Аударма – өркениет феномені Аширбаева Нұргүл Бахтиярқызы – 119-14 тобының студенті Ғылыми жетекші: Арынғазиева Б. Б



Дата11.06.2016
өлшемі56.54 Kb.
#128506


ӘӨЖ 130.2 (574)

Аударма – өркениет феномені

Аширбаева Нұргүл Бахтиярқызы – 119-14 тобының студенті

Ғылыми жетекші: Арынғазиева Б.Б. – филос.ғ.к., доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент


Тәуелсіз дамуымыздың жиырма бесінші жылын басымыздан өткеріп отырған шақта саяси-экономикалық дербестікке, халқымыздың жіксіз тұтастығына жағдай жасап алып, бұдан әрі ұлтымыздың тілі мен мәдени-рухани жаңғыруына аудармашы ретінде бір кісідей ат салысуымның керектігін білемін (ағылшын тілі мамандығында оқимын). Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі өзіндік бірегей орнының нығаюы мәдени-тілдік алыс-берісті арттыру ісіне, яғни, аударма ісіне де тәуелді. Елдер мен халықтар арасындағы саяси-экономикалық, рухани, мәдени байланыстар ауқымының ұлғаюы аударма ісінің білікті мамандарын ғана даярлауды қажет етіп қоймай, сонымен қатар, тәржіма туралы теориялық зәру мәселелерді күн тәртібіне ұсынуда. Жер шарын мекендеген мыңдаған халықтардың түрлі тілде сөйлеу фактісі, сонымен қатар, күн өткен сайын өсіп келе жатқан мәдениетаралық коммуникация аударма ісін күнделікті қажеттілікке айналдырып отыр. Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуетінен хабардар еткендей. Ал, сол аударма барысында орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерекшелігін сомдайды. Ендеше, аударманы зерделеу – оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың ғана жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ісі бола алмақ. Аударма бір тілдің өз ішіндегі коммуникацияны да (тілішілік аударма – бір тілдің көне архаикалы формаларынан бүгінгі тілдік сұлбасына салу), тіларалық коммуникацияны да, түрлі семиотикалық жүйелерді пайдалану барысындағы коммуникацияны (кітап бетінде жазылғанды сахна үстіне шығару) да білдіреді. Демек, аударма ұғымының көлемі екі тілді пайдалану барысындағы коммуникация ұғымынан әлдеқайда кең көрінеді. Жалпы, аударма әрдайым нақтылы бір белгілер жүйелерімен жұмыс істеу дегенді білдіреді, яғни, ол – белгілік, семиотикалық мәнге ие құбылыс. Ол түрліше семиотикалық жүйелер арасында да, бір семиотикалық жүйенің өз ішінде де жүзеге асып отырады. Абстрактілі ортақ семиотикалық жүйе – адамзат тілі аясында түрлі табиғи тілдерден (ағылшын, араб, қазақ…) аудармалар жасалады.

Қазіргі уақытта аударманың алуан түрлі анықтамалары бар. Мысалы, Француз аудармашысы және аударма теоретигі Э.Кари аудармаға берілген анықтамалардағы алуантүрлілікті келесідей деп түсіндіреді: “Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл аударманың біздің заманымызда кездесетін түрлерінің көптігінен ғана туындап отырған жоқ. Ол аударманың ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да байланысты құбылыс. Мүмкін, осы жағдай өзінікінен бұрын берілген анықтамалармен не келісіп, не оны жоққа шығарып отырған ғалымдардың өз ойларын тұжырымдауын қиындататын да болар” [1, 5 б.]. Ғылыми терминнің ұтымдылығы оның бірмағыналығы, бірізділігінде болса, онда, ең алдымен, аударма сөзінің ондай талапқа сай еместігін, яғни, көпмағыналы екендігін айта кеткен жөн. Ол, ең аз дегенде, екі ұғымға қатысты: аударма – мәдени-интеллектуалды әрекет, яғни, процесс ретінде алынған аударма және аударма – сол әрекеттің нәтижесі, әрекет өнімі ретінде алынған аударма – аудармашы жасаған сөз туындысы ретінде алынған аударма. Аударма жасау нәтижесінде пайда болған жаңа туындыны ғалымдар өзара “транслат” деп те атайды. Ал, Ф.В.Федоров: "Аудару дегеніміз бір тілдің көмегімен осыдан бұрын басқа тіл арқылы көрсетілген шығарманы анық және толық жеткізу" [2, 10 б.] деп анықтаса, Я.И.Рецкер: "Аудармашының мақсаты – түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу" [3, 7 б.] деп біледі; Ж.Мунен: "Аударма – тілдер байланысы, билингвизм құбылысы. Бұл – билингвтің кез келген нормадан ауытқуға, интерференцияға саналы түрде қарсы күресетін жағдайы" [1, 7 б.] деп анықтайды. Осы келтірілген анықтамаларды қорытындылай келе айтатынымыз: аударма – белгілі бір о бастағы мәтіннің барлығын басқа тілге түсінікті етіп жеткізу процесінің жүргізілуін алғышарт етіп қоятын әрекет түрі. Ендеше, аударма құбылысын қарастыру барысында түпнұсқа мен көшірме, бастапқы негіз бен кейінгі туынды арақатынасы, олардың эквиваленттілігі туралы мәселелер бой көтереді. Аударма – қоғамдық-мәдени құбылыс. Яғни, аударма тек қана абстрактілі ойлау қабілеті бар, өзін қоршаған орта туралы көзқарастарын шартты белгілерге айналдыра алатын, сөйтіп, сол белгілердің мән-мағынасы туралы келісімге келе алатын жеке адамдар өмір сүретін қоғамда, сол қоғам туындататын мәдениетте орын алады. Сонымен, бастапқы сөз туындысының мазмұнын кез келген басқа тіл арқылы қайта жеткізуді аударма деуге болады.

Аударма сөзінің келесі бір мағынасы оның театр, кино, өнер саласында бейлингвистикалық түрде немесе экстралингвистикалық түрде көрініс табатындығын білдіреді. Мысалы, кескіндеу, мүсіндеу өнері әлдебір мағынаның суретке, мүсінге аударылған түрі ретінде қарастырыла алады. Аударманы басқа да өнер түрлерімен салыстыра қарастыру оны өнер деуге де толық мүмкіндік береді. Осы жайында В.С.Виноградов: "Аударманың сөз өнерінің ерекше әрі жеке-дара жатқан бір түрі екендігімен келіскен жөн. Бұл – "екінші реттегі" өнер, түпнұсқаны басқа тілде "қайта сөйлету" өнері. Аудармашылық өнер алғашында музыкант, актер, әншінің орындаушылық өнеріне ұқсайды, өйткені, ол көркем туындыны өзі шығармай, барды аударумен айналысады. Алайда, ұқсастық осымен шектеледі" [4, 8 б.]. Аудармаға коммуникациялық теория тұрғысынан анықтама берген Р.К.Миньяр-Белоручев: "Аударма туралы ғылымның нысанасы – екі тілді қолдану арқылы жүзеге асатын жай ғана коммуникация емес, түпнұсқаның аудармашы мен қабылдаушының өзара әрекеттесуін корреляциялайтын қызметтен құралатын коммуникация. Бұл коммуникацияның орталық буыны аудармашының қызметіне барып тіреледі, яки, сөздік әрекеттің ең күрделі түрлерінің бірі болып табылатын аударма осы сөздің толық мағынасындағы аударма болып есептеледі" [5, 25 б.]. Демек, аударма нәтижесінде екі сөз туындысы мен екі қабылдаушы қалыптасады. Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Олардың ішіндегі ең маңыздысы болып аударылу проблемасы және аударма эквиваленттілігі проблемасы есептеледі. Аударма – құндылықты қайта таныту. Егер, кез келген сөз туындысы шындықтың фрагментінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, оның Басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады, өйткені, біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз. Аударма Басқаның ойын қаншалықты анық жеткізе алады, ол қаншалықты қажет, аудармашылық адалдықтың шекарасы қайда? Осындай сұрақтар аудармамен айналысатын әрбір адам алдында толассыз туындап отырары сөзсіз.

"Мәдениет – ұлттық, ал, өркениет – халықаралық категория. Мәдениет бір ғана ұлттың дін, мораль, құқық, ақыл-ой, эстетика, тіл, экономика және тұрмыс-тіршілігінің үйлесімді жиынтығы. Өркениет болса, дамудың ортақ деңгейінде тұрған көптеген ұлттардың қоғамдық өмірінің жиынтығы" [6, 21 б.]. Демек, аударма ісін қажет ететін қоғамның даму сатысы да өркениет сатысына сәйкес болады. Өйткені, өзімен өзі тұйықталған, өз өзіне жеткілікті, өзіндегі барды қанағат тұтатын мәдени даму сатысында аударма оқтын-оқтын кездескенмен, жүйелі түрде жүргізіліп отыратын қажеттілік түріне айнала алмайды. Ал, мәдениеттер сұхбатынан сүрлеу салынатын өркениет жолы – тұрақты негіздегі қарым-қатынас жолы қашанда аудармаға зәру әрі сол үшін жағдай жасайтын болады. Аударма – өркениеттілік талабы әрі өркениеттілік жемісі. Өйткені, өркениет аймағында тілі, діні, ділі бір мәдениеттер ғана тоғыспайды, онда бір-бірінен мүлдем бөтен қоғамдар мен мәдениеттер кездесуі жүзеге асады. "Ұлттық мәдениет пен дін саласында бір-біріне жат қоғамдар өркениетте серіктес бола алады" [6, 36 б.]. Мысалы, жапондықтардың еуропалықтарға не тілі, не діні, не бет әлпеті, не нәсілі сәйкес келмейді, бірақ, соған қарамастан, ол өркениеттік өрісінде еуропалықтармен иық тірестіріп, серіктес болып тұр. Мүмкін сондықтан болар, жапондықтар аудармаға мемлекеттік дәрежеде қатты назар аударады. Қай елдің қай тілінде қандай да бір соны, ерен, тың идеялы дүние жазылса, сол шығарма бір жыл асыртпай жапондықтардың да игілігіне жарап жатады. Міне, шынайы өркениеттілік талабының биігінен көріне білген өр өркениет!


Әдебиеттер:

1. Гарбовский Н.К. Теория перевода. -М., изд. Московского университета, 2014. -544 с.

2. Федоров А.В. Основы общей теории перевода. -СПб.: Филологический факультет СПбГУ; М., "Издательский дом "Филология Три", 2012. -416 с.

3. Рецкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика. -М., 2008. -214 с.

4. Виноградов В.С. Перевод. Общие и лексические вопросы. -М., 2014. -240 с.

5. Миньяр-Белоручев Р.К. Теория и методы перевода. -М., 2006. -208 с.



6. Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. -Алматы: Мерей, 2015. -130 б.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет