Академиялық ұтқырлық – сенің мүмкіндігің// Білім ырыс қазығы «Класс-Тime» 4 шілде, 2012 ж № 24
Академиялық ұтқырлық – сенің мүмкіндігің
күш – білімде
Қазір Болон үрдісі аясында мұғалімдер мен студенттердің академиялық ұтқырлығына үлкен маңыз берілуде. Болон құжаттарының барлығында дерлік академиялық ұтқырлыққа баса мән берілген.
Академиялық ұтқырлық – әр студенттің өзінің білім алуын өзі қалыптастыру мүмкіндігі. Басқаша айтқанда, білім беру стандарты аясында студент өзі қалаған пәндерді, курстарды, тіпті өзінің қалауына қарай оқу орнын да таңдай алады.
Академиялық ұтқырлық – отандық ғылым мен жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуін қамтамасыз ететін маңызды жайт. Қазір академиялық ұтқырлық тек әр елдегі ЖОО-лар арасындағы студент алмасуды ғана емес, интеллектуалдық өрлеудің, ғылыми және мәдени әлеует, ресурс, оқыту технологиясымен алмасуды көздейді.
Академиялық ұтқырлық – студенттің, (студент ұғымына «Бакалавр», «Магистр», «Доктор PhD» дәрежелерін алатын тұлғалар да кіреді) немесе білімге қатысы бар қызметкердің белгілі бір мерзімге (бір жылға дейін) оқу үшін, сабақ беру үшін, зерттеу жүргізу үшін өз еліндегі немесе басқа елдегі білім мекемесіне ауысуы.
Академиялық ұтқырлықтың артықшылықтары мол. Университет студенттері мен магистранттарының (докторанттардың) академиялық ұтқырлығын жүзеге асырудың негізгі әдісі – оларды серіктес жоғары оқу орындарына бағыттау. Оның мақсаттары:
– Қос диплом (дәреже) беретін бірлескен бағдарламалар аясында оқу;
– Жоғары оқу орындары арасындағы білім бағдарламасы аясында оқу (екінші диплом берілмейді), оның ішінде академиялық айырбас бағдарламалары аясында;
– Тәжірибеден өту (оның ішінде тіл үйрену бойынша);
– Оқу (зерттеушілік, өндірістік) тәжірибесінен өту;
– Жазғы мектептерге (семестрлерге) қатысу.
Ұтқырлықтың негізгі мақсаты – оқушыға өзі таңдаған мамандық бойынша көпжақты білім алуына мүмкіндік беру. Әлемде жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік білімнің барлық саласы үшін маңызды болып табылады.
2011 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Халықаралық білім бағдарламалары» факультетінің жанынан Академиялық ұтқырлық орталығы құрылған. Бұл орталық оқушылардың ішкі және сыртқы ұтқырлығын ұйымдастыру ісін үйлестірумен айналысуда. Қазір Академиялық ұтқырлық орталығында ҚазЭУ-Каннам (Оңтүстік Корея), ҚазЭУ-МБШ, Будапешт (Венгрия), КазЭУ-УПМФ (Франция) қос дипломы бойынша, ішкі академиялық ұтқырлық, Ресейдегі Халықтар достығы университетімен бірлескен қосымша жоғары білім бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ағылшын тілінде оқитындар үшін Еducation 2 академиялық студент алмастыру бағдарламасы бар.
Студенттер ойы
Гүлдана Келдібекқызы,
«Экономика» мамандығының
301 топ студенті:
– Мен, Келдібекқызы Гүлдана 2011 - 2012 оқу жылында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Экономика» мамандығы бойынша академиялық мобильділік арқылы Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Экономика және басқару» факультетінің «Экономика» мамандығы бойынша білім алуға қол жеткіздім.
Мен «Экономика және басқару» факультетінің «Экономика» мамандығының 304 тобына қабылдандым. Бұл топтың студенттері мені жақсы қабылдап, өз қатарына қосты. Мені бөлектемей, керісінше білмегенімді айтып, университеттің және оқу үрдісінің ерекшеліктерін түсіндірді. Тобымдағы барлық студенттермен тез тіл табысып, дос болып кеттік. Топ басшысы Әйгерім Есетқызы және басқа да қыздар мен жігіттер әрқашан менің түсінбеген сұрақтарымды түсіндіріп, өздерінің ақыл-кеңестерін айтты.
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде білім алған бір жыл ішінде менде университет жайлы жағымды пікір қалыптасты. Шын мәнінде, жоғары сапалы білім беретін білім ордасы екендігіне көзім жетті. Мұның өзіндік себептері де бар. Атап айтар болсақ, біріншіден, университет — материалдық-техникалық базасы бай білім ордасы. Мұнда ақпараттық технологияларды қолдану, интернет жүйесін пайдалану, емтихандарды компьютерде тапсыру сияқты жағдайларға көңіл бөлінген. Екіншіден, университеттің кітапханасы, оқу залдары, кітап қоры кең екендігін байқадым. Әсіресе, экономикалық әдебиеттер, оқулықтар мен оқу құралдарына қол жетімділік жоғары деп айтуға болады. Шетел әдебиеттері бойынша арнайы абонемент бар. Іздеген кітабыңды компьютерге енгізу арқылы оңай табуға болады. Үшіншіден, сабақ беретін оқытушылардың білім деңгейі жоғары. Дәрісті негізінен ғылыми дәрежесі бар ғылым кандидаттары мен докторлары оқиды. Практикалық сабақтар да қызық өткізіледі және студенттің оқытушының бақылауымен орындайтын өзіндік жұмыстары да дұрыс ұйымдастырылған. Төртіншіден, университетте тәрбие жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді екен. Әсіресе, кураторларға жоғары талаптар қойылатындығы байқалады. Топ кураторы топқа келіп, үнемі жағдайымызды сұрап тұрады. Сонымен бірге топ кураторымен бірге театрға, кинотеатрға және табиғат аясына барып, топтағы студенттердің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға көңіл бөлінетіні ұнады. Бесіншіден, студенттерді ғылымға тарту, студенттердің ғылыми жұмыстарын ұйымдастыруға да жете көңіл бөлінеді. Бұл университетте ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, пікір алмасулар, ғылыми жұмыстар байқаулары, студенттердің пәндік олимпиадасы жиі өткізіліп тұрады екен. Бұл студенттердің өзін-озі дамытуына үлкен мүмкіндіктер ашады.
Мақпал Құрбанова,
«Экономика және басқару»
факультеті «Мемлекеттік
және жергілікті басқару»
мамандығы, 301 топ студенті:
– Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті 1963 жылы құрылған. Қазір білімі жоғары деңгейде дамыған экономикалық университет болып табылады. Мен 2012 – 2013 жылдың алты семестрінде Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен осы университетке білім алмасуға келдім, яғни университет жіберді. Осы аралықта бұл университет оқытушыларынан алған білімім болашақтағы өз мамандығымның нағыз білікті иесі болуыма септігін тигізетіндігіне сенімдімін.
Бұл университеттің М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дан артықшылығы – нағыз болашақ экономистерді дайындайтын экономикалық университет болғандығында. Менің ойымша, бұл университет қазіргі заман талабына сай мамандар дайындауда. Себебі мұнда заман талабына сай барлық жағдай жасалынған деуге болады. Оқытушылардың барлығы жоғары сапалы білікті өз маман иелері. Күнделікті болатын сабаққа әрдайым дайын, әр сабақ тақырыбына сай жаңа материалдарды қолданып, үнемі жаңалықтарды іздену үстінде болады. Оқытушылар үнемі білімгерлерді алға жетелеп, оларға қажет мағлұматтарды жеткілікті деңгейде береді. Сонымен қатар білімгерлерге де оқуға қойылатын талаптар өте жоғары, яғни берілген әрбір тапсырманы уақтысында тапсыру және берілген тапсырмаларға қойылатын талаптардың жоғары болуы. Маған білім берген оқытушылардың арасында жас оқытушылар да болды. Бірақ жас оқытушы болса да жоғары білікті нағыз өз мамандықтарының иелері деуге болады. Әр оқытушының сабақ беруінің өзіндік ерекшеліктері де бар. Бір қуантатындығы, әрбір болатын лекцияға жаңа мәліметтерді алып келіп, білімгерлерге түсінікті етіп жеткізуі және болатын әр сабақты қызықты, жалығып кетпейтініндей қылып өткізуі.
Мәншүк Қожагелдиева,
«Экономика және басқару»
факультеті «Мемлекеттік
және жергілікті басқару»
301 топтың студенті:
– Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті маған бірқатар ерекшеліктерімен ұнады. Мәселен, «Электронды журнал» деп аталатын білімгерлерді бағалау жүйесі. Бірақ бұл жүйені көп білімгерлер қолдай бермейді. Дегенмен өз басым оң көзбен қараймын. Себебі бұл жүйе көмегімен қоғамымыздың алда көркейіп дамуына кедергі келтіретін жемқорлық сынды кедергілерді жоюға, білімгерлер білімін тереңдетумен қатар олардың сабақтан себепсіз қалуын тоқтатады. Университет басшыларына бұл жүйені ары қарай дамытса деймін.
Кітап қорының көптігі, білімгерлердің кітапқа деген қол жетімділігі, ұстаздардың білім беру тәртібі ұнады. Жалпы, мұнда білім алу маған ұнады, алда ары қарай оқуды осында жалғастыру да жоспарда бар.
Рахман Рахметалиев,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» факультеті «Қаржы» мамандығының 3-курс студенті:
– 3-курста «Академиялық мобильділік жобасына» қатысуға тілек білдіріп, 2011-2012 оқу жылының екі семестрінде Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ қабырғасында білім алдым. Жалпы алғанда, бұл университеттің абырой-беделі өте жоғары және бітіруші түлектері де өте білімді екен. Бұрынғы халық шаруашылық университетінен қалған мықты техника-шаруашылық базасымен мықты оқытушылар құрамы қазіргі кезде Қазақстандағы ең жақсы университеттер қатарына еніп тұр.
Бұл университеттің оқытушылары маған қатты ұнады. Әрқайсысының білімді және өз ісінің маманы екені көрініп тұр. Өкінішке қарай, тек ұйымдастырушылық және тәрбие жағынан көңіл толтырмайды. Дегенмен жаңа технология, яғни электронды журнал баға қою саясаты және тағы басқа жаңалықтары өте қуантады. Қорыта келгенде, мен бұл университетті ұнаттым мұнда оқығаныма өкінбеймін.
Әсем Тойлыбаева,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік университетінің 2-курс студенті:
– Маған бұл университет ұнады. Білім жағынан оқу үлгерімі өте жоғары, әр пәннің күнделікті тапсырмасында өзіндік қызықтары бар. Мысалға, лекцияларда мұғалімдер әр тақырыптарын интернет тақтайшасында сызбалы нұсқа ретінде түсіндіреді.
Практикада сабақ қызықты өтеді және айтқан сабақ мұқият есте сақталып қалады. Ал СРСП-да өткен тақырыптарды бейнелі түрде өтеді, атап айтатын болсақ, маркетинг сабағы маған өте ұнады. Себебі өз тобыммен бірге сабаққа дайындалдық, бірге тапсырмаларды орындадық. Презентация, бейнебаяндар арқылы сабақ жүргіздік. Өз тобыммен өткен студенттік шақтарды бейнебаянға түсірдік. Мұғалімдері өте инабатты, студенттері өте ибалы. Мен бұл университетке қатты бауыр басып қалдым, университетте білімімді ары қарай жалғастырғанды қалаймын!
Достарыңызбен бөлісу: |