Қарағанды – 2010 Әож 616. 3 Кбж 54. 13 я 73 е 83 пікірсарапшылар: А. А. Кикимбаева



бет2/8
Дата17.07.2016
өлшемі3.66 Mb.
#205541
1   2   3   4   5   6   7   8

ТАҢДАЙ
Дамуы. Эмбриогенездің 6-7 аптасынан бастап таңдайдың қалыптасуы жүреді. Бұл алғашқы ауыз қуысының ақырғы ауыз және мұрын қуыстарына бөлінуіне әкеледі. Ол үрдіс жоғарғы жақ өсінділерінің ішкі бетінде табақшалы төмпешіктің – таңдай өсіндісінің немесе таңдай табақшасының құралуымен басталады. Басында таңдай өсінділерінің шеттері төмен қарай көлбей салбырап, тілдің бүйір аймақтарында орналасқан. Кейін олар жоғарыға, әрі ортаға қарай көтеріледі, ал тіл болса төмен ойысады. Тіл төменгі жақтың ұзындығы мен енінің өсуіне байланысты пайда болған кеңістікке орнығады. Таңдай өсінділері бір-біріне тақала келіп, эмбриогенездің екінші айының аяғында ортаңғы жолақтың бойымен бірігеді. Бұл бірігу алдымен алдыңғы, біраздан кейін артқы бөліктерінде өтеді. Біріккен таңдай өсіндісі қатты және жұмсақ таңдайдың көп бөлігін түзейді. Таңдай өсінділерінің жоғарғы жақтың күрек тістік аймағын түзей бірігуінің нәтижесінде қатты таңдайдың алдыңғы бөлігі қалыптасады. Пайда болған тосқауыл ақырғы ауыз және мұрын қуыстарын оқшаулайды. Онымен қатар мұрын тосқауылының өсуі және оның қатты таңдаймен бірігуі өтіп, мұрын қуысы оң және сол мұрын камераларына бөлінеді. Таңдай өсінділерінің мұрын тосқауылымен байланысы жоқ артқы бөлігі, қосыла келе, жұмсақ таңдайды және тілшікті береді.

Таңдай пайда болған соң хоаналар, ауыз қуысына емес, мұрын камераларына ашылады. Мұрын камералары енді мұрын-жұтқыншақпен дефинитивті хоан арқылы байланысады.

Таңдай өсінділерінің толық дамуы өтпесе олардың шеттері толық бірікпейді де, балада қатты және жұмсақ таңдайлардың саңылаулары түзеледі.

Құрылысы. Қатты таңдай шырышты қабықшамен жабылған сүйекті тіректен тұрады. Шырыш асты негіз жоқ болғандықтан, шырышты қабықша сүйек қабығымен тығыз бірігіп кеткен. Шырышты қабықша көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен жабылған. Қатты таңдайдың жапсарының маңында шырышты қабықшаның эпителийі кей кезде созындылар құрайды. Жаңа туған нәрестелерде олар шоғырлана қабаттасқан эпителиоциттерден тұрып, түйреуіш басындай үлкендікке жететін эпителийлік денешіктер түрінде болады.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге ене орналасқан бүртіктерді түзейді. Онда коллагенді талшықтардың өзара қатты ұйыса орналасқан және сүйек қабығына қосыла өрілген қуатты шоғырлары болады. Қатты таңдайдың құрылымындағы бұл ерекшелік шырышты қабықшаның сүйекпен тығыз бірігіп кеткен жерлерінде (жапсар маңы, қызылиекке ұласар тұсы) айқын білінеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы мен сүйек қабығының арасындағы басқа жерлерде май тінінің жұқа қабаты орналасқан, бұл ауыз қуысының басқа бөліктерінің шырыш асты негізінің орналасуына сәйкес келеді. Қатты таңдайдың ортаңғы бөліктеріндегі шырышты қабықша мен сүйек қабығының арасында таңдайдың шырышты сілекей бездерінің тобы орын тебеді. Таңдай сілекей бездері құрылысы бойынша альвеолярлық-түтікшелі, тармақталған болады.

Жұмсақ таңдай мен тілшік шырышты қабықшамен жабылған сіңірлі – бұлшықетті тіректен тұрады. Жұмсақ таңдай мен тілшікте ауыз-жұтқыншақтық (алдыңғы) және мұрын-жұтқыншақтық (артқы) бөліктерін ажыратады. Олардың арасындағы гистологиялық шекара ұрықтар мен нәрестелерде жұмсақ таңдай мен тілшіктің имектерінде шамамен шырышты қабықшаның ауыз үстінен мұрынға иілу сызығы бойынша өтеді. Ересек адамдарда бұл шекара артқы (мұрындық) бетке ығысады да, бүкіл тілшік ауыз қуысына тән шырышты қабықшамен астарланады.

Жұмсақ таңдай мен тілшіктің ауызғы бетінің шырышты қабықшасы көпқабатты жазық мүйізденген эпителиймен көмкерілген. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге тереңдей енетін ұзын жіңішке бүртіктерді түзейді. Меншікті табақшаның тереңінде эластикалық талшықтардың жақсы жетілген аймағы болады. Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы жоқ. Одан әрі майлы элементтерге және шырышты сілекей бездеріне бай борпылдақ талшықты дәнекер тіннен құралған шырыш асты негіз жақсы білінеді. Бездердің шығарушы өзектері жұмсақ таңдай мен тілшіктің ауыз қуысына қараған бетіне ашылады. Бездердің жиынтығы тілшіктің ішкі бұлшықетті қабатында да аңғарылады. Тілшіктің негізін құрайтын көлденең-жолақты бұлшық ет тініне бірқатар ерекшеліктер тән. Оның бұлшықеті тарамдалады да, өзара анастомоздар құрады.

Жұмсақ таңдайдың мұрын қуысына қараған бетінің шырышты қабықшасы көпқатарлы кірпікшелі эпителиймен жабылған. Эпителийдің құрамында бокал тәрізді жасушалар бар. Бұл жердегі шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктері жоқ және ол эпителийден айқын көрінетін базальды мембрана арқылы бөлінеді. Эпителийдің үстіңгі бетіне ұсақ шырышты сілекей бездерінің шығару өзектері ашылады. Меншікті табақшаның астында эластикалық талшықтардың қабаты болады. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы мен шырыш асты негіз болмайды. Таңдайдың ауыз қуысына қараған бетінің шырышты қабықшасының мұрын қуысына қараған бетке өтер тұсында эпителий әуелі көпқабатты текшелі, содан соң көпқатарлы жыбырлағыш болады.
ТІЛ
Дамуы. Тілдің бастамасы алғашқы ауыз қуысының түбінде бірінші желбезек доғаларының вентральды бөліктерінің аймағында орналасқан төмпешіктер түрінде пайда болады. Эмбриогенездің 7-ші аптасында бірінші болып тақ санды тілдің төмпешігі пайда болады. Ол 1-ші және 2-ші желбезек доғаларының шеттерінің арасындағы орталық жолақта жатады. Бұл бастамадан тілдің ересектерде соқыр тесіктің алдында орналасқан бөлігі түзеледі. Соқыр тесіктің өзі қалқанша безінің бастамасының қалыптасуы кезінен қалған жұтқыншақтың түбінің өсіндісінің қалдық шұңқырымен берілген.

Сәл кешірек тақ төмпешіктің алдына қарай 1-ші желбезек доғаларының ішкі бетінде екі жұп жуандаған аймақ пайда болады. Ол бүйірлік тіл төмпешіктері. Өсе келе олар бірігеді де тілдің денесінің көп бөлігін және ұшын түзейді.

Соқыр тесіктің артына қарай 2-ші және 3-ші жұп желбезек доғаларының тұсында шырышты қабықшаның жуандаған аймағы түзіледі. Дами келе ол тілдің түбірін береді. Бұл бастамалар тез өсе бастайды. Эмбриогенездің 2-ші айында олар бірігіп тілді түзейді. Тілдің түбірі мен денесінің шекарасында науалы бүртікшелер, ал бүртікшелердің құрайтын бұрышында соқыр тесік орналасады.

Тілдің бұлшық еттері миотомдардан орын ауыстырған миобластылардан дамиды. Тіл асты нервісімен жүйкеленеді. Тілдің шырышты қабықшасы әр түрлі бастамалардан дамып, әр түрлі нервтермен жүйкеленеді: үштік, тілжұтқыншақтық, кезбе нервтер.



Тілдің атқаратын қызметі. Адам тілі дәм сезуге, тамақты механикалық өңдеуге және жұту актісіне қатысумен бірге сөйлеу мүшесі болып табылады. Тілдің негізін қаңқалық көлденең жолақты бұлшықет тіні құрайды.

Құрылысы. Тіл шырышты қабықшамен жабылған. Тілдің астыңғы, бүйір және үстіңгі беттерінде әр түрлі бедерін ажыратуға болады (4 сурет). Астыңғы беттегі шырышты қабықшаның құрылымы мейлінше қарапайым. Бұл жердегі эпителий көпқабатты, жазық мүйізденбейтін болып келеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге қысқа бүртіктер жасай отырып енеді. Меншікті табақшаға бұлшық еттерге жанамалас орналасқан шырыш асты негіз жалғасады. Шырыш асты негіздің болуының арқасында тілдің астыңғы бетінің шырышты қабықшасы оңай қозғалады.

Тілдің үстіңгі және бүйір беттерінің шырышты қабықшасы оның бұлшықетті денесімен бірігіп кеткен және ерекше түзілімдер – бүртікшелермен жабдықталған. Шырыш асты негіз жоқ.

Адам тілінде бүртікшелердің төрт түрі бар: жіп тәрізді, саңырауқұлақ тәрізді, науа тәрізді және жапырақ тәрізді. Тілдің бүкіл бүртікшелері


4 сурет. Тілдің бедері мен бүртікшелері
А- жоғарғы бетіндегі жіп тәрізді және саңырауқұлақ тәрізді бүртікшелер

Б- жапырақ тәрізді бүртікшелер

В- науалы бүртікшелер

Г- тілдің астыңғы бетінің тегіс эпителийі

шырышты қабықшаның туындылары болып табылады және жалпы нобай бойынша құрылған. Бүртікшелердің үстіңгі беті базальды мембранада жатқан көпқабатты жазық мүйізденбейтін немесе жартылай мүйізденетін (жіп тәрізді бүртікшелерде) эпителийден түзілген. Әрбір бүртікшенің негізін шырышты қабықшаның дәнекер тіндік қабатының өсіндісі (бірінші реттік дәнекер тіндік бүртікше) құрайды. Бірінші реттік дәнекер тіндік бүртікшенің ұшынан эпителийге енетін бестен жиырмаға дейін, кейде одан да көп жіңішке дәнекер тіндік екінші реттік бүртікшелер шығады. Тіл бүртікшелерінің дәнекер тіндік негізінде эпителий арқылы көрініп тұратын және бүртікшелерге ерекше қызыл түс дарытатын көптеген қан капиллярлары орналасқан.

Жіп тәрізді бүртікшелер – саны жағынан ең көп, тілдің үстіңгі бетін бірқалыпты жауып тұрады, әсіресе үймекпен қоршалған науалы бүртікшелерден түзілген бұрышта мол шоғырланады. Өлшемдері жағынан олар тіл бүртікшелерінің арасындағы ең майдалары болып табылады. Ұзындықтары 0,3 мм шамасында. Жіп тәрізді бүртікшелермен қатар конус түріндегісі де кездеседі. Бірқатар асқорыту жүйесінің аурулары кезінде үстіңгі эпителиоциттердің түлеу үрдісі әлсіреуі мүмкін, яғни эпителий жасушаларының бүртікшелердің ұшында көп мөлшерде жинақтала отырып, қуатты мүйізденген қабаттарды құрауы жүреді. Бұл жағдай бүртікшелердің бетін ақшыл қабыршақпен жаба отырып, ақ үлпек басқан тілдің бейнесін жасайды. Кейбір жануарларда бұл бүртікшелердің ұшы біреу ғана болады және ол толық мүйізденеді. Бұл жағдай бүртікшенің механикалық қызметін арттырады және сұйықтықты жалап ішуге мүмкіндік береді. Кейбір авторлардың мәліметтері бойынша бұл бүртікшелердің құрамында тактильді рецепторлар болады.

Мүйізденген эпителиоциттердің түлеуінің бұзылуы тілдің үстінде әр түрлі өңездердің пайда болуына әкеледі.



Саңырауқұлақ тәрізді бүртікшелердің саны аз және олар тілдің үстіңгі бетінде жіп тәрізді бүртікшелердің арасында орналасады. Олардың көбі тілдің ұшында және шеттеріне қарай шоғырланған. Саңырауқұлақ тәрізді бүртікшелер жіп тәрізді бүртікшелерге қарағанда үлкенірек – ұзындығы 0,7-0,8 мм және диаметрі шамамен 0,4 - 1 мм шамасында. Бұл бүртікшелердің негізгі бөлігі қысаң түбірлі және кең ұшарлы саңырауқұлақ түрінде болады.

Эпителийдің қыртысында дәм сезу буылтығы орналасады. Олар көбінесе саңырауқұлақ тәрізді бүртікшенің «қалпақшасының» маңында болады. Бұл маңайдан өтетін кесінділерде әрбір саңырауқұлақ тәрізді бүртікшелерде 3 - 4 – ке дейін дәм сезу буылтығын көруге болады. Бірқатар бүртікшелерде дәм сезу буылтығының болмауы мүмкін.

Тілдің жапырақ тәрізді бүртікшелері балаларда ғана жақсы дамыған. Олар тілдің оң және сол бүйірлерінде орналасқан екі топ түрінде көрінеді. Әрбір топқа бір-біріне параллельді орналасқан, жіңішке тар кеңістіктер арқылы бөлінген 4-8 бүртікше кіреді. Олардың әрқайсысының ұзындығы – 2-5 мм шамасында. Бүртікшенің бүйір беттерінің эпителийінде дәм сезу буылтықтары болады. Жапырақ тәрізді бүртікшелерді бөліп тұратын кеңістіктерге ақуызды сілекей бездерінің шығарушы өзектері ашылады. Олардың аяққы бөлімдері тілдің бұлшықеттерінің арасында орын тепкен. Бұл бездердің бөліндісі бүртікшелер арасындағы қысаң кеңістіктерді шаяды. Ересек адамда жапырақ тәрізді бүртікшелер жойылады да, бұрын ақуызды бездер орналасқан жерлерде май немесе лимфоидты тіндер жетіледі.

Тіл түбірінің шырышты қабықшасында бүртікшелер жоққа тән. Бірақ бұл жерде эпителийдің үстіңгі беті тегіс емес, оның бірқатар томпақшалары мен шұңқыршалары болады. Томпақшалар шырышты қабықшаның меншікті табақшаларында кей кезде диаметрі 0,5 см жететін лимфа түйіндерінің жиынтығының есебінен пайда болады. Бұл жерде шырышты қабықша шұңқыршаларды, тереңдемелерді (криптілерді) түзейді де, оларға көптеген шырышты бездердің өзектері ашылады. Лимфоидты тіннің тіл түбірінде шоғырлана орналасқан жиынтығы тілдің бадамша безі деп аталады.



Науа тәрізді бүртікшелер (басқаша аты тілдің үймекпен қоршалған бүртікшелері) тілдің үстіңгі бетінде 6-дан 12-ге дейінгі мөлшерде кездеседі. Олар тілдің еті мен түбірінің арасындағы шекаралық сызықтың бойында орналасқан. Оларды жай көзбен де ажыратуға болады. Бүртікшенің ұзындығы 1-1,5 мм шамасында, диаметрі 1-3 мм. Шырышты қабықшаның үстінен анық жоғары тұратын жіп тәрізді, саңырауқұлақ тәрізді бүртікшелерге қарағанда бұл бүртікшелердің үстіңгі жағы шырышты қабықшамен бір деңгейлес дерлік. Олардың түбірі қысаң, жоғарғы бос бөлігі кең әрі жалпия жазықтанған болады. Бүртікшенің айналасында енсіз, терең саңылау – науа орналасады (науалы бүртікше деп аталуы сондықтан). Науалы бүртікшелерді – шырышты қабықшаның оларды қоршап тұрған қалыңдамасы – үймектен науа бөліктеп тұрады. Бүртікшенің құрамында бұл бөлшектің болуы екінші бір атауды – «үймекпен қоршалған бүртікшені» тудырады. Бұл бүртікшенің бүйір беттері мен оны қоршаған үймектің эпителийінің қыртысында көптеген дәм сезу буылтықтары орналасқан. Бүртікшелер мен үймектердің дәнекер тінінде бойлай, қиғаш немесе айналмалы түрде орналасқан тегіс бұлшықет жасушаларының шоғырлары жиі кездеседі. Бұл шоғырлардың жиырылуы бүртікшенің үймекпен жақындасуын қамтамасыз етеді. Бұл науаға түсетін қоректік заттардың бүртікшелер мен үймектің эпителийінде жататын дәм сезу буылтықтарымен жанасуына септігін тигізеді. Бүртікше түбірінің борпылдақ талшықты дәнекер тінінде және оларға жапсарлас орналасқан көлденең-жолақты бұлшықет талшықтарының шоғырларының арасында шығарушы өзектері науаға ашылатын ақуызды сілекей бездерінің аяққы бөлімдері орналасады. Бұл бездердің бөліндісі бүртікшенің науасын шаяды және оны жиналып қалған тамақ қалдықтарынан, түлеген эпителий мен микробтардан тазартады.

Тілдің бұлшықеттері бұл мүшенің денесін құрайды. Тілдің көлденең-жолақты бұлшықеттерінің шоғырлары үш өзара перпендикулярлы бағытта орналасады: олардың бірқатары – тігінен, екіншілері – ұзына бойына, үшіншілері – көлденең жатыр. Тілдің бұлшықеті тығыз дәнекер тіннен түзелген тосқауылмен оң және сол бөлікке бөлінген. Жекелеген бұлшықет талшықтары мен шоғырларының арасында жататын борпылдақ талшықты дәнекер тінінде май жасушалары көп болады. Бұл жерде тілдің сілекей бездерінің аяққы бөлімдері орналасқан. Тіл денесінің бұлшықеті мен үстіңгі бетінің шырышты қабықшасының меншікті табақшасының шекарасында коллагенді және эластикалық талшықтардың тор құрай шиелініскен шоғырларынан тұратын қуатты дәнекер тіндік табақша болады. Ол терең торлы қабатты құрайды. Бұл - әсіресе науа тәрізді бүртікшелердің аймағында ерекше жақсы жетілген – тілдің өзіндік апоневрозы болып табылады. Тілдің ұшы мен шеттерінде оның қалыңдығы жұқарады. Көлденең – жолақты бұлшықет талшықтары торлы қабаттың саңылауынан өтіп, шырышты қабықшаның меншікті табақшасында жатқан коллаген талшықтарының шоғырларынан құралған кіші сіңірлерге бекиді.



Тілдің сілекей бездері. Тілдің сілекей бездері үшке: ақуызды, шырышты және аралас болып бөлінеді.

Ақуызды сілекей бездері тіл қатпарларындағы науалы және жапырақ тәрізді бүртікшелерге жақын орналасқан. Бұлар – қарапайым түтікшелі тармақталған бездерге жатады. Олардың шығарушы өзектері науалы бүртікшелердің шұңқырларына немесе жапырақ тәрізді бүртікшелердің арасына ашылады және кейде құрамында кірпікшелері бар жасушалары болатын көпқабатты жазық эпителиймен қапталады. Аяққы бөлімдері саңылаулары тар тармақталған түтікшелер түрінде болады. Олар орталарында жасушааралық секреторлық капиллярлар өтетін, ақуызды секрет бөліп шығаратын конус пішінді жасушалардан - сероциттерден тұрады.

Шырышты бездер негізінен тілдің түбірінде және оның бүйір беттерінің өн бойында орналасады. Бұлар жеке жатқан құрылысы бойынша қарапайым альвеолярлық – түтікшелі тармақталған бездер болып табылады. Олардың өзектері көпқабатты эпителиймен қапталып, кейбір кезде кірпікшелермен жабдықталған. Тілдің түбірінде олар бадамша бездердің криптілеріне ашылады. Бұл бездердің түтікшелі аяққы бөлімдері шырышты жасушалардан - мукоциттерден тұрады.

Аралас бездер тілдің алдыңғы бөлігіне орналасады. Олардың өзектері (жалпы саны 6 млн шамасында) шырышты қабықшаның тіл астындағы қатпарларының бойына ашылады. Аралас бездердің секреторлық бөлімдері тілдің ішінде ірге тепкен.

Тілдің қанмен жабдықталуы көп тармақталған және тілдің бұлшықеттерінде кең тор құрайтын артериялар арқылы жүзеге асады. Тілдің үстіңгі қабатында тамырлар көлденең орналасады, олардан шырышты қабықшаның бүртікшелеріне тік аяққы тармақтар бөлініп шығады. Аяққы тармақтар дәнекер тіндік бүртікшелерде капиллярлар торын қалыптастырады да, әрбір бүртікшеге одан гөрі кішірек қан капиллярларының бір оралымы кіреді. Тілдің үстіңгі қабаттарынан қан шырышты қабықшаның меншікті қабатында орналасқан вена өріміне құйылады. Шағын лимфа тамырлары да шырышты қабықшаның меншікті табақшасында тор түзейді. Бұл тор тілдің астыңғы бетінің шырыш асты негізінде жатқан ірілеу тормен жалғасады.

Лимфа түйіндерінің көбі тілдің бадамша безінің маңайында орналасқан.


ПИРОГОВТЫҢ ЛИМФОЭПИТЕЛИАЛЬДЫ ЖҰТҚЫНШАҚ ШЕҢБЕРІ. БАДАМША БЕЗДЕРІ
Жұтқыншақтың тонзиллярлық аппаратының қалыптасуы. Бадамша бездер эмбриогенездің әр түрлі мезгілінде жұтқыншақтың эпителийінен және мезенхимадан дамиды: таңдай бадамша безі – 9 аптада, жұтқыншақ бадамша безі – 4 айда, тіл бадамша безі – 5 айда түзіледі.

Бадамша бездерінің көпқатарлы кірпікшелі эпителийі бірте-бірте мезенхимаға ене түсіп, тонзиллярлық синустарды түзейді де көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителийге айналады, тамырлар пайда болып, Т- және В- лимфоциттер келіп орналасады. Алғашқы лимфалық түйіншелер пайда болады. Бадамша бездердің қалыптасуы эмбриогенездің 6-шы айында аяқталады. Бадамша бездер балаларда жақсы дамып жетіледі, ал жыныстық есею кезінен бастап олардың кері дамуы басталады.



Бадамша бездерінің құрылысы. Ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шекарасындағы шырышты қабықшада лимфоидты тіннің үлкен шоғырлары орналасқан. Олардың жиынтығы тыныс алу және асқорыту жолдарының аузын қоршап тұратын лимфоэпителиальдық жұтқыншақ шеңберін құрайды. Бұл шеңбердің ең үлкен шоғырлары бадамша бездері деп аталады. Орналасу орнына қарай олар таңдай бадамша безі, жұтқыншақ бадамша безі, тіл бадамша безі деп бөлінеді.

Аталмыш бадамша бездерінен басқа, ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлігінің шырышты қабықшасында лимфоидты тіннің бірқатар жиынтығы қоныстанады да, олардың ішіндегі есту түтігі маңындағы – түтік бадамша бездері және көмей қуысындағы көмей бадамша бездері ең ірілері болып табылады.

Бадамша бездері ағза үшін маңызды қорғаныш қызметін атқарып, оған мұрын және ауыз қуыстары арқылы сыртқы ортадан ұдайы түсіп отыратын микробтарды залалсыздандырады. Құрамында лимфоидты тіні бар басқа мүшелермен қатар, олар гуморальдық және жасушалық иммунитеттің реакцияларына қатысатын лимфоциттердің түзілуін қамтамасыз етеді.

Таңдай бадамша бездері. Құрылысы. Таңдай бадамша бездері ересек организмде сопақша пішінді екі дене түрінде қалыптасқан, олар жұтқыншақтың екі жағында таңдай имектерінің арасында орналасқан. Әр бадамша безі меншікті табақшасында көптеген лимфа түйіндері орналасқан шырышты қабықшаның бірнеше қатпарларынан тұрады. Бадамша безінің үстіңгі бетінен мүшенің ішіне қарай 10-20 крипті шығып, тарамдалады да, олардан қосалқы криптілер пайда болады. Шырышты қабықша көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен жабылған. Көптеген тұстарда, әсіресе тереңдемелерде, эпителий көбінесе лимфоциттермен және түйіршікті лейкоциттермен қоныстандырылған. Эпителийдің қатпарына енетін лейкоциттер әдетте азды-көпті мөлшерде оның үстіне шығады да, ауыз қуысына тамақпен және ауамен бірге кіретін бактерияларға қарсы қозғалады.

Бадамша безінде микробтар лейкоциттердің көмегімен белсенді түрде жойылады және бұл кезде лейкоциттердің де біраз бөлігі жойылады. Әр түрлі ферменттердің және микробтардың зиянды әсерінен бадамша безінің эпителийі зақымданып бұзылады. Алайда бірсыпыра уақыттан соң эпителий қабатының жасушаларының көбеюінің арқасында бұл аймақтар қалпына келеді.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге еніп тұратын бүртіктерді түзейді. Бұл қабаттың борпылдақ талшықты дәнекер тінінде көптеген лимфа түйіндері орналасқан. Бірқатар түйіндердің ортасында ашығырақ түсті аймақтар – герминативті орталықтар анықталады. Бадамша бездерінің лимфа түйіндері көбінесе бір-бірінен дәнекер тіннің жұқа қабатшалары арқылы бөлінген. Бірақ кейбір түйіндердің бірігіп кетуі ықтимал. Шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы байқалмайды.

Шырыш асты негіз лимфа түйіндері шоғырларының астында орналасып, бадамша безінің төңірегінде капсула түзейді де, одан бадамша безінің ішіне қарай дәнекер тіндік тосқауылдар кіреді. Бұл қабатта бадамша безінің негізгі қан және лимфа тамырлары мен оның жүйкеленуін жүзеге асыратын – жұтқыншақ нервісінің тармақтары орналасады. Бұл жерде шағын сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері де болады. Бұл бездердің өзектері бадамша безі төңірегінде орналасқан шырышты қабықшаның бетіне ашылады. Шырыш асты негізінің сыртында жұтқыншақтың көлденең-жолақты бұлшықеттері – бұлшықетті қабықшаның аналогы жатады.



Жұтқыншақ бадамша безі. Ол жұтқыншақтың дорсальды қабырғасының есіту түтіктерінің саңылаулары орналасқан аймағында қоныс тепкен. Оның құрылысы басқа бадамша бездеріне ұқсас. Ересек организмде ол көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған. Бірақ ересек адамның жұтқыншақ бадамша безінің тереңдемелерінде кейбір кезде эмбриондық даму кезеңіне тән жалған көпқабатты кірпікшелі эпителийдің аймақтары кездеседі. Бірқатар патологиялық жағдайларда жұтқыншақ бадамша безі шамадан тыс ұлғаюы мүмкін (аденоидтар).

Тіл бадамша безі. Ол тіл түбірінің шырышты қабықшасында орналасқан. Бадамша безінің үстін жауып тұратын және тереңдемелерді астарлайтын эпителий – көпқабатты жазық мүйізденбейтін болып келеді. Шырышты қабықшаның эпителийі мен оның астында жатқан меншікті табақшасына лимфа түйіндерінен келетін лимфоциттер жиналған. Көп тереңдемелердің табанына тіл сілекей бездерінің өзектері ашылады. Олардың бөлінділері тереңдемелерді шаюға және тазартуға септеседі.
ТІСТЕР
Тістер шайнау аппаратының бөлігі болып табылады. Адамда олар екі сатыда пайда болады: әуелі – сүт тістері, одан соң – түпкілікті немесе тұрғылықты тістер түзіледі. Жақ сүйектерінің ұяшығында тістер тіс мойыны тұсында периодонт арқылы бекиді. Периодонт айналмалы тіс байламын құрайтын тығыз дәнекер тін болып табылады. Тіс байламының коллагендік талшықтары негізінен радиальдық бағытта орналасады. Бір жағынан олар – тіс түбірінің цементіне, екінші жағынан альвеолярлық сүйекке өтеді. Периодонт механикалық қана емес, трофикалық қызметті де атқарады, өйткені оларда тіс түбірін қоректендіретін қан тамырлары болады.
СҮТ ТІСТЕРІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ӨСУІ
Тістер алғашқы ауыз қуысының шырышты қабықшасының туындысы болып табылады. Оны жауып жататын эктодерма, кейін эмальдың дамуына қатысатын эмальдық мүшенің құралуына ат салысатын, көпқабатты жазық эпителийге айналады. Қатар жатқан мезенхимадан дентин, цемент, пульпаның дәнекер тіні және тістің түбірін қоршап жатқан тіндер дамиды. Оның артынан тіс бастамасының дифференцировка сатысы жүреді. Ең ұзақ өтетін саты – тіс тіндерінің гистогенез сатысы.

Тіс табақшасы, тіс бастамаларының құралуы және түзілуі. Сүт тістері эмбриогенездің 6-7 аптасында дами бастайды. Бұл мезгілде алғашқы ауыз қуысын қаптап жатқан көпқабатты жазық эпителий жуандай келіп, оның жоғарғы және төменгі бойымен созылған тіс үйемесін құрайды. Бұл құрылым оны қоршап жатқан мезенхимаға бірте-бірте ене түседі. Осының нәтижесінде эпителиалдық табақша түзіледі. Тіс табақшасы сәлден кейін бір түбірлі тістердің орналасатын аймағында екіге бөлінеді. Оның алдыңғысы ұрттық-еріндік немесе вестибулярлық табақша деп аталады. Біраздан кейін вестибулярлық табақшаның үстінде жылға пайда болады, ол кейінірек тереңдей келіп, ауыз қуысыныњ кіреберісіне айналады. Бұл жыра-қуыс ұрт пен ерін аймағын қызылиектен бөлектеп тұрады. Артқы табақша тіс табақшасы деп аталады. Ол вестибулярлық табақшаның бетінен тік бұрышты бағытта шығады, одан сүт тістерінің бастамасы пайда болады. Көп түбірлі тістердің орналасатын аймақтарында бұл екі табақша бір-бірінен бөлек дамиды. Олар бірден ауыз қуысының эпителийінен түзіледі. Бұл жердегі тіс табақшасы біртүбірлі тістердің орналасатын аймағындағы тіс табақшасынан қысқарақ болады. Өсу барысында тіс табақшасы доғаға ұқсай түседі.

Тіс табақшаларының бос шетінде – ерінге немесе ұртқа қараған бетінде эпителийдің көптеп өсуі өтеді. Басында олар колба тәрізді өсінді түрінде болады. Әрбір жақта бұндай 10 өсінді құралады. Кейін олар ішке қарай йілген қалпақшаларға айналады да, құралған құрылымды эмальдық мүше деп атайды.

Эмбриогенездің 9-10 аптасында әрбір эмальдық мүшенің ішке қарай ойыса бастаған аймағына мезенхима өсе бастайды. Бірте-бірте эмальдық мүшенің тереңдеген аймағының пішіні болашақ тістің пішініне ұқсай бастайды. Тістің эмальдық мүшесінің ішіне кіре орныққан мезенхиманы тіс бүртікшесі деп атайды. Эмальдық мүшенің дөңес жағы ауыз қуысының эпителийіне бағытталған.

Өсе түскен эмальдық мүше тіс табақшасынан оқшаулана түсіп, біраздан кейін онымен тек эпителиальдық жасушалардың жіңішке созындысы арқылы байланысады. Бұл жасушалардың созындысы эмальдық мүшенің мойыны деген атқа йе.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет