ЕС – жасушалар – эндокриноциттердің ең көбі болып, паракринді әсерлі, «ашық» типтіге жатады. Бездердің денесі мен түбі аймағында басты жасушалардың арасында орналасады. Бұл жасушалар серотонин мен мелатонин бөліп шығарады. Серотонин ас қорыту ферменттерінің секрециясын, шырыштың бөлінуін, бұлшық еттің қозғалғыштық белсенділігін арттыруға жәрдемдеседі. Мелатониннің бөлінуі астың түсуімен емес, көру жолдарынан келетін сигналдардың есебінен симпатикалық жүйке жүйесімен реттеледі. Мелатонин функциональдық белсенділіктің фотомерзімділігін реттейді (яғни жарық циклінің әсеріне тәуелді).
ECL-жасушалар да реттеуге паракринді жолмен қатысады, бірақ олар «жабық» типті жасушаларға жатады. Яғни олардың гистаминді өндіруі тек қана гуморальды немесе жүйкелік жолмен ғана реттеледі.
G (С) –жасушалар (гастрин өндіруші) да көп және негізінен пилорикалық, сондай-ақ кардиальдық бездердің денесінде және түбінде, кей кезде мойын аймақтарында орналасады. Бұл жасушалар «ашық» типті, эндокринді әсер етуші болып табылады. Ортаның қышқылдығы төмен болған мезгілде бұл жасушалар гастринді өндіреді, ал олар қан арқылы бездің түбі мен денесінде орналасқан париетальды жасушаларға жетіп, олардың қызметін арттырады. Олар бөліп шығаратын гастрин – басты жасушалардың пепсиноген бөлуін, париетальдық жасушалардың қышқылын өндіруін күшейтіп, сонымен бірге асқазан моторикасына ықпал жасайды. Асқазан сөлінің гиперсекрециясы кезінде адамда G – жасушалар санының ұлғаюы байқалады. Бұл жасушалар, гастриннен басқа, эндогендік морфиндердің бірі болып табылатын энкефалинді де бөліп шығарады. Оған ауыру медиациясы қызметін таңады.
Р-жасушалардың қызметі де осы жасушаларға ұқсас. Р-жасушалар тұз қышқылы мен ферментке бай панкреаттық сөлдің бөлінуіне септесетін әрі өт қалтасының тегіс бұлшық етінің жиырылуын тездететін бомбезинді өндіреді.
Д-және Д1-жасушалар негізінен пилорикалық бездерден табылды. Олар белсенді полипептиттерді өндірушілер. Д-жасушалар белок синтезін тежейтін соматостатинді бөледі. Д1- жасушалар қан тамырын кеңейтіп, артерия қысымын төмендететін, сондай-ақ ұйқы безі гормондарының бөлінуін қуаттайтын вазоинтестинальдық пептидті (ВИП) түзеді.
P- , ECL- , Д- , Д1- , А- және Х жасушалардың саны аздау. А- жасушалар глюкагонды синтездейді, яғни қызметі жағынан ұйқы безі аралшықтарының А-жасушаларына ұқсас. Олар «жабық» типті жасушаларға жатады, әсер ету әдісі бойынша эндокриндік болып келеді. Өндірген глюкагон гормоны қан арқылы нысаналы жасушаларға жеткізіледі. Х-жасушаларының қызметі толық анықталмаған.
Кардиальдық бездер – аяққы бөлімдері қатты тармақталған қарапайым түтікшелі бездерге жатады. Бұл бездердің қысқа шығарушы өзектері призмалық жасушалармен жабылған. Жасушаларының қысыңқы ядролары олардың табанында жатады, цитоплазмасының түсі ашық. Муцикарминмен арнайы боялған кезде жасушада шырыш анықталады. Бұл бездердің секреторлық жасушалары асқазанның пилорикалық бездерін және өңештің кардиальдық бездерін жауып жатқан жасушаларға ұқсас. Олардан дипептидазалар да табылған. Кардиальдық бездерде кей кезде шағын мөлшерде басты және париетальдық жасушалар кездеседі.
Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы жазық бұлшық ет тінінен түзілген үш: ішкі, сыртқы айналмалы және ортаңғы бойлай бағытталған қабаттардан тұрады. Шырышты қабықшаның бұлшық ет элементтерінің жиырылуы оның қозғалтқыштығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ асқазан бездерінің өнімдерінің бөлінуіне септеседі.
Асқазанның бұлшық етті қабықшасы оның түбінде нашар жетіліп, денесінде жақсы білінеді де, кіре берісінде (привратникте) ең жоғарғы даму шегіне жетеді. Бұлшықетті қабықшада жазық (тегіс) бұлшықет жасушаларынан түзілген үш қабатты ажыратады. Сыртқы бойлай орналасқан қабат өңештің бойлай бағытталған бұлшықетті қабатының жалғасы болып табылады. Ортаңғы – айналмалы қабат та өңештің айналмалы қабатының жалғасы ретінде көрінеді де, пилорикалық аймақта жетілу шегіне жетіп, сол жерде қалыңдығы 3-5 см болатын пилорикалық сфинктерді құрайды. Ішкі қабат қиғаш бағыттағы тегіс бұлшықет жасушаларының шоғыры түрінде болады. Бұлшықетті қабықшаның қабаттарының арасында бұлшықет аралық нерв өрімдері және лимфа тамырларының шоғырлары қоныстанады.
Асқазанның сірі қабықшасы оның қабырғасының сыртқы бөлігін құрайды. Бұл сыртынан мезотелиймен қапталған висцеральды шажырқай болып табылады. Сірі қабықша мен бұлшық ет қабықшасының арасында екінші жүйкелік өрім орналасады. Сонымен асқазанның қабырғасында үш жүйкелік өрім анықталады.
Жоғарыда айтылғандай, асқазанның үш бөлімі ажыратылады. Бұл аймақтардың бір-бірінен айырмашылықтары негізінен асқазан шұңқырларының тереңдігі, бездердің тармақталу деңгейі және бездердің құрамына кіретін жасушалардың түрлеріне байланысты қалыптасады.
Кардиальдық бездер көп тармақталған, өндіретін өнімінің құрамына байланысты олар шырышты болып келеді. Жасушалардың ішінде негізінен мукоциттер анықталады. Эндокриноциттердің көбін ЕС-жасушалар және G- жасушалар құрайды.
Шұңқырлар пилорикалық бөлікте қалған екі бөлімдегіден 2-3 есе терең болады. Олардың тереңдігі шырышты қабықшаның қалыңдығының 50-70% құрайды. Пилорикалық бездер тармақталған, фундальдық бездермен салыстырғанда сиректеу орналасады. Бездер көбінесе шырыш өндіретін болғандықтан секреторлық аяққы бөлімі мукоциттерден құралып, препараттарда ашық түсті болып көрінеді. Секреторлық бөлімдердің қуысы кеңірек болады. Эндокриноциттердің цитоплазмасы күңгірттеу болып көрінеді. Бұлшық ет қабықшасында ортаңғы айналмалы қабаты жақсы дамып жетілген, ол жерде пилорикалық жұм қалыптасады. Асқазанның бұл аймағында да бірнеше жүйкелік өрімдер ажыратылады. Сыртқы қабықша дәнекер тіннен және мезотелийден тұратын сірі қабықша болып табылады.
Тамырлануы. Асқазанның қабырғасын қоректендіретін артериялар сірі және бұлшықетті қабықшалар арқылы өтіп, оларға сәйкес тармақтарды береді де, бұдан әрі қарай шырыш асты негізіндегі қуатты өрімге ұласады. Бұл өрімнің тармақтары шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы арқылы оның меншікті табақшасына өтіп, сол жерде екінші өрімді құрайды. Бұл өрімнен ұсақ артериялар тарайды. Олар қан капиллярларына ұласып, бездерді қоршайтын және асқазан эпителийінің қоректенуін қамтамасыз етеді. Шырышты қабықшада жатқан қан капиллярларынан қан ұсақ веналарға жиналады. Тікелей эпителийдің астымен ірі жұлдызша пішінді посткапиллярлық веналар өтеді. Кейде кездесетін асқазан эпителийінің зақымдануы әдетте бұл веналардың жарылуымен және едәуір қан кетуімен бірге жүреді. Шырышты қабықшаның веналары біріге отырып, меншікті табақшадағы артериальдық өрімнің маңында вена өрімін қалыптастырады. Екінші вена өрімі шырыш асты негізде орналасады. Асқазанның барлық веналары, шырышты қабықшада жатқан веналардан бастап, қақпақпен (клапанмен) жабдықталған. Асқазанның лимфалық торының тұйық ұштары тікелей шырышты қабықшаның меншікті табақшасындағы асқазан шұңқырлары мен бездерінің эпителийі астында орналасатын лимфа капиллярларынан басталады. Бұл тор шырыш асты негізде жатқан лимфа тамырларының үлкен орамды торымен байланысады. Лимфа торынан бұлшықетті қабықшаны бойлап өтетін жекелеген тамырлар тарайды. Оларға бұлшықетті қабаттардың арасындағы өрімдерден лимфа тамырлары құйылады.
Жүйкеленуі. Асқазанның эфференттік иннервациясының екі: парасимпатикалық (кезбе нервтен) және симпатикалық (шекаралық симпатикалық баған) көзі бар. Асқазанның қабырғасында үш: бұлшықет аралық, шырыш асты және сірі асты нерв өрімдері орналасады. Нерв ганглийлері кардиальдық аймақта аз болып, шыға беріс қақпаларға (привратникке) қарай саны мен өлшемдері жағынан ұлғая береді.
Ең қуатты бұлшықет аралық өрімнің ганглийлері негізінен І тип жасушаларынан және ІІ типті жасушаларының азғантай мөлшерінен құралады. Көпшілігі асқазанның пилорикалық аймағында байқалады. Шырыш асты өрім нашар дамыған. Жылжымалы нервтің тітіркенуі асқазанның жиырылуын тездетуге және бездерден асқазан сөлінің бөлінуін күшейтуге алып келеді. Симпатикалық нервтердің тітіркенуі, керісінше, асқазанның жиырылушылық қызметін баяулатады және асқазан секрециясын әлсіретеді.
Афференттік талшықтар бұлшықетті қабықшада орналасқан сезімтал өрімді түзейді. Оның талшықтары нерв түйіндерінің, тегіс бұлшықеттерінің, дәнекер тіннің рецепторлық иннервациясын жүзеге асырады.
Аш ішек
Аш ішекте қоректік заттардың барлық түрлерінің – ақуыздар, майлар мен көмірсулардың химиялық қайта өңделуі жүреді. Ақуыздарды қорытуға қарапайым белоктарды ыдырататын энтерокиназа, киназоген және трипсин ферменттері, пептидтерді амин қышқылдарына дейін ыдырататын эрепсин (пептидазалардың қоспасы) және күрделі ақуыздар – нуклеопротеидтерді қорытатын нуклеаза қатысады. Көмірсулардың қорытылуы – амилаза, мальтаза, сахароза, лактоза және фосфатаза, ал майлардың қорытылуы – липаза ферменттері арқылы қамтамасыз етіледі. Аш ішекте сондай-ақ ақуыздардың, майлар мен көмірсулардың ыдырау өнімдерінің қан және лимфа тамырларына сіңірілу үрдісі жүзеге асады. Ішектер сонымен қатар механикалық қызмет атқарып, химусты каудальдық бағытта жылжытады. Бұл қызмет ішектердің бұлшықеті қабықшасының перистальтикалық жиырылуының арқасында орындалады. Арнаулы секреторлық жасушалар атқаратын эндокриндік қызмет биологиялық белсенді заттарды – серотонин, гистамин, мотилин, секретин, энтероглюкагон, холецистокинин, панкреозимин, және гастрин ингибиторын өндіруден көрінеді.
Аш ішектің ұзындығы – 6-7 м. Ішектің ұзына бойына үш бөлімді ажыратады: ұзындығы 25—30 см болатын ұлтабар, аш ішектің 2/5 бөлімін құрайтын ащы ішек, қалған бөлімі - мықын ішек.
Дамуы. Аш ішек эмбриогенездің 5-ші аптасында дами бастайды. Аш ішектің бүрлерінің, криптілерінің және дуоденальдық бездерінің эпителийі ішек энтодермасынан құралады. Жіктелудің алғашқы кезеңдерінде эпителий – бір қатарлы текшелі, одан соң – екі қатарлы призмалық болып келеді де, ақыры 7-8-ші аптада бір қабатты призмалық эпителий түзіледі. Эмбриональдық дамудың 8-9-шы аптасында бүрлер мен криптілер (тереңдемелер) пайда болады. Дамудың 20-24-ші аптасының ішінде айналмалы қатпарлар қалыптасады. Бұл кезге қарай дуоденальдық бездер де дамиды. 4-апталық ұрықтың ішек эпителийінің жасушалары әлі жіктелмеген және жоғары пролиферативтік белсенділікпен сипатталады. Эпителиоциттердің жіктелуі дамудың 6-12-ші аптасында басталады. Бағаналы (жиекшелі) эпителиоциттер пайда болады. Оларға резорбциялық бетті үлкейтетін микробүрлердің қарқынды дамуы тән. Гликокаликс эмбриондық кезеңнің аяғы – ұрықтық кезеңнің басына қарай жетіле бастайды. Бұл кезде эпителиоциттерде резорбцияның ультрақұрылымдық белгілері – везикулалардың, лизосомалардың, мультивезикулярлық және мекониальдық денешіктердің көп мөлшері байқалады.
Қызметі. Аш ішектің негізгі атқаратын қызметі асты қорыту және сіңіру болып табылады.
Асты қорыту ферменттердің екі тобының көмегімен атқарылады. Бірінші топ – ұйқы безінен келіп түсетін панкреаттық сөлдің ферменттері. Олар қуыс ішіндегі ас қорытуды қамтамасыз етеді.
Екінші топ – ішек сөлінің ферменттері. Бұл сөл ішектің эпителиоциттерінің өздері өндіретін өнімі болғандықтан олар жасушалардың үстіңгі бетінде орналасады. Ас жентегінің құрамындағы субстраттарды қорыту осы аймақта жүретін болғандықтан бұл құбылыс қабырғалық ас қорыту деп аталады. Ішек сөлінің құрамында ферменттердің түрі әрқилы болады. Мысалы ақуыздарды ыдыратуға трипсин, химотрипсин, энтерокиназа, пептидазалар т.б. қатысады. Көмірсуларды амилаза, мальтаза, лактаза, сахараза т.б., липидтерді- липазалар, фосфолипазалар т.б., нуклеин қышқылдарын — әртүрлі нуклеазалар мен нуклеотидазалар ыдыратады.
Асты сіңіру шырышты қабықшаның көлемін арттыратын ішек бүрлері мен криптілер және олардың бетін жауып тұратын ерекше жасушалардың көмегімен іске асырылады.
Бұлардан басқа аш ішек механикалық, эндокриндік және қорғаныш қызметтерін атқарады.
Құрылысы. Аш ішектің қабырғасы шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшықетті және сірі қабықшалардан тұрады (14 сурет). Шырышты қабықша бірқатар түзілімдер – айналмалы қатпарлардың, бүрлердің және криптілердің (ішек бездері) болуына байланысты ерекше бедерге ие. Бұл құрылымдар аш ішектің жалпы үстіңгі бетін ұлғайтып, оның негізгі қызметтерін атқаруға септеседі. Айналмалы қатпарлар шырышты қабықшадан және шырыш асты негізден құралған. Шырышты қабықшаның бетінде көптеген кішірек көлемді төмпешіктер жиі кездеседі. Бұл аймақтарда қабықшаның ішінде жеке (солитарлық) немесе топ құраған (пейер түймешіктері) лимфалық фолликулалар орналасады. Пейер түйіншелерінің жалпы саны 30-ға дейін жетіп, көбінесе тек мықын ішекте орналасады. Олардың аймағында, әдетте, бүрлер мен криптілер болмайды.
Ішек бүрлері қабықшаның аш ішек саңылауына еркін еніп тұратын саусақ тәрізді немесе жапырақ тәрізді пішіні бар өсінділер болып табылады. Аш ішек бүрлердің саны орасан көп. Әсіресе ол ұлтабар мен ащы ішекте мол болады да (1 шаршы мм-ге 22-40 бүр келеді) , мықын ішегінде аз қоныстанады (1 шаршы. мм-ге 18-31 бүр келеді). Ұлтабардағы бүрлер – енді және қысқа (биіктігі бар болғаны 0,2-1,5 мм). Әр бүрдің түзілуіне шырышты қабықшаның барлық қабаттарының құрылымдық элементтері қатысады.
Әрбір ішек бүрінің беті бір қабатты призмалық эпителиймен жабылған. Эпителийде жасушаның үш түрі ажыратылады, олар: бағаналы эпителиоциттер (олардың құрамына М-жасушалар да кіреді), бокал тәрізді экзокриноциттер мен эндокриноциттер. Бүрдің бағаналы эпителиоциттері
14 сурет. Аш ішек. (В.Г.Елисеев, Ю.И.Афанасьев, Е.Ф.Котовский бойынша)
І - шырышты қабықша
Іа - бүрлер
Іб – криптілер
Ів – бірқабатты цилиндр тәрізді жиекшелі эпителий
1 – шырышты қабықшаның меншікті табақшасы
2 – шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы
ІІ – шырыш асты негіз
ІІІ – бұлшықет қабықшасы
ІІІа – ішкі айналмалы қабат
ІІІб – сыртқы бойлай қабат
ІҮ – сірі қабықша
бүрді жабатын эпителий қабатының негізгі бөлімін құрайды. Бұлар – пішіні жағынан призмалық, биіктігі 22-26 мкм және ені 3 мкм шамасындағы жасушалар. Олар құрылысының айқын полярлық жіктелуімен сипатталады. Бұл олардың функциональдық мамандандырылуы – тамақпен түсетін заттардың сіңірілуі мен тасымалдануын қамтамасыз етуден көрінеді.
Жасушалардың апикальды бетінде көптеген микробүрлерден түзілген жолақты (оксифильді) жиекше көрінеді. Жасушалардың 1 шаршы мкм бетіндегі микробүрлердің саны 60-90 аралығында болады. Адамның әр микробүрінің биіктігі - 0,9-1,25 мкм-ге, диаметрі – 0,08-0,11 мкм, микробүрлердің арақашықтығы – 0,01-0,002 мкм-ге тең. Микробүрлердің көптігінің арқасында ішектің сіңіру беті 30-40 есе ұлғаяды. Микробүрлерде жіңішке филаменттер мен микротүтікшелер бар. Микробүрлердің бетін жауып тұратын гликокаликсті ажыратады. Оның құрамында липопротеиндер, гликозамингликандар, кейбір ас қорыту ферменттері: аминопептидазалар, фосфатазалар, гликозидазалар болады. Бұл ферменттер бағаналық эпителиоциттердің өнімдері болып табылады. Жасушалардың базальдық бөлімінде жақсы дамыған түйіршікті ЭПТ және Гольджи кешені орналасқан. Аш ішек эпителийіндегі фосфатазаның белсенділігі олардың бауырдағы деңгейіне қарағанда 700 еседей жоғары және олардың 3/4 бөлігі жиекшенің бетінде орналасады. Қоректік заттардың ыдырауы мен сіңірілуі әсіресе жолақты жиекше аймағында қарқынды өтетіндігі анықталған. Гликокаликстің аймағында және микробүрлердің мембраналарының үстінде астың ыдырауы (қабырғалық және мембраналық) аяқталады. Микробүрлердің беті ферменттер мен қоректік заттардың адсорбенті қызметін атқарады, ал бүрлер арасындағы қашықтық бұл жерде өтетін ферменттік реакциялар үшін тиімді болып табылады.
Қорытылуы аяқталған ас бағаналы жасушалардың көмегімен сіңіріледі. Астың сіңірілуі жеңілдетілген диффузия (глюкоза), белсенді тасымал (аминоқышқылдар), қарапайым диффузия (су, спирт) әдістерімен жүреді. Бұл заттар бағаналы эпителиоциттердің ішіне түседі. Жасушалардан олар базальды мембрананың астында орналасқан қан капиллярларына жеткізіледі. Әрі қарай бауырдың портальды жүйесінің тамырларына барып түседі.
Майлардың сіңірілуі өзгеше жүреді. Ішектің қуысында майлар өт қышқылдарының ықпалымен бастапқы өңдеуден өтіп, майда тамшыларға айналады. Қарапайым диффузия жолымен ыдыратылған өнімдер жасушалардың ішіне түседі. Бағаналы жасушалардың апикальдық бөлігінде орналасқан жазық эндоплазмалық торда майлар мен липидтердің ресинтезі өтеді. Пайда болған жаңа заттар Гольджи кешенінде арнайы тасымалдану түйіршіктеріне - хиломикрондарға –айналады. Бұл құрылымдардың беткейін (салмағының 2 %) арнайы ақуыздар, қалған ішкі көлемін гидрофобты май молекулалары алып жатады. Ақуыздардың гидрофобты бөліктері майларға қарай, ал гидрофильді радикалдары сыртқа қарай бағытталған. Бағаналық жасушалардан хиломикрондар лимфа капиллярларына барып түседі.
М-жасушалар лимфалық фолликулалардың үстінде орналасқан эпителийдің құрамында анықталады. Олар бағаналық эпителиоциттердің бір түрі болып табылады. Олардың апикальдық бөлімінде бағаналық жасушаларға қарағанда микробүрлері аз болады, базальдық бөлімінде лимфоциттер мен макрофагтар орналасқан терең инвагинациялары анықталады. Бұл жасушалар иммундық реакцияларға қатысады. Антигенмен байланысқан М-жасуша оларды өзгеріссіз инвагинациялардың ішіне қарай ауыстырады. Ол жерде антигенді тану және жою немесе залалсыздандыру өтеді.
Ішектің эпителийінің құрамындағы бокал тәрізді экзокриноциттер бүрде бағаналы жасушалар арасында жекелей орналасқан. Олардың саны ұлтабардан мықын ішектеріне қарай артады. Құрылымы жағынан бұлар - әдеттегі шырышты жасушалар. Цитоплазмасы ашық түсті болып көрінеді. Оларда шырыштың жиналуымен және бөлінуімен байланысты циклді өзгерістер байқалады. Жасушада жазық эндоплазмалық тор, Гольджи кешені жақсы дамыған. Өнімді бөлу әдісі мерокринді.
Бокал тәрізді экзокриноциттер бөлетін шырыш ішектің шырышты қабықшасының бетін ылғалдандыруға және сол арқылы ас ботқасының жылжуына көмектеседі. Бүр эпителийінің астында базальды мембрана жайғасып, одан соң шырышты қабықшаның меншікті табақшасының борпылдақ талшықты дәнекер тіні орналасады. Оның бойымен бүрді бойлай бағытталған қан, лимфа тамырлары және нервтер өтеді. Бүрдің стромасында шырышты қабықшаның бұлшықетті қабатының туындылары – жекелеген жазық бұлшықет жасушалары болады. Жазық миоциттердің шоғырларын ретикулярлық талшықтардың торы қоршап, оларды бүрдің стромасымен және базальды мембранамен байланыстырады.
Миоциттердің жиырылуы сіңірілген ыдырау өнімдерінің ішек қанына және лимфасына кіруіне септеседі. Тегіс бұлшықетті жасушалардың шырыш асты негізге енетін шоғырлары сол арадан өтетін тамырлардың сыртында айналмалы қабаттарды түзейді. Бұл бұлшықет топтарының жиырылуы мүшені қанмен жабдықтауды реттейді.
Ішек криптілері шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасқан эпителийдің түтікшелі тереңдемелері болып табылады. Олардың сағасы бүрлер арасындағы саңылауға ашылады. 1 шаршы мм беткейге 100-ге дейін криптіден келеді, ал аш ішекте барлығы 150млн. астам криптілер (тереңдемелер) бар. Әрбір ішек криптісінің ұзындығы – 0,25-0,5 мм, диаметрі – 0,07мм шамасында. Аш ішектегі криптілердің жалпы ауданы – 14 ш.м. шамасында болады.
Ішек криптілерінің эпителийлік жабуының құрамында жасушалардың төмендегі түрлері бар: бағаналы эпителиоциттер, жіктелмеген эпителиоциттер, бокал тәрізді экзокриноциттер, эндокриноциттер және ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер (Панет жасушалары). Бағаналы эпителиоциттер криптілердің эпителийлік жабуының негізін құрайды. Бүрлердің өзі тектес жасушаларымен салыстырғанда олар аласарақ, жолақты жиекшесі жұқарақ болады, базофильді цитоплазмаға ие. Жіктелмеген эпителиоциттер криптілердің төменгі бөлігінде орналасқан. Олардан митоздың бейнелері жиі көрінеді. Бұл элементтер бүрдің эпителий жасушалары үшін де, крипт жасушалары үшін де регенерация көзі қызметін атқарады. Эпителийдің ауысу кезеңі 2 тәулік шамасында. Бокал тәрізді экзокриноциттер ұдайы криптілерде орналасады. Олардың құрылысы жоғарыда сипатталған жасушаға ұқсас. Эндокриноциттердің саны криптілерде бүрлерге қарағанда әлдеқайда көп. Ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер криптілердің түбінде топтасып немесе бір-бірден орналасады.
Жасушаның бұл түйіршіктері күрт ацидофильді, эозинмен ашық қызыл түске боялады, қышқылдарда ериді, ал сілтілерде тұрақты болып келеді. Цитохимиялық жолмен түйіршіктерден белокты полисахаридті комплекс, ферменттер, лизоцимдер табылған. Ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттердің базальды бөлігінің цитоплазмасы едәуір базофилиялық байқатады. Үлкен дөңгелек ядроның айналасында аздаған митохондриялар орналасады. Гистохимиялық зерттеулер көрсеткендей, ацидофильді түйіршігі бар жасушаларда мырыштың (цинк) көп мөлшері болады, қышқыл фосфатазаның, дегидрогеназалардың жоғары белсенділігі көрінеді. Сондай-ақ, тәжірибе жүргізілетін жануарларға поликарпин еккен кезде бұл жасушалардан секрет бөлінуінің күшейгені байқалған. Секрет бөлінгеннен кейін бұл жасушалар жіңішке, күңгірт түсті кейіпке енеді. Поликарпин егілген соң 1 сағаттан кейін цитоплазмада тағы да түйіршіктер жиналады. Бұл жасушалар депиптидтерді амин қышқылдарына дейін ыдыратуға қатысатын дипептидазаларды (эрепсинді) бөледі деген болжам бар. Басқа түсінік бойынша, бұл жасушалар химуста болатын тұз қышқылын бейтараптандыратын секретті бөліп шығарады.
Асқазан – ішек эндокриноциттерінің ішекте бірнеше түрі болады. Бәрінен де серотонин, мотилин және Р-затын бөлетін ЕС-жасушалары көп. Энтероглюкагонды өндіретін А-жасушалардың саны аз. Секретинді бөліп шығаратын S-жасушалар ішектің бөлімдерінде әркелкі орналасқан. Олардың өндірген өнімдері асқазанның сөл бөлуін тежеп, ішектерге панкреаттық сөлдің және өттің бөлінуін арттырады. Бұларға қоса, ішектен ұйқы безі мен бауырдың қызметін арттыратын биологиялық белсенді заттар холицистокининді (панкреозимин) түзетін І-жасушалар табылған. Сондай-ақ, гастрин өндіруші G -жасушалар, белсенді пептидтерді өндіруші Д және Д1-жасушалар да анықталған.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасына ретикулярлық талшықтардың көп мөлшерде болуы тән. Олар меншікті табақшаның бүкіл өне бойында қалың тор құрап, эпителийге жақын тұста базальды мембрана түзеуге қатысады. Құрылымы жағынан қан түзеуші мүшелердің ретикулярлық жасушаларына ұқсас өсінділі жасушалар ретикулярлық талшықтармен тығыз байланысқан. Меншікті табақшада эозинофильдер, лимфоциттер, сондай-ақ, плазмоциттер ұдайы кездесіп отырады.
Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы екі – ішкі айналмалы және сыртқы бойлай (босаңдау) қабаттардан тұрады. Екі қабаттың қалыңдығы 40 мкм шамасында. Оларда бұлшықетті жасушалардың қиғаш жатқан шоғырлары да кездеседі. Ішкі айналмалы бұлшықетті қабаттан жекелеген миоциттер шырышты қабықшаның меншікті табақшасына және шырыш асты негізге өтеді.
Шырышты қабықшада лимфа тінінің көптеген шоғырлары болады. Жекелеген (солитарлық) лимфа түйіндері аш ішектің бүкіл өне бойында кездеседі. Олардың диаметрі шамамен 0,5-3 мм. Аш ішектің дистальды бөлімдерінде жатқан үлкенірек түйіндер шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасына өтіп, жарым-жартылай шырыш асты негізде де орналасады. Аш ішектің қабырғасында кездесетін солитарлық лимфа түйіндерінің саны 3-13 жас аралығында 15000 шамасында болады. Адам қартайған сайын олардың қатары кеми береді.
Топтала түзелген лимфалық түйіндер мықын ішекте көбіректеу орналасады, бірақ кей кезде ащы ішекте және ұлтабарда да кездеседі. Түйіндердің саны адамның жас шамасына қарай ауытқиды: балалардың аш ішегінде -100-ге жуық, ересектерде – 30 - 40 шамасында, ал егде тартқан адамда олардың мөлшері мүлдем азаяды. Бір жерге топталған лимфа түйінінің ұзындығы – 2-12 см, ені – 1 см шамасында болады. Олардың ең үлкендері шырыш асты негізде орналасуы мүмкін.
Аз дифференцияланған эпителиоциттер криптілердің түбінде орналасады. Бұл эпителиоциттер митозбен бөлінуге қабілетті дің жасушалары, олар эпителийдің жаңаруын қамтамасыз етеді. Криптінің түбінде көбейген бұл жасушалар, ішек эпителиоциттерінің кез келген түрлеріне айналып, жоғары жылжиды. Бүрлердің үстіңгі аймағында біраз уақыттан соң олар түлеп, түседі. Аздаған жасушалар криптінің түбінде орналасып, Панет жасушаларының орынын басады. Эпителиоциттер шамамен 5-6 тәулік өмір сүреді.
Шырыш асты негізде көбінесе май тінінің жиынтығы болады. Қабықшада тамырлар және шырыш асты нерв өрімі орналасады. Ұлтабарда аяққы бөлімдері шырыш асты негіздің бүкіл аймағын дерлік алып жататын, күрделі түтікшелі тармақталған бездер қоныстанады. Шырыш асты негіздегі асқазан бездерінің бөлікшелері пилорикалық сфинктердің аймағына, кей кезде бірнеше сантиметрге дейін асқазанның пилорикалық бөлігіне және ащы ішектің бастапқы бөлімдеріне де кіре алады. Көбінесе шырыш асты негіздің бездері айналмалы қатпарлардың қалың аймағында орналасады. Бөлетін секреттері жағынан бұлар – шырышты бездерге жатады. Олар асқазанның пилорикалық бездеріне біршама ұқсас. Секреторлық жасушаларда ашық түсті торламалы цитоплазма және жасуша табанында жатқан қысыңқы күңгірт түсті ядро болады. Бұл бездердің шығару өзектері ішек криптілеріне және бүрлер арасындағы кеңістікке ашылады. Өзектердің бастапқы бөлімдері текшелі немесе призмалық жасушалармен жабылған. Аяққы бөлімдердің жасушаларына қарағанда олар ұсағырақ келеді де, құрамында шырыштың мөлшері аз болады. Сыртқы бөліктерде шығарушы өзектер жолақты жиектері бар жасушалармен қапталған. Бұл бездерде сондай-ақ ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер, асқазан – ішек эндокриноциттері, бокал тәрізді және жекелеген париетальдық жасушалар кездеседі. Шырыш асты негіздің бездері ішек сөлін түзеуге қатысып, маңызды қызмет атқарады. Бұл бездердің секретінде асқазанның пилорикалық және кардиальдық бездеріндегі сияқты дипептидазалар табылған. Бездердің өнімі амилазаның көмегімен көмірсуларды ыдыратуға қатысады, сондай-ақ ұйқы безі сөлінің амилолитикалық әрекетін жандандырады. Секреттің құрамындағы мукоидтар асқазаннан келетін тұз қышқылын бейтараптандырады. Дуоденальдық бездерде секретин гормонын түзейтін эндокриноциттер – S-жасушалар болады деп есептеледі. Бездердің секрет бөлуі кезбе нервтің тітіркенуімен және тұз қышқылының ұлтабарға түсуі жағдайында жүзеге асады.
Бұлшықетті қабықша екі: ішкі – айналмалы және сыртқы – бойлай қабаттардан тұрады. Бұлшықетті жасушалар шоғырларының бағыты екі қабатта да айқын айналмалы және бойлық емес – спиральды немесе оралымды болып келеді. Сыртқы қабатта оралымның тарамдары ішкі қабатқа қарағанда созылыңқы. Екі бұлшықет қабаттарының арасында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің жұқа қабатшасы орналасып, онда бұлшықетті- ішек нерв өрімінің түйіндері мен тамырлар жатады.
Бұлшықетті қабықшаның қызметі химусты араластырып, ішек бойымен кейін жылжыту. Аш ішекте жиырылулардың екі түрін ажыратады. Жергілікті сипаттағы жиырылуларға негізінен бұлшықетті қабықшаның ішкі қабатының жиырулары себепкер болады. Олар ырғақты түрде – минутына 12-13 рет жүзеге асырылады. Өзге – перистальтикалық жиырылулар екі қабаттың да бұлшықет элементтерінің әсерінен туындайды және ішектің өне бойына дәйекті түрде таралады. Аш ішек перистальтикасының күшеюі – симпатикалық нервтер, ал әлсіреуі – кезбе нерв қозған кезде жүзеге асады.
Сірі қабықша аш ішектің сыртын барлық жағынан жауып тұрады. Ұлтабарда оның алдыңғы беті ғана – сірі қабықшамен, ал қалған бөлігі – дәнекер тіндік адвентициальды қабықшамен қапталған.
Достарыңызбен бөлісу: |