Аликулова нұрлыгүл сапақҚызы ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы



бет1/3
Дата04.03.2016
өлшемі466.99 Kb.
#37588
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 902:330. 34/. 35: 316.4 (574.1) «1941/1945» Қолжазба құқығында


АЛИКУЛОВА НҰРЛЫГҮЛ САПАҚҚЫЗЫ

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның

әлеуметтік - экономикалық жағдайы
07.00.02 - Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)


Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.



Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Н.А.Абдоллаев


Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы

А.С.Сәрсенов

тарих ғылымдарының кандидаты

Қ.Қ.Сәрсенбина



Жетекші ұйым: ҚР БжҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов

атындағы Тарих және этнология

институты

Диссертация 2010 жылы 31 мамырда сағат 10.00- де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен–жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы 30 сәуірде таратылды.


Диссертациялық Қеңестің

Ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы, профессор Б.Г.Шинтимирова




КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Баршаға белгілі ақиқат - кешегі кеңес заманында ұзақ жылдар бойы КСРО және Қазақстан тарихына байланысты ғылыми-зерттеулерде маңызды оқиғалардың шындығы бүркемеленіп, бұрынғы үстем идеологияның арнасында жазылып келген болатын. Олардың бірі - Ұлы Отан соғысы тақырыбы болды. Соғыс тарихы Кеңестік мемлекеттік жүйедегі идеологияның аясына, талаптарына бағындырылып, біркелкі жағымды жақтарынан ғана баяндалды. Қатаң идеологиялық бақылау жағдайында зерттеушілер соғыс тарихының көлеңке жақтарын ашып көрсете алмады. Осының салдарынан шынайы тарихтың біршама беттері көпшілік назарынан тыс қалып отырды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін тарих беттерін қайта саралап зерттеу батыл қолға алынды. Отан тарихы егемен ел талабына орай зерттеліп, бұрмаланып келген және ақиқаты ашылмаған мәселелер қайта қаралып, оған дерек көздерімен дәлелденген объективті бағасы беріле бастады. Соның нәтижесінде кеңестік идеология тыйым салып, қатаң бақылауға алған халық тарихы қайта зерделене бастады. Айрықша мән беріліп қайта зерттелуге тиісті тақырыптардың бірі - Ұлы Отан соғысы тақырыбын қайта зерделеу, айтылмаған, жазылмаған ақиқаттарды ашу - қазіргі заман талаптарының жаңа міндеті екені айқындалды. Соғыстың басталуы, халықтың майданға аттануы, қазақстандықтардың ерлік көрсетуі т.б. мәселелелерді ғылыми арнадан қайта зерделеу және бұрын айтылмаған соғыс жылдарындағы халықтың ауыр әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын зерттеудің маңызы артып, бүгінгі өмір талаптарының өзекті мәселесіне айналды.

Соғыс кезінде Кеңес үкіметінің жеңіске жетуі, Одақтас республикалардың арасындағы тығыз этнобайланыс пен өзара ынтымақтастық, тиімді әлеуметтік-экономикалық ахуалдан болды. Қазақ жері басқа республикалар тәріздес майдан сұранысын дер кезінде қамтамасыз етіп отырды. Оның ішінде индустриалды-аграрлы салалары сол заманда ерекше дамыған Батыс Қазақстан (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Гурьев облыстары) аймағының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі бір төбе. Батыс Қазақстан аймағы - республикамыздың басқа өңірлеріне қарағанда майданға жақын орналасқан, майдан мен тылды байланыстырған негізгі қатынас жолы, майданның қосымша күш беруші тірегі және соғыстың негізгі қиындығын бастан өткерген өңір.

Батыс Қазақстан өңірі нақты ұрыстар шебіне жақын болғандықтан, өңір халқы басқа аймақтарға қарағанда соғыс ауыртпалықтары мен күнделікті өмір қиыншылықтарын көп кешті, бейбіт халықтың неміс әскери ұшақтарының жиі бомбалауының астында қалып отырғаны белгілі. Бірақ халықтың соғыс жылдарында көрген қиыншылықтары, әлеуметтік жағдайы, жұқпалы ауруларға, аштыққа ұшырау себептері, наразылықтардың болуы, мобилизациядан жалтару, қашу, тіпті Орта Азия республикаларына жаппай көшуге әрекет жасауы т.б. мәселелер бүгінге күнге дейін айтылмады десе де болады. Кеңестік дәуірдегі зерттеулер негізінен үстем идеология тарапынан зерттеліп, соғыс кезіндегі халықтың шынайы өмірі толық ашылмады.

Сондықтан Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан халқының майданға аттануы, олардың тылдағы жеңіске қосқан үлесімен қатар соғыс жылдарындағы өңір халқының әлеуметтік әл-ауқатын бүгінгі ғылымның биігінен талдап, ұлттық ғылыми көзқарас тұрғысынан баға беру, оны тереңірек зерттеу бүгінгі күннің кезегін күтіп тұрған маңызы зор, өзекті мәселе болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәселесі кешенді түрде зерттелмегенмен, оның кейбір аспектілері жалпы Ұлы Отан соғысы тарихына арналған еңбектерде белгілі-бір дәрежеде көрініс тапқан. Осы тұрғыда, біздің зерттеуіміздегі негізгі мәселелердің бірі – Қазақстанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихы болып табылады. Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты мәліметтер кеңес тарихнамасында соғыс жылдарынан бері осы соғыстың себебі, зардабы туралы ғылыми еңбектер мен құжаттық жинақтар жеткілікті жазылып келеді.

Жалпы, Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеуді негізгі үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең - соғыс жылдарынан – 1950-шы жылдар арасын қамтиды;

Екіншісі - ХХ ғасырдың 50-шы жылдарының екінші кезеңінен – кеңес үкіметінің ыдырауына дейін;

Үшінші кезең - Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең.

Алғашқы кезеңде Қазақстан тарихнамасында қазақтандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, еңбек тылындағы кеңес адамдарының даңқты істері сол кезеңнің өзінде мерзімді баспасөз беттерінде, оның ішінде одақ көлеміндегі түрлі баспасөз және бұқаралық насихат құралдарының беттерінде жариялана бастады.

Сонымен қатар, КП ОК үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері, ғалымдар мен жазушылар бірігіп жазған, 1943 жылы басылып шыққан екі жинақта Қазақ КСР-нің соғысқа қатысуы және республика экономикасының соғыс жағдайына бейімделуі, сондай-ақ майдандағы қазақстандықтардың ерліктері талданып жан-жақты баяндалған [1].

«Қазақ КСР тарихының» бірнеше рет жарық көрген басылымдарында және 1964-1967 жылдары аралығында Ұлы Отан соғысы тарихына арналған екі томдық еңбекте Қазақстандықтардың ерлік істері, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбектері, ел экономикасының майдан мүддесіне сай құрылуы және соғыс тарихына қатысты құжаттар мен материалдар берілді [2].

Соғыс кезіндегі республика тарихын зер сала зерттеп, алғаш көлемді монографияларды жазған ғалымдар - Ғ.Әбішев және М.Қ.Қозыбаевтар болды. Тарихшы-ғалымдардың зерттеулерінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан, Қазақстан халқының майдан мен тылдағы жеңіске қосқан үлестеріне лайықты баға беріліп [3], «Қазақстан-майдан арсеналы» деген қорытынды жасалды. Дегенмен еңбектердің коммунистік идеология тұрғысынан жазылғандығы айқын көрінеді.

1965 жылы жарық көрген тарихшы В.Я.Басиннің еңбегінде [4] соғыс жылдарындағы ауыр өнеркәсіп салаларының қызметі жан-жақты талданып, кең көлемде қарастырылды. Еңбекте Батыс Қазақстан өңіріне эвакуацияланған Мәскеу рентген заводы, 1943 жылы іске қосылған Ақтөбе ферроқорытпа заводы мен Гурьевтегі мұнай өңдеу заводтарының қызметтері жалпылама баяндалды.

Жалпы, тарихшы Т.Балақаев пен К.Алдажұмановтың мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы туралы 1941 жылдан бастап 1979 жылға дейінгі аралықта 25 монография, 11 мақалалар жинағы, құжаттар мен естеліктер, 200 – ге жуық ғылыми мақалалар, 20-дан астам естеліктер мен шағын кітапшалар жарық көрген [5, 115 б.].

Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеу 80-шы жылдары да өз жалғасын тапты. Осы жылдары тарихшылар Т.Балақаев және Қ.Алдажұмановтардың еңбектерінде, жалпы Қазақстан еңбекшілерінің Жеңіске қосқан үлестері қарастырылса, Г.Д.Нурбекова Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйелдердің майданға қосқан үлесін барынша объективті баяндауға ұмтылды [6].

90-шы жылдары Ұлы Отан соғысы тақырыбын зерттеу аймақтық мәселелерге айнала бастады. Республиканың және жекеленген аймақтардың соғысқа қосқан үлестері, жеке тұлғалардың ерліктері зерттеле бастады. Олардың негізінде арнайы тарихи-әдеби еңбектер мен Жеңістің мерейтойларына арналып арнайы естелік кітаптар шығарылды.

Біздің зерттеу тақырыбымыз болып отырған Батыс Қазақстан өңірінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихының зерттелу деңгейіне жеке тоқталар болсақ, өңірдің соғыс жылдарындағы тарихы Қ.Досқалиев, Қ.Ахметов және П.С.Беланның еңбектерінде қарастырылады [7]. Еңбектерде Батыс Қазақстан аймағының Сталинград майданының жақын тылы болғанын, өңірдің жеңіске қосқан үлесі, соғыс экономикасындағы маңызы айқындалып, құнды мәліметтер келтірілген. Зерттеуші-ғалымдар Қ.Ахметов пен Қ.Досқалиев «Қазақстан-Сталинград майданының арсеналы» деген қорытынды жасайды. Еңбекте Сталинград майданына қатысты мәліметтер қарастырылып, өңірдің соғысқа қосқан үлестері толық қамтылмай, бір жақты сол заман талабына сай баяндалды.

Соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың қызметі В.Б.Салкиндер, В.Ф.Якушева, Г.Мажитова мен М.Мухамбетовтердің еңбектерінде қарастырылды [8]. Еңбектерде комсомол және пионер ұйымдарының қызметі, мектеп оқушыларының жеңіске қосқан үлестері Батыс Қазақстан облысы турасында ғана берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аймақ облыстары тарихына арналған бірден-бір көлемді еңбек - оралдық тарихшы П.Р.Букаткиннің [9] Батыс Қазақстан облысы тарихына арналған еңбегі болып табылады. Еңбекте соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстан облысының тарихы, 152-ші жеке атқыштар бригадасының майдан жолы, батысқазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерен ерліктері, 1943-1945 жылдардағы майдан мен тылдағы қызметтері қарастырылып, көптеген құнды мәліметтер келтірілген. Дегенмен аталған еңбекте халықтың әлеуметтік тұрмысы қарастылмайды.

Ұлы Жеңістің мерейтойларына байланысты облыстарда «Естелік кітабы» мен өңірдің соғыс жылдарындағы ахуалын баяндайтын түрлі [10] еңбектер жарық көрді. Бірақ бұл еңбектер аймақ тарихын кешенді баяндай алмады.

Батыс Қазақстан өңірінің тарихын ерте заманнан бүгінге дейін кешенді баяндайтын, еліміздің егемен тұсында жарық көрген бірден-бір еңбек – екі томдық «Батыс Қазақстан тарихында» Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан өңірінің жеңіске қосқан үлесі қысқаша түрде баяндалған [11]. Сонымен қатар, соғыс жылдарындағы өңір тарихы негізінен тек қана Батыс Қазақстан облысының деректерімен шектелген.

Мәселенің тарихнамасын құрайтын тікелей тарихи еңбектерді талдайтын болсақ, олар негізінен кеңестік дәуірде жарық көріп, Кеңестік кезеңдегі идеология бойынша тек жағымды жақтары баяндалған. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен ауыр тұрмысы туралы мүлдем айтылмады және де соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстан өңірінің жағдайын тұтастай толық баяндайтын тарихи еңбектердің жоқтың қасы екенін көруге болады.

Қазақстанда Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты арнайы зерттеулер ХХ ғасырдың 50 жылдарда жүргізіле басталды. Кеңестік замандағы қазақстандық ғалымдардың осы тақырып аясында 50-90 жылдар аралығында қорғаған докторлық және кандидаттық диссертацияларын екі бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Бірінші бағыт бойынша К.Аманжолов, П.Белан, К.Е.Стамбеков, И.И.Маляр, А. Мухамеджанов т.б. диссертациялық зерттеулерінде [12] қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы мен жасаған ерлік істері қарастырылса, екінші бағыт бойынша Ғ.Әбішев, Т.Балакаев, У.Абдуллаев, М.Ақынжанов, К.Алдажұманов, Л.Балақаева, А.Жұмасұлтанова, С.Утешов, Ж.Сергазин [13] т.б. ғылыми зерттеулерінде тылдағы қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлестері, Қазақстан еңбекшілерінің неміс-фашист басқыншыларынан азат етілген аудандарға берген көмектері, өнеркәсіп орындарының соғыс мүддесіне сай құрылуы, эвакуацияланған тұрғындар мен материалдық ресурстардың орналасуы т.б. мәселелер қарастырылып талданған.

Біздің зерттеу нысанымыз болған Батыс Қазақстан аймағына қатысты мәселелер П.Р.Букаткин, Ж.И.Ишмұратов, А.К.Қанымкұлов [14] т.б. ғалымдардың зерттеулерінің өзекті тақырыбы болды. Алайда, аталған еңбектер тұжырымы сол Кеңестік идеология ұстанымы шеңберінен шыға алмай сыңаржақты баяндалған.

П.Р.Букаткиннің диссертациясында соғыс жылдарындағы партия және кеңес ұйымдарының әскери-ұйымдастырушылық қызметтері, батысқазақстан- дықтардың жеңіске қосқан үлесі, Ж.И.Ишмұратовтың зерттеуінде Гурьев облысының соғыс жылдарындағы экономикасы, облыс еңбекшілерінің ерліктері мен жеңіске қосқан үлесі, А.К.Қанымкұловтың диссертациясында соғыстың алғашқы кезеңіндегі Ақтөбе облысындағы шаруашылықты әскери мүддеге бейімдеп қайта құру, эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыру, облыс тұрғындарының еңбектегі ерліктері, актөбеліктердің Отанын қорғауға қатысуы баяндалады.

Жоғарыдағы аталған зерттеулер ресми билік, марксистік-лениндік идеология негізіндегі көзқарастар тұрғысында талданған. Халықтың әл-аухаты, тұрмысы, соғысқа деген көзқарастары туралы мәселелері орын алмағанымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан ахуалын кешенді баяндайтын тарихи зерттеулер деп тұжырымдауға келмейді. Әсіресе, егемен елдің тарихына қойылған талаптарға жауап бермейді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тақырыбына Р.И.Бейсембина, Л.Т.Қожакеева, А.Б.Есимова, Б.К.Көшербаева, Ж.У.Қыдыралина [15] сынды тарихшылар өз зерттеу жұмыстарын арнады. Р.И.Бейсембинаның кандидаттық диссертациясында соғыс жылдарындағы Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі саласының қызметі, Л.Т.Қожакеева соғыс қарсаңы мен соғыс жылдарындағы Қазақстан тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық құрылымы, А.Б.Есимова Қазақстандағы демографиялық процестерді және Б.К.Көшербаева Қазақстандағы ұлттық әскер құрамалардың жасақталуы мен жауынгерлік жолын арнайы зерттесе, Ж.У.Қыдыралинаның диссертациясында соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға арнайы келушілер мен еңбек армиясының жағдайы туралы мәселелер қарастырылады. Алайда, жоғарыда аталған ғылыми еңбектерде біздің зерттеу нысанымыз баяндалмаған.

Көріп отырғанымыздай, Ұлы Отан соғысы мәселелеріне арналып, жарық көрген еңбектердің саны өте көп, мазмұны жағынан алуан түрлі. Дегенмен олардың ешқайсысында Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қазақ тілінде арнайы, әрі кешенді зерттелмейді. Жоғарыда аталған зерттеулерде аймақтың соғыс жылдарындағы экономикалық жағдайының кейбір тұстары ғана зерттеу аясында баяндалып, халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем қарастырылмайды.

Жалпы, соғыс жылдарындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы осы күнге дейін Кеңестік идеология қысымында жазылған санаулы еңбектерде сыңаржақты зерттеліп келді. Бұл туралы соғыс тарихын жүйелі зерттеген ғалым М.Қозыбаев: «...Кеңес тарихының ең сүбелі бөлігі Ұлы Отан соғысының тарихы болып зерттеліп келеді. Алайда, әлі де шешуін күтіп тұрған проблемалар баршылық»,- [16, 344 бб.] деген тұжырымы, Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты әлі де толық зерттелмей келе жатқан мәселелердің бар екенін білдіреді. Сондықтан да, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын кешенді зерттеу қажеттілігі туындап отыр.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының басты мақсаты – жаңа дерек көздері арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік - экономикалық жағдайын талдау, аймақ халқының жеңіске қосқан үлесі мен тұрмыс-тіршілігін айқындап, объективті шындық аясында ашып көрсету болып табылады.

Белгіленген мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

- соғыс жылдарындағы аймақтың қоғамдық-саяси өміріне талдау жасай

отырып, мемлекет тарапынан жүргізілген іс-шараларға халықтың көзқарастарын саралау, өңір халқының ел қорғауға аттануына баға беру;

- аймақтың соғыс жылдарындағы экономикасын соғысқа бейімдеп қайта құрудағы негізгі қызметтері мен атқарған ролін анықтау;

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын анықтау, шынайы өмір болмысын айқындау;

- соғыс жылдарындағы өңір халқының бастан өткерген қиындықтарын айқындай отырып, оларды шешу жолдарындағы әрекеттерін, жеңіске қосқан өзіндік үлестерін, баршаға жасаған қамқорлығын саралай отырып, төзімшіл, қайсар, бауырмал, кішіпейіл халық ретінде мемлекеттің тұтастығына тигізген ықпалын ашып көрсету;

- белгілі болған деректерге сүйене отырып тарихи нақты талдаулардың нәтижесінде, қолданбалы қорытындылар мен ұсыныстар енгізу.



Зерттеудің пәні Батыс Қазақстан аймағының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық әл-аухаты

Зерттеудің нысаны Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан аймағының экономикалық жағдайы мен халқының әлеуметтік тұрмысына байланысты үрдістерді зерттеу болып табылады.

Зерттеудің хронологиялық шеңбері Ұлы Отан соғысы кезеңі, яғни 1941-1945 жылдар аралығын қамтиды.

Зерттеудің территориялық шегі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан құралған қазіргі Батыс Қазақстан аймағын қамтиды.

Зерттеудің теориялық-методологиялық негізін бүгінгі уақытқа дейін тарих ғылымында қалыптасқан ғылыми-әдістемелік қағидалар мен тұжырымдар құрайды. Олардың негізгілері ретінде тарихилық, ғылымилық, шынайылық, нақтылық, жүйелілік сияқты қағидалар мен тұжырымдарды атап өтуге болады. Зерттеу мақсатына жету үшін салыстырмалық, статистикалық, сұрыптау, талдау әдістері кеңінен қолданылды.

Тарихи зерттеуді жүргізуде жоғарыда аталған М.Қозыбаев, Ж.Досқалиев, Қ.Алдажұмановтардың еңбектерімен қатар Х.М.Әбжанов, Т.З.Рысбеков, Ә.Қ.Мұқтардың еңбектері мен тақырыптық жарияланымдарындағы, тарих әдіснамасы туралы Н.А.Абдоллаевтың еңбегіндегі [17] әдістемелік ұсыныстары зерттеу барысында басшылыққа алынды.



Зерттеу жұмысының деректік негізін осы уақытқа дейінгі ғылыми айналымға тартылмай келген мұрағат құжаттары мен әр түрлі құжаттық жинақтар құрайды. Барлық деректерді мазмұндық сипатына қарай шартты түрде төрт топқа бөліп қарастыруымызға болады.

Бірінші топқа өзекті мәселеге қатысты орталық және жергілікті мұрағаттардан алынған құжаттарды жатқызамыз. Зерттеу нысаны етіп алынған тақырыпты ашу барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРО ММ), Қазақстан Республикасы Президенттік мұрағаты (ҚР ПМ), Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (Ақ.ОММ), Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты (БҚО ММ), Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (Ат.О ММ) құжаттарымен қатар соғыс жылдарында Гурьев облысының құрамындағы Маңғыстау ауданына қатысты кейбір құжаттар кейін құрылған Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаты (МО ММ) қорларынан алынды.

Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының (ҚРО ММ) 1473- «Қазақ КСР Денсаулық Халық комиссаритаты», 1474- «Орта Азия мен Қазақстандағы совхоздағы жұмысшылар кәсіподақтары комитеті», 1660- «Қазақстан Ұлы Отан соғысында», 1728- «Қазақ КСР-дағы ХКК-ның жұмыс күшін есепке алу бюросы», 1372- «Қазақ КСР сот және прокуратура жұмысшыларының кәсіподақтары», 1481- «1937-1946 жж. Қазақ КСР-дағы жер бөлу халық комиссариаты» және т.б. қорлары, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының (ҚРПМ) 708- «1941-1945 жж. Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық комитеті» қоры, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының (Ақ.ОММ) 13- «Ақтөбе облыстық партия комитеті», 85- «Ақтөбе облыстық жұмысшы шаруалардың және Қызыл Армия депутаттар кеңесі және оның атқару комитеті» т.б. қорлары, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының (БҚОММ) 850- «Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті» т.б. қорлары, Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатының (МОММ) 17- «Маңғыстау аудандық жұмысшы депутаттар және оның атқару комитеті», 855- «Гурьев облыстық халық депутаттарының кеңесі атқару комитеті» қорлары, Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының (Ат.ОММ) 855- «Атырау облыстық халық депутаттарының кеңесі атқару комитеті», 369- «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Гурьев облысының құжаттық материалдар топтамасы», 1041- «Ленин атындағы Гурьев мұнай өңдеу заводы», 730- «Петровский атындағы Гурьев машина жасау заводы», 1-«Гурьев облыстық партия комитеті» қорлары және аталған мұрағаттардың басқа да қорларының құжаттары кеңінен пайдаланылып, Батыс Қазақстан облыстарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлары айқындалды.

Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы 1474- қорындағы 1941-1945 жж. аралығындағы Орта Азия мен Қазақстандағы совхоз жұмысшылары кәсіптік одақтарының /Оргбюро ВЦСПС/ қаулылары, отырыс хаттамалары, есептері, республикалық және облыстық кәсіподақ конференцияларының материалдары, 1660-қорындағы Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарындағы азаматтардың ҚА қатарына өз еркімен берген арыздары, Батыс Қазақстан өңірлері бойынша материалдар, 1473- қорында 1941-1945 жж. Қазақ КСР–нің денсаулық сақтау халық комиссариатынының хаттамалары, жылдық есептері, бұйрықтар мен облыстар бойынша емдеу-профилактикалық мекемелерінің тізімдері, 1728–қорындағы Қазақ КСР-індегі жұмыс күшін бөлу бюросы жұмыстарының есептері, қаулылары, Қазақ КСР совхоздары мен колхоздарына ауыл шаруашылық жұмыстарына мобилизациялау қорытындылары, Қызыл Армияға жылы киім мен заттардың жиналуы туралы қаулылар мен есептері, жоспардың орындалуы т.б. тақырыптардағы істер жинақталған мұрағаттық құжаттар қарастырылды.

Ал, Қазақстан Республикасы Президенттік мұрағатының 708-қорында Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің 1941-1945 жж. аралығындағы құжаттары, соның ішінде КПОК-нің Бюро отырыстарының хаттамалары, қаулылары, шешімдері, партия пленумдарының жарыссөздері, қорытындылары мен қаулылары, шаруашылықты соғысқа бейімдеп қайта құру әрекеттері, әскери құрамаларды жасақтау, эвакуацияланған кәсіпорындар, халықты және малдарды орналастыру, майданға кеткен ерлерді алмастыруға әйел маман кадрларды даярлау, мәдени-ағарту материалдары, Қазақстан еңбекшілерінің майданға шефтік көмегі мен қамқорлығы, дезертирлермен күрес, т.б. тақырыпта жинақталған істердің мұрағаттық құжаттары қолданылды.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстық мұрағаттарынан Кеңес мемлекеті мен БК(б)П ОК, Қазақстан КПОК мен Қазақ КСР үкіметінің қаулылары мен шешімдері, облыстық партия комитеті мен облыстық жұмысшы депутаттардың кеңесі мен атқару комитеттерінің пленум, бюро отырыстарының хаттамалары, қаулылары, шешімдері, есептер мен ақпараттық материалдары, еңбекшілердің арыз-шағымдары, жалпы жиналыстарының хаттамалары, барлық жұмыстарды соғысқа бейімдеп қайта құру және социалистік жарыстар ұйымдастыру құжаттары т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты құжаттар мен деректер пайдаланылды.

Сонымен қатар, Кеңес үкіметі кезінде «құпия» және «өте құпия» айдарымен жабық-жасырын сақталған деректер мен құжаттар тұңғыш ғылыми айналымға енгізілді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенттік мұрағатындағы 708-қордағы 5/1-тізбе, 762-іс «Жалпы өнеркәсіп туралы құпия құжаттар», 800-іс «Ақтөбе облысындағы НКВД комбинатының құрылысы туралы құпия материалдар», 749-іс «Ақтөбе НКВД комбинаты құрылысы туралы құпия және өте құпия құжаттар» т.б. істерде соғыс жылдарында эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыру, олардың қызметтері, өнеркәсіп орындарының салынуы, олардың қызметтеріне қатысты құпия бұйрықтар, шешімдер, ондағы жұмысшылар мен құрылысқа пайдаланылған тұтқындардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары, жоспарлардың орындалмау себептері, өнеркәсіп орындарындағы кейбір кезеңсіз әрекеттерді баяндайтын құжаттар сақталса, 276-істе БК(б) П Қазақ КСР-дегі партиялық қадағалау комиссиясының хабарлама есептері мен анықтамаларында соғыс жылдарында партия мүшелеріне, кейбір билік басындағылардың келеңсіз әрекеттері және оларға қолданған шаралары баяндалған. Қазақстан Орталық Мемлекеттік мұрағатының 1473- қорындағы 238-істе «1942 жылы Қазақ КСР-де аса жұқпалы аурулардың таралуы туралы жылдық есепте» республика көлеміндегі жұқпалы аурулардың таралуы, өлім көрсеткіші, жүргізілген іс- шаралар туралы т.б. кеңес заманында жариялауға тыйым саланған құжаттар жинақталған.

Сонымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мемлекеттік мұрағаттардағы істердің «құпия» және «өте құпия» болып белгіленген жекелеген құжаттар (халық наразылығы, әскерден қашу, Орта Азия елдеріне көшу, диверсанттар әрекетімен (НВКД құжаттары) қатар өңірдің әлеуметтік жағдайларға байланысты т.б.) мен деректер тұңғыш ғылыми айналымға енді.

Осылайша, мұрағат құжаттары зерттеу жұмысымыздың деректік базасының үлкен бөлігін құрайды. Мұрағат құжаттары тарихи дерек ретінде нақтылығымен, шынайылығымен, мазмұны мен бағыты жағынан алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Екінші топқа тақырыпқа арналған құжаттық жинақтар, ғылыми еңбектер жатады. Олардың қатарына Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанның экономикалық жағдайын айқындайтын Кеңес Одағы үкіметі жариялаған жарлықтардың топтамалары қолданылды. Тақырып бойынша зерттеу жүргізген тарихшы ғалымдардың (М.Қозыбаев, Т.Балақаев, Қ.Досқалиев т.б) ғылыми еңбектері пайдаланылды.

Үшінші топты түрлі анықтамалық басылымдар мен естеліктер құрайды. Тарихи құнды деректердің бірі сол заманда өмір сүріп, көзімен көріп, бастан өткенгендердің баяндаған жазба - естеліктері. Олардың бірі Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген соғыс және тыл ардагерлерінің естеліктер жинақтарында соғыс жылдарындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан. Зерттеу барысында соғыс және тыл ардагерлерінің естеліктері мен жинақтарындағы материалдар мұқият таңдалып қолданылды.

Төртінші топты мерзімді баспасөз материалдары құрайды. Елдің экономикалық - әлеуметтік жағдайын анықтау барысында соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген бүкілодақтық және республикалық «Правда», «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Большевик Казахстана», «Отан тарихы» т.б. газет-журналдарымен қатар аймақтық «Прикаспийская коммуна», «Социалистік құрылыс», «Коммунизм жолы», «Орал өңірі», «Актюбинская правда», «Актюбинский вестник», «Жайық дәрігері» т.б. мерзімдік баспасөз материалдары зерделеніп ғылыми айналымға қосылды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет