Алматы музейлеріндегі кәсіби суретшілер және олардың шығармашылығы



Дата05.07.2016
өлшемі174.1 Kb.
#180355
Алматы музейлеріндегі кәсіби суретшілер және олардың

шығармашылығы (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. ортасы)
Халқымыздың бейнелеу өнері сан ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бүгінгі таңда оның көркемдік, мəдени-рухани, əлеуметтік тарихын, заңдылығын, ерекшелігін танып-білуде шығармашылықтың маңызы зор. Қазіргі таңда бейнелеу өнер шығармаларын мəдениеттің құрамдас бөлігі негізінде айқындап, өнер түрлерінің озық үлгілерінде жинақтау, зерделі зерттеу аса маңызы мəселе болып табылады.

Қазақ бейнелеу өнерінің діңгегі саналатын суретшілер жетерлік. Олардың қалам тартқан бейнелеу және кескіндеме суреттері көбінесе еліміздің бай табиғаты мен көрікті жерлерін бейнелеген. Солардың ішінде кәсіби деңгейде деп айтуға келмесе де сурет өнерінің қазақ жеріндегі қарлығашы Шоқан Уалиханов болатын. Қазақтың ХІХ ғасырдағы бейнелеу өнері қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы этнограф,географ, фольклорист, ағартушы Ш.Уалиханов творчествасымен байланысты. Жасынан сурет салуға құмар болған Шоқанның суретшілік өнерінің ұшталуына Уалихановтар үйінде тұрған орыс ғалымдары мен геодезистерінің игі әсері болды. Омбы кадет корпусында Шоқанның сурет пәнінің мұғалімі А.Померанцевтің сабақ алып әрі ұстазының қазақ тұрмысын бейнелейтін суреттер салып еңбек жазуына ықпал етті. Шоқаннан қалған жүз елу шақты бейнелеу өнері саласындағы мұралары негізінен портреттік пейзаждық және тұрмыстық жанрдағы суреттерден тұрады, оның қаламымен, тушпен, сулы және майлы бояумен салынған суреттік туындылары Орталық Мемлекеттік музейдің қорында сақталған.

Шоқан өзі тұстас орыс ғалымдарына сіңген дәстүр бойынша, жол жазба күнделіктеріне тұрмыстық көріністер шыншыл бейнеленген түсіндірме суреттер салып отырған. Бұл суреттерінен ғалымның сезімталдылығы көрегендігімен қатар туған өлкесіне деген шынай сүйіспеншілігі аңғарылады. Оның әзірше белгілі болған «Хабар – аға», тағы да басқа лақап атпен жарияланып отырған суреттері ішіндегі ең таңдаулылыраы қатарында «Сартай сарыбағаш руынан», Боранбай портреттері, «шапан киген қырғыз», «Хамқожа күйші», «Ұлы жүздің қазақтары», «Шақырым бағамдары» суреттері жатады. Портреттерде Шоқан халықтың типін «Ұлы жүз қазақтарының, қырғыздардың, Шығыс түркістан тұрғындарының ғана нышандаумен шектелмей, әр образдың өзіне тән мінез-құлық ерекшелігіне ішкі жан дүниесінің қырларына талпынған .

Аякөз, Іле, Мерке, Қарқара бойы Күнгей, теріскей Алатау мен Хан Тәңірінің мұзарт шыңдарының бейнелеген суреттерінде Шатқалдағы керуен тас мақаласының көрінісі т.б. документті дәлдікпен образдылық тоғыстық тапқан. Ата қонысы Сырымбет қыстауының көптеген топографиялық пейзаждары елді қоныстарды бейнелейтін тарихи мәдени мәні зор еңбектер санатына жатады. «Ханшаның ескі үйінің сипаты», «жылқы үйірі», корпустан елге демалысқа барғанда жазылған суреттер, «Бақсы», «үш әйел» атты суреттер қазақтың көне тұрмысын, қазақ этнографиясын зерттеуге арналған Потаниннің дәптеріне саятшылық құрал жабдықтарын томаға, тұғыр, дауылпаз т.б. бейнелеген суреттері дәуір этнографиясының документтері болып табылады. Шоқан мұнымен бірге таңбалы тастардан Қапшағай таңбалы тасы, Тас мүсіндердің Қыз тас, Келіншек тас, Кемпіртастар көнежазулардың сыртқы сипатын қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың баға беруіне бағалауына үлкен жағдай жасады. Өз сөзімен айтқанда ең алдымен өзінің туған халқын сосын сібірді сосын бүкіл Ресейді содан кейін барлық әлемді сүйген. Қазақ халқының Ресей ісінің ұлы потриоты әрі шын мәніндегі ізгі гуманист шығыстану ілімінің құйрықты жұлдыздай көрінген Шоқан қазақ бейнелеу өнері тарихына да өшпес мұра қалдырды .

Шоқан інісі Мақының да Петербург көркемсурет академиясы профессорларынан арнай сабақ алуына мүмкіндік жасап қазақтың тұңғыш маман суретшілерінің бірінің өнер әлеміне келуіне себепкер болды. Мақы Петербургтегі саңыраулар учелищесінен білім алған соң, тілмаштық іс жүргізушілік қызметтермен қатар суретшілік өнерді де жалғастырды. Оның қол өнері саласындағы үздіктері халықаралық және бүкіл Россиялық көрмелерде қойылып бір еңбегі 1876 жылы Петербургте өткен шығыс зерттеушілерінің үшінші конгресіндегі көрмеде алтын медальды жеңіп алды. Ол негізінен үй іші жихаздық заттарындағы қазақтың ұлттық сән және қосалқы өнерінің дәстүрін еуропа үлгілерімен ұштастыра отырып тартымды ою өрнекпен әсемдеуге жол салды. Мақы туындыларында Ұлттық ою өрнек ырғақтары күрделі композициялық құрылымдарға ұласып жатады. Күш атасын танымас атты суреттен тұратын ауыл өміріндегі көркем туынды жасағандығы жайлы дерек сақталған. Мақы суреттерінің басым көпшілігі Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қорында сақталған [ 1,с. 68] .

Қазақстан территориясында кәсіптік бейнелеу өнерінің қарқынды дамуы,орыс реалистік мектеп дәстүрі бойынша тәрбиеленген, Николай Гаврилович Хлудов есімімен тығыз байланысты.1877 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Алматыда тұрған Николай Гаврилович Хлудовтың қазақтың бейнелеу өнерінде алар орны ерекше. Н.Г. Хлудов (1950-1935) қазақ халқының өрбу кезеңдері мен тұстас революциядан бұрынғы өнер мен советтік қазақстан өнеріне елу жылдан астам уақыт ат салысқан бірден бір кәсіпқой суретші болып табылады. Н.Г.Хлудов сызбашы, кейін Жетісу облыстық басқаруда межелеуші жұмысын атқарады. Геолог И.В. Игнатьева мен ботаник А.Н. Краснованың экспедицияларында топограф пен суретші қызметін атқарды және И.В. Мушкетовтың Верный жерсілкінуін зерттеу экспедициясына қатысты. Археология әүесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшесі, Орыс география қоғамының Жетісу бөлімшесін құраушы болды. 1904-1907 жылдары Н.Г. Хлудов , А.П. Зенков жобасы бойынша салынған, Әулие-Вознесенский шіркеуінің бірінші иконостасын безендірді. 1921 жылы арнайы жас суретшілерге арнап студия ашты. Кеңестік заманда Н.Г. Хлудов қазақ және қырғыз суретшілерін профессионалды сурет салуды үйретті. «Хлудов картиналары - реализм, натурализм және эмоционалды қоспа. Кейде, стилистикалық момындық қоспасы десек те болады», - деп,өзінің «Феномен степи в живописи» атты зерттеуінде Р.Ерғалиева айқындайды. Оның «Отынға аттану», «Мал айдау», «Дауылда қалғандар» (1896), «Тайынша мінген бала» (1907), «Бие сауу» (1908), «Жасауыл» атты туындылары тартымдылығымен, шыншылдығымен, байптылығымен ерекшеленеді. Орыс реалистік өнерінен үлгі алған суретшінің қазақ өлкесінің табиғат көрінісі және оның тұрғындары қазақтар хақындағы жанрлық хәм пейзаждық жұмыстары да шынайы реализм тұрғысында орындалды. Н.Г. Хлудов қазақ халқының жақсы қырларын үлкен сүйіспеншілікпен суреттеу арқылы, қазақ көрермендері жүрегінен жылы орын алған суретшілерінің бірі болып табылады [2, с. 54] .



ХХ ғасырдың 20-30 жылдары “Қазақ бейнелеу өнері шеберлері” алғашқы қадамдарын жасады. Суретшілердің шығармашылық ізденісі ерекше даму үстінде болғанмен, екі жақты қысымға түсті. Бірі – реалистік өнер мен соцреалистік реализм жасау арасындағы кереғарлық болса, екіншісі – идеологиялық сипаттағы қысым. Бірақ бұл кезде де бейнелеу өнеріндегі өткенмен, төл мәдениетпен терең байланыс орнатуға деген ұмтылыс жоғалған жоқ. Ол осы жылдары да байқалды. Бұл тазалығымен, сабырлы лирикасымен ерекшеленетін ұлттық кескіндеме мектебінің негізін қалаушы Ә.Қастеев шығармашылығында, бейнелеу өнерінің кәсіби дәрежеде дамуының алғашқы сатысынды ұлттық дәстүрге адал болып, оны жалғастырушыларға айналған суретшілер Ә.Исмаилов, ағайынды Қожықовтар кенептерінен анық көрінеді. Бұл кезде еңбек еткен суретшілердің шығармалары еркіндікті қысып таст аған тар шеңберде өзіндік дүниетаным мен ұлттың рухани дәстүрінің ерекшеліктерін көрсете алғандығымен бағалы болып қалды. Жас суретшілер кескіндеме мен графиканың кәсіптік шеберлігін меңгерді. Олар Н.И. Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.И. Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов, т.б. Өздерінің қарапайым мазмұнға құрылған алғашқы еңбектерінде елімізде болып жатқан өзекті өзгерістерді бейнелеуге ұмтылды [3, с. 93-95]

Қазақ бейнелеу өнері, соның ішінде графика саласының қалыптасуы мен өркендеуі Ә.Қастеев есімімен тығыз байланысты. Ә.Қастеев тақырыптық картиналар , өздік портретші болуымен қатар қазақстанның бай табиғатын асқан сүйіспеншілікпен бейнелеген қазақтың тұңғыш суретшілерінің бірі болып табылады [4, с. 35]

Бейнелеу саласындағы ізденістерге жол салып тұрғандай үлкен ойға жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, заман жастары үшін іздесе таптырмайтын өнер тағылымы Әбілхан ағамыздың дүниелерінен тау самалындай есіп тұр. Бұған Ә.Қастеевтің көзі тірісінде екі жүздей көрмеге ұсынған еңбектеріне берілген көрермендер пікірін айтса да жеткілікті ғой деймін. Мұрағат материалдарына көз жіберсек, кәсіби суретшінің шығармашылық еңбегіне деген шынайы ілтипат пен әділ баға айқындала түсетін тәрізді. Бір Мәскеудің өзінде өткізілген көрмесі- жиырма бес. 1934, 1941, 1944, 1945, 1946, 1949, 1950, 1952, 1954, 1957, 1958, 1960-65, 1967, 1969, 1970, 1971-72 жылдары бүкілодақтық көрмеге қатынасып, оның ішінде үш рет Ә. Қастеев шығармашылық еңбегі дербес көрмеде орын алады. 1963 - жылы Мәскеуде Әбілхан Қастеев пен О.Таңсықбаев шығармалары Шығыс халықтары өнері мұражайында орын алады. Әбілхан Қастеев шығармашылық еңбектері шетел халықтары мұрайжайларында да молынан дәріптелініп, әлем жұртшылығына оның есімі танымал болды: Қытай Халық Республикасында екі мәрте (1950, 1960), Ауғанстан, Бирма және Цейлонда (1969), Чехославакияда (1958), Канада (Монреалда) (1957), Белградта (1969), Бельгия, Мексика жєне Швеция (1969), Арменияда (1962, 1968), Душанбе (1955, 1966) жєне Вильнюс, Киев, Горький қалаларында (1966), Батыс Берлинде (1972), Латвия (Рига -1962), Қазан, Фрунзе (қазіргі Бішкекте) - 1962 жылдары, Өзбекстанда (Ташкентте - 1953, 1956, 1957, 1958, 1960, 1971- жылдары) Қазақстан бейнелеу өнері мен графикасының көрмелеріне белсене қатысады. Осы көрмелерде көрермендер өз пікірлерін емін-еркін жеткізіп отырған.Өз ғұмырында көрмелерден қалмай, көрермендер пікірін білуге ынтық болған жанның шығармашылық еңбектерінде ыстық ықылас пен сүйіспеншіліктің әрдайым жоғары болғанын қалтықсыз байқаймыз. Әбілхан Қастеевтің он еңбегі 1963 жылы Моңғол Халық Республикасында өткізілген көрмеге қойылды. МХР-ға Х.И.Наурызбаев, К.Шаяхметов, С.Мәмбеев, Е.М. Сидоркин, Г.М. Исмаилова, Қ. Телжанов картиналары да көрсетіліп, көрермендер көңілінен шығады. Әбілхан Қастеев – қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер және Қазақстан Республикасының халық суретшісі [5, с. 180].

«Қазақстан суретшілерінің VII съезді қарсаңында республика суретшілері шығармаларының көрмесі ашылды. Бұл көрмеге мен соңғы екі жыл шамасында салған он шақты туындыларыммен қатыстым. Көптен көңілімде жүретін химия тақырыбына сурет салсам деген ойымның алғашқы қарлығаштары осы көрмеден орын алды. «Фосфорит карьері», «Егінжайдағы жергілікті тыңайтқыш» деген суреттерім бұлар. Басқа суреттер өзіме баяғыдан серіктес жақын тақырыптар - табиғат, жайлау, малды ауыл көрінісіне арналған.Осы көрмеге қатыспас бұрын: «Бұл соңғы туындыларымды жұрт қалай қабылдар екен?» - деп толқумен болдым. Ендеше, осы сенім тұрғысында болудан артық шығармашылық адамдары үшін қасиетті не болмақ?! - дейді Әбілхан аға.

Әбілхан Қастеев ағамыздың бұл сөзі өнер туындысын дүниеге келтірудегі тынымсыз ізденіс пен объектіні жақсы білу керек екендігін сезінгендіктен туған. 1963 жылы 6 сәүірде, Әбілхан өнерінің білгір жанашыры, журналист-жазушы Қанап Қамбаров «Коммунизм таңы» газетінде «Мыңыншы шығарма» деген мақала жазғанды. Мыңыншы шығармасы - Әбілханның туған жерге барғандағы сәті, жер жаннаты Жетісудағы жайлауға келген автодүкен көрінісін суреттеген шығармасы.

П. Бейсенов пен Ш. Құмарова: «Халық суретшілері Әбілхан Қастеев пен А.Черкасскийдің қылқаламдарынан да бүгінгі өмір тынысын әр қайсысының мәнеріне тән жырлаған қызғылықты еңбектер туды», - деп жазады. 1952-жылы Қытай Халық Республикасында ашылған Қазақстан суретшілерінің көрмесінде Ә.Қастеевтің «Қыз тартып алу», «Қыз сатып алу», «Еріксіз некелесу», «Көкпар тарту», «Қырман тойы», «Биебау», «Венгряда» «Тау сырғанағы», «Мұз айдыны» картинасы орталыќ мұражайларға қойылған.

Оның шығармашылық өнерінің мазмұны мен көлемі халық өмірінің айнасы ретінде біздің елде өркен жайған жетістіктерді айқын суреттейді. Ол халықтың қайнаған ортасынан шығып, өмір университетінен көп үйренеді. Сондықтан да бірінші монографиялық көрменің көркемдік қана емес, тарихи-мәдени мәні бар. Қазақстандағы бірінші қазақ суретшісінің ең алғашқы көрмесі 1943-жылы Алматыда ашылады. 1949 жылы Мәскеуде өткізлген өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен суретшілерінің шығармалар көрмесінде Ә.Қастеев портретін суретші Сухов назарға ұсынады «Халық суретшісі Әбілхан Қастеев - Қазақстан кеңістігінің шын мәніндегі ақыны. Оның шынайы су бояу картиналары еңбекпен айналысып жатқан адамдар хикаяты.

Өмір сұлулығы мен адам ұлылығын жырлау-өз ағамыздың кәсіби кредосы. Әбілхан Қастеев көрермендерінің көрмеде көрсетілген шығармалары жөнінде айтқан, жазып қалдырған пікірлері мол. «Бұл суреттердің ішінде маған әсіресе ұнағаны, күшті әсер еткені мыналар болды: халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың және оның жасаған жорығы туралы суреттері өте жақсы салынған». Жазушы Ғ.Мүсірепов: «Ә.Қастеевтің тұңғыш рет Амангелді Имановтың портретін салуын ерекше атап өту лазым», - деп жазыпты [ 6,с. 288].

Суретшінің мұрасы – өз жан-дүниесінің жетегінде жүріп жетілу белгісі, туған жердің әсемдігін көрсетуге деген ынтаның белгісі, жердің белгісі, көптің белгісі. Ең басты әсемдік-табиғат пен оның заңдылықтары берген, махаббатқа толы көркем бейнелер. 30 жылдардағы қазақ совет ұлттық мәдениетінің қалыптасуына Ә.Ысмайылов елеулі еңбек сіңірді. Биші, актер, әнші, режиссер, суретші Ә.Ысмайылов атақты Г.А. Савицкийнің шәкірті болған. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, 2013 жылы 28 ақпанда Әүбәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына орай көрме өткізіледі. Ә. Ысмайыловтың туындылары 20 шақты дүние жүзі музейлерінде қойылған. Көрмеде автордың 100-ден астам көркемсіурет және графика стилінде салынған картиналары ілінді. Графикалық картиналарында Кеңесары, Абай, Құрманғазы, Жамбыл бейнеленді. Сонымен бірге, әйгілі «Жаңарған Алатау аңғары» (1942), «Көртоғай» (1955) және т.б [ 7,с. 130]

Соғыс жылдарында Қазақстан Суретшілер одағы Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьковтің көптеген кескіндемеші, мүсінші, графиктерін қабылдап, орналастырып, тапсырыстармен қамтамасыз етіп отырды. Тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныс аударып келген, қуғын-сүргінмен келген суретшілердің тақырыбы мен орындалуы жағынан әр түрлі туындылары мұражай жинақтамасына ұлттық мектептің туындылары ретінде кірді. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Суретшілер жаңа отанын сүйіп, Қазақстанның тұрмысы мен табиғатына етене араласып кетті. Сол себептен болар, соғыстан кейінгі жұмыстар – табиғат көріністері мен осы өлке тұрғындарының беткелбеттері өмір мен табиғатты, тарих пен дәстүрді суреттеген.

Ал, Ю.Зайцев (1884-1972) картиналарында шындық пен эмоционалды көңіл-күй, фигуралардың динамикасы нақты бейнеленген. Мәселен, «Түнгі Балхаш» (1935) картинасында. 20 жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған, тұңғыш профессионал суретшілердің бірі, қазақтың театр декоратция өнерінің негізін салушы, ҚазССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Құлахмет Қоңырқожаұлы Қожықов  (1914-1986) шығармашылығы ерекше. Ол Қазақ драма театрында  М.О. Әуөзовтың романы бойынша қойылған «Абай» спектаклін безендірді. «Абай» операсында 16 костюмнің үлгісін және 5 декорация (1944), сондай-ақ, «Абай әні» кинофильмінде 22 костюмінің (1945) үлгісін жасады. Ол Абайдың «Қыс», «Көктем» атты өлендеріне арнап (1944-1948) шағын иллюстрациялар салды, 1954 жылы Абайдың өлеңдер жинағынын мүқабасын, бірінші бетін, акварельмен иллюстрациялар бейнелеген, Абайдың дастан, өлең, аударма (1953) тақырыпттарына байланысты суреттер салды. Сонымен бірге, оптимистік сарынды колхозды, ауыл өмірінен «Қырман», «газет оқу» атты тақырыптарда акварельді картиналарын салды. Суретші бұл еңбектерінде, колхозшы қазақтардың коллективтік еңбек үстіндегі қарқынды ынта-жігерін шынайы бейнелейді. Қ. Қожықовтың картиналарының көбісі Мемлекеттік Орталық музей қорында және М.О. Әуезовтің музей-үйі қорында [8, с. 244-245].

Республика суретшілері мен өнертанушыларын біріктіретін ерікті шығармашылық ұйым – Қазақстан суретшілерінің ұйымы. Ұйым өз мүшелерінің көркемдік деңгейін жоғары туындылар жасауына және кәсіби шеберлігін үнемі дамытуға ықпал етеді. Ол 1933 жылы құрылды. Басқару органы – съезд, атқару органы – басқармада 12 съезд өтті.  Суретшілер одағы басқармасының төрағалары: В.Н. Сладков (1933 – 1940), Ә.Қастеев (1954 – 1956), Х.Е. Наурызбаев (1956 – 59), т.б. болды. Қазақстан Суретшілер одағының маңынан 1946 жылы Қазақстан Көркемсурет Қоры құрылды. 1934 жылы Мәскеуде шығыс халықтары бейнелеу өнері музейі, тұңғыш рет қазақ суретшілерінің кескіндемелерін өз залдарына ілді. Алматыда қазақтың көркем сурет галереясының ашылуы, қазіргі Қазақстанның мемлекеттік өнер музейінде, бейнелеу өнер саласын жаңа қарқынмен дамытуға кең жол ашты.

Осы кезеңде орыс суретшілері Г.Брылов, Л.Гербановский т.б графика саласына араласты. Қазақстан суретшілерінің 1940 жылы өткен бірінші съезінде, Қазақстандағы творчества коллективінің жұмысын қорытындылай отырып, ұлттық өнердің даму бағытын айқындап берді [8, с. 247]

1930-1950–жылдар кезеңі кеністік бесжылдық рухында ерекше көтеріңкі көңіл-күймен ерекшелінеді. Н.Соловьев (1905-1969) тәрізді шебердің шығармашылығына тоқталып кеткеніміз жөн. Тамаша бейнелеу өнерінің шебері 1905 жылы Верный қаласында дүниеге келіп, өзінің барлық шығармашылық өмірін сүйікті қаласына арнады. Н.Соловьев 1921-1923 жылдар аралығында Н.Хлудовтың студиясында Ә.Қастеев, С.Чуйков, О.Таңсықбаев, А.И. Бортников сияқты танымал дарынды суретшілермен бірге білім алды.

Қала тарихы музейінде Н.Соловьевтің кескіндемелері мен Алматы қаласы мен қала аймағының көркемдігін бейнелейтін этюдтері сақталған, «Ауладағы ешкі» «Есік көліне апаратын жол» (1959), «Медеу» атты еңбектері байырғы қала тұрғындарының көңілінде жылылық тудырып, жүрекке жақын естеліктерді оятады. Н. Соловьевтың майлы бояумен жазылған көркем туындылары оның табиғи болмысқа деген махаббатың айшықтайды, ішкі сезімі мен жоғары шығармашылық деңгейі үйлесім тауып, сұлулық сырын шертеді. Өзінің бірде-бір шығармасында, ол ақиқатқа қиянат келтірмеді: олардың барлығы өміршең, сол жылдардың нақты жағдайын көрсетеді. Н.Хлудовтың студиясында жүмыс істеген суретқшілердің бірі. А.И. Бортников, Қызылорда қаласының маңындағы Қарамшы ауылында дүниеге келді. Одесса қаласында оқуын бітіргеннен кейін, Алматы қаласында орналасқан Н.В. Гоголь атындағы көркемөнер училищесінде сабақ береді. А.И. Бортниковтың әйгілі картиналары «Хлудов на джяйлау» (1960), « Выступление Д.Фурманова на митинге мятежников в городе Верном» (1940) жатқызсақ болады [9, с. 180]

Полтавадан келген жас кескінші Л.Гербановский үшін, Алматы қаласы оның шығармашылық тағдырына айналды. Көрші республикалардағы көптеген суретшілер сияқты, Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларын тамашалап, ол жаңа кәсіби бейнелеу өнерін қалыптастыру үшін 1933 жылы Қазақстанға келді. Л.Гребановскидің үздік кескіндемеші ретінде қалыптасуына, М.Тырса, Г.С. Верейский, Е.С. Кругликова, Д.И. Митрохин сияқты кеңес заманының кескіндеме шеберлерімен шығармашылық достығы әсерін тигізді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Л.Гербановский Алматыдан майданға аттанып, 1943 жылы қаза тапты. Л.Гребановскийдің «Телеграф ғимараты» (1930), «Алматының түнгі көшелері» (1930), «Көкнәр» (1940) және т.б. кескіндемелік жұмыстары қалды. Әр шығармасын сәлған кезде шебердің қолы жеңіл әрі еркін қозғалып, оның қырағы көздерінің нысанынан әрбір детальдары назарынан қалмады.

Тума талант акварелист Ю.С. Шнейдерманның шығармалары ерекше назар аударуға тұрарлық. Ю.С. Шнейдерман Кеңес Әскерінің офицеры, кейін С.М. Киров атындағы зауытта - инженер қызметінде 35 жыл жұмыс атқарды.

Юрий Самуиловичтің жұмыстары Қазақстан, Ресей, Түркия музейлерінде қойылған. «Никольский шіркеуі жанында» (1904), «Қалаға күз келді» (1908) және т.б. барлық акварельдеріндегі, күрделі түстерге құрылған ерекше әдемі көрініс тудыратын бояулары, таңғалдырмай қоймайды. Алматы Қазақстан суретшілерінің шығармашылығында Ю.Шнейдерман үшін Алматы қаласы - шалқар шабыт пен өмірдегі толысуының қайнар көзі.

Сонымен қатар, театр суретшілерінің жұмыстары да үлкен қызығушылық тудырады. Театр және онымен байланысты театрлы-декорациялық өнер қазақтардың қанына сіңе қоймаған өнер саласы. Бірак, салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанда дамудың қысқа мерзімінде осы сала өте маңызды рөлге ие болып, қалалықтар үшін мәдениеттің ошағына айналды. Театрда ерекше типтегі суретшілер жұмыс істейді - олар дарынды, кәсіби және аса білімді мамандар.

Алматы қаласының театрлары тарихында С. Калмыков, В.Колоденко, И.Бальхозин, Т.Афанасьева, Г.Исмаилова және т.б. суретшілердің аттары мәңгі есте сақталады. Бүгінгі сахна безендіруші шеберлер өздерінің алдында сара жол салып кеткендер сияқты, театр өнеріндегі көркем сурет бағытын айнытпай сақтап отыр. Алматы қаласының тарихы музейінің топтамасындағы И.Бальхозин, Е.Тұяқовтың спектакльдерге арналған декорация эскиздері авторлардың бейнелеу өнері мен театр шығармаларының түпкі ойы (И. Бальхозин. А. Штейннің «Нөсер арасында» спектакліне арналған декорация эскиздері - 1963; Е. Тұяқов. М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектакліне арналған декорация эскиздері. – 1934) арасындағы синтездік ізденіске куә бола алады. М.О. Әуезов атындағы Казақтың Мемлекеттік Академиялық драма театрының бас суретшісі Е.Тұяқовтың декорациялары жарқын үнді түстермен қаныққан. Олар көрермендерді өзінің қанық бояуларымен ғана тартып қоймай, сонымен қатар батыл, сахнаға ішкі қозғалыс беретін белсенді ырғақпен баурайды .

Спектакльді толыққанды қабылдау, көріністегі көркем бейненің образын ашуға байланысты. Бұл жерде суретші актердің костюмі мен гримі арқылы образ жасауға қоюшы-режиссермен қатар жұмыс атқарады. Алматы қаласы музейлерде, Сергей Иванович Калмыков орны ерекше. Бүгінді күні, С.И. Калмыков шығармашылығы Қазақстаның бейнелеу өнері үшін жаңалық болып табылады. С.И. Калмыков есімі дүние жүзіне әйгілі. Самарқанд қаласында дүние келген суретші, 1935 шылы Абай атындағы опера және балет театрына 1935 жылы қоюшы-суретші жұмысына шақырады. С.И. Калмыков үшін театр шеберхана мен үй қызметін атқарады. Ол кемеңгер костюмер болған, ал түнде керемет пейзаждар салған [10, с. 38].

1950 жылдары ұлттық өнер мектебі жетіліп, кәсіби деңгейде дайындығы бар суретшілермен толысты. Олар Ленинград пен Мәскеу қалаларында білім алып келген Қ.Телжанов, М.Кенбаев, К.Шаяхметов, С.Мамбеев, Ж.Шарденов, Р.Сахи сынды суретшілер. Кенбаев, Телжанов, Мамбеев туындыларында эпикалық сипаттағы жігерлік қарқындылығы, эмоциялық әсері үдеп, барлық бөлшектердің үндестігі, қорытындылануы айқындала түсті. Олардың ұлт өмірінің шындығын суреттейтін шығармалары символикалық, азаматтық сипатымен ерекшеленіп, халыққа шабыт сыйлайды. Осы суретшілердің кенептерінде дәстүрлі сананың негізі импровизациялық дәрежеде түгел байқалады.

Х.Е. Наурызбаев жайлы айтсақ, Х.Е. Наурызбаев (1925-2009) қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі, 1969 жылы Қазақ КСР Халық суретшісі атағын алды. Оның «Амангелді портреті» (1948), «Бала Жамбыл» (1950), «Құрманғазы» (1957) және т.б. Ал, Г.Исмаилованың «Казақ КСР Халық артисі Шары Жиенкулованың портреті» (1958), «Казақ КСР Халық артисі Шолпан Джандарарбекова портреті» (1960), «Куляш Байсеитова портреті» (1962), «Дина Нурпеисова портреті» (1965), «Ә.Кастеев портреті» (1967), « М. Ауэзов портреті», «С. Муканов портреті» (1969) картиналары бар [11, с. 42] .

Суретші К.Тельжанов Алматы қаласында жоғарғы білім алып, көптеген туындыларын Алматы қаласына, қазақ жерінде болған тарихи оқиғаларға, еңбек сіңірген қайраткерлеріне арнап, керемет туындылар салған. Қ.Телжанов туындыларында дала тыныштығы мен ештеңені елемей қайнаған өмір, даланы дүбірлеткен салт аттылар, қуатты рухани динамика, белсенді қозғалыс өте күрделі әрі ерекше сабақтасқан. Оның «Атамекен» атты монументальді шығармасы символикалық қорытындыланған бейнеге айналды. Бұл тың игеруге арналған шығарма. Композиция жағынан өте қатқыл, сараң бұл туынды іштей жанып тұрған таласты білдіреді. Сұр бұлт басқан аспан; желмен сусылдаған биік шөп; ақ, сары, қоңыр түсті жағыстар шиеленісті, баба мен бала арасындағы өткір кеңестің сырын ашады. Суретші уақытты бөлшектемей, ұлттың өзіндік санасына айқара жол ашып, өткен өмір өнегесін, бүгіннің тірлігін, келешектің күнін түйіндестіреді. Ол барлық туындыларында ұлттық мәдениеттен қол үзбеуге тырысып, ұлттық өмір сюжеттерін сол күйінде бейнелейді. Қазақ халқының ұлттық ойындарына арналған «Қыз қуу», «Көкпар», «Бәйге», «Бүркітпен аңға шығу»,атты туындылары бір жүйеге бірігіп ортақ идеяны береді. Сонымен бірге, Амангельді Иманов» (1953), «Алғаш» (1954), «Жамал», «Әмина әже», «Домра әуені» (1955), «Көкпар» (1960) және т.б картиналары қазақ халқының колоритін толықтай көрсетеді [ 11, с. 48-52]

Өнердің өнер иесіне берер ең керемет сыйы – суреткер өмірінің ұрпақтар жадында жалғасын табуы, ал егер ол аса дарынды, данышпан болса, мәңгілік естелікке айналуында.

Қазақстан бейнелеу өнеріне ұлт суретшілерінің келуі, ұлттық дүниетанымда қазақ мәдениетінде жаңаша көркемсуреттік-пластика тілімен беруді әкелді. Біз бүгінгі күнгі жағдайларға терең толғаныспен қарай отырып өткенге де қатқыл көзқарас көрсеткенмен, қазіргі буын осы - ауыр да қуанышты және бақытты жолды бастағандарға тағзым етіп, қайта қауышып отыруға әуес [ 12, с. 125] .

Қорытындылай келгенде, халқымыздың бейнелеу өнері сан ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бүгінгі таңда оның көркемдік, мəдени-рухани, əлеуметтік тарихын, заңдылығын, ерекшелігін танып-білуде суретшілердің шығармашылығының маңызы зор. Қазіргі таңда, бейнелеу өнер шығармалары, мəдениеттің құрамдас бөлігі ретігде айқындалып, өнер түрлерінің озық үлгілері жинақталып және суретшілердің туындыларын зерделеу, зерттеу аса маңызды болып табылады.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Бейсенбайұлы Ж. Шоқан (серия «Личность и время»), – Алматы, 2009.

  2. Ергалиева Р. Феномен степи в живописи. Арда. ­­­­­­­– Алматы, 2009.

  3. Сарыкулова Г. Искусство Казахской ССР. – Алматы, 1972.

  4. Сарыкулова Г. Двоенное творчество А. Кастеева. «Искусство», –Алматы, 1976.

  5. Бориев А. Навстречу мечте (документальная повесть о А.Кастееве). –Алма-Ата, 1982.

  6. Әбілхан аға. Құрастырған Бәзілжан Асылжанов. «Жалын баспасы» ЖШС, – Алматы, 2003.

  7. Павлов П. Сарыкулова Г. О казахской живописи. // Искусство. –1959. № 2.

  8. Очерки истории изобразительного искусства Казахстана. – Алма-Ата: «Наука» Каз ССР, 1977.

  9. Изобразительное искусство Казахстана. – М.: Сов. худож., 1974.

  10. Гусева М. Советское искусство. Искусство Казахской ССР – М.: Сов. худож., 1963.

  11. Ергалиева Р. Идея независимости в живописи Казахстана (1950-60г.г.) - Алматы, 2011.

  12. Р.Қарғабекова, Г.Жубаниязова. «Бейнелеу өнерінің тарихы». – Алматы, 2004.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет