Қарғалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013 жылғы 9 айының қорытындысы
Өнеркәсіп
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2013 жылдың 9 айында 1116,8 млн. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2012 жылдың сәйкес кезеңімен (1147,8 млн. теңге) салыстырғанда – 97,3%.
Өнеркәсіп көлемінің азаю себебі – жыл басынан бері “Ақтөбе – Темир ВС ЕК” жауапкершілігі шектелген серіктестігі Велихов темір рудасы кенішінде кен қазу жұмыстарын жүргізген жоқ. Кәсіпорын өткен жылы қазылған руда есебінен руда жарумен және жүктеумен айналысты. Есепті кезеңде тұтынушыларға 160,0 мың тонна темір рудасын жүктеп жөнелтті.
Есепті кезеңде «Степной» ЖШС-нің қайта өңдеу цехтары 228,8 млн. теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне салыстырғанда өндіріс көлемі – 97,0 пайыз құрады.
Ауыл шаруашылығы
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 17 заңды тұлға және 167 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің 2013 жылғы 9 айдағы жалпы өнімі 6 961,9 млн. теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2012 жылдың сәйкес кезеңімен (6271,9 млн. теңге) салыстырғанда 111 % құрайды. Жалпы өнімнің өсу себебі – астық өнімі, картоп, көкөністің өткен жылға қарағанда өнімді болуына байланысты.
Мал шаруашылығы өнімдерінің физикалық көлемінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндіру - 94,4 пайыз, сүт өндіру- 99,0 пайыз, жұмыртқа өндіру - 87,9 пайыз болып отыр.
Аудан бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 10,8 пайызға (-2337 бас), қой мен ешкінің бас саны 0,2 пайызға (-30 бас), жылқының бас саны 1,7 пайызға (-35 бас), түйе 73,3 пайызға (-11 бас), құс 46,2 пайызға (-29590 бас) кеміген.
Мал өнімдері мен мал басы санының азаю себебі – статистикалық деректерге байланысты болып отыр.
2013 жылдың 9 айында 6000 бас торай, 9100 бас бұзау, 4903 бас қозы, 403 бас құлын төлдері алынды.
Бүгінгі таңда ауданның шаруа қожалықтарында 1146 бас ірі қара, 2646 бас қой, 405 бас шошқа, 625 бас жылқы бағылуда.
Қосестек, Желтау селолық округтерінде мал шаруашылығы қарқынды дамуда.
Аудан бойынша 1 мал сою (Қосестек ауылы) пункті мен 3 мал сою (Степное, Пацаев, Табиғат ЖШС-де) алаңы бар.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге республикалық, облыстық бюджеттен мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың 2013 жылғы 1 қазандағы жалпы сомасы – 170,1 млн. теңгені құрады, оның ішінде, республикалық бюджеттен – 139,9 млн. теңге, облыстық бюджеттен – 30,2 млн. теңге.
2013 жылдың 9 айында ауылшаруашылығы саласына 125,3 млн. теңге сомасында инвестиция салынды.
2013 жылы 106,9 мың гектар алқапқа астық дақылдары себілді. Картоптың егістік алқабы 725 гектарды және көкөніс дақылдары 324 гектарды құрады. Майлы дақылдар 8212 гектарға, 30 гектарға зығыр егілді.
Есепті кезеңде 77 623 гектар алқаптан – 55 342 тонна астық жиналды. Астық өнімділігі гектарынан 7,0 центнер.
Сондай-ақ 526 гектар алқаптан 12935 тонна картоп, өнімділігі гектарынан 245,8 центнерден, 308 гектар алқаптан 9077 тонна көкөніс, өнімділігі гектарынан 294,7 центнерден жиналды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда картоп 2,0 есеге, көкөніс 1,9 есеге артық жиналды.
Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 47 600 тонна қысқы мал азығы (пішен) дайындалды. Аудан бойынша екі айлық тапсырма – 47 500 тонна болатын. Тапсырмаға шаққанда 100,2 пайыз.
Ақтөбе қаласында және аудан орталығы Бадамша селосында өткізілген жәрмеңкелерге ауданның ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері 3,2 тонна ет, 0,5 тонна сүт өнімі, 3385 дана жұмыртқа, 12,2 тонна картоп, 3,5 тонна көкөніс өнімдерін, 1,0 тонна жеміс-жидек, 2,0 тонна дән қалдықтары, 7,0 тонна пішен саудаға шығарды.
Негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 830,1 млн. теңгені құрайды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне (1345,4 млн. тенге) шаққанда 61,7%.
Инвестицияның физикалық көлемінің азаю себебі – ағымдағы жылы ірі инвестициялық жобалардың болмауы және жаңа нысандар құрылысының салынбауына байланысты болып отыр.
Салық және бюджет
Мемлекеттік бюджетке жиналған салықтар мен төлемдердің жалпы көлемі 500,5 млн. теңге құрады, жоспарланғаны 385,2 млн. теңге немесе жоспарға шаққанда 129,9 пайызы.
Жергілікті бюджетке түсетін салықтардың жалпы көлемі 314,1 млн. теңге құрады, жоспарланғаны 277,9 млн. теңге немесе болжамның 113,0 пайызын құрайды.
Бюджет шығысының орындалуы 1760,4 млн. теңге немесе күтілген болжамға (1783,3) шаққанда 98,7 пайыз.
Шағын және орта кәсіпкерлік
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны өткен жылғы деңгеймен (4079/4109 адам) салыстырғанда 0,7 пайыз, шағын және орта бизнес субъектілердің саны (601/615 бірлік) 2,3 пайызға өскен. Өндірілген өнім көлемі (4659,7/4703,5 млн. теңге) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға өсіп отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық түсімдері 424,0 млн. теңгені құрайды, өткен жылғы деңгеймен (335,9 млн. тенге) салыстырғанда 126,2 пайыз құрайды.
Бизнестің белсенді субъектілерінің саны – 90 пайызды құрайды (615 бірліктен 550).
«Бизнестің жол картасы» бойынша 2 жоба мақұлданды, 1 жоба «Даму» қорында қаралу үстінде.
Жыл басынан бері жаңадан бизнестің 5 нысаны ашылды, олар: жылыжай, шаштараз, кафе, кулинария және кондитер цехы. Жыл басынан бастап ауданның бизнес субъектілерімен алынған несие қорының жалпы көлемі 126,2 млн. теңгені құрайды.
«Ақтөбе Ауыл микрокредит» шағын несие ұйымы 37,1 млн. теңге сомасына 8 заемщикті несиеледі.
Ауыл шаруашылығын қаржымен қолдау қоры арқылы 25 заемщикке 50,0 млн. теңге көлемінде несие берілді.
«Үміт» НС ЖШС арқылы жыл басынан бері 20,7 млн. теңге сомасында 9 заемщикке несие берілді.
Тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық, автомобиль жолдары саласы
Ауданның өндірістік және әлеуметтік нысандарын жылыту маусымындағы жұмыстарды сапалы және уақытылы орындау үшін, келесідей жұмыстар атқарылды:
«Бадамша-Сервис» МКК-да (әрі қарай-кәсіпорын) орталық және кіші қазандыққа бөлінетін, жалпы әр қайсысының қуаттылығы 2 Гкал/сағаттан тұратын 7 суысытқыш қазандықтары бар. Қазіргі уақытта аталған 2 қазандық бойынша келесідей жұмыстар жүргізілді:
TNA-200 типтегі 3 дана суысытқыш қазандықтары және Вулкан-2000 типтегі 4 дана суысытқыш қазандықтары ашылып, қақтан тазартылды. Бүгінге күнге 7 қазандық толықтай тазартылып, барлық айналмалы және қоректендіру сорғылар тексеруден өткізілді, сондай-ақ, электр қуатын үнемдеу мақсатында, сағатына 11 кВт-тық 5 сорғы сағатына 5кВт-тық сорғыларға ауыстырылды.
Ауданның жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6,8 шақырымды құрайды. Жылу желілерінің бүгінгі күнгі жағдайы – қанағаттанарлық. Қысқы кезеңге дайындық шаралары барысында, барлық жылу желілерінің ауыстыруды қажет ететін бөліктері ауыстырылды. Жылу желілері алдағы жылыту маусымына дайын.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 740 метр болатын диаметрі 100 мм су құбырының трубалары ауыстырылды. №1 қырдағы скважинаның бөлгіш құдықтарына жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан ысырмалары, есептегіш құрылғылары, қайтарма клапандары толықтай ауыстырылды. Сонымен қатар, көлемі 25 м. кубты құрайтын су қоры багы қақтан тазартылды. ГБА және газ құрылғылары сүзгісі тазартылып, тексеру жүргізілді. Сонымен бірге, 2 дана айналмалы сорғылар мен арматураларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Әбілқайыр хан көшесіндегі №49 екі қабатты үй бойынша уәкілетті органдар тарапынан жүргізілген тиісті жұмыстар нәтижесінде, аталған тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылып, қазіргі уақытта аталмыш тұрғындар қауіпсіздендірілді.
2013 жылы ауданның мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлерінде тұратын тұрғындар бойынша, 81 жалдау шарты жаңа типтік үлгіге сәйкес өзгертілді.
Көмір отынын сатып алу және жеткізу үшін «ОйлТранАктобе» ЖШС-мен аудандағы білім беру нысандары бойынша жалпы сомасы – 33 404,5 мың теңгеге (2930,22 тонна), мәдениет нысандары бойынша жалпы сомасы –1338,3 мың теңгеге (117,4 тонна) және 2 селолық округ бойынша жалпы сомасы – 306,6 мың теңгеге (26,9 тонна) келісім-шарт жасалынды. Келісім шартқа сәйкес, барлық нысандарға көмір отыны толықтай жеткізілді.
Сондай-ақ, 228,3 тонна дизель отынын сатып алу және жеткізу үшін, Бөлім тарапынан 31 619,55 мың теңгеге мемлекеттік сатып алуға электрондық конкурс жарияланып, мемлекеттік сатып алу қорытындысы нәтижесінде «Олимп Капитал» ЖШС-мен келісім шарт жасалынды. Қажетті сұйық отын көлемі 228,3 тонна. Отын сақтайтын қоймалар дайын. Бүгінгі күні тасылған сұйық отынның 89 пайызы тасылып, қалғаны графикке сәйкес 15 қазанға дейін толық жеткізіледі.
2013 жылға аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы нәтижесінде 2013 жылдың 15 мамырында «Агрофирма Коквест» шаруашылық қожалығымен 13 858,4 мың теңгеге келісім шарт жасалынды. Келісім шартқа сәйкес аудандық маңыздағы «Степное-Бадамша», «Бадамша-Қарабұтақ» және «Қос-Естек-Сарыбұлақ» бағытындағы автомобиль жолдарына тегістеу жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу қорытындысы нәтижесінде, «Молдағалиева» ЖК-мен 494,6 мың теңгеге келісім-шарт жасалынып, Бадамша ауылының ішкі жолдарына 25 жол белгісі орнатылды.
Сонымен бірге, жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы «Бадамша-Степное» автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу мақсатында, Көлік және коммуникация министрлігінен ведомствоаралық сараптама алынды.
Аудан байынша «Бадамша-Ақтөбе», «Бадамша-Орск» және «Бадамша-Степное» бағытында жолаушылар тасымалымен айналысатын 3 кәсіпкер, 45 автокөлік бар.
Бадамша селосындағы магистральды су тартқыштың электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңартуға облыстық бюджеттен – 80 981,0 мың теңге бөлінгенімен, 2012 жылы "АктобеЭлектросетьстрой" ЖШС-мен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін, 2 жылға жасалған келісім шартты дәлелді себептерге байланысты облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде, мамандандырылған ауданаралық-экономикалық сотқа талап-арыз берілуіне орай әзірге тоқтап тұр.
Сондай-ақ, «мемлекеттік тұрғын үй қорындағы» Желтау селосы Петропавл ауылы Ю.Гагарин көшесі, 34/3 және 4 үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, ағымдағы жылдың 15 тамызында мемлекеттік қабылдау комиссиясымен қабылданды және Степной ауылы Жастар көшесі, 4 және 8 үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жосалы, Кемпірсай ауылдарының газ құбыры құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме даярлау үшін конкурс жарияланып, «АқтөбеСтройЭксперт» ЖШС жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта, аталмыш бағытта тығыз жұмыстар жүргізілуде.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысы саласында 2013 жылдың 9 айында жалпы ауданы 2252 шаршы метр құрайтын 21 жеке тұрғын үй салынған. Жылдық жоспарға шаққанда 47,8 пайыз. 2012 жылдың 9 айында 1745 шаршы метр болатын 17 тұрғын үй салынған болатын.
Есепті жылға республикалық бюджеттен коммуналдық жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысына 9 977,0 мың теңге қаражат бөлінді. Бадамша ауылында бірпәтерлік 2 коммуналдық жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша «Құрылыс групп» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, 2013 жылдың 1 қазанына 8971,0 мың теңге игерілді.
Жер мәселелері
Есепті кезеңде жер аумағының жалпы көлемі 109004 гектарды құрайтын 167 шаруа қожалығы мен жер аумағының жалпы көлемі 250839 гектарды құрайтын 17 заңды тұлға тіркеуде тұр.
Жаңадан 3 шаруа қожалығы құрылды, оның ішінде Ащылысай селолық округінде – «Восход» шаруа қожалығы, Желтау селолық округінде – «Медовик» шаруа қожалығы, Степной селолық округінде – «Сазды» шаруа қожалығы.
Бүгінгі таңда айналымға 10398 гектар жер тартылды, оның ішінде «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығына – 8167 гектар жер бөлінді және 7 шаруа қожалығына «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2231 гектар жер берілді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік
қорғау саласы
Есепті кезеңде 344 жаңа жұмыс орны құрылды. 2013 жылғы жоспарға шаққанда 114,7 пайыз. Жаңадан құрылған және бос жұмыс орындарына 642 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 193 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы. Жұмысқа орналастыру деңгейі, жұмысқа орналастыру сұрақтары бойынша жүгінгендерге шаққанда 85,5 пайызды құрады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 147 адам жолданды, оның ішінде 83 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілді.
Қоғамдық ақылы жұмыстарға 305 жұмыссыз жіберілді. Жылдық жоспарға шаққанда 101,7 пайыз. Олардың еңбекақысына – 9 620,3 мың теңге төленді.
Жастар практикасына жыл басынан бері оқу орындарының 61 түлегі жолданды, олардан 30 түлек жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды.
Байқалған жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды (ағымдағы жылдың 1 қазанында есепте тұрған жұмыссыздар саны 20 адам) құрады. Кедейлер мен табысы аз азаматтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейде (7 адам) қалып отыр. Олар Әлімбет және Ащылысай ауылдарының тұрғындары.
2013 жылдың 1 қазанына қараған жағдайы бойынша 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 479 адамға 204 отбасына 5 381,1 мың теңге көлемінде қаражат тағайындалды және азық-түлік себеті жоғары болғандықтан 44 отбасына тағайындаудан бас тартылды.
Білім саласы
2013 жылға білім саласын қаржыландыру көлемі – 1 519 942,0 мың теңгені құрайды.
Аудан бойынша 2013-2014 оқу жылында 29 білім беру нысаны жұмыс істеуде:
- 20 жалпы білім беру мекемесі (4 бастауыш мектеп, 5 негізгі мектеп, 11 орта мектеп);
- 6 мектепке дейінгі ұйым;
- 3 мектептен тыс мекеме (Балалар саз мектебі, Оқушылар Үйі, Көркем сурет мектебі).
Жалпы аудан бойынша ағымдағы оқу жылында ыстық тамақпен 2966 оқушы қамтылған, яғни 100 пайыз. Олардан 1141 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылса, 452 оқушы аз қамтылған отбасылардан. 1-4 сыныпта оқитын аз қамтылған отбасылардың балалары жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін тамақпен 100% қамтылған.
Мектептерде 6 оқушыға 1 компъютерден келеді.
2013 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп түлектерінің орташа балы 73 балл болды (2012 жылы – 72,7 балл болған еді).
Облыстық, республикалық бюджет қаржысы есебінен салынған жаңа құрылыс нәтижесінде 150 орындық мектеп ғимараты пайдалануға тапсырылып, №1 Бадамша орта мектебі жаңа ғимаратқа орналасты.
Аудандағы білім бөліміне қарасты мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14 396,4 мың теңге қаржы бөлініп игерілді.
Күрделі жөндеу жұмыстарына 3 орта мектепке барлығы 125 536,0 мың теңге қаржы бөлінді, оның ішінде №2 Бадамша орта мектебіне – 72 020,0 мың теңге, Жосалы орта мектеп-балабақшасына – 20 014,0 мың теңге, В.И.Пацаев атындағы орта мектепке – 33 602,0 мың теңге.
«Айгөлек» балабақшасы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына 42,0 млн. теңге бөлінген болатын, жөндеу жұмыстары 2013 жылдың тамыз айында аяқталды.
Бадамша селосындағы Балалар мен жасөспірімдер (ДЮСШ) спорт мектебінің стадионы 28 639 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ, 11 338,9 мың теңгеге компъютерлік техника, 6 068,6 мың теңгеге спорттық жабдықтар сатылып алынды.
Аудан мектептеріне оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер сатып алуға – 4 922,8 мың теңге, оларды тасымалдауға – 199,0 мың теңге бөлінді.
Республикалық бюджет қаржысы есебінен Ащылысай орта мектеп-балабақшасына – 4 097,0 мың теңгеге химия кабинеті және 5 мектепке (Велихов НМ, Қызыл Флот НМ, Қосестек ОМ, Ащылысай ОМ-ББ, №1 Бадамша ОМ) 2 340,0 мың теңгеге интерактивтік тақталар сатып алынды.
Балалардың жазғы демалуы мен сауықтырылуына аудандық бюджеттен 5 814,7 мың теңге қаражат бөлінді. Жалпы 1647 оқушы жазғы сауықтыру демалысымен қамтылды. Оы мақсатта жазғы кезеңде мектептер жанынан 17 лагерь жұмыс жасады.
Денсаулық сақтау саласы
Ағымдағы жылдың 9 айында туберкулезге шалдыққандардан 5 адам тіркелген, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 5 адам болатын. Ал балалар өлімі өткен жылғы деңгейде қалып отыр, яғни 2013 жылдың 1 қазанында 2 оқиға тіркелген.
Ауданда 41 дәрігер қызмет етеді, оның 7-сі амбулатория дәрігерлері. Дәрігерлермен қамтылу – 100 пайыз.
Биыл медицина қызметкерлері күніне орай екі УАЗ санитарлық автокөлігі бөлініп, жедел жәрдем бөліміне және амбулаторияға берілді.
2013 жылдың шілде айында құны 12,4 млн. теңге тұратын Ащылысай дәрігерлік амбулатриясы күрделі жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ құны 10,9 млн. теңге көлеміндегі аудандық орталық аурухананың әкімшілік ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.
Туберкулездің алдын алу мақсатында аудан тұрғындарын жылжымалы «Флюкар» автокөлігінде флюрографиялық тексеру жыл сайын өткізіледі.
Есепті кезеңде амбулаторлы жағдайдағы науқастар – 26,1 млн. теңге сомасындағы тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.
Аудандағы бүкіл медициналық мекемелердің ғимараттары 2013-2014 жылғы қысқы жылу беру маусымына толық дайын.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың 9 айында – 395 лекция, 7822 әңгімелесу болса, 29 санбюллетен әзірленіп, 11 дөңгелек үстел өткізілген. «Қарғалы» жергілікті газетіне 19 мақала жарияланып, 12 семинар сабақ ұйымдастырылған.
Спорт
Дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану үшін ауданда 62 спорт нысандары мен спорт қондырғылары қызмет көрсетеді.
Спортпен айналысатындар саны аудан бойынша 3681 адамды немесе аудан тұрғындарының жалпы санынан 22 пайызды құрайды.
2013 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 47 спорттық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ аудан спортшылары облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Мысалы:
-Астана қаласында өткен республикалық ұлттық спорттық ойындарда асық атудан А.Жолшаранов ІІІ-орынға;
-бокс бойынша Түркістан қаласында өткен республикалық чемпионатта Қарғалы ауданы жүлделі орынға;
-кикбокс бойынша Байқоңыр қаласында өткен республикалық чемпионатта біздің команда ІІІ-орынға;
-жеңіл атлетика бойынша облыстық чемпионатта біздің команда І-орынға ие болып, облыстық команда құрамында республикалық жарысқа қатысты.
Сондай-ақ Бадамша БЖСМ (балалар, жасөспірімдер спорт мектебі) спортшылары да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді:
-дзюдо бойынша облыстық чемпионатта І-орын;
-волейбол бойынша облыстық команда құрамында республикалық чемпионатта ІІ-орынды иеледі.
Кросс жүгіруден Бадамша БЖСМ спортшылары облыстық чемпионатта І-орын иеленді.
Жазғы Президенттік көпсайыс бойынша облыстық чемпионатта аудан командасы ІІ-орынды иеледі.
2013 жылғы аудандық спорттық жарыстарды өткізуге бюджеттен 567,0 мың теңге, облыстық жарыстарға қатысуға 415,0 мың теңге, спорттық құрал жабдықтар мен спорттық формалар сатып алуға 490,0 мың теңге, мектеп оқушыларының облыстық спартакиадаға қатысуына 550,0 мың теңге көлемінде қаражаттар бөлінді.
Демография және миграция
Статистикалық дерекке сәйкес, 2013 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 175 сәби туылған, 119 адам қайтыс болған, табиғи өсім 56 адамды құрайды.
Статистикалық дерекке сәйкес, 2013 жылғы 1 қыркүйектегі (халық санының мәліметі 1 айға кешігіп жүргізіледі) жағдай бойынша тұрғындар саны – 16880 адам, көшіп келгендер – 346 адам, кеткендер – 263 адам, көш-қон сальдосы 83 адамды құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |