Аспандияр Кенжиннің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі436.02 Kb.
#20271
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ 94 (574) (092) Қолжазба құқығында
Сүлейменова Әлия Тоймаханқызы

Аспандияр Кенжиннің

өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі

(1887–1938 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.

Ғылыми жетекшілері:

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒА академигі, Нұрпейіс К.Н.





тарих ғылымдарының докторы, доцент Қапаева А.Т.



Ресми оппоненттер

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қойгелдиев М.Қ.
тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпбаева А.


Жетекші ұйым:


әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университетінің

«Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасы


Диссертация 2009 жылы «27» ақпанда сағат 14-00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы « ___ » қаңтарда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы З. Қинаятұлы

кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалардың өмiр жолын, жеке қасиетiн, тағдырын, психологиясын, даму эволюциясын зерттеу арқылы, жылдар бойы тұмшаланып, бөлектену емес бiрiгу мақсаты мен Ресей Федерациясының автономиясы ретiнде ұлттық дамуды идея еткен Алаш зиялыларының бет-пердесiн ашу мүмкiндiгi бар.

Алаш қозғалысының мүшесi, Ресейдегi Құрылтай жиналысына бiлiм саласы бойынша кандидаттар тiзiмiне енгізілген және Алаш үкiметiнiң мүшелiгiне кандидат болып сайланған, Ресей земство және қала одағының Минск комитетiндегi Бұратаналар бөлiмiнiң басшысы қызметiн атқарып, «Еркiн дала» ұйымын құрушылардың бiрi болған Аспандияр Кенжиннің тағы басқа да ұйымдастырушылық қызметтерiн зерделеу диссертацияда зерттелетiн тақырыптар болып табылады.

А. Кенжиннiң Ресей Коммунистiк (большевиктер) партиясының мүшелiгiне қабылданғаннан кейiнгi 1920–1937 жылдардағы партия-кеңес жүйесiндегi қызметтерiн зерттеу арқылы қазақ интеллигенциясының большевиктiк билiктiң алғашқы кезеңiндегi ағартушылық, ұйымдастырушылық, жаңа қоғамды қалыптастыру, елдi жаңа бағыттарға бұру сияқты жұмыстардың атқарылу деңгейi, қазақ интеллигенциясының аталған кезеңдегi қол жеткен табыстары мен жеңiлiстерi, қуғындалуы фактологиялық деректермен зерделенуiн тарих беттерiне қосылар жаңа парақтар ретiнде қарастыру қажет.

Көптеген зерттеу еңбектерде баяндалғандай, қазақ қайраткерлерiнiң күрес тарихы негiзiнен екi кезеңнен тұрады, алғашқысы – ұлттық демократиялық бағыттағы Алаш, ал екiншiсi – кеңес дәуiрiндегi жаңа, жас буын жүргiзген iстер. Қазақстан тарихының тарихнамасында соңғы жылдары ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының жеке тұлғасына қатысты зерттеу еңбектер бiршама жариялана бастағанымен, әлi де болса тарихымыздың жеке адамдармен тұлғалануында ақтаңдақтар кездеседi.

Кеңестiк тарихнамада саяси партиялар тарихы, ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерiнiң өмiр жолын зерттеу тарихы билiк тарапынан қолдау тапқан емес, ол кезеңдi айналып өту мүмкiн болмай қалған күннiң өзiнде, тарихи шындықтан алшақ бұрмаланып жазылды. Зерттеушiлер интеллигенция та­рапынан жасалған әрекеттерді «буржуазияшыл-ұлтшыл», «контрреволю­ционер», «халық жауы» сияқты қаралау сипатында баяндады. Осындай тұжырым А. Кенжинге де байланысты болып келдi. Сондықтан да тарих­намада әрқилы айтылып, зерттелiп жүргендiктен де оның өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметiнiң зерттелу қажеттiгi айқындала түседi.

А. Кенжин сияқты тағдыры қайшылыққа толы, арпалыспен күн кешкен, қазақ мемлекеттiлiгiнiң негiзiн қаласқан, iргелi ұйымдарды, мекемелердi («Еркiн дала», «Ақ жол» ұйымдары, Бас саяси ағарту комитеті, Қазақ халық ағарту комиссариаты, Балалар өмiрiн жақсарту жөнiндегi орталық комиссия, Қызылорданы астанаға айналдыру жөнiндегi мемлекеттік комиссия, Iшкi және сыртқы сауда комиссариаты және т.б.) ұйымдастыру, олардың жұмысын дамытуды, басқаруды жүзеге асырған iрi тұлғаның өмiр жолын, қоғамдық саяси қызметiн зерттеу жұмысының өзi ол өмiр сүрген тарихи кезеңдегi халқымыздың ғылыми та­рихы мен деректану саласына қатысы бар көптеген мәселелердi анықтауға септiгiн тигiзедi деген ойдамыз.



Тақырыптың зерттелу деңгейi. Отандық тарихнамада әлі күнге дейін А. Кенжиннің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты сараптап, бағалап, қорытынды жасалған арнаулы монографиялық еңбек кездеспейді.

Аспандияр Кенжинге қатысты еңбектердiң қатары тiптен аз деуге болады, ол туралы мүлдем айтылмады деуге де болмайды. Оның өмiрбаянын ғылыми тұрғыда неғұрлым толық, әрi жүйелi түрде талдауға арналған еңбек жоқтың қасы. Зерттеулердiң ба­сым көпшiлiгiнде, Алаш қозғалысына және кеңес өкіметінің құрылу, большевиктік биліктің орнығу кезеңдеріне қатысты еңбектерде, монография­ларда ол туралы айтылып өтедi де, оның тақырыпқа сай келетін кейбір еңбектерiне сiлтемелер жа­салады.

А. Кенжин қатысқан Алаш қозғалысы туралы зерттеулерге келсек, қозғалыс туралы деректердің алғашқы жазылу мезгiлi Азамат соғысы аяқталысымен-ақ басталған. 1920 жылдардың ортасына дейiнгi аралықты қамтитын еңбектердiң (естелiктер, мақалалар, арнайы зерттеулер) бiрсыпырасы кейiнгi жылдарға қарағанда объективтi түрде жазылғандығын зерттеушiлер атап өтедi. Мұнда қазақ зиялыларымен бiрге А. Кенжин қатысқан қозғалысқа, үкiмет билiгiн қолына алғанына әлi көп уақыт бола қоймаған большевиктiк билiктiң және осы тәртiпке қызмет етуге шешiм қабылдаған ұлт зиялыларының алғашқы саяси бағалары берiлген.

1950 жылдардың соңындағы жылымық лептің әсерiнен кейiн, партиялылығы қалпына келтiрiлiп, ақталған қазақ қайраткерлерi туралы зерттеу еңбектерге жол ашылды. Сонда да болса саясат салқынының ызғарының ашуы қайта қоймағандықтан, мәселенi ашық түрде толыққанды зерттеу мүмкiн болмады. Қайраткерлердiң Алаш қозғалысы тұсындағы қызметтерi елеусiз қалдырылып, кеңестiк-партия органдарындағы жұмысына баса назар аударылды. Бiрақ А. Кенжиннiң есiмi бұл кезде де атала қоймайды.

Белгiлi тарихшы В. Григорьевтiң «Противостояние» [1] атты еңбегi 1917–1920 жылдардағы Қазақстандағы большевиктер мен пролетарлық партияларға коммунистiк идеология тұрғысынан баға берiлген зерттеу жұмыс. Мерзiмдi баспасөз беттерiндегi деректер, Ресей және Қазақстан мұрағаттарының құжаттары пайдаланылған бұл еңбекте «буржуазиялық-ұлттық «Алаш» партиясын қазақ қоғамының феодал-байлар шоғырының мүддесiн қорғаушы ретiнде, ал «Үш жүз» партиясын ұсақ буржуазиялық партия ретiндегi көзқарасты ұстанады.

Большевиктер мен ұлттық интеллигенция мәселесiн қысқаша талдай келе, автор Қазан революциясы мен Азамат соғысы барысында ауылдың билеушi тобымен тығыз байланысқан қазақ интеллигенциясы еңбекшiлер лагерiнiң емес, керiсiнше халыққа қарсы ұстанымда болды деп тиянақтайды.

1970–1980 жылдары шыққан зерттеулер мен монографиялық еңбектерде Алаш қозғалысына қатысты кеңестік тұрғыдан ғана сипаттама беріліп, негізінен Қазан төңкерісі, кеңес үкіметінің жетістіктеріне баса назар аударылып, Алаш қозғалысы тағы да тасада қалды. «Қазақстан азамат соғысының от жалынында» атты естелiктер жинағына енгiзiлген Б. Алмановтың «Алашордашылардың масқаралануы» тақырыбындағы естелiгiнде алашордашыларға берілген кеңес кешiрiмiне iлiнген М. Дулатов, М. Есболов, Ж. Сейдалиндермен қатар А. Кенжиннiң аты аталады.

1989–2000 жылдар аралығында Алаш қозғалысы тақырыбын жан-жақты зерттеу қолға алынып, біршама оң жетістіктерге қол жеткізілді. «О прошлом для будущего» деп аталатын мақалалар жинағына [2] Алаш қозғалысы тақырыбына жазылған А. Сармурзин мен Н. Жағыпаров, В. Осиповтың мақалалары енгiзiлді. Кеңестiк идеологияның Алаш қозғалысының тарихына қатысты қасаң тәртiбi босаңси бастаған кезеңде жарияланған бұл зерттеулерді Алаш қозғалысына және ұлттық ағымдарға жаңаша сипаттама беруге тырысқан еңбектер деп атауға болады.

Белгілі тарихшы Д. Аманжолованың еңбегінде А. Кенжиннің Алаш қозғалысын зерттеуге нақты-тарихи тұрғыдан келу керектігі, өлкенің саяси және экономикалық жағдайын есепке алу, қозғалыстың барлық фактілері мен құжаттарын жан-жақты сараптау туралы айтқандығы туралы атап көрсетіледі [3].

Қазақстан Коммунистiк партиясының мұрағаты құжаттарының негiзiнде жазылған В.К. Григорьев, Н.Р. Жағыпаров және В.П. Осиповтың «Идейно-политическая работа партийных организации Казахстана. (1917–1925 гг.)» [4] деп аталатын еңбегiнде Петропавл (Қызылжар) қаласына iссапармен барған А. Кенжиннiң губком мен губатком жұмысшыларының орыс бөлiгiн шовинизммен айыптап, олардың орнын ауыстыруды талап еткен iс-әрекетiн баяндайтын мұрағат құжаты ғылыми айналысқа түсiрілген.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің органы «Қазақстан коммунисi» журналы 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басынан Алаш қозғалысы және оның мүшелерi туралы зерттеу мақалалар жариялауды қолға алады. «Алаштың азаматтары. Олар кiмдер едi?» тақырыбымен жарияланған тiзiмде [5] «Кенжин Аспандияр (Асфендияр) – Алаштың II съезiнiң делегаты, Гурьев ұйымынан. Алашорданың Орталық кеңесiне мүшелiкке кандидат, Торғайдағы Әскери кеңестiң мүшесi» деген мәлiметтер берiлген.

«Киргизия охваченная в виде полумесяца землями казаков, настроенных контрреволюционно, не могла так или иначе держать себя нейтрально. Понятно, для такого нейтралитета ей нужно иметь солидный вес (вооруженную силу), чтобы с Киргизией считались как с определенной величиной» деп жазған Аспандияр Кенжинді Ә. Бөкейхановтың шығармалар жинағына жазған алғысөзiнде М. Қойгелдиев атап өтедi де, «мiне осындай жағдайда ел қамын ойлаған саясаткерлер санасында ұлттық мемлекет туралы мәселенiң пайда болуы толық негiздi болатын» деген қорытынды жасайды [6].

1995 жылы жарияланған еңбегiнде К. Нұрпейiс [7] «Күрес тәжiрибесi жоқ, қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптаспаған қазақ зиялыларының кейбiреуi (мәселен, сол кезде Орынбордың мұғалiмдер даярлайтын мектебiнде оқыған Аспандияр Кенжин) патша үкiметiнiң оқу-ағарту саласындағы саясатын сынаған социалистермен және аграрлық мәселелердi шешудi батыл талап еткен жаңа халықшылдармен (неонародники) жақындасты» деп көрсетедi.

Сонымен қатар белгiлi тарихшы аталған еңбегiнде бiрiншi орыс революциясы жылдарында әртүрлi саяси iс-әрекеттерге араласқандықтары үшiн қуғын-сүргiнге ұшыраған Ә. Бөкейханов, Ж. Ақпаев, Ж. Сейдалин, Б. Сыртановтардың қатарында А. Кенжиндi де атап өтедi.

Кейiнгi кезеңдегi биобиблиографиялық, монографиялық еңбектерде А. Кенжиннiң өмiр жолы аталған еңбектердiң тақырыбы мен мазмұнына, зерттелу аясына қарай аты аталып, еңбектерi туралы баяндала бастады. Сондай еңбектердiң iшiндегi ең қомақтысы тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қойгелдиевтiң 1995 жылы жарияланған «Алаш қозғалысы» монографиясы [8]. «Қазақ» газетіне жарияланған мақалаларды ғылыми айналысқа түсіре отырып, Алаш қозғалысына жан-жақты баға бере бiлген бұл еңбектiң бiрнеше тарауында А. Кенжиннiң Алаш қозғалысы тұсындағы, тыл жұмысына алынған қазақ жiгiттерiн елге қайтару жолындағы қызметi баяндалады.

М. Тәж-Мұраттың «Батыс Алаш-Орда» [9] биобиблиографиялық сөздiк тәжiрибесi деп аталатын еңбек те аты айтып отырғандай Батыс Алашорда үкiметiнiң белсендi мүшелерi туралы өмiрбаяндық деректер жинақталған маңызды еңбек деп атауға болады. А. Кенжиннiң өмiрi туралы тың деректермен қатар оның кеңестiк билiк тұсындағы Алаш қозғалысына сыни пiкiр бiлдiрген мақалалары туралы мәлiметтер кездеседi.

Қазіргі таңда Алаш қозғалысының пайда болуы, дамуы және оның қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған зерттеу еңбектер көптеп жарыққа шығарылуда .

А. Кенжин қатысқан, мүше болған Батыс Алашорданың құрылуы мен оның алғышарттары туралы баяндалатын Д. Сүлейменованың тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алуға арналған диссертациясын көлемдi зерттеу еңбек ретінде атап көрсету қажет. Ұлттық мүдде үшiн күресте большевиктiк үкiметпен бетпе-бет келген Алаш қозғалысы саяси ауқымының кеңдiгiмен, мәселенi жалпыадамзаттық құндылықтарға сай барынша демократиялық тұрғыда қоюымен ерекшеленетiнiн көрсеткен диссертациялық еңбекте А. Кенжин мен С. Қаратiлеуұлының Батыс Алашорда үкіметінің құрамындағы атқарған қызметтерiне де баға берiледi.

А. Кенжиннiң кеңестiк билiк тұсындағы қызметiне орай зерттеу еңбектер бiрен-саран ғана. Солардың iшiнде А. Мұсағалиеваның «Халық ағарту комиссариаты қорының құжаттары республика зиялыларының қызметiне көзқарасы жөнiндегi дереккөзi (1920–1936 жж.)» диссертациялық еңбегін Халық ағарту комиссары қызметін атқарған тұсын баяндайтын еңбек қатарында атап өту қажет. Қазақстанның 1920–1930 жылдардағы тарихын зерттеу деректердi талдау жұмысын қажет ететiндiгiн алға тартатын еңбекте А. Кенжиннiң халық ағарту комиссариатындағы жұмысы туралы мағұлмат бередi [10].

Аманкелдi Имановтың өмiрi мен ерлiгi туралы зерттеу еңбектердiң барлығында А. Кенжиннiң аты аталады. Бұл еңбектерде А. Кенжин «Алашорда идеологтары» қатарында көрсетiлiп, оған және оның одақтастарына «Алашордада қалыптасқан саяси бағыт болған жоқ, «Алаш» партиясы жалпы өмiр сүрген жоқ деп дәлелдеуге тырысып, қолдан ертегi жасады» деген баға берiлдi.

Алаш қозғалысының тарихнамасын зерттеген ғылыми еңбектерде А. Кенжиннің Алаш қозғалысына қатысты жарияланымдарына сындарлы бағалар беріледі. Р.Қ. Нұрмағамбетова «Движение Алаш и Алаш-Орда. Историография проблемы. 1920–1990-е годы ХХ века» [11] деп аталатын еңбегiнде А. Кенжиннiң Алаш қозғалысын зерттеу барысындағы мақалалары туралы деректердi алға тартады. Алаш қозғалысы мен Алашорда туралы тарихнамалық деректердi зерттеген көлемдi дүниеде А. Кенжиннiң алашордашы ретiнде 1922 жылы күзде Халық ағарту комиссары қызметiнен босатылғандығы туралы мәлімет ғылыми айналысқа түсірілген. Р.Қ. Нұрмағамбетованың зерттеуiнде А. Кенжиннiң «Об исторической оценке деятельности Алаш-Орды» деп аталатын еңбегiне жан-жақты сипаттама берiледi. Оның қазақ даласындағы төңкерiстер мен оның экономикалық әлеуметтiк дамуы арасындағы қатынастар мен өзара байланыстарды бiр-бiрiнен бөлшектемей зерттеу идеясы болғандығын атап көрсетедi.

Белгілі қазақ заңгері, мемлекеттік қайраткер, Алаш қозғалысына қатысушы Ж. Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеген еңбегінде М. Құл-Мұхаммед: «1926 жылға дейін Алашордаға қарсы идеологиялық шабуыл баспасөз беттерінде қайсыбір дәрежеде қалай болса солай жүргізіліп келді. Кейбір бұрынғы алашордашылар тіпті Алашорда қозғалысын қозғауға батылы барып, оның материалдарын, бағдарламасы мен нақты қызметін терең әрі жан-жақты зерттей отырып, оған объективті баға беруге шақырды» – дей келе, А. Кенжиннің «Алаш партиясының қызметіне тарихи баға беру жөнінде» деп аталатын «Известия Киробкома ВКП (б)» журналының 1923 жылғы 1 санында жарияланған мақаласына сілтеме жасап, оған ерекше баға береді. Сонымен қатар зерттеуші А. Кенжиннің бұл шақыруының «желге ұшқандығын», керісінше бұл коммунистік қызбалықты өршіте түсіп, идеялық қарсылыққа емес, сол кездің өзінде тарихқа кеткен идеялық-саяси қозғалысқа қарсы идеологиялық шабуылдың өрши түскендігін көрсетті.

А. Кенжиннің өмірі мен қызметіне қатысты дереккөздер қатарында энциклопедиялар мен анықтамалықтарды атап өтуге болады

Қазақстан Республикасы Президентi Мұрағаты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бiрлесiп дайындаған «Алаш қозғалысы» құжаттар мен материалдар жинағының бес кітаптан тұратын 1–4 томдары да А. Кенжиннiң 1917–1937 жылдардағы қызметiн айғақтауда тигiзер көмегi ұшан-теңiз [12].

Белгілі тарихшы М. Қозыбаев өз еңбектерінде Алаш қозғалысына төмендегідей баға береді: «Бiз әдебиетте осы уақытқа дейiн Алаш зиялыларын бiртұтас ағым ретiнде қараймыз. Шын мәнiнде әлеуметтiк негiзi жағынан, көзқарасы жағынан олардың арасында солшылдар, центристер, оңшылдар болды. Олардың iшiнде европалық дәрежедегi ойшылдармен қатар феодалдық-патриархалдық өмiрмен бiте қайнасқан кертартпалар да жоқ емес-тi. Олардың қатарында Түркiстан идеясын уағыздайтын, «Түркiстан бiрлiгiнiң» оңтүстiк шығыс мұсылман облыстары федерациясын жақтайтындар да кездесетiн. Қалай болғанда да бiз бүгiнгi күнге дейiн жалпылама қарап келген «Алаш» пен «Алашорда» табиғи құбылыс есебiнде қарап, диалектикалық әдiспен қарайтын кез келдi».

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты – Алаш қозғалысының белгілі мүшесі, саяси қуғын-сүргіндер құрбаны, қоғам және мемлекет қайраткерi А. Кенжиннiң өскен ортасы мен қоғамдық саяси көзқарастарының қалыптасуы арқылы, Қазақстанның ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңына дейiнгi қазақ даласындағы саяси өзгерiстер мен құбылыстарға тарихи баға беру. Сонымен қатар қазақ халқының урбанизациялану үрдісiн бастан кешуi, орыстандыру саясатының жүргiзiлуi, қазақ даласындағы саяси партиялар мен қозғалыстардың пайда болуы және олардың қазақ демократиялық көзқарастарын қалыптастыру жолындағы жұмыстарын жан-жақты зерттеу.

Диссертацияның басты мақсаты – түрлі деректер мен ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырған мұрағат материалдарын сұрыптай келе А. Кенжиннiң (1887–1938 жж.) өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметiн, одан қалған шығармашылық мұраны тұтастай көрсету. Осыған орай төмендегідей міндеттер алға қойылды:

– А. Кенжиннiң өскен ортасы мен оның саяси көзқарасының қалыптасуын зерделеу. Осы үрдiске ықпал еткен жалпыресейлiк және қазақстандық факторларды анықтау;

– 1917 жылғы қос төңкеріс қарсаңындағы Қазақстанда болып өткен қоғамдық-саяси өзгерiстердi талдау және олардың А. Кенжиннiң қоғамдық –саяси қызметiне жасаған ықпалын көрсету;

– А. Кенжиннiң 1917–1919 жылдардағы Алаш қозғалысының белсендi мүшесi болғандығын нақтылы деректер негiзiнде бағалау;

– А. Кенжиннiң 1920–1937 жылдар аралығындағы кеңестік Қазақстандағы орнын, нығайған кеңестiк билiк жүйесi мен шаруашылық салаларындағы сан қырлы қызметiн зерттеу;

– А. Кенжиннің партиялық тазалауларға және 1937–1938 жылдардағы қуғын-сүргін нәубетіне ілігуін зерделеу;

– А. Кенжиннiң өзi өмiр сүрiп, саналы еңбек еткен жылдарда жариялаған шығармашылық мұрасын жан-жақты сараптау.



Зерттеу жұмысының деректiк негізi. А. Кенжиннiң өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметi туралы зерттеудiң негiзгi дереккөздерi ретiнде Қазақстан Республикасы Президентi Мұрағатындағы № 139 « РК(б)П Қырғыз (Қазақ) облыстық партия комитеті», № 141 «БК (б) П Қазақ өлкелік комитеті», № 719 «ҚАКСР Жұмысшы-Шаруа инспекциясының Халық комиссариаты», № 811 «Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің саяси зерттеулер институты» қорлары, ҚР Орталық Мемлекеттiк мұрағатындағы № 5 «Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің Орталық Атқару комитеті», № 30 «Қазақ АКСР-інің Халық комиссарлар кеңесі», № 81 «Қазақ АКСР-інің Халық ағарту комиссариатының», № 1020 «Қазақ АКСР-інің Iшкi және сыртқы сауда халық комиссариатының», № 509 «Қазақ АКСР-інің жанындағы Балалар өмiрiн жақсарту жөніндегі Орталық балалар комиссиясы», Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатындағы № 1 «Гурьев уездік революциялық комитеті» қорлары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мұрағатына сақтауға алынған 010513 ф-1 қылмыстық ісінің 1–3-томдары және А. Кенжиннiң қызмет жолдарына сәйкес тағы басқа мекемелердiң мұрағаттары қаралып, талдау жұмысы жүргізілді.

Диссертацияны жазу барысында 1913–1937 жылдары Ресейде, Қазақстанда шығып тұрған «Қазақ», «Сарыарқа», «Жизнь национальностей», «Степная правда», «Большевик Казахстана», «Қызыл Қазақстан», «Известия Киробкома», «Еңбекшi қазақ», «За пищевую индустрию», «Атырау», «Социалды Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты мерзiмдi баспасөз құралдары да кеңінен тартылды. Сонымен қатар зерттеу жұмысы барысында Алаш қозғалысы мен Алаш партиясының басшылары туралы кеңестiк билiк тұсында жазылған еңбектермен қатар Қазақстан тәуелсiздiгi жарияланғаннан кейiнгi жарық көрген тарихи зерттеу еңбектер салыстырыла отырып, талданды.



Зерттеудің методологиялық және теориялық негізі. Соңғы жылдары тарих ғылымында өзекті тарихи тақырыптардың, соның ішінде ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметін зерттеуде қалыптасқан жаңа тұжырыдамалар мен ой-пікірлер, ұстанымдар, тұрғылар есепке алынды. Зерттеуші бұл ретте патшалық самодержавие билігі мен кеңестік жүйеге, коммунистік идеологияға қатысты соңғы уақытта қалыптасып үлгерген ғылыми тұжырымдарды ескере отырып, сонымен бірге А. Кенжин өмір сүрген және қайраткерлік қарымы танылған күрделі тарихи кезеңнің ерекшелігін мүмкіндігінше қамтуға тырысты.

Зерттеудiң ғылыми жаңалықтары. Аспандияр Кенжиннiң өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметiн зерттеуге арналған диссертациялық еңбекте мынадай жаңалықтар бар:

– Патшалық Ресей қоластындағы Қазақстанда төңкерiске дейiнгi саяси қозғалыстар мен партиялар туралы тың деректер ғылыми айналымға енгізілді;

– Тыл жұмысына алынған қазақ жiгiттерiн елге қайтарумен шұғылданған Бұратаналар бөлiмiнiң бастығы қызметiн атқарған А. Кенжиннiң жұмысы негiзiнде және аталған бөлiмнiң жұмысын талдау нәтижесiнде тылдағы қазақ жастарының тағдыры баяндалды;

– А. Кенжиннің Алаш қозғалысындағы қызметіне баға берілді;

– Қазақстандағы кеңестiк билiктiң белсендi өкiлi ретiндегi жұмысы негізінде А. Кенжиннiң ұйымдастырушылық, басқарушылық, жеке адамгершiлiк қасиеттерi, қайраткерлiгi, қайсарлығы ғылыми зерттеу объектісіне айналды;

– мерзiмдi баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары бойынша А. Кенжиннiң публицист-теоретик ретiндегi қасиеттерi анықталды.



Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертацияның мерзiмдiк шегi 1887–1938 жылдар аралығындағы А. Кенжин өмiр сүрген тарихи кезеңдi қамтиды.

Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Мемлекет және қоғам қайраткері А. Кенжиннiң өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметiнiң сан-салалығы, күрделiлiгi – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ғұмыр-тарихындағы дербес саяси тәуелсiздiкке ұмтылысының соқпақты-соқтықпалы жолдарын танып-бiлуге мүмкiндiк бередi. Сондықтан зерттеу жұмысында жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды, iзденiс нәтижелерiн Қазақстан тарихының ХХ ғасыр басындағы әлеуметтiк-экономикалық және саяси тарихына арналған монографияларда, оқулықтарда, арнаулы курстар мен семинар сабақтарда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

Көрнекті зерттеушілер К. Нұрпейіс, М. Қозыбаев, М. Қойгелдиев, Д. Аманжолова, Т. Омарбеков, Р. Нұрмағамбетованың және басқа да көптеген зерттеушілердің жарияланымдары негізінде Қазақстандағы Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы тұжырымдар сараланып, тарихнамалық мәселесі ұсынылды;



Қарастырылған мұрағаттық деректердің негізінде Аспандияр Кенжиннің өмірі, өскен ортасы, қоғамдық саяси көзқарастарының қалыптасу барысы, оқыған ортасы, қызмет еткен салалары мен түрлі мемлекеттік органдардағы жұмысы және т. б. қайраткерлік, адамгершілік қырлары жан-жақты ашылды;

– А. Кенжиннің қоғамдық-саяси көзқарасының төмендегі факторлардың: әлеуметтік-экономикалық жағдай, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының өзгеруі, әлеуметтік-мәдени орта, тарихи контекст, дәуірдің идеялық ағымдары әсер етуімен қалыптасуы анықталды;



Ғылыми-теориялық ғылым тұрғысынан жеке тұлғаның қоғамдық-саяси қызметі мен өмірін тарихи-теориялық және салыстырмалы талдау жасалды;

Қазақ зиялыларының 1916–1917 жылдары тыл жұмысына алынған қазақ жігіттерінің арасында жүргізген жұмыстарын, А. Кенжиннің А. Имановтың өліміне қатыстылығы туралы мәселе және Алаш қозғалысы қайраткерлерінің кеңестік билік тұсындағы қызметтерін тарихи талдау жұмыстары А. Кенжин үлгісінде ашылды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет