Акынова А. П. Византия империясы және ғұндар (IV-V ғғ). Тегтер



Дата14.07.2016
өлшемі75.5 Kb.
#198008
Акынова А.П.
Византия империясы және ғұндар (IV-V ғғ).
Тегтер: византия, ғұндар, тарихи, диадема, тайпа, дерек, өркениет.
Аңдатпа: Мақалада тарихи деректердің негізінде IV-V ғасырлардағы Византия империясы мен ғұндардың қарым-қатынасы қарастырылады. Қазіргі таңда дүниежүзі тарихында Түркі тайпаларының соның ішінде қарастырылып отырған мәселеміз - Ғұн державасының тарихи маңызы өте зор. Халықтардың Ұлы қоныс аудару кезеңінде ғұндар Орталық Азия жерінен Батыс Еуропа жеріне Шығыс мәдениетінің элементтерін алып келді. Бұл отан тарихында ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Мазмұны:

Әлем тарихында, соның ішінде Отан тарихында ғұндардың алатын орны ерекше. Сонымен қатар «Халықтардың Ұлы қоныс аударуына» бірден бір себеп болған осы ғұндардың қозғалысы екені тарихтан белгілі. Ғұндар IV ғасырдың екінші жартысында Орталық Азия жерінен бастау алып, Волга мен Донның арасындағы территорияларды мекендеген түркі тайпалары болып келеді.

Ғұндар тек жаулаушылар ғана емес, олар Шығыс мәдениетінің элементтерін Батысқа әкелушілер болды. Мысалы, ғұн қару-жарақтарының үлгілері: бір жүзді қылыштар мен қанжарлар, үшкір басты жебелер және атақты ат әбзелдері. Бұларды ғұндарға дейін Европа білмеген болатын. Ғұндар қару-жарағында ерекше орын алған садақ пен жебені жетілдіруде өте жоғары дәрежелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар ғұндарда зергерлік өнерінің тамаша туындылары бар. Бұл алтын мен күмістен жасалған диадемалар, алқалар, сырғалар, фибулалар (сәнді түйреуіштер). Бұлар үлгісі бойынша қазақтардың зергерлік шеберлілігімен үндесіп отыр. Ғұндар негізінен рулық-тайпалық құрылыс жағдайында өмір сүрген. Қоғамдық жағдайы жылқыға негізделген көшпелі өркениет ретінде сипатталады [1].

Жалпы ғұн тайпалары б.з. IV ғасырда әйгілі болып, Шығыс Европаға қарай жылжыды. Б.з. IV ғасырының 70-жылдарында Солтүстік Қаратеңіз өңіріне келіп жетеді. Ғұндардан бірінші болып жеңіліс тапқандар Азов теңізін мекендеген аландар (осетиндер) болатын. Ғұндар екі бағытта ілгері жылжыды: біріншісі – Перекоп және Таман түбегі Қырымдағы Боспор патшалығына беттеді. Оның қалалары басып алынды. Нәтижесінде мың жылдан аса өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды. Екіншісі солтүстік батыста орналасқан Готтар немесе швед тайпасына бет түзеді. Вестоготтар (Батыс готтар) Дунайға қашты, Остоготтар (Шығыс готтар) талқандалды. Нәтижесінде ғұндарға Еділ мен Дунайға дейінгі жерлерді мекендеген түрлі тайпалар мен халықтар бағынды. Осыдан кейін – 376 жылы ғұндар Рим империясымен көршілес мемлекет болып, көп ұзамай оған күш көрсете бастады. 395 жылы ғұндар Закавказье мен Месопотамия жерлеріне шабуыл жасайды. V ғасырдың басында Паннония жерін басып алып ғұн державасын құрады.

Ғылыми мақаламның негізі – осы кезеңде Византия империясы мен ғұндардың өзара қарым-қатынасы. 395 жылы бір тұтас Рим империясының Шығыс және Батыс болып бөлінуіне байланысты IV ғасырда өз алдына дербес мемлекет ретінде пайда болған Византия (Шығыс Рим империясы) қолөнері мен саудасының өркендеу дәрежесі, қалаларының байлылығы, мәдениетінің көркейуі жөнінен Батыс Рим империясына қарағанда басым болатын [2]. Шығыс Рим империясы экономикалық және саяси-мәденит жағынан ерекшеленіп оқшаулануы, әсіресе ІV ғасырда анық көрінді. Сондықтан 330 жылы император І Константин Босфор жағалауындағы Византияны империяның астанасына айналдырды. Жаңа астана оның негізін салушы император есімімен Константинополь аталды. Константинопольдің астанаға айналуына оның алып жатқан орнының қолайлылығы себеп болған еді. Өйткені бұл жерде Европадан Азияға, Қара теңізден Эгей теңізіне апаратын аса маңызды сауда жолдары тоғысатын отрлық болатын. Византия империясының құрамына: Балқан түбегі, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Египет, Солтүстік Африкадағы Киренаика, Месопотамия мен Арменияның бір бөлігі, Қырымдағы (Херсонес) және Кавказдағы (Грузияда) бірқатар елді-мекендер және Аравияның кейбір аудандары, ал V ғасырдан бастап Иллирик және Далмация енді. Византия империясының жерінде әртүрлі халық топтары мен тайпалар: гректер, фракиялықтар, иллириктер, дакиялықтар, сириялықтар, армияндар, грузиндер, еврейлер және герман тайпалары енді. Сонымен, Шығыс Рим империясы (395-1453) – Феодосия І өлімінен кейін 395 жылы Рим империясының толықтай батыс және шығыс бөліктерге бөлінуінен құрылған мемлекет болды. Батыс Рим империясының құлауынан кем дегенде он сегіз жылдан кейін өмір сүруін тоқтатты, Византия Ежелгі Римнің тарихи, мәдени және өркениет мұрагері ретінде ондаған ғасыр өмір сүрді [3].

Шығыс Рим империясына «Византия» атауын өмір сүруін тоқтатқаннан кейін батысеупопалық тарихшылар берген, ол алғашында Константинополь деп аталған болатын, Рим императоры Константин І 330 жылы Рим империясының астанасы етеді де қаланың атауын «Жаңа Рим» деп ресми түрде ауыстырады. Византиялықтар өздерін римдіктер деп, ал өз державасын «Рим империясы» атаған болатын. VІІ ғасырдан бастап грек тілінің кең таралуына байланысты Батыс деректерінің ішінде византиялық тарихшылар оған «гректердің империясы» деген атау тақты, себебі, Ежелгі Русь Византияны әдеттегідей «Грек патшалығы» десе, ал оның астанасы – Константинополь (Царьград) деп атады.

Византияны жеке мемлекет ретінде 330-518 жылдарға сәйкес қарастыруға болады. Бұл кезде Дунай және Рейн шекарасы арқылы рим территориясына көптеген варварлар, оның ішінде герман тайпалары мен ғұндар ене бастаған еді.

Шығыстағы жағдай айтарлықтай ауыр жағдайда еді, 378 жылы Андранопольде болған атақты соғыста вестготтардан жеңіліс тапқаннан кейін де мұндай жағдайды күтуге болатын еді. Император Валент қайтыс болады және король Аларих Грекияны күйзеліске ұшыратады. Аларих батысқа – готтар өз мемлекет құрған Испания мен Галлияға қарай аттанады да, олардың тарапынан Византияға деген қауіп азаяды. 441 жылы готтардың орнына ғұндар келді. Олардың көсемі Аттила Византия империясына бірнеше рет соғыс жасады, нәтижесінде византиялықтар үлкен көлемде төлем төлеп қана құтыла алды.

Ғұндардың Византия империясына шабуылын 3 кезеңге бөліп қарастыруымызға болады. Алғашқы жорық 441-442 жылдар аралығын қамтыды. Айта кететін жағдай 433 жылы қартайған ғұн патшасы өзінің билігін немерелері – Аттилла мен Бледаға тапсырады.

Аттила мен Бледаның Византия провинциясы Иллирикке (қазіргі Сербия) шығыс римдіктер үшін сәтсіз кезең болған алғашқы жорығы 441 жылы басталды, олардың әскері парсылармен және Сицилияда вандалдар королі Гейзерихпен соғысқа тартылды. Гейзерих 440 жылы аралға келіп жетті, және келесі жылдың көктемінде оған қарсы византиялық қолбасшы, герман Ареобинд бастаған экспедициялық корпус аттандырылады. Ареобинд Сициллияға өте кеш оралады, ол келген кезде вандалдар қаланы тастап кетіп қалған еді. Оның үстіне 441 жылы Византия иелігіне Кіші Азиядан парсылар шабуыл жасаған болатын, дегенменде олармен арадағы соғыс бейбітшілікпен жылдам аяқталды.

Сол заманда елшілік қызмет атқарған Приск Панискийдің ойынша, соғыс қимылдары ғұндардың римдіктердің қазіргі Белградтағы ауданындағы сауда жәрмеңкелеріне баса көктеп енуінен басталған. Соғыстың негізгі сылтауы қала епископы Маргтің патша қабірінен ғұн қазынасын ұрлауынан туындаған. Марг ұсталады, Дунайдағы ірі қала саналатын Сингидундқа (қазіргі Белград) және Виминацийға жер аударылды. Ғұндар ары қарай Дунай арқылы шығыстағы Ратиариға (қазіргі болгар селосы Арчар) және Морав арқылы оңтүстіктегі Наиссаға (қазіргі сербтік Нишқа қарай) жылжыды.

Найссаны жаулау Приск Панискийдің еңбегінде айтарлықтай толық сипатталған, ғұн көшпелілері қол астындағы бағынышты халықтардың құрылыс өнерін пайдалана отырып, бекініс қалаларын жаулап ала алды. Тұрғындар күреске шығуға батылдары жетпегенде, өз әскерлерінің өткелдерін жеңілдету үшін қаладан төмен оңтүстік жағынан өзен ағысы арқылы көпір салды және қала қабырғаларына соғыс машиналарын қойды. Ең алдымен олар дөңгелекті ағаш платформаларды алып келді. Онда бастионнан қорғаушыларды ататын әскерлер тұрды. Платформның артында аяқтарымен дөңгелекті итеріп тұратын және садақшылар сәтті көздеп атуы үшін өздерінің соғыс машина бағытын бұрып тұратын адамдар тұрды. Платформадағы әскерлердің ешқандай қауіп-қатерсіз соғысуына жағдай жасады. Соғыс машиналардың басым бөлігі қабырғадан төмен түсірілгенде қорғаушылар бастионды лақтырылатын жарылғыштар ұшқынынан қорқып тастап кетті. Сонан соң «таран» деп аталатын бекініс қабырғаларын бұзуға арналған зат алып келінеді. Қорғаушылар қабырғадан үлкен домалақ тас түрінде валундарды тастады. Кейбір машиналар басындағы адамдармен бірге күл талқан болды, бірақ қорғаушылар көп санды оларға қарсы тұра алмады. Варварлар таран күшімен бұзылған қабырғалар, сондай-ақ қосымша баспалдақтар арқылы баса көктеп қала ішіне енді.

Эдвард Томпсон Найсті қоршауды суреттеуде Присктің ойын қолдайды, мәтіндегі әдеби стиль Фукидидтің б.з.д. 430 жылғы Платеиді қоршауды суреттеуін еске түсіреді. Дегенменде, өзге тарихшылар әдебиеттегі классикалық үлгілерге еліктеу гректілді жазушалырдың арасында аз кездеспейтіндігін алға тарта отырып, Томпсонның пікірімен келіспеген еді.

Приск Паниский византиялық елшілердің қатарында 448 жылы Наис арқылы өткен кезінде «елсіз және дұшпандармен қиратылған… барлық өзен аңғары соғыс кезінде қайтыс болғандардың сүйегіне көмілген» қала түрінде баяндайды [4].

442 жылы соғыс әрекеттері аяқталған болса керек. 442 жылы император Феодосий вандалдармен келісім шарт жасасқаннан кейін Ареобид әскерлері Сицилиядан соғыс әрекеттері аяқталған Фракияға әкетілді. Константинопольмен қоса Фракия қорғанысын византиялық әскер басы Аспар қамтамасыз етті.

Присктің айтуынша, Дунайдан оңтүстікке қарай бес күндік жерді алып жатқан қазіргі Сербия аумағындағы кең көлемді жерді ғұндар жаулап алған.

Ғұндардың Византияға екінші жорығы 447 жылы басталған болатын. Византияға бірінші және екінші жорық арасындағы кезеңде Бледа қайтыс болды және Аттила ғұндардың барлық әскери күшін өз қолына алды. Бұл кезеңде ғұндар Приск Панискиймен Оногесий тұтқыны, Аттиланың жақтасы болып саналатын гректің арасындағы әңгімеде белгілі болған акацирлермен, яғни Солтүстік Қаратеңіздегі көшпелілермен соғысып жатқан еді.

Византияға жорық шеңбері (хронологиясы), қай қалаға қашан жорық жасалынғаны, бейбітшілік келісімінің қашан жасалынғаны сияқты оқиғалар түрлі зерттеушілер тарапынан әртүрлі құрастырылуда.

Аттиланың Византияға жорығын О.Д. Менхен-Хельфен атты тарихшы «Ғұндар әлемі» («Мир гуннов») деп аталатын еңбегінде анығырақ келтірген [5]. Аттиланың бірінші жорығы аяқталғаннан кейін ғұндардың жалғыз әскербасы ретінде Византиядан белгіленген алым-салықты және қашқындарды қайтаруды талап етті. Император Кіші Феодосий кеңесте ғұндардың намысқа тиетін талаптарын орындағаннан гөрі соғысқа шығуды жөн көреді. Аттила Ратиараны жаулап алған болатын, және 446 жылдың соңы мен 447 жылдың басында Византияның балқандық иелігіне шабуыл жасады. Марцеллин Комит өз хроникасында 447 жылы : «Аттила барлық дерлік Еуропаны күлге айналдырды» деген жазба қалдырып кеткен еді.

Кейінгі Ратиарииден шығысқа қарайғы Утум өзені бойындағы шайқаста әскербасы Арнегискл бастаған византиялық әскер талқандалды, ал Арнегисклдің өзі шайқаста қаза тапты.

Ғұндар Дунай мен Балқан жоталары арасындағы жазық арқылы шығыстағы Маркианопльге қарай еш кедергісіз өтті. Филиопполь мен Аркадиопольді жаулап алып, оңтүстікке қарай жылжыды. Шайқастың көлемі жөнінде Каллиниктің суреттемесінен кездестіруге болады. Ол ғұндардың жүздеген қалаларды жаулап алғандығы және Фракияны толықтай ойрандағанын хабарлаған еді. Приск Паниский Иллирикпен Фракия шекарасы саналатын кішігірім Асимунт бекінісінің тұрғындарының соғысына тоқталады, олар ғұндарға айтарлықтай тойтарыс бере алған еді.

Қауіп тіпті 447 жылы 27 қаңтарында қатты жер сілкінісінен бір бөлігі (ішінара) қираған Константинопольде де байқалды. Ғұндар келгенге дейін (447 жылы мамыры) қала қабырғалары толықтай қалпына келтірілді ме, жоқ па, ол туралы деректерде мәліметтер жоқтың қасы. Қаладан тұрғындардың басым бөлігі қашып кетті, император Феодосийдің өзі қашуға дайын еді. Несторий өзінің «Bazzaar of Heracleids» атты еңбегінде ғұндардың бей-берекетсіз кері шегінуіне әсер еткен крест көмегімен қаланы аман алып қалғандығы сөз болады.

Византия әлемі мен ғұндар арасындағы шарттар Приск Панискийдің еңбектерінде көрініс береді:

Ғұндарға тұтқындарды қайтару және алты мың литр алтын (2 тонна шамасында), өткен уақыттар үшін айыптар беруге; жыл сайын белгіленген екі мың бір жүз литр алым-алық төлеуге; (ғұндардан) қашқан және өз жеріне ешқандай құн төлеусіз өткен әрбір римдік әскери тұтқындар үшін он екі алтын монета төлеу; егерде оларды қабылдап алушы құнын төлемеген жағдайда, ғұндарға қашқындарды ұстап беруге міндетті болды. Римдіктерге қашқан бірде бір варварды қабылдауына болмайды.

Егер де 444 жылы 29 қарашадағы император Феодесийдің жарлығында (ғұндардың бірінші жорығынан кейінгі) жер үлестеріне салық талаптарын азайту туралы айтылған болса, ал енді барлық жеңілдіктер алынып тасталынды. Соққыға жығу арқылы ақшасы алынып отырды, дәулетті азаматтар жеке мүліктері мен әйелдерінің әшекейлерін сатты. Приск Паниский: “Соғыстан кейінгі мұндай зардап римдіктерді апатқа алып келді. Олардың басым бөлігі аштықтан не болмаса, асылып өз өмірлерін қиып жатты”[6].

Үшінші кезеңді – «Ғұндардың шабуылы емес, Византия империясының ғұндармен келісімге келу кезеңі» - деп қарастырсақ болады. Византия өте ауыр алым-салық төледі, және 448 жылы жеңіске жеткен Аттила келесідей талаптар қойды – ғұн жерінен қашқан қашқындарды ұстап беру және Дунайдан Наисс пен Сердикке (қазіргі София) дейінгі жаулап алынған территорияда ауылшаруашылығы жұмыстарын тоқтату. Екі ел арасындағы келісім барысында Приск Паниский 448 жылы қазіргі Венгрия жерінде орналасқан Аттиланың ставкасына тарихшы Приск келген болатын. Сөйтіп, ол кейінгі авторларға ғұндар әрекеттері мен Аттиланың өмірі жайындағы негізгі деректік мәліметтерді қалдырған.

449 жылы Анадолыдағы Византиялық елші Ном Аттиллаға Дунай маңындағы жерлерді империяға қайтару және ғұндардан қашқан қашқындарды қайтару мәселесін ретке келтіру жөнінде берген уәдесін орындатуға қол жеткізді. Присктің айтуы бойынша, “Аттиламен арадағы түсініспеушіліктер тоқтатылды”.

450 жылы шілдесінде император Феодосий аттан құлап қайтыс болды. 25 тамызда императордың қарындасы Пульхерия ғұндарға алым-салық төлеуден бас тартқан әскербасы Маркианды жаңа император ретінде Византия тағына отырғызды.

Шығыс императоры Феодисиймен келісілген салықты төлеуге міндетті емес екендігін жариялайды; егер де Аттила тыныш қалатын болса, ол оған сыйлық жібереді, егер де соғыс ашатын болса, оның күшіне қарсы тұра алмайтын әскери күш шығаратын айтады.

Бұл кезеңде Аттиланың Батыс Рим империясымен қатынасы шиеленісе түскен еді, оған себеп римдік император Валентинианның қарындасы Гонорийдің Аттиланы шақыруы еді. Гонорияның ғұн көсеміне көмек сұрағандығы жөніндегі аңыз Юста Грата Гонорийда жазылып қалдырылған еді.



Қорыта келе, Халықтардың Ұлы қоныс аударуына түрткі болған ғұндардың Византиямен (Шығыс Рим империясы) қарым-қатынасы дүниежүзі тарихында алатын орны ерекше. Әсіресе, Еуразия тарихының орта ғасырлық кезеңіне өту мен ортағасырлық өркениеттің қалыптасуына алып келген Еуропадағы халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірінде Ғұн державасы маңызды рөл атқарады. Осылайша, түркі халықтары соның ішінде ғұндар Еуропа мен Еуразия тарихындағы жаңа кезең – орта ғасырлық қоғам мен өркениетке өтуге жол ашты.
Сілтемелер тізімі:


  1. К.Т.Жумагулов., Гуннский союз племен в Центральной Азии и Великое переселение народов на Евразийском континенте, ҚР-ның тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Еуразия ғасырлар тоғысында» атты халықаралық симпозиум материалдары, - Астана 2002 - с. 201-202.

  2. Meier M. Justinian. Darmstadt, 2011, S. 7-12

  3. Қ.Т.Жұмағұлов., Р.С.Мырзабекова, Орта ғасырлар тарихы, Алматы 2015., 46-49 бб.

  4. Priscus Panites. Historia Byzantina Fragmenta, 15 – FNG. Paris. 1851, Ed.C. Mullerus. Parisiis. Didot. 1851, Vol. IV, p.98

  5. Отто Дж. Маенхен-Гельфен, Мир гуннов, Исследования истории и культуры / Пер. с англ. В. С. Мирзаянова. – Казань: «Слово», 2010. – с 511-512.

  6. P.Panites. Historia Byzantina Fragmenta, 15 – FNG. Paris. 1851, Ed.C. Mullerus. Parisiis. Didot. 1851, Vol. IV, p.98




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет