Антропоөзектік парадигма: көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті


Д. Исабеков шығармаларындағы тілдік бірліктердің коммуникативтік-прагматикалық қызметі



бет20/68
Дата30.05.2023
өлшемі0.64 Mb.
#474475
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   68
Антропоөзектік парадигма көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық әлеуеті (Д. Исабеков шығармаларының негізінде)

Д. Исабеков шығармаларындағы тілдік бірліктердің коммуникативтік-прагматикалық қызметі


Көркем шығарма – көп қабаттан құралатын күрделі құбылыс. Автордың дүниетанымы, ой-қиялы, өмірлік тәжірибесі, тілдік қабілеті арқылы жүзеге асқан идеясының арқасында көркем шығарма оқырман жүрегіне жетеді.
«Автор – кейіпкер – оқырман» жүйесінің тұтасуы арқылы жазушы ойы үлкен шығармаға айналады.
Автор – идеяның иесі, оқиғаны құрастырушы, оқырманға туындыны жеткізуші. Сонымен қатар ол – кейіпкерлерді оқиға заманына апарып, түрлі қимыл-әрекеттермен сипаттап, оқиға желісімен өмір сүруге ықпалын тигізетін тұлға. Автор өз идеясын кейіпкерлердің сөзі арқылы жүзеге асырады.
«Кейіпкер – көркем шығармада суреттелетін оқиғаға қатысушы адам, әдеби образ. Әдебиетте адамның көркем бейнесін жасағанда, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттарымен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктері де анық байқалатындай етіп суреттейді» [99]. Яғни автор әрбір кейіпкерді өзінің танымындағы ерекшелігіне сай тұлға ретінде оқырманға ұсынуы автор мен кейіпкердің бір-бірінен ажырамас ұғымдар екенін дәлелдейді. Сол себепті
көркем шығарма тілін зерттеу дегеніміз автордың, яғни жазушының тұлғасы мен болмысына тән тілін зерттеу болып табылады.
Көркем шығарманың мазмұны сюжетке толы оқиғалар тізбегінен, кейіпкерлер өмірінен, бір-бірімен алмасып отыратын әрекет-жағдайлардан тұратыны баршаға белгілі. Дегенмен, соның бәрін бейнелеп жеткізетін, кейіпкерлерді сөйлететін, оқиғаны өрбітетін, оқырманға әсерлі етіп жеткізетін автор екенін жоғарыда көрсетуге тырыстық. Кейіпкердің болмысы мен мінезі, дүниетанымы, түсінігі, сөйлеу тілі ең алдымен автордың қиялына байланысты. Десек те, кейде автор қиялынан туындамайтын, тарихи шындықты, болған оқиғаны суреттеуде автор қиялына бағынбайтын кездер де болады. Қазіргі таңда «әлеуметтік, этикалық мәселелерді, автордың орны мен оқырманның ара қатынасын, оқиғалардың қызметі, шығарманың баяндалуы мен тілін» қарастыратын нарратология деген сала бар. Ол Р. Барт, Ж. Женетт, М. Риффатер, А. Прието, М. Лотманның мен Р. Якобсонның [100] тұжырымдары негізінде қалыптасқан.
Автор мен кейіпкер әлемін зерттейтін нарратология саласы бүгінде ғылымға көптеген жаңалықтарды әкелуде. Неміс ғалымы В. Шмидт
«Нарратология» [101] атты еңбегінде автор, оқырман, нарратор мәселелеріне жан-жақты зерттеулер жүргізген. Ғалым оқырманға наррататор деген атау беріп, оның абстрактілі және жалған түрлерін ажыратып көрсеткен. Көркем шығарманы баяндауда ең негізгі функцияны осы нарратор атқарады. Ол шығармада әңгімеші, әңгімені баяндаушы болып табылады. Сонымен қоса нақтылы автор деген мағына береді. Осы нарратология саласының негізгі нысандарының бірі болып табылатын автор көркем шығармада екі түрлі бейнеде оқырманға танылады. Бірі – баяншы болса, екіншісі – әңгімеші. Автор баяншы болған жағдайда оқиға желісі үшінші жақта баяндалады.
Мәселен, зерттеу жұмысымызға негіз болып отырған Д. Исабековтің «Қара шаңырақ» әңгімесінде оқиға үшінші жақта баяндалады. Автор баяншы ретінде оқиға желісін әңгімелейді. Мысалы: «Ол майқамдалған пәлектерді жөндеп, ит жеп кеткен қауындарды анадайда ағып жатқан арыққа лақтырды. Домаланған ақ торламаларды бір жерге үйіп болып, қыр басынан қылтиып көрінген күнге қарап белбеуінің ұшымен бетінің терін сүртті. Тері басылып, денесі салқындаған соң құлақ арықтағы, сылдырап ағып жатқан мөп-мөлдір мұздай сумен бетін жуды. Сонан кейін қауындық басына кеше кешкілік арқандап кеткен көк есекке тоқым салып, айылын тартты да, қауын тола екі қапты қоржын етіп артып, иесінің тым ерте әбігерге салғанына наразылық білдіргендей басын төмен салбыратып әлі самарқау тұрған есекті «ықы, арам қатқырдеп су арқанның ұшымен тартып жіберді. Иесінің әлденеге ашулы екенін біле қалған әккі есек бірден сергіп, типыңдаған жорғасына басып үйренген жолдың шаңын будақтата үйге тартты» [93, 15 б.].
Көріп отырғанымыздай, баяншы оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін өзінше баяндау арқылы ашады. Баяншы кейіпкер де, автор да емес, ол – көркем шығармадағы прагматикалық қызмет. Жалпы алғанда, автордың баяншы қызметін пайдалануы шығарма мазмұнына шынайылық беруге қатысты
прагматикалық амал деп түсінуге болады. Келтірілген мысалдан көріп отырғанымыздай, баяншының тіліндегі прагматикалық тілдік бірліктер ретінде етістік тұлғалардың (жедел өткен шақтағы) қолданысы автордың (баяншының) мақсатынан туындап, оқырманға баяндау мақсатын жеткізуге коммуникативтік қызмет етіп отыр. Жалпы функционалдық стильдердің қай-қайсысында болмасын етістіктер маңызды коммуникативтік рөлге ие доминант сөз табы болып табылады. Етістік категориясы кез келген стильдің стильдік жаны десек те болады. Бұл аталған сөздер тобының өзге сөз таптарына қарағанда қимыл- әрекетті білдірудегі мағыналық реңктерінің сан алуандығымен, әр түрлі грамматикалық формалармен түрленгіштігімен, сөйлемде өзге сөздермен тіркесу мүмкіндігінің молдығымен, сонымен қатар ешқандай синтаксистік қатынасқа түспей жеке тұрып-ақ эмоционалды-экспрессивті мәнге ие болу қасиетімен байланысты болса керек. Сөз таптарының прагмастилистикасын зерттеген профессор Д. Әлкебаева функционалдық стильдерде етістіктің бірдей рөл атқара алмайтынын, ресми мәтіндерде етістіктің қолданылу сипаты шектеулі, ал көркем әдебиетте оның үш есеге өсіп отыратынын айтады: «...Жақ, шақ, рай, етіс категориялары арқылы өмір құбылыстарына қатысты қозғалыстың сан алуан әрекетін сөз таптарының ішінде етістік қана бере алады» [102, 163 б.].
Көркем туындының бір кейіпкері оқиғаны оқырманға тартымды әрі әсерлі суреттейтін болса, онда әңгімеші болғаны. Д. Исабековтің «Ағайындылар» әңгімесінің әңгімеленуі соған дәлел: «Ойыма сонау Жамалмен қосылған кезім орала кетті. Той-думан тарқап, кісі аяғы басылған соң, біз үйреншікті жұмысымызға кірістік те, ағамның үй-ішімен тату-тәтті өміріміз жалғаса берді. Арада санаулы күн өткен соң-ақ, Жамал олармен кәдімгідей үйренісіп кетті. Бұрын ағамның балаларымен алысып-жұлысып, күлдіріп, жылатып дегендей у-ду өмірге үйреніп қалғаным ба, қарсы бөлмеде балалардың шуын естіп, бөлек үйде жым-жырт жата алмадым» [93, 205 б.]. Бұл арада оқиғаны оқырманға әңгімелеп отырған – Нұржанның інісі Камал. Яғни автор кейіпкер тілі арқылы сөйлеп тұр. Автордың баяншы я болмаса әңгімеші болуын зерттеу нысанына айналдырған нарратология саласы бұлардың қатарына нарратор терминін қосқан. «Нарратор  көркем туындыда тарихты мазмұндау, оқиғаны баяндау қызметтері бөлінген тұлға» [101].
Оқырманға тартымды туынды сыйлап, кейіпкерлерге жан бітіретін автор болғандықтан, көркем туындыны зерттеу қашанда жазушының тілін зерттеумен тікелей байланысты екеніне жоғарыда назар аудардық. Себебі әр жазушы өзінің сөз қолданысы, сөз әрлеуі, бір сөзбен айтқанда, стилі арқылы ерекшеленеді. Жалпы стиль дегеніміз (лат. stylus, грек. stylos – жазуға арналған таяқша) – қаламгердің жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, образдар жүйесінің тұрақты бірлігі [102]. Қарапайым түрде жеткізер болсақ, өмірде бір адам бір адамның дәл көшірмесі бола алмайды, бірақ ұқсас болуы мүмкін. Сол сияқты бір жазушы екінші жазушыдан тілдік қолданыстарымен, сөздік қорымен, сөз саптауымен, тапқырлығымен, көркемдігімен ерекшеленіп отырады. «Стиль – өнер ерекшелігі» деп бағалаған қазақ әдебиеттануының негізін салушылардың бірі академик Қ. Жұмалиевтің мына пікірі осыған дәлел: «Жазушының стилі бір
күнде, не бір жылда ғана қалыптаса салмайды. Бірді-екілі шығарма жаза салып,
«менің стилім, менің әдісім» деп төс қағушылық, жұқалап айтқанда, - әулікпелік. Бірден әдебиетке өз стилін ала келушілік – өте сирек кездесетін құбылыс. Ақын-жазушылардың стилін сөз еткенде олардың барлық шығармалары бұлжымастан бір із, бір әдіспен шыға береді деуге болмайды. Олардың үйрену кезі, өсу жолдары бар. Бұл жолда олар әр соқпаққа кездесуі, өз стилі қалыптасқанға шейін кейде олай, кейде бұлай ауықтуы да мүмкін. Бірақ қадала қарап, мұқият зерттеген адамға бір жазушының көптеген шығармаларында қайталанып отыратын, басқаларда жоқ, тек сол ақын, жазушының шығармасына хас ерекшеліктердің элементі болады да, ол біртіндеп дамып, беки бастайды. Бұл жазушының стилін анықтауда шешуші жағдайдың бірінен саналуы керек» [103].
Зерттеу жұмысымызға арқау болып отырған Д. Исабековтің шығармаларын антропоөзектік тұрғыда талдауды автор мен мәтін тұтастығын дәйектейтін жазушы тілін зерттеуден бастаған жөн деп санаймыз. Себебі жазушының жазу стилін зерттеу арқылы автордың сөздік қорының молдығын, сөз саптауындағы ерекше иірімдерін, дүниетанымының кеңдігін тануға болады. Ал Д. Исабековтің шығармаларының қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше, өзгеге үлгі боларлық өзіндік стилі қалыптасқан жазушы екені даусыз.
Жазушының стилін антропоөзектік парадигмада зерттеуде «автор бейнесіне» мән берген академик Р. Сыздықтың тұжырымдары назар аудартады. Ғалым «Сөз құдіреті» еңбегінде көркем әдебиет тілін танудың қырларына барынша терең тоқталған. Ғалымның пікірінше, «функционалдық стильдердің бір тармағы – көркем әдебиет тілін зерттеуде әңгіме негізінен екі түрлі проблема төңірегінде болады. Олар: 1) жалпы ұлттық әдеби тілдің даму барысындағы көркем әдебиет тілінің орны, 2) жеке жазушылардың сөз мәнері (даралық стилі). Бұларды тағы екі түрлі тұрғыдан қарастыруға тура келеді: бірі
– шеберлік, екіншісі – нормалылық тұрғысы. Ашып айтсақ, біріншісі – көркем әдебиет тілін, яғни «поэтикалық сөзді» стилистика объектісі ретінде қарастыру, екіншісі – жалпы ұлттық әдеби тілдің белгілі бір қаттауының, айталық, лексикасының немесе грамматикасының нормалары мен ұлттық көркем тіл нормаларының арақатынасы, қарым-қатынасы және бұл нормалардың көркем текстерде көрінуі тұрғысынан қарастыру» [60, 241 б.].
Ғалымның осы жіктемесіндегі жазушының шеберлігі мәселесі, біздің ойымызша, біздің зерттеу жұмысымызға арқау болуы тиіс. Р. Сыздық көркем әдебиет тілін бірнеше топқа ажырата келіп, жазушы шеберлігін зерттеуде мынадай мәселелерді назарда ұстау қажет деп есептейді: «1) диалектизмдердің (жергілікті элементтердің) жұмсалуы, яғни орыс тіл білімінде диалектизация деп аталатын құбылыстың қазіргі қазақ көркем әдебиеті тіліндегі көрінісі, күй- қалпы, өріс алу бағыты; 2) жалпыхалықтық тілге тән бейнелі (образды) сөздерді жұмсау тәсілі, фразеологизмдердің сөгілуі; 3) қарапайым, көне, сирек сөздердің жұмсалуы; 4) синонимдерді тандау; идеографиялық және стильдік синонимдердің қолданысы; 5) лексикалық жаңа қолданыстардың орын алуы (қажетсіз тұста жаңадан сөз жасау немесе қажеті бар жерде ұсынылған жаңа қолданыстың сәтті-сәтсіз болуы); 6) штамп сөздер мен тіркестерді қолдану;
сөздердің тіркесу аясын кеңіту арқылы сөз мағыналарын жаңғырту;

  1. лексикалық варианттардың қолданысы, яғни морфологиялық, орфограммалық, семантикалық, генезистік т.б. жарыспалы элементтердің дұрыс-бұрыс жұмсалуы; 8) белгілі бір сөз тудырушы элементтердің және синтаксистік тәсілдердің көркем әдебиет тілінде активтенуі; 9. көркем әдебиет тілі арқылы лексиканың стильдік жіктерге (поэтизм, қарапайым сөздер, канцеляризм т.б.) ажыратыла түсуі» [60, 249 б.].

Ғалым Р. Сыздықтың бұл жан-жақты жіктемесі, біздің ойымызша, антропоөзектік бағытқа сәйкес көркем шығарманы прагматикалық тұрғыда зерттеуге барынша мол мүмкіндік береді. Тілдің әртүрлі лексикалық қабаттары, нақтырақ айтсақ, тура және ауыспалы мағыналары, көне және жаңа сөздер қатары, қарапайым сөзден күрделі оралымдарға дейін көркем шығарма мәтінінде қолданылады. Автордың өз танымына, адами тұлғасына сай бұл бірліктерді қандай мақсатта, қандай формада қолданылуы жазушының стилдік ерекшелігін ғана емес, тұлғалық танымын да көрсетеді.
Жазушы Д. Исабековтің дара стилін танытатын шығармаларының бірі –
«Қара шаңырақ» әңгімесі. Жазушы бұл туындысында жалпыға ортақ ауызекі сөйлеу тілін көп қолданған. Мәселен: «Ит жесін деп еккен екем ғой бұларды! Қап шошқаның иті-ай! Ана сүмелек Есіркепке мылтық әкеп бер деп құдайдың зарын қылғаным қашан! «Мәкүл көке» деп кетіп еді, мылтық әкелмек түгіл қарасын да көрсетпеді ғой. Обалдағы-ай, обалдағы-ай! Ол майқамдалған пәлектерді жөндеп, ит жеп кеткен қауындарды анадайда ағып жатқан арыққа лақтырды. Домаланған ақ торламаларды бір жерге үйіп болып, қыр басынан қылтиып көрінген күнге қарап белбеуінің ұшымен бетінің терін сүртті. Тері басылып, денесі салқындаған соң құлақ арықтағы, сылдырап ағып жатқан мөп- мөлдір мұздай сумен бетін жуды. Сонан кейін қауындық басына кеше кешкілік арқандап кеткен көк есекке тоқым салып, айылын тартты да, қауын тола екі қапты қоржын етіп артып, иесінің тым ерте әбігерге салғанына наразылық білдіргендей басын төмен салбыратып әлі самарқау тұрған есекті «ықы, арам қатқыр!» деп су арқанның ұшымен тартып жіберді. Иесінің әлденеге ашулы екенін біле қалған әккі есек бірден сергіп, типыңдаған жорғасына басып үйренген жолдың шаңын будақтата үйге тартты» [93, 15 б.].
Жазушы бұл мәтінде әдеби тілдің сөйлеу нормаларына жатпайтын, ауызекі тілге тән қарапайым сөздерді арнайы қолданған. «Қап, шошқаның иті-ай!»,
«сүмелек» сынды экспрессивті бояуы бар сөздер мен тіркестерді кейіпкер тіліне салу арқылы қарапайым тұрмыс-тіршілікті, қарапайым халықты, қарапайым өмірді көрсету мақсатында осы мәтінде қазақтың қолданысында бар «арам қатқыр!» деген зілді қарғыс сөздерін де әдейі қолданған. Ғалым Р. Сыздық жазушының бұндай шешімдерге не себепті баратынын былайша түсіндіреді:
«Кейіпкерді жазушы әдетте өз заманының немесе өмір сүрген кезеңінің тілімен сөйлетеді, сондай-ақ кейіпкер өзінің мінезіне, алған тәрбиесіне, өскен ортасына, жасына, әлеуметтік орнына сай сөйлеуі қажет» [60].
Яғни кейіпкер заманы мен кейіпкер тілі бір-бірімен ұштасуы керек. Себебі кейіпкер үлкен қарт адам болып, баланың сөзін сөйлеп тұрған жағдайда шынайылық жойылып, оқырман шығарманы дұрыс қабылдамайды да, автор
мен оқырман арасындағы байланыс үзіледі. Академик Р. Сыздықтың осы тұжырымына дәлел болатын мына мәтіндегі оқиға еліміздің оңтүстігінде суреттелген. Жазушы соған сәйкес кейіпкерлер тілінде диалектілерді қолданып, оқырманға логикаға сай эпизодтарды ұсынған: «Ауық-ауық «ықы» деп қойып, арба үстінде үнсіз келеді. «Осы иттер әке-шешеміз бар-ау деп ойламайды ғой деймін. Әйтпесе «қалайсыңдар?» деп сүт пісірімге келіп кетсе қайтеді шіркіндер. Бір-екі қадақ қанты мен үнді шайларының, тіпті мылтықтарының да керегі жоқ жүдә, өздері көрініп кетсе нетеді. Қауын-қарбыздың сас боп пісіп, ит жеп, ит жегенінен қалғаны шіріп жатысы анау. Осылар келеді, осылар жейді, осылар рахатын көреді деп көктемнің көк өзегінде бүгілген белді бір жазбай ертеден қара кешке дейін төккен терімнің бекер болғаны ма? Келеді деп күнде тосамыз, дарбазаны жел сықырлатса да сендердің біреулерің екен деп елең ете түсеміз» [93, 16 б.]. Қазіргі тіл білімінде аймақтық лексика деп аталып жүрген осы диалектілер көркем шығармада оқиғаның шындыққа жанасуы үшін қолданылады. Бірақ автор өз шығармаларында жергілікті сөздерді орынды- орынсыз, талғамай қолдана бермейді. Ол бірді-екілі диалектілерді мақсатты түрде таңдап алу арқылы, бір жағынан, көркем шығарманың шынайылығын арттырса, екінші жағынан, сол шығарманың оқиға орнынан («географиялық ортасынан») немесе кейіпкерлердің тұрғылықты мекенінен хабар береді, әрі олардың күнделікті тұрмыста әдеби тіл нормасынан гөрі ауызекі элементтерді жиі қолданатындығын көрсету үшін қолданған. Мәселен, жазушының
«Ақырамаштан наурызға дейін» әңгімесіндегі дуал, там, қоңсы, әулі, қоза, мақта терім сияқты диалектизмдер мен кәсіби сөздер шығарма оқиғасы оңтүстік өңір адамдарының тұрмыс-тіршілігін суреттейтінін бірден аңғартады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   68




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет