Апта - 2
Дәріс №3
Тақырып: Қазақ фонетикасының ғылым саласы болып қалыптасуы
Дәрістің мазмұны:
1. ХХ ғасырдың басында қазақ фонетикасының зерттелуі.
2. А.Байтұрсынұлының қазақ фонетикасын зерттеуі.
1. ХХ ғасырдың басында қазақ фонетикасының зерттелуі.
А.Байтұрсынов қазақ тілінің фонетикасын былай құрды: мәтін – сөйлем – сөз – буын – дыбыс.
Көріп отырғанымыздай, А.Байтұрсынов тіл деңгейлерінің арасындағы шекараны көрсетті, сонымен бірге зерттеу мәтіннен дыбысқа жүреді деді. «А.Байтұрсынов ұсынған талдау әдісі әрдайым нақты тілдік бірліктермен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді: нақты сөйлеуден (мәтіннен) нақты дыбысқа (дауысты, дауыссыздардың сингармоаллофондарына)» 8.
А.Байтұрсыновтың сингармофонемографиялық теориясы сингармопозиция принципі мен сингармофонема – сингармодыбыстар жиынтығы ұғымында. Бұл екі төл фонологиялық ұғымды түркологияда, жалпы тілтанымы әлемінде: «... бірінші болып (қазақ тілі материалында) А.Байтұрсынов зерттеп анықтаған» 4.
Н.Ф.Яковлев «лингвистическое изобретение» деп атаған, қазіргі тілтанымы әлемінде А.Байтұрсынов ендірген сингармониялық жазудың негізгі принциптерін үлгі ретінде тек қырғыз, қарақалпақ, башқұрт ғалымдары ғана емес, үнді-европа халықтарының ғалымдары да қолданады.
2. А.Байтұрсынұлының қазақ фонетикасын зерттеуі.
Шетел тіл білімінде А.Байтұрсынов жасағандай (просодияны, яғни сингармонзмді бірінші қатарға шығарып) тілдің фонологиялық анализін тұңғыш болып 1948 жылдан бастап ағылшын тілшісі (Лондон мектебі) Дж.Ферс және оның шәкірттері жасады. А.Н.Кононов пен А.Н.Барулин бұл туралы былай дейді: «... в которой предлагалась приблизительно такая же трактовка сходных явлений, однако уже с подробно разработанным теоретическим аппаратом, позволявшим описывать ассимиляцию методами просодического анализа» (Кононов, Барулин, 1987, 13). Сонымен ағылшын ғалымы қазақ ғалымдарының ХХ ғасырдың бірінші ширегінде дүниеге келтіріп, зерттеу процесінде қолданған ғылыми ойын (А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлов) теориялық жағынан ілгері қарай дамытты.
А.Байтұрсыновтың сингармофонемографиялық ілімі қазіргі әлем тіл білімінде үлкен орын алады. Бірақ сол орынды, сол абыройды қазақ тіл білімі идеологиялық себептердің салдарынан көп уақыт ресми түрде А.Байтұрсыновқа бере алмады. Осындай жағдайдың басқа, төл, ғылыми себебі бар. А.Байтұрсынов репрессияға ұшыраған соң, қазақ тілі дыбыс жүйесінің негізгі мамандары (І.Кеңесбаев, Қ.Жұбанов, Ж.Аралбаев т.б.) Ленинград фонология мектебінің теориясының негізінде ғылыми ізденістерге барды. Ал А.Байтұрсыновтың сингармофонемографиялық ойлары, шешімдері Мәскеу фонология мектебі теориясының негізінде ғылыми ізденістер жасайтын ғалымдардың көңілдерінен үлкен орын алып, әлемге кең жайылған, абстракцияланған, классикалық Москва фонология мектебінің қалыптасуына үлесін қосты.
Қазіргі қазақ тілі фонологиясы А.Байтұрсынов сингармониялық концепцияларынан мынадай ғылыми ұғымдарды қабылдап дамытты.
Сингармонизм – қазақша тілдесімнің негізгі қасиеті;
Сингармонизм – тек дауыстылар гармониясы емес, сөздің құрамындағы барлық дыбыстардың гармониясы;
Жуандық –жіңішкелік корреляция (қарама-қарсылық);
Сингармониялық дыбыс – сөз мағынасын өзгертетін тіл құралы;
Позиция түсінігі (дыбыстың сөз құрамындағы орны, өзінен ілгері және кейін тұрған дыбыстармен қарым-қатынасы).
Осы фонологиялық ұғымдар қазақ тіл білімінде күрделі ғылыми интерпретацияға ие болып, тағы да басқа сингармониялық ұғымдармен, категориялармен, принциптермен қоса зерттеліп, сингармониялық және акцентті-фонемалық теориялардың пайда болып қалыптасуына ғылыми негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |