Аудандық, қалалық білім бөлімдерінде, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының білім басқармаларында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мамандары қызметін ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар



Дата05.07.2016
өлшемі131.12 Kb.
#179272
Аудандық, қалалық білім бөлімдерінде, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының білім басқармаларында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мамандары қызметін ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар
1. Жалпы ережелер
Осы нұсқаулықтар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1245 қаулысымен бекітілген 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 ақпандағы № 103 қаулысына сәйкес балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі мамандардың қызмет тәртібін белгілейді.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Балалардың құқықтары туралы Конвенция, «Азаматтық кодекс», «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Неке және отбасы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және т.б. құрайды.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі уақытта аудандық, қалалық білім бөлімдерінде, облыстардың, Алматы, Астана қалалары білім басқармаларының жұмысын сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік беретін тікелей балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстармен айналысатын (балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар) мемлекеттік қызметшілер санының тиімді мөлшері 5 мың балаға 1 штаттық маман болып табылады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандардың қызметі балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы практикалық іс-шаралардың елеулі санын іске асыруды, кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына (өзге заңды өкілдерге) және балалармен жұмыс істейтін басқа да тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетуді белгілейді.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандардың жұмысын ұйымдастырудың негізгі нысаны ведомстволық нысанына қарамастан заңнамаға сәйкес отбасылар мен балаларға нақты психологиялық, педагогикалық, медициналық, әлеуметтік, құқықтық және басқа да кәсіби көмек көрсететін қызмет етіп тұрған мекемелермен (ұйымдармен) аталған мамандардың өзара іс-қимылы болып табылады.

Осыған байланысты балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар тиісті мекемелермен бірлесе өзара іс-қимыл бойынша жеке қызметтерді атқарады.

Мұндай мекемелерге, бірінші кезекте, білім беру жүйесі (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары), денсаулық сақтау жүйесі мекемелері (сәби үйлері), әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері (әлеуметтік қайта оңалтуды қажет ететін кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік мекемелер), ішкі істер мекемелері (КТБРУОО) және тағы басқалары жатады.

Көрсетілген мекемелер әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу үшін отбасына орналастыруға ықпал етуге (оның ішінде, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, мемлекеттік көмекті қажет ететін балаларды, әлеуметтік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау жұмыстарын, баланың, оның ата-аналары мен болашақ алмастырушы отбасылардың қажеттіліктеріне кәсіби сараптама жүргізу және осы сұрақтар бойынша қорытындылар дайындау, асырап алушы, қорғаншы (қамқоршы), асырап алушы ата-ана бойынша үміткерлерді даярлау, балаларды отбасылық тәрбиелеудің түрлі нысандарына беруде кәсіптік сүйемелдеу бойынша нақты жұмыстарды жүргізе алады.


2. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінде, облыстардың,

Алматы, Астана қалаларының білім басқармаларында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мамандары қызметін ұйымдастыру
Балалардың отбасында өмір сүру мен тәрбиелену құқығын қорғау жөніндегі мамандардың қызметі төмендегі негізгі бағыттарды іске асыруды анықтайды.

- әлеуметтік жетімдіктің алдын алу;



- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың түрлі нысандарын дамыту;

- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмысқа орналастыру мен тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру.

Мемлекеттік статистиканың деректері бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ға жуығын “әлеуметтік жетімдер” құрайды.

Оларға бақылаусыз және қараусыз жағдайдағы балалар жатады. Бұл балалардың ата-анасының қамқорлығынсыз қалу себептерінің ішінде ата-ана құқықтарынан айыру немесе ата-аналық құқығын шектеу, ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерінен бас тартуы басым болып келеді.

Қазіргі уақытта бұл санаттағы балаларға қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыдан, оның ішінде психологиялық климаты теріс және сырт жағынан сәтті болып көрінетін, бірақ нашар эмоционалдық атмосферасы бар отбасыдан шыққан балалар жатады.

Осыған байланысты баланың отбасында болу құқығын қорғауда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар қызметінің басым бағыты отбасы мен балалармен жұмыста отбасылық сәтсіздіктің бастапқы кезеңінде дер кезінде анықтау мен түзетуге жағдайлар жасауды көздейтін профилактикалық жұмысты ұйымдастыру (бірінші кезекте әлеуметтік қиын жағдайға тап болған отбасылармен), балаға барлық мүмкін болатын жағдайларда өзінің туған отбасын сақтау болып табылады.

Кәсіби және қайта оңалту жұмыстарының объектісі ретінде тек ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ғана емеc, сондай-ақ әлі ата-анасының қамқорлығынсыз қалмаған, денсаулығына, тәрбиеленуіне бөгет болатын, өміріне қауіп төнетін жағдайда тұрған, ең алдымен, ата-аналары (өзге заңды өкілдері) оқыту мен күтіп-бағуға, олардың тәртібіне теріс әсер ететін немесе қатаң қарайтын ата-аналары бар балалар қарастырылуы қажет.

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алуда балалардың құқықтарын қорғау мамандарының қызметі төмендегі міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс:

- отбасында тұрып жатқан және оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайға тап болған баланы дер кезінде анықтау;

- отбасылық проблемалар пайда болуының бастапқы кезеңінде баламен және оның отбасымен алдын алу және қайта оңалту жұмыстарын ұйымдастыру;

- девиантты тәртібі бар балаларды, сәтсіз отбасыларды анықтау, оларды ішкі істер органдарына тіркеуге қою;

- ата-аналардың баладан, оның ішінде перзентханада (босану бөлімшесінде) немесе басқа балалар мекемесінде, сондай-ақ баланы асырап алуға келісім беруден бас тарту профилактикасы жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

- оқу орындарына дәлелді себептерсіз бармайтын кәмелетке толмағандарды тіркеу қызметін үйлестіру;

- интернаттық мекемелер қызметін бақылау мен үйлестіру;

- балалар ата-аналарымен (өзге заңды өкілдерімен) олардың естілік пен біліктілігін арттыруға, тиісті психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсетуге бағытталған ақпараттық-ағартушылық және түзету жұмыстарын ұйымдастыру;

- отбасына баланы тәрбиелеуде көмек көрсету мен оның өмірі мен тәрбиелену жағдайларына тиімді бақылау жасау мақсатында отбасы мен балаға кешенді әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастыру.



Көрсетілген жұмыстар облыстар, аудандар, қалалардың білім басқармаларымен (бөлімдерімен) әзірленетін және бекітілетін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының шеңберінде атқарылуы тиіс.

Мамандардың қызметі отбасын сақтауға, баланы туған отбасында тәрбиелеуге жағдай жасауға бағытталуы қажет.



Әр түрлі себептерге байланысты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру саласында кезек күттірмейтін міндеттер аталған санаттағы балаларды жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелерде тәрбиелеудің балама түрлері ретінде отбасылық орналастырудың түрлі нысандарын дамыту, балаларды Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар отбасыларына орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ алмастырушы отбасында балалардың құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Баланың отбасында өмір сүру мен тәрбиелену құқығының басымдығын («Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы) ескере отырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы интернаттық мекемеге орналастыруды отбасылық орналастыру мүмкіндіктерін іздеуді жалғастыруды ескеретін уақытша шара ретінде қарастырылуы қажет.

Мамандар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру қызметі шеңберінде асырап алушы, қорғаншылар (қамқоршылар), патронаттық тәрбиелеушілер (асыранды ата-аналар) болғысы келетін үміткерлерді іздестіру мен таңдауды қамтамасыз етуге міндетті.

Осы бағыттағы тиісті іс-шаралар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың деректер банкісін жүргізетін аудандық білім бөлімдерімен қатар, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының білім басқармалары мамандарымен атқарылуы қажет.

Аталған бағытты іске асыру ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық орналастырудың мүмкіндіктері туралы халықты (ең алдымен, Қазақстан Республикасының тиісті өңірінің халқын) ақпараттандыру жөніндегі тұрақты жұмыстың негізінде жоспарлау мен ұйымдастыруды талап етеді.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар туралы ақпаратты дайындау мен таратуда Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары басшылыққа алынуға тиіс.

Баланы отбасында тәрбиелеуге дер кезінде орналастыру мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалары бар мекемелер (бұл мекмелердің ведомстволық бағыныстылығына қарамастан), мамандар азаматтар отбасыларына тәрбиелеуге беруге болатын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметті заңнамада белгіленген тәртіп пен мерзімдерде ұсыну қажет.

Бұл ретте бала туралы ақпаратты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өңірлік және орталықтандырылған деректер банкісіне беру тиісінше мамандарды баланы отбасына орналасыру жауапкершілігінен босатпайды.

Балаларды отбасына орналастырудың баламалы түрлеріне қорғаншылық пен қамқоршылық жатады. Қорғаншылық пен қамқоршылықтың мақсаты ата-анасыз қалған балаларды отбасы жағдайында тәрбиелеу болып табылады.

Осыған байланысты осы бағыттағы мамандардың негізгі міндеттеріне:

- осы санаттағы балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық бекітуді қажет ететін балаларды анықтау;

- қорғаншылық немесе қамқоршылықты бекіту;

- қорғаншылар мен қамқоршылар, сондай-ақ әрекет ету қабілетінсіз немесе әрекет ету қабілеті шектеулі азаматтар орналасқан ұйымдар қызметіне бақылау жасау;

- қорғаншылық немесе қамқоршылықтағы немесе білім беру, медициналық, әлеуметтік қызметтер көрсететін немесе жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған басқа ұйымдарға берілген азаматтардың мүліктерін сақтау мен басқаруға бақылау жасау жатады.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың келесі нысанына патронат жатады. Патронат пайда болуға негіз баланы тәрбиелеп алуға тілек білдірген (патронаттық тәрбиеші) мен өңірдің білім басқармасы арасында жасалатын сәбиді (баланы) отбасына беру туралы шарт болып табылады.

Патронаттық тәрбиешілер тәрбиеленушілердің заңды өкілдері болып табылады, баланы тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі шартпен жүктелген міндеттерді атқарады.

Тәрбиелеу нысандары патронаттық тәрбиешілермен дербес анықталады, ал мамандар сәбиді (баланы) асырап-бағу үшін ақша қаражатын тағайындау туралы шешім шығарады, патронаттық тәрбиешіге жүктелген міндеттердің атқарылуына бақылау жасайды.

Осы орайда мамандар патронаттық тәрбиешілердің балалар өмірі мен тәрбиеленуіне жағымды жағдай жасауға себепші болатын көмек көрсетуге міндетті.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды азаматтардың отбасыларына тәрбиелеуге орналастырудың маңызды аспектісі өздерінің отбасыларына баланы қабылдауға тілек білдірген тұлғаларды психологиялық-педагогикалық жағынан дайындау болып табылады.

Мұндай дайындық болашақта баланың жаңа отбасында тәрбиеленуіне байланысты туындайтын проблемалардың пайда болу, оның ішінде балаларға қатаң қарау, олардың өмірі мен денсаулығына зардап келтіру, сондай-ақ балаға зақым келтіретін фактор болатын отбасыдан қайтып келу (алу) қаупін төмендету үшін қажет.

Осыған байланысты:

- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың түрлі нысандарының ерекшелектерін ескере отырып, баланы отбасына тәрбиелеуге алуға тілек білдірген азаматтарды дайындаудың психологиялық-педагогикалық және құқықтық бағдарламаларын әзірлеуді қамтамасыз ету;

- баланы отбасында тәрбиелеуге тілек білдірген азаматтарды баланы отбасына қабылдау үшін дайындық бағдарламасынан өту мүмкіндігі мен орындылығы және олардың осындай бағдарламаны ерікті түрде өте алатындығы туралы ақпараттандыру қажет.

Азаматтардың отбасыларына тәрбиелеуге берілген балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында олардың алмастырушы отбасында бейімделуден өтуге, сондай-ақ алмастырушы отбасыны психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік сүйемелдеуге тиімді бақылау жасау қажет.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары бітірушілерін әлеуметтік бейімдеудің күрделі проблемаларының бірі еңбекке орналастыру мен тұрғын үй мәселесі болып табылады.

Балалардың балалар үйлері немесе мектеп-интернатта болуды тәмамдағаннан кейін бұрынғы тұрғылықты жеріне, бір уақытта ата-аналық құқығынан айырылған ата-аналарына қайтып баруға мәжбүр болуы тұрғын үй мәселесін шешудің күрделілігін тудырады. Көп жағдайда мемлекет қамқорлығында болған балалар үйлерінің бітірушілері тұрғын жайлары сақталған бейәлеуметтік ата-аналарға қайтып барғысы келмейді.

Ата-аналық құқықтары мен міндеттерінен айырылған көптеген ата-аналардың коммуналдық қызмет төлемдерін өтемеу салдарынан одан айырылу жағдайларының орын алуы кездесіп жатады.

Тұрғын үйге меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын сақтау мақсатында жергілікті жерлердегі мамандар кәмелетке толмағандарға тиесілі пәтерлерді тіркеу үшін деректер банкісін құруға міндетті.

Мамандар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқығын қалпына келтіру бойынша жұмысты (тұрғын үйді қайтару туралы шағымдарға бастамашылдық ету) жүргізулері қажет.

Бұдан басқа, мамандар интернаттық мекемелері басшыларымен бірлесе отырып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғын үй алу үшін кезекке қою, бар тұрғын үйді бекіту мен сақтау бойынша жұмыстарды жүргізулері қажет.

Ата-анасының қайтыс болуы, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың басқа да жағдайларында:

- жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен баланың тұрғын үйге құқығын бекітеді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандар құзыретіне қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кіреді.

Осы орайда:

- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша мониторинг жүргізуді;

- халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді;

- Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының сақталуын бақылауды;

- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіруді;

- жеке және заңды тұлғалармен, халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мемлекеттік органдармен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар

жұмысының тиімділік көрсеткіштері
Балалардың құықтарын қорғау мамандарының әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, азаматтар отбасыларына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге беру, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстарын ұйымдастырудың маңызды аспектісі көрсетілген қызметтердің нәтижелілік және тиімділік көрсеткіштерін белгілеу болып табылады. Атап айтқанда, мұндай көрсеткіштер ретінде төмендегілер қарастырылуы мүмкін:

- балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе олардың тәрбиеленуіне бөгет болатын жағдайдағы анықталған балалар мен әлеуметтік қауіпті жағдайдағы балалар мен отбасылар санының азаюы;

- балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төну себебінен ата-аналарынан алынған балалар санының азаюы;

- ата-аналық құқығынан айырылған, ата-аналық құқығы шектелген ата-аналары бар балалар саны мен ата-аналық құқығынан айырылған, ата-аналық құқығы шектелген ата-аналар санының азаюы;

- ата-аналарының ата-аналық құқықтары қалпына келтірілген немесе ата-аналық құқықтарын шектеу алып тасталған ата-аналары бар балалар саны мен ата-аналық құқықтары қалпына келтірілген, ата-аналық құқықтарын шектеу алып тасталған ата-аналар санының артуы;

- туған отбасына қайтып келген балалар санының артуы;

- өздерінің балаларын тәрбиелеу, оқыту мен күтіп-бағу бойынша міндеттерді атқармайтын ата-аналар (өзге заңды өкілдер) санының азаюы;

- балаларға қатаң қарау жағдайлар санының азаюы;

- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының және оның өңірде тұрып жатқан барлық балалар санының үлесіне шаққанда кемуі;

- алғаш рет ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар ретінде танылған балалар санының кемуі;

- интернаттық мекемелерде тәрбиеленіп отырған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының және оның өңірде тұрып жатқан барлық балалар санының үлесіне шаққанда кемуі;

- Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар отбасыларына орналастырылған балалар санының және оның ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының үлесіне шаққанда артуы;

- баланы отбасына орналастыру туралы шешімдерді болдырмау санының кемуі;

- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы отбасына орналастырғанға дейін оның интернаттық мекемеде болу мерзімінің кемуі;

- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелер санының азаюы;

- баланы өздерінің отбасыларына тәрбиелеуге тілек білдірген Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар санының артуы;

- отбасына қабылдау үшін дайындықтан өткен және баланы өздерінің отбасыларына тәрбиелеуге мүмкіндік беретін қорытындыны алған Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар санының артуы;

- балаларды асырап алуға келіскен, бірақ перзентханадан (босану үйінен) немесе денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінен немесе басқа да ұқсас мекемелерден алуға бас тартқан ата-аналар мен тастанды балалар санының кемуі;

- Қазақстан Республикасында тұрғын үймен қамтамасыз етілген жетім балалар мен ата-анасының қамқорығынсыз қалған балалар санының, сондай-ақ оның барлық жетім балалар мен ата-анасының қамқорығынсыз қалған балалар санының үлесіне шаққанда артуы;

- кәмелетке толмағандардың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары бұзылу жағдайларының азаюы;

- басқа да тиісті көрсеткіштер.

Көрсетілген көрсеткіштер жүйесі, қажет болған жағдайда, қорғаншылық және қамқоршылық органдары жоспарлайтын және қабылдайтын шараларды дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша іске асырылатын іс-шаралар тиімділігіне үнемі бақылау жүргізуде қолданылуы тиіс.



Сонымен бірге, тиісті шараны жоспарлауда аталған бағыттағы жұмыс ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды азаматтар отбасыларына орналастыруға қажетті жағдайлардың жасалу шамасына қарай кезең-кезеңімен жүргізілуі міндетті екенін ескеру қажет.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерді қайта құру (реформалау) бағдарламалары шеңберінде қысқа мерзімде отбасында орналастыруға мүмкін болмай отырған балалар үшін өмір сүру әрекеті отбасылық ұстаным бойынша ұйымдастырылған аз толтырылатын мекемелерді құруды қамтамасыз ету қажет.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет