Арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындаудың және төлеудiң ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 2001 жылғы 31 қаңтар N 161
"Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған Арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындаудың және төлеудiң ережесi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылардың уақытылы төленуiн қамтамасыз етсiн.
3. Тiзбеге сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2001 жылғы 31 қаңтардағы
N 161 қаулысымен
бекiтiлген
Арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындаудың
және төлеудiң ережесi
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 2010.09.30 № 990 (2011.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
Осы Арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындау және төлеу ережесi (бұдан әрi - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуiрдегi Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы тағайындаудың және төлеудiң тәртiбiн айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы комиссиялар - 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр кезеңiнде кемiнде 6 ай жұмыс iстеген адамдардың жұмыс стажын белгiлеу үшiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдерiнiң шешiмдерiмен құрылатын комиссиялар;
2) арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы (бұдан әрi - жәрдемақы) - әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерге жәрдемақылардың өзге түрлерiне қарамастан берiлетiн ақшалай төлем;
3) жәрдемақы беру жөнiндегi уәкiлеттi ұйым - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның банктiк операциялардың тиiстi түрлерiне лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлiк қоғамының аумақтық бөлiмшелерi;
4) жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Бақылау және әлеуметтiк қорғау комитетiнiң аумақтық органдары;
5) уәкiлеттi ұйым - жәрдемақы төлеудi жүзеге асыратын ұйым («Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталығы» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны);
6) уәкiлеттi ұйымның бөлiмшелерi - уәкiлеттi ұйымның қалалық, аудандық бөлiмшелерi;
7) уәкiлеттi ұйымның филиалы - уәкiлеттi ұйымның облыстық, Астана және Алматы қалаларындағы филиалдары;
8) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiндiгiн растайтын электрондық цифрлық символдар жиыны.
2. Жәрдемақы 2001 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған жәрдемақы алушыларға жәрдемақыны қайта тағайындау Заңда көзделген негiздер бойынша ғана жүргiзiледi.
3. Жәрдемақы ай сайын ағымдағы ай үшiн және оны алуға құқығы туындаған сәттен бастап жәрдемақы тағайындалған шарттардың сақталуы кезеңiне, Заңда белгiленген мөлшерде төленедi.
Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айды қоса төленедi.
Жәрдемақы алушы Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда, жәрдемақы төлеу әдiлет органдарында тiркеуден шыққан айды қоса төленедi.
2. Жәрдемақыны республикалық бюджеттен тағайындаудың тәртiбi
4. Заңның 4-бабында көрсетiлген негiздер бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтар жәрдемақы тағайындату үшiн тұрғылықты жерiндегi уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесiне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысандағы өтiнiш;
2) жеке басын куәландыратын құжат;
3) жәрдемақы алу құқығын растайтын құжаттар;
4) өтiнiш берушiнiң (отбасы мүшелерiнiң) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасы).
Ескерту. 4-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
5. Жәрдемақы алу құқығын растайтын құжаттар:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi үшiн - Ұлы Отан соғысына қатысушының немесе мүгедегiнiң куәлiгi;
2) Кеңес Одағының Батырлары, Социалистiк Еңбек Ерлерi, үш дәрежедегi Даңқ орденiнiң, үш дәрежедегi Еңбек Даңқы орденiнiң иегерлерi үшiн - награданың куәлiгi және (немесе) Ұлы Отан соғысына қатысушының немесе мүгедегiнiң куәлiгi;
3) «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметтi атағына ие болған адамдар үшiн - «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметтi атағы берiлгенiн растайтын құжаты;
4) жеңiлдiктерi мен кепiлдiктерi бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдар (Осы Ережеге 2, 3, 4-қосымшалар) үшiн:
қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн еңбек өткерген жылдарына есептелетiн қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңына (бұдан әрi - 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заң) сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгi соғылған зейнеткерлiк куәлiгi;
Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдары не тиiстi кезеңде қорғанысына қатысу 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына есептелетiн қалаларда болған адамдар үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi;
Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болғандар үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шетелдердiң аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құралымдар құрамында қатысқан адамдар үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiк;
қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы КСР Одағы Балық өнеркәсiбi комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы Бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың жедел iс-қимыл жасау аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бастапқы кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiкке құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi;
қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен әрi «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен марапатталған адамдар үшiн - «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiне немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiне қоса берiлетiн немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiкке құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақдастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа мәжбүрлеп ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары үшiн - жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқын куәлiгi не екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлерде, геттоларда және басқа ерiксiз ұстау орындарында мәжбүрлеп ұсталғандығы туралы мұрағаттық анықтама немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiкке құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi;
басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, атап айтқанда: бұрынғы КСР Одағы үкiметтiк органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүргiзiлген кезеңде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүргiзiлген кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған жұмысшылар мен қызметшiлер үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк, әскери комиссариаттан алынған, басқа мемлекет аумағында соғыс қимылдарына қатысқандығын растайтын анықтама немесе басқа мемлекеттердiң аумағында ұрыс қимылдарына қатысқандығы туралы белгi соғылған әскери билет, Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткендiгiн растайтын құжат және жараланған, контузия алған немесе зақымданғанын растайтын медициналық құжаттар, ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiне және медальдарына қоса берiлетiн куәлiк;
1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар үшiн - Чернобыль АЭС-iндегi аварияның зардаптарын жоюға қатысушы куәлiгi немесе Чернобыль АЭС-iндегi аварияның немесе азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа радиациялық апаттардың зардаптарын жоюға қатысқанын, ядролық сынақтар мен оқуларға тiкелей қатысқанын растайтын құжат немесе әскери комиссариаттан немесе Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiнен азаматтық немесе әскери тағайындау объектiлерiндегi басқа радиациялық апаттардың зардаптарын жоюға қатысқан фактiсiн растайтын, ядролық сынақтар мен оқуларға тiкелей қатысқанын растайтын анықтама;
5) жеңiлдiктерi мен кепiлдiктерi бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдар үшiн:
бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер үшiн — әскери қызметшiлер қатарындағы мүгедек екендiгi туралы куәлiгi (Кеңес Армиясы мүгедегiнiң жеңiлдiктерге құқығы туралы), жараланғаны, контузия алуы, зақымдануы, мүгедектiгi туралы анықтама, әскери комиссариаттан соғыс қимылдарына қатысқан фактiсiн растайтын анықтама немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгi соғылған зейнеткерлiк куәлiгi;
әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының және iшкi iстер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдар үшiн — белгiленген үлгiдегi куәлiк, жаралануы, контузия алуы, зақымдануы туралы анықтама, Iшкi iстер органдарының, Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi анықтамасы немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгi соғылған зейнеткерлiк куәлiгi;
1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi кезеңде Украин КСР-i, Беларусь КСР-i, Литва КСР-i, Латвия КСР-i, Эстон КСР-i аумақтарында iс-қимыл жасаған халықты қорғаушы, жауды жоюшы батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлермен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтiк мiндетiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болған адамдар үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк, жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, мүгедектiгi туралы анықтама, әскери комиссариаттан соғыс қимылдарына қатысқан фактiсiн растайтын анықтама немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгi соғылған зейнеткерлiк куәлiгi;
басқа елдерде iс-қимыл жасаған әскер құрамдарына қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттағы жұмысшылар мен қызметшiлер үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк, жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, мүгедектiгi туралы анықтама, тиiстi санатын және басқа елдерде қимыл жасаған әскер құрамдарына қызмет көрсету салдарынан мүгедек болуын растайтын құжат немесе 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заңға сәйкес жеңiлдiктерге құқығы туралы белгi соғылған зейнеткерлiк куәлiгi;
Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiмен мүгедектiгi тектiк байланыстағы олардың балалары үшiн - белгiленген үлгiдегi куәлiк, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың немесе басқа азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарынан мүгедектiгi жөнiндегi халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органы аумақтық органының анықтамасы немесе Радиациялық әсерге байланысты аурудың себептiк байланысын анықтау жөнiндегi орталық ведомствоаралық кеңестiң қорытындысы;
6) Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердiң ата-аналары мен қайтадан некеге отырмаған жесiрлерi үшiн - әскери қызметшiнiң қайтыс болғандығы туралы куәлiк немесе хабарлама немесе әскери комиссариаттан хабар-ошарсыз кету фактiсi туралы анықтама, әскери қызметшiге туыстық жақындығын растайтын құжат (неке туралы куәлiгi, балалардың туу туралы куәлiгi);
7) қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң қайтадан некеге отырмаған әйелi (күйеуi), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргiзгендердiң, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен марапатталған, жалпы аурудың, еңбек жарақатының салдарынан және басқа себептерден (заңға қарсы әрекеттерден басқа) мүгедек деп танылған азаматтардың әйелi (күйеуi) үшiн - неке туралы куәлiгi, жұбайының (зайыбының) қайтыс болғандығы туралы куәлiк, жұбайының (зайыбының) мүгедектiгiн растайтын құжат болып табылады;
8) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруы салдарынан қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары үшiн - қаза тапқан (қайтыс болған) адамның өлiмi туралы хабарлама немесе куәлiк, әскери қызметшiнiң қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен фактiсi туралы әскери комиссариаттан алынған анықтама, қаза тапқан адаммен туыстық жақындығын растайтын құжат (неке туралы куәлiк, балалардың туу туралы куәлiгi);
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары үшiн - қаза тапқан (қайтыс болған) адамның өлiмi туралы хабарлама немесе куәлiк, әскери қызметшiнiң бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан немесе хабарсыз кету фактiсi туралы әскери комиссариаттан алынған анықтама, қаза тапқан адаммен туыстық жақындығын растайтын құжат (неке туралы куәлiк, балалардың туу туралы куәлiгi);
қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң отбасылары үшiн - қаза тапқан (қайтыс болған) адамның өлiмi туралы хабарлама немесе куәлiк, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза табу фактiсiн растайтын iшкi iстер органдарынан алынған анықтама немесе құжат, қаза тапқан адаммен туыстық байланысын растайтын құжат (неке туралы куәлiк, балалардың туу туралы куәлiктерi);
Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан (қайтыс болғандардың) отбасылары үшiн - қаза тапқан адамның өлiмi туралы куәлiк, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қайтыс болғанын растайтын құжат, қаза тапқан адаммен туыстық жақындығын растайтын құжат (неке туралы куәлiк, балалардың туу туралы куәлiгi);
сәуле ауруы салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ, өлiмi Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың әсер етуiне белгiленген тәртiппен байланысты болған азаматтардың отбасылары үшiн - сәуле ауруы салдарынан қайтыс болған адамның немесе қайтыс болған мүгедектiң, сондай-ақ өлiмi Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың әсер етуiне белгiленген тәртiппен байланысты болған азаматтың өлiмi туралы куәлiк, өлiмнiң радиациялық әсер ету салдарынан болғанын растайтын құжат, қаза тапқан адаммен туыстық жақындығын растайтын құжат (неке туралы куәлiк, балалардың туу туралы куәлiгi);
9) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен қалтқысыз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар үшiн (осы Ережеге 5-қосымша) - белгiленген үлгiдегi куәлiк немесе марапаттау куәлiгi немесе мұрағат анықтамасы немесе марапатталу фактiсi туралы жазбасы бар еңбек кiтапшасы;
10) 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемiнде 6 ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен қалтқысыз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдар үшiн - еңбек кiтапшасы немесе 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда жұмысы туралы мәлiметтерi бар өзге де құжаттар, 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда әскери қызмет кезеңi туралы мәлiметтерi бар әскери билет немесе анықтама.
1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда жұмысы туралы мәлiметтерi бар өзге де құжаттарға:
жұмыс орны, сондай-ақ мұрағат мекемелерi берген жұмыс кезеңдерi туралы мәлiметтерi бар құжаттар;
бұйрықтардан, жеке шоттары мен жалақы төлеуге арналған ведомостан үзiндi көшiрмелер;
коммунистiк партия немесе кәсiподақ мүшелерiнiң мүшелiк билеттерi немесе есеп карточкалары;
қызметiн бұрын қолданыста болған заңнамаға сәйкес жүзеге асырып келген жұмыс стажын анықтау жөнiндегi, зейнетақы тағайындау жөнiндегi комиссиялардың шешiмдерi;
сот шешiмдерi;
арнайы комиссиялардың шешiмдерi;
1998 жылға дейiн берiлген жеңiлдiктердi алуға құқығы туралы куәлiк;
фабрика-зауыт училищелерiнде оқу фактiсiн растайтын анықтамалар жатады;
11) 1988-1989 жылдарда Чернобыль АЭС-iндегi апаттың салдарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күнiне құрсақта болған балаларын қоса алғанда, оқшаулау және қоныс аудару аймағынан (өз бетiмен кеткен) Қазақстан Республикасына қоныс аударғандар қатарындағы адамдар үшiн - Чернобыль АЭС-iндегi аварияны жоюға қатысушының куәлiгi немесе Чернобыль АЭС-iндегi аварияны жоюға қатысу фактiсiн растайтын құжат, балалардың туу туралы куәлiгi;
12) I, II және III топтағы мүгедектер, оның iшiнде 16-дан 18 жасқа дейiнгi мүгедек балалар үшiн - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органы аумақтық органының мүгедектiк топты белгiлеу туралы (белгiленген үлгiдегi) анықтамасы;
13) 16 жасқа дейiнгi мүгедек балалар үшiн - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органы аумақтық органының мүгедектiктi белгiлеу туралы (белгiленген үлгiдегi) анықтамасы;
14) «Алтын алқа», «Күмiс алқа» белгiлерiмен, I және II дәрежелi «Ана Даңқы» ордендерiмен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған көп балалы аналар үшiн - марапатталғанын немесе атақ алғанын растайтын құжаттар;
15) бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған, оның iшiнде жалпы орта бiлiм беретiн, жоғары және орта кәсiптiк оқу орындарының күндiзгi бөлiмiнде оқитын балалары бар көп балалы отбасылар үшiн, олар кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн оқу орнын бiтiрген уақытқа дейiн (бiрақ 23 жастан аспайтын) - балалардың туу туралы куәлiктерi, отбасының құрамы туралы анықтама, сонымен қатар жыл сайын берiлетiн балалардың оқу фактiсi туралы оқу орындарының анықтамалары;
16) саяси қуғын-сүргiн құрбандары, мүгедектiгi бар немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар үшiн - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органы аумақтық органының мүгедектiк топты белгiлеу туралы (белгiленген үлгiдегi) анықтамалары, зейнеткерлiк куәлiктерi, ақталған азаматтың куәлiктерi немесе прокуратура органдарынан немесе iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдарынан алынған ақталғаны туралы анықтамалары немесе ақталғаны туралы соттың шешiмi;
17) Қазақстан Республикасы алдында сiңiрген ерекше еңбегi үшiн зейнетақы тағайындалған адамдар үшiн - дербес зейнеткер куәлiгi немесе Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Қазақстан Республикасы алдында сiңiрген ерекше еңбегi үшiн зейнетақы белгiлеу жөнiндегi комиссияның Қазақстан Республикасы алдында сiңiрген ерекше еңбегi үшiн зейнетақы тағайындау туралы шешiмiнен үзiндi көшiрме.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 2011.04.29 № 469 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
6. Жәрдемақы тағайындау үшiн қажеттi құжаттар түпнұсқада және салыстыру үшiн көшiрмесiнде уәкiлеттi ұйымның бөлiмшелерiне ұсынылады, осыдан кейiн құжаттардың түпнұсқалары мен құжаттың қабылданғаны туралы белгiсi бар өтiнiштiң жыртпалы талоны өтiнiш иесiне қайтарылады.
Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi өтiнiш иесiнен қабылданатын құжаттардың толықтығын тексередi және құжаттар көшiрмелерiнiң сапасын және түпнұсқаларға сәйкестiгiн қамтамасыз етедi.
Жәрдемақы тағайындау туралы өтiнiш осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысандағы журналда тiркеледi.
7. Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi өтiнiш берушiден өтiнiш пен құжаттар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде өтiнiш иесi осы Ережеге сәйкес ұсынған құжаттардан қалыптастырылған қағаз жеткiзгiштегi iс макетiн (бұдан әрi - iс макетi) және өтiнiш иесiнiң электрондық цифрлық нысанда қалыптастырылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық iс макетiн (бұдан әрi - электрондық iс макетi) қалыптастырады.
Уәкiлеттi ұйым бөлiмшесiнiң маманы электрондық iс макетiн қалыптастыру үшiн iс макетiн сканермен көшiредi, сканермен көшiрiлген құжаттардың сапасын және олардың қағаз жеткiзгiштегi макетке сәйкестiгiн тексередi, шешiмнiң жобасын осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысанда қалыптастырады, жәрдемақы мөлшерiнiң есебiн жүргiзедi және оларды электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады.
Шешiмнiң жобасы жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы электрондық-цифрлық нысандағы құжатты (бұдан әрi - шешiм жобасы) бiлдiредi.
Уәкiлеттi ұйым бөлiмшесiнiң басшысы электрондық iс макетiнiң қағаз жеткiзгiштегi макетiне сәйкестiгiн, сканермен көшiрiлген құжаттардың сапасын, жәрдемақы мөлшерiн есептеудiң, шешiм жобасының ресiмделуi дұрыстығын тексередi және оны электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады.
8. Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi электрондық iс макетiн шешiмнiң жобасымен және осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес нысанда толтырылған электрондық хабарламамен қоса, электрондық байланыс арқылы уәкiлеттi ұйымның филиалына бередi.
9. Уәкiлеттi ұйымның филиалы келiп түскен электрондық iс макетi мен шешiмнiң жобасын екi жұмыс күнi iшiнде қарайды, есептiң және шешiмнiң дұрыс ресiмделуiн тексередi, осыдан кейiн оны электрондық хабарламамен бiрге жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi. Шешiмнiң жобасы уәкiлеттi ұйым филиалы маманының және басшысының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
10. Жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган шешiмнiң жобасымен қоса келiп түскен электрондық iс макетiн бес жұмыс күнi iшiнде қарайды және жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы шешiм қабылдайды.
Шешiм - басқарма (бөлiм) маманының, басшысының және жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған, жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы электрондық цифрлық нысандағы құжат (бұдан әрi - шешiм) болып табылады.
11. Жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның маманы:
1) шешiмдi осы Ережеге 9-қосымшаға сәйкес нысандағы электрондық журналда нөмiр бере отырып, автоматты режимде тiркейдi;
2) электрондық iс макетiн шешiммен және электрондық хабарламамен қоса уәкiлеттi ұйым бөлiмшесiне электрондық байланыс арқылы жiбередi.
Электрондық iс макеттердiң есебiн жүргiзу үшiн қағаз жеткiзгiштегi электрондық хабарламаның данасы жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органда қалады.
12. Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның шешiмiмен қоса электрондық iс макетiн алғаннан кейiн, осы Ережеге 10-қосымшаға сәйкес нысандағы электрондық журналда iске нөмiр бередi, одан кейiн көрсетiлген шешiмдi қағаз жеткiзгiште өтiнiш иесiнiң iс макетiне қосып тiгедi.
13. Сканермен көшiрiлген электрондық iс макетiнiң берiлген құжаттарында күмән туындаған жағдайда жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган электрондық iс макетiмен салыстыру үшiн уәкiлеттi ұйым бөлiмшесiнен iстiң макетiн сұратады.
14. Егер жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган келiп түскен электрондық iс макетiнен шешiм қабылдау үшiн қажеттi құжаттың (құжаттардың) жоқ екенiн анықтаған және (немесе) шешiм жобасынан қате тапқан жағдайда, электрондық iс макетi шешiм жобасымен және электрондық хабарламамен қоса уәкiлеттi ұйым бөлiмшесiне электрондық байланыс арқылы қайтарылады.
Электрондық хабарламаның тиiстi бағанында қайтарудың нақты себебi көрсетiледi.
Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi қайтарылған электронды iс макетi келiп түскен күннен бастап: бес жұмыс күнi iшiнде анықталған қатенi жояды және (немесе) өтiнiш берушi қосымша құжаттарды ұсынған кезде отыз жұмыс күнi iшiнде электронды iс макетiн осы Ереженiң 7-11-тармақтарында көзделген тәртiппен қайта ресiмдейдi.
15. Жәрдемақы тағайындаудан бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган шешiмде бас тарту негiздемесiн көрсетедi.
Бұл ретте электрондық iс макетi электрондық хабарламамен және жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның бас тарту себептерi туралы хатымен қоса уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесiне электрондық байланыс арқылы қайтарылады.
Уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органнан хат келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жәрдемақы тағайындаудан бас тарту туралы өтiнiш иесiне жазбаша хабарлайды және ұсынылған құжаттарды (өтiнiштi қоспағанда) жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның бас тарту себептерi туралы хатымен қоса өтiнiш иесiне қайтарады.
16. Егер шешiмнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту үшiн негiздеме болып табылатын немесе жәрдемақының мөлшерiне әсер ететiн мән-жайлар туындаған жағдайда, уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi осы Ережеге 11-қосымшаға сәйкес нысандағы шешiм жобасын дайындайды және оны жаңадан ұсынылған құжаттармен, олар бар болса, толықтырылған электрондық iс макетiмен бiрге осы Ереженiң 7-11-тармақтарында көзделген тәртiппен жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға бекiтуге жiбередi.
17. Жәрдемақы оны алу құқығы туындағаннан кейiн жәрдемақы тағайындау үшiн өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады. Барлық құжаттарымен бiрге өтiнiш берiлген күн өтiнiш жасалған күн болып есептеледi.
5-тармақтың 10) тармақшасында көрсетiлген тұлғаларға жәрдемақы өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады.
Жәрдемақы тағайындалуы үшiн негiздеме жойылған жағдайда жәрдемақы алушылар бұл туралы он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесiне хабарлауға мiндеттенедi.
Жоғарыда көрсетiлген тұлғалар тағайындау үшiн қажеттi стажы туралы толық емес мәлiметтер ұсынған жағдайда, уәкiлеттi ұйымның бөлiмшесi бес жұмыс күнi iшiнде құжаттарды арнайы комиссиялардың қарауына осы Ережеге 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жiбередi.
Арнайы комиссиялар ұсынылған материалдарды осы Ереженiң 4-тарауына сәйкес қарайды.
Достарыңызбен бөлісу: |