан жалтара алмай, неге болсын беркіт болуды сабақ еткендей. Ұл өсіріп, қыз өсірген ананың көрер уайым-кайғысы, тар-тар сазайы, қасіреттің қара бұлты торлап, күйзелер шағы бұл ғана ма екен? Мынау қара жердің өзіндей көмпіс жаны әлі талай ақ табан шұбырындыны көрері хақ.

Айпара-ана көлден қашандаған сайын соңын ала судан көтерілген тұман да қуа шыққан.

Дала ақыл-естен айрылып жатыр. Жым-жырт. Бейне бір алып батырдың ұзақ жолдан оралып, ат соғып шалдығып, көз шырымын алғаны секілді. Осы дала-батыр, осы мең-зең есеңгіреген ұйқысынан мәңгі оянбай қоятындай елестеді Айпараның көз алдына. Мынау мәңгірген қазақтың жайсаң даласы - төрткүл дүниенің асырап алған жетім баласы іспетті. Ұзақты күн қой соңында жүріп, жалқы сәт мызғып, көз шырымын алғаны секілді. "Мына ұйқы - тек жетім балаға тән ұйқы, - деп ойлады Айпара-ана, - һәммәт боп жаралған жетімек осылай қол-аяғын бауырына алып бүк түсіп, бүрісіп (қаперсіз емес) елең-деп ұйықтар болар. "Тәйт!" десең, зәре-құты қалмай зытар болар.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: "Елдігі жоқ ерлерді етік киісінен-ақ тануға болады. Олар өкшесін әрқашан кисық басады, олардың жұлығынан бастап жұлынына дейін қыңыр келеді".

Айпара-ана арғы беттен құлдыраған жалғыз атты жолаушыны ал дегенде-ақ өз күйеуіне жорыған. Астындағы теңбіл көгі қатты жүріс өтіп кетсе керек, болдырып ілби аяңдайды. Атты иесі де қыстағысы жоқ. Онда да күндіз-түні итің-итің жүрістен жалығу, талығу бар секілді. Күні кеше ғана қалың көпір көш жүріп өткен даланың жон арқасы білеуленіп, қоддың саласы іспетті ұсақ-ұсақ сілемдер сайрап жатқан. Әлгі сыбай атты жолаушы осы ізді қуғындай жетсе керек.

Есік пен төрдей теңбіл көктің бел ортасында еңгезердей боп серейіп отырған жолаушы шынында да Олжай еді. Екі-үш күншілік жерге ұзай ауып кеткен ел-жұртының соңынан із кесіп, қуып жеткені осы. Түн қатып, түсі қашқан бәдені қалыптағыдай емес; теңбіл көктің үстіне қасқайып отырушы еді; жақпарланып біткен апай төсі қушық тартып, қадала карағанда өңменіңнен өтетін ала көз қанталап кеткен. Алып бір темір құрсау оранған аш аруақ секілді. Ауыр азаптың, қан кешкен шайқастың таңдайыңды ойып түсер ашутастай кермек дәмін еңку-еңку жылдар бойы татып, ел намысы, жер күйісі үшін шыбын жанды шырқырата найза ұшына байлап, жалау ете көтеріп, бүгінгі жамиғат, ертеңгі ұрпақ алдындағы бар борышы — міндетінен құтылғысы келген ердің салы алғаш рет суға кетіп келе жатқан. Айпара-ана күйеуі аттан түсіп өзіне қарай аяңдағанда ер еңсенің қатты қажығанын байқады. Бірақ, тәкаппар боздақ әйел алдында сыр білдіргісі келмей, кеудесін шалқақ ұстап қара жерді дүрс-дүрс нығыздай басады. Қанша нығыздағанымен, қанша кердендегенімен жол соқты шаршастың табын өзге болмаса да Айпара сезетін.

Ат-көлік аман жеттіңіз бе, ерім?

Құдайға шүкір.

Қысқаша тілдесудің — есендесудің соңын ала аз-кем бір-біріне қадала қарап қалды да, осы көріспеген күндер ішінде бастан кешкен уайым-кайғыларын айтпай-ақ сезіскен. Сонсоң көктеңбілді Айпара жетегіне алды. Жаңа ғана ұйқыдан серпіліп, қыбырлай бастаған ауылға беттеген.

Көл жақтан коңылтақ жел тұрып еді, әлгінде ғана ыдырап сейіле бастаған тұманды оқыс айдай жөнелді. Қоғалыда шөгіп жатқан қоп-қою тұман қозғалып, түйдектеле-түйдектеле жел ырқына көшті де, ол да жағаға жармасты.

Олжай мен Айпара қалың тұманның арасында қалды. Айпара айтты:

Екі баланың тым құрыса бесігін тартып әкеткенің оң болған екен, ерім. Әйтпесе ырымға жаман ғой.

Қайдостың өлгенін сезіп қойғаныңды біліп едім, Айпара. Қайтеміз, халық басына қара бұлт болып торлаған зауалдан көрмесек... Мені қинайтыны — жау қолында қалған әйелі мен екі баласы.

Әйелін қойшы. "Қандай мықты деген әйел күйеуін бір-ақ жұма жоқтайды" деп, өзіңіз айтып отыратұғынсыз. Екі бала — екі тамшы қан. Жау қолында қалғаны сол қанның бұзылғаны да.



  • Менің ойым да осы Айпара.

Олжай ауыр күрсінді. Айпара селк етіп, күйеуіне шошына қарады да, тіксіне сөйледі:

Апырай, ерім-ау, күрсіну мен жылау әйел затының несібі, ерлер үнсіз азап шегеді,— деп, өзіңіз айтсаңыз керек. Сіз қатты өзгеріп кетіпсіз. Іштей таусылмасаңызшы, сізге үйлеспейді ол қылық, бәрі де ұмытылар. Өмір деген мынау тұман секілді емес пе. Алдың ашылып, артың қымталып отырады.

Әй, Айпара-ай, мен де осыған қиналып келемін-ау. Рас айтасың, өмір дегенің тұман, тек шыр айналаңды шырмап — от орнындай жерді ғана болжай аласың. Алдыңда не күтіп түр, білмейсің, өткенінде не пайда, есте қалмайды. Бірақ осы қалың тұман сейілгендей болса, мынау жүдеп-жадаған қайран қазақтың болашағы жалаңашталып, бұрынғысы қуарған қу сүйекке толып қалса қайтер ек.

Тұман айыққанда атасы басқа алашқа көрінер сиқымыз қайсы, етегін ашып күлсін.

"Арғымақ аунаған жерде түк қалмай ма?" Бірақ Айпара бұл ойын айта алған жоқ.

Айпара күйеуінің бұл пікірін құптағысы келмеген. Күйеуінің пікірі қанша ағат болса да, қарсы тұрып, теріске шығармайтын. Бекер екенін біле тұра үндемеуі - құптағаны емес, ел қорғайтын ердің сағын сындырып, алтын басын пәтуасы жоқ қытымыр қаңку сөздермен мәңгірткісі келмейтін. Ер адамның барын асырып, жоғын жасырып отыру; ер адамның алдында сүйреңдей бермей инабатты болу, әмбесінде ізгі жүректі кешірімді кеңсалқар болу әйелдің борышы деп түйетін: Айпара-ана Олжай-ерінің ернінен шыққан әр сөзді пір тұтып, азаматты қадірлеуді келіндеріне сабақ ететін-ді. Жоңғармен арадағы қырғын соғысты көреген ананың әлгі ерлер турасындағы пиғыл-ниетін дұрыстыққа жорыған.

Күншығысқа беттеген қаралы көштің дені жесір қалған катындар еді. Қай-қай соғыстың да азаматтарға тартар еншісі осы.

Олжайдың келісі тым төтенше болды ма, дүзге шыққан бірер ақ жаулықты әйелдерден өзге жұрт байқамай қалысты. Мына арып-ашыған сықпытымен ел көзіне көрінуге Олжайдың да зауқы шаппады. Қанжығадағы арқалығы сүйектен жасалған бесікті шешіп алып, көк теңбіл аттың ертоқымын сыпырды да отқа жіберді. Іші бұраудай боп тұрған ат жата қалып ары-бері аунап түсті. Сілкініп-сілкініп алды. Татыларша жер иіскелемей басын қаздита үстап, қырға желіп кетті.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет