Астана ақшамы. – 2012. - №116. – 13 қазан
Алмағанбетов Ә.
Нәтижесі нақты бірегей жоба
Кешегіні бүгінгімен салыстыруға келмейді. Соңғы бес жыл бедеріне зер салсақ, ғылымда іргелі жетістіктер болған екен. Айтидің құрылымын, нано технологияны меңгеріп, өндірісті кезең-кезеңімен модернизациялауға бет бұрдық. Ал осылар жүйелі ұйымдастырылуы үшін барлық оқу орындары білімді тәжірибе жүзінде ұштастыруы қажет.
Қайсыбір ел болмасын оның экономикасына ерекше серпін беретін саланың бір тармағы – ауыл шаруашылығы. Бұл құрылымдағы техникаларды меңгеру ісі өнімді еселеуге мүмкіндік беруде. Осы заманауи көліктердің жалпы сипатын егжей – тегжей түсіндіретін жоғары оқу орындарының бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті.
Елу бес жылдық тарихы бар бұл оқу орны 2005 жылдан бастап қашықтықтан оқыту ісін қолға алды. Алдымен электронды оқулықты әзірлеп шығарды.Келесі жылы жүйелік интернет технологиясын іске қосты. Мұғалім мен студент электрондық пошта арқылы байланысқа шығып тапсырма алады және білім порталында орналасқан оқулықтарды пайдаланады. – Германияда қашықтықтан оқыту жақсы жолға қойылған. Біз алғаш рет мұны іске асырар алдында жекелеген қиындықтарға тап болдық. Бірі кітап ішіндегі негізгі тақырыпты қамтиық десе, екіншісі мектеп бітірушілер де осы бағдарламаны оқуы тиіс деген уәж айтты. Өйткені, бұл екінші мамандық алуға ниет білдіргендерге арналған кешенді жоба, – дейді аталмыш оқу орнындағы қашықтықтан оқыту технологиясы орталығының директоры Жұмаш Тәуірбаев.
Ақыры оқу бағдарламасына енгізілген оқулықтардың барлығы білім порталынан орын алған. Студентке тапсырма электронды почта арқылы беріледі. Бірақ, оқу орнына келіп, бір жарым айлық сессияда негізгі пәндерден дәріс алып, сынақ, емтихан тапсырады. Осы мерзімде университет аумағындағы техникалық парктен тәжірибеден өтеді.
… Осы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқып жүрген бір студент кездейсоқ көлік апатына душар болады. Соның салдарынан аяғын басып жүре алмаған. Оқуы орта жолдан үзіліп қалмас үшін университет басшылығы жоғарыдағы аталған жүйе (қашықтықтан оқу) бойынша білім алуына келісімін береді.
Университеттегі сәулет өнері факультетінің де алар орны ерекше. Осындағы ұстаздар қаламыздағы бірқатар нысандардың эскиздік жобасын әзірлеуге атсалысқан. Біреу білер, біреу білмес алдағы уақытта елордамызда бой көтеретін «Шатыр астындағы қала» атты бірегей жобаның идеясын ойлап тапқан да осы факультет екен. Ол бойынша ғылыми зертханалар мен емдеу – сауықтыру орындары бой көтермек.
Оқу орнындағы Ғылым кеңесі құрамының он екі пайызын студенттер құрайды екен. Қазір мұнда 9693 шәкірт білім алуда. Олардың арасында Армения, Ауғанстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген жастар бар. Түрлі ұлттың басын қосқан білім шаңырағы болашақта студенттерге арналған жаңа жатақхананы іске қосуды межелеп отыр. Маңызды шараларда топ жарып жүрген жастарына мұндай қамқорлық еш артықтық етпейді. Бастысы, әлеуметтің қолжетімділігін қамтамасыз еткен қашықтықтан оқыту ісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңтайлы болып тұр. Жаһандану кезеңінде технологияның озығын алақанға салған жаңа бағдарламалардың келешегі әманда кемел.
Достарыңызбен бөлісу: |