Аудан әкімі Руслан Рүстемұлының жаңадан пайдалануға берілетін денешынықтыру- сауықтыру кешенінің ашылу салтанатында сөйлейтін сөзінің жобасы



Дата30.06.2016
өлшемі31.5 Kb.
#168188
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлының жаңадан пайдалануға берілетін денешынықтыру- сауықтыру кешенінің ашылу салтанатында сөйлейтін сөзінің жобасы
Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірлі  спортсүйер көпшілік!
Сіздерді жаңа спорт сарайының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! 

Ата-бабаларымыз «шынықсаң – шымыр боларсың» деп тегін айтпағаны белгілі. Денешынықтыруымен тұрақты айналысу денсаулықты нығайтудың бірден-бір кепілі, сондай-ақ салауатты өмір салтын орнықтырудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Ол денеңді де, санаңды да сергітеді, жақсылықтарға құлшындырады.

Сонымен қатар спорт халықтар достығы мен ынтымағын нығайтуда да орасан зор роль атқарады. Адамдарды ерлікке, жігерлілікке, намыс туын жоғары ұстауға баулиды.

Өздеріңізге белгілі Республикамызда спортты дамытуға егемендік алған алғашқы күндерден бастап-ақ айрықша назар аударылуда. Соның нәтижесінде бұл сала біздің ауданымызда да кең көлемде өркен жайып келеді. Мәселен, қазір аудан бойынша 64 денешынықтыру-сауықтыру, спорттық қызмет көрсететін ұйымдар жұмыс істейді. Бұл ұжымдарда спортпен жүйелі түрде 19835 адам шұғылданады. Тұрғындарға қызмет көрсететін спорт ғимараттар саны 296 бірлікті құрап отыр. Оның ішінде: 1 стадион, 48 спорт зал, 17 тир ату бөлмесі, 20 ыңғайластырылған спортпен шұғылданатын қосымша бөлмелер, жазықтықтағы спорт құрылғылары саны 210 (143 баскетбол, волейбол, шағын футбол спорт алаңдары, 43 жасанды жамылғымен көмкерілген спорт алаңдары, 3 спорттық ядро, 21 үлкен футбол алаңдары).

Бүгінгі таңда ауданымызда 19835 адам спорттың 25 түрімен тұрақты айналысуда. Оған қоса бізде ұлттық ат спорты өте жақсы жолға қойылғанын атап өткеніміз жөн. Үстіміздегі жылы ауданның 40 спортшысы түрлі спорт түрлері бойынша облыстық құрама команда сапында өнер көрсетсе, 9 спортшы ҚР-сы ұлттық құрама командасының қатарына кірді.

Ауданішілік спорттық шаралар әрбір мерекелер мен даталы күндерде тұрақты өткізіліп келеді. Түрлі дәрежедегі қоғам және мемлекет қайраткерлерін, еңбек майталмандарын, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қаһармандарымызды еске алу, құрмет көрсету бағытында да сан алуан жарыстар ұйымдастыру, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау күн тәртібінен түскен емес. Ал Президенттік сынама жыл сайын өткізіліп, оған барлық мекеме, ұжымдар, мектептер, мемлекеттік қызметкерлер қатысып келеді.



Жетістіктерімізге тоқталар болсақ, ауданымыздың спортшылары үстіміздегі жылдың 7 айында ҚР-ның чемпионаттарында ұлттық спорт түрлерінен (көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу, тоғызқұмалақ, қазақ күресі) және еркін күрес, дзюдо, самбо күресі, бокстан, волейболдан 9 алтын, 20 күміс, 13 қола медаль иеленсе, халықаралық жарыстарда Азия чемпионатында еркін күрестен Дәулет Ниязбеков пен Белоруссияның Минск қаласында өткен спорт ардагерлері арасындағы кір тасын көтеруден Азия және әлем чемпионатында жерлесіміз Серік Ибрагимов алтын медальді қанжығасына байлады. Жоғарғы спорт шеберлігі бойынша 5 спортшы халықаралық дәрежедегі спортшы атанса, 22 спортшы ҚР-ның спорт шебері, 48 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағын алды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы спорттың бұқаралығын арттыру мен жан-жақты өрістетуге қолдау көрсетіле беретіндігін атап өткенін білесіздер. Демек, ауданымыздағы спорт саласын жандандыру мақсатындағы игі істерде өз жалғасын таппақ. Соның айқын көрінісі- бүгін міне, ауданымыздағы тұңғыш рет пайдалануға берілгелі отырған замануаи үлгідегі 160 орындық спорт кешені. Мұнда ауыр атлетика, баскетбол, волейбол, қол добы, бокс үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Алдағы уақытта осы   кешенде  жаттыққан  жасөспірімдер арасынан да болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін. Оған қоса, жаңа спорт кешені ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарына үлкен тарту болып отыр. Сондықтан, барлықтарыңызды  спорт сарайының ашылуымен тағы да құттықтаймын!  Барша спортшыларымызға зор алғысымды білдіремін. Жеңіс жолындағы жалынды жігерлеріңізге жарқын жетістік тілей отырып, барлық жарыстар мен сайыстарда абырой биігінен көріне берейік дегім келеді!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет