Келмағанбетова Шолпан Қазақ Әдебиетіндегі мистикалық образдар және м. ЖҰмабаев шығармаларындағы кейбір ерекшеліктер



Дата16.06.2016
өлшемі118.03 Kb.
#139032
Келмағанбетова Шолпан

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ МИСТИКАЛЫҚ ОБРАЗДАР ЖӘНЕ М. ЖҰМАБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Мақалада М.Жұмабаев шығармасындағы символизмнің көрінісі, яғни мистикалық образдардың көрінісі туралы қарастырылған. Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі символизмнің ерекшеліктері анықталған.

Түйінді сөздер: Символ, символизм, мистикалық образдар, лирикалық кейіпкерлер

Әд.10.
Кельмаганбетова Шолпан

МИСТИЧЕСКИЕ ОБРАЗЫ В КАЗАХСКОЙ ЛИТЕРАТУРЕ И НЕКОТОРЫЕ ОСОБЕННОСТИ ТВОРЧЕСТВА М.ЖУМАБАЕВА

В статье раскрываются особенности творчества Магжана Жумабаева, т.е. проявления символизма и мистические образы в произведениях. Также рассматриваются особенности символизма в казахской литературе.

Ключевые слова:Символ,символизм,мистические образы, лирические образы

Лит.10.

Kelmaganbetova Sholpan

MYSTICAL IMAGES IN KAZAKH LITERATURE AND SOME PECULIARITIES OF M. ZHUMABAEV’S WORK

The peculiarities of M. Zhumabaev’s work i.e. the display of symbolism the peculiarities of symbolism in Kazakh language and mystical images in his works are given in this article.
Keywords:Symbol, symbolism, mystical images, lyrical images.

Lit.10.

________________

Philologi master, Work Karaganda Economic University of Kazpotrebsoyuz
Мәселенің қойылуы. Бүкіл қазақтың саяси-әлеуметтік, мәдени-ғылыми, тарихи-эстетикалық ой-пікіріне қозғау салып, серкелік жасайтын құдіретті күш қазақ халқының шығармашылық рухы, сөз өнері. Тым әріге бармай-ақ алты алашты ауызға қаратқан, қас-дұшпандарын алыстан-ақ қалтыратқан Абылай ханды оң жолға бастап, ақ батасын берген, терістігі болса, бетіне шыжғырып басқан, халық мүддесін жеке пиғылдан жоғары қойып, қазақтың дана да көркем сөзін мемлекеттік деңгейге шығарған Бұқар жырауды еске алайықшы. Бұл - қазақтың рухы басылмаған, өзінше ойлап пішуден қалмаған дәуірінің жемісі еді.

ХХ ғасыр қазақ даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне жаңғырып жетуі қоғамдық әлеуметтік ойдың өрісін кеңейтті. 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының әсерінен қазақ даласына келген ағартушы демократтар әсері болды. Жоғарыдағы ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны әрқайсысы өзінше тапты, өз пікірлестерін бір бағытқа түзеді.

ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында ұлы өзгерістермен үлкен асулар кезеңі, яғни, айбынды да айлалы саяси күрес, ащы ыза мен кекке толы көтерілістер дәуірі болды. Дәл осы тұста қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару жолға қойылды. Халықтың сана-сезімі оянып, руханияттың басты көзіне айналды.

Соңғы зерттеулер мен жарияланымдарда талдануы. Қазақ жазба әдебиетінің өткен ғасыр басындағы әдеби ағым-бағыттары турасындағы көзқарастарды қарастырғанда, бүгінгімен салыстырғанда олардың айтылған мерзімдеріне көңіл бөлу аса қажет. Өзімізге белгілі, «кемелденген социализм» дәуірінде жазылған әдеби зерттеулерде ғасыр басындағы шындықтар бұрмаланып келді.

Бірінші, қоғамдық күштерді белгілі символикада бейнелеп, сол арқылы оқушы көңілінде тиісті әсер қалдыру. Мәселен, алмас қанатты періште бейнесіндегі Бостандық, Азаткер Ғұн, керітартпа Түн баласы т.т.

Мағжанның негізгі тұлғасы, кейіпкерлер: от, күн, түн, шығыс пен батыс, жал- жал қара қан тобырлары т.б. Міне, мұның бәрі рәміздік белгілер. Рәміздік белгілер тікелей өмір суреті емес. Ақын жүрегіндегі лепті, күшті толқыныстар. Рәміздік (символ) нысандардың лексикасы, сөз қолданысы, өлең сазы, назы тіптен айрықша [2;174].

«Бостандық»- 1923 жылғы жинақта осы өлеңге автор «1918 жылы Сібірде революция дәуірінде жазылған» деген ескертпе жазады. Соған қарағанда бұл өлең Омбыны чехославактар мен Колчак үкіметін басып алған кезінде жазылса керек [3;433].

Мағжанның «Бостандық» өлеңінің ерекшелігі неде десек, бостандық символының «таң» емес, «періште» болуы ғана дей алмаймыз. Мәселе ишарат белгінің тосын, соны (бостандықты «періштеге» балау С.Мұқанов, С.Сейфуллинге тән болмауы өз алдына екендігіне ғана емес, сол белгілі қаншалықты ажарлап тұлғаланып көрсете білуінде. Алдымен ақын қиындықты тұспалдау арқылы берумен шектелмейді, сол ишараны кең дамытып, өзіндік биікке көтереді.

Жер жүзін қан басқанда,

Көбігі шығып аспаға.

Жын жолдас боп адамға,

Туралық, теңдік ұмытылып.

Інжіл, құран жыртылып,

Жатқанда жерде- табанда.

Мұндағы үлкейту, шарттылық (жер жүзін қан басу - әрине, әлсіреу) бір нақты суретпен (қанның көптігі, көлемділігі сондай, оның көбігі болуы, әрі сол көбіктің аспаға шығуы) ұласқан. Сондай- ақ адамға жын жолдас болуы да – шарттылық жемісі. Сөзбе – сөз ұғынып, адам жынмен жолдас болды деп түсінбейміз, жын тәрізді ерекше теріс сипатты дұшпандық иелері мен жолдас болуын қабылдаумен бірге «жын» сөзі туғызатын бір түрлі қорқыныш елегізуді де қоса қабылдаймыз. Інжіл, құранның жыртылып, табанда жатуы да сол кездегі басым көпшілігі дінге сенген халық ұғымына жақын түсінікті алумен бірге, сол оқиғаға белгілі бір кезеңдегі, белгілі бір елдегі дінге қарсы науқан биігімен емес, жалпы адамзаттық ортақ дәстүр мұнарасымен қарау нәтижесі деп түсіну керек. Өлеңде одан әрі бостандық белгісі – періште болып көрсетіледі:

... Көк есігі ашылды,

Жұмақ нұры шашылды.

Келді ұшып бостандық.

Ғарыш нұрлы жүзі бар

Кәусар жібек сөзі бар,

Әдемі, алмас ақ қанат.

Көк есігі болмайтыны, оның пайда болып, ашылуы да ерекше құбылыс екені белгілі. Демек, көк есігі ашылуы да бостандық символы – періште артықшылығын дәлелдеуді негіздеп тұр. Періштенің «нұрлы жүзі», «кәусар жібек сөзі», «әдемі алмас ақ» қанаты болуы – бәрі бостандық белгісін ақынның қаншалық қадірлейтін көрсетеді. Осы орайда Сәкеннің бостандық символы – тұлпарды қалай күтіп, баптағанын еске алайық:

Таңды қарсы алмаққа

Тұлпарларды таптық біз.

Айдарына қызыл шоқ

Үкілеп сүзіп таптық біз

Қызыл шашақ – оқа ұстап,

Жібек жабу жаптық біз

Күміс ермек ерлесіп.

Жаратып, байлап бақтық біз.

(... «Асығып тез аттандық» өлеңінен).

Мұнда нақты көрсету (тұлпар айдарына шоқ тағу) ажарлаумен (шоқтың қызыл болуы, оны үкілеп, сүзіп тағу, жабудың жібек болуы, ердің «күміс» екендігі т.б) астаса алынған. Әйтсе де бостандық белгісін әдемілеуге келгенде, екі ақынның да шарттылық пен ажарлауды пайдаланунан біршама ұқсастық байқалса да, өлеңді тұтас оқып шыққанда, әр ақында әдеміліктің түрлі бояуға малынғанын көреміз.

Мағжанның осы топқа жататын өлеңдерінің бірі – «Пайғамбар» өлеңі. Б.Қанарбаева Мағжанның бұл өлеңінің өмірге келуі жөнінде былай түсіндіреді: «ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғ.басында монополистікке дейінгі капитализмнен, империализмге өту дәуірі аяқталды. Халықаралық аренада соғыс күштері жаңадан жіктеледі. Дүние жүзінің барлық елдерінің экономикалық және саяси дамуының әркелкілігі оларды өзара шиеленістіре түсті. Ресейдің Жапониямен болмай қоймайтын соғыс қатері күшейді. Ресейдің өз ішінде тулаған толқындай буырқанып, революциялық дағдарыстың толғағы пісіп жетіле бастады.»

Күнбатыстан әлем халықтарына келе жатқан бұл апат, Ресейдің алдыңғы ойлы демократтарының наразылығын тудырды. Халық басына төніп келе жатқан бұл қауіпті орыс символистерінің бірі Мережковский өзінің 1894 жылғы «Дети почи» өлеңінде бейнелеп жазды. Еліне төніп келе жатқан апаттан сақтандыруға тырысты. өлеңде империалистерді құдайдың қарғысына ұшыраған түнектен туған, түн балалары деп атайды. Шіркін осы бір жемтікке таласқан құзғындардың ортасына жай түсітіп, жан-жаққа тарататын пайғамбар болса, мүмкін ол осы қырғыннан бойын сақтап отырған Шығыстан келер деп үміттенеді. Бұл – күнбатыстан келе жатқан апаттың алдын алып соғылған қоңырау еді. Мережковскийдің бұл болжамының дұрыс шыққанын уақыт дәлелдейді. Дүние жүзілік соғыс басталғанда, қазақ ақыны, оның данышпандық пікіріне тәнті болып, орыс ақынын «пайғамбар» деп атайды. Сөйтіп қазақ халқын оның пікірімн жақын таныстыру мақсатындағы әйгілі «Пайғамбар» өлеңі өмірге осылай келді.[4;46].

«Мережковскийдің «Түн балалары» (1894) Мағжан бір жасқа толғанда жазылған осы өлеңнің бір шумағын Мағжан кейін есейе келе «Пайғамбар» атты өлеңіне эпиграф етіп алады. Эпиграф етілген шумаққа қасіретті түн балалары бар үмітін Шығыстан ағарып атып келе жатқан таңмен байланыстырады. Таңмен бірге пайғамбар келе ме деп дәметеді. Бірақ бұлардың күтісі орыс суреткері Александр Ивановтың «Явление Христа народу» монументальдық полотносындағы пайғамбарды жарқын үмітпен күткен сорлыларға ұқсамайды. Мережковский өлеңіндегілер шетінен үміті кесілгендер ме, қалай?

Мы – над бездною ступени,

Дети мрака, солнца ждем:

Свет увидим – и, так тени

Мы в лучах его умрем,-

Деп күтпеген жерден қасіретті аяқталады Мережковский өлеңі.

Мережковскийден өзгеше, қазақ ақынының өлеңінде түн балалары емес, Шығыстан келеді деп дәмеленетін Пайғамбардың өзі сөйлейді. Ол түн балаларына арнайы сәлем жолдағандай. Символистік өлеңнің жұмбағы көп. «Дети мрака» - «Түн балалары» кім, олар не себепті қасіретті? Соншама жазығы неде? Жұмбақ шымылдықты қазақ ақыны жүргендей. Күнбатысты қараңғылық қаптауын, көр көзділердің»

Қалайша күнәға батқандықтарын ол былайша түсіндіреді: батыс иманынан айырылған, жанын емес қарнын ойлайды, кеңірдегі сасыған топса. Олар тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның қанын ішкендер, Інжілді өртеп, Құранды аяққа басқандар. Сол себепті шулайды, ұлиды, көр көзінен жас төгіп, Күншығыстан бір Пайғамбарды күтеді. Және ол Пайғамбар көктен, ғарыштан келетін мифологиялық тұлғаға ұқсамайды. Сірә де Мағжан біздің сонау көне тегіміз Аттилланың күллі Европа құлдарын құлдық бұғаудан құтқарған ерлігің еске ала ма, әйтеуір Батысты азат ететін Пайғамбардың Күннен, Гуннен туғанын паш етеді.

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзімде күн нүры бар.

Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған Пайғамбар.

Мұнымен тынбай, ақын ерте күнде атты Күннен туған Гунның кім екендігін нақтылап, өлеңінің соңынан «Гун - түріктің арғы атасы» деп сілтеме жасайды.

Күншығыстан таң келеді – мен келем,

Көк күңіренеді мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем! – дейді Мағжан жырындағы Пайғамбар. Демек, символистік стильде сарыуайым, дүниеден торығу, табыт мен көрден басқаны көрмеу, өлім күйін есту ғана кезікпейді екен. Ендеше ақынның кеудесінен қараңғылықты, өмірге қабілетсіздікті көрушілердің айтып жүргені бос сөз. Мағжан енді ояна бастаған Шығыстың алып халықтары рухынан нәр алды да, күй қанатты басым стилге көшті, атой салды, үлкен символдық бейнелер арқылы жахандық көлемдегі пафосқа көтерілді. Символистің де символисі бар. Бірі өлең жолына өрісті ой-пікірлерді сыйғыза алмаса, заманын нақтылы бейнелер арқылы суреттеуге мүмкіндік таппаса, Мағжан, керісінше, Бостандықтың өзіне символ тапты, романтикалық әуездің өзін ұлттық идеяға бағындырды, ешбір риторикасыз, айғай-ұйғайсыз нешеме континенттерге жетерлік дауыспен сөйледі [5; 284-285].

Осы «Күншығыс», «От», «Пайғамбар» өлеңдері жөнінде және Мағжан поэзиясын ақындық-азаматтық кредосын А.Шәріп: «Желісі көне» «Шығыс-батыс» проблемасындағы бұл тенденциямен жақсы таныс Мағжан өз тұғырнамасын тиянақтап алды да, ақындық-азаматтық бағдарламасын жүзеге асыру үшін түркішілдікке («Орал», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «Тез барам», т.б.) табан тіреді және онысын шығысшылдықпен түйістірді («От» циклі). Ақын поэзиясындағы Күн, от образдарының саяси айшық аңғартатыны - осы арнада» - деп қарастырады. М.Оразбек болса осы шығысшылдық, түркілікті қазақи ортадағы бақсылық сезім ауанына сай алады да: «Мағжанға ғана тән бақсылық ауаны оның символизмін мүлде жаңаша бағытқа салып, поэзиядағы символизм үлгісін ұлттық таным аясында тың арнаға бұрады. Оның айрықша тұлғасын танытатын ешкімге ұқсай бермес ұлттық символизмдік лирика қалыптастыра отырып, өзінің өзгеше даралық сипатын дәлелдей түсетін ақындық бір тұсы да осында жатыр», - деген пікір білдіреді [6;12].

«Пайғамбар», «Күншығыс», «От» өлеңдері ақынның өзге өлеңдеріне қарағанда, авторлық идея, поэтикалық мазмұн үш өлеңді бір-біріне жақындата түседі. Бірақ жеке-жеке алғанда үш шығармада да өзіндік айтары бар автор дарынның қайталанбас дербес қолтаңбасы екендігін мойындамасқа лажымыз жоқ [7; 49-56].

«Пайғамбар», «Күншығыс», «От» өлеңдері ақынның өзге өлеңдеріне қарағанда, авторлық идея, поэтикалық мазмұн үш өлеңді бір-біріне жақындата түседі. Бірақ жеке-жеке алғанда үш шығармада да өзіндік айтары бар автор дарынның қайталанбас дербес қолтаңбасы екендігін мойындамасқа лажымыз жоқ [8; 49-56].

Жалпы мәселенің шешілмеген жақтарын айқындау. Символизмнің философиялық астарын және ақын жанының ерекшеліктерін есепке алғанда Мағжанның бұл өлең А.Шәріп: «Символистердің өмір-өлім» ара қатынасын айқындауда сауаттанған, саналы түрде сүйенген қайнары – Ницшенің Мәңгі Қайта Оралу туралы ілімі», - деп байланыстырған болатын [9; 3]. Ал бұл жөнінде Ш.Елеукенов: «Мағжан өлеңдерінде жиі ұшырасатын өмір мен өлім проблемасы толығу үстінде Фрейдтің Танатос инстинкті дейтінге байланысты пікірлері қазақ ақынына қатты әсер еткендігі байқалады», - дейді. өлең «қажыдан енді, күш бітті» деп басталады да, өңшең ажалына кезіккендерді тізбектей жөнеледі. Бейтаныс адам о дүниеге аттанса да, жас қайың құласа да, майдандағы ұлан оққа ұшса да, Бетпақшөлде адасқан сорлы опат болса да, он бестегі сүлу көз жасына тұншығып жан тапсырса да, жас жігіт айдын көл астындағы толқын шаш жалаңаш сұлуларды құшқан бойда жан тәсілім етсе де – бәрінің рефрені, қайырмасы біреу: өлім әрдайым ақынға тәтті күй болып естіледі. Ежелгі дәстүр бойынша сұм ажалға лағнет айтылмайды. Ақын жаны тітіренбейді, қайта «балқиды». Қорытынды шумақ былайша түзіледі:

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп..

Келші, өлім, тезірек.

Жан ұшудан тоқтады,

Жынданып енді соқпайды.

Кешегі асау жас жүрек,

Балқиды жаның бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле..

әлдиле, өлім, әлдиле!

Ақын шынымен-ақ қара басына өлім тіледі ме, жоқ әлде.. не ойы болды екен бүккен? Өнердің үнемі түсінікті болуы шарт емес шығар. Мүмкін өнерді бір уақ түсіну де керек шығар? [10; 97].

«Өз басым осы өлеңді оқығанда оспаққа асылайын деп тұрған, не зиратқа қарай ентелеп бара жатқан лирикалық кейіпкерді көзіме елестете алмаймын. Өлең автордың тағдырына қатысты десек, бұның да қисыны шамалы. Өзін өлімге әлдилеткісі келсе, Мағжан сол Карелия орманында қалудың айласын табар еді ғой. Жалпы, өзін өлімге қиған символисті көреміз. Мағжан өлеңінен біз әбден қиналған, тағдыр теперішін көріп қажыған, қапаланған адамның жан әлемін сезінеміз. Ажалды еске алу бұл арада гротеск ролін атқарып тұрған тәрізді. Нағыз ақын жүрегі дүниедегі не жақсылық, не жамандықтың бәрін магниттей өзіне тартып алады. Ол қуаныштан да, қайғыдан да жас төгу, өліп кеткісі келуі мүмкін. Мағжан сөйткен. Заманның қайғы-қасіретін жүрегінен өткізіп, дертіндей сезінген. Бірақ ол ешқашан болашақтан үмітін үзбеген» , - дейді Ш.Елеукенов [11; 201]. Өмір азабынан өлім құтқарады дейтін минуттарды кім басынан кешпеген көбі оны ұмытады, ал ақын соған бір сәт тәнті бола қалады [12;126].



Зерттеудің негізгі нәтижелері. Символистік бағыт көркемдік мазмұнның рухани – эстетикалық терең мәнін белгілейді. Бұл үлгідегі көркемдік мазмұн мәдени – көркемдік дәстүр бірлігінен, қаламгерлердің дүниетаным ұқсастығынан және олардың алуандығы өмірлік проблемалардың ортақтығымен, түптеп келгенде, дәстүр тудырып отырған әлеуметтік, мәдени, тарихи жағдайлардың ұқсастығынан шығады. Дегенмен бір бағыттағы әр қаламгердің дүниетанымы, проблемаға қарым-қатынасы, оларды шешу жолдары мен тәсілдеріне қатысты түсінігі, идеялық және көркемдік концепциялары әр түрлі болуы әбден мүмкін. Соған орай бағыттың әдеби мектептер мен топтардан айырмашылығы айқындалады.

Символизм қазақ поэзиясына үлкен олжа салды деуге болады. Символизм арқасында қазақ өлеңінің бұған дейін ашылмаған қырлары ашылды. Лирика жанрымыз жүрекке, сезімге бойлай түсті. Символистер санадан гөрі сезімге молырақ берілетіні белгілі. Сезімнің талай мың құбылма күйлері әлі хатқа түсіп үлгермеген және де Мағжан өзінің жаңа ырғақ, дыбыстарды, буындарды түрлі-түрлі әуенде қоңыраулату арқылы ескі поэзиялық дәстүрлеріміздің бір қыдыруының күлпәршасын шығарды. Сонымен қоса символизм – дүниежүзі әдебиеті дамуының белгілі бір сатысы екенін ескере кетейік. ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің дүниежүзілік байланысын айтқанда да Мағжан поэзиясындағы символизм сарынының сол байланыс арқылы енгенін айта кетіп, қазақ әдебиетіне бұл ағымның бой көрсеткені зиянға емес, пайдаға шығады деп ойымызды қорытамыз.



Аталған бағытта жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері мен перспективалары. Қазақ әдебиеттану ғылымында әдеби ағым мәселесі ең бір түйткіл мәселенің бірі екендігі белгілі. Біз осы магистрлік жұмысымызды жазу барысында әр кезеңде әр түрлі ғылыми-теориялық тұрғыда жазылған ғылыми еңбектерге сүйене отырып, М.Жұмабаев шығармасындағы осындай ағымдардың көрінісіне баса назар аудардық.

Әдеби мектептер мен топтардың мүшелерін идеялық-көркемдік таным бірлігі яғни бағдарламалық-эстетикалық тұтастық топтастырады. Ал бір бағытта бірнеше ағым, мектептің болуы ұшыраса береді. Демек, ағымдар бағыттың алуан түрлері болып табылады.




  1. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Алматы, «Қазақ университеті», 2002.

  2. Тілешов Е. Суреткер және көркемдік әдіс. Алматы, 2005

  3. Волков А. Очерки русской литературы конца ХІХ и начала ХХ века. Москва, 1955.

  4. Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. Алматы, «Ана тілі». 1989.

  5. Жирмунский В.М. Введение в литературоведение. С. – П., 1996.

  6. Жұмабаев М. Шығармалары. І том. Алматы, «Жазушы». 1989.

  7. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. Алматы, «Жалын» ЖШС, 1997.

  8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап: оқу құралы/ жалпы ред. Басқарған Т.Кәкішұлы: Алматы: Қазақ университеті, 2002.

  9. Ысқақұлы Д. «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған». Алматы: ҚАЗақпарат, 2004.

  10. Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары, Алматы, 1993.

  11. Шәріп А. Қазақ символизмі // Қазақ әдебиеті, 9 шілде, 1999.

  12. Елеукенов Ш. Арсының ақыны. // Таңшолпан, 2002, №4.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет