Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


Әлемдік әдебиеттануда қалалық прозаның зерттелуі



бет13/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

1.3 Әлемдік әдебиеттануда қалалық прозаның зерттелуі
Қала ерте замандардан бері адам қызметінің жан-жақты, үнемі өзгеріп отыратын нәтижесі ретінде көптеген ғалымдардың назарын аударып келеді. Қала – бұл адамдардың көп шоғырланатын орны, материалдық және рухани мәдениеттің орталығы және елдің экономикалық және саяси өмірінің байланыстарының бірі. Жоғарыда айтылғандарға байланысты қала ғылымның әртүрлі салаларының: саясаттану мен әлеуметтанудың, тарих пен философияның, сондай-ақ мәдениеттану, экономика, географияның зерттеу пәні болып табылады. Қаланың әмбебаптығы сонымен қатар суретшілер, мүсіншілер, сәулетшілер мен жазушылардың қызметі үшін айтарлықтай өріс ашады.
Әлемдік әдебиеттануда қала тақырыбына және қалалық үрдістердің өнердегі көрінісіне байланысты зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Зерттеушілер «қалаулы ауыл» мен «қорқынышты қала» арасындағы қарама-қайшылықты және олардың ежелгі дәуірден бастап, қазіргі уақытқа дейінгі еуропалық мәдениеттегі мағынасын әртүрлі аспектілерде қарастыруда (Ф. Зенгле «Қалаулы ауыл мен қорқынышты қала образы» (F. Sengle «Wunschbild Land und Schreckbild Stadt»); Р. Уильямс «Ауыл мен қала» (R. Williams «The country and the city»); У. Кнопфлмахер «Қала мен ауыл арасындағы роман» (U. Knopflmacher «The novel between city and country»); қаланы шығармалардағы орталық тақырыптардың проекциясы ретінде, қала мен ауыл кеңістігінің мәселесін идеалды утопиялық кеңістік ретінде қарастыруда (Б. Поли «Американдық роман 1865-1917: Шекара мен қала мифологиясы» (B. Poli «Le roman american, 1865-1917: Mythes de la frontiere et de la ville»); Г. Стэндж «Шошынған ақындар» (G. Stange «The frightened poets»; Ф. Уоткинс «Уақыт пен кеңістікте: Американдық романның шығу тегі туралы» (F. Watkins «In time and space: Some origin of American fiction») және т.б.).
Шетелдік ғалымдар жазған еңбектердің ішінен келесі зерттеу жұмыстарын ерекше атап өту керек: Д. Фангер «Достоевский және романтикалық реализм. Достоевскийді Бальзак, Диккенс және Гоголь контекстінде зерттеу» (D. Fanger «Dostoevsky and Romantic Realism. A Stady of Dostoevsky in Relation to Balthac, Dickens and Gogol») [32] және Б. Пайк «Қазіргі әдебиеттегі қала образы» (В. Pike «Image of the city in modern literature») [33]. Жоғарыда аталған еңбекте әдебиеттанушы Д. Фангер Гоголь, Достоевский, Бальзак пен Диккенсте көркемдік шешімін тапқан астаналық-еуропалық ортада құмар жындар басып алған жын-перілер қаласын («Беньян немесе Иоанна Златоусттың «рухани қаласы») егжей-тегжейлі сипаттайды [32].
Американдық зерттеуші Б. Пайктың кітабында еуропалық әдеби дәстүрде қала ұғымы қарама-қайшы және көбінесе полярлық қатынастардың өзара әрекеті арқылы қарастырылады. Бір жағынан, бұл өркениеттің дамуының нәтижесі, жинақталған білім мен байлықтың қоймасы, ал екінші жағынан, адамгершілік пен рухани құлдыраудың көзі. Әдебиеттанушы қаланы әлеуметтік-психологиялық ағза және кеңістіктік және уақыттық өлшемдердегі мифологиялық құрылым ретінде талдайды [33].
Шетелдік зерттеушілер өз еңбектерінде қаланы «модернизм локусы» («locus of modernism») ретінде ерекше көзқараста қарайды және соның нәтижесінде модернизм стилі қала әдебиетінің стилі болып игерілді. Оған Ф. Майерхеффердің «Жауланбаған қала: Әдебиеттегі урбанизация мәселесі» (F. Maierhofer «Die unbewaltige Stadt: Zum problem der Urbanisation in der literatur»), В. Шарп пен Л. Уоллектің «Қалаға саяхат» (W. Sharpe, L. Wallock «Visions of City») зерттеу еңбектері дәлел.
Орыс әдебиеттану ғылымында қала-әдебиет мәселелеріне деген қызығушылық ХІХ ғасырда пайда бола бастады (Ф. Глинканың «Қала және ауыл» («Город и деревня») очеркі, В. Белинский, А. Григорьевтің мақалалары және т.б.). Сондай-ақ, авторлар белгілі бір өмір кезеңдеріне қатысты материалдарды, белгілі бір кейіпкерлерді, қақтығыстар жүйесін зерттеумен шектелмей, жекелеген мақалаларында қала немесе ауыл образындағы шындықты түсінудің ерекшеліктерін негіздеді. XIX ғасырда жеке тұлғаның екі түрлі концепциясы тәрізді және кеңістік-уақыт координаттары ретінде ауыл мен қала бір-біріне қарама-қарсы қойыла бастағанын атап өту өте маңызды.
XIX ғасыр жазушыларының тұжырымдамалары жанрлық ерекшеліктері тұрғысынан да жіктеледі. Осылайша, А. Григорьев «ерекше петербургтік әдебиет» туралы жазады [34], «петербургтік» терминін жанрды анықтаушы ретінде басқа сөз суреткерлері өз шығармаларында бекітеді: А.С. Пушкиннің «Мыс салт аттысы» («Петербургтік хикаясы»); Н.В. Гогольдің «Петербург повестері»; Ф.М. Достоевскийдің «Егіз» («Петербург поэмасы») және т.б. Бұл дәстүр ХХ ғасырдың 90-жылдарында да сақталды.
ХХ ғасырдың басында қала-әдебиет мәселесіне Д.С. Мережковский («Л. Толстой мен Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығы»), В. Брюсов («Некрасов қала ақыны ретінде»), А. Белый («Гогольдің шеберлігі») да ден қойды. Өз кітабында символист сыншы «Соғыс және бейбітшілік» («Война и мир») және «Қылмыс пен жаза» («Преступление и наказание») романдарының авторларын тек «тәннің көріпкелі» мен «рухтың көріпкелі» ретінде ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің әртүрлі түрлеріне (ауылшаруашылық және қалыптасып келе жатқан қалалық) жататын сөз зергерлері ретінде де салыстырады.
XIX ғасырдағы бірқатар жазушылар шығармаларындағы шындықты Петербург образында қабылдау ерекшеліктерін Д.С. Мережковский, одан соң В. Брюсов, А. Белый да қарастырған болатын. Символизмнің негізін қалаушылардың бірі «Некрасов қала ақыны ретінде» («Некрасов как поэт города») (1912) атты мақаласында «Есік алдындағы ойлар» («Размышления у парадного подъезда»), «Ауа-райы туралы» («О погоде») өлеңдер авторының солтүстік астанаға арнаған лирикасының урбанистік сипатын атап өтеді. В. Брюсовтың пікірінше, алдымен петербургтік тақырып әлеуметтік аспектіде (кедей қалалықтардың өмірі) беріліп, ақынның сөйлеу мәнерінің «асығыс, өткір, біздің ғасырға тән» қалалық құрылымында көрініс табады [35].
Жоғарыда аталған сөз зергерлері «жазушы және қала» тақырыбына енді ғана жол сала бастаған еді, бұл саладағы ізашар ретінде «Петербург жаны» («Душа Петербурга») (1922), «Достоевскийдің Петербургі» («Петербург Достоевского») (1923), «Петербургтің шындығы мен жалғаны» («Быль и миф Петербурга») (1924) кітаптарының авторы Н.П. Анциферовті тануымызға болады. Ғалым өз еңбектерінде зерттеудің екі маңызды ұстанымдарын тұжырымдап, тәжірибе жүзінде қолданды: жазушылар мен ақындардың шығармаларындағы қала образын анықтау және шығарма мәтіндеріндегі урбанистік ортаның көрінісін талдау. Ғалым Н.П. Анциферов «Петербург жаны» («Душа Петербурга») кітабында Сумароковтан бастап, А. Блок, А. Ахматова, В. Маяковскийге дейінгі, «қала образының даму кезеңдерін» атап көрсетеді [7, с. 48]. Ғалымның кітаптарында әдебиеттануда өз жалғасын тапқан «жазушы және қала» тақырыбының аспектілері айқын анықталды. Ең маңыздыларының бірі: Петербургтің басқа қалалармен байланысы; табиғат күштері себебінен қала өлімінің мотивіне айналатын адамзат жаратылысының табиғи күштермен күресі мотиві; солтүстік астананың сипаттамалық ерекшеліктерінің жеке көрсетілуі (қасақаналық, алаңдаушылық, қайғылылық, алдамшылық, қиял-ғажайыптылық, екі жақтылық); табиғи, ландшафтты және сәулеттік құрылымның сипаттамасы; Нева бойындағы қала образындағы сабақтастық пен дәстүр; Мыс салт атты бейне-символының эволюциясы; «Петербургтік» мифтер және т.б.
ХХ ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай құрылымдық семиотикалық мектептің дәстүрінде «мәскеулік мәтін» ұғымы әзірленді. Орыс ғалымдары (Ю.М. Лотман, И.С. Веселова, Е.Е. Левкиевская, Н.Е. Меднис, С.А. Небольсин, И.Г. Нечипоров, Т.М. Николаева, Н.П. Анциферов) мен шетелдік ғалымдар (С. Бурини, С. Диккинсон) XIX-XX ғасырлардағы орыс әдебиетінің кеңістіктік бейнелері жүйесінде Мәскеу қаласының орыны ерекше болғандығын атап өтеді. Ғалым В.Н. Топоров енгізген «петербургтік мәтін» ұғымымен қатар зерттеушілер «мәскеулік мәтін» ұғымын енгізеді.
ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиетінің тағы бір әдеби бағытының өкілдері – акмеистер де қалаға мәдени-тарихи құбылыс ретінде қызығушылық танытты. Зерттеушілер А. Ахматованың, О. Мандельштамның Петербургі туралы; О. Мандельштамның Мәскеуі, Римі туралы жазды.
Петербургтің (және кеңірек қала) және символизмнің әдеби бағыт ретіндегі мәселесі ғалымдардың назарына алынды. Алғашқы кезекте В. Брюсовтың урбанизмі және А. Блоктың және А. Белыйдың шығармашылықтары зерттеу нысанына алынды.
Орыс әдебиеттануында қалалық проза ХХІ ғасырдың басында жүйелі түрде зерттеле бастады. Зерттеуші А.В. Шаравиннің «ХХ ғасырдың 70-80 жж. қалалық проза» («Городская проза 70-80-х гг. ХХ в.») тақырыбындағы докторлық диссертациясында қала образының әлем әдебиетінде маңызды рөл атқаратындығы айтылады: «Д. Бокаччоның әйгілі «Декамерон» новеллалар жинағынан бастап, көптеген туындылардың, соның ішінде әлемдік жауһарлардың пайда болуына қалалар үлкен рөл атқарды деп толық сеніммен айта аламыз. О. Бальзактың «Горио әке» («Отец Горио»), Ч. Диккенстің «Дэвид Копперфилд» («Дэвид Копперфильд»), Ф. Достоевскийдің «Есуас» («Идиот»), А. Камюдің «Оба» («Чума»), А. Белыйдың «Петербург», Д. Пассостың «Манхэттэн» шығармалары қалалық өркениеттің жемісі болып табылады» [4, с. 3]. Зерттеуші орыс әдебиетіне қалалық проза терминінің ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап енгендігін теориялық негізде дәлелдейді.
Зерттеуші А.С. Меркулованың «Қазіргі орыс прозасындағы қала туралы миф: Д. Липскеровтың «Чанчжоудың қырық жылдығы» және Ю. Буйданың «Палачтар қаласы» романы» («Миф о городе в современной русской прозе: романы Д. Липскерова «Сорок лет Чанчжоэ» и роман Ю. Буйды «Город Палачей»») тақырыбындағы кандидаттық диссертациясының негізгі материалы ретінде Д. Липскеровтың «Чанчжоудың қырық жылдығы» (1995) романы мен Ю. Буйданың «Палачтар қаласы» (2003) романы алынған [36]. Автор қаланың образын мифопоэтика тұрғысынан түсіндіреді: «... қазіргі жазушылардың шығармаларында өнер мен әдебиетте бұрыннан қалыптасқан қала туралы миф автордың ғалам мен тарих туралы идеяларын қамтитын әмбебап әлем моделі ретінде белсенді түрде жанданды. Көптеген көркем шығармалардың негізінде белгілі бір метафизикалық қала туралы жалпы мономиф жатыр. Бұл жағдайда қала «әмбебап локус» («locus universalis») ретінде көрінеді. Авторлар тарихи және географиялық ұғым ретіндегі қаладан «қала – метафораға», белгілі бір ғарыштық параметрлері бар образға ден қоюда» [36, с. 3].
Әдебиеттанушы Т.В. Завердің «ХХ ғасырдың 2-ші жартысындағы орыс қалалық прозасы кейіпкерлерінің баспанасы мен баспанасыздығы» («Дом и бездомье героев русской городской прозы 2-ой половины ХХ века») тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиетіндегі қалалық проза қарастырылған. Автор қалалық проза терминінің толық сипаттамасын ұсынады: ««қалалық проза» терминін тек тақырыптық өлшеммен ғана шектеуге болмайды. Қалалық прозаны анықтаудың эстетикалық кодына «қала тақырыбының тұжырымдамасы»; «қала – ауыл прозасының оппозициясы»; көркем мәтіндерде қала образының; белгілі бір мотивтердің; жанрлық модификациялардың болуы жатады» [37]. Бұл жұмыста әдебиеттанушы ХХ ғасырдың 2-ші жартысындағы қала тақырыбында жазылған прозалық шығармалардан жалғыздық, жатсыну, қорқыныш сияқты экзистенциалистік мотивтерді анықтайды. Зерттеуші келтірілген мысалдардың негізінде мотивтік спектрге экзистенциализм философиясы мен жазушылардың экзистенциалды тәжірибесінен басқа, олардың өмірдің әлеуметтік және жеке жағдайларына байланысты қалыптасқан рухани тарихы, уақыттың тынысын сезінуі және көрсете білуі де әсер еткенін дәлелдейді.
Соңғы жылдары орыс әдебиеттанушылары қалалық прозадағы экзистенциалистік мотивтерге көбірек көңіл бөлуде. Бұған зерттеуші Л. Григорьеваның «Д. Кузнецовтің қалалық мәтініндегі Петербургтің құрамдас бөлігі» («О Петербургской составляющей городского текста Д. Кузнецова») [38], зерттеуші Е.В. Крикливецтің «В. Астафьев пен В. Козьконың прозасындағы баспанасыздық әлеуметтік және экзистенциалды трагедия ретінде» («Бездомность как социальная и экзистенциальная трагедия в прозе В. Астафьева и В. Козько») [39], зерттеуші В.Б. Белукованың «Юрий Карабчиевскийдің қалалық прозасындағы экзистенциалды мотивтер» («Экзистенциальные мотивы в городской прозе Юрия Карабчиевского») [40], әдебиеттанушы Т.В. Завердің «ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы орыс қалалық прозасындағы үйдегі өлім» («Смерть дома в русской городской прозе 60-70-х годов ХХ века») [41] және т.б. мақалалар мысал бола алады.
Зерттеуші Л. Григорьеваның «Д. Кузнецовтің қалалық мәтініндегі Петербургтің құрамдас бөлігі» («О Петербургской составляющей городского текста Д. Кузнецова») мақаласында жазушы Дмитрий Кузнецовтың прозасы петербургтік проза контекстінде қарастырылады. Мақала авторы кейіпкерлердің қалаға бауыр басу мотивін басты назарға алады [38, с. 187].
Ал, зерттеуші Е.В. Крикливецтің «В. Астафьев пен В. Козьконың прозасындағы баспанасыздық әлеуметтік және экзистенциалды трагедия ретінде» («Бездомность как социальная и экзистенциальная трагедия в прозе В. Астафьева и В. Козько») тақырыбындағы мақаласында В. Астафьев пен В. Козьконың көркем прозасынан баспанасыздық мәселесінің берілу ерекшеліктерін анықтау мақсат етілген. Ғалым баспана модельдерінің бірі болмаған жағдайда (баспана-отбасы, баспана-Отан) жеке тұлғаның үйлесімді дамуы бұзылады, қоғамға бейімделуі қиынға соғады және эмоционалды алаңдаушылық тудырады деген қорытындыға келеді [39, с. 135].
Зерттеуші В.Б. Белукованың «Юрий Карабчиевскийдің қалалық прозасындағы экзистенциалды мотивтер» («Экзистенциальные мотивы в городской прозе Юрия Карабчиевского») тақырыбындағы зерттеу жұмысында жазушы Юрий Карабчиевскийдің ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жазылған прозалық шығармаларындағы экзистенциалистік мотивтер алынған. Қала тақырыбында жазылған бұл шығармалардағы өмір мен өлім, өмірдің мәні және оны жоғалту, бостандық пен жауапкершілік, адамның жалғыздығы мәселелері талданған [40, с. 75].
Әдебиеттанушы Т.В. Завердің «ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы орыс қалалық прозасындағы үйдегі өлім» («Смерть дома в русской городской прозе 60-70-х годов ХХ века») атты зерттеуінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жазылған қалалық прозадағы үйдегі өлім мотивінің қалыптасу ерекшеліктері қарастырылған. Автор экзистенциализмнің ХХ ғасыр прозасына тигізген әсерін орыс жазушылары Ю. Трифоновтың, Б. Ямпольскийдің, А. Битовтың және В. Маканиннің романдары мен әңгімелерінің негізінде зерттейді [41, с. 76].
Зерттеу жұмысымыздың бірінші бөлімінде көркем шығарманы модельдеудің теориялық және тарихи аспектілеріне, әлем әдебиетінде қалалық прозаның дамуы мен зерттелуіне тоқталдық. Зерттеу жұмысымыздың келесі бөлімінде қазақ әдебиетінде қаланың суреттелу ерекшеліктерін, қалалық кейіпкерлердің психологиясын қарастыратын боламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет