Қалалық білім бөлімінің бастығы Ж. А. Тажиеваның тамыз маслихатына арнаған баяндамасы



Дата29.02.2016
өлшемі187.36 Kb.
#34412
Қалалық білім бөлімінің бастығы

Ж.А.Тажиеваның тамыз маслихатына

арнаған баяндамасы

Тақырыбы: Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның



мемлекеттік саясатының басымдығы


Мерзімі 16.08.2013 ж.

Басталу уақыты: 10.00 -11.40.

Өтетін орны: Ж.Шанин атындағы

облыстық драма театры

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!

Қадірлі тамыз кеңесінің

қонақтары мен әріптестер!
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеуге, пікір алысуға мүмкіндік беретін, білім сапасын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін маңызды зияткерлік басқосуға қош келдіңіздер!

Құрметті әріптестер!

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа»-деген өсиетінің өзектілігі күннен –күнге өсе түсуде.

Елбасымыздың білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны- мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы да осының айғағы. Оған дәлел Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050 Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» – атты Жолдауында білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтарында нақты тапсырмалар берілгені болып табылады. Бұл тапсырмаларды табысты орындайтынымызға сеніміз мол. Өйткені ел дамуының ХХІ ғасырдағы стратегиялық өсу нүктесіне айналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген шаралар құрметті де, абыройлы педагог мамандық иелері яғни, ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асырылуда.
Құрметті әріптестер!
Жасалған жұмыс аз емес, бірақ атқаратын іс одан да көп. Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты Интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау- жаңа Қазақстанның басты құндылығына айналды. Білім берудің әрбір деңгейі бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

Білім саласында Заңнамалық базаларға да өзгерістер еніп отыр:

2013 жылы Қазақстан Республикасының:

- «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» 2013 жылғы 14 қаңтардағы:

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 14 қаңтардағы;

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 4 шілдедегі заңдары қабылданды.

Сонымен бірге бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы әзірленді.

2012 жылғы 1 шілде мен 2013 жылғы 1 тамыз аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 57 қаулысы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 563 бұйрығы қабылданды. Оның ішінде, Үкіметтің 11 қаулысы және министрліктің 43 бұйрығы нормативтік болып табылады.

Жаңа оқу жылын 100 мыңнан астам оқушымен 87 жалпы білім беретін, 8 мектептен тыс, 189 мектепке дейінгі мекемелермен Жалпы саны 284 мекемемен бастағалы отырмыз.

Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отыр. Оған дәлел білім саласын қаржыландыру жыл санап артуда. Мысалы: 2010 жылдың қаржысы 11 млрд. 39 млн. теңге болса, ал 2013 жылы 20 340 719 теңгені құрап отыр.

Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында білім саласына берген нақты бағыттарынның бірі: 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы орта білім беретін мектептерде интерактивті оқыту жүйесін кеңінен пайдаланып, он-лайн режимінде білім беру бағдарламасын қолға алу мәселесі болып отыр.

Егеменді еліміздің өскелең ұрпағы үшін мемлекет барлық жағдай жасауда. Оған дәлел, бүгінгі күні Шымкент қаласында мектептер 363 интерактивті тақтамен, 72 лингофонды-мультимедиялық, 52 физика, 27 химия, 34 биология кабинеттерімен жабдықталып, жыл сайын жаңа компьютерлермен толықтырылып, интернетке 100 пайызға қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр. 2013 жылы 1 компьютерге 13 оқушыдан келіп отыр.

Сонымен қатар Шымкент қаласының 34 мектебінде «е-learning» бағдарламасына сәйкес толық жабдықталып электронды оқыту жүйесіне енуде.



Оқулық. ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына орай 2011 жылы 4,6,11 сынып, 2012 жылы 1,7,8 сынып оқушылары әлеуметтік жағдайына қарамай 100% оқулықпен қамтылды. Ал, 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 1 сынып оқушыларын ағылшын тілі оқулығымен және 2,9 сынып оқушыларын толық оқулықпен 100% қамтамасыз ету жоспарлануда.

Бұл дегеніміз - Елбасымыздың берген тапсырмасын орындауда зор мүмкіндігіміздің бар екенін көрсетеді.



Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша ел Президенті 2020 жылы баларды 100 пайызға қамту туралы тапсырма берді. «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту Шымкент қаласында 2012 жылы 61 пайызды құраса биылғы жылы бұл көрсеткіш 70,8 пайызды құрап отыр. Бұндай көрсеткіш жаңа балабақша құрылыстары, бұрынғы балабақшаларды қайтару, мектеп жанынан шағын орталықтар, жеке меншік, әлеуметтік серіктестік арқылы, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы жүзеге асырылуда.

“Балапан” бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі мекемелер жүйесінің 2013-2015 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес 4530 орынға 15 жаңа балабақша, 1950 орынға 9 бұрынғы балабақшалар ғимаратын қайтару, 450 орынға 6 мектеп жанынан шағын орталық ашу, 750 орынға 15 жекеменшік балабақша ашу және 6000 орынға мемлекеттік тапсырыспен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды орналастыру көзделіп отыр.



Құрметті Дархан Амангелдіұлы!
Бүгінгі күні «Балапан» бағдарламасы аясында қамту пайызы 70,8. Алайда, қыркүйек айында алынатын статистикалық есеп бойынша бала туылу санының артуына байланысты көрсеткіш 6 пайызға төмендегелі отыр. Жыл сайын қаламызда бала туылу саны шамамен 5000 балаға артып отыр. Жеке меншік балабақшалар саны жыл санап артуда. Биылғы жылдың өзінде жиырмадан астам жекеменшік балабақша ашылды. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс арқылы 3500 ге жуық баланы мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылдауға мүмкіндігі бар. Осы орайда мемлекеттік тапсырыс алуға Республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал етуіңізді сұранамын.

Ал бала қабылдауға мүмкіндігі бар мектеп басшыларына мөлтек аудан жұмысын қайта жүргізіп, үйде отырған 5 жасар балаларды мектеп алды даярлық тобына қамту жұмысын жүргізуді тапсырамын.



Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңарту шарттарын ұсынамын:

1.Мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектептегі білімнің сабақтастығын басшылыққа алу.

2. Ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау, халықтық педагогиканы басшылыққа алу.

3. Бүгінгі күні дүние жүзінде үлкен сұранысқа енген мектепке дейінгі білім берудің шетелдік әдістерін оқыту жүйесінде кеңінен пайдалану: Әрбір баланың құзіреттілігін дамыту мақсатында «Монтессори», кесте-тренажер арқылы балалардың математикалық мысалдарды жылдам меңгерту үшін Н.Зайцев жүйесін, геометриялық фигуралармен ойлау қабілетін дамыту үшін Вальдорф, Ф.Фребель педагогикаларын пайдалану.

4. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жағдайында инклюзивті білім беруді қолға алу.

5. Балабақшаның білім беру процесінде ақпараттық технологияны пайдалану.

6. Балалар, ата-аналар үшін қолжетімділік, жариялылық, тартымдылық жолдары арқылы мектепалды білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз ету.

7. Ата-аналарды барлық білім беру деңгейінде белсенділік танытуға шақыру.



Мектептің жүрегі – мұғалім, білікті ұстаз. Сондықтан да ең маңызды міндеттердің бірі –педагог мәртебесін көтеру. Бүгінгі күні бұл жұмыс 3 бағыт бойынша жүргізілуде.

Бірінші. Мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға дейін педагог жалақысы жеке сектордағы деңгейге жақындайтыны қарастырылған. Бұл - бүгінгі деңгеймен салыстырғанда екі немесе үш есе артады деген сөз. Биыл екінші жыл мұғалімдер категориясына байланысты қосымша ақы алады.

Екінші: Педагогтардың біліктілігін арттыру түбегейлі өзгерді. Аталған өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері жанынан ашылған педагогикалық шеберлік және «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталықтары әлемдік тәжірибе негізінде жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізу мақсатында білімді де білікті мамандар дайындауда. Осы мақсатта қала бойынша 1678 мұғалім курстан өткен болса, оның ішінде «Кембридж тәсілінің негіздері» бойынша 3 айлық курстан–Шымкент қаласы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы базасында 192 мұғалім өтті, ал бүгінгі таңда Педагогикалық шеберлік орталығының Шымкент филиалы базасында 203 мұғалім курстан өтуде. Өкіншке орай 2013 жылдың 25.02-21.05 аралығында 3 айлық курстан өткен мұғалімдер арасында курс қорытындысы бойынша емтиханнан өте алмаған ұстаздарымыз да кездесті.

Осындай жағдай орын алмау үшін 3 айлық курсқа белсенді, өмірлік ұстамы бар шығармашыл пән мұғалімдерін жіберу қажет екендігін мұқият ескерген жөн. Алдағы 5 жылда 5000-ға жуық мұғалім осылайша біліктілігін көтереді. Жаңа біліктілік санаттарына сәйкес мұғалімдерге 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленетін болады. Ең бастысы, әлемдегі үздік практиканы меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкеледі. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізеді.

Желтоқсан айынан бастап директорлар корпусының да сапасын арттыру жұмысы қолға алу жоспарлануда. Бүгінгі күні Шымкент қаласындағы №65 мектеп директоры Қ. Қадырбаева оқу ісі жөніндегі орынбасарымен бірге Англиядағы Брайтон қаласындағы «Мектептердегі басшылық және басқару» жұмысы бойынша 3 айлық курста білім алуда. Қорытындысында алған іс тәжірибесі қала мектебінің басшыларына да таратылатын болады. Үшінші: Педагог кәсібінің қоғамдағы имижін жүйелі түрде арттыру мақсатында ұстаздар арасында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысы жүйелі ұйымдастырылуда. №38 мектептің мұғалімі Г. Айдосова «Ең үздік педагог» Республикалық байқауында бас жүлдені иеленіп Білім министрлігі тарапына 1000 000  теңге грантына ұтып алды. Республика көлемінде үздік мектептер қатарында №65, 38, 23,9,80,40,26,11 мектеп ұстаздары Республика көлеміндегі түрлі іс шараларда жүлделі орындарды иеленсе №23,38,65 мектептер облыс, Республика көлеміндегі үздік мектептер қатарына енді.

ҰБТ. 2012-2013 оқу жылының Ұлттық Бірыңғай тест қорытындысы бойынша орта балл көрсеткіші-78,1 балл. Өткен жылмен салыстырсақ 6 балға жоғары “Алтын белгі” иегері – 57. Ерекше аттестатқа бітіргені-40.

Бұл жетістік әрине қала ұстаздары еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сонымен қатар үздік көрсеткіш көрсеткен 10 мектеп (№90,38,20,23,42,65,9,56,47,25) ұжымына алғысымыз шексіз.

Дегенмен, Облыс орталығындағы Шымкент қаласы үшін бұл көрсеткіш білім беру сапасының әлі де жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетеді.

Құрметті әріптестер!
Білім саласында Елбасының тікелей басшылығымен, болашаққа деген зор үмітпен ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ҚР «Білім туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, заманауи әдістер, базалық білім беру стандарттары жаңартылуда, педагогтардың біліктілігін арттыру талаптарын күшейтіп, инновациялық тұрғыдағы талаптар қойылуда, сол талаптарға бүгінгі ұстаздар лайықпыз ба немесе жаңа ұстаз болып заман ағымына ере аламыз ба? әлде «Сынықтан сылтау іздеп, оған өзгелерді кіналап отыра береміз бе? «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, намысқа тырысып жіберілген кемшіліктерімізді сараптан өткізіп, жаңа оқу жылын жаңаша бастамамен іске кірісуге шақырамын!

Білім сапасын арттыруда жіберілген кемшіліктерімізге тоқталсақ:

1. Биылғы жылы төменгі көрсеткіштер физика, химия, информатика, математика, пәндері болып отыр. Бұл дегеніміз оқушылардың жаратылыстану ағымындағы пәндерден құзыреттілігін сипаттайтын тәжірибелік дағдылардың жеткіліксіздігі;

2. Пәндерді «жаттанды» оқытудың орнына жүйелі оқытуға көшкен жөн. Бұған жол беруге болмайды. Өйткені ол ол мемлекеттік білім беру стандартына қайшы және оқыту сапасына кері әсер етуде.

3. Оқушылардың ҰБТ тапсыру кезіндегі психологиялық дайындықсыздығы.

4. Оқушылардың логикалық тапсырмаларға әлі де болса дайын еместігі.

5. Мұғалімдердің білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын технологияларды жақсы меңгере алмауы.

6. Мектеп басшыларының бақылау мен басшылық жұмысын әлсіретіп алуы.

Осы орайда, әрбір білім ұйымының басшысына, педагогтарға төмендегі Білім беру жүйесін жаңарту шарттарын ұсынамын:

1. ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір жетістік пен кемшіліктер әдістемелік отырыстарда, педагогикалық кеңесте талқыланып, сараптама жасалып жаңа оқу жылына білім сапасын көтеру мақсатында арнайы жоспар құрылсын.

2. Әрбір басшы қарамағындағы кадрларының сапасын оқушыларының білім деңгейімен ғана анықтасын.

3. Оқушылардың пәндік білім сапасы ай сайын дайындалған пәндік тапсырмалар арқылы директорлық бақылауға алынып, әрбір оқушының білімі жөнінде рейтинг құрылсын. Рейтинг нәтижесі әдістемелік, педагогикалық отырыстарда талқыланып бақылауға алынсын. Сапасыз кадрлар жұмысы педагогикалық кеңестерде үнемі қадағалансын.

4. Оқыту үрдісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологиялар деңгейлік тапсырмалар негізінде енгізілсін.

5. Оқушылардың білім сапасы туралы мәлімет ата-аналарға да оқушыларға да қолжетімді жерде яғни, арнайы хабарлама тақтайшасында үнемі ілінетін болсын.

6. Әрбір басшы тарапынан жұмысқа қабылданатын педагог біліміне толық сараптама жасалсын.

7. Ұжымда шығармашылық жағдай туғызу, белсенді кәсіби қарым-қатынас жасау.

8. Әрбір білім ұйымында қамқоршылық кеңес құрылсын.

9. Кәсіподақ ұйымдарының жұмысы қайта жандандырылсын.

10. «Он лайн» режимінде білім беру жолдары толық қамтамасыз етілсін.

11. ЖОО байланысып жіберілген кемшіліктер бойынша білім сапасын арттыру шаралары зерделенсін. Оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру жолдары қарастырылсын.

Құрметті ұстаздар!
Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты мекемелердің жетістігі жыл санап артуда. Оқушыларымыз Халықаралық, Республикалық білім сайыстарынан жеңіспен оралып, білім мекемелеріміз гранттар ұтып алуда. Бұл жетістіктерді бейне роликте де тамашаладыңыздар. Жақсыны ешкім ала алмайды, алайда арамызда орын алып жатқан кемшіліктерімізді жасырмай айтып, өзімізге-өзіміз сын көзбен де қарауымыз қажет деп ойлаймын. Шымкент қаласында 87 орта мектебіміз болса, оның ішінде жыл сайын өз мектебінің статусын биік дәрежеде, барлық параметрлерде жоғары дәрежеде ұстап тұрған мектептеріміз 40-45 пайызы ғана десек те болады. Алайда, стандарт, оқулық бәрімізге ортақ, алатын жалақымыз бірдей ал сапалық көрсеткішіміз төмен. Осы жерде «Үлгермейтін оқушы жоқ,оқыта алмайтын мұғалім болуы мүмкін» деген сөз санамызға бірден оралады емес пе? Кезінде мектеп шәкіртті таңдаса, бүгінгі күні ата-ана қала берді оқушылардың өзі көрсеткіші жақсы мектептерді таңдап жатады. Өкінішке орай, кейбір бала сиымдылығы жоғары мектептерімізде мөлтек аудан балалары оқығысы келмей басқа мектептерді таңдап, мұғалімдері қысқарып жатқан жағдайлар да кездесіп жатады. Мекеме басшыларының жұмысқа қабілетсіздігінен орын алған жағдай екендігін түсінбейтіні, түсінгісі де келмейтіні өкінішті жағдай.

Сонымен қатар алды да болмай, соңына да қалмай көшпен ілесіп бірсыдырғы күй кешіп жүрген мектептеріміз және бар. Сондықтан да әрбір басшы осы жағдайды мұқият зерттеп жіберілген кемшіліктерін өздері жөндеуге мүмкіншілігі болса екен дегім келеді. Бұл бүгінгі заман талабы. 2015 жылдан бастап жан басына қаржыландыру жүйесі енген жағдайда білім сапасы төмен мектептерде оқушы қалмауы әбден мүмкін. Әр оқушы қаржысымен мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке меншік мектептерде де оқуға мүмкіндік алады. Сондықтан мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы мектеп абыройы, қала берді өз абыройы үшін барынша жұмыс атқаруы тиіс дегім келеді.

Орта білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттігін аттыру үшін көптілді оқытуды енгізу жұмыстары бойынша жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныптан ағылшын тілін оқыту қолға алынбақ. Сондықтан 1-сыныптар үшін ағылшын тілінің мұғаліміне бірінші кезекте көңіл бөліп, мұғалімнің бастауыш сынып методикасын меңгеруін, оның қайта даярлау курсынан өтуін қадағалауымыз қажет. Мұндағы басты мақсат-ұлттың бәсекеге қабілеттілігін және елдің әлемдік даму жүйесіне тиімді енуін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл біздің оқушыларымызға әлемдегі ең үздік ағылшын тіліндегі оқулықтарға және әлемдік білім беру ресурстарына , оның ішінде «е-learning» жүйесі бойынша білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда электрондық іздеу жүйесіндегі барлық ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде екендігін атап өткім келеді. Дамыған елдер тұрғындарының үштен екі бөлігінен астамы ағылшын тілін еркін біледі. Тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен міндет деп білемін. Көпшілік жағдайда біржақты сыналып өзге тілдердің қаншалықты қажеттілігін сөзге тиек етіп жатамыз. Осы орайда дана бабаларымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»-деген өсиетін арқау еткім келеді. Ендеше бұл игі бастамаға бүкіл қоғам болып қолдау көрсетуіміз қажет.

Тәрбие жұмысы.

«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым –отбасы. Отбасы отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп қанатын қатайтып қатарына қосатын қасиетті орын. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы орында қаланған. Демек бала тәрбиесі үшін ең жауапты орын ол- отбасы.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын- алу мен жою шараларын тікелей жүзеге асыру міндеті құқық қорғау саласына жүктелген болса , профилактикалық тәрбие жүйесін қалыптастыру мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру білім саласының еншісінде.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасымен, аудандық прокуратураларымен, қалалық ішкі істер басқармасымен, ішкі саясат, спорт және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын- алу» жұмыс жоспары бекітілді.

2012-2013 оқу жылында Шымкент қаласының жалпы білім беретін мектептерінде – 104 565 оқушының : жағдайы төмен көп балалы отбасы балаларының саны-10 273, өте мұқтаж отбасы балалары саны – 3151, жартылай жетім балалар саны-3821, жетім ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны- 720. Жалпы саны -18 045 бала әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балалары.

Аудандық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінде 2012 жылдың 7 айында – 47 қылмыс тіркелген болса, биылғы жылы-101 жасөспірім жасаған қылмысы бойынша есепке алынып отыр. Орын алған қылмыстық оқиғаларды зерделеу барысында анықталғаны, әрбір орын алған қылмыс мектептен тыс уақыттарда орын алған. Осы орайда облыс прокурорының тікелей басшылығымен қылмысты жасырмай дер кезінде тіркету жұмыстары қолға алына бастады. Жасыратыны жоқ мектеп абыройын сақтау мақсатында мектеп басшылығының өзі көптеген фактілерді жасырып келді. Бұл жағдай қылмысты үдетпесе тоқтатқан жоқ. Алайда, қылмыстық оқиғалар жөнінде дер кезінде мәлімет берген басшыларымыз облыс әкімдігі, прокуратура тарапынан марапатталды. Осы жұмыс қорытындысы болса керек, қала мектеп оқушылары арасында ауыр қылмыс саны кеміді.

Биылғы жылы облыстық, аудандық прокуратураның басшылығымен білім мекемелерімен бірлескен «Мобильдік топтар» құрылып, жасөспірімдер арасында күш қолдану, әлімжеттілік көрсету, бопсалау оқиғаларын болдырмау жұмыстары жүргізілді. Орын алған қылмыстық оқиғаларды жасырмау , дер кезінде прокуратураға, ішкі істер басқармасына хабарланып отырды Сондықтан да, орын алған қылмыстық оқиғаларды тіркеу барысында осындай көрсеткіш беріп отыр деп ойлаймын.

Биылғы оқу жылында мектеп психологтары тарапынан жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы бойынша 362 баланың құқықбұзуға бейім мінез-құлықты екендігі анықталып мектепішілік есепке алынды.

Бұл оқушылардың әлеуметтік тұрмыс көрсеткішін зерделеу жұмыстары жүргізілгенде 19 пайыз – толық отбасының балалары, 38 пайыз – жартылай отбасы, 43 пайыз – тұрмысы төмен отбасы балалары екендігі анықталды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында мүдделі орган қызметкерлерімен бірлескен түрлі акциялар мен түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, нәтижесінде ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қадағалауынсыз, бақылауынсыз қалған 54 жасөспірімнің ата-аналарымен түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, заң баптары жазылған әдістемелік кітапшалар таратылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодекстің 111 бабы бойынша бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 27 ата-анаға айыппұл салынды.



2012-2013 оқу жылында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында төмендегідей жұмыстар атқарылды.

  • Ата-аналар, құқық қорғау органдарымен, зейнеткер ұстаздар, педагогтар, кәсіподақтың қатысуымен қалалық білім бөлімі жанынан тәртіптік кеңес құрылды.

  • Тәрбиесі қиын және құқық бұзушылыққа бейім оқушыларды ата-аналар келісімімен қылмыс жасаған оқушылардың сот процесіне қатыстырып, жабық мекемелерді аралату жұмыстары жүргізілді.

  • Онлайн режимінде оқушылармен түрлі тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіп, прокурор сағаттары өтті.

  • Барлық мектептер мен мектептен тыс мекемелерге бейнебақылау камерасы орнатылды (32 млн.). Барлық мектеп, балабақша, мектептен тыс мекемелердің жанына прокуратура, құқық қорғау органдарының сенім телефондары жазылған билбордтар ілінді (7 млн. 687 мың теңге).

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстары бойынша ұсыныстар:

  • Түрмеде жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер туралы деректі фильмдер түсіріп, колледж, мектеп оқушыларына көрсете отырып талқылау;

  • Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау, оның алдын алу мақсатында жарнамалық билбордтар мен түсірілімдер үшін ішкі істер тарапынан қаржы көздерін 2014 жылғы бюджеттен қарау;

  • Қоғамдық кеңестер құрып, олардың жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау;

  • Ішкі саясат, ішкі істер бөлімі тарапынан жоғары оқу орындарында, білім мекемелерінде білім алып жатқан оқушылар арасынан жасырын лидерлерін анықтау жұмыстарын жүргізу;

  • Жасырын суық қару сатылатын орындарды анықтау, олармен жұмыс;

  • Мектеп инспекторлары мен учаскелік инспекторлары арасында тығыз байланыс орнату;

  • Түскі уақыттан бастап демалыс орындарына, бұзақылық көп орын алатын ыстық нүктелерге, ойын-сауық орталықтарына арнайы инспекторларды бекіту;

  • Жергілікті атқарушы органдарынан кафе, ойынхана, би алаңдарының кешкі 23:00ден жасөспірімдерді ата-анасынсыз жібермеу.

  • Тәрбиесі қиын балаларға ардагер ұстаздар, депутаттар, спорт бөлімі тарапынан жетекші тәлімгерлер бекіту;

  • Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін аула клубтарын көбейту жұмыстарын қолға алу.

  • Сабақтан тыс уақытта мектептердегі спорт залдарды спорт бөлімімен бірлесе отырып үйірме жұмыстарын ұйымдастыру.

Өткен оқу жылында білім мекемелері прокуратура, ішкі істер тарапынан көп көмек алдық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында үлкен көмек берілді. Білім ұйымдары сапалы білім берумен, заң орындары құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын қадағалауды қатаң басшылыққа алып отыр. Осы орайда көрсетілген көмектеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!

Құрметті жиынға қатысушы қонақтар, ұстаздар, ата-аналар!
Атқарылған жұмыстар өте көп сын көзбен қарар болсақ, өкінішке орай оқушыларымыздың бойында патриоттық сезім, жауапкершілікті сезіну сияқты қасиеттер әлі де болса төмен екені жүргізілген анкеталық сауалнамада анықталып отыр. Осы орайда жиынға қатысып отырған әрқайсымыз, қала берді бүкіл ел болып бала тәрбиесінде осы кемшіліктерді жою мақсатында жұмыс жүргізуіміз қажет.

Биылғы тамыз кеңесі: «Сапалы білім мен тәрбие беру –Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» тақырыбында өтуі болашақтың ірге тасын қалайтын жастарымыздан үлкен үміт күттіреді.

Бала тәрбиесіне ата-ана, мектеп, орта және араластын достарының тигізер әсері өте мол.

Ы.Алтынсарин бір әңгімесінде жас баланың бақшаға атасымен бірге барғанын суреттейді. Онда түзу де, қисық та ағаштар бар екен.Соларды сөз қыла отырып тек қана табиғатта емес, адамзат баласын дұрыс өсіру үшін тәрбиенің өлшеусіз маңыздылығын қарапайым оймен суреттейді.

Тәрбие үш нәрсені қажет етеді - ол имандылық, білім, тәжірибе екенін ескере отырып қиын да қызықты жұмысымызда Тәуелсіз еліміздің жарқын ертеңі үшін Рухы биік, саналы, білімді азаматтар тәрбиелей берейік!

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!
Шымкент қаласының өзінде кеңес дәуірінде 80 нен астам аула клубтары мен мектептен тыс мекемелері болатын. Бүгінгі күні небары 7 аула клубы мен 8 мектептен тыс мекеме жұмыс атқаруда. Оқушылардың бос уақытын тиімді падалану үшін аула клубтарын ашу мақсатында көмек беруіңізді сұранамыз!

Мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» Республикалық акциясы 5 жыл қатарынан еліміздің барлық өңірлерінде 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтуде. Биылғы жылы жалпы саны 4100 оқушыға 40 млн 100 мың теңге қаржыға қамқорлық көрсету жоспарлануда. Акция 30 қыркүйекке дейін барлық қала мектептерінде өз жалғасын табады. Көмекке зәру баланың 75% -ы акциямен қамтылады деп жоспарлануда.



Арыз-шағым. 2012 жылы білім ұйымдарының басшыларына, балабақша меңгерушілеріне, әдіскерлер мен оқу ісінің меңгерушілеріне немесе ұстаздардың келеңсіз іс-әрекеттері туралы түскен арыз саны 20 болса, биылғы жылы тіркелген арыз саны- 22. Барлық арыз шағымдар бойынша арнайы комиссия құрылып зерттеу жұмыстары жүргізіліп, білім бөлімінің алқа мәжілістерінде қаралды. Нәтижесінде: оның 8 арыз мектеп директорларына, 3 арыз балабақша меңгерушілеріне, 11 білім мекемесінің қызметкерлеріне. Былтырғы жылмен салыстырғанда арыз саны 2-ге артып отыр, 22 адамның тағдыры оңай емес. Осы орайда мектептердегі кәсіподақ ұйымның көмегі қажет.

«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей әрбір ұжым немесе мекеме басшысы өз ортасында талқылап, әділ шешім қабылдаса бұндай жағдайлар орын алмаған болар еді. Көптеген арыз шағымдар басшылар тарапынан білім ұйымында болған орынсыз жайттарға немқұрайлы қарау салдарынан орын алып жататыны өкінішті. Әрбір басшы өз жұмысындағы кемшіліктерді өзі анықтап, көпшілікпен тіл табысып, әділ шешім қабылдай білсе ұжымның ынтымағы мен бірлігін сақтап,ата-аналармен бірге биік жетістіктерге қол жеткізген болар еді. Келіп түскен арыз шағымдарға зерделеу жұмысын жүргізгенде білім сапасы жоғары мектептерден ешқашан арыз-шағымдар келіп түспеген. Қорыта келе білікті басшы басқарған ортада сапалы білім де, тәрбиелі оқушы да тәрбиеленіп, халық ықыласына бөленері анық.

Құрметті қауым!
Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі-Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында білім беру саласында үлкен табыстар мен жетістіктер болады деп үміттенемін. Сапасы жоғары білімі бар ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Бұл жетістікке жету үшін ұстаздарымыздың талмас еңбегі, Отанға деген сүүйіспеншілігі, патриоттық сезімі қажет! Ол Шымкент қаласы ұстаздарының қолынан келетініне кәміл сенемін! Ендеше жаңа оқу жылында толағай табыстар тілеймін! «Ұстаздан озатын» шәкірттеріңіз көп болсын! Келе жатқан жаңа оқу жылы құтты болсын!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет