Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы нұрлан темірбеков, Д. Серікбаев атындағы ШҚмту ректоры, профессор. Айқын да жарқын бағдарлама



бет1/4
Дата08.06.2016
өлшемі327.5 Kb.
#123050
  1   2   3   4
ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН- 2050 СТРАТЕГИЯСЫ

Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры, профессор.

Айқын да жарқын бағдарлама

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2012 жылғы 14 жел­тоқсандағы халыққа Жолдауында білім беру саласына зор көңіл бөлгені қуантады. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік техникалық универси­тетінің профессорлары мен оқы­тушылары, студенттері Елба­сының Жолдауын теледидардан көріп, зер сала тыңдады. Президенттің әр тұжырымы, әрбір тапсырмасы біздің көкейімізден шықты. Бұл Жолдау – Қазақстанды одан әрі гүлдендіре берудің, ел тұрмысын жақсарта түсудің айқын да жарқын ұзақ мерзімді бағдарламасы.

Болашақ мамандар даярлаудың сапасын арттыру білім беруді жетілдірудің басты мақсаты болып отырған бүгінгі шақта Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті алда тұрған міндеттерді табысты шешу жолында кешенді шаралар қолдануда.

Елбасының жоғары білімнің сапасы ең талғамды талаптарға сай болуы, оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің қатарына қосылуға талпынуы керек деген тапсырмасын ШҚМТУ-дің профессорлары мен оқытушылары басшылыққа алып отыр. Бұл істе университеттің Батыс пен Шығыстың, Азияның дамыған елде­рінің жоғары оқу орындарымен байланысын бір жүйеге келтіріп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуінің маңызы мол болмақ. Біз бүгіннің өзінде еліміздегі ең таңдаулы оқу орны – Назарбаев Университетімен іскерлік байланыс орнаттық.

Университетте кәсіби шеберлігін істе дәлелдеген алты жүзден астам профессорлар мен оқытушылар қызмет етеді. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұ­мысына белсене араласуы ұстаздардың біліктілігіне, тәжірибесіне тікелей байланысты. Білім беру ғылым арқылы жүзеге асатындығын ескере отырып, біз профессорлар мен оқытушылардың бүгінгі күннің өскелең талаптарына алдымен өздерінің сай болуын қадағалаймыз, олардың еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруін ұйымдастырамыз.

Президент Жолдауы университет ғалымдарының инновациялық экономика мен орта қалыптастыру жолындағы жауапкершілігін арттырып, сенімін күшейтті. Егер алғашқы жиырма жыл қалыптасу мен өсу кезеңі болса, алдағы жиырма жылда Қазақстан жаңа сатыға көшуге – жоғары технологиялар мен инновациялар әлеміне әзірленуде. Соны талаптарға сәйкес ғылымның іс жүзіндегі нәтижелілігіне бет бұруымыз керек. Мемлекет басшысы қазақстандық инновациялық жүйенің осал тұсы ғылым мен бизнес ортаның, өндірістің тиімді іс-қимылы жоқтығы екенін сан мәрте ескерткен. «Бизнес және ғылым- 2020» жол картасының талдап жа­­салуының көкейкестілігі де осында.

Бүгінгі таңда кадрларды даярлау мен қайта даярлау үдемелі-индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұл – маманға тапсырыс беруші кәсіпорындар болашақ қызметкерінің кәсіби шеберлігіне, нақты мекеменің талаптарына маманның сай болуына мүдделілік деген сөз. Сондықтан, оқу үдерісіне тапсырыс беруші араласуы керек. Соңғы жылдары жұмыс беруші университетімізге келіп, өзінің ертеңгі маманын таңдайды. Сөйтіп, жас маман қызметке нақты өндіріс жағдайында дайындалады. Ол жұмыс процесін көзімен көріп, ортаны сезінеді, өндірістік қондырғыларда жұмыс істеуге бейімделеді. Сонда ғана оқу материалы санаға терең сіңеді.

Бұл – болашақ инженер тәрбиелеудің тиімді үлгісі. Ол барлық мамандықтар бойынша жұмыс берушілер қатысуымен жасалған арнайы

3

курстар аясында туындайды. Өнеркәсіп кәсіпорнында практикалық білім алған болашақ маманның ертең ел қатарлы қызметкер болып кетуіне осылайша жол ашылады. Бүгін университеттің барлық кафедралары осындай курстар ашқан. Ал, «Геология және тау-кен істері» және «Химия және түсті металлургия» кафедралары өздерінің бөлімшелерін Казцинк корпорациясында ашты. «Түсті, асыл және сирек металдар металлургиясы» жөніндегі дәрістер өндіріс басында оқылып, емтихан қабылдауға жұмыс берушілер белсене қатысады.



«Казцинк», «Казцинкмаш», «Қазақмыс», «Үлбі металлургия зауыты», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Азия-авто», «Арматура зауыты» және басқа ірі кәсіпорындардағы кафедра филиалдары арқылы жасалып, өндіріске енгізілген көптеген курстық және дипломдық жобалар студенттердің нақты өндірістік жағдайда жоғары машықтанған маман болып қалыптасуына ықпал етуде. Бұл кәсіпорындарда заманауи технологиялар мен қондырғылар шоғырланған, университет осылармен тығыз ынтымақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобаларына белсене қатысып келеді.

Өңірімізде машина жасау өндірісінің дамуына байланысты «технологиялық машиналар» және «машина жасау» мамандықтары бойынша білікті инженерлер даярлау міндеті алға қойылды. Нағыз маманды нақты өндіріс жағдайында ғана тәрбиелеуге болатынын ескере келе, ШҚМТУ «Азия-авто» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа қол қойды. Жоғары оқу орны мен кәсіпорын арасындағы келісімге сәйкес ғылыми-техникалық ынтымақтастық, автомобиль өнеркәсібі үшін мамандар даярлау бұдан былай екі жақтың да мүдделі ісіне айналмақ. Бұл мақсатқа жету жолында автомобиль зауытының өндірістік базасында «Көлік және логистика» кафедрасының филиалы ашылды.

ХХІ ғасырда ғылым және инновация егіз ұғымға айналды. Алда тұрған көкейкесті міндеттерге сәйкес Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғылыми-зерттеу, білім беру және инновациялық үдерістерді интеграциялаудың жаңа жолдарын қарастырып, жүзеге асыруда. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағ­дарламасында белгіленген қазақстандық дамудың бес басым бағыттары аясында (энергетика, шикізат пен өнімдерді тереңдете өңдеу, ақпараттық және телекомму­никациялық технологиялар, өмір туралы ғылым, елдің интеллектуалдық әлеуеті) университет өзінің ғылыми-зерттеу басымдықтарын анықтады. Олар – табиғатты тиімді пайдалану және табиғи қорларды терең қайта өңдеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, баламалы энергетика, нанотехнологиялар және жаңа материалдар.

Университет «университет-технопарк» инновациялық моделі аясында бизнесті, білім беру мен ғылымды интеграциялаудың жақсы тәжірибесін жинақтады. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырыстары бойынша нано және ядролық технологиялар, минералды шикізатты терең өңдеу технологиялары негізінде жаңа материалдар алу жөнінде «Іргетас» зертханасы зерттеулер жүргізуде. Бұл бағытта қол жеткен жақсы көрсеткіштер де бар. Олардың қатарында жаңа құрылыс материалдары мен компоненттерін, жылу сорғылары қондырғыларын, интеллектуалды картасы бар энергия қорларын есептеу құралдарын, берилий тотығынан жасалған қыш бұйымдарды, жарықдиодты шамдарды айтуға болады.

Олар жаңа ғылымды көп қажетсінетін өндірістер құруға бағытталған. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі университеттің ғылымын дамытуға 50 миллион теңге бөлді. Ал, «Іргетас» инженерлік зертханасын жетілдіріп отыру үшін жыл сайын 13 миллион теңге береді. Министрлік тарапынан басқа да көптеген іргелі және қолданбалы зерттеулер қаржыландырылуда.
4

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ «Алтай» технопаркіне 28 миллион, ал жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 72 миллион теңге қаржы бөлді.

Ғылым мен бизнестің бірігуі үшін шетелдің жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен және компанияларымен ынтымақтастықты дамыту керек. Университет заманауи инновациялық технологиялар саласында маңызды халықаралық ғылыми жобаларды шетелдік ғалымдармен бірлесе жүзеге асыруға жұмылуда. Былтыр ғана ШҚМТУ-де Американың, Ұлыбританияның, Германияның, Кореяның, Жапонияның, Ресейдің, Еуропаның басқа да елдерінің 60-тан астам профессорлары университетіміздің студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді.

Университет шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып келеді. Біз Жапонияның Акита университетімен, Германияның Мюнхен техникалық универси­тетімен ынтымақтаса жұмыс атқарудамыз. Бұл жоғары оқу орындарының бай тәжірибесімен танысып қана қоймай, олардың жақсы істерін өзімізге қолдануға қам жасап келеміз.

«Алтай» технопаркі инновациялық идеяларды іздеп табумен ұдайы шұғылданып келеді. Технопарктің ғылыми-техникалық кеңесі ұсыныстарды талдап, сараптама жасау нәтижесінде коммерциялық жағынан пайдалы 35 жобаны таңдап алды. Болашағы ең зор деген жобалар олардың базасында шағын инновациялық кәсіпорындар құру жолымен іске асырылады. Бұл жерде ауыз суды тазартатын жаңа тұрмыстық сүзгілерді, энергияны үнемдейтін жарықдиодты технологияларды және басқаларды атауға болады.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға тәрбие беру жұмысын кү­шейту талап етілді. Білім мекемелері маман даярлаумен қатар оның сегіз қырлы, бір сырлы, ерік-жігері мығым, елін, жерін қастерлейтін, алда тұрған асуларды қиналмай алуға қабілетті адам тәрбиелеуге міндетті. Сондықтан, біздің алдымызда тәрбие жұмысын түбірінен қайта құру міндеті тұр. Университетімізде бұл салада да тындырылған істер аз емес. Жастарға патриоттық тәрбие беру жөнінде жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес әрбір факультет пен кафедра ұжымы қыз-жігіттердің ой-өрісін кеңейту, отансүйгіштік сезімін күшейту жолында тұрақты жұмыс істеп келеді. Жолдауға сәйкес бұл бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жұмысымыздың мазмұнын жаңа шаралармен байыта түспекпіз. Студенттердің ой-пікірін біліп отыру үшін мен олармен аптаның әрбір сейсенбісінде арнайы кездесіп, ашық әңгіме өткіземін. Бұл кездесулерде жастар оқу, тұрмыс, демалыс мәселелері жөнінде көптеген сұрақтар қойып, нақты жауабын алады. Ректордың блогына жолданатын ұсыныс-пікірлер де баршылық.

Жастарымыздың алаңсыз білім алуына жағдай бар. Университет өз күшімен екі жүз жиырма орындық студенттер үйін іске қосты. Магистранттарға, докторанттарға, жас ғалымдарға және студенттерге арналған бес жүз орындық жатақхана құрылысын бастағалы отырмыз. Сондай-ақ, спорт кешенін, кітапхананың қосымша үйін салуды да жоспарлаудамыз. Таяу болашақта университеттің бас ғимараты кеңейтілмек.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауын университет ұжымы, студенттер білім саласына жасалған үлкен қамқорлық ретінде қарсы алды. Ендігі міндет – Президент алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыру.


//Егемен Қазақстан.-2013.-20 ақпан.-2б.

5

Мұрат НАСИМОВ, саяси ғылымдар кандидаты, Қызылорда «Болашақ» университетінің доценті.



Қазақстанның жаңа саяси бағыттары – тиімді өркендеу мен өрлеудің басты шарты
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында «Қазақстан-2030» Стратегиясының ел дамуындағы маңызы жоғары болды. Елбасы 1997 жылғы қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат егемен елдің экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты мемлекетке айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді. Даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырып, аталмыш басымдықтар елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады.

Жоғарыдағы Стратегияны іске асырудың алғашқы ұзақ мерзімді кезеңі ел Президентінің 2001 жылғы желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болды. «Қазақстан-2030» Стратегиясының келесі кезеңі – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Сондықтан өркендеу мен өрлеу стратегиялары саналатын бұл құжаттардың құндылығы тарихи сыннан өтіп жатқандығы анық. Ал Елбасы сарабдал саясатындағы тұрақтылық, бейбітшілік және келісім Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерінің кепілі болып қала бермек.

Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен жағдайын сипаттайтын әр Жолдаудың өзіндік салмақты жүгі бар. «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауынан бастау алған құжаттарда еліміздің стратегиялық дамуындағы міндеттер көрсетіледі. Ал міндеттердің орындалуы өз кезегінде Елбасының жыл сайынғы Жолдауларымен айқындалады. Бүгінге дейін Елбасы Қазақстан халқына 17 Жолдау арнаған екен.

«Қазақстан-2030» Стратегиясына негізгі қорытындылар жасалған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда негізгі міндеттердің орындалуы және қалғандарының орындалу үстінде екендігі тұжырымдалды. 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру басты мақсатын орындаудағы жаңа саяси бағыттардың міндеттері айқындала түсті. Елбасы өз сөзінде: «1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды», деген болатын. Қалыптасқан Қазақстанның қуатты да табысты мемлекет құрудағы тарихи жолы, демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты үдерістері, түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, ұлттық экономикадағы ерекшеліктер мен халықаралық еңбек бөлінісіндегі еліміздің рөлі, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қоғамдастық таныған мемлекет және ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі еліміздің белсенді рөлі негізделді. Елбасы тарихи уақыттың жеделдеуі,

6

жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, Үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет құндылықтарының дағдарысы жаңа әлемдік қауіпсіздік секілді ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатеріне тоқталып қана қоймай, халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдау қажеттілігіне баса назар аударды. Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ел тұрғындарының шешуге тиісті міндеттер парадигмасының сапалық тұрғыдан өзгерісі баяндалды.



Елбасы өз сөзін: «Біріншіден, Қазақстан – қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше. Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050-жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда. Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды. Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде», – деп түйіндеді.

Қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуаттығын анықтайтын әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті Елбасы әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын ұсынды: кедейшіліктің өсуіне жол бермеудің тежегіші ретінде қалыптасуына мүмкіндік туғызатын мемлекеттің жаһандық дағдарыс жағдайында азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін ұсынуы; мемлекеттің әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарға ғана көмек көрсетуі; өңірлерді дамытуда әлеуметтік теңгерімсіздік мәселелерін шешуге назар аудару.

Осы себептерге байланысты Елбасы Үкіметке төмендегідей тапсырмалар жүктеді: ана мен баланы қорғау, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарау; ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту; туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалау, жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру, материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеу; елде жыныстық ерекшелігі бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. «Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажеттігі негізделе түсіп, ұлт денсаулығы табысты болашақтың негізі екендігі айқындалды.

Жалпы, кез келген қоғамдағы саяси тұрақтылық пен экономикалық өсімнің негізі тұрғындардың өмір сапасын жоғарылатуға бағытталған мемлекеттің әлеуметтік саясатында жатыр. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған күннен бастап мемлекет сая­сатының негізгі басымдығы ретінде азаматтар әл-ауқатын жақсартуды көздеді. Заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары саналатын білім және кәсіби машық бағыттары да Елбасы назарынан тыс қалмады. Еліміздің білім беру

7

саласындағы басымдықтары төмендегідей болып белгіленді: бүкіл әлемдегі секілді Қазақстанның мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшуі қажеттігі; халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз ету; жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігінің білім беру саласында айрықша көрінуі; оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту қажеттігі.



Бұл тұста «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын қалыптастыру, ғылым мен бизнестің кооперациясы мен перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы мәселелеріне мән берілгенін айта кеткен жөн. Аталмыш мәселе төңірегінде Елбасы жастарға өз сөзін арнады: «Бүгін мен жариялаған жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым», – деді Президент.

Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамытудағы негізгі мақсат мемлекеттік басқаруды қалыптастырудың жаңа міндеттері қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтуға сай болу қажеттілігі нақтыланды. Бұл үшін мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу, басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құру, мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстану, мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін күштің болуы, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру міндеттері қойылды. Дәйекті және болжамды сыртқы саясаттың, ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың мақсаттары айтылды. Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары айқындалды: аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту; экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту; мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру; азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту. Елбасы өз сөзінде: «Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым. Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру», – деді. Нәтижесінде 2012 жылдың 12 қаңтары күні тек Қазақстанның емес, өз экономикасын және дүниежүзілік экономиканы дамытуға дайын бүкіл әлемнен барлық мүдделі қазiргi заманның белгiлi ғалымдары, бизнес бiрлестiктері, өкiметтiң өкілдерін біріктірген G-Global коммуникативті алаңы іске асырылды. Қысқа уақытта G-Global коммуникативті алаңы 150 елден сан мыңдаған пайдаланушыларды біріктірді. Сайт пайдаланушылары төмендегідей тарауларға атсалыса алады:

8

сарапшылық шолу; кәсiпкерлiк жобалар; пікірсайыстар; жарияланымдар. Адамзат өркениетінің даму конструктивизмі бес негізгі қағидаларға негізделеді. Бұл пікірді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев G-Global қағидалары деп атауды ұсынды: 1) революция емес, эволюция; 2) әділдік, теңдік, пәтуалық; 3)жаһандық толеранттылық және сенім білдіру; 4) жаһандық транспаренттік; 5)конструктивті көпполярлық.



Жолдауда көпұлтты және көпконфессиялы қоғам табысының негізі саналатын жаңа қазақстандық патриотизм бағытындағы басты мақсаттарымыз – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту қоғам, ұлт ретінде өмір сүрудің айнымас шарты екендігі сөз болды. Жаңа қазақстандық патриотизм бағыты бойынша мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беру тәсілі арқылы патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі барлық қоғамды біріктіретіндігі анық. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығы жауапкершілікті тіл саясатының қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі екендігі атап көрсетілді. Жаңа патриотизмді қалыптастырудағы мәдениет пен дәстүрлер іргетасын бекіту заңдылықтары, ұлттық интеллигенцияның қоғамдағы рөлі, ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін төңірегіндегі тұжырымдар айқындалды. Жолдау аясында Мемлекет басшысы болашақтың Қазақстаны төмендегідей болатынына сенімді: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары».

Мемлекет басшысының Жолдауда ұсынған тапсырмаларын жүйелі және өз мерзімінде орындау Қазақстандағы жаңа саяси бағыттардың іргетасы саналады. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясы Отанымыздың жаңа ұлы жетістіктері мен табыстарын жалғастырудағы тиімді өркендеудің тура әрі берік бағыттаушысы болмақ.

//Егемен Қазақстан.-2013.-21 ақпан.-2б.

9

Қазақстандағы жоғары білім


Абдуали БАЕШОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор
ҒЫЛЫМЫ ЖОҚ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ
Арамызда үндемей жүріп, үлкен жұмыстарды бітіретін асыл жандар бар. Солардың бірі әрі бірегейі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Абдуали Баешов. Ол Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институтының Электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі. Отандық химия ғылымын дамытуда қосқан үлесі орасан зор. Ашқан ғылыми жаңалықтары үшін құзырлы орыннан алған жүз алпысқа жуық патенті мен шетел ғылыми орталықтары жоғары бағалаған марапаттаулар соның айғағы іспетті. Жуырда белгілі ғалыммен сұхбаттасудың сәті түсті. Енді соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Абдуали аға, химия ғылымы көп салалы. Сіз еңбек ететін институт соның қай саласында зерттеулер жүргізіп жатыр?

– Біздің институт химия ғылымының үлкен бір саласы – органикалық катализ және электрохимиямен айналысады. Дүние жүзінде төрт-ақ катализ зерттеу институты бар. Солардың екеуі ғана ТМД елдерінде. Атап айтсам Новосібір мен Алматыда ғана. Екеуі алыс шетелдерде. Ал электрохимия институты Орта Азияда тек Қазақстанда. Ресейде осындай екі институт жұмыс істейді. Мәскеуде А.Н.Фрумкин атындағы физика-химия және электрохимия институты мен Екатеринбург қаласындағы жоғары температура электрохимия институты.

Катализатор деген өте керемет нәрсе. Мысал ретінде айтар болсам кішкентай қамыр ашытқысы немесе сүтті ұйытатын қатық бар емес пе, катализатор да сондай. Бірақ бұлар биологиялық тұрғыда болады. Мен мұны жұртқа түсінікті болу үшін катализаторға ұқсас ретінде алып айтып отырмын. Химиялық реакциялар кішкентай ғана катализатор болса жүріп кетеді. Құрамында катализатор бар реакцияның жылдамдығы мың, миллион есе артып, 100, 200, 300 градусқа төмен жүреді. Егер ол болмаса, тіптен жүрмейді. Катализатордың қазір теориясы толық жасалмаған. Кабинетте отырып кез-келген нәрсені айту қиын. Тіптен зерттелген обьектілердің өзін де әбден көз жеткізбей катализатор болады деу екіталай.

Химияда термодинамика деген бір сала бар. Бір басқа затпен әсерлесе ме, әсерлеспей ме; әсерлескен жағдайда реакция жақсы жүре ме, әлде жәй жүре ме? Соның бәрін айтатын термодинамика да химия ғылымының бір саласы. Өткен ғасырдың бас кезінде Гиббс атты ғалым термодинамиканың негізгі заңын ашқан. Гиббс энергиясы деген түсінік содан қалса керек. Кабинетте отырып-ақ термодинамиканың бүкіл заңдылықтарына сүйеніп, реакцияның жүретінін не, жүрмейтінін есептеп табуға болатындығын көрсеткен. Ол: «Зерттеу жұмыстарының не керегі бар? Мұны есептеп-ақ реакцияның жүретінін не, жүрмейтінін анықтауға болады ғой», – дейді екен. Сол Гиббс энергиясы реакция туралы мәліметті тек идеалды жағдайда ғана болатынын айтып берген. Бұл ешқандай қоспа жоқ инертті ортада әрбір ионның активтілігі 1-ге тең болған жағдайда ғана екен. Содан кейін қарасақ, барлық кезде кабинетте отырып есептеген нәрсеңізге 50-50 пайыз реакция жүруі де, жүрмеуі де мүмкін. Себебі негізгі химиялық реакциялардан басқа бірнеше реакциялардың жүруі мүмкін. Реакцияға түсейін деп жатқан заттың бетінде кішкентай бір пленка болса, ол бүкіл реакцияны жүргізбей тастайды. Сол Гиббс энергиясымен адамдар бәрін шештік, бәрін білдік деп жүрген. Кейін олай болмай шықты. Қазір химияда одан да қызықты нәрселер

байқалып жатыр. Нобель сыйлығының лауреаты Ландау деген ғұлама ғалым кабинетте отырып, гелийдің шектен тыс сұйық қасиетке ие болатынын есептеп шығарыпты. Ол кезде сұйық гелий де болмаған. Ондай сұйық өте төмен температурада қалыптасады деген. Сол кезде ондай температураны алу да мүмкін емес еді. Бірақ Ландау алдын-ала есептеп кеткен. Содан кейін бірнеше ондаған жылдардан кейін Ландаудың есебі расталып, гелийдің шынында да өте төменгі температурадан кейін шексіз сұйық жағдайға өтіп кететіні белгілі болды. Осындай да есептеулер бар. Алайда сондай есептеулердің дұрыс емес жақтары да кездеседі. Біз күнделікті тұрмыста алюминийден жасалған қасық, кастрюль секілді бұйымдарды тұтынамыз. Теория тұрғысынан қарасаңыз, ыстық көжені ішіп болғанша қолыңыздағы қасық та, кастрюль де еріп кету керек. Бұл Гиббстің формуласы бойынша есептелгенде. Бірақ сол бұйымдарды адамдар бірнеше жыл бойына қолданып келеді емес пе? Себебі алюминий бетінде өте жұқа оксид қабаты пайда болады екен. Бұл қабат өте тығыз және металл бетіне жақсы жабысқан. Ол болмаса алюминийдің өзі суда сол сәтте-ақ еріп кететіні анық. Ал ауада сол сәтте-ақ оттегімен тотығып кетуі керек. Көзге көрінбейтін, өте жұқа 20-30 нанометр оксид қабаты алюминийді бүлінуден сақтап қалады. Теорияда барлық мәселені ескеру мүмкін емес. Ал зерттеу жұмысының жөні бөлек. Зерттеу бүкіл эксперименттің патшасы. Ақырғы нүктені сол қояды. Біз беталды әуре болмау үшін теория түрінде жүруі мүмкін бе, мүмкін емес пе есептеп аламыз. Теория түрінде жүруі мүмкін емес болса, ол негізінде әурешілік болар еді.

Ал біз ондай есептеумен тоқтамаймыз. Міндетті түрде зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Титан деген металл бар. Бұл металл не ерімейді, не оңайлықпен балқымайды. Тек 2500 градуста балқытуға болады. Қаттылығы соншалық – не кесілмейді, не тесілмейді. Бірақ оның да бір жері мүжіліп, бір жері қажалады. Сондай металдан жасалынған үлкен бір қондырғы ары қарай жарамай қалады. Не істеу керек? Егер оны ерітсек, бұл металдың көптеген қосылыстарын алуға болар еді. Оның бәрі пайдалы. Оның титан гидрокциді сондай-ақ титанил сульфат амоний сияқты қосылыстары бар. Сол амоний тұзымен тері илесе өте жақсы. Бұл тұздың адам ағзасына залалы жоқ. Ал қазір қолданылып жүрген хром қосылыстары өте зиян. Сонымен түрік ағайындар кезінде осы жерде тері илемекші болған. Бірақ біздің экологтар оған жол бермей қойды.

Титанның кейбір қосылыстары катализатор қызметін атқарады. Ал үш валентті тұздары өте күшті тотықсыздандырғыштар. Ең қызығы, титанды термодинамика тұрғысынан қарасаңыз суда оңай еріп кетуі керек. Ол қышқылда ерімейді, сілтіде, тіптен патша қышқылында да ерімейді. Термодинамика тұрғысынан ол алюминий сияқты оңай еруі керек. Бірақ оның бетіндегі оксид пленкасы еруден сақтап қалады. Теория тұрғысынан қарасаңыз, еріп кетуі керек, ал практика тұрғысынан еш ерімейді. Токқа жалғасаңыз да ерімейді. Соны біз өндірістік жиілігі 50 герц айнымалы ток әсерімен байқап көрдік. Осы кәдуілгі шамды жағатын тоқпен. Бұрын айнымалы тоқ өтсе, ешқандай да электрохимиялық реакция жүрмейді деп есептеп келген. Бізге келіп тұрған айнымалы ток секундына бірде минус, бірде плюс болып елу рет өзгереді. Ал біз сонда да осыны бір байқап көрейікші деп айнымалы токты титанға жалғасақ, қант секілді ериді екен. Себебі айнымалы токтың катот жартылай периодында оксид пленкасы жойылады. Солай ешкім еріте алмаған металл титанды біз ерітіп, оның қосылыстарын бөлектеп алуға болатынын дәлелдедік. Бұл ғылыми жұмысымыз кезінде патенттелді. Қазір енді осыны өндіріске ендіріп, титанның тұздарын және де басқа қосылыстарын алсақ деп отырмыз. Өзбекстандағы Сейдеқұрал Токтаев деген академиктің мәліметіне ден қойсақ, республикада жүз мың тонна титан жинақталып қалған. Олар сол

титаннан ештеңе шығара алмай отырған жайы бар. Қаттылығы соншалық, өндіріске пайдаланып, қажетті құрал жасайын десе не кесілмейді, не тесілмейді. Өйткені ғарыш кемелерінің көптеген бөлшектерін содан жасайды. Енді олар біздің жұмысқа қызығып отыр. Ең бастысы, титанды ерітіп, тұздарын алу ғой. Ары қарай басқа қосылыстарын оңай ала беруге болады. Титан гидрокциді деген қосылыс бар. Бұл ең күшті сорбент. Мысалы, суды сол арқылы өткізсеңіз, өте таза болып шығады. Титанның диоксиді қосылысы бар. Одан өте сапалы ақ бояу дайындайды.

– Өзбекстанда соншама титан пайдасыз болып жатыр екен. Ал біздің республикада ше?

Біздің республикада да пайдаланбай жатқан титандар қаншама. Алайда бізде титаннан көп детальдар жасайды. Титанды күшті құралдармен жонады. Қаншама жонылған қоқым, қаншама металл қалдықтары тау болып үйіліп жатыр. Әр нәрсенің шірімеуі, бүлінбеуі де проблема туғызады екен. Анау дүкендерде сатылатын сулардың құтылары ше?! Кемедегі туристер босаған құтыларды теңізге лақтырып тастамай ма. Акулалар мен дельфиндер кейде соларды жұтып жібергенде желбезегінде тұрып қалады екен. Сөйтіп бір пластик құтының өзі жылына бірнеше дельфинді өлтіреді екен. Титан да сол құтылар секілді. Сыртындағы жұқа сақтағыш қабаты оның ұзақ жылдар бойына шіруіне жол бермейді. Біз сол титанды айнымалы ток арқылы ерітіп, қосылыстарын алдық. Айнымалы токты басқа да металдарға қолдандық. Атап айтсам, алюминийді айнымалы токпен ерітіп, тұзын алдық.

Бұл су тазалау үшін де аса қажет болып шықты. Кез келген қаланың суын тазалау үшін алюминий, не темірдің тұзын қосу керек. Суды тазалап жатқан кезде өте ұсақ түйіршіктер пайда болады. Түйіршіктер не сүзілмейді, не тұнбайды. Солардан тазарту үшін міндетті түрде алюминийдің, не темірдің тұзын қосу керек.

– Осы тәсілдеріңізді қазір өндірісте қолдана ма?

– Қолданылып жатыр. Бірақ біздікі емес. Ресейден, Қытайдан әкеліп жатыр. Алюминий мен титанның тұзын «Коагулянт» деп атайды. Бұл кез-келген суды тап-таза етіп шығарады. Біз өзіміздікін шығарып беруге дайынбыз. Бұрын алюминийді еріте алмаушы едік, енді айнымалы токпен ерітетін амалын таптық. Темірдің екі түрі бар. Біріншісі, тот баспайтын темір де, екіншісі кәдуілгі темір. Кәдімгі темірдің құрамында көміртегіден басқа түк те жоқ. Соны ерітіп, бір тазалап алсақ, Қазақстанға қажетті су тазалайтын «Коагулянт» қанша керек болса, соншасын су тазалайтын электр станция арқылы пайдаға асыра аламыз. Суды түсті металл иондарынан және органикалық заттардан тазалау бізде қалыптасқан жұмыстар. Біз оларға ерекше беті дамыған түйіршікті электроттарды қолданамыз. Менің бұл жөнінде «Экология және суды тазалау проблемалары» деген кітабым бар. Жоғарғы оқу орындары оқулық ретінде қолданылып келеді.

– Экология саласында да біраз ғылыми еңбектеріңіз барын ғалымдардан естіп жүрміз. Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің тұңғыш ашылған факультетіне бірнеше жыл декан болып, жоқтан бар жасап, оқу жүйесін қалыптастырып берген екенсіз...

– Экологиямен көп жылдардан бері айналысып келемін. Бірнеше оқулықтар жаздым. Экология – біздің болашағымыз. Бізде қазір ауа, су, топырақ таза емес. Егер осыларды қазірден бастап шешпесек, кейін адамдар өміріне аса қауіп туғызары хақ.

– Сіздіңше бұл әлемдік түйінді мәселені шешудің жолдары қандай? Алыстан мысал іздемей-ақ, Алматыны алайықшы. Мына Көктөбеге шықсаңыз қала үстінде көк түтіннің тұнып тұрғанын көресіз. Қарлығаш деген тазалықты сүйетін киелі құс екен. Соңғы он-он бес жылдан бері Алматыдан көрінбейтін болды. Ал қаладан қырық шақырым жердегі ауылдарға барсаңыз, ұя салып, балапандарын ұшырып жүр.
– Бір жылы былай болды. Балқаш қаласының ағаштарында мүлде жапырақ қалмады. Жапырақтың бәрін құрт жеп қойған. Бұл қалай болған деңіз. Экология деген табиғаттағы барлық нәрсенің бір-бірімен теңесуі. Балқаштың комбинаты улы газдар шығарады. Сол газдан құрт жейтін торғайлар ағаштарға жоламай қаладан тысқары кеткен. Содан құрттар көбейіп кетіпті. Балқашта осындай жағдай екі жылдай көрініс берді. Экология деген не? Оған менің «Экология негіздері» деген оқулығымда анықтама бар. «Экология – биосферадағы тепе-теңдікті жан-жақты қарастыратын, оның бұзылуының себептерін болжайтын және анықтайтын, сонымен қатар тепе-теңдіктен ауытқудың, қоршаған ортаға әсерін зерттейтін ғылым саласы». Биосферада тепе-теңдік сақталуы керек. Табиғаттағы тепе-теңдік бұзылса, экологиялық проблемалар шығады деген сөз. Күнделікті өмірден қарапайым бір мысал. Бір көлді алайықшы. Бұрын онда балықтың бірнеше түрі болған. Көлге өзендерден су ағып келіп жатады. Маңайдағы өндіріс орындары жуынды қалдықтарын өзенге ағызады. Соның салдарынан балықтардың бірнеше түрі жойылып, бір түрі мүлдем азаяды да, қалғандары ауруға шалдығады. Өзендегі судың тепе-теңдігі бұзылғаны, көлдегі тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғып отыр. Зауыт түтін шығарып жатыр. Түтіннің зиянды бөліктері жерге түседі. Содан шөп уланады. Сол шөпті мал жейді. Малдың етін адам жейді. Түтіннен басталған экологиялық проблеманың соңы адамға келіп тіреледі. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Зардабы бәріне тиеді. Жалпы экология мәселесінде біз зертханалық жағдайда электрохимиялық әдіспен сұйықты, су мен газды тазалайтын, қатты заттарды залалсыздандыратын, одан пайдалы заттар алатын көптеген нәтижелі жұмыстар жасадық.

– Айтыңызшы, Алматыны көк түтіннен тазартып, экологиялық жағдайын жақсартуға бола ма?

– Әрине, болады. Қаланың ауа бассейнін бүлдіріп жатқан көліктердің түтіні. Қалада жарты миллиондай автокөліктер бар. Олар күніне жалпы есеппен пәленбай тонна бензин жағып, көміртегі оксид газына өтіп кетіп жатыр. Одан басқа көмір оксиді (СО) деген газ бар. Бұл өте улы газ. Оның үстіне азоттың оксидтері бар. Бізді уландырып жатқан сол машиналардан шыққан түтіндер. Сол түтіндерді залалсыздандыруға болады. Біздің институтта кезінде сол улы түтіндерді залалсыздандыратын нейтрализатор жасалынған. Шетелдерде бензин тазалығына үлкен талап қойылады. Оларда «Еуропа-4» пен «Еуропа-5» деген бар. Олар солармен жұмыс істейді. Ал бізде бензин сапасы нашар. Содан соң оларда автокөліктердің бәріне нейтрализатор қойылған. Түтін сол аппарат арқылы өтеді. Сол кезде оның тотықпағаны тотығады. Түтіннің ең қауіптісі олардың тотықпаған түрлері. Соны катализатор арқылы тотықтырып отырады. Біз бензин сапасын еуропалық стандартқа келтірсек, барлық көліктерге нейтрализатор қойсақ, Алматының жағдайы бірден жақсарар еді.

– Сол құрылғыларды неге бізде қолданбасқа?

– Тасмағанбетов қалаға әкім болып тұрған кезінде, «Нейтрализатор қолданбаған машиналар жүрмесін» деген пәрмен бермекші болды. Бірақ он кісі ауысып кеткен соң ондай шешім қабылданбады. Біз кезінде нейтрализаторларды бірнеше мыңдап шығардық. Ал мына метрода біз жасаған нейтрализаторлар жұмыс істеуде. Жақын шетелдердің де тапсырыстарын орындап жатырмыз. Біз ол құрылғыны темір негізінде жасаймыз. Өйткені жолымыздың сапасы нашар. Ал Еуропада керамика негізінде жасайды. Оларда жол тегіс. Сондықтан керамика болса да сынбайды. Оларды біздің жолда қолдана алмайсың. Тез сынып қалады.

– Республика Президенті Н.Назарбаев дамыған елу елдің қатарына қосылғанымызды айтты. Демек біздің әлеуетіміз артты деген сөз. Отандық ғылымды дамыту да қолға алынып, қомақты қаржы бөлініп жатқанынан жұрт хабардар.



– Рас, отандық ғылымға қаражат жақсы бөлініп жатыр. Республика Президентіне, Үкіметке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда сол мол қаражат тиісті орындарын тауып жатыр ма? Бар гәп сонда. Кейінгі 6-7 жылда республикамызда отызға жуық физикалық, химиялық және де басқа зертханалар ашылды. «Сіздер сол зертханаларға барып, жұмыс істеп тұрасыздар», – дейді. Елбасы ғылымға шындап қолдау білдіруде, ал кейінгі буындағылар оны бұрмалап жіберетін сияқты. Отандық ғылымды көтереміз десек, әуелі жұмысты шын ғалымдарды қолдаудан бастау керек. Қысқасы, зертхананы нағыз ғалымдарға арнап ашып беру керек. Сталин кезінде Иоффе, Капицаға, Павлов, Курчатов секілді белгілі ғалымдарға арнайы зерттеу институттарын ашып берген. Сөз орайы келгенде айта кетейін. Бірде теледидарды ашып қалсам, академик Павлов сөйлеп жатыр екен. Ол Қазан төңкерісі кезінде көп ғалымдардың шетелдерге қашып кеткенін, өзінің ешқайда табан аудармай, отанда қалғанын айта келіп, ғалым болған соң төңкеріс жасаушыларды ара-тұра сынап қоятынын да жасырған жоқ. Қасындағы ғалымдарды НКВД-нің адамдары ұстай бастаған кезде ғана қоғам туралы өз пікірін ашық айтудан тартынып қалған. Сондай қиын күндердің бірінде оны Сталин шақыртады. Бойын күдік билеп, қорқа соғып, қабылдауына барады. Алайда Сталин оны жылы қабылдап: «Біз сіздің төңкеріс туралы не айтып жүргеніңізді жақсы білеміз. Дегенмен, сіз жақсы физиолог ғалымсыз. Біз сізге Мәскеу маңынан үлкен институт ашып беруді ұйғарып отырмыз. Сіздің алаңсыз жұмыс істеуіңізге бар мүмкіндіктер жасалынады. Отанға сіздің ғылыми жаңалықтарыңыз керек», – дейді. Арада екі жыл өткенде Павлов басқарған үлкен ғылыми-зерттеу институты жұмыс істей бастаған. Сол кезде де ғылымда алаяқтар болған. Олар үлкен бір жаңалықты өздерінің атына жазып, Нобель сыйлығына ұсынады. Ал тізімде Павлов жоқ. Нобель комитетінің авторлықты анықтайтын комиссиясы оны мұқият қарап, жаңалық олардікі емес, Павловтың идеясынан туындағанын біліп, сыйлықты соған берген. Сталиннің басқалардан артықшылығы нағыз ғалымдарды тауып, қолдағанында. Зертханалардың басында нағыз ғұлама ғалымдар тұруы керек. Мысалға катализ туралы зерттеу жұмыстарының бәрін бізге берсе, дұрыс болар еді. Барлық жұмыстарды өзіміз жүйелеп отырар едік. Республиканың Қарағанды, Шымкент секілді бірқатар қалаларында катализбен айналысатын зертханалар бар. Егер сол катализге бөлінген қаражатты әр зертханаға шашып жібермей, бұрыннан айналысып келе жатқан ғалымдарға беріп, қаражат білікті мамандар арқылы ары қарай бөлінсе жақсы. Ал қазір сол зертханалардың басындағы шенеуніктер біздің жұмыстарымызға рецензия береді. Мысалға мен химияда өз саламнан басқа салаға сын айтсам, оның дұрыс бола қоюы екіталай. Өйткені мен ол саланы жете білмейтінім анық. Үкімет ғылымға қомақты қаражат бөліп отыр. Қазір ғалымдар аш емес. Бірақ тоқ деп те айта алмаймын. Айлық табыстарын шетел ғалымдарымен салыстыруға мүлдем келмейді. Олар ай сайын 5-тен 10 мың долларға дейін алады. Олардың зертханаларындағы құрал-жабдық приборлары заманауи талаптарға сай. Ал біз бұрынғы қондырғылармен істеп жүрміз. Ескі приборлар. Әрине түскен қаражатқа қарап, біз де там-тұмдап алып жатырмыз. Бұл кейбір ғалымдадың желеуіне жақсы болды. «Жаңа прибор жоқ», – деп қол қусырып қарап отыр. Негізінде үлкен идеяларды, заңдылықтарды, кең ауқымды жұмыстарды қазіргі электронды микроскопсыз да, қазіргі компьютерсіз де жасауға болады. Біздің қазіргі қолданып жатқан, бірақ бұрын ашылған ғылыми жетістіктеріміз осындай электронды микроскоптың, компьютердің жоқ кезінде жасалынды ғой. Мысалға бұрынғы ғалымдар Айға дейінгі қашықтықты қарапайым прибор және қаламсаппен есептеп шығарды. Дыбыс пен жарықтың жылдамдығын да сол кезде-ақ есептеп қойған. Білікті ғалым болмаса, жаңа прибор қондырғыларымен де түк шығара алмайды. Ал түйсігі жоқ ғалымсымақтар сол күрделі прибормен

қабырғаға шеге қағады. Нағыз ғалым кәдуілгі балға, шегемен-ақ үлкен сарай салады. Сондықтан ғылыми жұмыстардың алға жылжуы тікелей білікті ғалымдарға байланысты. Таза ғалым жемқорлықпен айналыспайды. Бар уақытын ізденістерге жұмсайды.

– Химия ғылымдарының атасы Менделеев те элементтерді қарапайым зерттеулерімен ашып, біразын алдын-ала болжаған екен.

– Ғалымның басында жаңа идеялар болуы шарт. Таза ғалым әр іске жаңаша көзқараспен қарап, оны ары қарай дамытып отырады. Ғылым бір орнында тұрып қалмайды, үздіксіз дамып отырады. Қазақстанда тау-кен рудалары көп. Солардан металды қалай бөліп алып жүр. Әуелі кенді жер астынан қазып алып, ұнтақтап, флотациялық әдіспен байытады. Онда кенді ұн сияқты майдалап, әртүрлі қоспалар қосып, сумен араластырып, ауамен үрлейді. Сонда құрамында металл бар сульфидті түйіршіктер су бетіне қалқып шығады, сол кезде бөліп алады. Солай кеннің құрамындағы бар минералдың қырық-сексен пайызын жинап алады. Бұл тәсіл өндірісте жүз жылдан бері қолданылып келеді. Дүние жүзіндегі өндіріс осылай байытудан әлі шыға алмай келе жатыр. Айта кететін бір жай, бұл тәсіл тек құрамында күкірт бар сульфитті рудаларды ғана бөліп шығарады. Ал басқа тотыққан түрлері таспен қосылып, қалдық түрінде жарамсыз болып қалады. Осыдан енді үлкен түйткіл туып отыр. Тотыққан минералдардан металды қалай бөліп алу керек? Қазір бұрынғы шахталарға барсаңыз, таудай болып үйіліп жатқан қалдықтарды көресіз. Мұның өзі үлкен мәселе. Оның үстіне қазір жаңадан тотыққан рудалар табылуда. БАМ магистралі бойындағы Удаканда бүкіл дүние жүзінің тоқсан пайыз мысы тотыққан түрінде жатыр. Неге? Өйткені флотациялық байыту әдісі арқылы оны бөліп ала алмайды. Кейбір байыту комбинатында сол рудаға қышқыл құйып, металды ғана бөледі. Ал құрамындағы алтын, күміс, темір т. б. қымбат элементтер қалып қояды. Сондықтан бұл тәсіл пайдалы емес. Бектұрғанов деген ғалым болған еді. Сол кісі құрамында бір пайыз мыс бар рудаға күкірт қосып, автоклавта (жабық ыдыста) бекітіп, 200 С-ға дейін үлкен қысымда қыздырған. Сол кезде әлгі тотыққан минералдар, сульфитті минералдарға айналып кеткен. Енді мұны бұрынғы тәсілмен ары қарай алып кете беруге болады. Бірақ Бектұрғановтың бұл тәсілі экономикалық жағынан өте қымбат. Былайша айтқанда, өте жоғары температурада қыздыру тиімсіз. Бұл мәселемен мен де айналысып, көп ізденістер жасадым. Ақыры бөлме температурасында тотыққан минералды сульфитке айналдыратын әдісті таптым. Бұл жаңалақ Кеңес өкіметі құлардың алдында ғана ашылды. Мәскеу мен Ленинградтың айтулы ғалымдары көріп, тиімділігін мойындаған. Біз солай үлкен, түйінді мәселені шештік. Ендігі мақсатымыз алдағы уақытта бұл тәсілді өндіріске ендіру.

Әл-Фараби бабамыздан қалған бір ұлағатты сөз бар. «Ғалымы жоқ, ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ». Бұл үлкен көрегендік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте қиын болғанын жұрт жақсы біледі. Ғылым Академиясын қаржыландыру қиынға түскен соң, Үкімет таратуға мәжбүр болды. Енді міне, етек-жеңімізді жинап, дамыған елу елдің қатарына қосылдық деп отырмыз. Технолгогияны қашанғы шет елдерден қымбат бағаға сатып ала береміз. Олар ескісін бермесе, заманауи жаңа технологиясын бізге ешқашанда сатпайды. Үкімет соны түсініп, енді отандық ғылымға көңіл бөліп отыр. Астанадан қазіргі талап деңгейіне жауап береді деп үміт күттіріп отырған Назарбаев университеті ашылды.

– Қазір энергетика үлкен проблемаға айналды. Бұл жөнінде сіздерде қандай ғылыми жаңалықтар бар?

– Иә, қазір бұл ең басты мәселеге айналды. Түркияның қонақ үйлеріне қай уақытта келсеңіз де, ваннасында ыстық суы дайын. Олар сол суын жылытып тұрған энергия қуатын орталық қазандыққа көмір немесе жанар-жағар май жағып алып жатқан жоқ. Күннің сәулесін жылу энергиясына
айналдырып отыр.

Қазір күн сәулесінің жылуынан ток алу бағытындағы зерттеу жұмыстары бізде де жайлап жүріп жатыр. Алайда экологиялық жағынан таза демесеңіз, қазіргі кезде күннің сәулесінен ток алу көмір жағып ток алудан да қымбатқа түсіп отыр. Бізде күн сәулесіне қаратып қойған панельдер бар. Бұл технологияны өте таза кремнийден жасайды. Оны өте жоғары температурада қыздыру арқылы алады. Сондықтан да қымбат. Пленка түріндегі сол кремний күн сәулесін токқа айналдырады. Оның үстіне мұның әлі де жетіспей жатқан жақтары бар. Панель пленкалар күндіз ток бергенімен, түнде бермейді. Ол қызған кезде ауада тотыға бастайды. Уақыт өткен сайын құрамы кеміп отырады. Сондай-ақ ауада шаң бар. Сол шаң панельдерді басып, қуаттылығын кеміте береді. Қатты дауылдарда бір-біріне жалғанған жіңішке желілерінің бірі үзіліп кетсе, бәрі түгел істен шығады. Мұндай энергияның керемет істейтін жері ғарыш. Онда шаң да, жел де жоқ, төменгі температура.

Мен елімізде күн сәулесінің жылу энергиясынан және геотермальді судан ток алу бағытында ғылыми ізденістер жасап жатқан республикада жалғыз адаммын. Токтан жылу алу оп-оңай. Кез-келген кедергіге ток жіберіңізші, ол жыли бастайды. Ал сол жылудан ток алынбайды. Сталин өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Иоффе, Курчатов, Капица секілді ғалымдарды қабылдап, атом электр станциясынан алынған жылуды бірден токка айналдырыңыздар деп Ленинградтан арнайы ғылыми институт ашып берген. Бірақ ғалымдар оны шешетін әдіс таппағандықтан, токты бұрынғы тәсілдермен алып келді. Суды қыздырып, бу шығарады. Ал бу генераторды айналдырып, ток береді. Жүз жыл бұрынғы тәсіл. Содан да ғалымдар жылуды бірден токқа айналдыру мүмкін емес деп келген. Мен электрохимиялық заңдылықтарды қолдана отырып, қазір жылудан ток алып отырмын. Зертханада ашқан сол жаңалығыма Қазақстан Республикасының патентін және инновациялық патентін алдым. Бұл бүгінгі белгілі ток беруші термопара әдістерінен жүз есе тиімді. Осы тәсілді жүзеге асыру үшін Үкіметтен алты миллион теңге алдық. Өкінішке қарай, олардың көздерін жеткізу оңай болған жоқ. Барлық құпияны ашып айтуға тура келді. Егер бұл жаңалықты шетел білсе, бірнеше жүз миллиондаған ақша бөліп, біздің алдымызды орап кетуі әбден мүмкін. Алдағы жылдары өтетін ЭХРО көрмесінде осы ғылыми жұмысымызды жүргізген шағын қондырғымызды келушілер назарына ұсынсақ па деп отырмыз. Жердің астынан шыққан геотермальды ыстық су менің жаңа ғылыми тәсілім бойынша күндіз-түні ток беріп тұратын болады. Сонымен мен қазір күннің жылуынан немесе геотермальды судан үздіксіз, тұрақты берілетін ток алып отырмын.

Жалпы ғылыми жаңалықтарым үшін алған жүз алпысқа жуық патентім бар. Мен жақында электрохимиялық су сорып-айдағышты (насосты) да ойлап таптым. Қарапайым, екі-ақ электроды бар. Белгілі бір уақытта суыңызды бір ыдыстан екінші ыдысқа айдап шығарады. Қысқасы, бір сағатта қанша миллилитр су айдағыңыз келсе, соншасын айдай аласыз. Бұл сорып-айдағыш қондырғы өте аз жылдамдықпен сұйықты қозғайды. Мұның қазіргі су айдағыштардан артықшылығы да сонда. Бізде тағы бір аса маңызды ғылыми жұмыс бар. Ол нано көлеміндегі металл ұнтақтарын алу. Нано – өте ұсақтықты білдіретін атау сөзі. Қазір нано көлемдік ұнтақтар заманы. Бұрын жиырма, елу микрон болса, өте майда екен деуші едік. Қазір одан да мың есе майда заттар керек болып жатыр. Бұл өте қиын. Әсіресе мыс, платина, паладий секілді металдардан жүз, екі жүз нанометрлік ұнтақ алу оңай емес. Біз осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Әзірге нәтижеміз жаман емес. Сондай-ақ әлгінде электрохимя химия ғылымының маңызды бір саласы дедік қой. Біріншіден, қандай химиялық реакция нәтижесінде ток алуға болады? Екіншіден, электр тогын жіберу арқылы қандай химиялық реакция жүргізуге болады? Мұның осындай екі бағыты бар. Электрохимиялық әдіс бойынша өте таза металдар алуға болады. Мысалы Балқаштағы, Жезқазғандағы мыстың тазалығы 99,996 пайызбен алынуда. Бұл электрохимияның орасан зор нәтижесі.

– Әңгімеңізге рахмет!



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет