«Ана тілі – қадірлеп ұстайтын байлық»
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте.
(Қадыр Мырзалиев).
«Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін!» – деп , ақын Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңылмаспыз.
Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуге міндеттіміз. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.
“Тіл туралы” заңдағы “Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы” – деген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп анық жазған, Ата Заңымыздан туындаған “Тіл туралы” Қазақстан Республикасының заңында да осы жағдай берік қамтылған.
«Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмайды. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, дәріптеуіміз, насихаттаумыз керек. Қазақ халқының ақын, жазушылары, шешендері өте көп. Олар қазақ тілінде еркін сөйлейді, өз ойын толық айта алады, өйткені қазақ тілі - өте бай тіл. Ана тілі ана сүтіндей өте қасиетті. Қазіргі жастардың бір қатары ана тілін білмейді, құрметтемейді. Ал кейбіреулері бірінші орынға шет тілдерін қойып қазақ тілі қазағымыздың байлығы екенін білмейді. Сол үшін біз қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек, басқа ұлттарға үлгі көрсетуіміз керек. Тілсіз білім жоқ, ал білім - өмірдің шырағы. Соған орай қазақта “Білім кілті - тіл” деген мақал бар. Бұл әдебиетті, ғылым білімді мәдениетті өркендетеді деген ұғым.
Оған қоса мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі.
«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып – қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да аузын толтырып айтады. Қазақ сөзі қашан да даланың қоңыр желіндей еркін есіп тұрады. Жалпы халықтық қасиеті күшті, жатық та түсінікті қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Өзінің тыңдаушысын бірден баурап әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің,» - дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов.
“Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс.
Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт - санамыз бен дініміз де осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отан сүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз ешқашан қол қусырып отырған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл мәртебесін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ата – бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елбасымыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Ендігі мақсатымыз –ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі - өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің басты құралы, қуатты қаруы.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде шетқақпай болған тілімізге ілесе халқымыздың ұлттық рух, дәстүр – салтының ұмытыла бастауы өтірік емес. Ең жаманы еліміздің бүгіні-ертеңі жастарымыз ғана емес, егде адамдарымызда орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды шығарды. Әлемдегі ең бай да сұлу, әуезді де салтанатты тіліміздің қадір-қасиетін менсінбейтін халге түсті. «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз»- деген Шоқан Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай.
Елімізде ауызекі сөйлесу тілі болып әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік құруда. Өз отбасында ана тілінде сөйлейтін отбасылардың саны аз. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп болды. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Келешегінің кемелді болуы үшін қазақ тілін де үйренулері қажет. Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі еліміз тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдың ішінде батыл айтылып келеді. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік ұлт саясатында ұстанып отырған бағыттары арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайы алдыңғы орында тұр.
Тіліміздің мемлекеттік дәреже алуына байланысты қазіргі кезде практикалық жағына да, теориялық жағына да көптеген нәтижелерге жетіп жатырмыз. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Себебі, әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі. Ана тілінде таза сөйлеу, оған деген оң көзқарас ең зор адамдық, мәдениеттілік, тәрбиелілік болып саналады. Тіл мен қарым қатынас біріккенде ғана сыйластық, достық, адамгершілік пайда болады. Мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сонда мемлекеттік тіл – татулық тірегі болды деп айтамыз. Қазір тілдің тағдырын шешпесек, оның тізгінін қолымызды ұстасақ, еліміз мемлекет бола алмайды, ол ол ма, келешек ұрпақ – біздің балаларымыз, немерелеріміз тілді білмей қалады, мәңгүрттенеді. Содан барып мемлекетіміздің жағдайы мүшкіл халге ұшырайды. Ондай күн елімізде ешқашан болмасын деп тілейік ағайын.
Мемлекеттік тілімізді мейлінше кемелдендіруге, осы күні қаны жерге таңбай тұрған аса ділгір мәселе – тіліміздің мәртебесін ту етіп көтеруге қосылған үлкен үлес.
Ана тілін қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз отанының нағыз патриоты етіп тәрбиелеу – бәрімізге ортақ, қасиетті парыз.
Осы кезде Паустовскийдің: “Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келеді.
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезіңнен басталуы тиіс. Айналаңды танып білу, туған тіліңді білуден басталады.
Тілді үйрену - өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан – дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық. Тілді оқулықтан үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады.Қазақ тілі туған тілім екендігіне өте қуаныштымын және мақтан етемін.
Достарыңызбен бөлісу: |