Астана қаласы №48 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Омаршаева Нағима Таласбекқызы



Дата16.06.2016
өлшемі66.99 Kb.
#139887

Астана қаласы

48 мектеп-лицейдің



бастауыш сынып мұғалімі

Омаршаева Нағима Таласбекқызы
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Шаңырақ сыны» сайысы

Өткізу мақсаты:

Халық педагогикасын оқу,тәрбие барысында қолдану, халықтың асыл қазынасын жас ұрпаққа жеткізу,дұрыс түсінуіне көмектесу, ертеңгі күнге пайдалысын ,қажетін алауына бағыт беру.Ұлттық тәрбиенің мақсатын жүзеге асыру.



Өткізілу шарты: І-ші,ІІ-ші турға бөлініп,  кезеңнен тұрады.

І тур: Сынып ішіндегі «Шаңырақ сыны» сайысын өткізіп жүлдегер отбасын анықтау.

ІІ тур: Мектептегі сыныптар арасында өткізілетін «Шаңырақ сыны» сайысына сыныптың жүлдегер отбасын қатыстыру

Көрнекіліктері: сандық, асықтар, тапсырма жазылған қима қағаздар, киіз үй,киіз үй ішіндегі жабдықтары,отбасы мүшелерінің ұлттық киідері, төс белгісі, ұраны, плакаттар, жазылып ілінген мақал  мәтелдер:

«Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер»,«Ата  мұраң  асыл қазынаң»,«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Халық тәлімі  тәрбие бастауы».



Сайыстың барысы: сахна төрінде іші ұлттық нақышта жабдықталған киіз үй құрылған.Үнтаспадан әсем сазды әуен ойналып тұрады.

Екі жүргізуші ортаға шығады,бірлесе:

Жас таңын еліміздің асырамыз,

Дәстүрге өрісі кең, бас ұрамыз.

Бүгінгі «Шаңырақ сыны» сайысына,

Бәріңізді түгелдей шақырамыз.

І жүргізуші:

Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,

Үлкен  кіші, жасымыз, кәріміз де.

Төрлетіңіздер қадірменді қонақтар,

Гүл  гүл жайнап біздің мына төрімізге.

ІІ жүргізуші:

Жаңарғаны сананың,

Ұмытады мұны кім.

Ата салтын бабамның,

Алып келді осы күн.
Той бастаушы жігіт:(домбырамен әндете айтады)

Мен келдім, той бастауға домбыра алып,

Кетуші ем, айқай салып топты жарып.

Айтайын арнау бүгін тойыңызға,

Тыңдаңыздар, баршаңыз да құлақ салып.

Ата  салтын бабамның,

Ұмытпалық халайық.

Жас ұрпақтың бойына,

Тұмар қылып тағайық.

І жүргізуші: Тойдың аты той ғой.

ІІ жүргізуші: Күш сайысы да, өнер сайысы да осында.

І жүргізуші: Өнерлінің бақыты озып, өнерсіздің шабыты қозар, әйтеуір қай  қайсысының да жай қала алмайтыны белгілі.

ІІ жүргізуші: Қадірменді қонақтар, ата  аналар, ұстаздар!

І жүргізуші: Жас отбасылар арасында өтетін «Шаңырақ сыны» сайысын бастауға рұқсат етіңіздер!

Ортаға әр жас отбасылары әкесі,анасы ер баласы таныстырыла отырып шақырылады..Отбасы мүшелері алдын ала дайындалған өз орындарына барып жайғасып отырады. Жүргізушілер әділ қазылар алқасымен таныстырады.

І жүргізуші: Әр жанұда иесі сайыста бағын сынамақ,

Салт  дәстүрді меңгеріп, сайыс тобын құрамақ.

Әділқазы алқасы, өнерлерін көріңіз,

Үлкен сенім сіздерге, әділ үкім беріңіз.



ІІ жүргізуші: «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер», дегендей, бүгінгі сайысымызға қарт ата келген екен, батасын бермекші.

Бата: Сайыс тойларың құтты болсын,

Денсаулықтарың мықты болсын.

Ойларың көсем болсын,

Сөздерің шешен болсын.

Көңілдерің ашық болсын,

Өмірлерің ұзақ болсын. Аумин!



І жүргізуші:

Той деп бүгін көңіл, шіркін тасиды,

Той деп бүгін әр жанұя шалқиды.

Сыныбымыздағы бүгінгі болар сайыстың,

Қолы жүйрік күйші бетін ашады.

Домбырамен күй орындалады. Әр отбасының отағалары ортаға шығып сахнадағы сандықтың ішінен асық алып өздерінің нешінші болып сайысқа түсетін реттік нөмірлерін анықтайды.

І кезең: «Жеті атасын білген ер,

Жеті жұрттың қамын жер.» атты сайысшылар шеруі

Әр отбасы әнмен,өлеңмен, қара сөзбен өздерін таныстырады. Әр отбасының өздері туралы жасалған слайдтары көрсетіледі.

Музыкалық үзіліс:Ән орындалады. Әділқазылар алқасы әр кезеңнен соң ұпай сандарын есептеп жария етіп отырады.

ІІ кезең: «Ата мұраң асыл қазынаң» атты кезең

І жүргізуші: М. Әуезовтың «Ел болу үшін бесігіңді түзу» деген сөзінің мағынасына ой салсақ, тәлім тәрбие ісі жас ұрпақ дүниеге келгеннен басталады екен.

ІІ жүргізуші: Баланың жарық дүниеге келген осы жайтын ескере келіп, мұндағы ұлттық рәсімдер мен тәлімдік тәсілдерін ретретімен жүйелі қолдана білу абзал. (Әр жанұяға тапсырмалар беріледі).

Ұлттық киімдегі екі қыз бала тапсырмалар жазылған қағаздары бар табақшаны алып шығады.

Әр отбасының ер балалары бір-бір тапсырма жазылған қағаздан алады.Тапсырмаға отбасы мүшелері ақылдасып, бірігіп жауап береді.

Тапсырмалар:

Бірінші отбасының тапсырмасы:

«Байғазы», «Көрімдік» салт  дәстүрлерінің мазмұнын түсіндіріңіз, айырмашылығы неде?

«Байғазы»  балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы, қамшы, шана, ер  тоқым) берілетін ақшалай, заттай сыйлық, ақша.

«Көрімдік»  жаңа туған балаға, жас келінге, құрдасына, күйеуге береді. Мұның маңызы алып  беруде ғана емес жақын  жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашық қолдығын танытудың белгісі ретінде қаралады. Айырмашлығы көрімдік адамға, жандыға беріледі, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты.

Екінші отбасының тапсырмасы:

«Тәбәрік», ... «Ерулік» ғұрып  салттарының мағынасын түсіндіріңіз.«Тәбәрік» түрлеріне тоқталыңыз.

«Ерулік»  ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе, қоныстанса сол ауылдың бұрынғы адамдары жаңа үйге «Ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл  жаңа адамдарды тексіртпей, өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен үлесі, белгісі. «Тәбәрік»  біреу ойынтойда бәйге, жүлде алса немесе құдалық салтдәстүрге кәде алса, одан жанындағыларға үлес беруі керек. Мұндайда жұрт одан «тәбәрік ер» деп сұрап алды. Олжалы адам әдеп бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермесе сараңдық, дәстүр сыйламағандық болып есептеледі.



Үшінші отбасының тапсырмасы:

«Иткөйлек», «Қырқынан шығару» ғұрып  салттарының мағынасын түсіндіріңіз.

«Иткөйлек»  ырымшыл халқымыз баланы «қырқынан» шығарылғанан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жібіретін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағы иткөйлекті шешіп алып тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады немесе адамдар алыс жолға шыққанда жол амандығын тілеу барысында апаттың болжауын ырым етіп бойларында сақтаған. Иткөйлектің шығуы ит мойнына байлағандығында ғана емес, оны жеті қазынаның бірі деп, әрі баламыз көп болсын деген ырыммен астасып жатыр.



Музыкалық үзіліс:Биші қыздар би билейді.

ІІІ кезең:

«Ата көрген оқ жанар,

Ана көрген тон пішер.» атты кезең.

Музыка ойнап тұрады. Әр отбасының сайысқа қатысушы мүшелеріне жеке-жеке тапсырма беріледі.Әкесі ағаштан пышақты жонып жасайды.Анасы құрақ құрап,көрпеше тігеді. Баласы қамшы өреді.Өздерінің жасаған қол өнер бұйымдарын көрермендерге,қазылар алқасына көрсетеді.

Музыкалық үзіліс:Қыз бен жігіт айтысады.

І жүргізуші: Абзал тәлімгеріміз Ахмет Байтұрсынов «Ырым етсең, адал ет, жамандықтан аман ет»  деп тегін айтпаған ғой.

ІІ жүргізуші: Күні бүгінге дейін жойылмаған халқымыздың кейбір тәрбиесін тыйым, ырым сөздерін алып қарасақ, көтерген мәселесі бала жанына, зердесіне ізгілік, инабаттылық дәмін себу, бала біздің болашағымыз.

І жүргізуші: Ұлтымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»  деген дана мәтелі бар.

ІІ жүргізуші: Олай болса, балапан қыран болуы үшін оны самғатып ұшыратын ата да қыран болуы керек»  деп отбасы тәрбиесіне ерекше тоқталған.

ІV кезең: «Қол өнері  кілемде,

Сөз өнері өлеңді.» атты кезеңде әр отбасы өз өнерлерін ортаға салады,ән айту,би билеу,домбыра тарту өнерлерін көрсетеді.

V кезең: «Ас адамның арқауы» атты кезең

«Менің жанұямның сүйікті тағамы» тақырыбына берілген үй тапсырмасы бойынша жүргізіледі.

І жүргізуші: «Ас адамның арқауы» атты бесінші кезеңді бастаймыз.

ІІ жүргізуші: Әр отбасы өздерінің сүйікті тағамын үйден пісіріп алып келген.Сүйікті тағамын пісіру үшін жұмсалатын азық-түлік түрлерін атайды,дайындалу жолдарын айтады, сол отбасының сүйікті тағамының денсаулыққа қандай пайдасы бар екені туралы мәлімет береді.

Қазылар алқасы әр отбасының барлық ұпай сандарын есептеп сайыстың жеңімпазын анықтайды.Әр отбасының ұпай сандарын жария етіліп, сый- сияпаттармен марапаттайды.

І жүргізуші: «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деген халқымызды дана сөзінде айтқандай

ІІ жүргізуші: Ата салтымызды ұмытпай,жалғастырайық халайық.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет