Қаратау басындағЫ Қатынқамал үҢгірі а. С. Тасенова, Б. Е. Ерескенова



Дата24.02.2016
өлшемі147.69 Kb.
#17049
ҚАРАТАУ БАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНҚАМАЛ ҮҢГІРІ
А.С. Тасенова, Б.Е. Ерескенова

4 С.Сейфуллин атындағы орта мектебі, Қызылорда қ.


Қоғамның тарихи дамуы кезеңдерінде көптеген елді мекендермен қалалар өзінің бұрынғы маңызын жоғалтып, кейде мүлдем құрыпта кеткен. Ал, кейбіреулері өркендеу жолына түсіп, бүгінгі күні әлеуметтік мәдени жағынан кемелденіп көркеюде. Арал теңізі мен Сырдария және Шу өзендерінің бойындағы көне қалаларды, қарт Қаратау қойнауын зерттегендердің қатарында Әл-Идриси, Жамал – Карши, Ш.Уәлиханов, А.И.Макшеев, т.б. айтуға болады.

Академик Әлкей Марғұланның зерттеуінде Сыр бойында қырық көне қалалардың орны олардың ішінде оншақтысы Арал теңізінің астындағы қалалар деген болжамы шындыққа айналып отыр. Қазақстан Республикасының әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуының белгісі ретінде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған мемлекеттік «мәдени мұра» бағдарламасындағы уақытта болатын рухани өзгерістер санатына жатады. Орта ғасырлық этномәдени зерттеулер және оларды оқу бағдарламасы мен ғылыми зерттеу еңбектеріне жинастыру отандық тарихты байытып, тәуелсіз Қазақстанның тарихи жаңалығына үлес қосты.1

Тақырыптың зерттелу дәрежесіне назар салсақ.

Бүгінгі қазақ халқында қаншама тарихи оқиғалар болған жерлерді айтады. Соның бірі – сонау ел басына күн туған аласапыран кезде қазақ халқына пана болған Қаратау басындаы Қатын қамал үңгірі.

Ғылыми жұмыстың деректемеік негізін мерзімді басылымдарда жарияланған ақпараттар, мақалалар, Жаңақорған аудандық мұражайының есебі мен деректер құрайды.

Жұмыстың методологиялық негізін Қазақстан Республикасының жарық көрген мемлекеттік құжат қағидаларын басшылыққа алдым.

Жұмыстың мақсаты

Біріншіден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде, осы заманғы ұлттың мәдениетін, фольклорын, дәстүрі мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесі жасалды.

Екіншіден, ұлттың тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету.

Үшіншіден, ата-бабамыздың тарихын кейінгі ұрпаққа барынша нақты, шынайы түрде жеткізу.2

Зерттеу объектісіне негізінен Қазақстан Республикасының 2004 – 2006 жылға арналған мәдени бағдарламасына сәйкес, Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштердің зерттелу тарихы және қазіргі таңдағы даму жағдайы туралы айтылады.

Жұмыстың хронологиялық ауқымын анықтауда Сыр өңіріндегі немесе Қаратау басындағы Қатынқамал үңгірі туралы айтылады.

2004 жылы 4 сәуірде Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жария етті. Бұл жолдауда Елбасы ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттарында мәдениет, білім беру мен руханият салалаын дамытудың мәселелері қарастырылды. Соның ішінде екінші тарауының 2,3 тармағында мәдени-тарихи мұраны сақтауда былай деп көрсетілген. Руханият пен білім беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде бірқатар ауқымды жобалардың басын қосатын мәдени мұра арнаулы орта мерзімді бағдарламасын әзірлеп іске асырды. Оның мақсаты: Ұлттың тарих ішінде ерекше маңызы бар елеулі мәдени тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету туралы айтылған. Соның ішіндегі Қаратау басындаы Қатынқамал үңгірі.

Үңгірдің пайда болу себебі геологиялық тұрғыдан жобалағанда Қаратаудың күнгей бетінен үлкен терең жарылыс ізі бар. Кезінде (девон дәуірінде) қатты жер қозғалысы салдарынан жер қақ айырылып биік жағы бірден төмен түсіп кеткен. Сол кезде жердің жарықтан біріне-бірі дұрыс қабыспау салдарынан пайда болған болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.3 Оны дәлелдеу үшін көп геологиялық жұмыстар жасалынуы керек.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айрылған жаман екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

Мына заман қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ, дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізінен қар борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

(«Елім – ай» халық әні)

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін сұлтандар мен феодалдар, шонжарлар арасында билікке талас күшейе түсті, қазақ жүздері бір –бірінен ажырап, бөлшектене бастады. Бұл жағдайды пайдаланған жоңғарлар үздіксіз шабуыл жасап, әсіресе отырықшы өңірге шабуылын жиілетті. Сонымен қазақ елінің тарихында XVIII ғасырдың маңызы зор болды. Бірнеше онжылдықтың ішінде ол өзінің тәуелсіздігімен мемлекеттік құрылысы үшін күрес жүргізді. Қазақ жеріне, әсіресе қауіп төндірген жоңғар мемлекеті еді. Жоңғар мемлекеті қазақ еліне үнемі көз алартып өзінің саяси экономикалық және идеологиялық шабуылын толассыз жүргізді.

Екі мемлекеттің арасында бейбітшілік орнаған еді. Жоңғар мемлекетінің негізгі мақсаты - қазақ елінің тәуелсіздігін айырып, ұлан - байтақ жерді өзіне қарату. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, жайық қазақтары және башқұрттар жан-жағынан қазақ ұлыстарын шауып, малдары мен отбасыларын тұтқындап, алып кетіп отырды. Ел басына қара бұлт болып үйірілген ауыр күн туды. Жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы 1710-1711 жылдары басталды. 1710 жылы Қарақұмда үш жүздің өкілдері кездесіп, қазақ жасақтарына басшылық етуді Бөгенбайға жүктеді. 1711 жылы жоңғар феодалдары Қазақстанға жорық жасағанда қазақ батырлары тізе қосып, халық жасағын бастап, жауға соққы берді. 1712 жылы қазақ жасақтары жоңғарияға кірді. 1713 жылы жоңғарлар қазақ еліне шабуыл жасайды, осы уақытта бірліктің болмауынан жоңғар елі қазақ жеріне басып кіреді. 1718 жылы Аягөз өзені бойында Қаракерей Қабанбай мен Шақантай бастаған соғыс жоңғар қолын талқандаса да, бұл шайқас қазақ елінің жағдайын жақсартпады. 1723 жылы көктемде тағы да тұтқиылдан шабуыл жасайды. Олардың қалың қолы Қаратаудан асып, Талас, Арыс бойында көшіп жүрген халықты қан қақсатады. 4

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешіреді. Ата қоныс, құтты мекен, мал мүліктерінен, баспанадан айырылады. Аш - жалаңаш, жаяу - жалпы шұбырған қара халық жаздың қайнаған ыстығында ен далада қаңғырып, шөлге ұрынып, қынадай қырылады. Қыстың ақ қар, көк мұз қақаған аязында малын жоқтатып, үсіп өледі. Ашаршылыққа ұшыраған халық жол жөнекей шөптің тамырын жеп, қайыр - садақа сұрап күнелтеді. Әйелдер, балалар мен қарттар жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып, аштықтан ажал құшты. Осынау аса қасіретті оқиға қазақ елінің тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Ол жайлы мынадай аңыз бар. Алқакөл маңайына жеткен адамдар уақытша аялдап дем алып жатқанда, бір қария шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылығы мен жаманшылығын ұмытпау керек. Біз осы көрген азабымызды қалай атасақ болар екен?»; - дейді. Сонда тағы бір қария тұрып: «Мұның аты Алқакөл сұлама болсын»; - дейді.(Сыр өңірі тарихы, 66-67- беттер Алматы 1998) Оның мәнісі атамекен, мал-мүліктен айырылып, аш-жалаңаш босқындап, табаны көң болып ағарып азып-тозып Алакөлге жеткен екен, бірақ онда да шапқыншылыққа ұшырап, жат жұрттарға қарай шұбыруға мәжбүр болды. Қаншама уақыт өтсе де халықтың жадында сақталып қалған «Елім -ай» - ел басына түскен қанды қырғынның нақты куәгері. Ұлтымыздың сол бір ұлы қасіретінің әнұранына айналған, бұл әннің сөзі мен әуені халықтың зар заманындағы көңіл-күйін, өкінішін, мұң - зарын айқын бейнелейді. Үш жүздің жауынгер жасақтары қосылып 1726 жылы күзде Сарысу аймағында Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде жоңғар қалмақтарының қалың қолына ойсырата соққы берді. Сол жеңіс қазақ халқының еңсесін көтеріп өз сеніміне күш бергендей. Алайда, мұнан кейін басқыншылар жерімізді тастап кетпеді. 1727 жылы Цеван Рабтан өліп, оның орнына Қалден Церен қонтайшысы болды. Жоңғарлар қазақ еліне шабуылын тоқтатпады.

Әбілхайыр хан қазақтың үш жүзінің басын қосып жауға талай рет қарсы шығып жатты. Әбілхайыр хан бастаған үш жүздің жасақтары енді жауға қарсы шешуші ұрысқа дайындалды. «Бұланты өзенінің жағасында Аңырақай шайқасы болды. Сол кезде Әбілхайыр қолбасшылық қасиетін ерекше көрсетті. Бұланты мен Аңырақайдағы ұрыстар елге үлкен серпіліс берді. Жоңғарларға қарсы соғыста тек табандылық қана жеңіске жеткізетіндігін ел түсінді. Жасыратыны жоқ, Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, қазақ елі осыдан бір ғасырдай бұрын құрып кеткен Ноғай ордасының кебін киері айдан анық болатын», – деп жазды М. Мағауин

Жау бұл өңірге шығыстан келді. Жау тым көп еді: соңғы айқаста Толғанбай жасағы қарақұрым шегірткедей боп, құмырсқа қаптаған қалың қолға төтеп бере алмай шүғыл шегініп кетті. Жау еркін қозғалды.

Екінші күні қаннен - қаперсіз келе жатып, аумақты, биіктеу жерді тұтас басқан бұталы топ шеңгелді биікті айналып өтпек болғанда, жау Толғанбай мен Тарланбектің жасырынып жатқан жасағын ойда- жоқта тап басты. Қиян кескі, қым - қиғаш айқас басталды. Жаудың алғашқы санын жойып жіберді. Екінші топпен екі күн, екі түн айқасты. Түнде жан-жақтан шеңгелге от қойып, айдай жарықта соғысты. Бұл топ бірігуге жақындаған кезде соңғы кезекті тобы келіп айқасқа түсті. Қырғын қайта өршіді. Кезек-кезек келгенде төтеп бере алмай Толғанбайдың қалған тобы Қаратауға, оның Түркістан қаласына асатын белгісі асуына шегінді. 5

Жолда Баба ата, Шолақ, Жаңақорған, Ортақорған бекіністері бар еді. Бұларға жеткен бойда тауға елді тас жарған табиғи паналарға көшірді де, өздері осы төрт бекініске бөлінді. Толғанбай өзі туып өскен Жаңақорған бекінісіне тоқтады. Бұлар бұлақ басында отырған аулына келді, Ақкенжемен кездесті. Толғанбай жарын құшып, жаны саз тауып, ұрыста шеккен жапасын ұмытты. Ертеңіне ұрыстан күйеулері қайтыс болған жетім жесірлермен Қаратау асып кетті.

Ақкенже: «Осы біз қайда, кімге, қай нағашымызға бара жатырмыз», - деп ойлады да, асудың ем қысымшақ, жолдың екі жағынан бірдей жартас төніп тұрған жеріне жетті де, құздың көлеңкесіне дамылдады.

Шаршаған, шөлдеген топ бұлақтан су ішіп, үн түнсіз көп отырды. Құздың сұп- сұрқай, тарғыл тастары біреудің үрейін туғызды:

- Ақкенже жеңеше, мынау отырған жеріміз сұмдық қой. Қараңызшы түрі қандай суық! – деді.

Ол басын көтеріп жоғары қарады. Айтса айтқандай, төбеден төніп тұрған құз жартасының қабағы қатаң, түсі суық, бетіне қан шашырап кеткендей айғыз – айғыз, тарғыл-тарғыл екен. Мұның басына неше түрлі үрейлі ойлар келгенмен, онысын көпке сездірмеді. Қимылсыз, салқын отырған күймен жайлап қана, асықпай сөйледі.

Ақкенже қалың топты жон үстінде қуып жетті. Жондағы тыныстау кезінде артта қалған туған жерін, кешегі Жалғанбай мен Ойбай шеңгелде өткен жойқын соғыста қаза тапқан боздақтарын, жалғанын жарып, жақынын жоқтаған жан түршіктірер жоқтау мұң мен зарға толы дауыстар естілді. Биікте, тау басындағы дауыс қандай ашық, қандай таза болады десейші. Желпінткіш таза ауамен қатар тау - тас жаңғырығы қосылып, үнді көтере түседі ғой. Соның өзінде әркім өз көкейіндегі жатқан мұңын айтқан көп дауыс, сан үннің арасынан «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген зар толқынға түсіп - шығып, батып - көтеріліп, үзіле - жалғана қайта шығып жатты:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Қара көзден мөлділдеп жас келеді.

Әлден уақытта осы бір аса зарлы әуен осындағы шұбырылған қауымның жан сыры, жан дауысындай болып, бір - біріне ұласып кетті. Ақкенже де қосылды. Қайта - қайта айтылды. Содан кейін барып, көпшілік жоннан көтерілді. Бірақ, амал не, кім бастады, кім айтты, шығарған кім екенін білмей аттанды. Білудің де қажеті жоқ еді. Кім де болса көптің көкейінде шемен болып қатқан мұңды айтты және дәл айтты…6

Жетім - жесірлер тобының алдыңғы жағында, салы суға кеткендей жүнжіп келе жатқан Ақкенже: - Үрей туғанда, біреу - екеу , екеу – он болып көрінеді. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осыдан қалған.

Асығып - үсігіп кімге барамыз? Бізді күтіп отырған кім бар? Түнде не болса да осында түнеп шығамыз. Қалғанын таң атқанда көреміз! – деді.

Аттар босатылып, түйе шөгерілді. От жақты. Қазан асылды. Жесірлер мен босқындар ақіреттің қыл көпіріндей қысылшаң, құпия сайға түнеп қалды...

Таңертең билік Ақкенжеге тиді.

- Біз таудың күнгей бетіндеміз жүрер жол қалған жоқ. Мына құздың басына шығу үшін кемінде бір - екі күндік жол шегеміз. Айналып алыстан шығамыз. Менімен кімде кім боламын десе қалсын. Қазір көшеміз. Тауға енеміз. Жартасты паналап, биікті мекендейміз Ақкенжемен бірге қырық жесір қалды. Бұлар жедел көтеріліп, тауға сүңгіп кетті...

Жау ендігі жерде Түркістаннан шығып, Жаңақорғанға беттеді. Елді қырып, мал - мүліктерді тонады, осы кезде ауыл адамдарына пана болған Қатынқамал үңгірі еді.

Өркеш-өркеш болып, түйедей шөгіп жатқан қартпалы қарт Қаратаудың басынан не өтпеді?!

Заманалар тылсымына еніп кеткен, малын жайғап, бейбіт өмір сүріп жатқан қарапайым халықтың басына зарын төккен талай - талай аласапыран оқиғалардың куәсі болған - бұл Қаратау! Ауылдың мал мүлкін талап, ауылдың тоз- тозын шығарып, елді елдігінен айыра жаздаған жаугершілік заманда талай жандардың панасы болған - бұл Қаратау! 7

Сондай аласапыран оқиғалардың бірі – XVIII ғасырдың бас кезінде қонтайшы Цэван Рабданның баласы Қалден Церен бастаған жоңғарлардың тосын шабуылы болды. Жер қайысқан қалың қолмен Шығыстан Қаратауды бетке алып, жоңғарлардың бұл жасаған жан түршігерлік толассыз шабуылы мал жайылымы ыңғайынан көшіп жүрген қазақтардың тез қосып ұйымдасуына үлгертпеді. Ел басына ауыр күн туды, жазықсыз жандардың қаны төгілді, мал - мүліктері таланды.Ер азаматтар сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша жаумен айқасып жатты. Алысқа қашып үлгере алмағандар қатын - қалаш, бала - шаға тау-тасты паналады. Ел басына қара бұлт болып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723) басталды. Міне, осындай ауыр зұлматты күндерде тау өңірін мекендеген ауылдың қыз - келіншектеріне пана болған, оларды сеңдей қаптап келген қара жүрек жоңғарлардың қанды шеңгелінен аман алып қалған Қаратау басындағы «Қатынқамал» үңгірі еді.

Ел арасына тараған көнекөз қариялардан бізге жеткен әңгімелерден жоңғар шапқыншылығында Ақүйік өзені бойындағы Қаратаудың ұшар басында осы үңгірге қырық қыз-келіншек паналаған. Ақүйік өзені екі таудың аңғарымен бетін күншығысқа түзеп ағып жатыр. Қатынқамал осы өзенмен қапталдай жарысқан құз – жартастар аяқталған тұста сол жағалаудағы биік тар қуысқа орналасқан. Бұл үңгір бағзы бір замандағы табиғи қопарылыстан пайда болған секілді. 8

Үңгірді паналаған қырық қыз-келіншек жоңғар шапқыншылығы аяқталғанша сонда өмір сүрген. Азық-түлігін оқта текте түнделетіп ер азаматтар жасырын жол арқылы тасыған. Бұл үңгір төменгі өзен бойынан, еңістен қарағанда көзге шалына бермейді. Өйткені маңайына қалың бұтамен қоқыс тастар үңгірдің аузын көрсетпей жауып тастаған. Оған таудың етегінен өрмелеп шығып, одан қия - қия соқпақтар арқылы төмен түсетін болған.

Жол жобасын білетін ауыл адамдары болмаса, сырттан келген адамдар үңгірге жете алмаған. Міне, осы үңгірді паналаған қырық қыз-келіншек жоңғардың ажалына ілінбей қалған, кейін еліне қосылған. Содан бері бұл үңгір Қатынқамал аталады.

Қатынқамал «Бірлік» шаруашылығы орталығынан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

1975 жылы жазда Құдайберген Ертасов Қаратауға барып, үңгірге кіріп көрген. Ол жөнінде кейін былай деп жазды :

«Кірер аузы адам еңкейіп әзер өтерліктей тар болғанымен, ары қарай іші біртіндеп кеңейе түседі. Әдетте аузы бірден көзге түсе бермейді, маңайына жабайы шие сияқты тырбық бұталар қалың өскен. Үңгірге арқан бойы кіргеннен кейін кісі тұра алатын тас үй басталады. Тас үйдің іші әрдайым дымқылданып, төбесінен су тамшылап тұрады. 9

Оның ішінің ауасы өкпе қысарлықтай емес, таза. Түкпірі ұзақ әрі жел соғып тұратын саңылауы бар секілді. Тағы бір ерекшелігі - үңгірге кіріп, он – он бес қадам жүргенімізде ұстаған жарығымыз жалп етіп сөніп қала берді. Табанына ұлпа тәріздес майда тозаң шөгіп қалған. Ішінде сәл ғана дауыстың өзі жаңғырып естіледі. «Кейбір халық арасында тараған әңгімелерде үңгірдің өте ұзын екені, екінші басы «Талап» кеншарына құйып жатқан Талдысу өзеніне дейін (арақашықтығы 18-20 шақырымдай шамасында) жеткендігі жайлы да айтылады. Шындығында, үңгірдегі әр бір дыбыстың оның терең түпкірінен өзгеше бір шулы мен зорая естілуі және ішінің ауасы тар еместігі осы болжамның ақиқаттығын дәлелдегендей әсер қалдырады».

Біз кейін журналист Ертасовпен осы Қатынқамал сапары жөнінде әңгімелескенімізде, ол үңгір ішінен саздан жасалған ыдыс- аяқ сынықтарының жатқандығын айтты. Демек, оның өзі жаугершілік заманда адамдардың жаудан жасырынып паналағанын растай түсетін сияқты. Құпиясы мол Қатынқамал үңгірі талай тылсым сырды ішіне бүгіп жатқандығында сөз жоқ.

Бүгінгі қазақ елінде қаншама тарихи оқиғалар болған жерлер бар. Соның бірі – сонау ел басына күн туған аласапыран кезде қазақ халқына пана болған Қаратау басындағы Қатынқамал үңгірі еді. 10

Біз, қазақ халқы, көп қуғын сүргінді көргенбіз. «Біз тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік.» Енді сол тәуелсіздіктің белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек.

Бүгінгі біздің әңгімеміздің желісі жоғарыда аталған өзендердің бірі – Ақүйік өзені бойындағы көне мәдениет ескерткіштерінің зерттелу тарихы жайында болмақ. Шындығында да Қаратау даласы археологиялық ескерткіштерге өте бай. Осылай бола тұра бұл өңір зерттелмеген.

Қатынқамал үңгірі Ақүйік өзенінің орта тұсында өзеннің шығыс жақ беткейінде 500 метрдей биіктегі үңгір. Ескі аңыз бойынша жаугершілік заманында ерлер қалмақтармен соғыста, ал әйелдер мен бала – шағасы осы үңгір қамалға тығылған жан сауғалаған. Үңгір қамал аузы елеусіз, тар да іші 7 – 8 метрдей кең қазылған. Ұзындығы 11 – 13 км –дей болады. Қазір бүгінгі ұрпақтың тау беткейіндегі бірден – бір таңдай қағысатын орны. Бұл біздің өлкеге келген шетелдік туристерге де көрсетуге тұрарлық көне мұра, көне тарих шежіресі болады. 11

Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық – даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынадай мақал бар: жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз. Шындығында жеті ғасырмен шектелмеу керек, өйткені біздің тарихымыз логикалық жағынан да, географиялық жағынан да көзге көрінбейтін арқаулар арқылы толып жатқан басқа да адам, халық аттарымен байланысып жатыр.

Ендеше болашаққа дұрыс жол тауып, көпшіл де көрікті ел, келешегі кемел халық болуымыз үшін барымызды бағалап, нағыз ақиқат тұрғысындағы тарихымызды жасауымыз қажет. 12

Біз, Қызылодалықтар – Сырдариядай ұлы өзен бойын мекен еткен бабаларымыздың, тіршілігімізге жан да, нәр де берген шапағатты Сыр-Ананың арда емген ұрпағымыз тегінде қазақ халқының тағдыры мен тарихында біздің киелі Сыр елінің алар орны айрықша зор, оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы сан алуан ғибратты шежіре-сынға тұнып тұр. 13

Қарт Қаратаудың баурайында «Ақүйік» өзенінен нәр алатын Көлтоған алқабындағы «Бірлік» ауылында орналасқан. Республика қайраткері Сұлтанбек Қожанов атындағы №55 орта мектептің түлегі Құтыбаев Рахымбаба. Ол қазіргі таңда «Ынтымақ» ЖШС президенті. 14

Қаратау беткейіндегі Бірлік ауылының азаматы Құтыбаев Рахымбаба Байбосынұлы 1953 жылы 15 шілдеде туылған. 1960-1970 жылдары №55 «Бірлік» орта мектебін бітірген. 1970 – 1975 жылдары ҚазГОССХИ – дің механика факультетін үздік белгімен бітірген. 1975-1978 жылдары Түркістан қаласындағы индустриялды педагогикалық техникумында мұғалім болып қызмет істеген. Бірлік ауылында 1978-1980 жылдары бас инженер – механик, 1993-1995 жылдары Жаңақорған аудандық топырақты құнарландыру мекемесінде басқарушы болып жұмыс жасаған. 12

1 наурыз 1995 жылдан «Ынтымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, оның құрылтайшысы әрі директоры болып жұмыс жасап келеді.

«Ынтымақ» ЖШС - і асыл тұқымды қаржол қойын өсірумен айналысады және ауыспалы егіс танабын сақтай отырып күріш өсірумен айналысады. 15

«Ынтымақ» ЖШС -інің меншігінде 4500 гектар жайылымдық 750 гектар егістік жерлер бар. Оның ішінде Ақүйік өзенінің бойындағы «Қатынқамал» үңгіріндегі 100 гектар жер біздің меншігімізде,» - деді өз сөзінде Құтыбаев Рахымбаба. «Ынтымақ » жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Құтыбаев Рақымбаба Байбосынұлы ол жерге келешекте демалыс орнын салуды жоспарлап отырғанын айтты. 16
Пайдаланылған сілтемелер тізімі.


  1. Қазақ тарихы журналы. №2, 2005 ж.

  2. Сыр бойы, 2003 ж., 8 сәуір.

  3. Түркістан 2003 ж., 15 желтоқсан

  4. І.Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогия, 429 б., Алматы, 2004 ж.

  5. І.Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогия, 433 б., Алматы, 2004 ж.

  6. Қазақ тарихы журналы. «Қазақ халқының жонғар феодалдарына қарсы азаттық күресі» 1994ж – №5. 71-73 бет.

  7. Сыр өңірі тарихы. 1998 жыл. 66-67 бет

  8. Қызылорда геологиялық зерттеу институты. ТОО «ГИИЗ» геология бөлімшесінің басқарма қызметкері Ауешева Кенжайымның жеке қолжазбасы.

  9. Есламғалиұлы М. Сан қилы сауал. Алматы, 1995ж, 18-19 бет.

  10. Жаңарған Жаңақорған «Тауға сүңгіп кетті» 1998жыл. 71 – 73 бет.

  11. Жаңарған Жаңақорған «Жоңғарлармен шайқас» 1998жыл. 51-53 бет.

  12. Жаңарған Жаңақорған «Қатынқамал» 1998 жыл 69-71 бет.

  13. Жаңақорған тынысы газеті. 1991 жыл. №110. Ертасов.

«Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары.

  1. Ертасовтың жеке қолжазбасы.

  2. Жаңақорған ауданындағы мұражай құжаты.

  3. Қаратау басындағы Қатынқамал үңгірінің маңайын жекешелендірген кәсіпкер Құтыбаев Рақымбабаның қол жазбасы.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1. Н.Назарбаев Еуразия жүрегінде Астана, 2005 ж.

2. Н.Назарбаев Тарихт толқынында Алматы, 1999 ж.

3. Арал: Вчера и сегодня проблемы и перспективы. Аральского кризиса.

Алматы, 1997 ж.



  1. К.Ахметов М.Кенжебаев, М.Киров Город на Сырдарье. Алматы, 1968 ж.

  2. Ы.Қалиев, Е.Шілдебаев «Дария жағасындағы қала», Алматы 1980 ж.

  3. Б.Досмамбетов, М.Киров Қызылорда «Нұрсаулет», 1990 ж.

  4. А.Айдосов «Хорезмская экспедиция история и современность», Қызылорда «Тұлпар», 2004 ж.

  5. Ежелгі дәуір әдебиеті Хрестоматия, Алматы 1991 ж.

  6. Қазақ ССР тарихы, Алматы 1957 ж.

  7. Қазақ ССР тарихы, Алматы 1977 ж.

  8. Қазақ ССР тарихы Көне заманнан бүгінге дейін 5 томдық, І-4 том, Алматы 1980 – 84 ж.ж.

  9. Қазақстан тарихы І-ІІ том, Алматы, 1996-98 ж.ж.

  10. Қазақстан тарихы Очерктер, Алматы, 1994 ж.

  11. Қазақтың көне тарихы, Алматы 1990 ж.

15. І.Есенберлин «Алтын Орда тарихы» Тарихи трилогия Алматы - 1982 жыл

16. І.Есенберлин «Көшпенділер» - Алматы Жазушы, 1986жыл 6 том.

345-346, 355-358 беттер

17. Жаңарған Жаңақорған Алматы «Әл - Фараби» 1998жыл 69-70, 71-73 б.б.



  1. Қазақ тарихы № 6, 2001жыл 68-72 беттер

  2. Қазақ тарихы №5, 1994жыл 71-73 беттер

  3. Қазақ тарихы №3, 2004 жыл 153 бет

  4. Қазақ тарихы 1995, 18-19-бет Есламғалиұлы М.

  5. Сыр өңірі тарихы 66-67 бет Алматы – 1998 жыл


Мерзімді басылым материалдары.
1. Қ. Ертасов «Қатынқамал – құпиясы мол үңгір».

2. Аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті №110, 14 желтоқсан, 1991жыл 2. (Сәуірбек Бақбергенов. «Қатынқамал» ; Тарихи хиқая. «Алматы ақшамы», №48, 49-50 беттер, 27-28 ақпан, 1992жыл ).



3. Қатынқамал. Жаңақорған аудандық музейден алынды.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет