Қарағанды – 2010 Әож 616. 3 Кбж 54. 13 я 73 е 83 пікірсарапшылар: А. А. Кикимбаева



бет1/8
Дата17.07.2016
өлшемі3.66 Mb.
#205541
  1   2   3   4   5   6   7   8


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТІРЛІГІ
ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ

Р.Ж ЕСИМОВА
АС ҚОРЫТУ ТҮТІГІНІҢ МОРФОФУНКЦИОНАЛДЫҚ СИПАТТАМАСЫ


ОҚУ ҚҰРАЛЫ

ҚАРАҒАНДЫ – 2010

ӘОЖ 616.3

КБЖ 54.13 я 73

Е 83



ПІКІРСАРАПШЫЛАР:
А.А.Кикимбаева, «Астана» медицина университетінің гистология, цитология және эмбриология кафедрасының меңгерушісі, профессор, биология ғылымдарының докторы
К.Т.Нурсейтова, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің гистология кафедрасының оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты
С.Б.Жаутикова, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі, доцент, медицина ғылымдарының кандидаты


Е83 Есимова Р.Ж. Ас қорыту түтігінің морфофункционалдық сипаттамасы. Оқу құралы. –Қарағанды. -2010 -122 б

ISBN КБЖ 54. 13 я 73


Оқу құралы асқорыту түтігі мүшелерінің гистологиялық құрылысы, дамуы, гистофизиологиясы жайында мәліметтер беріп, медицина саласының мамандары мен студенттеріне арналған


ҚММУ Әдістемелік кеңесінде (08.04.2010, № 8 хаттама) бекітілді


ҚММУ Ғылыми Кеңесінде (29.04.2010, № 8 хаттама) бекітілді

© Р.Ж.Есимова, 2010ж.



МАЗМҰНЫ





Мазмұны

3




Қысқартулар

4




Кіріспе

5




Ауыз қуысының кіреберісінің дамуы

6




Ауыз қуысының дамуы

6




Ас қорыту түтігінің жалпы сипаттамасы

7




Ауыз қуысы және оның туындылары

11




Ерін

12




Ұрт

14




Қызылиек

16




Таңдай

17




Тіл

19




Пироговтың лимфоэпителиалды жұтқыншақ шеңбері. Бадамша бездері

26




Тістер

28




Сүт тістерінің дамуы және өсуі

29




Тіс тіндерінің гистогенезі

33




Эмальдың дамуы немесе энамелогенез

36




Тістің түбірі мен цементінің дамуы

39




Тістердің құрылысы

41




Сілекей бездері

50




Өңеш

61




Асқазан

67




Аш ішек

80




Тоқ ішек

94




Жиекті ішек

96




Аппендикс

99




Тік ішек

100




Білім деңгейін тексеруге арналған тестілер

105




Оқиғалық есептер

114




«Ас қорыту түтігінің морфофункционалдық сипаттамасы» тақырыбы бойынша тапсырмалар картасы және орындау негіздері

115




Бақылау сұрақтарының үлгісі

119




Тестілердің жауабы

120




Оқиғалық есептердің қысқа жауабы

121




Қолдануға ұсынылатын әдебиеттер

122


ҚЫСҚАРТУЛАР
НӨФ - нерв өсімі факторы

РНҚ – рибонуклеин қышқылы

ТӨФ - тимоцит өзгерту факторы

ШИК- реакция - Шифф-йодты қышқылмен реакция

ЭӨФ - эпителий өсімі факторы

ЭПТ - эндоплазмалық тор




КІРІСПЕ

Ас қорыту деп тамақтың химиялық және механикалық тұрғыдан игеріліп, ыдырау өнімдерінің сіңірілуін қамтамасыз ететін, ас қорыту түтігінің әр түрлі бөліктерінде кезектесе жүзеге асатын үрдістер аталады. Ас қорыту аппаратының ашық биологиялық жүйе ретінде адам организміндегі маңызы өте зор, себебі ол арқылы ағзаның ұдайы ыдырап және жойылып отыратын құрылымдарын қалпына келтіруге қажетті энергия және құрылыс материалдарымен жабдықтайтын заттардың жеткізілуі жүзеге асады.

Ауыз қуысы мүшелерінің құрылысы мен маңызын, өңеш пен асқазанның, аш және тоқ ішектердің гистофункционалдық ерекшеліктерін, бездерінің жасушаларын білу дәрігерге дұрыс диагноз қою, оңтайлы емдеу әдістерін таңдау үшін қажет.

Төменде «Ас қорыту жүйесінің гистологиясы» модулі бойынша тәжірибелік сабақтардың және студенттің өзіндік жұмысының тақырыптарының үлгісі берілген. Оқу құралында бұл тақырыптарға қажетті материалды табуға болады.

Тәжірибелік сабақтардың тақырыптарының үлгісі:

1 Ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлімінің морфофункционалдық сипаттамасы. Адамның жасына байланысты ерекшеліктері.

2 Асқазанның және ішектің шырышты қабықшаларының морфофункционалдық сипаттамасы. Адамның жасына байланысты ерекшеліктері.

3 Бауырдың және ұйқы безінің морфофункционалдық сипаттамасы. Балаларда болатын ерекшеліктері.

Студенттің өзіндік жұмысы тақырыптарының үлгісі:

1 Ас қорыту жүйесі бездерінің гистологиялық құрылымының балалардағы ерекшеліктері.

2 Өт қалтасы мен өт шығару жолдарының гистофункционалдық сипаттамасы.

АУЫЗ ҚУЫСЫНЫҢ КІРЕБЕРІСІНІҢ ДАМУЫ
Ауыз қуысының кіреберісінің дамуы еріннің және ұрттың дамуымен байланысты. Бұл үрдіс алғашқы ауыз қуысын қаптап жататын көпқабатты эпителийдің эмбриогенездің жетінші аптасында жуандаған құрылым – тіс үйемесін (валик) – түзеуінен басталады. Бұл үйеме мезенхиманың ішіне кіре орналаса бастайды. Осының нәтижесінде алғашқы ауыз қуысының бүкіл шетіне созылған эпителиалдық вестибулярлық табақша немесе ұрттық – еріндік табақша құралады. Вестибулярлық табақшаның бетінде біраздан кейін жылға немесе жыра пайда болады. Кейін ол жылға жоғарғы және төменгі жақтарды оларға сәйкес еріндерден бөлектеп, ауыз қуысының кіреберісін түзейтін терең жыраға айналады.

Бастапқы кезеңде алғашқы ауыз қуысы өте кең болып, құлақтың бастамасына дейін созылады. Ауыз бұрыштары аймағында жоғарғы және төменгі ерін бастамаларының бір-біріне бірігуінің есебінен ұрт түзеліп, алғашқы ауыз қуысының көлемі көп кішірейеді.


АУЫЗ ҚУЫСЫНЫҢ ДАМУЫ
Ауыз қуысы, оның туындылары, олардың құрамына кіретін тіндер күрделі даму жолынан өтеді. Бұл мәліметтерді білу мүшелердің гистофизиологиясын, құрылысын, кейбір клиникалық жағдайларды түсіну үшін өте маңызды. Беттің, ауыз қуысының, тістердің эмбриогенезін білу туа біткен аномалиялардың пайда болуын анықтап, талдау үшін де қажет.

Ас қорыту түтігінің көп бөлігі энтодермадан және мезенхимадан дамиды. Эмбриогенездің ерте сатыларында ол тұйықталған тік түтікше түрінде болады. Тек ортаңғы бөлігінде ғана алғашқы ішек кең сарыуыз каналы арқылы сарыуыз қапшығымен байланысады. Ауыз қуысының мүшелерінің құралуына эктодерма және оған түйісе орналасқан мезенхима қатысады.

Ауыз қуысының түзелуі эмбриогенездің 3-ші аптасында басталады. Алдымен ұрықтың бас бөлігінде алдыңғы ми көпіршігі мен жүрек шодырының арасында терілік эктодерма мезенхимаға кіре орналасып, тығыз өсінді түрінде анықталады. Бұл өсінді тез тереңдеп желбезектік ішектің тұйық шетіне қарсы өсе бастайды. Құралған ойық ауыз щұңқыры деп аталады да, бірінші реттік ауыз қуысы мен болашақ мұрын қуысының бастамасы болып табылады. Тереңдей келе шұңқыр алғашқы ішектің тұйық шетіне келіп тіреледі. Шұңқырдың түбі алдыңғы ішектің энтодермасымен түйісе келе жұтқыншақтың жарғағын немесе мембранасын құрайды. Эмбриогенездің үшінші аптасында бұл жарғақ жыртылады да, ауыз шұңқырының қуысы алғашқы ішектің қуысымен байланысады. Алдыңғы ішектің бастапқы бөлігі ауыз шұңқырымен қосылып алғашқы ауыз қуысын түзейді. Дефинитивті ауыз және мұрын қуыстары ортақ алғашқы ауыз қуысынан дамиды.
АС ҚОРЫТУ ТҮТІГІНІҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Ас қорыту жүйесінде шартты түрде негізгі үш: алдыңғы, ортаңғы және артқы бөліктерді ажыратады. Ас қорыту түтігінің келесі бөлімдерін ажыратады (1 сурет):


  • Ауыз қуысы (1), көмекей (2), өңеш (3), асқазан (4),

  • Ұлтабарға (5), ащы ішекке (6), мықын ішекке (7)бөлінетің аш (жіңішке) ішек;

  • Тоқ ішек, оның құрамында бүйен ішек (8), аппендикс (9) және жоғары өрлейтін (10), көлденең (11), төмен кететін (12) және сигма тәрізді (13) жиекшелі ішектер, тік ішек (14).

  • Жұптасқан сілекей бездері — шықшыт (15), жақасты (16) және тіласты (17) бездері;

  • Бауыр (18), өт қалтасы (19), өт шығару өзектері (20);

  • Ұйқы безінің экзокриндік бөлігі (21).

Алдыңғы бөлікке ауыз қуысы мен оның барлық құрылымдық компоненттері, жұтқыншақ және өңеш жатады. Алдыңғы бөлікте негізінен


1 сурет. Ас қорыту жүйесінің құрамы


1 – ауыз қуысы

2 – көмекей

3 – өңеш

4 – асқазан

5 – ұлтабар

6 –ащы ішек

7 –мықын ішек

8 – бүйен ішек

9 – аппендикс

10 – жоғары өрлейтін жиекшелі ішек

11 – көлденең жиекшелі ішек

12 – төмен кететін жиекшелі ішек

13 – сигма тәрізді жиекшелі ішек

14 – тік ішек

15 – шықшыт сілекей бездері

16 – жақасты сілекей бездері

17 – тіласты сілекей бездері

18 – бауыр

19 – өт қалтасы

20 – өт шығару өзектері

21 - ұйқы безінің экзокриндік бөлігі

тамақтың механикалық игерілуі жүзеге асады. Ортаңғы бөлік асқазаннан, аш және тоқ ішектерден, бауыр мен ұйқы безінен тұрады. Бұл бөлікте көбіне тамақтың химиялық игерілуі, оның ыдырау өнімдерінің сіңірілуі және нәжістің түзілуі орын алады. Кейінгі бөлік тік ішектің каудальды бөлімі ретінде көрінеді де, тамақтың қорытылмаған қалдықтарын ас қорыту өзегінен сыртқа шығару қызметін атқарады.



Ас қорыту түтігінің жалпы құрылысы. Ас қорыту түтігінің кез келген бөлігінің қабырғасы келесі қабаттардан тұрады: шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшықетті қабықшадан және ең сыртқы сірлі немесе адвентициальды қабықшадан (2 сурет). Тек ауыз қуысының құрылымдарында ғана шырышты қабықшаның немесе шырыш асты негізден кейін басқа құрылымдар анықталады.

2 сурет. Ас қорыту түтігінің жалпы құрылымы (Афанасьев Ю.И., Кузнецов С.Л., Юрина Н.А. бойынша)

А – ұлтабар

Б – өңеш


В – тоқ ішек

Г – аш ішек

Шырышты қабықша. Ол – үстіңгі беті бездерден бөлініп шығатын шырышпен ұдайы ылғалданып отыратын болғандықтан осындай атау алған. Шырышты қабықшаның бедері ас қорыту түтігінің бүкіл өне бойында біркелкі емес. Оның үстіңгі беті тегіс (ерін, ұрт), ойлы-қырлы (асқазандағы шұңқырлар, ішектердегі тереңдемелер), қатпарлы (барлық бөліктер), бүрлі (аш ішекте) болуы мүмкін.

Бұл қабықша әдеттегідей үш табақшадан: шырышты қабықшаның эпителийлік табақшасынан, шырышты қабықшаның меншікті табақшасынан және шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасынан құралады.

Эпителийлік табақшаны құраған эпителий тіні ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлімінде көпқабатты жазық, ал ортаңғы бөлігінде – бірқабатты текшелі, кейде цилиндр тәрізді болып келеді. Ас қорыту түтігінің артқы бөлімінде эпителий қайтадан көпқабатты болып, басында текшелі, кейін жазық мүйізденбейтін, аяғында жазық мүйізденетін болып анықталады. Бездер шырышты қабықшаның меншікті табақшасында (өңеш, асқазан) және шырыш асты негізде (өңеш, ұлтабар), эпителийдің ішінде (ішектердегі бокал тәрізді жасушалар), кейде асқорыту түтігінен тыс (бауыр, ұйқы безі) орналасады. Олар экзокриноциттерден, эндокриноциттерден және қосымша жасушалардан тұрады.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийдің астында жайғасып, одан базальды мембранамен ажыратылады және борпылдақ талшықты дәнекер тіннен құралады. Бұл жерде қан және лимфа тамырлары, жүйкелік элементтер, лимфалық тіннің жиынтықтары орналасады. Ас қорыту түтігінің кей бөліктерінде (өңеш, асқазан) бездер орналасады.

Шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы шырыш асты негізбен шекаралас жайғасады да, тегіс бұлшықет жасушаларынан құралған 1-3 қабаттан тұрады. Кей бөліктерде (тіл, қызылиек) тегіс бұлшықет жасушалары болмайды, яғни бұлшықет табақшасы жоқ.

Шырыш асты негіз. Ол борпылдақ талшықты дәнекер тіннен тұрады. Шырыш асты негіздің болуы шырышты қабықшаның қозғалғыштығын, қатпарлардың түзілуін қамтамасыз етеді. Шырыш асты негізде қан және лимфа тамырларының, сондай-ақ лимфалық тіннің шоғырлары және шырыш асты жүйке өрімі болады, кейбір бөліктерінде (өңеш, ұлтабар) бездер орналасады. Ауыз қуысында кей аймақтарда шырыш асты негіз болмайды, ол жерлерде шырышты қабықша төменгі қабаттардың құрылымдарымен тікелей байланысып орнығады, сондықтан қозғалысы мүмкін емес.

Бұлшықет қабықшасында әдетте (асқазаннан басқа) екі қабат болып орналасқан бұлшықет құрылымдарын ажыратады. Қабаттарды құрайтын бұлшықет элементтерінің орналасу ерекшелігіне орай бұл қабаттарды сыртқы бойлай және ішкі айналмалы деп атайды. Асқазанда үшінші қиғаш қабат қосылады. Қабықшаны түзейтін тіндер бұлшықеттің екі тобына жатады: көлденең-жолақты қаңқалық (өңештің және тікішектің кейбір аймақтарында) және жазық (ас қорыту түтігінің қалған бөлігінде).

Бұлшықет қабықшасының құрамында дәнекер тіннің жұқа қабаттары болады. Бұл қабаттардың құрамында бұлшықет аралық жүйке өрімдері, қан тамырлары орналасады.

Сыртқы қабықша кей жерде адвентициальды, кей жерде сірлі болады. Адвентициальды қабықша тек дәнекер тіннен құралып, жұтқыншақ, өңеш және тікішектің каудальды бөлігінде анықталады. Ас қорыту түтігінің басқа аймақтарында орналасқан қабықша сірлі деп аталып, дәнекер тіннен және оны сыртынан қаптап жатқан мезотелийден тұрады.
АУЫЗ ҚУЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТУЫНДЫЛАРЫ
Ауыз қуысының туындыларына ерін, ұрт, қызылиек, қатты және жұмсақ таңдайлар, тілшік, тіл, сілекей бездері, тістер, бадамша бездер жатқызылады. Ауыз қуысының құрылымдарын шартты түрде екіге бөлуге болады. Бірінші топқа кіретін құрылымдар ауыз қуысының қабырғасын түзейді, ал екінші топтағы мүшелер ауыз қуысының ішінде орналасады. Ауыз қуысының қабырғасын құрауға ерін, ұрт, қызылиек, қатты және жұмсақ таңдайлар, тілшік қатысады.

ЕРІН
Еріннің үш бөлігін ажыратады: терілік, аралық және шырышты (3 сурет). Еріннің негізін көлденең-жолақты бұлшық еттер құрайды.

Еріннің терілік бөлімін сыртынан базальды мембрананың үстіне орныққан көпқабатты жазық мүйізденетін эпителий қаптап тұрады. Эпителийдің астында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің қабаты орналасқан. Дәнекер тін эпителийдің ішіне кіре орналасқан биік бүртіктерді түзейді. Бұл аймақтың құрылысы теріні еске салады, оның дәнекер тінінің құрамында май, тер бездері және түкті шаштар анықталады.

Еріннің аралық бөлігі өз кезегінде екі аймаққа бөлінеді. Ол аймақтар сыртқы және ішкі немесе тегіс және бүрлі деп аталады. Сыртқы аймақта эпителий тіні көпқабатты мүйізденген, терілік бөліммен салыстырғанда жұқарақ және мөлдір болады. Түкті шаштар мен тер бездері жойылады, май бездері сақталынады. Бездердің басым бөлігі үстіңгі ерінде орналасып, көбінесе ауыз бұрышы (езу) маңында шоғырланады. Эпителийдің астында орналасқан дәнекер тін қабатының бүртіктері терілік бөлімдегі бүртіктерден аласа болып келеді. Жаңа туған нәрестелердің ерінінің ішкі жағы эпителиалдық бүртіктермен қапталған, оларды кейде бүрлер деп те атайды. Бұл бүртіктер бала есейген сайын бірте-бірте тегістеледі түсіп, жойылады. Ересек адамда еріннің аралық бөлігінің ішкі аймағының эпителийі сыртқы аймақтағыға қарағанда үш-төрт есе қалыңырақ болады және мүйізденбейтін эпителиймен қапталады. Ішкі қабатта, әдетте, май бездері болмайды. Эпителийдің астындағы талшықты дәнекер тін жоғарғы қабатқа кіре орналасып биік бүртіктерді құрайды. Олардың құрамында көптеген қан капиллярлары анықталады. Мөлдір де жұқа эпителийден көрініп тұрған қан еріннің бұл аймағына қызыл түс беріп тұрады. Сондықтан бұл аймақты еріннің қызыл жиегі деп те атайды. Сонымен қатар бүртіктерде жүйкелік аяқтамалар мол болып, еріннің қызыл жиегіне жоғары сезімталдық қасиет береді.

3 сурет. Бала ерінінің сагиттальды кесіндісі. (В.Г.Елисеев, Ю.И.Афанасьев, Е.Ф.Котовский бойынша)
І – терілік бөлімі

ІІ – аралық бөлімі

ІІІ – шырышты бөлімі

1 – көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителий

2 – шырышты қабықшаның меншікті табақшасы

3 – шырыш асты негіз

3а - сілекей бездері

4 – қаңқалық бұлшықет тіні

Еріннің шырышты бөлігі көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған. Бірақ, эпителийдің жоғарғы қабатының жасушаларында аздаған кератин түйіршіктерін көруге болады. Эпителий бұл жерде еріннің басқа аймақтарына қарағанда қалыңырақ. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы аласа бүртіктерді құрайды. Бұл жерде шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы жоқ, сондықтан меншікті табақша еріннің шырыш асты негізіне ұласады. Екеуінің арасында айқын шекара байқалмайды. Шырыш асты негізде еріннің сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері орналасады. Олардың көлемдері әртүрлі болады, ең үлкендері бұршақ дәнінің мөлшеріне дейін жетеді. Құрылымы жағынан олар альвеолярлық-түтікшелі болып келеді. Өндірілген өнімінің сипаты бойынша олар шырышты-белокты бездерге жатады. Шығару өзегі еріннің үстіне ашылып, көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған.

Шырыш асты негіз көлденең-жолақты бұлшықетіне жалғасады. Шырышты бөліктің шырыш асты негізінде артериялар және еріннің қызыл етіне де таралатын кең веналық өрім орналасады.


ҰРТ
Ұрттың негізін көлденең-жолақты қаңқалық бұлшық еті құрайды. Ұрттың қабырғасында шырышты қабықша, шырыш асты негіз, бұлшықет қабаты және ұрттың сыртын жауып тұратын тері қабаты ажыратылады. Шырышты қабықшаның эпителиалдық табақшасы ұрт аймағында қалыңырақ болады. Эпителийдің қалыңдау болуы қабаттарды құрайтын эпителиоциттердің көлемдері үлкендеу екендігіне байланысты. Әсіресе тікенекті қабаттың жасушалары басқа аймақтардың жасушаларына қарағанда ірілеу болып келеді.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ дәнекер тіннен құралған. Ерекшелігіне оның құрамында эластикалық талшықтардың молдығы және аласа бүртіктердің болуы жатады. Бұлшықет табақшасы жоқ.

Ұрттың шырышты қабықшасында үш аймақты ажыратады. Олар үстіңгі немесе максилярлық, астыңғы немесе мандибулярлық және ортаңғы немесе аралық деп аталады.

Ұрттың максилярлық және мандибулярлық аймақтарының құрылымы еріннің шырышты бөлігінің құрылымына ұқсас. Бұл жердегі эпителий көпқабатты жазық мүйізденбейтін болып келеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктерінің көлемдері кішірек. Шырыш асты негіз жақсы дамыған, оның құрамында ұрттың сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері орналасқан. Бездердің ішіндегі көлемдері үлкендеулері түпкілікті тістердің маңында байқалады. Олардың кейбіреулері тереңдеп, ұрттың бұлшық еттерінің арасына орналасуы да кездеседі.

Ұрттың ортаңғы аймағы ауыз бұрышынан төменгі жақтың тармағына дейін созылатын, ені 10 мм шамасындағы жерді алып жатады. Эмбриондық кезеңде және бала туғаннан кейін бір жасқа дейін бұл аймақта еріннің аралық бөлігіндегі тәрізді эпителийлік бүрлер болады. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктері еріннің аралық бөлігіндегідей ірі болады. Сілекей бездері бұл аймақта болмайды. Біраз кері дамыған май бездерінің қалдықтары анықталады. Ұрттың аралық аймағы терінің және ауыз қуысының шырышты қабықшасының түйіскен жері болып табылады. Ауыз қуысының қалыптасуы кезінде эмбриондық бастаманың тұтасуының нәтижесінде пайда болады.

Шырыш асты негіз ұртта жақсы дамып, жетілген. Оның құрамында көптеген қан тамырлары, жүйкелік аяқтамалар орналасады.

Ұрттың құрамындағы бұлшықет көлденең-жолақты қаңқалық бұлшық еттен құралған. Жоғарыда айтылғандай, олардың ішінде кейде ұрттың ірі сілекей бездерінің анықталуы мүмкін. Олардың секреторлық аяққы бөлімдері белокты-шырышты немесе шырышты жасушалардан құралған.

ҚЫЗЫЛИЕК
Қызылиектің екі бөлімін ажыратады. Олар вестибулярлық — ауыз қуысының кіреберісіне қараған және ауыз қуысының өзіне қараған – оральдық деп аталады.

Қызылиектің өзін үшке бөледі:



  • Бекітілген бөлігі – ол сүйек қабығымен тығыз бірігіп кетеді.

  • Аздаған аймақты алып жататын бос бөлігі – бұл бөлік тістің бетіне түйісе орналасып, одан айналмалы қуыс – қызылиек қалтасы немесе қызылиек жырасы арқылы оқшауланады.

  • Тісаралық бүртікшелер – қызылиектің тістер арасындағы үшбұрышты аймақтары.

Қызылиек шырышты қабықшамен жабылған. Шырышты қабықшаның кей жері мүйізденетін көпқабатты жазық эпителиймен көмкерілген. Вестибулярлық бөліктің мүйіздену деңгейі жоғарырақ болады. Қызылиек қалтасы аймағындағы эпителий мүйізденбейді және тістің кутикуласымен бірігіп кетеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасын борпылдақ талшықты дәнекер тін түзейді. Тіннің құрамында әр түрлі бағытта орналасқан коллаген талшықтарының жуан шоғырлары болады, ол сүйектің қабығының құрамына ұласады. Меншікті табақша эпителийге тереңдей енетін ұзын бүртіктерді құрайды. Бүртіктер қызылиектің тістерге тікелей жапсарлас орналасқан бөлігінде қысқарады. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының дәнекер тінінің кей жерінде тіндік базофильдердің үлкен жиынтықтары болады. Табақшаның негізгі затына метахромазиялық қасиет тән, өйткені оның құрамында гликозаминогликандардың мөлшері мол болады. Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы болмайды. Қызылиек жақсы жүйкеленген. Эпителийде – бос жүйке ұштары, ал шырышты қабықшаның меншікті табақшасында – тұйықталған (капсуламен қапталған) және тұйықталмаған (капсуламен қапталмаған) нерв ұштары орналасады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет